Материалдар / Мақала: Спорттық қимыл-қозғалыстың бала өміріндегі маңызы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мақала: Спорттық қимыл-қозғалыстың бала өміріндегі маңызы

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалыс арқылы денесін жүйелі шынықтыру қажеттілігі зерделенген.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
10 Қазан 2022
598
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Спорттық қимыл-қозғалыстың бала өміріндегі маңызы

Балгабай Мырзабайұлы Мендалиев

Педагогика ғылымдарының кандидаты


Мақалада мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалыс арқылы денесін жүйелі шынықтыру қажеттілігі зерделенген. 3-5 жас аралығындағы балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға арнайы жағдай жасау, қимыл-қозғалыс ойындарын, басқа да денешынықтыру жаттығуларын күнделікті тұрақты өткізу баланың қалыптасуында маңызды рөл атқаратыны қарастырылған.


Кілттік сөздер: мектеп жасына дейінгі бала, қозғалмалы ойын, жаттығу, денешынықтыру, дағды, қозғалыс.


Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесін сапалы дәрежеге көтеру Қазақстанның қазіргі білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі. Осы маңызды шараны іске асыру барысында ел арасында қалыптасқан тарихи ұлттық ойын түрлерін баланың денесін шынықтыруда ұтымды пайдалануды зерттеу маңызды сала болып табылады, себебі халық арасында таралған ойындар баланың сүйіп ойнайтын және оның күш-жігерін арттыратын әсерімен ерекшеленеді.

Соңғы жылдардағы зерттеулерге қарағанда, көптеген ғылыми еңбектердің негізгі тұжырымдамасы бойынша, мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыруын нақты бір мақсатты бағытпен дамытқанда ғана денсаулығы нығайып, жұмыс жасау қабілеті дамып, жеке тұлға болып қалыптасуына тікелей әсері бар екендігі дәлелденуде.

Қозғалмалы ойындарды дене шынықтыру сабақтарына кеңінен пайдалануды орыс ғалымы П.Ф. Лесгафт ұсынды. Ол балаларды ауыр гимнастикалық жаттығулардан сақтандыруды, оның орнына табиғи қозғалысты ойынды пайдалануды орынды деп дәлелдеді.

Лесгафт ойынның әлеуметтік-педагогикалық мүмкіншіліктерін бағалай отырып, ойын арқылы тәрбиелеуді балаларды өз бетімен жұмыс істеуге үйретудің жолы және қоғамдық пікірлердің маңызын бағалай білуге, бір-бірімен жолдастық қатынас орнатуға, шындыққа баулуға, ойын барысында өздерін реттеп отыруы үшін керектігін атап көрсетті [1].

Балаға үйретілген әр жаттығуда қимыл міндетін, яғни қозғалыс жасау саналы түрде мақсат етіп қойылады. Мысалы, қазақтың ұлттық ойыны «Ортекені» ойнаудың негізгі идеясы қашықтықты секіріп бағындыру. Ойынды күрделендіру мақсатында сәл ойық шұңқырдан қарғу арқылы ойнау тәртібін ұсынамыз. Ойын барысында секіру бір немесе бірнеше әдіспен орындалады, бір орыннан шұңқырдың келесі бетіне ортекеше екі аяқпен ырғалып секіру немесе бір аяқпен созыла адымдау.

Бұл жерде қозғалыс мақсатын ұтымды жағынан алып қарастырамыз, себебі қимыл-қозғалыс әрекетін мақсатты және ұтымды іске асыру ойынның, жаттығудың мәнін күрделендіреді.

Кей жағдайларда балалардың еркін ойнауына мүмкіндік беріп, олардың киімінің ластануына, қол-аяқтарының кірлеуіне ренжімесе, ойнаған балаға жағымды әсер қалдырады. Оған «Қамбартөбе» ойынын алуға болады. Ойынға қатысушы балалар топырақты бірнеше жерден дөң етіп үйіп, биіктігін 20-30 см дейін жеткізеді, оған су құйып, қолдарымен әлгі топырақ жиынтығын біріктіреді. Ойын шарты бойынша, балшықтанып ылғалданған топырақ ортасына шұңқыр жасап, соның үстіне дәл секіріп түсулері қажет, сол сәтте су араласқан топырақ жоғарыға шашырайды. Жүгіріп келіп дайындалған шұңқыр үстіне кім дәл түсіп, топырақты көп жан-жағына алысырақ жерлерге дейін шашыратса, сол жеңімпаз атанады.

