Материалдар / Мақала: "Сөз қадірі - өз қадірің"
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Мақала: "Сөз қадірі - өз қадірің"

Материал туралы қысқаша түсінік
Бүгінгі таңдағы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі - қазақ тілін шұбарламай қолдану жайлы жазылған. Жас шектеуі жоқ.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
05 Шілде 2021
703
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Сөз қадірі – өз қадірің


Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,

Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Өзің білмесең, білгендерден үйрен,

Үйренгеннен ештеңең кетпейді.

Бидайдың сабағында дән жоқ,

Жаманның сөзінде мән жоқ...

Төле би

Кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады.

Қазақ халқында «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тасжарады, тас жармаса, бас жарады», «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады» деген мақалдар халқымыздың тіл құдіретін танытып, ардақтағанын көрсетеді. Жұртым қашан да сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің парқына («Сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес») және қай жерде қалай сөйлеуге айырықша мән берген.

Расында да, адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасып, өзгені де сөзі арқылы танып, өзін де сөзі арқылы танытады. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп-тұқияннан бері жасалып, қолданып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы. Сондықтан да сөзді шашпа-төк тегін дүние көріп, оңды-солды талғаусыз айта берсең, жұғымы болмайды. Сұңғыла ақындар жырлағандай «Сөз қадірі – адамның өз қадірі, сөзі құнсыздың өзі құнсыз».

Сөздің адамға жағымды не жағымсыз әсері орасан зор екені даусыз. Халқымыздың: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген тамаша мақалы жылы да жағымды сөйлеудің қаншалық құдіретті ие екендігін аңғартады. Халық жырларында азуын айға білеген айтқыш ділмарларымызды тілінен «Тәтті айтқанда, бал тамған, ащы айтқанда, қан тамған» деп сипаттайды.

Сөйлеудегі ең жақсы қасиет – ой-пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізушілік. Алтын, күміс, гауһардың қымбат саналуы – олардың аздығы, тазалығы десек, қысқа, қоспасыз, ұғымды сөз де қадірлі. Әйтеуір сөйлей алады екем деп, тасыраңдамай, абайлап сөйлеу – ақылдылық, көшелілік, инабаттылықтың белгісі, өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін, байқап, бағамдап сөйлеудің мәні ерекше зор. Қазақтардың «Айтылған сөз – атылған оқ», орыстардың «Сөз шымшық құс емес, ұшса, қайтып қонатын» деген мақалдары мен ежелгі скиф елінің шешені Анахарсистің: «Тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұста» - дегендерінің түп төркіні бір жерден шығып жатуы тілге абай болудың жүрдім-бардым қарайтын мәселе еместігін көрсетеді.

Қазақтың көне аңыздары мен шешендік айтыстарында дәстүрді аттамай, жүйелі сөзге жығылу арқылы мінез, инабаттылық көрсету мысалдары молшылық. Олар сөз қадірін өз қадіріне балаған шешен, алғыр да зерек халқымыздың келер ұрпаққа қалдырған өнегелі қазынасы болып табылады.

Осы арада өзін туған елінің перзентімін деп санайтын әрбір азаматтың ана тіліне қатысы, сол тілде сөйлеуі туралы аса маңызды әрі көкейтесті мәселе келіп шығады. Кеңес өкіметі тұсындағы империялық қыңыр саясат мұны жеке адамның, оның туған халқының қадір-қасиетін аяқ асты ететін, болашағына кеселді мәселеге айналдырды. Бұрынғы КСРО-да коммунизмге басты бір тілді, атап айтқанда, орыс тілін жете меңгеру арқылы жетуге болатындығы жөніндегі «теориядан» бастау алған саясат пен дәйекті іс-қимыл басқа тілдердің қолданыс аясын отбасы, ошақ қасына дейін тарылтып, ең сұмдығы, болашағы жоқ нәрсе ретінде беделін түсірді. Бүгінде жұрт аузына көп ілігетін Расул Ғамзатовтың: «Туған тілім болса ертең құрымақ, өлуге де мен дайынмын бүгін-ақ», - деген қанатты сөзі сол кезде айтылған-ды. Өйткені түркі елдеріне түгел ардақты ағартушы һәм ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деген сөзінің кебі келген болатын. Шетқақпай қалған тілімізге ілесе, халқымыздың ұлттық рух, дәстүр-салтының өңі қашып, өзегі талып, өлімсіреп бара жатты. Қабырға қайыстырары, еліміздің ертеңі – төл ұрпағымыз орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды, менсінбеуді шығарды. Ұлы жырауларымыз бен айыр көмей шешендеріміз, асқан ақын-эстет халқымыз жұлындай жұтындырып жетілдірген әлемдегі ең бай да оралымды, сұлу дасиқырлы, әуезді де салтанатты тіліміздің қасиетін сезіну бақытынан құр қалды. Салдарынан ана тілін менсінбейтін мәңгүрттік кеселге шалдықты. Сөйтіп, «Ана тілін құрметтемеу – ештеңені сыйламау деген сөз» (Ғ. Мүсірепов) екенін, «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды, тарихымызды ұмыту» (Б. Момышұлы) екенін түсінбейтін «өгей ұлдары» (Ғ. Мүсірепов) көбейіп кетті.

