Материалдар / Мысал – сөз саптаудың тиімді тәсілі
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мысал – сөз саптаудың тиімді тәсілі

Материал туралы қысқаша түсінік
Сөз саптау дегеніміз – нақтылы сөйлеу немесе нақтылы жазбаша мәтін. Жалпы тіл жөнінде жақсы не жаман деп айтуға болмайды. Ал сөйлеуді немесе сөз саптауды анық-түсініксіз, қисынды-қисынсыз, бай-кедей, мәнерлі-мәнерсіз, ресми-бейресми т.б. деп бағалауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда «сөз саптау» ұғымы сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік адамның сөйлеуі деген мағыналарымен астасып жатқан сияқты.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
24 Қазан 2021
1833
1 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

2


Мысал – сөз саптаудың тиімді тәсілі

Усенкулова Айбиби Аманбаевна Тараз қаласы білім бөлімінің №18 орта мектебі КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тіл – халықтың өткені мен бүгінінің сабақтастығы, жарқын келешекке апарар асыл, баға жетпес қазынасы. Сан ғасырлық тарихымыздың куәгері. Мәдениетімізді, әдебиетімізді, әдет-ғұрпымыз бен салт-санамыз сынды мұраларымызды ана сүтімен тұла бойымызға дарыған ана тіліміз арқылы оқып, біліп көкейімізге түйеміз. Ана тілін білмеген адам көр соқыр адаммен пара-пар. Ана тілі арқылы халықтың болмысы, жан-дүниесі, ұлттың жаны көрінеді. Бұл жайында елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» - деген [1]. Елбасының Қазақстандық ұлттар мен ұлыстардың мемлекеттік тілге ден қоюы туралы айтқан пікірлері баршаның алдында үлкен міндет жүктеп отыр. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қасиетті аманат. Тіл – қыры мен сыры мол киелі ұғым. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы барлық адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды, жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жаза білуге, қай сөздің қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қисындасып жалғасатын дағдысын білу керек» [2.263] деп, тілдің қадірі мен мәні жайында А. Байтұрсынұлы сөз еткен. Осыдан келіп, «сөз саптау» деген ұғым туады.

Сөз саптау дегеніміз – нақтылы сөйлеу немесе нақтылы жазбаша мәтін. Жалпы тіл жөнінде жақсы не жаман деп айтуға болмайды. Ал сөйлеуді немесе сөз саптауды анық-түсініксіз, қисынды-қисынсыз, бай-кедей, мәнерлі-мәнерсіз, ресми-бейресми т.б. деп бағалауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда «сөз саптау» ұғымы сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік адамның сөйлеуі деген мағыналарымен астасып жатқан сияқты.

Сонымен, сөз саптау немесе шешен сөйлеу, шешендік өнер дегеніміз - өз ойын басқаларға жеткізу үшін тілді әсерлі де, мәнерлі, нақты да дәл қолдана білу, жұмсай білуді аңғартады. Бұл жайында А. Байтұрсынұлы былай депті: «Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысып толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп өте үлкен машина секілді құрал».

Қандай құрал болса да, оның жұмсаушысы екі түрлі болмақ. Біреуі – құралдың ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып жұмсаушы. Екіншісі – олардың бірін білмей-ақ құралдың жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін үйреніп алып жұмсаушы. Ішкі бөлшектері мен тетіктерін бұл таныс құралды жұмсап жүріп, онымен көп істес болып барып, тәжірибе арқылы таниды.

Тілдік қатынас құбылысы – соңғы жылдары әлемдік тіл білімінде арнайы қарастырылып, ғалымдардың тілге жаңаша көзқарасын қарастырған мәселелердің бірі. Әр ұлт тілінің өзінің айтылу, жазылу, сөйлеу ерекшелігі болатыны сияқты, қазақша тілдік қатынастың да өзіндік заңдылығы және даму сипаты бар. Ол тілдік қатынас қазіргі қазақ тілінің теориялық ережелерімен де, практикалық тәжірибелерімен тікелей байланысты.

Тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдық қатынастың түп қазығы дегенді білдіреді.

Ой мазмұны тіл арқылы жарыққа шығады, ал тіл өзіндік ерекшелікке ие коды бар жүйе, ол тек сөйлеуде, сөз саптауда (ауызша не жазбаша формада) жүзеге асады. Сөйлеу немесе сөз саптау – бұл тілдің сыртқы көрінісі. Бұл айтылмақ хабар қажеттігіне сәйкес өзіндік заңдары бойынша ұйымдасқан тілдік бірліктердің кезектестігі.

Кез келген адам өз ойын білдіруде дұрыс сөз саптай біле ме? Осы сұрақтың төңірегінде таласты пікірлер бар. Біреулер ол Алланың берген сыйы, таланты, өзінің жаратылысына байланысты болады десе, екіншілері шешенге қажетті қасиеттерді дамытумен, тәрбиемен, көп оқумен жетуге болады дейді. Осының екіншісі – күнделікті практикадан алынған. Өйткені, тілді әлеуметтік құбылыс десек, ол адамның қоғамда біртіндеп әлеуметтенуі арқылы жүзеге асады. Көне Римнің мыңдаған жылдар бұрынғы әйгілі шешені, шешендік өнердің теоретигі Цицерон «Ақын болып туады, шешен болып шығады» деп, ақындыққа тума таланттықты, ал шешендікке көп оқып, көп ізденіп, көп сөйлеп жаттығушылықты айтады.

