Материалдар / Орта ғасыр түркі жазба ескерткішіндегі мақал-мәтелдердің этнолигвистикалық мазмұны

Орта ғасыр түркі жазба ескерткішіндегі мақал-мәтелдердің этнолигвистикалық мазмұны

Материал туралы қысқаша түсінік
Түркі тіл білімін зерттеушілерге арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
31 Мамыр 2024
183
1 рет жүктелген
1300 ₸
Бүгін алсаңыз
+65 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +65 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Уразгалиева Мира,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

2-курс магистранты


Орта ғасыр түркі жазба ескерткішіндегі мақал-мәтелдердің этнолигвистикалық мазмұны


Түркі халықтарының ұлттық мәдениетінде, рухани өмірінде түрлі этникалық, шаруашылық тұрпаттардың (көшпелі, жартылай көшпелі, егінші, мал шаруашылығы және т.б.), діни ілімдердің (ислам, буддизм, бақсылық, православие) және өмір сүру жүйелерінің (этикет, білім беру, халық өнері және т.б.) бірлігі мен өзара байланысы шоғырланған. Түркі халықтарының ұлттық мәдениеті терең түрде синкреттік, полисемантикалық болып келеді және оның тұжырымдамасы көптеген, алуан түрлі дүниетанымдық, тілдік, философиялық, эмоционалды-экспрессивті, мән-мағынасы бар және өзгеде бірліктерден құралады. Түркі мәдениетінің негізгі парадигмаларын неғұрлым объективті ұғыну орасан зор кеңістікті, әр түрлі этникалық, уақыттық, жергілікті компоненттер мен дала өркениеті иелерінің дара болмысын сипаттайтын ерекшеліктерді қамтитын ұғымдар кешенімен байланысты.

Түркілердің шынайы өмірлік жағдайлар негізінде қалыптасып, этнос болмысымен, дүниетанымымен біте қайнасып кеткен паремиялардың тарихи даму үдерісінің ХІ-ХІІ ғасырлардағы қалып күйін көрсететін орта хасыр түркі мұралары «Диуани лұғат-ит түрк», «Құтадғу біліг», «Һибат-ул хақайиқ», «Диуани хикмет» ескерткіштері тіліндегі мақал-мәтелдердің сандық сипаттамасын жасау жалпытүркілік мақал-мәтелдер қорының хронологиялық-статистикалық ерекшеліктерін анықтаумен қатар тілдің көркемдік деңгейін, халықтың бейнелі ойлау жүйесінің даму үдерісін анықтауға да ықпал ететін маңызды мәселе.

Халық даналығының ұйтқысы, халық рухының айнасы болып табылатын мақалдар-мәтелдер тілдегі ерекше құбылыс. Мақал-мәтелдерге «Мақал дегеніміз өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы байымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы, ал мәтел дегеніміз – халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіруі жоқ, ықшам да кестелі халық сөзі» [1] деп анықтама берілуінің өзі барлық паремиялардың салмағының ерекшелігін, олардың жалпы сөздік қордағы сандық үлесін шамалап, анықтаудың қажеттілік деңгейін айқындайды.

«Диуани лұғат-ит түрк», «Құтадғу біліг», «Һибат-ул хақайиқ», «Диуани хикмет» шығармалары тіліндегі мақал-мәтелдердің мол қолданылуы ХІ-ХІІ ғғ. түркі әдеби жазба тілінде ғана емес жалпыхалықтық ауызша тілде де халықтың бейнелі ойлау жүйесі мен тіл көркемдігін сипаттайтын паремиологиялық қабаттың толық қалыптасқанын айқындайды. Себебі жазба тілдің арнасы, негізі халықтың ауызша тілі. Аталған төрт ескерткіш тіліндегі паремияларға статистикалық талдау жүргізу нәтижесі түркі халықтарының ұлы тұлғалары Ж.Баласағұн, М.Қашқари, А.Йүгнеки, А.Йассауи тілдерінде 1000-ға жуық мақал-мәтелдер қолданылғанын көрсетіп отыр.

«Тіл этнос болмысын танып білудің қайнар бұлағы» қағидасын ұстанатын қазақ этнолингвистикалық мектебінің негізін салушы академик Ә.Т.Қайдар этнос болмысын халықтың тұтас мәдениеті мен дүниетанымы құрайтынын, яғни, тіл біліміндегі этнолингвистика саласын тек этнографизмдермен, жергілікті тіл ерекшеліктерімен шектеуге болмайтынын көрсете отырып, этнос болмысына «этностың ұлттық бейнесі, тарихи тұлғасы және ол туралы реальды шындық, басқаша айтқанда, этнос болмысы дегеніміз – этностың сонау балаң кезінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өмір-тіршілігінің айнасы» [2, 11-б.] деп анықтама береді. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика саласы да осы бағытта дамып келеді. Этнолингвистика мен лингвомәдениеттаным белгілі бір дәрежеде ортақ мақсаттарды көздей отырып, классификациялаудың өзіндік ұстанымдарымен ажыратылады. Этнолингвистикалық классификация бойынша «Тіл әлемі «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үлкен үш салаға жіктеліп, олар өз ішінде 30 макротопқа, әрі қарай 200-дей микротоптарға ажырайды. Макротоптар өзара жүйелі қатысты принцип негізінде, ал микротоптар бір-бірімен сатылы қатысты принцип бойынша топтастырылады» [2, 19-б.] Макродан микроға ұстанымы құрылымдық лексикологиядағы лексика-семантикалық топтарға жіктеу категориясымен, антропоөзектік лексикологиядағы прототиптер теориясына негізделетін категориялау принципімен сабақтасады.

