№1 қазақ орта мектеп кітапханасы
« Наурыз – мереке, Наурыз –
береке!»
/Викториналық сайыс/
Ақсу,2009
Оқушылар! Өздерің білесіңдер өткенде үлкен бір
мейрам өтті. Ол қандай мереке? 22 наурыз – Наурыз
мерекесі.
Бүгін біз осы Наурыз мерекесіне арнап «Наурыз -
мереке, Наурыз – береке!» атты викториналық сайыс өткізгелі
отырмыз.
Бұл сайыста біз наурыз
мерекесінің тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті жайында
білімімізді шыңдауға жиналып отырмыз.
1-жүргізуші: Наурыз 1926 жылдан бастап
«діни мейрам», яғни ескінің сарыны деп қудаланып келді. 1988 жылы
қайтадан тойлана бастады. Өйткені, 1997 жылы 15-наурыздағы
Н.Назарбаевтың жарлығы бойынша «Наурыз – халық мейрамы» ретінде
аталып өтетін болды.
2-жүргізуші: Қазақтар бір жылды 12 айға
бөледі. Санатқа кірмей қалған 5-6 күнді «бес қонақ» деп атаған.
Ежелгі сенім бойынша жамандық пен жақсылық күресі осы уақыт
аралығына сәйкес келеді. Халық оны «өліара» деп атаған. Айдың
өліарасында қазақтар жолға шықпаған, ойын-той жасамаған. Ақсақалдар
өліараның тыныш өтуін жақсыға жорып, ырым еткен. Ескі ай аяқталып,
жаңа ай туатын наурыздағы өліарада қыс аяқталып, жаз басталмақ. Түн
мен күн теңеліп, өліарадан өткен соң жарық мерзімі, күндізгі уақыт
ұзарады. Осы уақыттан бастап жан-жануарлар, өсімдіктер, жәндіктер
түлемек. Деректерге қарағанда , ертеде Наурызды Үндістан, Иран, Ауғанстан,
Бұхара, Кавказ, Түркістан, Шығыс славяндары да атап өтіп отырған.
Христан дінін қабылдағанға дейін Ресейде де жаңа жылды 1-наурызда
тойлаған, ағылшындар да ХҮІІІ ғасырға дейін жыл басын 26-наурызда
тойлаған.
1-жүргізуші: «Наурыз» - парсы тілінде «ноу»
- жаңа, «руз» - күн. Яғни парсы күнтізбесінде Наурыз ай аты емес,
жыл басының алғашқы күні.
Шәкәрім «Ескі қазақта жаңа жыл күнінің аты –
ұлыс. Қожа-молдалар ескі әдебиетті жоямыз деп Құрбан, Ораза айларын
Ұлыстың күні дегізіп, Ұлысты – Наурыз дегізген» деп
жазады.
2-жүргізуші: Наурыздың негізгі мәні: ертеде
Иран патшасы өзінің қоластындағы бір сүйікті құлына патша шапанын
сыйға тартып, таққа отырғызып, 1күн ел билеткен. Ал түркі қағаны
Ұлыс тойында жамбыны бірінші атып түсірген адамға бір күн елді
билетуге ерік береді екен. Қазақта Ұлыстың Ұлы күні тойда сәйгүлігі
бәйгеден бірінші келген, өзі күрестен жеңіске жеткен жігітке сүйген
қызына қалыңсыз қосу ғұрпы болған. Наурыз – жаңару, өсу, түлеудің
басы. Жаңару, түлеу – үйін тазарту, рухани тазару. Наурыз –
имандылық, кешірімділік, адамгершілік мерекесі.
/Өлең «Қош келіпсің, Наурыз!»/
1-жүргізуші:
«Жақсылыққа жақсылық – жай
адамның ісі, Жамандыққа жақсылық ер адамның ісі», «Таспен атқанды,
аспен ат», «Алдыңа келсе атаңның құны болса да кеш» дейді халық.
Наурыз күні ел ортасындағы шешілмеген дау, реніштерді ақсақалдар
бітістіріп жіберген.
«Көктем мерекесі – еңбек тойы,
ырыс, молшылық бастауы» деп есептелген. Тіпті бұл күні «Бұлақ
көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», деп егілген шыбыққа
ақ бүркіп, «құтаю» рәсімін жасаған. Осы күннен төл алу, егін егу,
үй тұрғызу, т.б. еңбек басталған.
2-жүргізуші: Мейірімділік, қайырымдылық
мерекесі. Ол күні әлдеқандай су тасқыны, өрт, найзағай, дауыл,
зілзалаға ұшыраған ауыл, үйді көп болып қатарға қосқан. Ауру –
сырқау, мүгедектік, күйзелген жандарға мал-мүлікпен
жәрдемдескен.
Қазақ халқы Наурыз тойында алдымен үйді, ауланы,
үсті-басын тазартқан, әдемі киініп шыққан. «Ақ мол болсын,егін
бітік шықсын, көп болсын» деген тілекпен ыдыс-аяқтарын Наурыз
көжеге толтырған.
/Өлең «Наурыздың тойы –
береке»/
1-жүргізуші: Наурыз – қазақ халқы үшін
ернеуінен асып төгілген мол қуанышты көктем мерекесі, ұлт мейрамы.
