Камалова Асма
Саламатовна Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек
ауданы, Трекин ауылының Трекин жалпы орта білім беретін мектебінің математика
пәнінің мұғалімі.
«Адам табиғаттың төресі болу үшін жаралған. Бірақ
үстемдік құратын даналық оған туа бітпеген: ол ондай даналыққа
білім арқылы жетеді», - деген екен даналарымыз. Бұл мақалада сол
білімнің қоғамдағы маңызы туралы сөз қозғалады. Оның шыңына
жетудегі басты мүмкіндік ретінде кітап оқу көрсетіледі. 2021 жылдың
«Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау
жылы» деп жарияланғаны атап өтіліп, білім шыңына жетуде бұның зор
мүмкіндіктердің бірі екені айтылады. Одан бөлек, нақты мақсат қоя
білудің маңызы да көрсетілген. Жетістікке жетелеуші де, одан
құлдыратып құлатушы да адам мінезі екені хақ. Жақсы мінез, ұмтылыс
биіктерді бағындыртса, жалқаулық, қорқақтық, сабырсыздық сияқты
қасиеттер ілгерілеуді тежейді. Бұл қасиеттер білім шыңына жетудегі
кедергілер ретінде көрсетіледі. Үздіксіз ізденіс пен ерен еңбек –
білімді болудың басты кепілі.
Білім шыңына жетудегі кедергілер мен
мүмкіндіктер
Орда бұзар отыз жылдың төріне шығып отырған
тәуелсіз еліміз өз өркендеуін өрлетуі тиіс. Ал өркендеудің кілті
мен құпиясы білімді азаматтарының қолында. Себебі Елбасымыздың өзі
замануи елдің қуаты азаматтарының білімімен өлшенетінін атап өткен
болатын.
Өмірдің шырағы саналатын білім арқылы ғана
биіктеуге болады. Сондықтан да сол білімнің сапасына көңіл бөлу
арқылы еліміздің ертеңінің қандай боларын анықтаймыз. Бүгінгі біз
тәрбиелеп отырған бүлдіршін – ертеңгі еліміздің айнасы. Білім
берушілердегі басты мақсат әрбір ғылым негіздерін терең игерту,
білім алушылардың ойлау қабілетін дамыту, өз Отаны, халқының
алдында жауапкершілігін терең сезіндіре білу, қоғамымызға ертеңгі
күні пайдасы тиетіндей жақсы азамат болып шығуы сезімдері мен
адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына ықпал ету. Қазіргі таңда
білім ордаларында жаңа технологиялар молшылық. Қазақстанның
түкпір-түкпірлеріндегі оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас құра
алады. Ақпарат алмасу арқылы өзінің жобаларын салыстыруда
кемшіліктер мен артықшылықтарын көріп, пікірталас жүргізуде
қызығушылық танытады. Электрондық журнал енгізуімен әрбір оқушы
дистанционды түрде өз бағаларын бақылай алады. Өзінің идеяларын
мектептердегі интерактивті тақталар арқылы іске асырып,
мүмкіншіліктерін көрсете біледі. Осыған қарай отыра, болашақ
заманға сай қадам басып келе жатырмыз деген ой
келеді.
Елбасымыз айтқандай, «Болашақ – білімді жастар
қолында!».Егеменді елімнің ертеңімін дей отыра, менің әлем таныған
елімнің ертеңіне үмітім зор. Біз білім мен ғылымды игеріп,
халқымыздың асыл қасиетін үйрене отырып, ата-бабаларымыздан қалған
жерімізді көркейтуге міндеттіміз. Осыған дейін сан қилы білім
жүйесі жайлы айтып, жаңа технологиялар, жаңа құндылықтардың пайда
болуы жай емес. Осындай мүмкіншіліктерге толы заман адамы үшін
жарқын болашаққа нық қадам басудың негізгі критериі – жаңа
технологиялардың дамуы деп айта аламыз.
