Материалдар / М Шаханов ғылыми жоба
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

М Шаханов ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
оқушылар мен мұғалімдерге
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
04 Маусым 2018
1992
8 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


І Кіріспе


«Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз

замандастары арасында Еуропада

Шахановқа тең келер ақын жоқ»

Роберто Чиули


Қазақ халқының ғибратты тарихында уақыт өткен сайын еңсесi биiктеп, асыл бейнесi тұтас Алаштың асқаралы биiгiне айналатын дара тұлғалар бар. Сондай санаулы даралардың бiрi және бiрегейi, қазақ әдебиетінің жаңа биiктерге самғауына орасан зор үлес қосқан ақиық азамат – Мұхтар Шаханов!

Поэзиясы ЮНЕСКО әлемдік поэзиясының осы замандық жетістігі ретінде бағаланған, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабына жазылған, өлеңдері әлемдік деңгейде оқылатын ақын – Мұхтар Шаханов. Шаханов – бүгінгі әлемдік өркениет тағылымдарын пайымдауда өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сан қырлы талантты философ-ақын. Қазақтың тілі мен діні, ұлттық қалып-қасиеті жайлы, адамгершілік ізгіліктер жайлы тынбай жазып келе жатқан ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов үлкеннің де, кішінің де сүйіктісіне айналғаны белгілі.

Осыған байланысты, мен, Мұхтар Шаханов туралы ғылыми жоба жазуға ниет қылдым. Ойлана келе, «М. Шаханов шығармалары тіліндегі модальділік мағынаның берілуі мен оның ақынның тілдік тұлғасын ашудағы рөлі» атты тақырып алуды жөн көрдім. Себебі, ұлы тұлғаның өмірі толықтай зерттелген десе де болады, ал оның шығармаларының тілі әлі де болса зерттеуді талап етеді.

Модаль сөздер мектеп бағдарламасына мүлдем кіргізілмеген, ол туралы «Қазақ тілі» оқулығында мағлұмат берілмейді.

Бұл жобамда М. Шаханов шығармалары негізінде модаль сөздер лексика-семантикалық тұрғыдан зерттелмек. Ғылыми жобамның тек М. Шаханов шығармаларының тілі мен ақындық тұлғасын ғана зерттегенде емес, сонымен қатар модаль сөздерді тереңірек зерттеуде де септігі тиеді деп ойлаймын.

Ақынның шығармаларының тілін зерттегенде, оның өмірі мен шығармалары туралы ой қозғамау мүмкін емес.

М. Шаханов – Қазақстан Республикасы Халық жазушысы (1996), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1999). 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол 1961-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1965-1970 жылдары «Ленишіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің оңтүстік облыстарындағы тілшісі болып қызмет атқарды.

М. Шаханов поэзиясының жас өскіндерді Отандық, ұлттық, рухани

патриоттық және шынайы шындық деңгейінде тәрбиелеуде ықпалы болатыны күмәнсіз. Оның шығармаларында тыңнан тудырған өткір драматизм, алуан қырлы философиялық рух пен ата-бабалардың тарихи-генетикалық жадын қуалаушы тылсым күш қайран қалдырмай, тамсандырмай қоймайды. 1966 жылы М.Шахановтың тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» деген атпен жарық көрді. 1968 жылы махаббат, достық тақырыбындағы, адамгершілік абзал қасиеттерді жырлаған «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді» атты өлең жинақтары жарық көрді. 1974 жылы М.Шахановтың «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық» атты жинақтары жарыққа шықты. Ақынның «Махаббатты қорғау» (1982) және «Ғасырларды безбендеу» (1988) атты өлеңдер, балладалар мен поэмалар жинақтары басылды.

М.Шаханов поэмаларының тақырыптары сан алуан. «Танакөз» шынайы достық, адал махаббат, қайырымдылықты дәріптесе, «Сейхундария» Сырдария туралы көне аңыздардың желісіне құрылған, «Күретамырды іздеу» жастық шақты жырласа, «Сенім патшалығы» көне дәуір мен бүгінгі өмір адамдарын шендестіре суреттеп, философиялық ой түйеді, «Махаббатты қорғау» махаббат триптихтарынан тұрса, «Нарынқұм трагедиясы» халық қамы үшін күрескен патриот ақын Махамбеттің өміріне арналған. Ақынның «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» атты поэмасы Отырар тағдырын суреттейді. «Уақыт бедерлері» (1981), «Зерде кітабы» (1984) атты жинақтары орыс тілінде жарық көрді. М.Шахановтың шығармалары шет елдерде де басылып шықты.

































ІІ Негізгі зерттеу бөлім

2. 1 Модаль сөздер туралы жалпы түсінік

2002 жылғы «Қазақ грамматикасы» кітабында бұрыннан танылып келе жатқан 9 сөз табына модаль сөздер қосылып, 10 сөз табы берілген. Модаль сөздер аналитикалық форманттың құрамында модальдық категорияның көрсеткіші болғандықтан, олар қосымшалар сияқты грамматикалық көрсеткіштер қатарында қалады және олардың саны өте аз. Сондықтан, модаль сөздер жеке сөз таптарының қатарына қосылмайды.

