Материалдар / мақала:І.ЖАНСҮГІРОВТІҢ «ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ» ӨЛЕҢІНІҢ ОНОМАСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

мақала:І.ЖАНСҮГІРОВТІҢ «ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ» ӨЛЕҢІНІҢ ОНОМАСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
«Жетісу суреттері» өлеңі тұнып тұрған табиғат көрінісі дерсің. Ақын әрбір көріністі назардан тыс қалдырмаған. Бұл да Ілиястың бір шеберлігінің көрінісі. Табиғатқа арналған өлеңдерінде сөзбен сурет салуға барынша шебер екенін көреміз. «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын тараулардан тұратын бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған мың сан майлы бояумен салынған суреттей әсер етеді.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
23 Тамыз 2022
271
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

І.ЖАНСҮГІРОВТІҢ «ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ» ӨЛЕҢІНІҢ

ОНОМАСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ


Оразбаева А.А.

І.Жансүгіровтің әдеби музейі

Талдықорған қ-сы.


Табиғат берген үздік талантының арқасында үнемі заман құбылыстарымен, ондағы өзгеріспен байланысы толысып, бұлақтан дарияға, солқылдаған жас шыбықтан алып еменге айналған, «поэзиямыздың Абайдан кейінгі биігі» (М. Әуезов) бола білген Ілияс Жансүгіров - күллі казақ даласының қай түкпірінде де есімі кұрметпен аталатын, өзі ғұмыр кешкен уақыттың жыршысы, тамыршысы, жырсүйер жүректің емшісі ретінде танылған ұлы талант.

Ол - лирикада терең ойдың, үлкен сезімнің, ұшқыр қиялдың иесі. Академик С. Қирабаевша ойымызды өрбітсек, Ілиястың ақындық таланты халық поэзиясының озық үлгілерімен, өзінен бұрынғы аты шулы Жетісулық жыр күмбездері Қаблиса жырау, Бақтыбай, Құл ақын, Сара, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет мектебінің ыждаһатты, ұғымтал шәкірті боп түлесе, ержете келе ұлы Абай дариясынан құмары қанғанша сіміреді, ақындық өнерге ықыласымен ден қояды. Оның шешен, төкпе жырларында халық өнерінің лепті, серпінді сарыны айқынырақ сезілетіні әрқайсысы өлең өлкесінің бір-бір шыңы ұстаздарынан жұққан, дарыған қасиеттер екені күмәнсіз.

Ілиястың ақындық жолға түсуіне түрткі болған, әсемдік әлеміне жетелеген, ақынды биік тұғырға көтерген, сый-құрметке бөлеген дауылды дарыны мен туа біткен таланты мен қасиетті Жетісу топырағы.

Ілиястың балалық, жастық шағы бастауын Алатаудың мәңгілік мұздарынан алатын, ағысы арқыраған Ақсу бойында, өнері дәулетімен жарасқан жерде өткен. Ілиясқа жас, албырт кезінде табиғаттың сұлу көрінісі ерекше әсер еткен. Табиғатқа іңкәрліктен туған балғын жырлары айналадағы тылсым сәт пен жарқыл қаққан өмір көріністерінен туды.

Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңі оқып отырған жанға, оқитын жас ұрпаққа адамгершілік тәрбиесін дарытып, әркімнің бойындағы азаматтық болмыстың нығайып, тамырын тереңге тарта түсуіне жәрдемдеседі. Өлең бойында ақынның туған жер табиғатына деген ыстық ықыласы, перзенттік сүйіспеншілігі, асқақтаған мақтанышы бар. Бар сұлулығы, бар байлығы бойына тұнған Жетісу жерінің әдемі көрінісін бар бояу, реңімен жеткізеді. Жетісуды «Жөкең» деп, адамдық қасиет дарытады да, Жетісу - кеудең асқар, аяғың - көл, қоңың - құм, мықыныңда бар сексеуіл деп, әр бөлімінде Жетісу өңіріндегі тау, өзен-көл, жан-жануар, жәндік, өсімдіктерді түгендеп шығады..