Жетістіктерге жету жолдарына тоқталар болсақ,
алдымен, көп кітап оқу керек. Мемлекет басшысының қолдауымен биылғы
жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын
қолдау жылы» деп жариялауы да білім шыңына жетелер басты
мүмкіндіктердің бірі болмақ. Жылды бұлай жариялаудағы негізгі
міндет дәстүрлі кітапханаларды заманауи бағытта дамыту мен
кітапханалар жанынан коворкинг орталықтар ашу. Мысалы, Алматы
қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жаңа
коворкинг орталықтарын ашу жоспарланған. Бұл жастарды, балаларды,
жасөспірімдерді кітапханаға тарту мақсатында жасалуда. Қазіргі
таңда коворкинг орталықтардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 2,5
есеге артқан. Елімізде 401 коворкинг орталықтары жұмыс істеуде.
Қазақстандық кітапханаларды, оның ішінде әдебиет саласын цифрлық
жүйеге көшіру қолға алынды. Осыған орай, өткен жылы Мәдениет және
спорт министрлігі мәдениет туралы заңға бірқатар өзгертулер
енгізді. Қазіргі кезде цифрлық жүйеге ауысу бойынша жұмыстар
жүргізілуде. Міне, осының барлығы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі
мемлекетіміздің негізгі жұмыстары болып саналады.
Кітап оқу адамның білімін, ой-өрісін, тіл
байлығын дамытады. Сөйлемдерді жақсы құра алуды, ділмарлық
қабілетін жетілдіреді. Көп оқу, көп нәрсе білу маңызды, сонымен
қатар білетін нәрселеріңізді орынды, дұрыс қолдану, қай мәліметті
қай жерде қолдануды білетін адам жетістікті бола алады. (Әйтпесе
орынсыз көп сөйлеу — мәре емес). Бұл жұмыс барысында, тәжірибе
арқылы үйренілетін нәрсе. Сондықтан күніне кем дегенде екі беттен
болса да, кітап оқу дағдысын қалыптастыру қажет.
Алға үлкен мақсат қою керек және сол мақсатқа
қарай талпыну керек. Осы тақырыптағы семинарда ұстаз шәкірттердің
бірінен: «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрайды. Шәкірт «Дәрігер
болғым келеді» дегенінде «Дәрігер болсаң айналаңдағыларға өзіңдей
ғана пайдаң болады. Алайда аурухана меңгерушісі болсаң немесе
аурухана иесі болсаң, қарамағыңда жүздеген дәрігерлер болады.
Көптеген адамдарға пайдаң тиеді» дейді. Басқа бір шәкірт ұшқыш
боламын дейді. Сонда ұстазы «Неге ұшқышпен шектелесің, мақсатыңды
жоғары тұт. Мақсатың авияциялық компания құру болсын. Қарамағыңда
көптеген ұшқыштар болады, көп адамдарға, еліңнің өркендеуіне пайдаң
тиеді» дейді. Сондай-ақ таңдаған мамандығыңда жетік білімді болу
керек, көздеген мақсатыңа қажетті барлық нәрсені жақсы білу
керек.
«Ештеңе білмеймін, меңгермеймін де, бірақ бастық
боламын» деу бос сөз. Егер бір мақсат қойған болсаң, сол істі жақсы
көретін болсаң, онсыз да соған қажетті нәрселерді бар ынтаңмен
жақсы көріп үйренесің. Бірақ мақсатың жоқ болса, қандай іс болмасын
оны орындау қиынға соғады.
Бұл заманда өз салаңда жақсы, білікті маман болу
өзекті мәселе. Сол саладағы ең қажетті адам болуға тырысу керек.
Сіз туралы «мұны тек пәленше ғана біледі» деп айтатындай болу
керек. Айналаңыздағы адамдардан да өз саласында білікті осындай
тұлғалардың көп болуы жақсы. Бұл да оқу, үйрену, тәжірибе, ерен
еңбекпен келетін дүние. Бір профессор аспирантына былай деген екен:
«Ешкімге мүмкіндік берілмейді, мүмкіндік алынады. Сен мұнда менің
бірдеңе үйретуімді күтпе, сен өзің келіп менен сұрап алуың керек»
деген екен. Яғни ешкім дайын нәрсені алдыңа әкеп қоймайды. Ол
нәрселерді алу үшін өзіміз талпынуымыз, әрекет етуіміз
қажет.