Модаль сөздер— сөйлеушінің сөйлем мазмұнына көзқарасын білдіретін сөздер. Қазіргі қазақ тілінде модальділікті толық мәнді есім де, етістік те, көмекші сөздер де білдіреді. Модаль сөздер есімді (керек, қажет, тиіс, сияқты, сықылды, тәрізді, секілді, мүмкін, бәлки, бәлкім, әрине, әлбетте, рас, анығынан, шамасы, тәрізді) және етістікті (екен, шығар, болар, дейді, көрінеді, білем) деп екіге бөлінеді. Бұлардың модальдылық сипаты бірдей емес. Әрине, мүмкін сөзінің лексикалық мағынасының өзі әуелден модальды. Ал білем, көрінеді т. б. сөздердің лексикалық мағынасының сыртында модальдылық та мағына бар. Мысалы: Мен оны жақсы білем. Бұл жерден ауыл анық көрінеді. Мұндағы білем, көрінеді етістіктері өздерінің негізгі лексикалық мағынасында жұмсалған. Мені оятқан сен білем, Кешегі облысқа кеткендердің бірі Асқар көрінеді дегендерде бұлар таза модальдылық мағына білдіріп тұр. Сондай-ақ қажет, керек, мүмкін, рас модаль сөздерін де дәл осы тұрғыда алып қарауға болады. Модаль сөздер сөйлемнің баяндауышының құрамында жұмсалады. Кейбірі қыстырма сөздердің қызметінде қолданылады. Мысалы, Рас, Ділдәні Абай сүйіп қайтқан жоқ (М. Әуезов). Мүмкін, олар үйде жоқ (Н. Ғ.). Модаль сөздер мен қыстырма сөздерді шатастыруға болмайды, бұлар - өзіндік ерекшеліктері бар екі түрлі грамматикалық категориялар. Модаль сөздер баяндауыш құрамында жұмсалғанда көбіне келер шақта келеді (Олар келген кезде менің жұмыста болуым мүмкін. Байдалыға соларды салу қажет (М. Ә). Модаль сөздер болжалдық, міндеттілік, мүмкінділік, қажеттілік т. б. мағыналарда қолданылады.

Модаль сөздер түркі тілдерінің бірқатарында (солардың ішінде қазақ тілінде), негізінен, көмекші сөздер тобына кіреді. Ол сөйлеуші субъектінің айтылған ойдың шындыққа қатынасы жөніндегі көзқарасын айқындайды. Модаль сөздердің өз алдарына бөлек, арнайы бір лексика-семантикалық, грамматикалық топ ретінде сараланып шығу, даму жолдары тілдерде жалпы біркелкі емес. Қазақ грамматикасында модаль сөздердің түрлі сөз таптарынан жасалғанын дәлелдейтін мына бір пікірді келтірейік: “орыс тілінде тек “сына” (вставные) сөйлемдердің ғана емес, сонымен қоса үстеулер мен ықшамдалған сөйлемдер негізінде дамып, дараланып шыққан.

Қазақ тілінде лексикалық мағынасының өзі таза модальді сөздерме қоса, өз алдына дербес лексикалық мағынасының үстіне және модальдік мағына білдіретін де жеке сөздер бар. Модаль сөздер әдетте, модальділікті білдіретін фонологиялық (интонациялық), морфологиялық (етістік райлары және олардың аналитикалық формалары), синтаксистік (әр түрлі сөйлем типтері) сияқты барлық амал-тәсілдермен тығыз байланыста жұмсалады. Модаль сөздер, басқа барлық көмекші сөз таптары сияқты ұзақ уақыттағы лексика-грамматикалық даму процесінде дербес сөз таптарына дараланып шықты (бұл - үнемі үзіліссіз жүре беретін процесс). Бұған мысалы, білем, кім біледі, әлпеті, сияғы сөздері өздерінің алғашқы лексикалық мағынасында емес, сөйлем ішінде келіп, модальдік мағынаны иемденген. Мына мысалдардағы қайталанған сөздердің мағыналық ерекшелігіне назар аударып көрейік.

Лексика-грамматикалық

мағынада қолданылуы

Модальділік мәнде қолданылуы

Қара ала сырмақтың иесін де білем, ақ киіздің, бәтес көйлектің қайдан шыққанын да ббілем .(Ж. Аймауытов)

Осыны өздеріне қолайсыз көреді, білем. (Ж.Аймауытов)


Сынға толса сияғы,

Әлпеті- шамның шырағы.

Сияғы, олар үйде жоқ.

Әлпеті, ештеңеге қарар емес.



Модаль сөздер сондай-ақ заттық және диалогта предикаттық функциясын жоғалтқан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан да пайда болады. Қазақ тіліндегі «әлпеті» модаль сөзі “сөз әлпетіне қарағанда” дейтін қыстырма сөйлемнің редукциялануынан келіп шыққан деуге болады.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: грамматикалық, мысалы, модальдік мағыналардың әр алуан типтерінің пайда болу және жетілу процесін эволюциялық тұрғыда түсіну керек. Себебі, модальділік - тілдің коммуникативтік функциясының жемісі. Осыдан келіп морфологияда модальділікті білдіретін әртүрлі амал-тәсілдер пайда болады. Олардың ішіндегі ең басты әрі жетекші рөл атқаратын түрі – ол неғұрлым көбірек абстракцияланған және неғұрлым жинақты сипат алған модальдік мағынасы бар рай категориясы. Етістік райлары неғұрлым көбірек грамматикаланған категория болып табылады. Сонымен тілдік модальділік грамматиканың фонетикадан синтаксиске дейінгі барлық деңгейінен аңғарылады. Номинативті сөздердің семантикасында едәуір модальділік реңк жатқанмен, модальділікті білдіретін құралдар санатына кіре алмайды. Себебі бұлар модальді семантикалық өңдегі дербес мәнді ретінде лексикалық деңгейден әрі аса алмады. Сондықтан полифункционалды (А. Ысқақов айтқандай , әртарап сөз) бар, жоқ сөздері, керек, тәрізді предикаттық есімдер өздерінің номинативтік қолданысында модальді сөздерге жатқызылмайды деп қазақ грамматикасында берілген. Сөз таптарының жалпы категориялық мағынасын жеке сөздің лексикалық семантикасымен шатастыруға болмайды. Өйткені жалпы категориялық мағына – сөз таптарын бір-бірінен ажыратудың, ара жігін, шегін анықтаудың алғы, бас белгісі. Модаль сөздерді біраз тілдерде қазір көмекші сөз таптарына жатқызуда да бірден бір негіз, критерий ретінде оның осы жалпыкатегориялық мағынасы, яғни сөйлемде айтылған хабарға сөйлеушінің қатынасы алынған. Жалпы қай сөз табын да танып, даралап алуда бірінші орында оның категориялық мағынасы тұруы шарт.

