Менің басшым – ең үздік
директор!
Шексіз ғаламда қаншама
тіршілік иесі бар. Нәрестенің дүниеге келіп, толысқанша, өнер,
білім, әдеп, тәрбие, кәсіп үйренген адамы- ұстазы болады, тіпті
еңбекшіл құмырсқадан бастап ұйымшыл араларға дейін өз басшысы
болады екен.
Баланың тұңғыш ұстазы – мектеп
табалдырығын алғаш аттағанда, алдынан күтіп алып, әріп танытып,
жазу жаздырып үйреткен мұғалімі. Әрі қарайғы сабақ алған барлық
мұғалімдері мен дәріс тыңдаған оқытушылары да ұстазға саналады.
Жамандыққа, мысалы, әдепсіздікке, зұлымдыққа, ұрлық-қарлыққа,
менмендікке, маскүнемдік-нашақорлыққа, т.б үйретушінің ұстаздыққа
жатқызылмайтыны сондықтан.
Менің қазіргі мамандығымның
оқушылырмен, ұстаздықпен байланысты болғанына қуаныштымын. Өйткені
ұстаз, шәкірт сөздері – біздің халқымызда өте қадірменді, қастерлі
ұғым. Біздің әдеби мұрамызда, әсіресе, қадым заманнан бері жалғасып
жатқан жазба - әдебиетте бұл ұғымдарға зор мән, мәртебе беріледі.
Ұстаз, шәкірт жайында әңгіме болғанда, сонау ежелгі заманның
Аристотель, Сократ, Ұлықпан Хакім, әл-Фараби секілді данышпан
ойшылдарының ұшан-теңіз білімі, әділдіктері мен кіші пейілділіктері
үлгі етіледі.
Шәкірт ұстазды білім берген,
дүниеге көзімді ашқан, өмір сүрудің шынайы мәнін ұғындырған,
тіршілігімді мағыналы, мәнді еткен адам деп, шексіз сыйлап
қастерлейді. Әйгілі қолбасшы Ескендір Зұлқарнайынның Аристотельді,
Абылай ханның Төле биді, ғұлама оқымысты әрі ақын Шәкәрімнің
Абайды, Шыңғыс Айтматов пен қазақтың көрнекті ақын –жазушылары,
ғалымдары Мұхтар Әуезовті ұстазым деп санап, шексіз ардақтап келе
жатқаны соның айғағы.
«Қамшының сабындай ғана» деп
аталатын қысқа ғұмырда менің де
И. Журба атындағы мектеп
қабырғасына келіп ұстаз болғаныма 18-жыл болыпты. Мектепке келіп
оқушылармен жұмыс жасап, тілдесіп, достасып, білім беріп жүргеніме
өзімді бақытты санаймын. Менің ұстаздық еңбек жолымда бойыма шынайы
білім-білік дағдыларын дарытып, үйренген нәрселерімді өмірде, іс
жүзінде қолдана білуге жаттықтыра алған басшысымыз Ә.Жүніс ағайдың
еңбегі бар.
Ә. Жүніс жоғары санатты мектеп
директоры, ардақты ақын, жазушы, бар білгенін аямайтын тұлға.
Өнерден де құр алақан емес. Өз ісінің майталман маманы. Сөйлеген
сөзі, жүріс-тұрысы, істеген ісі, парасат-пайымы, инабаты, білімінің
тереңдігі мен жан-жақтылығы арқылы ең беделді үлгі бола алған ұстаз
басшы. Ол ұжымдағы мұғалімдердің пікірін мұқият тыңдап, құрметпен
қарайды, қателіктерін кешіріп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады.
Ұжымның басшысы, білікті маман, жаңашыл ұстаз, біздерден де соны
талап етеді. Отбасында үлгілі, қамқор әке. Қарым-қатынаста жағымды,
әр уақытта денсаулық , жеке мәселелері мен жағдайлары жөнінде үнемі
сұрап отырады.
Күрделі жағдайларда кеңес
береді. Жақсы жұмыс жасайтындарды атап, үлгілі болуды талап етеді.
Шәкірттерінен өзінен кішілерге қамқор, мейірімді болу, ата-анаға
көмектесіп отыру, әдепсіздік қылықтардан аулақ болу туралы айтып
отырудан жалықпайды. А.П. Чехов айтқандай «Қайырымдылықпен ала
алмағанды, қаталдықпен ала алмайсың» сол үшін де үгіт-насихат,
ожданын ояту, жаман істі қайталамауға жәрдемдесу - тәрбиенің
пәрменді жолы.
«Ұстаз қашанда - өз білімімен
қатар жүріс тұрысымен, сырт келбеті, жайдары мінезімен, оқушыларға
әсер етеді» деп әрқашан ұстаздардан көңілді, сергек, және
ізденімпаз, қандай істі болсын бар ынтамен атқара білу керектігін
айтып отырады. Өйткені қазіргі оқыту, үйретудің мазмұны да, сипаты
да, амал-тәсілдері де күрделене түсуде. Бұрынғырақта жалпылама
негіздерді баяндап, мағлұмат- түсінік беріп, сонымен істі тамамға
санайтын еді. Қазіргі күрделі техника және жалғаспалы технология
бір нәрсені болса да құнтпен, жете үйренуді талап
етуде.
Менің басшымның ақыл,
парасатты мінезі, жан-жақтылығы отбасындағы әке тәрбиесінен дарыған
деп ойлаймын. Ұсақ-түйекке бола керілдесіп, керісіп жатқанды бойына
мін санайды. Басқаның еңбегін, өзіне көрсеткен қызметін сыйлайды,
рақметін, алғысын айтуды шын көңілден өзіне міндет, парыз деп
біледі.Ал өз еңбегін, азды-көпті көрсеткен қызметін міндет етпейді,
басқадан иығын асыруға, ерекшеленіп көзге түсуге талпынбайды,
өтіріктен, жаладан, өсектен аулақ жүреді. Оған тұрпайылық,
менмендік, ұнамсыз мінездер жат.
«Жақсы адам ғана, жақсы ұстаз
бола алады» деп Ж.Баласағұн айтқандай өнегелі, үлгілі отбасында
тәрбиеленіп, барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңірген басшымыз
өзінің көрегенділігінің арқасында ұжымның басын біріктіріп,
жұмылған жұдырықтай тату етіп басқарып
келеді.
Г.
Шалбалаева
География
пәні мұғалімі