Материалдар / Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлттық тәрбие беру
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлттық тәрбие беру

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлттық құндылықтарды балабақша бүлдіршіндерінің бойына сіңіру. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде этнопедагогиканың маңызын дәріптеп, күнделікті іс - әрекетті пысықтау
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
20 Қырқүйек 2024
184
0 рет жүктелген
2500 ₸
Бүгін алсаңыз
+125 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +125 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘОЖ индекс


МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

Ұйымның, қаланың және елдің атауы

Автордың аты – жөні


Мектепке дейін білім беру ұйымы – өте мол жауапкершілік, қырағылық пен тиянақтылықты талап етеді. Себебі, қоршаған ортаны енді танып келе жатқан бүлдіршіндерге дұрыс жол сілтеу, тәрбиенің тамаша үлгісін көрсете алу тәрбиешілердің еншісінде. Отбасы құндылықтарын одан әрі өрбітіп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына терең сіңіру ұстаздардың басты міндеті. Себебі, халықтық педагогика ешқашан өзінің маңызын жоймайтын, ізеттілікке бастап, жақсылықты дәріптейтін, жамандықтан бойды ада ұстауға үйрететін тамаша құрал.

Дүние жаһанданып жатқанымен, ғасырлар бойы қалыптасқан ділімізге сай бұл тақырыпта біздің халықтың өзіндік ерекшеліктері назарға алынады. Олардың ішінде ұл мен қызды ата – баба салтын ұстануға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, ана тілді дамытуға, ұлт мәдениетін өркендетуге тәрбиелеу сияқты тақырыптар әрдайым өзекті, алар орны ерекше. Осыған байланысты алдыңғы толқын өкілдерінің бір парызы – өмірден түйген тәжірибелері негізінде жас ұрпаққа айтар аталы сөзін, нұсқар бағытын, берер ақылы мен кеңесін түрлі форматтарда, әдебиет пен өнер әлеуетін пайдалану арқылы, жеткізіп отыру. [1, 3 б.]

Әрине, халқымыздың өзіне тән болмысының қанық бояуын барынша кеңінен насихаттау барысында жан – жақты әдіс – тәсілдерге сүйенген абзал. Балабақша бүлдіршіндері ойын баласы болғандықтан, көбіне ойын элементтерін пайдалану арқылы ұлттық болмысты, халықтық тәрбиені терең сіңіруге болады.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін әр бүлдіршін қоғамға енді бейімделіп келе жатқан тұлғалар болғандықтан олар үлкен өмірдің ерекше тұстарын тәрбиеші арқылы терең тани бастайды. Сол себепті, олардың қалыпты өсу факторына жақсы ықпал ету үшін барынша жүйелі жұмыстар атқарған жөн. Мәселен, балабақша бүлдіршіндерінің сөйлеу тілі. Кейінгі жылдары бұл мәселе біздің қоғам үшін өте өзекті болып отыр. Заман ағымына сай жаңашылдықтар тиімділігін байқатқанымен, кейде кесірін тигізіп жатқаны жасырын емес. Көгілдір экран мен түрлі гаджеттерге ерте кезден байланған балалардың тілдік құралы дұрыс дамымай, өз ойын еркін жеткізе алмайтын халге жеткен. Күнделікті күйбің тіршілікте телефонды ермек қылып, өзге дүниеге мойын бұрып қарауға ынта білдірмейтін бүлдіршіндердің бар – ақыл ойы мен зейінін, сөйлеу тілін түсініксіз кейіпкерлер шырмап алған. Әр – түрлі тілде бейнежазба көретіндіктен, ана тілге деген түсінік төмендеп, қарапайым сөздердің өзін бұрмалап жеткізетіндігі сол себепті. Бұл жағдай балабақша қызметкерлерін алаңдатпай қоймайды. Сол себепті, біз бүлдіршіндердің сөйлеу тілін дамыту үшін түрлі тапсырмалар ұйымдастырып, әр кез ұлттық құндылыққа негізделген, халық ауыз әдебиетінің тамаша нұсқаларын пайдаланып, қазіргі заманға сай, бүлдіршіндердің қызығушылығын оята алатын әдеби кеейіпкерлерді пайдаланып, тіл дамыту барысын жіті назарға аламыз. Жас ерекшелігіне сай балалардың қалыпты дамуын басшылыққа алып, әр бүлдіршінмен жекелей жұмыс жасап, көрнекіліктер көмегімен олардың ойлау қабілетін дамыта отыра, сөйлеу тілінің анық әрі көркем болуын үнемі қадағалап отырамыз.

Оған қоса, әр баланың қалыпты дамуы барысында ең алдымен физикалық жетілуі мен салауатты өмір салтын күнделікті дағдыға айналдыруы аса маңызды. Балабақша бүлдіршіндерінің қимыл – қозғалыс еркіндігі, дене шынықтыру сабағының қызықты өтуі, оларды белгілі тәртіпке негізделген, уақыт ережесіне сай спортқа деген белсенділіктерін қалыптастыру аса маңызды. Бүлдіршіндердің сергектігі, ерте жастан бастап ептілікке дағдылануы, жылдамдық пен қырағылық дәл осы дене шынықтыру сабағында жүзеге асырылады. Бұл бүлдіршіндердің дұрыс өсуіне ықпал ететін ең маңызды факторлардың бірі. Олардың спортқа деген алғашқы көзқарастарын қалыптастыру, шымыр болуға дағдыландыру, жігер беру дәл осы балабақшада бастау алады.