Модаль сөздердің семантикасында номинативтік мағына болмайды. Олар да көмекші сөздер сияқты грамматикалық деңгейде модальдік мағына береді.

Модаль сөздер, басқа көмекші сөз таптары секілді толық мағыналы дербес сөз таптарының ұзақ замандардағы лексика-грамматикалық даму процесінде өзінің бастапқы мән-мағынасынан оқшаулана-оқшаулана, ақыры біржола ажырап, солардан келіп шыққан. Аталмыш тілдік құбылыстың шығу тегінің осы өзіндік ерекшелігін ескеріп, кейбір зерттеушілер генетикалық принцип негізінде модаль сөздерді мынадай төрт топқа бөліп қарайды: өзге сөз таптарынан мүлдем ажырап “қара үзген” сөздер, есім модаль сөздер, үстеу модаль сөздер және етістік модаль сөздер.

Сияқты модаль сөзі тарихи тұрғыдан алғанда араб тілінде “форма, вид, формула” ұғымыны білдіретін сияқ зат есіміне барып тіреледі. Бұл сөздің предмет, материя, общепринятый образ действия деген мағыналарын шығыстанушы Л.З.Будагов атап көрсетеді. Арабтық бұл кірме тұлға қазақ тілінде осы атау қалпында да, сондай-ақ дыбыстық жағынан сәл өзгерген сиық түрінде де кейде қолданылады.

Сияқты модаль сөзінің бұл этимондық нұсқасы кейбір түркі тілдерінде қазір де қолданылады. Қазақ тілінде де осы мағынаға саяды. Кейбір диалектілік дерекке қарағанда сиық сөзінің сиқат тұлғасы да диалектілік сипатта қолданылады. Сиқат тұлғасынан сиқатты деген сын есім пайда болған. Келе-келе сиқатты сын есімі сияқты, сықылды, секілді деген модаль сөздер қатарын толықтырған.

Тәрізді – модаль сөзі тарз – заттың, іс-әрекеттің сыртық белгісімен, сырт тұрпатымен байланысты мағына бар.

Әлпеті – түр-түсі, беті, сыңайы деген мағынадан модальденген араб сөзі.

Зайыры – сыртқы түрі мағынасынан модальденген араб сөзі.

Байқап отырғанымыздай есім сөздердің модальденуінде кірме сөздердің рөлі өте күшті.

Жалпы модальдік құбылысты лексикалық, грамматикалық және модальдік мағыналардың өзара ортақ тұсын, арақатынасын, айырмасын неғұрлым нақты, терең тани түсудің бір маңызды шарты, мүмкін болғанша, тіліміздегі модаль сөздердің шығу, даму жолдарын анықтап алу. Ал олардың бұл төркін-тегін, морфологиялық құрылымын анықтау мәселесі белгілі дәрежеде этимологиялық зерттеуді қажет етеді.

Модаль сөздердің саны тілде аса көп болмаса да, атқаратын қызметі зор, әрі маңызды.

Ал енді модаль сөздердің жасалу жолдарына тоқтала кетсек











1. Модаль сөздердің жасалуының өнімді жолына таза модальді және есім модальді сөздердің тәуелді формада әбден тұрақтап, қалыпты бір орнықтылық алған, ІІІ жақ тәуелдік жалғауының жақсыздығы мен заттық мәнінің жалпылануы арқылы жасалынған сөздер жатады: қысқа-сы, ыңғай-ы

2. Модаль сөздер кейбір үстеулер мен үстеу мәнінде қолданылатын зат есімдердің заттық мәнінен және пысықтауыштық қызметінен айрылу нәтижесінде пайда болған.

3. Модаль сөздер өзінің предикаттық функциясынан айрылған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан жасалады. Қазақ тілінде «дейді, деседі, білем» тағы басқа сөздер.

4. Кейде модаль сөздер модаль тіркестің бір компонентінің түсіп қалуы арқылы да жасалынуы мүмкін.

5. «Бет, бейне, пішін, порым, түр» мағынасын білдіретін түбірлерден сияқты, сықылды, секілді, тәрізді, тақылетті, рәуішті, іспетті модаль сөздер қалыптасқан.

6. Тіліміздегі бәлки, бәлкі, бәлкім, әлбетте, зайыры, нәті (нәйәті), лазым (ләзім), ықтимал, мүмкін, рас тағы басқа біраз сөздер араб, парсы тілінен ауысқан.

Модаль сөздердің қатарына мына сөздер жатады: сияқты, сықылды, секілді, сиқатты, сияқатты, әлпетті, сыңайлы, сынды, тәрізді, рәуішті, ләзімді, тақылетті, іспетті, мүмкін, ықтимал, кәдік, шек, шамасы, сиқы, тәрізі, аңғары, әлпеті, нәті, туасы, нәяті, зады, асылы, түрі, жобасы, қисыны, сыңайы, зайыры, анығында, шынында, шындығында, асылында, расында, рас, шын, расы, әрине, әлбетте, білкі, бәлки, бәлкім, керек, қажет, тиіс, лазым (ләзім), шығар, болар, зайыр, тайлас, меңзес, зәліттес, көрінеді, білем, дейді, сыңайы бар, тәрізі бар, түрі бар (жоқ), -са (се) деймін, -сам (сем) дейім, -са (се) керек, -у(-уға) керек, -уы (уі) керек, -уы (уі) тиіс, -у қажет, -ға (ге) ұқсайды және т. б. Бұлардың біразы жергілікті ерекшеліктерге байланысты қолданылады.

