Материалдар / «Отбасы – өмір аясы». баяндама
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

«Отбасы – өмір аясы». баяндама

Материал туралы қысқаша түсінік
әлеуметтік педагогтарға
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Шілде 2020
2614
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«Отбасы – өмір аясы».

        

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасыдан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.  «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен  қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде  отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала.  Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

       Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп-инабат үрдістерінің қаншалық кең жайылып, терең тамырлануы, ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде  ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, олардың өздеріне деген қарым-қатынастарында  мүлтіксіз жүзеге асырып отыруларына байланысты. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі  - баланың ата-анасын     ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігін, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі. Отбасы кіші микро орта ретінде баланы біртіндеп қоғамдық ортаға бейімдеу қызметін атқаруға мүмкіндігі жоғары және баланың өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымын кезеңді жүзеге асыруда. Сондықтан да мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру, соның нәтижесінде ата-ананы баланың алғашқы ұстазына айналдыру мақсатында ұйымдастырылатын семинар тренингтердің маңызы орасан зор. Бала – ата- ана өмірінің жалғасы.    Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Жазушы – педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді», дей келе:

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп

Кешкенің өмір босқа тек - деп, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі, бойын түзейді.

Әуелі, Әлеуметтік педагогика - жеке тұлғаның тәрбиесі мен қалыптасуына әлеуметтік ортаның әсерін зерделейтін, әлеуметтік ортаның нақты шарттарын есепке ала отырып жеке тұлғаға тәрбие беруін оңтайландыру бойынша іс-шаралар жүйесін әзірлейтін педагогиканың бір саласы екендігін, ал әлеуметтік педагог - әртүрлі әлеуметтік-мәдени ортада балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырушы маман. Әлеуметтік педагог жеке тұлғаның психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері мен оның қызығушылықтары мен қажеттіліктерін, мінез-құлығындағы ауытқуды анықтай отырып, оны қоршаған микроортаны зерттейді және балаға уақытында әлеуметтік көмек пен қолдау көрсететін маман екендігін айқындап алған дұрыс. Ал «бала» ұғымына түсінік берсем, Өз елінің заңына сай 18 жасқа толмаған әрбір адам бала болып табылады, және ол Конвенцияда бекітілген құқықтарға ие.

        Әлеуметтік педагогикада отбасының әлеуметтендіру процесінде атқаратын бірқатар қызметтері анықталған (Ф.А.Мустаева), олар:

Біріншіден, адамның дене және эмоционалдық дамуы жүзеге асады. Балалық шақтағы және ерте жастық шақта қабылдайтын мүндай әсерді тек отбасы ғана бере алады, басқа әлеуметтендіру институттары мұндай қызметті жүзеге асыра да, орнын толтыра да алмайды. Балабақша кезінде, кіші мектеп жасында және жеткіншек жас кезеңінде де отбасы баланың әлеуметтенуі үшін, маңызды әлеуметтендірушілік рөлді атқарады, әйтсе де бірден-бір орта болудан қалады. Басқа да әлеуметтендіру институттарының қызметінің ықпалы қосарлана бастайды, бірақ қарттық шақта қайтадан бірден-бір әлеуметтендіру ортасы болады.

Екіншіден, бала өмірінің алғашкы үш жылындағы оның жыныстық психологиясының қалыптасуында отбасы маңызды рөл ойнайды. Әкенің ұлына немесе қызына деген жеке қатынасы шешуші міндетті атқарады, яғни әкенің ұлының агрессивті қарым-қатынасы мен кызының нәзік әрекетіне деген жеке қатынасы мен көзқарасы, олардың жыныстық санасының қалыптасуына түрткі болады. Ана, әдетте балаларының бәріне бірдей мейірімділікпен қатынас жасайды. Отбасындағы әкенің бала әрекетіне немқұрайлы қарауы немесе отбасында әкенің жоқтығы баланың жыныстық әлеуметтену процесінің өтуінде проблема туғызады.

Үшіншіден, баланың ақыл-ойы жағынан дамуында да отбасы жетекшілік рөл ойнайды, сонымен қатар әлеуметтенудің барлық кезеңдерінде баланың мәдениеттік қарым-қатынастың мөлшерін сезінуіне және меңгеруіне ыкпал етеді.