Бұл ойында барлық баланың топырақ үйіндісіне бірге жүгіруі, қолдарымен топырақ шөгіндісін тез біріктіруі, ал соңғы қорытынды мәре – су құйған шұңқырға дәл секіруі болып табылады.

Қозғалыс құрылымы барлық қимыл іс-әрекеттің бір-бірімен байланысын жалғастырады. Қимыл арқылы орындалатын жаттығу барысында баланың дене мүшелері толықтай қозғалысқа түседі.

Ойын баланы қоршаған ортаға еркін араласуға дайындайды, өмір туралы алғашқы танымы қалыптасады.

Ғалым Ә. Бүркітбаевтың дәлелдеуі бойынша, бұл кезеңдегі ойындардың бірінші тобы өзін-өзі және өзінің қабілетін көрсету ойындары деп аталады [2].

Дене шынықтыру арқылы тәрбиелеу барлық тәрбие жүйесінің бөлінбес бір саласы болып табылады. Дене тәрбиесі болмаса баланың жан-жақты дамуы мүмкін емес.

Гигиеналық күтім және өлшемді тамақтану, қозғалысқа керек биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру, отыру, тұру, жүру, жүгіру, секіру сияқты алғашқы қозғалыс жасау мүмкіндіктерін қалыптастыру, тағы да басқа қажеттіліктерді дене тәрбиесінің арқасында жүзеге асыруға болады. Өзінің мәні тұрғысынан қимыл-қозғалыс қызметіне сүйеніп, баланың бұл кезде көру, есту сияқты сезімдері ақылынан бұрын жетіліп, дамыған. Бұл кезде баланың еліктеуі, көргенін қайталауға тырысуы басым болады. Сондықтан да бұл кезеңді еліктеу кезеңі дейді. Ойын сәтінде бала көрген нәрсесінің бәріне еліктейді. Ата-анасына еліктеп, солардың істегенін қайталап, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктер әлемін бейнелеуге ұмтылады. Бала не істесе де одан еліктеудің, басқаны қайталаудың ізін көреміз. Еліктеу – бұл кезеңнің өзіне тән ажырамас сипаты. Осы кезеңдегі бала сезімтал, әсерленгіш, ашуланшақ, сәл нәрсеге ренжіп, өз эмоциясын тез көрсетеді.

3 жастағы балалардың отыру, тұру және жүру дағдыларының жақсы жетіле бастауына байланысты жүйке жүйесінің морфологиялық және функционалдық дамуы қарқыны арта түседі, балада шартты рефлекстің орындалу уақыты ұзарады. Қозудың иррадияциясы байқалады, қолдың қимылы аяқтың қимылымен қатар жүретіндігін көрсетеді [3].

В.И. Ядешко және Ф.А. Сохин өз еңбектерінде 3 жасар баланың бойындағы қимыл-қозғалыс сапасының белсенді түрде жетіле бастайтыны және баланың қол мен саусақтарының қимылы үйлесімді келетіндігі айтылады. Бұл жастағылар үшін дене шынықтыру сабағындағы бар мақсат қозғалыс-қимыл үйлесімін дамыту екендігін, осы кезде бала тұрып та немесе қозғалыс үстінде де күрделі қимыл-қозғалыс жасай алатындығын атап өтеді [4].

Ұлттық ойындар мен спорттық жаттығу түрлерін таңдағанда олардың жас ерекшеліктерін, икемділігін, бұлшық еттерінің әлі жетілмегенін, тез шаршайтындығын ұмытпаған дұрыс. Осы жастағы баланың психикасының дамуындағы негізгі және басты қажеттілік қимыл-қозғалыс белсенділігінің артуы болып табылады.

3 жасарлар арасында жасалатын жаңа қатынас түрі жалғыз өзі ойнаудан бірлесіп, топ болып ойнайтын ойын әрекетінің қарапайым түріне біртіндеп ауыстырған тиімді. Үшке толған балада жеке басына маңызды балалық дербестік пайда бола бастайды.