Модаль сөздердің қатары семантикалық сипаты жағынан және қолданылу ерекшеліктеріне қарай болжал мәнді модаль сөздер, міндеттілік мағына білдіретін модаль сөздер, біреудің сөзі не бір дерек негізінде айтылған модаль сөздер, қостау (растау) мағынасында қолданылатын модаль сөздер және күмән (күдік) ұғымын білдіретін модаль сөздерге бөлінеді.

Лексика-семантикалық жағынан топтары:

1. «Болжалды мәнді» модаль сөздер: сияқты, сыңайлы, сынды, әлпетті, мүмкін, шамасы, аңғары, әлпеті, жобасы, қисыны, тәрізі, сиқы, нәті, бәлки, бәлкім, бәлкі, ықтималы, кәдік, болар, шығар, білем, -ды білем, -қан, -кен білем, -са, -се керек, -у керек, -ға, -ге ұқсайды, -уы мүмкін, тәрізі, түрі, бар т. б. лексемалар. Мысалы: Құмға тірідей көміліп қалған денесін зорға ашып, тәлтіректей тұрған Бархан ә дегенде қыстағына қарап еді, орнында сияқты (О. Бөкей);

2. «Міндеттілік» мағына негізінен керек, тиіс, қажет, лазым, сөздерінің қатысуымен жасалатын -у керек, -у қажет, -у лазым, - мақ керек, маққа керек, -уға тиіс, -уы(уі) тиіс сияқты аналитикалық форманттар арқылы беріледі. Мысалы: Әкең болса да жауапты нәрсені түгендеп алу керек (О. Бөкей);

3. «Хабардың ақиқаттығына әбден көзі жеткендік» модальдік мағынасы қазақ тілінде көрінеді, екен формалары арқылы беріледі. Мысалы: Кісі дегенің, жас ұлғайған сайын, су жүрек қорқақ, әрі қорғаншақтап, сақ тарта берері несі екен (О. Бөкей);

4. «Бір нақты дерек негізінде білдіретін» модальдік мағынаны қазақ тілінде «де» формасы атқарады, кейде «деп айтады, деп естиміз, деген сөз бар» сияқты құрамда да кездеседі. Мысалы: «Байдың асын байғұс қызғанады» деген сөз бар (О. Бөкей);

5. «Айтылған ойды өз тарапынан қостау» мағынасында рас, анығында, шынында модаль сөздері қолданылады. Мысалы: Рас, анау қарлығаштың ұясындай сәнді үйлерде біреулер өлер, біреулер туар, талай жылдар өтіп, жаңа ғасырдың табалдырығынан да аттармыз, ол күнге менің ғұмырым жетер, бәлкім жетпес те, бірақ мен салуға қатысқан Ақтау қалады; оны жер бетінен жоғалтып жіберетін күш жоқ (О. Бөкей);

6. «Айтылған ой жөніндегі нық сенімін» білдіру әрине, әлбетте сөздері арықлы беріледі. мысалы: Мысалы: Әрине, онша тереңдетпей, шулатпай, әзіл-қалжыңға шаптыра жіңішкелеп бастайсыздар сапарды (О. Бөкей);

7. «Тілек, қалау» мәнді модальділікті қазақ тілінде -са, -се екен, -са, -се дейм, деймін аналитикалық формалары арқылы беріледі. Мысалы: А, құдай-ау, аң болса екен! (О. Бөкей);

8. «Күдік мәнімен байланысты түрі» -ар ма екен, -са неғылсын, кім біледі аналитикалық конструкциялары білдіреді. Мысалы: Өзі де ұл-қыз өсіріп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешіп келе жатқан азамат екенін аңғарту ма екен... (О. Бөкей).


Модаль сөздер қолданылу ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлінеді:

1. Сөйлемде тек синтаксистік қыстырма мүше қызметінде қолданылатын модаль сөздер;

2. Үнемі тек баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде ғана жұмсалатын модаль сөздер;

3. Сөйлемде әрі синтаксистік қыстырма сөз, әрі қимыл есімді баяндауыштың шылауында көмекші қызметінде қолданылатын «мүмкін» модаль сөзі тұрғысында қаралады..

Модаль сөздердің ішінде «шамасы, мүмкін, сияқты, әрине, бәлки» модаль сөздерінің мағынасында модальділік мән анық, өйткені олардың лексикалық мағынасының өзі модальді. Ал «білем, көрінеді» сөздерінің мағынасында ондай нақтылық жоқ, оның сыртында мағына күрделігігі байқалады. Бұлар негізгі лексикалық мағынасынан өзге қолданыста тағы да қосымша басқа мағыналарды білдіре алады. Яғни, олар негізгі лексикалық мағынаны білдірумен бірге, басқа сөздермен тіркесте келгенде, күрделі мүшенің құрамында көмекшілік қызметте жұмсалатындықтан, мұндай негізгі мағынаның сыртында қосымша модальділік мағынаға ие болады.

Міне, сондықтан модаль сөздерді зерттеу қиындық туғызады. Модаль сөздер туралы ғалымдардың пікірлері әр түрлі, бір жүйеге келмеген. Кейбір ғалымдар модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қарастырса, ендігі біреулері көмекші сөздер ретінде қарастырады.







2.2 М. Шаханов шығармаларындағы модаль сөздер

М. Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» және «Эверестке шығу» жинақтарын оқып, талдаудың нәтижесінде 234 модаль сөзді тауып, тердік және бір жүйеге келтірдік. Сол сөздердің модальділік мағыналарын анықтай келе, төмендегідей топтарға бөлдік.

