Қ арағанды облысы,
Қарағанды қаласы
№3 Балалар музыка
мектебі
Рахым Назым
Ертайқызы
Домбыра – өзіндік
музыкалық сипаты бар, қазақ өмірінде маңызды орын алатын аспап.
Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді
сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй
жанрының қалыптасуына ықпал еткен. 6000 жылдық тарихы бар домбыра
бүгінде жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық
музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын,
мүмкіндігі кең музыкалық аспап. Ендеше назарларыңызға домбыраның
шығу тарихы мен түрлері жайында кеңінен ақпарат
ұсынамын.
Әр түрлі ескерткіштерге,
сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек,
домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта
ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің
еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.
Өзбектердің домбыраға өте
ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон»
деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV
ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы
қазақтың домбырасынан аумайды. Осындай аспап аттарының ұқсастығы да
олардың түпкі шығу тегі бір екенін көрсетсе
керек.
Өткен жүз жылдықта ұлы халық
композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек,
Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына
қаратқан. Бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге
нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері
болды. Олардың арқасында домбырада
тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті.
Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге
басып, байи түсті.
Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың
өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі
өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сонымен қатар шанағы сопақ,
мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны
тартқанда қолданылатын техникалық тәсілдерді шанағы жалпақ
домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір
енді және ондағы перне де аз.
Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең
тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12—14 перне тағылса,
ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7—8 ғана перне байланған. Перне
санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын
репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш
орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада
«Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп
аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне
Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп
аталады.
Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы
тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан
соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай
демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң
талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды
да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны
аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала
береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып
ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан
дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан
титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп
орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,— деп
ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында
жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан
тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән
сипат.
Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 –
9, әрі кеткенде 14 – 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам
перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта,
квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш
ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп.
Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау»,
т.б.
Домбыра жайлы аңыз әңгіме
Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл
жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі
қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан
кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып,
жап – жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа
қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады,
жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та
қуарады.
Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген
ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне
келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын
әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы
бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін
көреді. Екі басына бұтақтан – бұтаққа керіліп қалған ішектерді
көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен.
“Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап
жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін
қаттылау керілген екен. “Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым
Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп
екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен.
Бұл аңыз — әңгіме этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегінде
жазылған.