Материалдар / Мақал-мәтелдердің зерттелуі мен мағынасының қалыптасу ерекшеліктері

Мақал-мәтелдердің зерттелуі мен мағынасының қалыптасу ерекшеліктері

Материал туралы қысқаша түсінік
мақала түркі тіл білімін зерттеушілерге арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
31 Мамыр 2024
269
0 рет жүктелген
1300 ₸
Бүгін алсаңыз
+65 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +65 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Уразгалиева Мира,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

2-курс магистранты


Мақал-мәтелдердің зерттелуі мен мағынасының қалыптасу ерекшеліктері


Халық өмірінде мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі зор. Олар қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар халықтың өткен өмірі мен бүгінін жалғап тұрған көпір іспетті. Халықтың өткен өмірінің барлық түйіні, яғни халықтың салт-дәстүрі, өмір-тіршілігі, т.б. тоғысатын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болған мақал-мәтелдердің табиғатын түрлі ғылым салалары, атап айтсақ, философтар да, педагогтар да, этнографтар да, психологтар да, әдебиетшілер де, тілшілер де қарастырды. Қазақ халқының сөз саптау шеберлігі мен шешендік өнерден де құралақан болмағандығы ақиқат. Қазақ тілінде даналықты білдіретін ұғым-түсініктер мен олардың атаулары: мақал, мәтел, аталы сөз, нақыл сөз, қанатты сөз, ұлағатты сөз, жақсы сөз, шешен сөз, өсиет сөз, орынды сөз және т.б. Осының барлығы даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой, логикалық тұжырым, философиялық толғаныс, дүниетаным, өмір тәжірибесі, тәрбиенің, көркем сөзбен көмкерілген, тұрақты, қалыптасқан тіркес, шағын мәтін, қысқа да нұсқа ой үзіктері. Халық даналығына қатысты ұғым мен атаудың санатына ең алдымен «мақал» мен «мәтел» жатады. Халқымыздың тіл байлығы мен даналығы бабалардан осы мақал-мәтелдерден көрініс табады.

Мақал-мәтелдерді зерттеу паремиология саласының тікелей зерттеу нысанына жатады. Паремиология (грек т. paroimia – паремия, яғни мақал, нақыл және logos – сөз, оқу) халықтың өмірлік тәжірибесіне негізделген дәстүрлі құндылықтар мен көзқарастардың қысқаша көрінісі болып табылады. «Паремия» түсінігінің этимологиясына тоқталсақ, алғашқыда «паремия» ғибадат ету кезінде нақыл сөздер мен өсиет әңгіме оқуды білдіру үшін пайдаланылған. Бұл өсиет әңгімелердің басты қасиеті ақиқатты «астарлап, жасырын» көрсету қабілеттілігі болған. Осылайша, паремия сөзі бұл терминнің шығу тегінің библиологиялық нұсқасына сәйкес, әуелден-ақ ғибратты нақыл сөздерді білдірген. Осы мағынада «паремия», «нақыл сөз», «мақал», «мәтел» сөздері бір-бірімен байланыста болып, синонимдер саналады [1].

Мақалдарды жинақтау мен зерттеу классикалық антика заманында сөйлеу бейнелілігіне, сөздерге көркемдік пен ерекшелік беру үшін астарлы сөздерді қолдануға аса көңіл бөлген ежелгі гректерден бастау алады. Сөздің әсерлілігінің шарттарын іздеу, шешендік сөйлеу өнеріне үйрету мен үйренудің теориялық негіздеріне ұмтылу паремияларды дискурсивті пайдалануға мүмкіндік береді. Әйгілі римдік ритор, шешендік өнердің теорияшысы Марк Фабий Квинтилиан шешендер, егер шешендік өнердің нағыз шебері болғылары келсе, онда олар мақалдар мен мәтелдерді жақсы біліп, оларды өз сөзінде уақытылы және орынды пайдалана алулары қажеттігін көрсетеді [1].