Төртіншіден, отбасы адамның отбасылық рөлдерді орындаудағы әлеуметтік нормаларды меңгеруінде де маңызды орынға ие.

Бесіншіден, отбасылық және ұлттаралық қатынастарға бағытталған және балалардың өмірлік стилін, өмірлік жоспары мен оған жетуге апаратын өмірлік талпыныстарын, кызығушылық деңгейлерін анықтайтын құндылық бағдары да осы отбасында қалыптасады.

Алтыншыдан, адамға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету отбасына тән, бұл сипат баладағы өзіне деген бағаға, өзін-өзі құрметтеу деңгейіне, өзін-өзі қабылдау шарасына, өзін-өзі жүзеге асырудың тиімділігі мен аспектілеріне байланысты болады.

Осы орайда Ш.Монтескьенің: «Адамдар да өсімдік тәрізді, жақсы күтілмесе жайнап өспейді»,- деген сөзін негізге ала отырып, қай елдің болмасын болашағы біздің өсіріп отырған бала екендігін білеміз. Ал баланың күтімі дұрыс болмаса, елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ.

Ж.Аймауытов “Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен” дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.

Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. “Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. “Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. “Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді” деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…” – деп автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып берді. Ол отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады. Сонымен қатар, Ж.Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасыдан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді. Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады. Ж.Аймауытов “Тәрбиенің негізгі мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу” деген қағиданы қуаттай келіп, “Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, не іспен көрсету керек” – дейді.

Отбасы тәрбиесінің, ата-ананың әлеуметтік-жауапкершілік қызмет-әрекеті ретінде басты құқықтық негізі бар. 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Бала құқығы туралы конвенция» маңызды негізгі құжат болып табылады. Онда «Балаға, дене жағынан және ақыл-ойының жетілмегендігінен, арнайы қорғау мен қамқорлық, соның ішінде, оны туылғанға дейін және туылғаннан кейін тиісті құқықтық қорғау керек», - деп жазылған.

Баланың өмір сүру, тіршілік ету және салауатты даму құқығын жариялай отырып, Конвенция баланың жеке  тұлғалық дамуында өзінің дербестігін, даралығын сақтау құқығына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ баланың ата-анаға деген құқығы да ескеріледі. Ата-ана «баланың мақсат-мүддесі үшін қажетін» орындамаған жағдайда ғана өз құқықтарынан айырылады.

Толық емес отбасы дейміз, бұндай отбасында бала қалай тәрбиеленуде? Жанұяда баланың барлық тауқыметін анаға жүктеп, өзін ұрпақ тәрбиесінен аулақ ұстайтын қауқарсыз әкелер немесе тастап кететін әкелер және ерлі–зайыптылардың ажырасуы бала тәрбиесінің үлкен соққысы. Олардың жанұядағы тәрбиеге ықпалы болмағандықтан балалар үшін беделі де болмайды, ұлы мен қыздары да сыйлаудан қалып, әке тәрбиесі деген ұғымнан алшақтап кетеді. Мұндай жанұяда ана әкенің де, шешенің де орнын толтыруға тырысады. Сөйтіп жүйкесі шаршаған ана ашу-ызасын айналасындағыларға, бәрінен бұрын өз балаларына төгеді. Содан келіп баланың санасы да, тәлім–тәрбиесі де төмендей бастайды. Баланың тәртіп бұзушылығы әкелері тәрбиеге араласпайтын жанұяда жиі кездеседі. Ал, бала болса «Менің тату отбасым» атты тақырыптарда өз ойын айтуға қысылады немесе сөзді басқа жаққа аударғысы келеді. Мәселен, қазір мектептерде педагог-психологтар жылдық жоспарларына сәйкес жұмыс жүргізеді. Олардың жылдық жоспарында «Менің әкем», немесе «Біз бақытты отбасымыз», т.б. тақырыптарда сурет салу, дискуссия жүргізу бар делік. Ал сыныпта ата-анасы ажырасып кеткен оқушы бұл тақырып қозғалғанда өзін ыңғайсыз сезінеді. Керек десеңіз осындай жағдайдан соң, іс сотқа дейін жеткен оқиғалар да бар. Мұндай жағдайдың ушығып, белең алуының бірден-бір себебі - ата-аналардың қоғамдық, әлеуметтік сауатсыздығында деп ойлаймын. Негізі, қазақ халқында «ажырасу», «жартылай отбасы», «жал­ғыз басты ана», «қарттар үйі», «сәбилер үйі», «жетімдер үйі», «балалар үйі», «азаматтық неке» деген ұғымдар мүлде болмаған. Сондықтан, біздің қанымызға жат дүние қоғамымызға енгенімен, жүрегімізге кірмегенін түсіндім. ХХ ғасырдың басында жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» мен Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалынан» қазақ қоғамында қазақ қыздарының өз бақыты үшін күресі басталғандығын байқаймыз. Осы тектес шығармалардың өзінен әйел теңсіздігі, қыздардың өз бақытын іздеуі секілді әрекеттерден халық шошынған, сондай әрекетке барып, күрескендерді елден қуып жіберген. Бақандай бір ғасыр өтсе де, қоғамдағы көзқарастың өзгермегенін бүгінде байқаймыз. Ал оның зрдабы өзіміздің балаларымызға тиіп жатқанын байқамаймыз да.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отан отбасынан басталады» дана халқымыздың осы сынды мақал-мәтелдері ежелден күнделікті өмірде, салт-дәстүрлерде өз көрінісін табады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп тұжырымдаған бабаларымыздың бұл жазылмаған заңдылықтары қазірде қаншалықты сақталуда?