Бала үштен асқан кезде үйдегі немесе балабақшадағы тәрбие әсерінен сан-салалы танымдарды игеруге, күрделі құбылыстарды ұғынуға талпынып, үлкендерге сұрақтарды көп қоя бастайды.

Бұл кезде мидың жарты шарларының қабы баланың бүкіл мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін басқара отырып, нерв талшықтары мен жұлын-жүйкелерінің жұмыс істеу қабілетін күшейте береді. Әрдайым қозғалыс үстінде жетіле дамыған балалардың денесі мен салмағы да бірқалыпты өсіп отырады.

Ғалымдар Г.Г. Грохолский мен С.В. Молчанов өз зерттеулерінде төрт жастағы баланың орташа көрсеткіштері төмендегідей болып келеді: салмағы 16-17 кг, бойы 100-102 см, ол жыл бойына мөлшермен 1,3 кг салмақ қосып, бойы 5-7 см өседі, көкірек аумағы мөлшермен 53 см болады.

Осы жастағы балалар шамамен күніне екі шақырымға жуық жер жүреді. Балалар 4 жасынан бастап еркін қозғалып, қимылдарды еркін жасай алатын жағдайға жетеді. Осыдан кейін олардың жүріс-тұрыстарындағы дәлдік қабілеттер дами береді. Төрт жасар балалардың салыстырмалы ойлай алатын қабілеттері ерекшелене түседі, бала не істесе де оны саналы түрде жасауға тырысатындығы туралы деректер келтіреді.

5 жасқа толған балаларға тән сипат ағзаның жедел өсу кезеңі болып табылады. Бір жыл аралығында баланың салмағы 1,5-2 кг артады, бойы 6-7 см. өседі. Бес жастағы баланың салмағы мөлшермен 19 кг, бойы - 110 см, көкірек аумағы 54-55 см-ге жетеді. Миы жедел толысып, мидың үлкен жарты шар қабығының қызметі жетіледі, астыңғы ми қыртысы орталығының мінез-құлыққа қатысты ықпалы айтарлықтай болады.

Баланың негізгі қимылдарының жетілуінде сапалы өзгерістер пайда болып, қимыл-қозғалысты дәл орындауы артады. Өз әрекетін жоспарлау, белгілі бір ойынды нақты түрде көрсетіп, іске асыра білуі жетіле түседі. Мұның жай талпынудан, ниет білдіруден өзгешелігі сол, бала өз мақсатын ұғынумен қатар оған жетудің тәсілдерін де түсіне бастайды, балаларда сюжетті ойындарды өздері ойлап тауып, орындаушыларды өзара келісіп бөлісе алады.

Осы жастағы балалардың таным қабілеті қалыптасып, бақылампаздығы, ойын ережесіне бағына білуі жетіледі, мінез-құлықтары орныға бастайды. Негізгі қимылы жетіле түседі. Бес жастағы балалардың қимылы шапшаң, өз үйлесімін тауып, жинақталған болып келеді. Бес жастағылар тобы үшін дене шынықтыру сабағында кіші топтарда қалыптасқан қимыл дағдылары мен іскерліктерін бекіту одан әрі жүргізіледі, негізгі қимылдардың дағдысын игеру басталады [5].

Педагог А.П. Усова: «...прогрестік педагогика балалардың жеке басының дамуы, қалыптасуы үшін қажетті алғашқы еңбек күшіне қашан да көңіл бөліп келеді. Ойын, еңбек, оқу арқылы біз балаларға белгілі бір тұрғыда ықпал жасай аламыз. Бірақ біз іс-әрекеттер ойын, еңбек, оқыту өзара ұштасқан жағдайда ғана баланың жеке басын дамытуда толық нәтижеге жете аламыз» – деп өзінің ойын білдіреді [6].

Ғалым В.А. Шишкина өзінің зерттеулерінде «...мектеп жасына дейінгі баланың мінез-құлығының тұрақсыз болуы оны ерекшелендіреді. Бұл жастағылардың дамуында байқауы, сезімталдығы түсінуінен, интеллектілік дамуынан басымырақ болатындығын көреміз. Бала тез әсерленеді, ол өзінің ойынын басқалармен немесе бір топ баламен бөліскісі келмейді. Тек жеке басын, өзін көрсетуге ғана құштар болады. Осындай мінез-құлықты ескере отырып, халық ойындарын да танымдық негізде таңдап, балаларға үйреткен дұрыс нәтежиесін береді», – деп тұжырым жасайды [7].