«Жетісу суреттері» өлеңі тұнып тұрған табиғат көрінісі дерсің. Ақын әрбір көріністі назардан тыс қалдырмаған. Бұл да Ілиястың бір шеберлігінің көрінісі. Табиғатқа арналған өлеңдерінде сөзбен сурет салуға барынша шебер екенін көреміз. «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын тараулардан тұратын бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған мың сан майлы бояумен салынған суреттей әсер етеді.

Ілиястың «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін М.Әуезов былай деген екен: «Мен Ілиясты бұрын да білуші едім, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оны шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», [1,82]- дейді. Бұл – талантты таланттың бағалауы еді

«Жетісу суреттері» өлеңінің өзіндік шығу тарихы бар. Бұл өлеңді ең алғаш ақынның аузынан естіген адамның бірі – Мәкей Еркінбеков: «Біздің Ілияс жырдың дүлдүлі еді-ау, «Мұзбұлақ», «Салқынбел», «Күреңбел» жайлауларында талай бірге болып, салтанатпен ит жүгіртіп, құс салдық. Ілияс атқа мініп, аң аулауды жақсы көретін еді. Бұл 1925 жыл болатын. Біз «Ақтасты» мен «Мұзбұлақтың» сай-құздарын талай араладық. Ілекең табиғат көрінісіне тамашалап, қызыға қараушы еді. Алатаудың аңдарын, өсімдігін, жәндігін, хайуандарын, тіпті, ағаштарын жақсы білетін. Кейін оны өзінің өлең-жырларына арқау етті. Біз жүрген жерлерде ол көзімен көргенін қойын дәптеріне жазып алып, өлең шығаратын. Өлеңін бізге оқып беретін.

«- Ей, Мәкей, - деді бірде маған, мына «Мұзбұлақ» тауының биігі көкке тіреледі. Көріп тұрсың ба, басынан мәңгі мұз кетпейді. Анау тұрған «Ақтасты». Оның күншығыс жағын бойлап Бүйен өзені арқырап ағып жатыр. Мен өлең шығардым. Өлеңімді «Тау суреті» деп атадым, тыңда оқимын:

Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,

Ақтасты аспанға әдей тірелгендей.

Қар кете қарлы алаңы қақ айыра,

Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.

Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,

«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей, –

деп келеді. Біз Ілекеңе «О, пәле, жарайсың Ілияс» деп қошамет көрсеттік. Ол: - Бұл өлеңнің аяғы бар, біткен жоқ. Әлі Алатаудың жәндігі мен құстарын, өсімдігі мен ағаштарын өлеңге қосамын» - деп еді.

Ақынның «Мұзбұлақ», «Ақтасты» деп жырлап отырған жерлері қазіргі «Ақсу» совхозының, «Күреңбел» колхозының жаз жайлауы.

Ілияс поэзиясы тау өзендерінің тасқыны тәрізді. Бір толқынды бір толқын кимелеп, өзендердің кең айдынына қосылғанша өрекпіп, тыным таппайтыны сияқты, Ілияс өлеңдеріндегі жолдар да бірін-бірі бастырмалатып, бірін-бірі асықтырып, бірін-бірі екпіндетіп ала жөнеледі. Ішкі ұйқастармен шебер үйлескен өлең жолдары жүрекке жылы тиіп, ойға орнығып қалады. Ілияс поэзиясы табиғаттың өзіндей еркін, өзіндей жас қалпында барған сайын жарқырап нұрланады, драматизм, лирика, ой, тарихи толғаныстар бас қосып, бөлінбейтін тұтас бір бөлшекке айналып, бірігіп кетеді.

Мен өзім тауда туып, таста өстім,

Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім.

Асқарда, Аршалыға қозы жайып,

Бұлттардың аспандағы қасында өстім,

Жөңкенің жоғары ала басында өстім,

Ақ гауһар Ақтастының тасында өстім,

Аспанда ақиығы шаңқылдаған

Құздардың құламалы астында өстім.