Толық емес отбасының әрқайсысы өз ерекшеліктері мен бала дамуына да әсері әр түрлі болады:

  • ажырасқан отбасыларда жасөспірім көп жағдайда ата-анасының конфликтілі дисгармониялық қарым-қатынасына куә болады;

  • жалғызбасты ана немесе әкелердің толық отбасы болған кездерін еске түсіру көбіне жағымды эмоциялар тудырады;

  • анасымен ғана болатын балалар – нақты, реалды отбасылық қарым-қатынас, отбасылық қызметтерді сезінбейді.

Қазіргі кезде тек қана аналары бар отбасылар саны көбейіп келеді.

«Толық емес» немесе «ажырасқан отбасы» бұл сөзді естіген құлаққа үйреншікті дүние деп қабылданатын болды. Алайда, осындай отбасында тәрбие көрген баланың психологиялық денсаулығы, өмірді қабылдауы ерекшеленетіні сөзсіз. Бала үшін отбасы  – ол жылулық пен мейірімділіктің, махаббаттың көрінісі, баланы ол жерде әрдайым күтеді, кез-келген жағдайда балаға қамқорлық көрсетеді. Бұл – идеалды көріністегі отбасы. Толық отбасынан толық емес отбасына айналу –  ата-анаға да, балаға да ауыр соққы. Алайда, ата-ана қалыптасқан тұлға ретінде өз істеріне жауап бере алады. Ал бала даму үстінде, оның жан дүниесіне, өмірге деген көзқарасына кез-келген нәрсе әсер етеді. Толық емес отбасындағы бала үшін ең бірінші соққы, ол  – ата-ананың жиі ұрыс-керісі, әкенің не ананың ішімдік ішуі, әкенің анасына қол көтеруі. Бұл жағдайда отбасы өзінің қамқоршы функциясын жоғалта бастайды. Ашу үстіндегі ата-ана өз өшін балаға ұрсу, балағаттау арқылы шығарады. Келесі соққы ол – ажырасу. Бала үшін ана – жарық күн болса, әке – асқар тау. Жанына жақын екі адамның бір-біріне деген ренішін көрген бала, екі оттың ортасында қалғандай болып өз-өзін кінәлі сезінеді. Қолынан ештеңе келмейтіндей сезініп, өз ойын ашық жеткізуге жүрексініп, жасық болып өседі.