Дене жаттығулары – дене тәрбиесінің негізі болып табылады. Дене жаттығулары баланың жас ерекшелігіне сай өзгеріп, күрделене түседі. Жас шамасына қарай күрделене түскен жаттығулар өз құрамына күнделікті тұрмыстан, адам еңбектерінен, әскери қимыл-қозғалыстардан, сонымен қатар спорт түрлерінде кездесетін қозғалыс түрлерінен алынатын жаттығуларды енгізеді. Жаттығу кезінде баланың барлық тірек-қимыл мүшелері жұмыс жасап, барлық мүшелерінің іс-қимылдары дамып, жүрек, тыныс алу және жүйке жүйелерінің қызметі арта түседі.

5 жастағы балалар үшін ұлттық ойындар ішінен көбінесе көп қозғалысты мақсат ететін ойын түрлерін пайдаланған тиімді. Себебі 5 жастағылардың еліктеу қабілеті қатты дамығандықтан, оларға ойын барысында өз қиялын, елесін іске асыру еркіндігін беру қажет.

Мектеп жасына дейінгі балаларды қимыл-қозғалысқа үйрету барысында әртүрлі әдістемелер қолданылады. Оған топтағы барлық балалармен жалпылама жұмыс, екінші шағын бірнеше баламен жұмыс, үшінші белсенді қимылдайтын балалармен жеке жұмыс, төртінші жәй қозғалатын балалармен жұмыс, бесінші жеке баламен, алтыншы топпен жұмыс сияқты түрлерін қолдануға болады.

Жалпылама жұмыс жасау барысында бір тапсырманы барлық бала бір уақытта орындайды. Ондай дене шынықтыру жаттығуларына жүру, жүгіру немесе аяқ-қолға арналған жаттығу элементтері жатады.

«Балалар бақшасында тәрбиелеу программасына методикалық нұсқау» атты еңбегінде Л.В. Русакова мен О.И. Соловьева дене жаттығуларын мақсаттарына қарай бірнеше топқа бөледі. Жалпы дене дамыту жаттығулары, арнайы дене мүшелерін шынықтыратын жаттығулар.

Балабақша үшін жалпы дамыту жаттығуларын барлық топпен бір мезгілде орындатқан тиімді, осы кезде қимыл-қозғалысты үйренуге барлық бала бірдей қатынасып, бірінен-бірі қалғысы келмей атсалысады. Келесі бірнеше баламен жұмыс арнайы жаттығу элементтерін меңгеру барысында әр баланы қозғалыс-қимылға үйретіп қадағалау негізінде белгілі бір жетістікке жету мүмкіндігі туады деп көрсетеді [8].

Балаларды қимылға үйретудің негізгі әдісі - көрсету, түсіндіру және жаттығуларды балалармен бірге орындау. Бұл әдістің қолдану барысы әртүрлі. Мысалы, 5 жас мөлшеріндегі балаларға қимыл-қозғалыс жаттығуларының кейбір элементтерін көрсету немесе түсіндірумен шектелсе де болады. Дене шынықтыру барысындағы қимыл-қозғалыс элементтерін орындаудың негізгі шарты – оларды бірнеше рет қайталау және бірте-бірте жетілдіру болып табылады.

Бала қозғалысының артуы тірек-қимыл және нерв жүйелерінің дамып жетілуіне байланысты. Жүру, жүгіру, секіру, шапқылау, тағы сол сияқты күрделі қимылдар және олардың дұрыс бағытталуы 3-5 жаста қалыптасады. Бірақ мектепке дейінгі жастағы балалардың өз қозғалыстарын дұрыс бағыттау механизмдері еркін жетіле қоймайды. Тек тұрақты жаттығу арқылы мектепке дейінгі балаларда бағытты қозғалыс дамиды.

