Педагог-білім берудегі басты
тұлға.
Адам табиғатына тән ең негізгі
қасиеттердің бірі – қызығушылық. Ол күнделікті өмірдегі үйреншікті
және қатерлі жағдайлардың негізінде қалыптасады. Үйреншікті жағдай
уақыт өте келе адамды бақытсыз етіп, бұрын соңды болмаған жаңаша
әрекетке итермелейді. Ал қатерлі жағдай қорқыныш сезімін оятып,
қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең тиімді жолдарды іздеуге мәжбүр
етеді. Нәтижесінде қандай да бір нәрсенің мән-жайын анықтауға деген
талпыныс пайда болады. Сол талпынысты біз қызығушылық деп атай
аламыз.
Мысал ретінде өмір бойы
кішігірім тесігі бар үңгірде өмір сүрген адамды алайық. Ол үшін
күллі әлем үңгірмен шектеліп қалған. Тесіктен біресе жарық, біресе
қараңғы болатын аспан көрінеді. Анда-санда жаңбыр жауып, үңгірдің
ішін азды-көпті суға толтырады. Құрт-құмырысқалар және әрең өскен
шөптер адамға тамақ болады. Сөйтіп, ол тамағын жеп, суын ішіп, дым
істемей жата береді. Алайда оны тесіктегі көрініс мазалай береді.
Үңгірден шығуға, не бар екенін көруге деген талпыныс күшейе береді.
Бірақ та ол бата алмайды. Белгісіздік оны қорқытады. Алайда
қызығушылық тым қатты, адамның жанына тыныштық берер емес. Қыр
соңында үңгір адамы мазасын алған талпыныстан құтылу үшін, белгісіз
нәрседен әрмен қарай қорықпау мақсатында тесіктен басын шығарып,
жан-жағына қарайлайды. Алғаш рет таулар мен жоталарды, ағаштар мен
шөптерді, табиғаттың басқа да ғажайыптарын көріп, үңгірінен бас
тартады. Иә, одан бетер қорқып, қайта тығылуы мүмкін, бірақ
қызығушылық оны бәрібір де үңгірден шығарады. Осылайша ол қоршаған
ортамен танысуға кіріседі. Әр нәрсені ұстап, иіскеп, тістеп көреді,
тәжірибе жасап, білімін арттырады. Сөйтіп, жүргенде ол тағы бір
үңгірге кезігеді. Тура өзінікіндей, бірақ басқа. Және ішінде
бұрынғы өзі сияқты екінші адам бар. Енді әжептәуір білімі бар адам
үңгірдегі дым білмейтін қараңғыда өмір сүретін екінші адамды
шығарып алуы керек. Сонда ол не істейді?..
Міне, ұстаз деген ұғымның
мағынасы осында жатыр. Бұл терминді біз білім беретін ғана емес,
сонымен қатар ізгілікке, ізденімпаздық, жасампаздыққа тәрбиелейтін
адамдарға қатысты қолданамыз. Сол себепті де бұл ұғымға біз
педагог, оқытушы, мұғалім сынды терминдерді синоним ретінде қолдана
алмаймыз. Иә, олар – өзара бір мағыналы сөздер, бірақ білім беруге
құзыретті мамандардың бәріне қатысты қолданылады. Ал ұстаз деген
жеке сипатқа ие. Бұл сөзді адамдар тек өздеріне білім-өнеге берген
адамдарға қатысты қолдана алады. Мұғалім, педагог, оқытушы – арнайы
оқу орнында сабақ беретін, сол үшін жалақы алатын, нақты мамандық
бойынша білімі бар құзыретті маман. Ұстаз – білім беретін, үлгі
болатын, жақсылыққа тәрбиелейтін, кеңес беріп, демеп отыратын
құрметті тұлға. Көп жағдайда ұстаз шәкіртінің жадында ұмытылмай
сақталады. Жылдар өтсе де шәкірті оны күлімдеп еске алады. Ал
қарапайым мұғалімдер ондай сағыныш пен махаббатқа толы эмоция
сездіре алмайды. Әрине, мұғалім өз жұмысын өте жақсы істеген болуы
мүмкін, оқушы одан көп нәрсе үйренген де болуы мүмкін, бірақ соның
өзінде де ол құрметтен басқа ештеңе сездіре алмайды. Себебі
мұғалімнің кәсібилігі оны ұстаз етпейді. Оқушы мен оқытушы арасында
шәкірт пен ұстаз деген қарым-қатынас орнау үшін екеуінің арасында
сөзбен түсіндіруге қиын психологиялық байланыс болуы керек. Оқытушы
өз оқушысының бойынан бұрынғы өзін көре алуы қажет. Тек сонда ғана
ол оқушыны шабыттандырып, қызығушылығын оятып, ізденімпаздыққа
жетелей алады. Сол кезде ұстаз шәкірт үшін бір жағынан ата-ана
сияқты, екінші жағынан дос секілді сенімді тұлғаға
айналады.