Толық емес отбасындағы балалар толық отбасындағы балаға қарағанда, өзін кем санай бастайды. Сондықтан баланы ақыл-оймен, төзімділікпен, психологиялық тәрбиемен бағыттау қажет. Тәрбиелікке жету оңай емес. Балаға ең бірінші әділетті қоғам мен өмір сүрген ортасының имандылық тәлімі қажет. Тәрбиелі адам – шынайы парасат пен мінезге бай болатыны белгілі. Екінші бір бала тәрбиесіндегі тәрбиелікке үйретудің пәрменді тәсілі – адамдардың балаға тәлім етер жеке бастарының үлгісі, олардың өзара сүйіспеншіліктері, айналасындағы жандармен сыйластықтары, тіпті олардың табиғатқа деген көзқарастары. Сондықтан да халық даналығы «Адамнан адам тәлім алады, ағаштан ағаш мәуе алады» деп бекер айтпаса керек.

Ажырасқан отбасылардағы бала психологиялық көмекке зәру болады. Қазіргі тұрмыс-тіршілігімізде эмоциялық дауылдар мен кездейсоқ кереғарлықтар тым көбейіп отыр. Бүгінгі таңдағы ұрпақ тәрбиесін қиындатып отырған негізгі себептердің бірегейі деуімізге әбден болады. Баланың жанын жаралайтын ажырасудың нәтижесіндегі психологиялық жаман әсерлер үнемі жалғаса берсе, оның ішкі қарсылығын оятып, бірте-бірте тұрақтанған қарама-қайшылықты мінез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейін ол ешқандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады. Жалпы ішкі қарама-қайшылықтары мол адамдар ашуланса да, өкпелесе де, өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ әуреленеді.

Кейбір жағдайларда бала ата-анасының ажырасуында өзін кінәлі деп санап, әкесін (немесе анасын) ұстап қала алмағандығын қатты қайғырады.

Бір балада мұң басым болса, басқасында ол ашу-ызамен көмкеріледі, үшіншілері өздерін кінәлі сезініп, өз-өздерін ұяттымын деп ойласа, төртіншілері әкесімен қоса анасын да жоғалтып аламын ба (?) деген қорқынышпен әкесінің кеткеніне не ашуланарын, не мұңаярын  білмей қиналады. Эмоциялар әр индивитте әртүрлі көрінуі мүмкін – мұң, қайғы, ауырсыну сезімдері, ашу-ыза, кінә сезімі және қорқыныш – бұлардың барлығы баланың ата-анасының ажырасуына көрсететін қалыпты реакциялары.

Бұлар тек жай ғана реакциялар емес, егер бала психикалық жағынан сау болса, онда осы эмоциялардың біреуіне ғана жауап қайтару керек, яғни реакциясы бір түрде ғана болуы қажет.

Ажырасудан кейінгі күйзелісті барынша жеңілдету үшін баланың үйден бөлек кеткен әкесімен (анасымен) ашық сөйлесіп, бос уақыттарын бірге өткізуі, материалдық және рухани жағынан қамтамасыз етіп, баланың өзіне керек екеніне, қандай жағдай болмасын әкесі (анасы) баласын жақсы көретінін сездіртуі маңызды.

Әсіресе, толық емес отбасында ұл балаларға өте қиын болады: олар қоғамды әйел билейді, ал ерлер ешкім емес деген ойға келуі де мүмкін. Осыған қарамастан олар өз аналарын қорғаумен болады да, өз жеке өмірлерін елестете де алмайды. Нәтижесінде, олар өздерінің гетеросексуалды құмарлықтарын сезінбейді де. Кейбір жағдайларда керісінше, жасөспірімдер аналарына қарсы шығып, үйден қашуы да мүмкін. Осының барлығының нәтижесінде жасөспірімдер әйелдерге жаман іс-әрекет жасауға бейім болып тұруы да осыдан.

Отбасыдағы ата-ананың ажырасу жағдайы тек ұл балаға ғана әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар қыз балаларға да біршама кері әсер етеді. Қыз балаларға да, ұл балаларға секілді әйел мен ер адамның қарым-қатынасы туралы бұрмаланған түсініктер тән болады. Нәтижесінде олардың жыныстық идентификациясы өте өзгермелі келеді. Егер бала мен оның ата-анасы әртүрлі елдерде тұратын болса, онда олар қарым-қатынастарын жалғастыруы үшін елдер арасындағы шекараларды өтіп тұруға мүмкіндіктері болуы қажет екендігін бала құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияда тектен-текке айтпаса керек-ті.


