«Мәңгілік ел – нұрлы жолы қазақтың» Қазақтың ұлттық идеясы – «Қазақ мемлекеті» ұғымы сөз болды. Иә, бұл мемлекет бақандай жиырма бес жыл күттірген тарихи жаңалықтың жаңғыруы емес пе? Сонау 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» кезеңінен бастап, «ұлттық мемлекет» ұғымы қалыптаса бастады. Осы стратегия «Қазақ мемлекетінің өркендеуі өсуі, нұрлы жолға бағыт алуы, жаңғыруы, селсоқ тартқан көңілдерге қанат бітірген құс сияқты»- деп ойлаймын. «Мәңгілік елдің – нұрлы жолы» салтанат қақпасының алдында тұр. Осы жетістікке жету Елбасының арқасы деп білемін. «Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті, - деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік» идеясының жариялануы. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін - тұжырымы. Мәңгілік ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсат ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз тіршілігі мен шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерден көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының доктары, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми – көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» - екендігін жазған Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел – мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда. «Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» - деген жолдар бар. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуынтілейді. Мәңгілік ел дегеніміз – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасындағы бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция және оған қоса тұрақты әскер пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он – оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Қидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыт ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М.Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйінін ашып, оның болашақ ұрпақ үшін, дүниетанымдық, тәрбиелік маңызы зор екендігін атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті – Ел басы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауы - «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын көтерген тамаша тарихи құжат және Елбасы мен ел тынысының, ел бірлігінің қосылуын көрсеткен үлкен саяси буклет болып табылады. Қайта құру жылдарының кезеңдері, ұлттық тарихымыздың көне беттері арқылы ұрпаққа жарық силаған тарихи сананың, ойдың, алғырлықтың, білгірліктің қалыптасуы жаңа кезеңге жол ашты. Қазақ елі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына дейін идеологияның өшуіне, ұмытылуына дейін ұзақ процессті бастан өткерді. Бүгінгі таңда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген түрік мемлекеттерін жақындастыру, достастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшына айналдыру идеясында өз жемісін берді деп ойлаймын. Бұл « Еуразиялық Одақ » құру идеясын Елбасы 2005 жылғы жолдауында: «Мен Орталық Азия елдері Одағын құруды ұсынамын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында жасалған мәңгілік достық туралы шарт бірлесу үшін берік негіз бола алады... Біздің экономикалық мүдделеріміз, тіліміз, дініміз, мәдени – тарихымыз кейбір экологиялық проблемаларымыз ортақ», деп жариялаған болатын. Иә, олай болса Елбасы сеніп ерен еңбек сіңіріп келе жатқан түрік мемлекеттері арасындағы бірлік, экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Экономиканың дамуы күш қуаттың өміршең болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да түрік мемлекеттерінің бірлігі Қазақстан үшін де, өзге мемлекеттер үшін де өте маңызды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» - деп ата-бабамыз айтқандай төрт құбыламыз түгенделуі үшін алтаудың ала болмауы қажет, керісінше төртеудің түгелдігі Алаштың айбынын асырып, ағайынның арасындағы айыбын жасырады.