І) Автордың сенімділігін, ойдың нақтылығын, дәлдігін білдіретін модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Бұл, әрине, қуғыншының хабары»;

«Сен, әрине, соңғы топқа кіресің»;

«Ал егер сен жамандалсаң, бұл, әрине, маған қайғы»;

«О бастан-ақ Мен Сен болғам, Сен, әрине, Мен едің»;

«Салу қиын, әрине, тұсау күзге»;

«Бар, әрине, жеңіліс, жеңісім де»;

«Біріншісі анам қолы, әрине»;

«Оны, әрине, жолымнан керемін де»;

«Әрине, олар таныс емес бір көрген»;

«Мұндай қарттар өмірдің көркі, білем»;

«Ол, әрине, қоғамдағы ізгі ойлардың өлуі»;

«Көпшілігі бұл әдісті алған білем үйреніп»;

«Тәңір қалай жарылқайын десе, әрине, еркі бар»;

«Сен, әрине, құралайды көзге атқан»;

«Ең негізгі кінә, әрине, өзімде».


ІІ) Автордың сенімсіздігін, болжамын білдіретін модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Махаббат та шың сияқты»;

«Мүмкін, жолы сәтсіз шығар»;

«Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың»;

«Нар жоқтығы – Нарды жығар сен секілді жар көп»;

«Бұл замани қағиданың мүмкін бе екен көнермегі»;

«Бәлкім, қазір мені күтіп тұрған шығар ол дағы»;

«Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты»;

«Түсінбестік – секілді бір көк тұман»;

«Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың»;

«Бәлкім, мені рухымен палуан болсын дедің бе?»;

«Мүмкін түскен нұры шығар сонда берген батаңның»;

«Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың»;

«Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы»;

«Бәлкім ақын болғандығым сендей достың күші ме екен?»;

«Ұлы адамдар ұлы өзендер секілді»;

«Секілді оған бүкіл дүние саңырау»;

«Кейде кеме секілдімін тоқтап өткен порттарға»;

«Мүмкін бе екен торғайлары болмауы»;

«Жан еді өзі секілді дара қайың»;

«Жазмыш солай болған шығар, көнеміз»;

«Мен үшін сен сияқтысың енді мәңгі тірі өлік»;

«Бәлкім, бізге тас атқанның бәрі ертең жеңілмек»;

«Бәлкім, оңай жол таппадым деп ойлай ма екен төтеден»;

«Оның тіпті жұмысы жоқ сияқты»;

«Алыптық өр белес шығар»;

«Бәлкім, бақыт емес шығар»;

«Жарнама емес, секілді бір Орнама не Торнама»;
«Жұрт қаптады жебір көзді егеуқұйрық секілді»;

«Өжет ғасыр дамыр еді, бәлкім, басқа жолменен»;

«Мүмкін бе екен тағдырдан бас тартуға»;

«Шығар еді. Бәлкім, бағы тіпті шырқау жануы»;

«Содан, бәлкім , өзімді ерте шаршаттым»;

«Жалынымды, бәлкім, әлсіз лаулаттым»;

«Мүмкін дарқан шығармын, кең шығармын»;

  • «Бәлкім, бәлкім, іштей ғана тынарсың»;

  • «Бәлкім, тіпті ойланбаған шығарсың»;

  • «Бәрі мүмкін. Емес мұным кінәлау»;

  • «Бәлкім, шашың тым ұқсас, бәлкім, ұқсас мұңың да»;

  • «Бәлкім, менше зауқың жоқ ішкілік пен шылымға»;

  • «Бәлкім, менше арнаңда тасып толған шығарсың»;

  • «Бәлкім, менше өртеніп ғашық болған шығарсың»;

  • «Бұған дейін болмаған шығар, бәлкім»;

  • «Бәлкім саған жұртқа ой салу үшін де»;

  • «Мына қызға Бәкір баба сияқты»;

  • «Сол жылдарға қарғыс айтып тұрған секілді»;

  • «Сенің әрбір қимылыңды тыңдап жатқан сияқты»;

  • «Тұрғаныңда оралғаным, бәлкім, сорым болмағай»;

  • «Жомарт байлар неге сирек, бәлкім, намыс, қан мұздай?»;

  • «Енбеген заттар бар шығар әлі»;

  • «Ұйықтамаған болар бәлкім, қалғып отыр біреулер »;

  • «Болған шығар, бәлкім, асыл арманың »;

  • «Байқап тұрсаң піскен алма секілді қыздар да»;

  • «Солай, бәлкім, сондықтан біз қаралықтан ашамыз»;

  • «Мүмкін мәңгі ұмытпайтын болармын»;

  • «Сен мүмкін медеу тұтып жүрсің мені»;

  • «Бәйтерегі секілді еді ол менің балғын шағымның»;

  • «Құс атуға келген мерген секілді»;

  • «Бәлкім, жөн де болар бұл өктемдігің»;

  • «Бірін-бірі қимай тұрған секілді»;

  • «Түнгі оттарды іздеп ұшар көбелектер секілді»;

  • «Бүгін неге рухсыздық секілді батырлық?»;

  • «Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті»;

  • «Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы»;

  • «Тырысарсыз Сіз де, бәлкім»;

«Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған»;

«Бәлкім, тәңір пенделерін ойға тарту үшін де»;

«Ол мыңнан, бәлкім, екі адам зорға жалғаған»;

«Ұқпаса... ісің секілді дауылда мұзға жаққан от»;

«Бәлкім, тар маңдайымның бағымысың»;

«Бәлкім, сен менен қашқан махаббаттың»;

«Бәлкім, ерлік тілер ем мен тамыр алған төзімнен»;

«Бір кез мен де мына сіңлім сияқты»;

«Олардың да бағы алыстау болған шығар сорынан»;

«Отырарға бастап алып бармайты секілді»;

«Қарашы, әне, мына сіңлің сияқты»;

«Махаббаттың құм секілді мінезі жоқ сырғыма»;

«Мүмкін сонда ұғынарсың қатеңді»;

«Болар, бәлкім, алдырмай тұр зор қамал»;

«Бәлкім, талай ғасыр өтер».