Балабақша бүлдіршіндері ойын баласы екенін ескерсек, дәл осы дене шынықтыру сабағын түрлі ойын түрінде ұйымдастырып, оған қоса тәрбиенің тамаша үлгісін де айқын аңғарта аламыз. Мәселен, ұлттық ойындарды алып қарайық. Ол жерде қимыл – қозғалыс, логикалық қабілет, ұлтқа тән ұлылық, заттық түсінік секілді көптеген элементтер кездеседі. Ойната отыра тәрбиелеу, тәрбиелей отыра бүлдіршіндердің дұрыс өсіп – жетілуіне жағдай жасау ұтымды әдіс – тәсілдерді басшылыққа алатын ұстаздың ұшқырлығына тікелей байланысты. Осы тұста әр педагог ең алдымен баланың қалыпты дамуы үшін заттық – кеңістік ортаның қолайлы болуына жіті мән берген жөн. Ол бөлменің әрленуі, жарықтың жеткілікті мөлшерде түсуі, таза ауа, ойыншықтардың жас ерекшелігіне сай болуы, күнделікті іс – әрекет үшін қажетті көрнекіліктердің сан алуандылығы, яғни материалды және маңызды тұстардың талапқа сай

болуы. Бұл баланың қалыпты өсуіне негіз болып, өзін балабақшада еркін сезінуіне әсер ететіні сөзсіз.

Оқу – тәрбие жұмысына халық педагогикасының идеяларын енгізу әр педагогтың шығармашылық қабілетіне байланысты. Тәрбиенің ежелден келе жатқан халықтың әдістерінің бірі – балаға ақыл – өсиет айту, сөз арқылы баланың сезімін оятып, сенімін арттыру. Бұл әдістер мақал – мәтелдерде, шешендік, нақыл сөздерде, ырымдар мен тыйым сөздерде көрініс тапқан. Халқымыздың «ағадан – ақыл, атадан – нақыл», «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», т.б. мақал – мәтелдері халықтың тәрбиешілдік өнегесінің айғағы. Ырымдар мен тыйым сөздер халқымыздың айнала қоршаған орта, табиғат, өзара қарым – қатынас туралы өмірдің өзінен түйіндеген пайымдаулары мен қағидалары, әлеуметтік және мәдени тұрмысының көрсеткіші. Ежелгі халықтардың туған топырақ, ата – мекен, табиғат, жан – жануарлар туралы ұғым – түсініктері, ырымдар мен тыйым сөздері ерекше орын алған. [2, 45 б.]

Тілдік машықты арттыру арқылы кішкентай бүлдіршіндерді сөз өнеріне баулып, оқыта отыра тәрбиелеп, тәрбиелей отыра халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін жан – жақты сіңіре аламыз.

Балалардың есте сақтау, қабылдау, түйсік, көру, ойлау тәрізді қабілеттерін дамытуға халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Оның ішінде ертегілер ерекше орын алады. Себебі, бүлдіршіндер түрлі оқиғалар, табиғаттың тамаша үйлесімі мен кейіпкерлерді көз алдарына елестетіп, жақсылық пен жамандықты, әсемдікті, көркем әдебиеттің айшықты тұстарын бойға сіңіріп, оны қаперлеріне сақтап жүреді. Ол өткен тарихтан сыр шертіп, салт –дәстүрді дәріптейді, адам бойындағы түрлі дарынды дәріптейді. Сөйлеу шеберлігін арттырып, тілдік қорды молайтады. Баланың қиялына қанат бітіп, армандауға, болашаққа үлкен үмітпен көз тастауына түрткі болады. Сол себепті ертегі терапиясын негізгі әдіс – тәсіл ретінде пайдалану өте маңызды.

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой – пікірі, қорытынды түйінділері баршылық. Сол мәдени мұраның асылдарын келер ұрпаққа мұра ете отырып, одан әрі жалғастыру аға буынның, қоғамдық, азаматтық борышы. [3, 3 б.]

Ұлттық құндылықтар – ұрпақтан ұрпаққа берілетін, іскерлік пен дағдылардың, дәстүр мен салт, әдет – ғұрыптар идеяларының жиынтығы, тарихи тәжірибе жемісі. Олай болса дәстүрлі педагогикалық мәдениет немесе халықтық педагогика – бұл халықтың ауыз әдебиетіне, салтына, дәстүріне, талғам түсінігіне негізделген, ғасырлар бойы жасалып, қалыптасып барып ұмытылмай жеткен тәлімдік мұралар мен тарихи тәрбиелік үлкен міндет. Халқымыз тәрбие негізін ауыз әдебиеті дидактикасын бала жанына сіңіруден бастаған.

