«Мен өмір сүргім келмейді...» Қазақстан суицид
бойынша 19-шы орында тұр.
Суицидке бару - әлем бойынша өткір әрі өзекті
проблеманың бірі. Қазақстандағы суицид статистикасы көңіл
көншітпейді. Орталық Азия елдері ішінен де Қазақстан бұл сала
бойынша көш бастап тұр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес,
2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19-орынға
жеткен.
Соның ішінде жасөспірімдер арасында 155 суицид
жағдайы тіркелген.
Бас
прокуратураның Құқықтық статистикасы және арнайы есепке алу
комитетінің дерегіне сай, Қазақстандағы өңірлер бойынша суицидтік
жағдай Жамбыл облысы үштен он үшке дейін, Алматыда он екіден он
алтыға дейін, Қостанайда алтыдан сегізге дейін, Солтүстік
Қазақстанда екіден беске дейін өскен. Түркістан облысында да
суицидке қатысты 36 оқиға тіркелген. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде он
алтыдан он сегізге дейін, Атырау облысында сегізден он төртке дейін
өзіне-өзі қол жұмсау дерегі анықталған.
Психолог-суицидологтардың мәліметінше, әйел
адамдарға қарағанда ер адамдар мен жасөспірім балалар ө з-өзіне қол
жұмсайды. Райгүл Жеңісқызы мектепте жұмыс істейтін психолог ретінде
жасөспірімдерге біліммен қатар өмір қауіпсіздігі мен жан-дүниесінің
тыныштығын сақтай отырып, дұрыс жол көрсету маңызды екенін атап
өтті.
«Мен кетсем, барлық проблема
шешіледі»
Психолог Райгүл Жеңісқызы суицидке бару адам
өміріндегі тығырықты әрекеттердің ең соңғысы екенін
айтады.
«Кез келген бала жайдан-жай ол әрекетке бармайды.
Проблемадан шығатын жол таппағанда, ешкім оған көмектесе алмайтынын
білген кезде сондай қиянат жасауы мүмкін. Оның себептері өте көп.
Ол әлеуметтік жағдай, достары арасындағы түсініспеушілік, ата-ана
арасындағы кикілжің, тәрбиенің осалдығы әсер етіп жатады. Бала
ешқандай шешім таппаған кезде, жанының тыныштығын ойлап, «мен
кетсем, барлық проблема шешіледі» деп ойлайды», - деді
маман.
Жеткіншектерді салыстыру, оларға салмақ түсіру
немесе оларға мүлдем көңіл бөлмеу – оларды стресске түсіруі мүмкін.
Мамандар да айтады, жасөспірімдердің көңілі қалып, буллингке
ұшырап, қиындыққа кездессе, олардың ойларында суицид жасау туралы
ой болады. Ол асқынып, әрі қарай жалғаса берсе, өзіне қиянат
жасаудың амалын қарастыра бастайды. Қазақстандық мектептерде суицид
туралы көп айтыла бермейді. Көптеген мамандар өз-өзіне қол жұмсау
туралы айтса, керісінше олардың жадында кері әсер қалыптасады деген
таптаурын бар. Бірақ, психиатр мамандар суицидтің алғашқы кезеңінде
диагностика жасап, оны сыртқа шығару дұрыс деп есептейді. Сондықтан
мектепте суицид туралы айту өте дұрыс шешім
Суицид жағдайлары бәрімізді алаңдатып отырған
мәселе. Елімізде өлімнің 36 пайызы аурудан, 24 пайызы жол-көлік
оқиғаларынан болса, 20 пайызы суицидтің салдарынан болып
отыр.
Психолог атап өткендей, суицидке барған баламен
де жұмыс істеу кез келген маманның қолынан келе бермейді. Онымен
психиатр немесе психотерапевт айналысуы керек. Жалпы суицидке
баратын адамдар алдын ала ескерту белгілерін береді. «Ертең менен
құтыласыңдар» деуі мүмкін, сүйікті затын біреуге сыйлауы мүмкін.
Осындай әрекеттерді жасаса, бала соған дайындалып жүруі мүмкін
деген сөз. Суицид туралы ойлаған адам іс-әрекетінің
дұрыс-бұрыстығына түпкілікті сенімді болмайды. Күмәні мен күдігі
басым болады. Сол себепті де ол міндетті түрде айналасындағы
адамдарға байқатады.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі елдегі балалары
арасындағы суицид тақырыбын зерттеген. Зерттеуде халықаралық
зерттеу нәтижелері мысалға алынады. Суицидке әрекет жасау бірқатар
әлеуметтік, экономикалық және отбасылық факторлардан
тұрады.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы, ата-анасынан
бөлек тұру немесе ажырасқан отбасы, отбасы мүшесінің
психопатологиясы, отбасылық кикілжің, бала кезде отбасылық,
жыныстық зорлық-зомбылық көру, ата-ана мен бала арасындағы қатынас,
мектеп оқушысының сыныптастарымен қатынасы және т. Б. Көптеген
факторлар суицид жасауға итермелейді.
Елімізде психологиялық ауыр жағдайда жүрген
жасөспірімдерге жәрдемдесе алатын орталықтар бар.
Ұлттық сенім телефоны – 150. Қазақстандағы
дағдарыс орталықтары одағы балалар мен жастарға тәулік бойы
психологтардың тегін онлайн-консультациялар жасайды. Оның барлығы
құпия түрде өтеді және жеке деректеріңізді атаудың қажеті жоқ. Оған
16 жыл ішінде 2,5 млн-нан астам қазақстандық
жүгінген.
Janym жобасы – балалар мен жасөспірімдерге
уақытылы кәсіби психологиялық көмек көрсетуге бағытталған. Ол үшін
бала немесе ата-ана сайтта өтініш қалдыра алады. Өңделген
ақпараттан кейін маман тегін кеңес береді.
Алматылықтар үшін төртінші жыл Психикалық
денсаулық орталығының тәулік бойы көмек көрсету қызметі жұмыс
істейді, ол толық құпиялылыққа кепілдік береді. Сіз «1303» нөміріне
немесе 8 727-376-56-60, 8-708-983-28-63 нөміріне хабарласа
аласыз.
Сондай-ақ, ПДО сайтында психологтар мен
психотерапевттердің консультациялары өткізіледі, 2023 жылы 100-ден
астам өтініш қабылданды.