Зерттеудің
мақсаты. Оқыту мен білім беру және
тәрбиелеу үрдісінде болашақ ұрпаққа шешендік өнер негізінде
тәрбиенің маңыздылығын көрсету. Шешендік өнердің жасөспірім
тәрбиесіндегі тәлім-тәрбиелік маңыздылығының ерекшелігін
айқындау.
Зерттеу
нысаны. Жалпы білім беретін
мектептерде оқушылардың бойына шешендік дарытып, олардың тіл
байлығын, ой-өрісін кеңейту, тапқырлық, ізденімпаздық қасиеттерін
дамыту.
Күтілетін
нәтиже:
-Оқушы өз ойын анық жеткізе
алады.
-сөз арқылы мәселені шеше
алады.
-Шешен сөйлеуге, ойлануға
дағдыланады.
Шешендік өнер- адамзат
өркениеті тудырған рухани-мәдени құндылықтардың бірегейі. Сондықтан
шешендік өнер мен оның тарихы-адамзат мәдениеті тарихының сабақтас
бір бөлігі.
Көне дәуірде б.з.д.
Ү-ІҮ-ғасырларда Грециядан басталып, Римде б.з.д. бірінші ғасырда -
Цицерон заманында өркендей түскен шешендік өнерінің гүлдену
кезеңдерінің тарихы әлемге әйгілі. Өйткені, сол кезеңдерде-ақ көне
Греция мен Римде шешендік өнері өркендеп қана қойған жоқ, шешендік
өнері туралы ғылымның –риториканың да негізі қаланды. Көне
риториканың жетістіктері гректің ұлы шешені, саяси қайраткері әрі
мәмлегері Демосфеннің есімімен тығыз
байланысты.
Халықтың өмірі, тарихы, елдің
тұрмыс тіршілігі қазақ көкірегінен жыр-дастан, өлең-ән,
ертегі-аңыз, күмбірлеген күй болып төгілді. Табиғатынан көзі ашық,
көкірегі ояу, өзінің кең жазира туған даласындай дарқан дарынды
ойын-сауықшыл халқымыз осы баға жетпес қазананы киелі дүниедей
қастерлеп, ұрпақ санасына сіңістіріп, болашаққа мәңгі өлмейтін мұра
етіп қалдырды. Барша қазақ мәдениетінің түп қазығы саналатын осы
теңдесі жоқ қазына бүгін халқымыздың рухани сусындайтын шалқыған
шалқар дариясына айналып отыр.
Халқымыздың мақтанышына
айналған қазақтың көне ауыз әдебиетінің арада талай ғасырлар өтсе
де ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ел зердесінде мықтап орныққан, танымдық
мәнін, тәрбиелік мазмұнын әсте жоймаған заман ағымына қарай қайта
жасарып, айрықша көпшілік ілтифатына ие болып отырған түрі шешендік
сөздер, тағылымдар. Қазақ-табиғатынан ділмар, шешен халық. Қазақ
тарихында елдің елдігін, халқының бірлігін, бүтіндігін көксеген,
елді адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, халқының
мұң-мұқтажын, мүддесін көздеп ғұмыр кешкен ділмарлар көптеп
саналады. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер-заманында
қоғамдық қайраткерлер дәрежесіне көтерілген ірі тарихи тұлғалар,
қара қылды қақ жарған әділ шешендер. Барша ғаламға ортақ аспан
әлемінде Шолпан жұлдызы біреу-ақ. Ал қазақ деген ұлы халықтың ұлы
көшін бастаған билер керуенінде мәңгі өшпейтін, өшпек өз алдына
елдік көшіміз керуенін жалғастырып, ұзаған сайын қарсы алдынан
жарқырай түсетін үш Шолпан жұлдызы бар. Олар-Төле, Қазыбек,
Әйтеке.
Ел аузында «Әйтеке жарып
айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады»деген ұлағатты сөз
бар.
Шешендік өнердің қалыптасуында
билердің орны айрықша. Билік жүйенің қалыптасуы, дамуы және
тоқырауы халқымыздың әлеуметтік өмірмен тікелей байланысты екені
мәлім. Билік жүйе жойылды. Бірақ шешендік өнер жойылған
жоқ.
Қазақ шешендік өнерде сөз ойға
тәуелді болады. Егер керісінше болса, айтайын деген ойдың мәні
солғындайды. Ұлы Абайдың «Көңілдегі көрікті ой, ауыздан өңі
қашады», - деуі содан. Демек, ұтқыр ой мен көркем сөз тең түсіп
отырса ғана сөз әсерлі де тартымды, әрі қуатты болады, тыңдаушыны
баурап алып, еріксіз мойындатады
Қазақ шешендері сөздің осы екі
жағын тең ұстаған. Би-шешендер ойдың логикалық қисынының бұлтармас
тиянақтылығына баса назар аударған. Қаз дауысты Қазыбек, Төле би
сияқты хас шешендер, ой байламын заттық қатынастардан емес, ойды
оймен қудалау арқылы тудырған. «Ойды ой қозғайды»; «Сөз сөзден
туады, сөйлемесе қайдан туады»,-дейді халық. Бұл диалектикалық
логикаға тән байлам . Қазақ шешені өзінің ой тұжырымын көркем
сөзбен көркейіп, қарсыласын өз ойын мойындауға көндіреді немесе
қарсыласының ойы ақиқатқа сәйкес болса, оны мойындайды:
алғашқысы-жеңіс, соңғысы-жеңіліс. Сонда шешендік сөздің екі жағы
бар екен: қисынды ой, көркем сөз. Қазақ би-шешендерінің шешендік
сөздері мен тағылымдары жасөспірім тәрбиесінде алатын орны
зор.