Ажырасқан отбасындағы баланың жан дүниесі жарақаттанады. Үлкендер жағы өздерінің қателіктерін мойындаумен қоса, баланы тыныш қалпында қалдырғаннан артық шара жоқ. Ендігі жерде әке де, шеше де баламен достасуды ойлау керек. Осының бәрін табиғи қалыпта дамытуды ескерген жөн. Мұндай өзгерістер мен игерулердің жалпы жағдайы мөлшермен төмендегідей сипатта болуы мүмкін:

баланы міндетті түрде тәрбиелеу қажет. Ал, қайыра жаңа көзқараспен тәрбиелеу үшін, үлкендер жағы үзілді-кесілді өздерін тексеру қажет. Баланың келешегіне керек ендігі тәрбие, соншама үлкен тазалықты талап етеді.

  • ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл – баланың келешігін сындыру мен құрту деген сөз;

  • үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жасытып жөндеймін деу, барып тұрған надандық. Тек қана мейірімділік пен сүйіспеншілік екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін бірден ұққан жөн;

  • психологиялық түзету жүргізетін кезеңдердің бәрінде де, басынан бастап, тек қана төзімділік керек. Тәрбиелік іс-әрекет үстінде – сабырлы ілтипат, салқынқандылық, ұстамдылық қажет;

  • баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсете отырып, өзара қарым-қатынастың жетістігі дәлелді де, мазмұнды болғаны жөн. Жеткен жетістіктер әділетті бағаланғанымен, тым асыра мадақтаудың да орын алмауын қадағалау есте болды. Артық айтқан мақтау сөз, ешқандай жақсылық әкелмейді.

Бұл бір жақты пікір. Екінші жағынан қарастыратын болсақ, жоғарыда айтып кеткенімдей, бала ата-анадан көргенін жасайды. Ал әкесі нашақор, маскүнем, үйде күнде жанжал шығаратын болса, ұрып-соғып, күш көрсететін болса. Мұндай жағдайды күнделікті көріп өскен баланың санасы мен жүрегіне осы жағдай қалыпты жағдай болып сіңіп кетпеуіне кім кепіл? Сондықтан кей жағдайда аналар балаларының болашағын ойлап ажырасуға бел буады. Осыған орай, кейбір ажырасқан отбасының балалары анасына қолқанат екендіктерін түсініп, ерте ақыл тоқтатып, өздеріне үлкен мақсат қоя отырып, мойындарына міндет жүктейді. Сенетін асқар тауларынан айырылғандықтан, нақты мақсат, жоспар болғандықтан бұл балалар үлкен жетістікке жетеді. Дегенмен, бұл отбасындағы балаларда да жан дүниесінде белгілі бір уайым мен ауыртпалық болады.



Қорыта келе, ажырасудың бала психологиясына әсері ауыр болатыны сөзсіз. Ол болашақ тұлғаның қалыптасуына кедергі келтіріп, әрі болашақта сол баланың отбасын құруға деген қорқынышына әкеп соғуы мүмкін. Егер баланың санасын таза кітапқа теңесек, оның авторы – ата-ана, редакторы – мұғалімдер мен психологтар, көркемдеуші редакторы – айналасындағы достары мен қатарластары. Сондықтан толық емес отбасындағы балалардың санының азаюы мен сапасының жақсыруы үшін, тек психологтар емес қоғам болып бірге ат салысуымыз, біздің қазақ бабаларымыздың асыл мұрасын жалғастырушы ұрпақ ретіндегі парызымыз. Отбасылық өмірге аяқ басқан ерлі-зайыптылар, бір- бірі үшін және болашақ ұрпақ үшін жауапкершілігі барын сезініп,балаларына үлгі-өнеге көрсете отырып, отбасын өмірінің бар байлығы, құндылығы ретінде қабылдаса, болашақ ұрпақ та, қоғам да жақсарады деп сенемін. Әлемді жақсы жағына өзгерткің келе ме, онда өзіңнен баста!





Пайдаланылғн әдебиеттер:

  1. Аймауытов Ж. Шығармалары. – Алматы: “Жазушы”,

  2. Қ.Т.Әтемова //Әлеуметтік педагогика//Алматы, 2012.

  3. Бала құқықтары туралы Конвенция

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!