Тілдің табиғаты мен мәнін, қызметін, құрылым мен жүйесін, өзіндік даму жолы мен заңдарын, т.б. нысана ететін ғылым саласы тіл білімі деп аталса, тілдің дамуын, дұрыс қолданылуы мен тазалығын сақтауды, т.б. өзге адамдарға насихаттаушы, түсіндіруші, зертеуші тіл маманы деп аталады. Тіл маманы тілдік нормаларды қатаң бақылай отырып, тіл тазалығын, сөйлеу мәдениетін сақтауы қажет. Демек, тіл маманының сөз саптауы мыналарды қамтуы тиіс:

1) өз сөзінде жаргон, диалектілік және қарапайым сөйлеу тіліне тән элементтерді пайдаланбай, ойды нақты жеткізуде әдеби тіл нормаларын дұрыс пайдалануы (ал жазбаша сөйлеуде орфографиялық және пунктуациялық қателер жібермеуі) қажет;

2) тіл маманның сөз саптау шеберлігі, түсініктілігі, логикалық және қисынды сөйлеуді, сөздік қор байлығын, грамматикалық құрылымдардың әр алуандығын, мәнерлі сөйлеу жекелігін қамтуы тиіс;

3) ойды тек сауатты ғана емес, экспрессивті әсер ететіндей етіп, штампты тіркестермен емес, өзіндік жекелік мәнермен жеткізе білуі керек;

4) сөз саптау шеберлігі нақтылы жағдайға біршама жақын келетін стилистикалық тұрғыдан дұрыс тілдік құралдарды тиімді пайдалана білуді қажет етеді.

Қазақ тілінің әдеби және бейәдеби түріне ауызекі сөйлеу дәстүріне тән бір құбылыс – бұл мысалдардың қолданылуы. Мысал дегенде бұл арада әдебиеттің жанры (басня) емес, сөйлеу үлгісін (пример) айтып отырмыз. Мысалмен сөйлеу тұжырымның дәйектемесі ретінде көрінеді.

Күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген сөз саптауларымыздың мән-мағынасын аша отырып, мысал табиғатына, мысал қағидаларына, оны тиімді қолданылуын қарастырып көрейік.

Мысал жайында Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің «Жазу әдебиеті» деген бөлімінде:

«Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер.

Жазу әдебиетіне басқа жұрт үлгісі қатысқандықтан, бізде жазу әдебиет шығармаларын – діндар дәуірдегі болсын, ділмәр дәуірдегі болсын – ауыз әдебиетше тұтыну орнына қарай бөлмей, айтылу орнына қарай бөлеміз. Басқа жұрттардың әдебиеті де солай бөлінетіні «дарынды сөз түрлері» деген бапта жалпы түрде ғана айтылып өтіп еді. Енді қандай түрге бөлінетінін, қандай сөз табына қарайтындығын толығырақ түрде баяндамақпыз.

Жазу әдебиеті негізінен үшке бөлінеді: ертек (әңгіме), толғау, айтыс-тартыс. Жазу әдебиетінің ертек түріне кіретін сөздері – ауыз ертек, ертек жыр, тарихи жыр, мысалдар сияқты сөздер. Толғау тобына кіретін ауыз толғау, жоқтау сияқты көңіл-күйінен шығатын сөздер. Айтыс-тартыс тобына кіретін сөздер түрі ауыз әдебиетте жоқ; ашып айтқанда ауыз әдебиетте айтыс-тартыс түріндегі сөздерден айтыс бар да, тартыс жоқ. Айтыс-тартыс түріндегі шығармалар жалғыз қазақта ғана емес, басқа жұрттардың да ауыз әдебиетінде болмаған, айтыс-тартыс түрдегі шығармалар өте шеберлікті керек қылғандықтан, өнер күшейген кезде шыққан», - дей келіп, діндар дәуірге төмендегідей анықтама берген. «Діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы әдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен ғана айырылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айрыла қоймайды. Діндар жағының басымдығымен айырылатын түрлері мынау: қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінәжат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме» [3.433-435] дейді.

Ертеректе тіл дінге қызмет еткен. Дінді тіл арқылы насихаттап, уағыздағанын көріп отырмыз. Алғашқы щығармалар да дін, имандылық, шариғат тақырыбына арналған өлең-уағыздар. Ән салу, өлең оқу, домбыра тарту айып саналған. Сонда да, қазақ халқының өнері, сөз өнері, халық ауыз әдебиеті жоғалмады. Әдебиетте екі дәуірдің әсерін байқаймыз. Діншілдердің әдебиеті – діндар дәуір, тіл ұстарту, әдебиетті күшейтуді мақсат тұтқан ділмәр дәуір. Араб, парсы әдебиет үлгілеріне еліктеу діндар дәуірге тән болса, ділмәр дәуірде орыс әдебиетіне еліктеу бар. Осы жерде А. Байтұрсынұлы Абайдың әдебиеттегі алатын орнын атап өтеді. Діндар дәуірдегі әдебиет үлгілеріне сапасы төмен көркем сөз айшықтары тән екенін аңғартады.