Сондықтан да, Жастар қарқынды
өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті
бола алуы үшін оқыту және оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізу
қажеттігін негіздеді.
Егер қазіргі жастарды
тәрбиелеуде және оқудан тыс мерзімде өткізілетін іс-әрекеттердің
өзара байланыстылығы ескерілсе, әрі оған жастарды баулуда шешендік
өнерді мақсатқа сай пайдаланса, болашақ ұрпақ бойында сөйлеу
мәдениетін жетілдіріп, шешендік өнерді оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды
қолдана білсек, онда жасөспірім балалар бойында адамгершілік,
патриоттық, эстетикалық қасиеттерді қалыптастыруға
болады.
Тіл дамыту жұмыстарын әр
сабақта жүргізіп отыру үшін мұғалім керекті дидактикалық
материалдарды, құрал-жабдықтарды күні бұрын дайындап, сабақты
қызықты, уақытты үнемдеп ұйымдастыра білуі
қажет.
Оқушылардың тіл байлығын
арттыруда лексиканың алатын орны
зор.
«Тілі дамымаған адамның ойы да
дамымайды» .Тілдері нашар дамыған, сөздік қорлары аз, өз ойларын
еркін жеткізе алмайды.
Қазақ тілінен тіл дамыту
жұмыстарын үнемі өткізу барысында шешендік өнерді насихаттап
отыру-басты міндет. Бала теориялық білім ғана алмай, тілі дамып,
сөздік қоры молайып, өткенді өмірде пайдалана алуы керек. Шешен
сөйлеу-оқушыны тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа адамға
толық, әрі нақты жеткізуге дағдыландыру, басқа адамдардың сөзін
жақсы түсінуге үйрету. Бұл жалпы тіл үйрету мақсатымен толық сай
келеді. Ол үшін ең бірінші оқушылардың алдында тұрған ұстаз да
әдемі, орынды, тапқыр сөйлеу алуы қажет.
Оқушының сөздік қорын үнемі
байытып отыру-шешендікке басты қадам. Сөздік қоры бай адамның ойын
анық жеткізу мүмкіндігі мол болады. Сөздік қоры бай адам ойын
жеткізуге ең керек сөзді таңдап қолдана алады, оның ойын дәл
білдіретін сөзді таңдау мүмкіндігі бар. Сондықтан лексика тарауын
оқытқанда оқушының сөздік қорын байытуға ерекше мән беру
керек.
Сөз байлығының аздығы,
оқушылардың өз ойын ауызша, әрі жазбаша, дәл, жүйелі, ықшамды етіп
жеткізуіне қиындық келтіреді. Сондықтан сабақта сөз өнерін үйретуді
ұйымдастырудың мәні зор. Біріншіден, ол оқушының сөз байлығын
молайтып, кеңітсе, екіншіден, үйренген сөздердің қатесіз, сауатты
жазуға бейімдейді, үшіншіден, сөзді үйрену арқылы бала тіл
нормасымен сөйлеп үйренеді.
Шешендік-сөзбен жүзеге
асыратын әрі сөзбен барша жетістіктерге жеткізетін өнердің
саласы. Шешен сөзінің дәлелдігін-оның
әділдікті жан-тәнімен қолдап қорғауы барлығына түсінікті болғанда
айқын көруге болады-деп Квинтилиан айтқан
екен.
Қорытынды.
ХІІ ғасыр ақпараттық
технология заманы деп, сөйлеу мәдениетін ұмытып кететін жағдайлар
туындауда. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында оқушыларды тапқырлыққа
жетелеу үшін шешендік өнермен ұштастыруымыз керек. Оқушының
тапқырлығын, логикасын дамыту мақсатында, мәселелік, ситуациялық
әдістерді кеңінен қолдану қажет. Деңгейлік тапсырмалар арқылы
оқушылардың білімін бекітіп қана қоймай, шығармашылыққа, шешендікке
жетелеуімізге болады. Ол үшін не істеу керек? Қалай үйрету керек?
деген сұрақтар туындайды. Мұғалімнің алған әр тапсырмасы мен
мысалдары оқушыны ойландыра алуы қажет. Мазмұнды тапсырмалар
оқушылардың қызығушылықтарын оятады. Оны орындай отырып оқушы
ойланады. Есте сақтайды. Сондықтан үзіндінің орнына кей жағдайда
қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді жиі пайдалану тиімді. Сөйлеу
мәнері ғана қалыптасып қоймай, тапқырлығын да көрсете
алады.