3-5 жас аралығындағы балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға арнайы жағдай жасау, қимыл-қозғалыс ойындарын, басқа да дене шынықтыру жаттығуларын күнделікті тұрақты өткізу баланың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Себебі бұл кездегі қимыл-қозғалыстың негізгі түрі баланың өз бетімен қимылдап, қозғалыс жасауы болып табылады. Бала жүруді, жүгіруді, секіруді қажетсініп тұрады. Ал қимылдау оған қозғалыс әрекетімен бірге эмоциялық даму әкеледі. Баланың айналасындағыны бағдарлау өрісін кеңейтетін белсенді қимылдары оның психикалық қызметінің, мысалы, түйсігінің, қабылдауының, есінің, көрнекілік-қимылдық ойлауының өсуіне көмектеседі. Бала тұрақты жүгіруді әдетке айналдырғанда, оның жүрісі ширап, қолдарының белсенді қимылдауы артады.

Зерттеуші М.М. Кольцованың дәлелдеуінше, 3 жастағы балаларда шартты тітіргендіргіштерге бағдарлау реакциясы белсенді жүреді. Бұл кезде шартты рефлекстің тұрақтылығы бұзылып, бала шыдамсыздық танытады [9].

3 жасқа толған балалардың қимыл-қозғалыс әрекеттері бір типті болмайды. Бала денесінің қимыл-қозғалысының жылдамдығын, олардың тек жүріп қана қоймай, басқа да қимылдарды орындауға ұмтылуын реттеу бала денесінің дамуының маңызды шарты. Бұл жастағы балаларда дене шынықтыру қимыл-қозғалыс ойындары арқылы іске асырылады, яғни дене жаттығулары арқылы бала денесі өсіп-жетіліп, қалыптасады. Қимыл-қозғалыс ойындары кезінде балалар басынан кешіретін таңғалу, қуану эмоциялары қозғалысты жақсы игеруге көмектеседі. Бұл жастағы балаларға қимыл-қозғалысты бекіту үшін бірнеше ұлттық ойындарды ұсынамыз.

Мысалы, «Аларман» ойыны. Ойынға топтағы барлық бала қатысады. Ойнаушылар бірінің белінен бірі ұстап, тізбек құрады. Бір ойыншы аларман (қасқыр) болып, тізбектің басындағы ойыншымен қарама-қарсы тұрады. «Аларман» тізбектің біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, ең соңғы ойыншы (қойды) ұстауға тырысады. Ал тізбектің басындағы ойыншы аларманның бағытымен бірге қозғалады. Аларман соңғы ойыншыны ұстаған жағдайда өзі тізбектің басына тұрады да, ұсталған ойыншы аларман болады. Ойын осылайша жалғаса береді.

Бұл ойын барысында балалар тік тұрады, еңкейеді, қашады, қолмен ұстайды, жағаласады, т.б., бірақ олардың еркін қимылының даму дәрежесі әлі төмен екендігі байқалады. Балалардың қозғалуына жағдай тудыра отырып, олардың іс-әрекетіне қимыл-қозғалыс жаттығуларын енгізуді тұрақты дағдыға айналдырумен қатар дене шынықтырудың элементтерін күннен-күнге күрделендіре береміз.

3 жастағы балалар алғашқы 2 жасқа тән болып келетін дене бітімі дамуының шапшаң қарқыны үшінші жасқа аяқ басқанда баяулайды. Бір жыл ішінде бала орта есеппен 2 кг салмақ қосып, бойы 7-8 см өседі. Бұл жастағы баланың бой шамасы 93-94 см болып келсе, салмағы 14,2-14,6 кг арасында болады. Дене пропорциялары да өзгеріп, бойы негізінен аяқтардың ұзындығы есебінен өседі. Сүйектері қатайып, бүкіл органдардың қызмет атқаруы жетіле бастайды, бұның өзі баланы дене қуаты жағынан неғұрлым төзімді етеді.

Орталық нерв жүйесінің қызметі жетіле түседі, бұл жұмысқа қабілеттіліктің өсуінен байқалады. Балалар іс-әрекеттің бір түрімен 10-15 минутқа дейін шұғылдана алады. Бұл кезең – бала бойындағы қимыл-қозғалыс сапасының белсенді түрде жетіле бастайтын кезеңі. Қол мен саусақтардың қимылы мейлінше үйлесімді бола түседі. Жүрістері жетіледі.