ХІ-ХІІ ғғ. мұралары «Диуани лұғат-ит түрк», «Құтадғу біліг», «Һибат-ул хақайиқ», «Диуани хикмет» ескерткіштері тіліндегі мақал-мәтелдерді этнолингвистикалық классификацияның ұстанымдары бойынша бірнеше макротоптар мен микротоптарға жіктеледі: ТабиғатАдамҚоғам; Адам→моральдық құндылықтар→әділдік, жауапкершілік, жомарттық, еңбекқорлық, батылдық т.б.; Адам→адамгершілікке жат қасиеттер→ әділетсіздік, қиянатшылдық, өтірікші, мақтаншақтық, сараңдық, қорқақтық, надандық т.б.; Адам→отбасылық құндылықтар→әке→ана→ұрпақ; Адам→ атакәсіп; Қоғам→діни құндылықтар; Қоғам→билік; Табиғат→жануар→үй жануарлары; Табиғат→жануар→ жабайы аң, құстар т.б.

«Адам» макротоптары кездесетін жырлардағы мақал-мәтледерге тоқталар болсағ, отбасы жайлы, отбасы құндылығы көрінетін мағал-мәтелдерді көптеп кездестіреміз. Халқымыздың сонау замандардан келе жатқан киелі шаңырағы, қасиетті ұрпағы, олардың рухани байлығы мен өмір-тіршілігі келер ұрпаққа өнеге. Түркі жұртының бағзы замандардан келе жатқан осынау бай тарихын сол замандарда өмір сүрген ғұламалардың ұрпағына, яғни біздерге қалдырған ескерткіштерін көріп, кең мағлұмат аламыз.

Жалпы отбасы – туыстық байланысы бар адамдардан тұрады. Енді сол жақындық атауларын жазба ескерткіштерде кездесетін мақал-мәтелдерде берілуіне мән береміз.

Ағайын, дос-жаран

Адаш/ағайын. Adaš koldaš erdeš tutundï kalïn, Adaš koldaš ol erke arka bilin (ҚБ, 187-бет) `Тұтас болса ағайынның арасы, Ала алмайды жәдігөйдің жаласы` (АЕ, 221. XXVI. 1697-бәйіт). қазақ тілінде: Ағайын тату болса жау алмайды; Kadašlïg kiši küsi čavï bedük, Adašlïg kiši atï savï bedük (ҚБ, 324-бет) `Қайраты зор туысы бар кісінің, Айбаты зор достары бар кісінің!` (АЕ, 348. XXXVІІІ. 3173-бәйіт). қазақ тілінде: Досы көпті жау алмас, ісі ақты дау алмас; Kadašïng yok erse yorï tut adaš, Adaš edgü bolsa bu boldï kadaš (ҚБ, 324-бет) `Туыс жоқта – туыс болсын ер, жолдас, Ізгі досың бауырыңнан кем болмас` (Қарындасты ер қалың жаудан қашпайды, Қарулас ер – досын ойлап, саспайды. Туыс болса – мығым, берік тұрарсың, Досың болса – бейне ордалы шынарсың!) (АЕ, 348. XXХVІІI. 3174-бәйіт). қазақ тілінде: Жаман туыстан жақсы жолдас артық [4, 87-б.].

Жоғарыда берілген adaš сөзі қазірде адамға өмірдегі сырлас, адал жан ретінде келетін дос мағынасында жұмсалады.

Туыс. Taam tapsang canïng birle kïlğïl mihman (ДХ, 1-х,8-б) `Туыс тапсаң жан-тәніңмен қылғын мейман`. қазақ тілінде: Туыс тапсаң жан-тәніңмен қылғын мейман.

Бауыр. Bagïrsaknï ögdi ukušlug öküš, Bagïrsak kišiler kišike küsüš (ҚБ, 212-бет) `Бауырмалды ақылды көп мақтаған, Мейірлі ерді ел де сүйіп жақтаған` (АЕ, 244. XXVIIІ. 1946-бәйіт). қазақ тілінде:Бауырмалды ақылды көп мақтаған, Мейірлі ерді ел де сүйіп жақтаған [4, 89-б.].

«Адам көркі – шүберек» демекші адамға көрік беретін сән өнері де қоғамдық мәдениеттің дамуымен тікелей байланысты. Халықтың ұлттық киімдерінен, таққан әшекейлерінен, ұстанған заттарынан оның тарихын, көне дәстүрлерін көре аламыз. Себебі онда халықтың талғамы, өмір сүру салты суреттеледі.