Негізі, қандай да бір адамды
ұстаз көру үшін онымен таныс болу міндетті емес. Тіпті ол адамның
тірі болуы да қажет болмайды. Көптеген адамдар бұрынғы замандарға
өмір сүрген ұлы ойшылдар мен жазушыларды, басқа да өз жүректеріне
жақын қайраткерлерді ұстаз көре алады. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны
Абай – қазіргі таңда еліміздің көптеген азаматтары үшін нағыз
ұстаз. Сол кісінің өлеңдері мен қара сөздерін оқып, өздерін жаңа
қырларынан танып жатқан адамдар аз емес. Ұстаз пен мұғалімнің тағы
бір айырмашылығы осында. Педагог қанша жерден жақсы сабақ берсін,
өзге адамдар одан тәрбие-өнеге іздемейді. Өйткені педагог – жұмыс,
ал ұстаздық – қабілет.
Ұстаз ұғымының ең негізгі
сипаттарының бірі – мінсіздік. Кез келген шәкірт алдынан қиындық
шыққан кезде «Ұстазымен не істеу керектігін бірден ұғар еді»,
«Ұстазым бұл проблеманы менен де жақсы шешер еді», «Мен ұстазым
сияқты білікті емеспін» секілді ойларға келе қалады. Оның түсінігі
бойынша, ұстаз фигурасы – абсолют. Ол әрдайым сол секілді болуға,
кейіннен оны асып түсуге тырысуы керек. Алайда ол мүмкін емес.
Мінсіздік – ұстаздықтың сипаты ғана емес, сонымен қатар, шәкіртіне
берер ең соңғы тәрбиесі. Ұстаз өз шәкіртіне бар берерін бергеннен
кейін өзінің дәрежесін жоюы керек. Яғни өзінің бәрін білгіш мінсіз
адам емес екенін сездіруі қажет. Сонда ғана шәкірт ұстаз
көлеңкесінде қалып қоймай, өз алдына жеке дара тұлға болып
қалыптаса алады. Тек сол кезде ғана ол шәкірт статусын өткен
шағында қалдырып, ұстазына шексіз махаббаты мен құрметін білдіріп,
өз жолымен жүре алады. Ойлап қарасақ, ұстаз дегеніміз қанаты
шықпаған көбелектің коконы тәріздес. Көбелектің, яғни шәкірттің
қанаты қатайған кезде ол ұшқысы келген жаратылысқа бөгет болмай,
жыртылуы керек.
Тарих беттеріне түңіліп, ұлы
ұстаздар туралы мәлімет іздесек, Ұлы Ескендір мен Аристотель
туралы, Абылай хан мен Төле би хақында, Жамбыл мен Сүйінбай
жөнінде, және тағы да басқа тұлғалар барысында қызықты оқиғаларға
тап боламыз. Алайда бұл ақпараттар бізге ұстаз ұғымы туралы қате
түсінік беруі мүмкін. Сол қате түсінік туралы айтып өтсек. Яғни
«Бір адамда тек бір ғана ұстаз болады» деген түсінік жөнінде.
Шындығына келгенде ұстаз өмірде біреу ғана болуы мүмкін, сонымен
қатар, бірталай болуы да әбден мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай, адам
баласы жаратылысынан қоршаған ортаны танып-білуге қызығып тұрады.
Соған байланысты ол әртүрлі тұлғаларды ұстаз ретінде қабылдайды.
Мысалы, азаттық пен әділдік үшін еңбектеніп күрескен Әлейхан
Бөкейхановты, қоршаған ортаны және өз елін танып-білуге тырысқан
Шохан Уәлихановты, қазіргі таңда марс ғаламшарына коллония салғысы
келетін Илон Маскті, және өзіңе сабақ беретін сүйікті оқытушыңды
ұстаз ретінде қарастыруға болады. Себебі олар үлгі болады, білім
береді, ілгері жылжуға итермелейді.
Ұстаз – шәкірт тарапынан ғана
емес, қоғам тарапынан әрдайым құрметке ие тұлға болып қалуы тиіс.
Ал егер ұстаздардың көп бөлігі оқытушылар арасынан шығатындықтан
олар да зор құрметтің иесі болып табылады. Жалпы қоғам және
мемлекет үшін оқытушы – аса маңызды құбылыс. Педагогтары осал елдер
ешқашан да ілгері жылжи алмайды. Ондай елдерде парақорлық пен
әділетсіздік күшейе береді. Мысал ретінде Жапония, Оңтүстік Корея,
Швеция, Финляндия сынды елдерді алайық. Педагогтары жоғарғы
дәрежеде болғандықтан білім жүйесі де сондай. Оқытып шығарған
мамандары да Орта Азия елдеріндегі мамандардан әлдеқайда білікті
әрі қабілетті. Соның салдарынан қоғам мен қоршаған орта үшін
пайдалы шаруалар іске асуда. Демек, педагог ұстаздардың
біліктіліктері артпай, қоғамда да ізгі шаруалар іске
аспайды.