Сарындама тараушасын (сарындама сөз саласы) үшке бөліп қарастырады: салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі. Салт сарынымен яғни салт жолымен айтылатын сөздер салт сөзінің табына жатады: мысалдар, ділмар сөз (афоризм), тақпақтар, мақалдар, мәтелдер. Мысалдар – адамның ғамалын, мінезін-құлқын, жанды, жансыз нәрселер арқылы салт-санасына сәйкес көрсетіп өнегелеу, мысалдау болады. Ескерту: мысалдар көбінесе хайуандар турасында шыққан ертегілерден алынады. Ондай ертегілерде хайуандарға адамша тіл бітіріп, адамша мінездеп, іс істеткізіп, түрлі мақұлыққа түрлі өнеге боларлық сипат таңған. Ақымақтыққа өнеге болатын есек, айлакерлікке түлкі, қорқаулыққа қасқыр, момындыққа қой, мазақтыққа тырна, жарғақтыққа сауысқан және т.б. мысалдар: «Арсыз ит», «Өтірікші тышқан», «Хайуандар таласы», «Құлағынан айрылған ешкі». Бұл мәселені А. Байтұрсынұлы «Сындар дәуірде» де қарастырып, сөз етеді. «Сындар дәуір деген – қазақ әдебиетінің сынды болған, яғни сын арқылы шығып, әдеміленген мағыналы сөз; бір мағынасы сыны бар деген сөз болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады. Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ әдебиетінің соңғы кездегі жаңа дәуірін дұрыс сипаттайды. Сын тез құрылмай, әдебиет сөзі сындар болып, (мінсіз болып) шыға алмайды. Қазақтың ауыз әдебиетін алсақ та, діндар дәуіріндегі әдебиет алсақ та, қандай жақсы болғанмен, мінсіз сұлу болмайды. Бір жеріндегі сұлулығы қандай зор болса, екінші жерінде міні де сондай үлкен болады. Ақындығы қандай күшті болғанмен, айтылған екі дәуірдің ақындарының сөздерінде әдемілігінің жанында ат сүрінгендей міні тұрады. Олай болатынының түп себебі қазақтың ол кездегі ақындары асыл сөз несімен асыл болатынын ақындық сезіммен сезсе де, анық біліп жетпеген. Сондықтан мінсіз етіп шығара алмаған, тыңдаушысының да асыл сөз турасындағы білімі ақындардыкіндей болып, олар да ақын сөзін тексеріп, сынға сала алмаған. Асыл тас, асыл темір, асыл бұйым иесімен асыл болатынын білмеген адам тастың, темірдің, бұйымның жақсысын тауып алуды білмейді. Сындар дәуірге дейін қазақ ақындары да, ақын сөзін тыңдайтын әлеуметі де сөз несімен асыл болатынын білмегендіктен, сөз бағасын көтере алмай, нарқын кеміткен. Адамға өз бойындағы үйреншікті міні мін болып көрінбей, өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді, жұрттағы жаман әдет басқа жұрттың жақсы әдетін көргеннен кейін білінеді. Сондай-ақ, қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз еуропа жұртының сындар әдебиетімен танысқаннан кейін байқалып, көзге түскен...

Мысалды түрлеріне қарай жіктесек, төмендегідей бөлініп шықпақ:

  • Қысқаша суреттеме (иллюстрация) мысал;

  • Көлемді суреттеме мысал;

  • нақты мысал;

  • ойдан шығарылған мысал;

  • болжалды мысал;

  • әзіл мысал;

  • байсалды мысал.

«Тіл қисыны дегеніміз – асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым, оның мақсаты – заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету».

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарар» - дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Ал, осы тілдің сөз өрнектерін кестелейтін, шебер қолданып, «қиыннан қиыстыратын ер данасы» мына біздер. Кейде бейәдеби сөздер де уәжді қолданып, эстетикалық қызметте жұмсалып, жарасымын тауып жататындығы да өзіміздің сөз саптау әдебімізге байланысты. Осы жағдайға байланысты біз сөз саптау дағдымыздағы мысалдардың қолданылуын қарастырып көрдік.

Мысалмен сөйлеу – сөзді әдеби нормасын сай қолдану, дәлме-дәл қолдану, талғап, саралап қолдану, бедерін тауып жұмсау дегенге саяды.



Әдебиеттер тізімі:



  1. Назарбаев Н. Қазақстан Халықтар ассамблеясы 22-сессия, Егемен Қазақстан, 2015 ж.

  2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, Ана тілі, 1992 ж. [263б.]

  3. Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы, Жалын, 1991 ж. [433-435б.]







Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!