Өлген мышықтың обалы немесе Мисиманың
миссиясы.
"Будданы кезіктірсең—Будданы
өлтір, патриархты кезіктірсең— патриархты өлтір. Әулиені
кезіктірсең—әулиені өлтір, әкең мен анаңды кезіктірсең—әкең мен
анаңды өлтір. Сен сонда ғана күнәкар әлемнің кісенінен
құтыласың."
Риндзайреку( Риндзай мектебінің
қасиетті кітабы)
Жалғаннан жанның бостандығын іздеген
Юкио Мисиманың осы бір шығармасы " Сұлулық " жайлы пайымдауларыма,
санада өмір сүрер " Әсемдік" туралы таным-түсінігіме бірқатар
сілкініс әкелген болатын."Алтын ғибадатхана " атты бұл романның
негізгі оқиғасы Мидзогути есімді студент - тыңдаушының ішкі
психологиялық тебіренісіне негізделіп жазылған. Сіздерге қысқаша
таныстырып өтейін.
Әкесінің діндарлығы мен шарасыздығын,
шешесінің ашыналық былығын, ұстаз тұтқан пірәдәрінің дімкәстігін
көріп өскен, өзінің кекештігінен сыртқы тіршілікпен байланысы
байлауға түскен бозбаланың бар құмары, мәңгі мызғымастай көркемдік
пірі ғасырлардан бағзы сәулет өнеріне тән қалпы мен қасиетін
сақтаған, жалғыз - Алтын ғибадатханатұғын.
Ол, басты кейіпкер қай күнә, қандай
қысмысқа беттесе де алдынан тосқауыл болып арашалап отыратын.
Ғаламның қай бұрышына бұрылса да осынау көне заман куәгері, Дзен
буддизм дінінің қасиетті үйі өз бейнесін көз алдына тосып отыратын.
Мидзогутиге барша жер бетін Алтын ғибадатхана құрсаулап толтырып
тұрғандай көрінетін. Ғимараттың сом тұлғасына , сырласса сарнап қоя
берер қабырғасына өзін мәңгі бағыныштыдай күй кешіп, оның әмірі
қашанда үстемдік құратынына қуанатын әрі бар болмысымен арылуға
тырысатын.
Ақыры, жас монах қанағаттандырарлық
сезімге Ұлы сұлулықты от құшағына құрбан етумен жетті. Әрине, неге
дейтін боларсыз ? Бар гәп мынада:
Сұлулық туралы ұғымның теңсіздік
турдыратынында.
Мысалы, маймақ та ақсақ аяқ пен
оқтаудай түзу тертелі гүл етекті сұлудың қатар жүргеніндей немесе
кекешпен шешеннің жаңылтпаш айтып жарысқанындай үйлесімсіз. Осы екі
қатардың қайсысына басымдық берер едіңіз? Әлбетте, сұлу мен шешен
жақ нұротандық пайызға ие болады. Себебі біздегі сұлулық туралы
түсінік екеуін бөле-жара қарауды талап етеді.(Бейсаналы түрде болса
да.) Сондықтан кейіпкеріміз әлемнен сұлулықты жойып жіберу арқылы
рухани азаттық алмақ болды деп топшылаймыз. Ал, енді шығарманың
мына бір контекстіне назар салып көрейік :
Бірде монастырьдағы барлық
монахтар шөп шауып жатқанда ғибадатхананың мамыражай бауына қайдан
пайда болғаны белгісіз, мысық келе қалады. Таңырқаған монахтар
мысықтың соңынан қуып, ақыры ұстап алады. Батыс және Шығыс келье
тыңдаушылары мысықты өздеріне алғысы келіп дау - дамай таласқа
түседі. Мұны көрген әулие Нансэн мысықты ұстап алып, кеңірдегіне
пышақты тақап тұрып былай деді: " Егер кімде - кім мына ишараттың
мағынасын түсіндіріп берсе, мысық тірі қалады. Таба алмасаңдар -
өледі". Монахтар үнсіз қалады, Нансэн мысықтың басын шауып түсіреді
де, өлі денені лақтырып жібереді.
Кешкі жатар орынға данышпанның
үлкен шәкірті Дзёсю келді. Қария істің қалай болғанын айтып оның
ойын сұрады. Дзёсю осы арада сандалып шешіп басына қойып, шығып
кетеді. Сонда Нансэн : " Аһ, сен неге күндіз болмадың! Мысық тірі
қалатын еді ", деп күрсінген екен.
Бұл жерде каондағы мысық - Сұлулық
образы. Ал, екі кельенің монахтары сол үшін жанжалдасып мысықты өз
қамқорлығына меншіктеп алғысы келді. Мысықтың басын жұлған Нансэн
сұлулықтың өзін жою арқылы бірлік пен тұтастық орнатамын десе,
сандалын басына қойған Дзесю сұлулықты тек санамен қабылдау керек,
ол да еркіндікке ие екенін ишарат етті. Айтпақшы, Дзен буддизмнің
басты шарты — ешкімге, ештеңеге байланбай өмір сүру. Сөз басындағы
буддадан бастап біріңғай "өлтір" мағынасы осы ұғыммен негізделеді
деп түсінеміз.
Ал сен Дзесюдің рөліндемісің әлде
Нансэннің рөліндемісің?
Сіз үшін ең үлкен сұлулық не өзі
?
Мидзогути өзін ұлылық иесі, билеуші
биігінде елестетті . Ол өзінің ішкі жан дүниесі өзгелерден
әлдеқайда сұлу әрі бай деп есептеген. Бірақ өзін қоршаған ортадан
мүсіркеу мен аяушылықты сезінетін ол мүсіркеуден гөрі әжуалау мен
жек көру анағұрлым жеңіл деп санайтын. Алтын Ғибадатхана болса сол
кемсітушіліктің тәңіріндей көрініп, сұлулық— аяушылық тудырушы
басты идея деген сенімге әкелді. Сондықтан да жою, өртеу, күлге
айналдыруды одан босанудың , жоқ, теңдес болудың бір сапты дәрежеде
тұрудың жолы деп білді.
Кемтар жан Ұлы сұлулық деңгейіне жете
алмас, ал ұлылық кемтар деңгейіне түсе алады деген пайым. Алайда,
Алтын Ғибадатхананың негізгі символы асқақ күмбезіне бейнеленген
Феникс құсы еді. Аңыз бойынша феникс құсы күлден жаратылады. Сонда
кейіпкеріміз сұлулықты өлтіру арқылы оны қайта жаратушыға, сұлулық
иесіне айналады.
Мисима өзінің бір сұхбатында әйел
адамға қарағанда ер адамның сұлулық туралы түсінігі басқада. Ол-
мағыналы өлім деген болатын. Өмірінің соңын рәсімді Харакиримен
аяқтаған даңқты жазушының негізгі миссиясы да осы болған шығар деп
түсінеміз.
Ой қорытудың аяғын тағы да
контекстпен бітіреміз.
" Кәдімгі адамдар өздерін тек
айнадан көруге болады деп есептейді ; Бірақ мүгедек өмір бойы өзін
танауының алдында тұрған айнадан көреді."
Ав: Көшкінбай Айболат
( Алтын ғибадатхана романы
турасында.)