Әрине, еліміздің кішкентай тұрғындарының тәрбиесінің негізгі түп қазығы отбасында қағылатыны белгілі. Сондықтан, ата – ана мен мектепке дейінгі білім беру ұйымының ұйымдасқан іс – әрекеті үлкен маңызға ие. Осы орайда, қазіргі таңда кең қолданысқа ие болған, өзінің тиімділігі мен нәтижесін көрсетіп келе жатқан «Әкелер, аналар, әжелер мектебін» құру идеясы тамаша бастама деп білемін. Балаларды әлеуметтендірудегі әкенің рөлін арттыру және отбасы институтын нығайту, рухани – адамгершілік дәстүрлер мен отбасылық қатынастарды жаңғырту және сақтау, ата – аналар қоғамдастығының кәмелетке томағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тиімді жұмыстарды ұйымдастыруға қатысуын жандандыру, отбасымен түрлі іс – шараларды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған игілікті іс тәрбиенің тамаша үлгісі екені анық.

Бірлескен іс – әрекет баланың бір жақты дамуына әсер етіп, өзін толыққанды тұлға санауына көмегін тигізеді. Көбіне бала тәрбиесімен аналар айналысып, әкелер жырақ қалып жататыны жасырын емес. Осы тұста «Әкелер мектебі» арқылы өскелең ұрпақ ер – азамат бойындағы асыл қасиеттерін жақыннан танып, өздеріне үлгі ететіні айдан анық.

Ал, мейірімі мен шуағы бір бойына төгілген, қашан да жайдары мінезі, жайсаң көңілі арқылы баланың балаң бойында арман – қиялын дамытатын, «Аналар мен әжелердің» бүлдіршіндердің өмірінде алар орыны ерекше екені анық. Олардың өз тәжірибесінің арнайы білім беру ұйымында жалғасын тауып, одан әрі жандануы жас ұрпақ бойына жақсылықтың дәнен себетіні рас. Бұл білім беру ошағы қызметкерлері мен отбасы мүшелерінің де қарым – қатынасын бекіте түсіп, ұлт ұландарын ұлылыққа бастауға ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақ халқы қашан да отбасылық құндылықтарды жоғары қойып, жақсы сөйлеуге, біреудің ала жібін аттамауға, ешкімге қастық қылмауға осы сипаттағы игі қасиеттерді назарға ала отыра тағылымды тәрбиені тамаша меңгерте білген. Олай болса, жас жеткіншектерді әлеуметтеніру барысында да бұл тәсіл өзінің тиімділігін байқататыны анық.

Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби – педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [4].

Мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызметкерлері жоғарыдағы жұмыстардың жемісті жүзеге асырылуына басшылық жасап, қашан да ұлттың өзіне тән болмысын дәріптеп, жанұяның жылуын жеткізуге тырысып, отбасы мен білім беру ұйым арасында алтын көпір бола алуы, екі жақтап ел перзенттерін дұрыс арнаға бастай алуы ұлтжанды ұрпақ қатарын арттырары сөзсіз.

Әл – Фараби: тәрбие мен тәлім, білім беру мәселелері өзара тығыз байланыста қосарлана, бір – бірін толықтыра жүргізілуі тиіс дейді. Шынында ұстаз мұраты –білім беру негізінде оқушының бойына адамилық қасиеттерді бойлату. Тәлім негізінде тәрбиелеп ізгіліктің нұрында жақсы адамды өмір ұясына ұшыру. [5]

Жалпы, оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, жаңашыл бағытта білім бере отыра, тағылымды тарихты ұмыт қалдырмай, ұлтқа тән ұлылықты қашан да ескеруіміз қажет. Халықтық педагогиканың қайнар көзі қаршадай ұл – қыздарымыздың бойынан көрініс табатын болса, одан асқан бақыт жоқ. Себебі, ұлтын сүйген ұландар ғана ұлы істерге ұмтылып, ұрпағына да сол игі қазынаны қалдыратын болады.

Болашақ – бүгінгі бүлдіршіндердің еншісінде. Олай болса, ұлттық құндылықтарға сүйіспеншілікпен қарап, келешекке аманаттайтын, отбасылық қағидаларды ұрпақтан – ұрпаққа тасымалдайтын, бойларында білім мен тәрбиенің тамаша үлгісі көрініс тапқан жас буын өкілдерін жан – жақты жетілдіру қоғам алдында тұрған үлкен міндет. Ұлтын сүйген, тәрбиесі бір бойына тоғысқан бүлдіршіндеріміз көп болсын!



Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеудегі қазіргі педагогикалық технологиялар Иманбеков М.М., Абылайхан С. М., Алматы.: ССК баспасы 2018 г.

  2. Білім беру жүйесінде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктері., Ахметова Г. И. Ақтөбе 2011 г.

  3. Мектепке дейінгі педагогика., Жұмабекова Ф. Астана 2014 г.

  4. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.

  5. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына нұсқаулық, Басылымдар: Астана 2022 г.









Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!