Еліміздің егемендік алуына байланысты бүгінгі таңда бұл сорақылықтың жолы кесілді. Әйтсе де ана тіліміздің қоғамдық өмірдің барлық саласында өз мәртебесіне сай орнын алу барысы күрделі жағдайда жүріп жатыр, батпандап кірген кесел мысқалдап шығуда. Ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік, әдептілік өлшемі болып табылады. Оның мәні: әр азаматтың туған тілін Отанындай, туған жұртындай, ата-бабасындай сүйіп, ардақтап, сол тілде сөйлеуді тәңірінің ұлы сыйындай көруінде. Сондықтан білім беру мекемелерінің, оқу-тәрбие орындарының, ата-аналар мен қоғамдық жұртшылықтың, барша ұлтжанды азаматтарымыздың күллі күш-жігері төл ұрпақты жөргегінен ана тілінің уызына жарытып өсіруге, кешегі күннің кесірлерінен өз тілдерін үйрене алмай қалған ұрпақтың ана тілін көз түрткі көрмей, тезірек меңгеруіне жұмылдыруға тиіс.




































Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері


Тәуелсіздік!

Бабалардың ұраны,

Бей уақытта бойға таққан тұмары.

Тәуелсіздік!

Түнектерде тұншығып,

Ызғар ұрып жанбай қалған шырағы.

С. Сейітұлы


Тарих, ол – бір ғаламат алтын көпір, ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын. Еуразияның кіндік тұсында ұлан-байтақ жеріміз бар қазақ даласының келбеті бағзы бір ежелгі атам замандардан өзінің ұлы рухын жоғалтпай, күні бүгінгі үшінші мыңжылдықта да асқақтығын танытып отыр. Атыраудан Алтайға дейін созылған дархан далалы кең өлке, тарихы шексіз, дәстүрі шетсіз ата-жұрт. Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып сұлу сахара!

Жұмыр жердің бетіндегі қаншама ел, мемлекет, ұлт пен ұлыстың даму тарихы өз алдына бөлек әңгіме. Адам баласы жаралғаннан бері руға, ұлт пен ұлысқа бөлініп, өздерінің қаншама мемлекеттерін құрып келді. Соның бір айғағы ретінде, қоғамдық дәуірлеген кезеңдерден де, қиыншылықтар мен қырғын соғыстардан да, отаршылдық пен бодандықтардан да өтіп, күні кеше ғана осыдан он сегіз жыл бұрын жеке мемлекеттік тәуелсіздігіне қолы қайта жеткен сол қазақ даласының – бүгінгі асқақ Қазақстанның ұлы рухы әрбір қазақстандықтың жүрегінде патриоттық сезімді асқақтата түседі.

Тәуелсіздік, егемендік ұғымдарының өзі - құдіретті. Бұл қасиетті сөздің тұңғиығында құрбан болған талай-талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр. Сондықтан да, еркін елдің жас қырандары,

ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыз таңдаған білім мен білік жолын басшылыққа алып, туған еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, талай теперішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, биік рухын қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге парыздармыз. Бұл игі мақсат жолында халқымыздың “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген дана мақалын әрдайым жадымызда ұстап, бірлікті, тұтастықты ту қылып көкке көтеруіміз керек. Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білуіміз қажет. Сонда ғана шаңырағымыз берік болып, ұлтымызды, тілімізді, туған жерімізді сақтап қана қоймай, елімізді одан әрі дамытып, өркениетті елдердің қатарына енгізіп, олармен өзіміздің терезелерімізді теңестіре аламыз. Ол үшін бізде қазір бәрі бар: егемендік, бірлік, татулық, бірауыздылық, ұлттық тіл, басқа елдердің мәдениетінен асып түспесе, кем түспейтін рухани қазынамыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның күрделі өткенін ұмыт салмай, жарқын ертеңге адалдық пен әділеттіліктен қаланған баспалдақ салу.

Мен ата-бабалар үмітін ақтап, Қазақстанның дамуы мен өрлеуіне қолымнан келгенше үлес қосуға даярмын. Себебі мен – Қазақстанпатриотымын!















Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!