3 жастағы бала өз қимылын сыртқы жағдайлармен байланыстырады, олардың өмірінде жүгіру, өрмелеу, лақтыру сияқты қимыл-қозғалыс түрлері де жетіле бастайды. 3 жасқа толған балада шартсыз тежеулер жиілейді. Бұрын көрмеген, білмеген орта немесе кез-келген жаңа әсер баланың қарсы іс-әрекет реакциясын қоздырып, оның белсенділігі шектеледі. Қатты айқай, ұзақ уақытқа созылған бірқалыпты әрекет шектен тыс тежелуді тудырады, өйткені бұл тітіргендіргіштер ағзаның функционалдық мүмкіндік шамасынан артып кетеді.

Ойынға беріліп ойнап отырған бала тамақ ішуге не серуенге шақырғанға жауап бермейді. 3 жастағы бала қоршаған ортаның барлық жағдайына көңіл аударады. 3 жастағы бала алғашқы стереотипті бекітуі үшін қайталау жаттығуын 3 рет, ал 4 жастағы балалар үшін жаттығуды 6 рет қайталаудың өзі жеткілікті болып келеді [10].

3 жастағы балалар көп қозғалады, тыныш бір орнында ұзақ отыра алмайды. Бірақ бірқалыпты қозғалыстан тез шаршайды. Кейбір қимылдар балаға зиянды, оларға биіктен секіруді ұсынуға, бір қимылды ұзақ қайталауын талап етуге болмайды. Бұл жастағы балалар үшін де қимыл-қозғалысты дамытудың тиімді құралы ойын әрекеті болып табылады. Ойын кезінде балалар әралуан қимылдар жасайды.

Біздің бұл зерттеуіміздегі негізгі мақсат 3-5 жастағы балаларға ұлттық ойын арқылы денесін шынықтыратын жалпы спорттық жаттығулардың көмегінің бала денсаулығы мен зейін-ынтасының дамуына тигізер көмегін көрсету болып табылады. Дене шынықтыруды ұлттық ойындар көмегімен бала өміріне енгізудің мынадай прогрессивті жақтары бар. Олардың үлкендердің көмегінсіз іс-әрекеттерді орындауға ұмтылуына, жеке-дара ойнаудан топ болып, бірлесіп ойнауға қалыптасуына, жүректілік, ұстамдылық, шыдамдылық секілді қасиеттердің нығаюына әсері болады.

Мектепке дейінгі балалардың дене тәрбиесінің негізгі міндеттері – олардың денсаулығын сақтау, нығайту, дене бітімін дұрыс дамыту, ағзаны шынықтыру, қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру.

Қимыл-қозғалыс өсіп келе жатқан ағзаның жетілуіне елеулі әсер етеді. Әртүрлі белсенді қимыл іс-әрекеті сүйек бұлшық ет құрылымының дамуына, балалар ағзасының қызметінің жетілуіне септігін тигізеді, сыртқы ортаның түрлі жағдайына бейімделуіне көмектеседі. Дене шынықтырудың негізгі түрлеріне қоса балалар қолдың, аяқтың, кеуденің бұлшық еттерінің шымыр болуына арналған спорттық жаттығулар орындайды.

Мектеп жасына дейінгі баланың денесін шынықтыруды зерттеген белгілі ғалымдардың бірі Т.И. Осокина «...денешынықтыруды педагогикалық ықпалмен мақсатты жүргізгенде нақты нәтижеге жетіп, бала денсаулығы нығайып, жалпы шыдамдылығы, жұмыс жасау қабілеті артып, жеке тұлға болып қалыптасып, жан-жақты дамуына әсерін тигізеді» деп көрсетеді [11].

Сонымен, келтірілген деректерді қорытындылай отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне қарай дене шынықтыруды қимыл-қозғалыс жаттығуларымен қоса ұлттық халық ойындарымен ұштастыруды сабақ үстінде тұрақты дағдыға айналдырсақ, баланың тән саулығын бүгіннен сақтап, әрбір болашақ азаматтың бойындағы дене қозғалыстарының сапалық қасиеттерін арттыруға және рухани дамуына, еңбек ету қабілетін жетілдіруге негіз болатындығын көреміз.

Баланың денесін шынықтыру жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажет екендігін, олай болмаған жағдайда шынықтыру барысында қалыптасқан бейімделу дағдылары тез жойылатындығын байқаймыз.