Мақалдарды зерттеудің бастамасын салған Аристотель (б.д.д. 384-322) мақалдар жайлы «Риторика», «Мақалдар» атты еңбектерінде мақалдарды бір зат түрінен өзгесіне ауысатын метафоралар секілді деп анықтаған. Аристотель мақалдардың бейнелілігімен қатар, олардың әсіресе сот ісінде алатын жоғары мәртебесі жайлы жазған. Ол паремияларды «өзінің ықшамдылығы мен жөнділігі арқасында сақталып келе жатқан көне даналықтың фрагменті» деп болжаған. Ежелгі Римде мақалдар, бірінші кезекте шешендік өнерге үйретудің қажеттілігі саналған. Рим грамматигі Элий Донат мақалды «уақыт пен заттарға сәйкес келетін нақыл сөз» деп анықтаған. Көптеген заманауи тілдерде мақал термині латынша «proverbium» сөзінен бастау алады: ағылшынша «proverb», французша «proverbe», испанша «proverbio». Латын тілі грамматикасы бойынша ауқымды оқу құралын әзірлеген тағы бір танымал рим грамматигі Диомед (IV ғ.) мақалға берген анықтамасында, оның үш негізгі белгісі ретінде жалпыға мәлімдігін, нақты бір жағдайда орындылығын және ауыспалылығын көрсеткен: «мақал – бір затты не ойды айта отырып, басқаны білдіретін сөздер, заттар мен уақытқа сәйкес келетін, танымал сөздерді қабылдау» [2].

Уақыт өте келе римдік мақалдар батыс елдерінің ұлттық еуропалық мәдениетінің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Мақалдардың таралуында жазушы Эразм Роттердамскийдің «Adagia» (Мақалдар) атты үлкен еңбегінің үлесі аса маңызды болды. Онда 4000-нан аса мақалдар мен нақыл сөздер жинақталған. Эразм Роттердамский мақалдың анықтамаларын қарастыра отырып, өзінің жеке пікірін ұсынады: «Паремия – белгілі бір төлдаралық пен тапқырлығымен көзге түскен танымал нақыл сөз» [2]. Бұл анықтамаға сәйкес, мақал белгілі және жалпы пайдаланылатын болуы тиіс. Мақалдар «құдайлардың, данагөйлердің немесе ақындардың нақыл сөздерінен тууы мүмкін, театрдан, аңыздардан, ертегі немесе тарихтан, аңдар мен заттардың сипаттамаларынан алынуы мүмкін», бұл олардың «қанаттылығы» туралы, яғни шығу тегі жайлы айтуға мүмкіндік туғызды.

Заманауи тіл біліміндегі паремиология теориясына айырықша үлес қосқан орыс ғалымы Г.Л.Пермяковтың: «Мақалдар және мәтелдер – нәрселер арасындағы белгілі бір қарым-қатынастардың немесе белгілі бір жағдайлардың белгісі», ал паремиялардың этникалық, географиялық және өзге де ерекшеліктері – «олардың бейнелілік құрылымында, жергілікті түсініктер мен реалияларда, ал барлық ортақтық – олардың логикалық мазмұнында, шынайы өмір нәрселерінің арасындағы қарым-қатынасты жеткізудің сипаттамасында жатыр» [3] деген сөзінен мақалдардың көпжылдық тәжірбиеге сүйеніп, бар адамзат үшін ортақ сенімдерді білдіретінін көреміз. Паремиялар тілде барлық мүмкін дерлік өмірлік жағдайларды қамтиды.

Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең көне түрі, өмір-тіршілігінің айнасы, атадан балаға беріліп келе жатқан өшпес мұра. Мақал, мәтел ұғымдарының түркі тілдерінде бірнеше атаулары бар, мәселен, қазақ тілінде – «аталар сөзі», «аталы сөз»; түрік тілінде «аtа sözü»; түрікменше – «аталар сөзи»; башқұрт тілінде – «тапкыр һүз»; тува тілінде – «үлегер домақ»; алтай тілінде – «кёп сöс» және т.б., Енді бір тілдерде «мақал» бір бөлек, «мəтел» бір бөлек, мысалы, татарша – «мəкаль», «əйтем»; түрікменше – «накыл»; өзбекше – «мақол», «матол»; қырғызша – «макал», «матал» және т.б. деп қолданылып жүр; ал бір тілдерде бұл ұғым қосарлы қос сөз арқылы беріліп жүр. Солардың біріне қазақ тіліндегі «мақал-мəтел», қырғыз тіліндегі «макал-матал», ұйғыр тіліндегі «мақал-тəмсил», əзербайжан тіліндегі «зəрби-мəсəл» жататынын көреміз.

«Мақал», «мəтел» атауларын төркіндетіп қарасақ, екеуі де араб тілінен ауысқан сөздер екен. Олар араб тілі мен арабтармен ертеден жіті араласқан иран (ауған, парсы, тəжік т.б.) халықтарының тілдерінде де қолданылады. Араб тілінде لاقام [maqal]: «говорение»; «речь, слово»; «поговорка», «пословица. Ал араб тілінде لاتام [matel]: «пример», «образец»; «пословица», «поговорка». Орта Азия халықтарының тіліндегі бұл атаулар оларға ауған, парсы, тəжік т.б. иран тілдерінен ауысқан деп жорамалдауға болады. Бүгінгі тəжік ауызекі тілінде: матал – «сказка, притча, басня», ауған тілінде: матал ууіо – «пословица, поговорка». Демек, қарастырып отырған «мақал» мен «мəтел» терминдері – «аталар сөзінің» баламасы болып, тілімізге етене сіңісіп кеткен. Бұл əсіресе мақал сөзіне көбірек қатысты. Ал, байырғы «ата сөзі», «аталы сөз» атаулары болса, олар оғыз тобына жататын түрік (ata süzü), түрікмен (аталар сөзи), əзербайжан (аталар сөзү) т.б. халықтар тілінде жиірек қолданылатынын көреміз. Бұл жағдай, жалпы түркі əлеміне байланысты қарағанда көне дəуірдің көзі, екінші жағынан, өркениеттің дамуына, басқа халықтармен болған тығыз мəдени қарым-қатынасқа байланысты да өзгеріп отыратындығын көрсетеді. О баста даналық ұғымын білдіретін «аталар сөзінің» мағынасы кеңейіп, дами келе, бүгінде «мақал-мəтел» атауымен берілуі – тілдердің даму заңдылығына сəйкес құбылыс [3].

Ауыз әдебиетінен бастау алатын түркі паремиясының жазбаша көрініс табуы бастау көзін көне Орхон-Енисей, Талас жазба ескерткіштерінен алып, кейінгі орта ғасырдағы жазба тіл үлгілерінде жалғастық тапты. Түркі мақал-мәтелдері Махмұд Қашқари мен Жүсіп Баласағұни, Ахмед Йүгнеки, Қожа Ахмет Йассауи еңбектерінде кеңінен қолданылуы орта ғасыр түркілері тілінде мол паремиялық қор қалыптасқанын айғақтайды. XI-XII ғасырлардан мұра болып жеткен жазба ескерткіштер тіліндегі мақал-мәтелдер қазіргі түркі тілдеріндегі паремиялардың қалыптасуына, дамуына негіз болды.