ІІІ. Қажеттілік, міндеттілік мағына беріп тұрған модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Қорқу керек сыртқы сұлулығынан»;

«Соншама елдің тілін білу керек қой»;

«Өнер қажет, білім қажет сол үшін»;

«Үлкен арман керек адамға»;

«Маған-дағы нақ осындай керек еді бір келін»;

«Қарау керек, бауырым, саған алға»;

«Жас нәресте көруге тиісті емес»;

«Самал қажет індет бұлтын түрерге»;
«Шын досы жоқ адамдарды аяу керек дейтінбіз»;

«Тиісті оған әркім басын июге»;

«Біз әрдайым тиістіміз қорқуға»;

«Болу керек құдіретті төрт ана»;

«Тиісті емес жасық сөзбен, жалған сөзбен айтуға»;

«Аласартып алмау керек тауын да»;

«Жоқ. Шын өнер тұру керек күшінде»;

«Жас болған соң бәрі керек қажыр керек талғамға »;
«Жас болған соң бәрі керек, құшақ-құшақ гүл керек»;

«Қыз да керек, тұнық кеште жолығатын күнде кеп »;

«Ол өкпені ұмытуға от керек»;

«Бірақ мақтау қажет те емес алтынға»;

«Жоқ. Шын өнер тұру керек күшінде»;

«Аяу керек жастық отын ерте өшіріп алғандардың барлығын»;

«Өзіне сай дауыс керек әр әнге»;

«Қоғамға бүгін Қажымұқан қуатты дарындар, алыптар керек»;

«От керек отпен бәстесуге де»;

«Ресейдің заңына ұқсас қатал, қайсар заң керек»;

«Қоразкүлдей қыздар аса қажет қазір қоғамға»;

«Аяу керек дәл өзің дей ұлы ақыны жоқ елді»;

«Сондықтан да сендей ақын елге керек, жарқыным»;

«Күндей күлген заманда, бауыр керек адаға»;

«Көңіл айтты: саған, жігіт, білу керек мынаны»;

«Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда!»;

«Саған момын, жұп-жуас еркек керек»;

«Жо-жоқ, еркек аты бар телпек керек»;

«Ол ол ма екен, саған тіпті наз айтуға от керек»;

«Ауасымен дем алуға тиісті ол».


ІV) Бір нақты дерек негізінде модальділік мағынаны білдіретін модаль сөздер бар өлең жолдары:

« «Бір сұлуға ғашық бопты» деседі»;

«Сен шығарған дейді ғой жұрт сол әнді».


V) Айтылған ойды өз тарапынан қостау үшін қолданылған модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Орманшы қарт, шынында да, болып шықты көреген»;

«Саттар қайда, шынымен-ақ, қыз көңілін ұқпай ма»;

«Қандай қорлық, шынымен-ақ ескексіз боп қалдым ба»;

«Шынымен-ақ, ұмыттың ба солай сен»;

«Рас, біз туыспадық бір анадан»;

«Рас, қазір күллі әлемде байлыққа ауды есіл дерт»;

« - Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі »;

« - Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең »;

«Рас, менің нөкерлерім безбүйрек».


VІ) Тілек, қалау мағынасын беріп тұрған модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам»;

«Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде».


VII) «Аз, көп, жоқ, бар» модаль сөздері бар өлең жолдары:

«Тіршілікте ез адамға көп өлім»;

«Нар жоқтығы – Нарды жығар сен секілді жар көп»;

«Жанын сап қорғайтындар бар»;

«Арын сатып қорлайтындар бар да»;

«Осы ізгілік ағыс күшін ұқпаған бар, ұққан бар»;

«Оның тіпті жұмысы жоқ сияқты»;

«Қазір бізде «жыр сүйетін қауым» деген тіркес бар»;

«Сол тарақан «ұлтында» даралық жоқ»;

«Ал даралық жоқ жерде жаңалық жоқ»;

«Пенделіктің майдаларды біріктірер заңы бар»;

«Теңсіздік көп, аю, қасқыр сайран салған тойғанда»;

«Осынау тарихкөз әдіске қазір көп сұраныс»;

«Қайшылықтар көп өмірдің заңдылықтарында да»;

«Қиратқыш ойлар көп бірлікке негізделмеген»;

«Байлық кімде болса, соның маңдайының нұры бар»;

«Сөз жоқ, үш мың нәпсі күйттер арнаулы ән сән құрар»;

«Қазір Ар мен Намыстың да материалдық нарқы бар»;

«Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын»;

«Қақпаны көп, мылтықты мергені көп»;

«Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала»;

«Жоқ, бұл топқа өкпе артудан аулақпын»;

«Ниетінде титтей де мін жоқ оның»;

«-Ха-ха-ха! Көкіректе арман көп»;

«Қыран болсаң кеңістік көп қайда да»;

«Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы»;

«Шымшықтар көп өмірде, ал сұңқарлар санаулы»;

«Кездейсоқтық. Сірә оның аз ба себі»;

«Тіл шегінсе жер бетінде сорлы қазақ халқым жоқ»;

«Тіл жеңілсе ұлтым – мәңгүрт, өзім құлмын, парқым жоқ»;

«Қазір бізде сақал-мұрты шошаңдаған қарттар көп»;

«Жеке мүдде деңгейінен аса алмаған қарттар көп»;

«Жоқ олардың мазмұнының, жігерінің желкені»;

«Өз мүддесін жалау еткен еркектен не пайда бар?»;

«Ер мен езді ажыратпай адамзатқа бақ бар ма?»;

«Аяу керек дәл өзің дей ұлы ақыны жоқ елді»;

«-Жарқыным-ау, мен қалғысам тірліктің мәні бар?»;

«Сен қалғысаң ерлік пенен махаббат бар емес пе?»;

«-Бекер, бекер, мен жоқ жерде ерлік қашан оянды?»;

«-Тау көңілі тулай-тулай басылатын қыздар бар»;

«Жеңгелікке жеткенінше асығатын қыздар бар»;

«Жоқ, құрбыжан, керегі жоқ, керегі жоқ, сынбаңыз»;

