Өзін-өзі тану пәні - рухани
байлық көзі.
Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті
елдердің қатарында болу стратегиясының маңызды басымдылықтарының
бірі осы заманғы білім мен озық ғылымды дамыту. Білім берудің
жаңарған мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамның
үйлесімді дамуы мен шығармашылық мүмкіндіктерін мейлінше ашуға
көмектесетін болуы керек. Осыған байланысты «Өзін-өзі тану» пәнін
меңгерудің маңыздылығы арта түспек. Өзін-өзі тану – адам мәнінің
аса маңызды көрінісі болып табылады. Адамның өзі туралы ешқандай
түсінігі,ой-пікірі болмаса,өзінің өмір жолын таңдап, анықтауы оңай
болмайды. Еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері «Өзін-өзі тану»
бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп келе
жатқан еді. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім
беретін мекемелердің барлығына жаппай
енгізілді.
Өзін-өзі таныған, өмірдің
мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі
тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі
тану пәнінің басты мақсаты өскелең ұрпақтың бойында махаббат,
адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды
қалыптастырып, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындату.
Демек, білім алушылардың ізгілікті дүние танымын,өзін және қоршаған
ортаны бағалай білу қабілетін дамыту. Қазіргі қоғамда өмір сүруі
үшін баланың адамгершілік қасиеттерді игеруі, оның бойына осы
қасиеттерді дарытуы барысында «Өзін-өзі тану» рухани –адамгершілік
пәнінің алатын орны ерекше. Халқымыздың сан ғасырлық
тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық
тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр,әдет-ғұрыптары да мол. Олардың
дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен
астарласып жатады. Осы саладағы рухани мұрамызды осы күнгі ғылым
деңгейіне, оның төңірегіне топтастырып, жүйе-жүйесімен талдауға
алсақ, бұлардың өзіндік сыр-сипаты айқындала
түседі. Қазіргі кезде өсіп келе жатқан
ұрпақты тәрбиелеуде қойған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы,
үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты
дамыған тұлғаны қалыптастыру. Осы мақсатты жүзеге асыруда «Бөбек»
қорының президенті Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану»
рухани-адамгершілік білім берудің басты идеясын
ұсынды. Сара Алпысқызы атап өткендей,
«Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне
сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде
махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен
махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың,
ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың орнымыз
ерекше. Әр адамзат өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және
өмірді таза күйінде қабылдай алуымен ерекшеленеді. Өзін-өзі тану
сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара
қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен
және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол
жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін
түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған
табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады. Өзін-өзі
тану пәнінің өскелең ұрпаққа берері мол.Осы қасиеттерді үйрететін
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі балаларға жылы жүзбен қарайтын,
мейірімді, адамгершілігі мол, балаларды баурап алатындай маман
болуы керек. Сонда ғана бала жүрегі мейірге толып, осы пәнді сүйіп,
өмірге деген қызығушылығын танытып, айналасындағылармен жан жылуын
бөлісе алады.Ұстазынан көрген мейірімін жан-жағына тарата алады.
Міне осындай үйлесімділік болған жағдайда бізден үлгі алатын,
жан-жағына мейіріммен қарайтын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік
азаматты тәрбиелей аламыз. Баланы жан-жақты дамытуға, өзінің ішкі
дүниесін тану арқылы өмірдің мәнін пайымдайтын, жалпыадамзаттық
құндылықтарға ие бола алатын ұрпақты тәрбиелеуге ат салысқанымыз
артық болмас. Қазіргі кезде қоғамда жоғалып бара жатқан адамдар
арасындағы сыйластық, мейірімділік, сүйіспеншілік, татулық, бірлік,
бірін-бірі кешіре білу, төзімділік сынды құнды қасиеттерімізді
толықтай жоғалтып алмас үшін келешегімізді ойлайтын болсақ, жас
ұрпаққа жақсы істер атқарып, үлгі көрсете білуіміз керек. Осыған
түрткі болатын «Өзін-өзі тану» пәнінің сабақтарында қолданылатын
әдіс-тәсілдер: әңгімелесу, тыныштық сәті, өзіммен-өзім, мәтінмен
жұмыс, сабақтың дәйексөзі, жаңа ақпарат, түйіндеме, жағдаяттарды
талдау,ойтолғау, шығармашылық жұмыс, сахналау, сергіту сәті,
ойындар, тренингтер, бейнефильмдерден үзінді көрсету, жүректен
жүрекке т.б білім алушының өзін, өзгені, айналасын тануына, өз
бойына жан-жақты тұлғалық қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.