Мақал-мәтелдердің шығу тарихы туралы Қожа Ахмет Йассауи мен оның шәкірттері арасында болған аңыз-әңгімеде былай баяндалады. Йассауи ұстаз шәкірттеріне Мұхаммет пайғамбар миғражға көтерілген сапарында Алламен дидарласып, тілдескенін айтқан. Сол кездесуде тоқсан тоғыз мың түрлі сөз айтылған. Оның отыз үш мыңы шариғат, отыз үш мыңы тариқат, отыз үш мыңы хақиқат екен. Мұнша көп сөз кітапқа сыймай, сол себепті халық арасында кеңінен таралмапты. Осы кезде Йассауи ұстаз шәкірттеріне мағынасы Құран аяты мен пайғамбар хадисімен үндесіп жататын бір ауыз аталы сөзден айтыңдар, бұл асыл сөздер кейінгі ұрпаққа жәдігер болып қаларлық болсын, жұрт аузында қалсын деген екен. Шәкірттері олай болса ол сөздерді қалай етіп қалдырсақ дұрыс болар, - деген сауалға ұстазы «мақал» болсын депті. Шәкірттері айтқан Құран мен хадистің астарлы сырлары кейінгі ұрпаққа «мақал-мәтел» деп жеткен деседі [4, 1-б.]. Мақал-мәтелдерді шешендік өнермен, суырып салмалық ақындық өнермен байланыстыра қарастыру мақал-мәтелдердің пайда болуы мен дамуын анықтауға көмектеседі, бұл өз кезегінде паремиология үшін маңызды.

Түркі паремиологиясы түркі халықтарының баға жетпес алтын қоры. Мақал-мәтелдер адамдардың әлемге, қоғамға және өз-өзіне деген көзқарасының қалыптасу үдерісінің көрінісі болып табылады. Әр этнос этникалық санаға, мәдени-дүниетанымға, салт-дәстүрге сәйкес қалыптасатын тек өзіне ғана тән шындықты қабылдау тәсілдерімен ерекшеленеді десек те, қазіргі түркі халықтарында жалпытүркілік болмыс белгілі бір дәрежеде сақталып отыр. Бұл олардың паремиялық қорындағы ортақтықтар мен ұқсастықтар арқылы айқындалады. Бір-бірінен географиялық жақындықта орналасқан түркі халықтарының паремиологиялық қоры неғұрлым ұқсас болып келеді: «Туыс халықтарда әр түрлі тілдік семьяға қарағанда тікелей ұқсастыққа ие мақал-мәтелдер көп келеді, ал ғасырлар бойы ұштасқан көршілес халықтарда тура сәйкес келетін паремиялар саны тікелей қатынаста болмаған халықтармен салыстырғанда әлдеқайда басым» [2, 19-б.]. Қазіргі түркі тілдеріндегі паремиялық жүйенің ортақ негізі – түркі жазба ескерткіштері тіліндегі мақал-мәтелдер қоры.

Түркі мақал-мәтелдердін бір тіл ішінде, салыстырмалы-синхронды, салыстырмалы-диахронды негізде зерттеу паремиялардың лексика- семантикалық және құрылымдық ерекшеліктерін, олардың даму динамикасын нақтылау үшін қызмет етеді. Ескерткіштер тілінде тіркелген мақал-мәтелдер түркі паремиясының диахрониялық күйін сипаттаса, қазіргі тілдердегі мақал-мәтелдер синхрондық немесе заманауи ахуалды қамтиды. Паремиологиялық қор әр жүз жыл сайын 10-15%-ға өзгеріп отырады. Бұл негізінен лексика-грамматикалық архаизмдердің өзгерістерге бейімділігімен, мақал-мәтелдеріндегі диалект сөздерімен байланысты [4, 60-65-бб.].

Қазақ паремиологиясы. Қазақ халқының ұлттық паремиологиясының дамуын зерттеушілер үш кезеңге бөліп қарастырады: І кезең ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін. Мақал-мәтелдер алғаш халық аузынан жинақталып, қағаз бетіне түскен кезі (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, И.Березин, Ә.Диваев, В.Радлов, Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, П.М.Мелиоранский, Н.Н.Пантусов т.б.; ІІ кезең ХХ ғасырдың екінші жартысы. Мақал-мәтелдердің ғылым объектісіне айналған кезі (Р. Сәрсенбаев, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, М.Мұқанов, З.Ерназарова, Қ.Бейсенов, Ғ.Тұрабаева, А.Нұрмаханов, С.Сәтенова, Б.Дина, Б.Сағын және т.б.); ІІІ кезең – ХХІ ғасыр, тіл білімінде мақал-мәтелдер паремиологияның зерттеу объектісіне айналып, антропоөзектілік бағытта қарастырылуы (Ә.Қайдар, С.Қанапина, Р.Атаханова, Р.Досжан, Ш.П.Қарсыбекова, Д.Бегалықызы т.б.) [4].