деп, асқақтаған ақынның алабұртқан сөз екпіні ақындық қуатының алапатын көрсетсе керек.

Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңінің «Тау суреті» бөлімінде Тарбағатай, Алтай, Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз, Жоңғар, Аршалы, Амантекше, Қарасырық, Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық, Салқынбел, Сайымбөлек, Үшбүйен, Күреңбел, Қора Тегерез, Шажа, Баянжүрек, Мұзбұлақ, Ақтасты , Шатыртас, Қоңыртау ,Талғар, Бақай, Текес, Қарқара,Үшқарқара, Көкбұлақ, Лабасы, Көктөбе, Шөладыр, Торайғыр, Үшмеркі, Сөгеті, Шырғанақ, Сарытау, Елшенбүйрек, Мұзарт, Құдырғы, Хантәңірі, Кіндіктас таулары аталады. Одан басқа Бүйен, Көкжамбас, Көпірлі, Демікпе, Айдарлы, Үшқараш, Алматы, Шалкөде, Былшықай, Бесжырғалаң, Түп, Иірсу, Қулық су, Тұзкөл , Қызылауыз, Кетпен, Қарасай, Науша, Нарша, Байсауырын, Тайсауырын, Кеңсу атаулары кездеседі. Тау туралы орыс топонимисі Ю.А.Карпенко былай дейді: «Тау термині – жер бетінен биіктік, көтеріңкілік белгісін білдіреді».

Әр тарауда Жетісудың меңіреу мұз, шыңырау құз, асқар тау, ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмына және соларды мекен еткен жан-жануар мен бойына біткен өсімдігін, сол тіршіліктің өсіп-өнуіне негіз болған жердің қасиетін айшықты тілмен айта білген.

Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен

Қорғасын қорығындай су-күміспен.

Немесе:

Қарқара - жарасымды жазық жайлау

Үй-күлше, құрттың жағынан өресіндей.

Мұнда «қып-қызыл мыс, су-күміс» эпитет (сипаттама) - заттың айрықша белгісі нақты сииаттайтын бейнелі сөз, «Жамағандай, қорығандай» деген теңеу, бір нәрсені басқа нәрсемен салыстыру негізінде жасалған сөз.

Ал, «үй-күлше», «қорыған қорғасын», «құрт жайғам өре» алмастыру — Қарқара мен тау бейнесін жанастырып, жақындату, мәнінде айтылған астарлы мағынасы бар бейнелі сөз.

Қарқара қалың қазақ көбесіндей,

Албанның албырт ерке енесіндей.

Қарағай қапталдағы, жыныс арша,

Қыдырлы малдың құтты келесіндей.

Қарқара қалың қазақты сырттан, сырт көзден қорғап-қоршап тұрған айбарымыз және ол кезде қалың қазақ ішіндегі Албан руының мекені болған екен.

Ақын табиғат көрінісін дәл, нақты көзбен көргендей суреттейді, себебі бұл бізге таныс, бізге соншалықты жақын. Сонда ақын осы өңірде болған ба?

Әрине, болған. Оны өлеңнің мына шумағында өзі айтады:

Тағыны тастан тауып тарсылдатып,

Жүргенбіз тауды ұзақ қыдырыспен.

Басына кешке жақын Шырғанақтың,

Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.

Ыдырыс Көшкінов кешегі саяси құғын-сүргін құрбаны болған қоғам қайраткері, ақынның аяулы досы болған.

Ілияс шығармаларынан жер мен көктің, тау мен тастың, күн мен түннің, таң мен кештің, жаз бен қыстың, көктем мен күздің алуан суретін табамыз. Жырға жүйрік, сөзге шешен ақын поэзиясында пейзаж түрлі идеялық-көркемдік мақсатта алынған. Оған дәлел Жетісу жерінің тамаша суреттеріндегі төрт тоғысқан арнадай, сабақтаса ұштасып жатқан жылдың төрт мезгілі. Әлемнің психологиясын ашуды мақсат ете отырып, адамдардың арасын біріктіретін ашылмас дәнекер туған жер екендігін айғақтайды.

Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңінің «Жетісуда су суреті» бөлімінде Ыстықкөл, Балқаш көлдері, Шу, Іле, Шелек, Көксу, Қаратал, Күркілдек өзендерінің аты аталады.

Даналық сыры, ойшылдық терендігі, құбылысты көкірек көзімен көріп, сүзе зерделеп, терең талдай алатын зергерлігі қанына дарыған дарын екенін кез келген лирикаларынан ойып алынған үзінді айғақтайды. «Жетісу суреттері» өлеңінде ақын Жетісу өлкесіндегі барлық табиғат сұлулығын даралап сипаттайды.

Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,

Балқашты қамыс қамап желкілдейді.

Аттанған алты өзені Жетісудың

Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.

Тұнып тұрған сурет, бай мазмұнды картина. Образ, ұтымды тіркес, астарлы ой арқалаған мағыналы терең жолдар. Алдында келтірілген үзіндідегі «тандайымның суын жұтып», «қанды қозғап», «тамырды солқылдататын», «жүректің лебін тінтетін», «бауырым­дап еңкілдейтін» деген философиялық тіркестер абстракциялық құбылысты жанды, нақты іс-әрекетке айналдырған.

Ақын бұдан әрі алты өзеннің әрқайсысының өзіндік сипаты мен ерекшелігін оның халық шаруашылығына тигізетін пайдалы жақтарын көз алдыңа келтіреді:

Шу әне, тауды тартып шыққан шулап,

Ойнақтап, ырғып, жосып, таудан құлап.

Асқардан атқарылған ақ емес пе,

Қарқ болған қырғыз, қазақ суын сулап, -

деп, одан әрі бұл жерді ерте заманна бері қарай осы күнге дейін қазақтың қай тайпасы, қай елі мекен еткені баяндалады. Мұның өзі өлкетанумен қатар бірталай тарихи мағлұматтарды білуге де септігін тигізеді. Табиғат сырын білуге құмарта, есі кете көңіл қоятын жас өспірімдер мұндай өлеңдердің әрбір жолын қызыға тыңдайды. Өйткені суреткердің көреген көзімен берілген табиғат образы көңіл күйін білдіріп, адам сезімін тебіренте терең оймен астаса береді.

Шуда Ұлы жүздің Үйсін Дулат елі ертеден ірге теуіп өскен. Шымырлап қайнап, бір мінезбен жылысып, жылжып жатқан, құмда кезген ұйық, дойыр, долдана безген Іле өзені. Алыстағы тоң мойын томсарулы тұнжыр көздей өріп көшкен керуені қандай тамаша жеткізілген.

Бурадай бұлқынған тау-тасты ора, алысқа арқыраған асау Шелек. Қопырыла құмға айналған қожыр тас, көпірген Көксу көлі. Тауды жауып, тасты қуған содыр суы, арнасына аңқылдаған меруерт астауы, шалдуар шалдай қалғып, мүлгіген жалбасы Шаған, Бұғы, жер-жарып, жерді жиған бейне бір шабытын жаудай арқырап, айқай салған, жазыққа шықса үркіп ағатын Көксу көлі мөлтеңдеген мойнақты орай Қаратал, жарды жанып қойындасқан Көксу, екі ерке су, екі сұлу Балқашқа қосылып, қалың құмға сіңеді.

Шымырлап Іле қайнап, құмды кезген

Қыс қақпан, ұйық, дойыр, долы безген,

Алыстан арып көшкен керуендеп,

Тоң мойын томсарылып тұнжыр көзбен,-

десе, Шелек өзені жайында мынадай суреттеулерді көреміз:

Арқырап асау Шелек орыпты тас,

Бурадай бұлқынады көп ала тас,

Ол баста күншығысқа шыға салып,

Жалт беріп, етекке еңсей сапты құлаш.