Қазіргі педагогиканың негізгі мақсаты тек қана дене кемелдігінің немесе ой-сананың жетілуінде емес, керісінше, осы қасиеттердің іштей ұштасуында екендігіне көп көңіл бөлінуде. Осы тұрғыдан қарағанда, дене қимылы тек қана дене қимылы үшін ұйымдастырылмай, бала денесінің кемелдене түсуі ой-сананың кемелденуімен ұштасуы шарт.

Бұл жерде мақсатты қимыл-әрекетті ой-санамен ұштастыруы, яғни ой-сана мен қимыл бірлігін біріктіргенде бала өмірінің, денсаулығының жақсы дамуының алғышарты қалыптасатындығын көреміз. Сондықтан да бала ағзасын дамыту үшін денесін шынықтыруды жүйелі түрде өткізу қажет. Шынығу сапалығын ұйымдастыру, қимыл-қозғалыс дағдысы, оны жасай білу баланың интеллектуалды және психикалық дамуымен, тұлғаның мінезін тәрбиелеумен тығыз байланысты.

Баланың денесін шынықтырудағы негізгі мақсат: бала денсаулығын қорғап, оны нығайтып, ағзаны шынықтыру, дененің дамуының толық мәнді нәтижесіне жету, дене құрылымының келісті өсуі, ағзаның жасына сәйкес дамуы, организмнің қорғаныс қабілетінің артуы, ақыл-ой және еңбек жұмысының жақсаруы – тұлғаның мінез-құлық, ерік-жігерін, белсенділігін, дербестілігін тәрбиелеу болып табылады.

Дене тәрбиесінің келесі мақсаты – ойын іс-әрекетінің кең ортасын қалыптастыру, дененің қозғалыс сапалығын дамыту, оның ептілік, атап айтқанда, координациялық қабілетін, жалпы төзімділік, жылдамдық-күштілік сапасы және тепе-теңдікті сақтай білуді үйрену, дұрыс мүсіннің қалыптасып, майтабан болудан алдын-ала сақтандыру.

Ұлттық ойын мен дене шынықтырудың бірлестігін дамытып, белсенді қимыл-қозғалыс әрекетіне қызығушылықты тудырып, құндылығын түсіндіріп, тәрбиелеу.

Дене шынықтыру сабағы, ұлттық ойынды ойнау балаға қуаныш, жақсы көңіл-күй, өздеріне пайдасы бар екенін сезінгенде ғана мақсатына жетеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесін өткізу тәсілі дене шынықтыру жаттығулары, ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары болып есептеледі. Дене шынықтыру мен спорт баланың рухани және имандылық тұрғысынан дамытуға да үлкен әсер етеді. Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтаған дене шынықтыру жүйесінде ұлттық халық ойындарының пайдалылығы жағынын ерекше орын алатындығын көреміз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Лесгафт П.Ф. Собранные педагогические сочинения. – М.: Педагогика, 1962. – Т.2. – 122 с.

  2. Бүркітбаев Ә. Спорттық ұлттық ойын түрлері және оның тәрбиелік мәні. – Алматы: Абай атындағы педагогика институты, 1985. – 6 б.

  3. Гальперин С.И. Физиологические особенности детей. – М: Медицина, 1965. – 18 б.

  4. Ядешко В.И., Сохин Ф.А. Мектепке дейінгі педагогика. – Алматы: Мектеп, 1982. – 124 б.

  5. Грохольский Г.Г., Молчанов С.В. Двигательная активность и двигательные способности детей дошкольного возраста. – Минск: Педагогика, 1988. – 30 б.

  6. Усова А.П. Балабақшадағы оқыту. – Алматы: Мектеп, 1987. – 48 б.

  7. Шишкина В.А. Двигательная активнось детей 2-3 летнего возраста и педагогическое руководство ею в процессе деятельности: автореф. ... канд. пед. наук. – М.: МГУ, 1978. – 20 с.

  8. Русскова Л.В., Соловьева О.И. Балалар бақшасында тәрбиелеу программасына методикалық нұсқау. – Алматы: Мектеп, 1979. – 150-151 бб.

  9. Кольцова М.М. Развитие сигнальных систем действительности у детей. – Л., 1980. – 35 с.

  10. Демеуов Ж.Д., Байназарова Б.Я., Бекетов А.М. Мектепке дейінгі балалардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы. – Алматы: Білім, 1995. – 75 б.

  11. Осокина Т.И. Физическая культура в детском саду. – М.: Просвещение, 1986. – С.4.







Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!