Мазмұндама жаздыру
әдістемесі
Тілді оқытуда жүргізілетін
жазба жұмыстары оқушылардың жазылым әрекетін қалыптастырады. Осы
әрекетті орындау үшін жазба жұмыстарының бірнеше түрлері
қолданылады. Жазба жұмыстарының түрлеріне жаттығулар, түрлі
мәтіндер, диктант, мазмұндама, шығарма, т.б. жатады. Жазба
жұмыстарының бұл түрлері өтілген әр тақырыптың ыңғайы мен мазмұнына
сәйкес белгіленіп, оқушылардың теориялық білімдерін нығайту
мақсатында жүргізіледі, яғни, жазба жұмыстары бұрын өтілген
грамматикалық материалдарды оқушылардың санасына тұрақтандырып,
ақыл — ой әрекеттері арқылы тиянақты меңгеруге бағытталады.
Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін
арттыруда мәтіннің алатын орыны ерекше. Әдеби шығарманы оқып —
үйренуде оқушы өзінің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, сол
оқыған туындысы негізінде ой — тұжырымдар, дұрыс пайымдаулар, тың
қорытындылар жасауға ұмтылады. Мәтіндерді оқу, талдау барысында
оқушылардың оқиғаға қатысты өз ойларын жеткізулеріне, әңгіме
кейіпкерінің қылықтарын бағалай білуіне, автордың оқиғаға қатысы,
көзқарасы қандай екендігін анықтай алуына назар аударылуы тиіс.
Жаттығулар мен тапсырмалар мақсатына қарай тіл дамыту, тіл ұстарту,
сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығулары деп, ал тапсырмалар
сипатына қарай ізденімдік, проблемалық және шығармашылық болып
бөлінеді. Проблемалық және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың
ойлау, танымдық, қатысымдық қабілеттерін дамытуға бағытталады. Бұл
жұмыстарда мәтіндерді редакциялау, мәтін бойынша өзгеше нұсқа құру,
эссе, шағын шығарма жаздыру секілді жұмыстармен қатар жоба жасау,
проблемалық жағдаяттарды шешу, сөзжұмбақтар және т.б. әрекеттер
қамтылады. Жазба жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын,
тілін қалыптастырудағы жұмыс түрі шығарма болып табылады. Ол —
оқушылардың шығармашылық еңбегі. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат
— оның ойын, пікірін әдеби тілмен жатық, сауатты жаза білуге және
шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой өрісін кеңейтуге
машықтандыру. Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу
жұмыстарының бірі — мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар
оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс
және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге
дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады.
Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі
сөздер оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін
сөздер мен сөйлемдерді бір — бірімен байланыстыруға
жаттығады.
Мазмұндама жаздыру-
оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша
сөйлеудің ерекшелігі мен мәтіннің синтаксистік құрылысын
меңгертуге, ең бастысы — қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал
етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың
мынадай түрлерін жүргізуге болады: дайын мәтін бойынша мазмұндама,
сурет бойынша мазмұндама, аяқталмаған мәтін бойынша
мазмұндама.
Жазба жұмыстары оқушылардың
танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі.
Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіндік көзқарасы, эстетикалық және
адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау,
салыстыра білу және одан қорытынды жасау қасиеттері байқалып тұруы
қажет.
Оқушының шығармашылық
қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс.Олар:
1.Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға
алу;
2.Жүйелі түрде шығармашылық
әрекет жағдайында болу;
3.Шығармашылық іс- іс-әрекетке
жағдай туғызу.
Шығармашылыққа баулудың,
өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырудың төмендегідейтүрлері бар:
-Тақырыпты мазмұнына сай жинақтау;
-Арнайы бір тақырыпқа
пікірталас тудыру;
-Шығарма, шағын әңгіме
құру;
-Қиялдау арқылы сөзбен сурет
салу.
Осындай жұмыстарды үнемі
жүргізу шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы талант көзін ашып
тілін байыту қиялын ұштаумен өз бетінше ізденуге зор әсерін
тигізеді. Оқушылардың жазба жұмыстарының мазмұнын, жазу қолтаңбасын
талдай отырып, қандай бағытта жұмыстану мүмкіндігі барын айқындап,
оқушының қалыптасқан жазу стилін, ойлау шеберлігін, ақпараттарды
сұрыптай алу тәжірибесін, ой қорыта білу дағдысын айқындай отырып,
мұғалім жұмыс түрлерін жоспарлап, бағыт – бағдар беріп отыруы шарт.
Ойлы сөздің берері мол, ойдан ой туындайды, осы бағытта шығармашыл
тұлғаның бойында әдетке айналу қажет жәйттердің бірі көп оқу
керектігі, даналық сөздерді, қанатты сөздерді қойын дәптерлеріне
жазып алу дағдысын қалыптастыру арқылы олардың бойына әдеби көркем
тілде сөйлеу дағдысымен қатар ақын-жазушылардың стилін тани білуге
дағдыландыру. Әр оқушы өз ойын дәл, нақты көркем жеткізе білуі
қажет, ал ойды жеткізер «тіл» тапшы болса, Абай атамыз айтқандай:
«Көңілдегі көрікті ойдың
ауыздан шыққанда құты қашадының»
кері болмақ. Бір сөзді қолдана
бермей, оған мағыналас, мәндес синоним сөздерді қолдану арқылы ойды
әсерлі, түсінікті жеткізуге болатындығын оқушы жұмыстану барысында
түсіне бастайды. Қашан да сөзді қарапайым қолдана отырып, ойын
ұтымды жеткізе білген қазақ би- шешендерінің, ақын-жазушыларының
сөйлеу, жазу шеберлігін әрдайым үлгі тұтуымыз
қажет.