Күркілдек, Көксу, Іле, Шу өзендеріне ешбір өлкенің өзені жетпейтіндігін, сөзбен жеткізе алмайтындығын дәлелдеді. Өмірді жырға бөлеп, өнердің тілін білген ақын көктен нұрға шомылған, жерден жібек жамылған, қырға кызыл шырайын төккен, нұрлы күнге қарап мелшиген, бауыры торқа, басы бәтес Алатаудың мәңгі бұлтқа бөленген меңіреу құзын, ну тоғай, қоғалы көлін, жасыл көлдің үстіндегі екі шынды қосақ-таған жабағы бұлтын, жағадағы көк толқыны мен бедер бұлағын, тік жырасына дейін әдемі бейнелейді.

Ілиястан Шуды өз арынымен, Ілені өз сипатымен, Алатауды өз ерекшелігімен көресің.

Ұста көріктегі балқып тұрған қып – қызыл темірді төске қойып, зілмауыр балғамен қамырша қалай илесе, Ілияс та тілдегі сөздерді жүз құбылтып, әлденеше саққа жүгіртіп, түрлендіріп отырады.

Жетісудың жеті өзеніне әлі күнге дейін ен сала алмай келеміз. Ақын жазғандарына жүгінер болсақ, «Жетісу суреттері» (1925) өлеңінде бұл жайлы айтып өтеді.

Аягөз өзені ертеде Аягөз қаласы салынбай тұрғанда Күркілдек деп аталған. Жетісудың шығысы сол Күркілдек (Аягөз) өзенінен басталып, батысында Шумен аяқталған. Патшалық Ресей Жетісуды бодандыққа айналдырып, әкімшілік кеңістікті бөлгенде, олар да елдің байырғы шекарасын сақтаған.

Аягөз Балқаш көлі алабында, Аягөз ауданы жерімен ағады. Бастауын Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен (1661 м) алып, Балқаш көліне солтүстік-шығыс жағынан құяды.

Сонда Жетісу губерниясындағы Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуды - бес өзенді қіргізген. Су, жер аттарын өлеңге қосқаңда олардың халыққа экономикалық пайдасын, тұрмыстағы рөліне қарай атаған. Судың көлемі, көптігіне де мән берген. Атап айтсақ, ақын Қараталдан гөрі Көксуды көбірек аузына алған. Көксу жөнінде:

Арқырап айқай салған Көксу алып,

Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.

Егінші, ылғи диқан жалайырлар

Үлесед үй басына тоған алып.

Мөлтендеп мойнақты орай Қаратал да,

Көксуға қойындасад жарды жанып.

Қосылып екі ерке су, екі сұлу,

Балқаштан қалың кұмға кетеді лағып.

Ілияс суреттеген Жетісу өзендерінің сипаттарын оқи берсек, әрқайсысының әрқилы өзіндік ерекшеліктері табыла береді.

Өлеңде Жетісудың шынайы көркем табиғатын көрсете білген ақын табиғаттың ел ырысы, игілігі, халық қазынасы екенін де жырлайды. Оны өлеңнің: Арқырап асқарынан құлаған су, Бауырын балбыратқан еліне иіп,- деген жолдарынан білуге болады.

Көксу өзені шығармада Күркілдектен кейін, Лепсінің алдыңда түр. Жетісудың бір өзені Көксу-Қаратал. Суының көптігі, экономикалық маңызы жағынан Көксу алдыңғы қатарда тұрғанымен - Балқашқа Қаратал өзені болып кұяды. Дегенмен де екі өзенді де «екі ерке су, екі сұлу» деп дәріптейді.

Shape1 Сонымен, Ілияс ақын өз шығармаларында Жетісудың алты өзенін: Күркілдек (Аягөз), Көксу-Қаратал, Лепсі, Іле, Шу, Ақсуды анықтап береді. Жетісудың жетінші өзенін атамайды. Оның себебі ақын бұл жерде Тянь-Шань тауынан бастау алып, кезінде Балқаш көліне құйған өзендерді ғана жырға қосып отыр. Ал жетінші өзен Алакөл су жүйесіндегі Сасықкөлге құятын Тентек өзені ме деган ой келеді.