Қазақ паремиологиясының даму кезеңдеріне сәйкес оларды жинау, жазып алу, жартылай жариялау тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Ш.Уәлиханов пен И.Березин еңбектерінен бастау алады. Алғашқыда бұл жанрдың үлгілері шамалы мөлшерде шығарылып, көп жағдайда этнографиялық мәліметтерге қосымша ретінде берілген. ХІХ ғасырдың соңында Ш.Ибрагимовтың «Мақал-мәтелдер» жинағы (1874); Ы.Алтынсариннің 67 қазақ мақалы тіркелген «Қазақ хрестоматиясы» (1879); А.Васильевтің «Пословицы и поговорки» (Орынбор, 1892); В.Катаринскийдің «Киргизские пословицы» (Семей, 1898), «Памятная книжка Тургайской области» (Орынбор, 1899); Ф.Плотниковтың «Киргизские пословицы и поговорки» (Омбы, 1890); П.Мелиоранскийдің «Сборник киргизских пословиц и поговорок» (1893), еңбектері жарияланады. ХХ ғасырда сөздік құрамның негізгі қаттауын құрайтын мақал-мәтелдерді жинақтау, жүйелеу, жариялау жұмыстары одан әрі өз жалғасын тапты: Ы.Алтынсариннің ел аузынан жинаған 213 қазақ мақал-мәтелдері 11 тақырыптық топқа бөлініп берілген «Киргизская хрестоматия» (Орынбор, 1906); Н.Н.Пантусовтың «Киргизские пословицы, записанные в Копальском уезде Семиреченской области» (Қазан, 1900); М.Ысқақовтың «Қазақ мақал-мәтелдері» (1914); А.Байтұрсыновтың «Мың бір мақал» (1923) еңбектері жарыққа шығады. Аталған еңбектердің қазақ мақал-мәтелдер қорын жинақтап, фиксациялауда маңызы зор.

1927 жылы Ә.Диваевтың «Қазақ мақалдары» атты толық жинақтары жарық көрді. Ол мақал-мәтелдерді жинақтап қана қоймай, этнографиялық, лингвистикалық, фольклористикалық талдау әдістері негізінде зерттеулер жүргізеді, паремияларға анықтамалық-этнографиялық сипаттағы түсіндірмелер береді. М.Әуезовтің «История литературы» (1927), С.Сейфуллиннің «Казахская литература» (1932) зерттеулерінің арқасында мақал-мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде қарастырыла бастады. С.Сейфуллин мақалдар мен мәтелдерді шешендік сөздермен байланыстырған, ол мақал-мәтелдер шешен-билерден қалған асыл сөздер ретінде анықталады. С.Сейфуллин «Ғақлия мақалдар әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманнан туған санаға, тұрмыс пен идеалдарға сәйкес туындайтынын ақиқат деп көрсетеді» [50, 14-б.]. М.Әуезов 1939 жылы Л.Соболевпен бірігіп жазған «Қазақ халқының фольклоры және эпосы» атты әйгілі еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерінің екі ерекшелігіне аса назар аударады: біріншіден, олар көбіне өлең түрінде жасалынған; екіншіден, көп жағдайда олар қазақ халқының негізгі күнкөрісі болған мал шаруашылығымен байланысты. «Шекті ықшамдылықпен берілген мақалдардың молдығы, олардың кереметтей поэзиялық формасы, терең, кейде тіптен пәлсапалық мәні қазақ халқының ақындық талабы жайлы куәлайды» деп жазады М.Әуезов [5, 60-б.].