«Қазір бізде уақыт бар ма, тұрмыс жайын ойлайтын»;

«Көкірегімде содан қалған уайым бар»;

«Күз келгелі үнсіз жатқан жайым бар»;

«Достығыма сенетін жан аз болса»;

«Кім болды екен, мылтығы бар қолында»;

«Көп күн өтті, қонақ күтіп қозғалуға шамаң жоқ»;

«Күндіз кеткен ұлым менің әлі жоқ»;

«Маған онсыз ұйқының да мәні жоқ»;

«Жол бар ма екен аман өтер пенде-мүдде орманнан»;

«Аз ба әлде, тұлпарды асқан бағы бар»;

«Толғағы кем талғамыңа бар таңым»;

«Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген»;

«Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары»;

«Басқаның да әніне сай бағы бар»;

«Адам аз ба байлықты даңқ сааған»;

«Тіршіліктен көрер қызық-тамашаң да көп болмақ»;

«Бірақ қайсаршыншыл Рухың, Дәстүр, Тілің жоқ болмақ»;

«Көрші ауылда баласы өлген жалғыз кемпір бар екен»;

«Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ»;

«Ал біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ»;

«Сізден асқан данышпан жоқ, егер біреу бар десе»;

«-Қай кезде де сом алтынның қадірі жоқ қолдағы»;

«Әлі күнге жағымпазын жазалаған ешкім жоқ»;

«Қырдың қызыл түлкісін де алдап кетер тұрқың бар»;

«Әйтседағы саған менің таңым бар»;

«Қалың жұрттың қайғысынан қордаланған бағың бар»;

«Жауың сенің тым көп еді қара шыбын үймелетер көзіне»;

«Қулық-сұмдық иірімі неткен мұнша көп еді?!»;

«Рухымыз еңкейген жоқ, тек тәніміз жеңілді»;

«Тірліктен, бірақ, жарқыным, үйленбей кеткен адам аз»;

«Сондықтан махаббаттың да сырт санын құрайтындар көп»;

«Жәй көзге күліп жүргенмен, жасырын жылайтындар көп»;

«Өмірде мені алдаған адамдар көп»;

«Оған біраз себептер бар»;

«Тірлікте бір бекеттер бар кілтін таппай алынбас»;

«Ырық бермес бөгеттер бар сан түрлі»;

«Шын дарындар аз ғой жердің бетінде»;

«Махаббат та жоқ, күнім!»;

«Кездер аз ба ой көргенді көз көрер»;

«Қайсар сенім жоқ жерде»;

«Махаббат та жоқ, жаным»;

«Алданыш қып отыратын бала жоқ»;

«Өнерінің еркі бар»;

«Тәңір қалай жарылқайын десе, әрине, еркі бар»;

«Саусағының салымы бар, сосын, әттең, бөркі бар»;

«Ал әйтпесе, қызда сирек кездесетін көркі бар»;

«Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа»;

«Ал бұл сұрақ бар кез сенің жүру керек басыңда»;

«Айдай әлем мойындаған даңқы бар»;

«Жүз елу мың халқы бар»;

«Менен сорлы жан бар десең, сенбеймін»;

«Көрінетін бетім бар ма еліме?».





















2.3 М. Шаханов шығармалары тіліндегі модальділік

мағынаның берілуі мен оның ақынның тілдік тұлғасын ашудағы рөлі

М. Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» және «Эверестке шығу» жинақтарындағы модаль сөздердің кездесу жиілігі мынадай:

Модаль сөздердің мағынасы бойынша топтары

Модаль сөз

Қолданылған

саны

Сенімділікті, ойдың нақтылығын, дәлдігін білдіретін модаль сөздер

әрине

13

білем

2

Сенімсіздікті, болжамды білдіретін модаль сөздер

бәлкім

35

секілді

18

сияқты

8

шығар

7

мүмкін

10

іспетті

1

Қажеттілік, міндеттілік мағына беріп тұрған модаль сөздер

керек

27

қажет

4

тиіс

5

Бір нақты дерек негізінде модальділік мағынаны білдіретін модаль сөздер

деседі

1

дейді

1

Айтылған ойды өз тарапынан қостау үшін қолданылған модаль сөздер

рас

5

шынымен-ақ

3

шынында да

1

Тілек, қалау мағынасын беріп тұрған модаль сөздер

-са екен

2

«Аз, көп, жоқ, бар» модаль сөздері

бар

38

жоқ

25

көп

20

аз

8


Жоғарыдағы кестеге сүйене отырып, М. Шахановтың болжау мәніндегі ойын көбінесе 35 рет қолданылған «бәлкім» модаль сөзі арқылы беретінін аңғаруға болады. Ал ұқсастықты, теңестіруді көрсету үшін «секілді» модаль сөзін қолданатынын байқадық. Ақын қажеттілік мәнін «керек» модалі арқылы берсе, оның синонимі «қажет» модалін сирек қолданады. Сонымен қатар «бар» модалінің де қолданылуы көп, ол өлеңдерде 38 рет кездескен.

1)Ақынның өлең жолдарында « әрине» сөзі автордың сенімділігін, ойдың нақтылығын, дәлдігін білдіруде көп қолданатынын байқадық. Мысалы:

«Бұл, әрине, қуғыншының хабары»,«Сен, әрине, соңғы топқа кіресің»,

«Ал егер сен жамандалсаң, бұл, әрине, маған қайғы», «О бастан-ақ Мен Сен болғам, Сен, әрине, Мен едің», «Салу қиын, әрине, тұсау күзге» деген өлең жолдарында ақын модаль сөздерді өте ұтымды қолданған.