Келесі «Жетісу жәндігі» бөлімдерінде ақын Ыстықкөл, Балқаш, Шу, Іле, Шелек, Көксу, Қаратал, Күркілдек гидронимдерін тізбектесе, сол тау-тасты, қиын жынысты өзен-көлді мекен ететін сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр, шиебөрі, қарсақ, сусар, бұлған, жанат, тау теке, арқар, құлжа, қарақұйрық, марал секілді зоонимдерді, тасқара, балта жұтар, ақбас құмай, бүркіт, лашын, тұйғын, қырғи, құрмықи, ителгі, тұнжыр, тынар, тұрымтай, бидайық, тығанақ, үкі, құладын, бұлбұл, шымшық, шөже, тоқылдақ , торғай секілді орнитонимдерді өлеңге қосады. Мысалы,

Тазқара, балта жұтар, ақбас құмай,

Бұлақта отырғанын көрем ұдай,

Жарғақ бас жұртшы, саржақ су бүркітер,

Құмайдың қоғамында құдасындай.

Лашын, тұйғын, тұнжыр, тыңар, мықи,

Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.

Барайық шыңда ғана болад десед,

Бүркітпен барымталы ел ала жаздай,- [2,74]

деп ақын тізбектете айтып өтеді.

Ақын өлеңдерінде туған жермен, кең жазира даламен біте қайнасып кеткендей әсер қалдырады. Оның себебі, не туралы жазса да ақын сол өзі өскен даланы, саумал самалды,түнгі аспанды, шалқалай жүзген айды, ақ нұрмен дүниені аймалаған күнді, сүйінші сұрап алға жүгірген өзенді бір сөзбен айтқанда, табиғат-ананы лирикалық кейіпкердің іс-әрекетіне, көңіл-күй әуеніне қанаттастыра өреді. Адам қаншама күшті болғанымен өзі жаратылған қоршаған ортаға, өзі өмір сүрген заманға, уақытқа тәуелді екендігін жүректі шымырлата, жанды тебіренте отырып, нәзік жеткізеді. Табиғат-ананың төсін еміп өскен арда перезенті екенін қапысыз танытады. Ақын мынау дүрбелеңге толы қатал да қатыгез жалғанның заңдылықтарынан, қайшылықтарынан қажыған сәтте жүрек сырын табиғатпен бөліседі, табиғат-ананың ақ дидарын көңіліне медеу, жанына серік етеді, дархан табиғаттың кең құшағында бас сауғалайды, паналайды, ақын өлеңдеріндегі өмірге құштарлық, жақсылыққа іңкәрлік, мөлдірлікке бас ию сезімі де табиғат құбылыстарымен, табиғат-ананың келбетімен бірге өріледі.

«Жер түгі» бөлімнің толық нұсқасында шөптер мен ағаш түрлерінің 83 түрі айтылады. Олар қарағай, тал, долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар, шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, үйеңкі, шырғай, тораңғы, сары ағаш, қойқарақат, жиде, тобылғы, бауырқұрт, қараған, бозқараған, шеңгел, шілік. Фитонимдер: еңлік, түйеқұйрық, сарыкүйік, тауқонақ, шайшөп, маңқа, құлынембес, сүттіген, мейіз, киізкиік, ақшалғын, көкмарал, бетеге, раң, жапырақтеңге, бұйра, балдырған, у қорғасын, бәрпі, атқұлақ, жүлкеуір, шырыш, шытыр, мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ, сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ, шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ, шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ, қанжыға, қоға, сасық, аққой, таусарымсақ, қымыздық, қалақай, атқұлақ, айылқияқ, саржағал, құстаңдай. Мысалы, мына өлең жолдарын алатын болсақ:

Мыңтамыр, жуа, рауаш, жаужапырақ,

Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,

Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,

Шоқайна, меңдуана, сора, шақпақ,

Ішінде сол қурайдың сұлу солар,

Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,

Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып

Бөлінед жуалар мен таусарымсақ,- [4,78]

деп жырлап өткен ақын

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!