Қазақ мақал-мәтелдерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге ат салысқан мамандардың бірі Б.Шалабаев 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты очеркінде алғашқылырдың бірі болып мақал-мәтелдерді тұрақты тіркестер тобында арнайы қарастырып, олардың жанрлық ерекшеліктерін айқындаған және мақал мен мәтелге байланысты өзіндік пайымдауларын ұсынып, шаруашылыққа қатысты паремияларды іштей мағыналық топтарға жіктейді: малшылық жөніндегі мақал-мәтелдер; аңшылық жөніндегі мақал-мәтелдер; егіншілік жөніндегі мақал-мәтелдер. [5, 6 б.]. М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958) деген еңбегінде қазақ халқының шаруашылығын, кәсібін, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын мақал-мәтелдердің өмір танытқыштық мәні мен қызметіне тоқталады [5]. Автор өнер-білімді, ерлік-еңбекті, бірлік-ынтымақты уағыздайтын мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, олардың әдеби-эстетикалық мәнін айқындай түседі. С.Нұрышев «Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан» атты 1959 жылы басылып шыққан еңбегінде малшылық жайлы мақалдарды «Россияға қосылғанға дейінгі», егіншілік жайлы мақалдарды «Россияға қосылғаннан кейінгі» деп екі топқа бөліп, мақалдардың даму тарихы жайлы өз пікірін білдіреді [5]. Кеңес үкіметі дәуірінде мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің ерекше поэтикалық жанры ретінде зерттеліп, бірқыдыру проблемалық тың пікірлер көтерілді.

Мақал-мәтелдердің лингвистикалық табиғаты академик І.Кеңесбаевтың қазақ фразеологиясы жайындағы еңбектерінде қарастырылды. Ол мақалдар мен мәтелдерді жалпы фразеологиялық бірліктер қатарына қоса келіп, мақал мен мәтелдің ара жігін саралап, олардың фразеологизмдерден басты айырмашылықтарына тоқталады [5, 32-47-б.]. Қазақ мақал-мәтелдеріне қатысты ерекше орны бар зерттеулердің бірі – Р.Сәрсенбаевтың «Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясы [6]. Зерттеудің тілдік материалы ретінде ғалым Қазан революциясынан бұрын басылып шыққан жинақтарды, Ә.Диваевтың әр жылдары жариялаған еңбектерін пайдалана отырып, қазақ мақал-мәтелдерінің жасалу жолдары, түрлері мен мазмұны, өзара сабақтас жанрлармен арақатынасы мәселелерін арнайы қарастырады. М.Әлімбаевтың 1967 жылы жарияланған «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты зерттеуінде қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, білдіретін мән-мағынасы, қолданылуы және жаңа мақал-мәтелдердің жасалу жолдары жайында бағалы пікірлер айтылып, мақал-мәтелдерді орыс тілінен қазақ тіліне аударудағы автор тәжірибесі ортаға салынады [6]. Б.Адамбаевтың «Халық даналығы» (1976) атты монографиясы «Мақал- мәтелдер» және «Шешендік сөздер» деген өзара байланысты екі бөлімнен құралған [6]. Еңбекте халық мақал-мәтелдері мен шешендік сөздердің жанрлық табиғаты, тәрбиелік- тағылымдық мәні, олардың қалыптасу, даму жолдары сөз болып, олардың әдеби-көркемдік ерекшеліктері, құрылым- құрылысы нақтыланған.