«Өзін-өзі тану» сабағының өзіндік ерекшелігі әрбір сабақта көрініс
табады. Білім алушылар сыныпқа енгеннен, бір-біріне жылы лебіздер
мен тілектерін тілеп, достық, сыйласымдық қарым-қатынаста болады.
Мұндай қарым-қатынасты әрбір сабақты бастамас бұрын жүргізілетін
«Шаттық шеңбері» мен «Тыныштық сәтінен» байқай аламыз. «Шаттық
шеңберінде» оқушылар бір-біріне жылы лебіздер мен тілектер
білдірсе, «Тыныштық сәтінде» оқушылар көздерін жұмып,
адамгершілікке баулитын шағын мәтіндер арқылы баяу музыка желісімен
саяхат жасайды. Осындай жылы қарым-қатынастан кейін оқушының
сабаққа деген құлшысыны артып, көңіл-күйі көтеріліп, белсене
қатысады. «Әңгімелесу» мен «Мәтінмен жұмыс» бөлімдерінде оқушылар
мәтінді оқып, өзара сұрақтар қою арқылы талқылап, адам бойында
қалыптастатын жақсы және жаман қасиеттерді ажыратып, өз ойларын
ашық әрі тиянақты айтуға дағдыланады. «Сахналық қойылым» бөлімінде
оқушылар мәтіндегі рөлдерге еніп, өздерінің актерлік шеберліктерін
көрсетсе, «Жағдаяттарды талдау» бөлімінде оқушылар жеке немесе
топпен, жұппен, үштікпен біріге отырып талдап, келеңсіз жағдайдың
қалай шешімін және тығырықтан шығудың жолдарын тауып, бірлікке
ұмтылады. Әр бөлімнен кейін оқушылар өздерінің алған әсерлерімен,
ойларымен бөлісіп, қорытынды шығарады. Білім алушылар сабақ
барысында еркін отырып, бір-бірімен еркін пікір алмасып, өз ойларын
білдіріп, жағдаяттарды шеше білуге, бірін-бірі тыңдауға үйренеді.
Жамбыл экономикалық және ақпараттық технологиялар колледжінде
«Өзін-өзі тану» пәні аясында ашық сабақтар, сыныптан тыс іс
–шаралар, өткізіліп тұрады. Коглледж білім алушыларының бұл пәнге
деген қызығушылықтары жоғары, барлық іс-шараларға белсенділікпен
қатысады. Сабақ барысында да әр тақырып бойынша пікір-талас
ұйымдастырылып, әр білім алушы өз ойларын еркін білдіруге тырысады.
Қайырымдылық, адалдық, ізеттілік, мейірімділік, қонақжайлылық
құндылықтары қалыптасқан халқымыздың асыл да абыройлы қасиеттерін
оқушылар бойына сіңіре білу біздің парызымыз. Заман талабына сай
білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани
адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне назар аудара бастады.Жеке
тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни
руханилығын дамыту - заман талабы. Себебі, педагог өзі оқытып,
тәрбиелеген шәкірттер үшін жауапкершіліктің біраз бөлігін өзіне
алады. Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер
мол. Отбасы мен мектеп тәрбиесі арасында тығыз байланыс қажет. Бала
тәрбиесіндегі осы байланысты жүзеге асырудың дәнекерлеушісі деп
«Өзін-өзі тану» пәнін айтуға болады. Сондықтан да әрбір ата-ана
отбасында «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығын қолға алып, онда
айтылған тағылымдар мен құндылықтарды балаларының оқып-үйренулеріне
ықпал етулері керек. Өзін-өзі тану кітабын қолға алып оқыған
ата-ана баласының дұрыс дауына,тәрбиеленуіне, мінезінің дұрыс жаққа
қалыптасуына ықпал ете алады. Өзін-өзі тану » пәні қазіргі қоғамда
өте керекті пән.Атынан көрініп тұрғандай, адам өзгені тану үшін
біріншіден, өзін жақсы танып білуі шарт.