2) Автордың сенімсіздігін, болжамын білдіретін модаль сөздер де өлең жолдарында көп кездеседі. «Махаббат та шың сияқты»,«Мүмкін, жолы сәтсіз шығар»,«Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың», «Бұл замани қағиданың мүмкін бе екен көнермегі»,«Бәлкім, қазір мені күтіп тұрған шығар ол дағы»,«Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты»,«Түсінбестік – секілді бір көк тұман»,«Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың»;

«Бәлкім, мені рухымен палуан болсын дедің бе?»,«Мүмкін түскен нұры шығар сонда берген батаңның»,«Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың» деген өлең тармақтарыналып қарасақ, «сияқты, мүмкін, бәлкім, шығар » сөздері ақынның ой-пікірін жеткізуде маңызды рөл атқарады. Осы сөздер ақын тілінде көп кездеседі.

3) «Қорқу керек сыртқы сұлулығынан», «Соншама елдің тілін білу керек қой»,«Өнер қажет, білім қажет сол үшін»,«Үлкен арман керек адамға»,«Маған-дағы нақ осындай керек еді бір келін»,«Қарау керек, бауырым, саған алға»,«Жас нәресте көруге тиісті емес»,«Самал қажет індет бұлтын түрерге» сияқты қажеттілік, міндеттілік мағына беріп тұрған модаль сөздері ақын өлеңдерінде молынан ұшырасады. Бұл модаль сөздер ақынның ойын көкемдеуде , шебер жеткізуіндегі асқан шеберлігі болып табылады.

4) Айтылған ойды өз тарапынан қостау үшін қолданылған модаль сөздері бар өлең жолдары да көп.Мысалы:«Орманшы қарт, шынында да, болып шықты көреген»,«Саттар қайда, шынымен-ақ, қыз көңілін ұқпай ма», «Қандай қорлық, шынымен-ақ ескексіз боп қалдым ба»,«Шынымен-ақ, ұмыттың ба солай сен»,«Рас, біз туыспадық бір анадан»,«Рас, қазір күллі әлемде байлыққа ауды есіл дерт», « Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі »,« Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең »,«Рас, менің нөкерлерім безбүйрек» секілді өлең жолдарындағы модальділік мағынасы ақынның сөз саптауындағы шеберлігі мен ой жүйріктігінің қабысуы деп ойлаймыз.

5) «Аз, көп, жоқ, бар» модаль сөздері бар «Тіршілікте ез адамға көп өлім»,«Нар жоқтығы – Нарды жығар сен секілді жар көп», «Жанын сап қорғайтындар бар»,«Арын сатып қорлайтындар бар да»,«Осы ізгілік ағыс күшін ұқпаған бар, ұққан бар»,«Оның тіпті жұмысы жоқ сияқты»;

«Қазір бізде «жыр сүйетін қауым» деген тіркес бар»,«Сол тарақан «ұлтында» даралық жоқ»,«Ал даралық жоқ жерде жаңалық жоқ»,«Пенделіктің майдаларды біріктірер заңы бар» деген өлең жолдары да ақын тұлғасын ашуда ақынның даралығын , тіл ерекшелігін берудегі маңызды тәсілдер деп ойлаймын. Тілек, қалау мағынасын беріп тұрған «Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам»,«Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде» деген модаль сөздері бар өлең жолдары да ақынның қазақ поэзиясындағы даралығы мен рухы биік алмас қылыштай сөздерінің пайымы мен парасатын, ақындық ерекшелігін паш етеді.








ІІІ Қорытынды

«Мұхтар – бар болмысымен қазақтың ұлттық

философ-ақыны. Демек, оның поэзиясы да өз

ұлтының эпосы – ауыз әдебиеті секілді – мәңгілік»

Иван Драч (Украин халық ақыны)

"Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады" деген ескі мақал бар. Мұхтар Шахановтың өмірі қауіп пен қатерде жүрген адамдарға тіптен алабөтен жакын сияқты. Оның басты қасиеттері адамсүйгіштігінде, әділеттілігінде, биік адамгершілігінде, нактылығында, істі терең білуінде. Оны өзгелерден ерекшелендіріп түратын қасиет ғажайып даналығы болса керек. Ол поэзиясы арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болды, оның аты қазақ тарихында алтын әріптермен жазылады.

Ғылыми жобамда алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін, модаль сөздер, олардың түрлері, М. Шаханов шығармалары, өлеңдеріндегі модаль сөздер қарастырылып, зерттелді. Осыған орай, модаль сөздер саны жағынан аз болса да, ойды жеткізуде үлкен рөл атқаратынына көзім жетті. Оларды қазір қарастырылып жүрген 9 сөз табының біреуіне де кіргізуге болмайды. Сондықтан оларды жеке тап қылып жіктеу керек деп ойлаймыз.

Ғалымдардың модаль сөздер жайлы пікірлері әр түрлі болғаны негізінен модаль сөздердің толыққанды зерттелмегенімен түсіндіріледі. Олар семантикалық және синтаксистік тұрғыдан әлі де болса зерттеуді қажет етеді.

Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» және «Эверестке шығу» жинақтарында автордың сенімсіздігін, болжамын білдіретін модаль сөздері ең көп кездесті.

Ақын өзінің өлеңдерінде 234 модаль сөзді шебер пайдаланған, солардың арқасында айтылған ой оқырманға толықтай түсінікті.

Мен ғылыми жобамды қорыта келе, мынадай ұсыныстар ұсынамын:

  • М. Шаханов шығармаларының тілін терең зерттеуді қолға алу;

  • «Шаханов оқуларын» ұйымдастыру;

  • Модаль сөздерді терең зерттеуді қолға алу;

  • Модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қарастыру;

  • Мұхтар Шахановтың кітап басылымдарын көбейту;

  • М. Шаханов өлеңдеріндегі модаль сөздері бар өлең жодарын жеке кітапша етіп шығару;

  • Модаль сөздерді мектеп бағдарламасындағы «Қазақ тілі» оқулығына енгізу.

Осы ұыныстарым жүзеге асырылса, М. Шаханов атты заңғар тұлға дәріптеліп, шығармалары, олардың тілі тереңірек зерттеледі.












19

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!