22-наурызда күн мен түн теңеседі. Жаңа жылдың бірінші күні –
ұлыстың ұлы күні. Ал жалпы түрік халықтары үшін жаңа жыл болып
саналады.
Наурыз айы туралы халық арасында болжам көп-ақ.
«Алғашқы рет күн күркірегенде, жел арқадан тұрса ай салқын,
шығыстан соқса құрғақ, түстіктен желпісе жылы болады» деседі.Бұл
кезде жауған қар «құс қанаты» деп аталады. Наурыздың 17-нен 21
жұлдызына дейінгі аралықты «Бес қонақ» дейді. «Ұзамай қар да кетер,
жаз да болар, Сай-сала гүрілдесіп суға толар» деп балалар тақпақ
айтқан кез осы. Қырға шыққан алғашқы бәйшешектерді теріп, тұлымшағы
желкілдеген сүйкімді қыздарға тарту ететін балалар да
бар,әрине...
2-жүргізуші: Парсы тілдес отырықшы халықтар
арасында егіншіліктің қамқоршысы және диқандардың бірінші
үйретушісі, ұстазы, қасиетті Бобой Деркан деп
саналған.
Түркі тілдес халықтар оны Диқан баба, Баба
Дайқан, Дехқан-баба деп атайды. Қазақ егіншілері де Диқан бабаға
береке,молшылық тілеп,сиынатын болған. Қазақтардың тағы бір
табынып, пір тұтатыны – қасиетті Қыдыр ата. Ол байлықты үлестіруші,
адам баласына жақсылық тілеуші деп түсіндіріледі. Кейбір жерлерде
Диқан баба мен Қыдыр ата бірдей аталады. Жаңа жыл – Наурыз (21-22
наурыз) күн мен түннің теңелу сәтінде тойланған. Наурыз көжені
үлкен қазанға пісіріп, бүкіл ауыл ьірігіп ішетін болған. Мұның өзі
«Биылғы жылы тоқшылық болсын» деген тілектен туған. Наурыз көжеге
су мен тұздан басқа жеті түрлі дәм салынады: бидай, күріш, арпа,
тары, ет,сүт, май. Көжеге айран немесе құрт салып ішкен.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда ғана жол болар.
/Өлең «Арпа,бидай,тары бар»/
Енді викториналық сайысымызды
бастайық.
1. Наурыз дегеніміз не?
(Наурыз – жыл басы. Мұсылман халықтары наурыз айының 22-сінде жаңа
жалды тойлаған. «Наурыз» - парсы тілінде «ноу» - жаңа, «руз» -
күн.)
2. Қазақтың ұлттық үйі қалай аталады? (Киіз
үй)
3. Қандай қазақтың дәстүрлі тағамдарын
білесіңдер?
(бесбармақ, қуырдақ,қазы, жал-жая,
шұжық.)
4. Шығыста жаңа жылды қашан қарсы алады және жаңа
жыл қалай аталады?
(22 наурызда Шығыста жаңа жыл Наурызды қарсы
алады)
5. Бұл Наурыз мейрамында қандай тағам міндетті
түрде берілу керек?
(Наурыз көже)
6. Наурыз көже неше тағамнан жасалады?
(7, бидай,күріш,арпа,тары,ет,сүт,май)
7. Наурыз мейрамы қай жылы қайтадан тойлана
бастады?
(1988 ж.)
8. Наурыз мейрамы не білдіреді?
(Наурыз –имандылық,
кешірімділік,адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық,
мерекесі.)
9. Биылғы жыл қандай жыл? (Сиыр)
10. Ескіше жыл аттарын ретімен атаңдар? (Тышқан,
сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит,
доңыз.)
11. Қазақ әйелдері қандай киім киген? (Ұлттық
көйлек, камзол, кебіс, кимешек, жаулық, желетке.)
12. Ер адамдар қандай киім киген? (шапан, бөрік,
тон, тақия, қалпақ, мәсі.)
13. Қазақстандағы қалалардың
атын атаңдар?
14. Мұсылмандық молда кітабы қалай аталады?
(Құран)
15. Қандай қазақтың ұлттық аспаптарын білесіңдер?
(қобыз, домбыра, сыбызғы, шаң-қобыз, қылқобыз, керней, сазсырнай,
дабыл,)
16. Қазақтың ұлттық ойындарын
атаңдар? (Көкпар, бәйге, күміс алу, қыз куу, кыз жарысы,
аударыспақ, тоғыз құмалақ.)
17. Жеті қазынаға не жатады? ( Қазан, ат,
ит,бүркіт,мылтық,диірмен,кітап)
18. Жер иесі, Қыс иесі, Боран иесін
атаңдар?
Жер иесі – Қызыр ата
Қыс иесі – Зымыстан
Боран иесі - Ақпан –Тоқпан.
19. Үш арсызды ата? (Ұйқы,
тамақ,күлкі)
20. Наурыз мерекесінде қандай
бата-тілектер айтылған? (Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын, Қайда
барсақ, жол болсын! Ұлыс бақытты болсын, Ұлыс береке берсін,
Қуаныштарың көп болсын.)
Қорытынды:
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі.