Тақырыбы: Өзіңді де, өзгені де
аяла.
Сабақтың мақсаты:
Балаларды «қамқорлық», «өзіне және өзгеге» деген
қамқорлық ұғымдарымен таныстыру, балалардың санасына, өзіне жақын
туыстарына, достарына деген қамқорлық сезімін қалыптастыру және
дамыту.
Әдістер: әңгімелесу, түсіндіру, интерактив әдіс, оқулықпен
жұмыс.
Құрал-жабдықтар: үнтаспа, компьютер, интерактивтік
тақта.
Сабақтың барысы:
-
Шаттық шеңбері
Қайырлы күн балалар! Осындай, мейірімді, ақылды,
қамқоршыл, қайырымды оқушыларымды көргеніме қуаныштымын. Ал енді
бүгінгі сабаққа келіп отырған қонақтармен сәлемдесейік! Сәлемдесу
адамгершіліктің, инабаттылықтың, ізеттіліктің
нышаны.
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Үлкендерді құрметтеп,
Бас иеміз біз!
Мына шуақты күннің жылы шыраймен мейірім шашып,
мәз болып қуанып тұрғанын қараңдаршы! Ендеше бізде оған күлімсіреп
жылы сәлем берейік. Міне, тамаша!
Енді, кәнекей бір-бірімізді қарсы
алайық!
Біздер тағы біргеміз,
Сөгілмейді іргеміз.
Құшып күннің шуағын,
Көрісеміз қуанып.
Ал, балалар сендердің көңіл күйлерің
қандай?
Ал, енді мен сендерді ыңғайлап
отыруға шақырамын(слайд көрсету). Көздеріңді жұма
қойыңдар.
2. Тыныштық
сәті
- Балалар, қазір біз бір сәтке
өзімізді әртүрлі жемістерге, гүлдерге толы бау-бақшада тамаша әуен
тыңдап, демалып отырғанымызды елестетейікші! Ол бақтың ішінде әні
сырнай тәрізді әнші құстар, әдемі көз тартар гүлдер, ыстық күнде
айналасын көлеңкемен көмкеріп тұрған үлкен ағаштар бар. Ауасы
қандай тамаша десеңші! Желпіп тұрған самал жел. Көлеңкенің астында
отырып, самсап тұрған жеміс ағаштарынан тәтті жемістерді үзіп алып
жеуге болады. Мөлдір таза бұлақтың суын ішіп, шөлімізді қандырамыз.
Осы тамаша сиқырлы бау-бақшаға келген адамдардың бәрі мейірімді,
қамқоршыл болып келеді. Бұл сиқырлы бақша. Өйткені, мұнда данышпан
қария өмір сүріп келеді. Ол қария сендер сияқты жақсы, ізетті
балаларды жақсы көреді. Егер оның жанына барып: «Ассалаумағалейкум
ата!» деп сәлем берсеңдер, ол өзінің жылы алақанымен сендердің
бастарыңнан сипап батасын береді. Ал енді қарияның батасын алып, өз
сыныбымызға қайта оралайық! Енді сендер, одан бетер мейірімді,
инабатты, ізетті, тәртіпті бала боласыңдар. Енді көздеріңді ашып,
қолдарыңды жоғары содан кейін екі жаққа созыңдар, терең демалыңдар,
міне тамаша!
- Балалар тыныштық сәтінде
сендердің көз алдарыңа не елестеді? (балалар
жауабы)
- Сендер қандай жерде
болдыңдар деп ойлайсыңдар? (балалар
жауабы)
Енді мен сендерге
Қ.Мүсіреповтың «Алғысын ал атаңның» деген өлеңін оқып
берейін.
Балам, атаң жүрем
дейді,
Атын ерттеп болдың
ба?
Саған қарап
күбірлейді.
Келеді әне ол
мұнда.
Атаң атын ерттеп
берсең,
Ұқыпты бол аса
өзің.
Қолтығынан мен
көтерсем,
Үзеңгісін бас
өзің.
3.Әңгімелесейік
- Балалар, өлеңде не жайлы айтылған? Сендер
аталарыңа көмектесесіңдер ме? Сендер қамқорлық жасай аласыңдар ма?
Ал балалар қамқорлық дегенді қалай түсінесіңдер? (балалар
жауабы)
- Ендеше, балалар! Менде бүгінгі «Өзін-өзі тану»
сабағын рухани құндылық болып табылатын «Қамқорлық» деген сөзден
бастағым келіп тұр. Бүгінгі «Өзін-өзі тану» сабағының тақырыбы
«Өзіңді де, өзгені де аяла».
Қамқорлық дегеніміз
– адам ойы мен іс-әрекетінің өзіне, ата-анасына,
жақындарына, жора-жолдастарына және айналасындағыларға жақсылық
жасауға ұмтылуы. Халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп,
қатыгездіктен қақпайлап, қаталдықтан сақтандырып отырған. Мейірімді
адам қамқор болуға ынтық келеді.
Ал, сендер балалар өздеріңнен кішілерге,
әлсіздерге, достарыңа, туыстарыңа қамқор бола аласыңдар ма? Өз
ойларыңды күн сәулесінің шапағына түсіріңдер.
Әрине, балалар сендер өте мейірімді жансыңдар.
Сондықтан сендер әрқашан көмектеріңді аямаңдар. Балалар, мен қазір
сендерге бір баланың игілікті ісі туралы әңгіме оқып
беремін.
4. Оқулықпен жұмыс
Т.Айдарханов «Жанашыр» мәтіні.
(әңгімелесу)
- Ал сендер Дастан сияқты болғыларың келе
ме?
- Сендер қандай достарың болғанын
қалайсыңдар?
- Дастанның ісі игі іске жата
ма?
- Адам өзінің көмегі мен қамқорлығы үшін сыйақы
күтуі керек пе?
Балалардың жауабы
5. Ойын: «Жылы лебіздер»
«Асық ойнаған-азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де
мал баққан озар», деп халқымыз ойынға шек қоя мақалдаса да,
ойын-тіршіліктің нысаны емес пе? (балалар жауабы)
Мұғалім: «Аружан мен сенің жанұяңа әрқашан
амандық тілеймін.» (балалар жауабы)
6. Ой-өрісті барлау
Балалар, жанұяларыңда кім өте қамқоршыл болып
келеді, айта қойыңдаршы.
- Әрине әрқайсыларыңның жанұяларыңда ең қамқоршы
жан сендердің ата-аналарың. Олар сендерді бауырына басады,
жаманшылыққа қимайды.
- Ал, енді сендердің сыныптас достарың мектепке
үлкен қуанышпен баруы үшін не істеу керектігі туралы ойланып
көрейікші. Сыныптағы балалардың бәрі бір-біріне қамқор болуы үшін
қандай іс-әрекет атқаруы керек? Енді өз ойларымызды кемпірқосақтың
жолақтарына жазайық.
Егер сен қамқоршы болсаң басқа біреудің ойын
іс-әрекетін, сезімін түсінуге тырысасың. Сендерді осындай игі
істерге «Өзін-өзі тану» сабағы тәрбиелейді.
Әрбір адамға өз жанымыздай қамқор болсақ, бізге
де басқа өзге адамдар қамқорлық жасайды. Олай болса, өзіңді де,
өзгені де аялай білуіміз қажет.
7. Мультфильм
көрсетілімі
8. Көңілді үзіліс «Бала
тілегі»
9. Дәптермен жұмыс
Балалар, сендер алдарыңдағы жүрекшелерге
қамқорлық, қайырымдылық жөніндегі жүрек түкпіріндегі ізгі
тілектерімізді жазып, жүрекшелерді өрнектейік.
10. Суреттермен әңгіме
құру
11.Үй тапсырмасы
Дәптердегі 2-тапсырманы
орындау.
12. «Жүректен-жүрекке»
шеңбері
Балалар, «Өзін-өзі тану» әлемінде тек біздің
жүрегіміз сөйлесе алатын бір ғажайып жер бар. Ол жерге бару үшін
«Жүректен-жүрекке» шеңберін құрайық. Балалар, кәнекей енді
«Жүректен-жүрекке» шеңберін құрайық. Бір сыныпта бәріміз тату-тәтті
өмір сүру үшін бір-бірімізге жүрек түкпіріндегі өте әдемі, жақсы
сөздерді арнайық. Осы жылы сөздерімізді келген қонақтарға
сыйлайық.