Киім-кешекке байланысты атаулар кездесетін мақал-мәтелдер:

Ömlüg. Bütün ömlüg qanša qolsa olturur `Ыштаны бүтін қалай қаласа, солай отыра береді; ыштаны бүтін қалаған жеріне отырар. Бұл мақал күнәсіз, пәк адамды ешқандай жала, өсек қаралай алмайды деген мағынада` (ДЛТ,І,265). Бұл мақал қазірде сөзбе-сөз кездеспесе де, қазақ тілінде «Ақтың отын ақымақ өшірмес», т.б. мағыналас мақал-мәтелдер кезедеседі.

Kejim, ton. Kejim ton tolusï könilik tonï (ҺХ, 29-бет) `Киім-кешектің көріктісі – әділдік киімі`. қазақ тілінде: Киім-кешектің көріктісі – әділдік киімі.

Kejim вариантынан қазақ тіліндегі вариантының айырмашылығы е-і, и-і сәйкестігінде ғана. Бұл сөздің түбірі кед’з’ (кию) етістігі де ескерткіштерде үш вариантта жарыса қолданылған: кед’з -кет-кей. Жіңішке д’з’ аффрикаты сөз ортасында, сөз аяғында көбірек ұшырасады. Ал тон сөзінің мағынасы бұл жерде киім атаулыны білдіреді. Қазақ тілінде қыста киетін қалың бір киімнің атауы [4, 94-б.].

Әшекей атаулары кездесетін мақал-мәтелдер:

Ötlüg jinžü jerde qalmas `Тесік інжу жерде қалмас. Бұл мақал кәнизәктар қыз күйінде қалып қалмайды, оларға да үйленетін адам шығады деген мағынаны мегзейді` (ДЛТ,ІІІ,43). қазақ тілінде: Тесік моншақ жерде қалмас; түрік тілінде: Delikli taş/boncuk yerde kalmaz; оңтүстік Әзірбайжан тілінде: Delikli muncuk yerde kalmaz; солтүстік Әзірбайжан тілінде: Deşikli muncuk yerde kalmaz; қырым татарларының тілінде: Teşik taş yerde kalmaz; қырғыз тілінде: Üttüü monçok cerde çatpayt; өзбек тілінде: Telik munçok yerda kolmaz; түркмен тілінде: Deşikli daş yerde yatmaz, oğlan oynar çöp ötir.

Қазақта «Кәсіп түбі – нәсіп» деп, кәсіпті халықтың әл-әуқатын жақсарту жолындағы күш ретінде жоғары бағалаған.

Бөрікші. Таz кеlікі börікšіgе `Таздың келері бөрікші. «Таздың барар жері бөрікшінің дүкені» деген мағынаны айтпақшы` (ДЛТ,І,52). қазақ тілінде: Бидайдың барар жері диірмен; түрік тілінде: Tilkinin dönüp dolanıp geleceği yer kürkçü dükkanıdır; солтүстік Әзірбайжан тілінде: Tülkünün gedib-gedeceği kürkçü dükanıdır./ Başacığın kaçacağı börkçü dükkanıdır; қырым татарларының тілінде: Tilkinin aylanıp, üyrülüp kelecek ceri kürkçü tükanı.

Диқан. Ašïk ermez cananğa can bermese, Dehkan ermez ketman čapïp nan bermese (ДХ, 139-х, 116-б) `Ғашық емес іңкәріне жан бермесе, Диқан емес кетпен шауып нан бермесе`. қазақ тілі: Ғашық емес іңкәріне жан бермесе, Диқан емес кетпен шауып нан бермесе [4, 96-б.].

Мақал-мәтелдер – тіл өкілінің өзін-өзі тануына, адамзат қауымына тән ортақ көзқарас пен құндылықтарды бағалауына «олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдап беруіне көмектесетін тіл фактілері» [5, 50-б.]. Орта ғасыр ескерткіштері тіліндегі адам, адамгершілік қасиеттер, адамгершілікке жат немесе жаман қасиеттер, адам өмірінің мәні болып табылатын отбасы мен туыстық, адам/отбасы тіршілігінің көзі – ата кәсіп, адам тұтынатын киімдер мен әшекейлер т.б. заттар мен құбылыстарға қатысты мақал мәтелдер ХІ-ХІІ ғасыр түркілері тіліндегі Адам жүйесіндегі адамгершілік құндылықтардың паремиологиялық моделін сомдайды.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Әлімбаев М. Өрнекті сөз – ортақ қазына. –Алматы: Жазушы, 1967. –185 б.

  2. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы:Ана тілі, 1998. – 304 б.

  3. Құлжанова Б.Р. ХІ-ХІІ ғасырлардағы түркі әдеби ескерткіштері тіліндегі зат есімдер: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 132 б.

  4. Алашбаева Ж.Н. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі паремиологиялық жүйе (ХІ-ХІІ ғғ). – Нұр Сұлтан, 2020.

  5. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы. Алматы: Толағай, 2004. 560 б.




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