Кеңестік кезінде ғылыми әдебиеттерде мақал-мәтелдерді зерттеу барысында олардың педагогикалық сипатына көп назар аударылды: «Мақал-мәтелдер үлкен дидактикалық, тәрбиелік мәнге ие. Халық шығармаларының ой тереңдегі, бейнелілігі, мазмұндылығы адамдарға, әсіресе мектеп жасындағы жастар мен балаларға тәрбиелік және эстетикалық әсер етеді. Олар бізде Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік рухын тәрбиелеп, дәстүрлерді сақтауға шақырады, патриоттық сезім қалыптастырады» [6]. Н.Төреқұлов мақал-мәтелдердің философиялық мәні мен ғибратты сипатына тоқталып, мақал-мәтелдердің қалыптасуын халықтың күнделікті өмірімен, тұрмыс-салтымен, еңбекпен байланыстырады. Халық педагогикасы мәселелері бойынша танымал маман А.Қалыбекова «ақпаратты дәл жеткізу мұқтаждығы ойды білдірудің оңтайлы құралдарын қалыптастырған. Есте сақтау мен қабылдауды жеңілдету үшін халықтың ұжымдық ақыл-ойы мақал-мәтелдерде орасан зор ақпаратты неғұрлым үнемді кодпен шифрлаған, бұл олардың әрқайсысының құрамында едәуір эмоциялық әлеуетті қамтуын түсіндіреді. Олардан халықтың даусы естіледі» деп өз пікірін білдіреді [6, 10-11-бб.].

Ғ.Тұрабаеваның зерттеуінде қазақ мақал-мәтелдерінің окказионалды өзгерістері мен қолданылуы, мағыналық топтары, олардың құрылымдық- семантикалық модификациясы, стильдік, контекстік варианттары қарастырылса [6], А.Нұрмахановтың «В.В.Радлов еңбектеріндегі түркі мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық сипаты» атты кандидаттық диссертациясында түркі мақал-мәтелдерінің өзара сәйкес тұстары мен кейбір өзгешеліктері, мақал-мәтелдердің лексикалық, грамматикалық құрылымы зерттелініп, кейбір семантикалық даму ерекшеліктері айқындалды [6, 22-б.]. Ал Э.Мұқышеваның зерттеуінде неміс және қазақ тілдеріндегі сөздіктерден, мақал-мәтелдер жинақтарынан екі мыңнан астам мақал-мәтелдер теріліп алынып, олардың құрамындағы ұлттық-мәдени компоненттер мәдениет аралық контексте салғастырылды [6, 24-б.].

ХХІ ғасыр тіл білімінде мақал-мәтелдер негізінен антропоцентристік бағытта қарастырылуда. Қазақ паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы дербес пән ретінде қалыптасуының теориялық тұжырымдамасын қалаған академик Ә.Қайдар «Халық даналығы» атты еңбегінде тілдің адамның ойлауы мен қабылдауы, танымы мен пайымдауы сияқты әрекеттерімен тығыз байланысына жүгіне отырып, тілде пайда болу, қалыптасу, даму үрдістерін анықтайды, атқаратын функционалды қызметіне, қолданылу, жұмсалу жағдаяттарына тоқталады, мақал-мәтелдерді топтастырудың ғылыми принциптерін айқындап, этномәдени және этнофилософиялық астарын, адам табиғатын тануға бағытталған ішкі мазмұнын ашудың жолдарын, амал-тәсілдерін ұсынады [6]. Ә.Т.Қайдардың бұл еңбегі қазақ мақал-мәтелдер ілімінің фразеологиядан жеке шығып, антрополингвистикалық бағыттағы дербес ғылым саласы болып қалыптасуына қажет алғышарттарды нақтылап, паремиологиялық зерттеудің ғылыми қағидаларын, мақсат-мүддесін, көтерілер мәселелерін, зеттеу қырларын айқындап бергендігімен аса құнды саналады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қайдар Ә. Тіл – Ғұмыр. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2018. – 352 бет.

  2. Сәрсенбаев Р. Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері: филол. ғыл. докт. дисс. –Алматы, 1961. –224 б.

  3. Әлімбаев М. Өрнекті сөз – ортақ қазына. –Алматы: Жазушы, 1967. –185 б.

  4. Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы: Мектеп, 1976. -106 б.

  5. Нұрмаханов А.В., Радлов В.еңбектеріндегі түркі мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық сипаты: филол. ғыл. канд. дисс. автореф. –Алматы, 1994. – 180 б.

  6. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы. Алматы: Толағай, 2004. 560 б.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