Берілген міндетті атқара білу, жауапкершілікті
болу және адамдармен жақсы қарым-қатынас құра алу өте маңызды.
Табысты адамдарда көп көрінетін қасиет — адамдармен жақсы
қарым-қатынас және адамдарды жақсы басқару. Бизнес жолында
жетістікке жеткендердің барлығында дерлік осы қасиет
бар.
«Жас болғанымда істер едім, қазір болса жасым
келіп қалды» деген сияқты себептермен өзіңді шектеу де дұрыс емес.
Жасы келіп шаштары ағарған адамдардың да бір іске әуестеніп, соның
шыңына жеткен мысалдары көптеп кездеседі. Бәрінің ортақ қасиеті
«мен осы тірлікті бастағанымда адамдар не дейді?» деп алаңдаған
емес. Әрине бұл жауапкершіліксіз болу, шектен шығу, ешкімнің
айтқанын, кеңесін тыңдамау керек деген мағынаға келмейді.
Жауапкершілікті жүктене отырып, кеңестерге құлақ түре, мәдениетті
бола отырып батыл болу деген сөз. Батылдық өте маңызды. Өмірдегі,
отбасындағы келеңсіздіктер, адамдардың сөз айтуы, сәтсіздіктер,
жалпы біршама нәрселер батылдығымызды тежеуі, көңілімізді түсіруі
мүмкін. Бірақ кешке жатқан кезімізде басымыздан шығарып тастау,
келесі күнді тынық мимен бастау керек. Ешқандай жетістік оңай
келмейді. Басымызға түскен жағдайлар әрине манызды, бiрақ осы
жағдайлар қарсаңында қалай мәмiле ететінiңiз одан да маңыздырақ.
Келеңсiздiкке қиындыққа тап болғанда ұстамды болу, сабырлы болу сол
келеңсiздiктi жеңiп шығу керек. Алдымыздан шыққан әрбiр кедергi
сiздi шыңдап, күшейте түседi. Маңыздысы үмітсіз болмау, сабырсыз
болмау қажет.
Ешқашан «болды, жетілдім» немесе «біттім,
тоқырадым» демеу керек. Бабаларымыз «Бесіктен мазарға дейін ілім
үйреніңдер!» деген. Әр күніміз, әр көрген-білгеніміз, бастан
өткізген оқиғалар да негізі біз үшін сабақ, тәжірибе. Ұтқанымыздан
тәжірибе алғанымыздай, ұтылғанымыздан да тәжірибе, сабақ аламыз.
Ізденіс ішінде болу керек. Тәжірибедегі қолданымдағы амалдарды
жақсы білу мен қатар айналада болып жатқан өзгерістерді де жақсы
бақылау керек. Адамдарды тыңдай білу керек.
Отбасы ішіндегі жылулық, отбасы бақыты да
жетістікке бастар жол. Адал, әділ болу керек. Жұмыс, табыс –
тіршіліктің құралы. Тек қана ақша, мансап, атақ қуалап кету дұрыс
емес. Осы аталғандар үшін материалдық және рухани құндылықтарды
сарп етушілерден болмау керек. Қай істе, қай жағдайда болмасын,
көшеде, жұмыс орнында не істесеңіз де осы қағида бойынша әрекет
етсеңіз, өзіңізге де, отбасыңызға да, қоғамға да пайдаңыз тиері
ақиқат.
Ойымды қорытындалай келе, білім шыңына жетудегі
біздің басты мүмкіндігіміз үздіксіз ізденіс екенін айтқым келеді.
Яғни аш қасқырдай айналаны түгел шолып, сан түрлі сиқырды парағына
жасырған кітап беттерін ақтарудан жалықпайық. Ал біздегі бар
кедергі бойымыздағы қажетсіз мінез құлық екенін ұмытпай, солармен
күресте жеңе білейік. Сонда ғана біз білімнің биік шыңын
бағындырып, үздік боларымыз хақ.