Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Пір Бекет Ата (сынып сағаты)
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш аға Кекілбайұлы: “Қиянатқа жол
бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол
бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің,
арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің
жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді
арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен
сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға
жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз,
ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” деп қадір тұтқан Бекет Ата Мырзағұлұлы
шежірешілердің айтуына қарағанда 1750, жылқы жылы Жем бойындағы
Ақмешітте өмірге келіпті. Әкесі Адай атаның алтыншы ұр-пағы саналатын
Мырзағұл еңбекқорлығымен елінің сыйына бөленген, ал анасы Жәния
шешеміз ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жандар
болыпты. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, қоныстас руларға
танымал, беделді ақсақал болған көрінеді.
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш аға Кекілбайұлы: “Қиянатқа жол
бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол
бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің,
арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің
жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді
арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен
сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға
жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз,
ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” деп қадір тұтқан Бекет Ата Мырзағұлұлы
шежірешілердің айтуына қарағанда 1750, жылқы жылы Жем бойындағы
Ақмешітте өмірге келіпті. Әкесі Адай атаның алтыншы ұр-пағы саналатын
Мырзағұл еңбекқорлығымен елінің сыйына бөленген, ал анасы Жәния
шешеміз ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жандар
болыпты. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, қоныстас руларға
танымал, беделді ақсақал болған көрінеді.
Бекет ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі
былайша айтылады: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ –
Жаналы – Мырзағұл – Бекет. Жаналы бабамыз да, Мырзағұл атамыз да
әулие кісілер болған, жалпы Қосқұлақ әулеті зайырлы тұқым деп
есептеледі. Оның үстіне көнекөз қариялар Бекет атаның батырлығы кәрі
нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы
Назарқожадан дарыған екен дейді.
Белгілі қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыз Бекет атаның
нағашысы Назарқожаның ислам әлеміне танымал әулие Шаа Бүзіріктің
ұрпағы екенін айтады. Шаа Бүзірік – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере
інісі Әли мен қызы Фатимадан тарайтын жиырма үшінші ұрпағы.
ХVІІ ғасырдың аяқ жағында ислам дінін ұстанатын көшпелі қазақтарды
діни сауаттандыру мақсатында келген Назарқожа Адай атаның бесінші
ұрпағы, белгілі би Жайықұлы Әлменбеттің Ікәй атты жалғыз қызына
үйленіп, одан Қожакілен, Мұрын деген екі ұл мен Жәния есімді бір қыз
сүйеді. Осы Жәния шешемізден Бекет ата туған дейді шежірешілер.
Әбіш Кекілбайұлының айтуына қарағанда, ол кезде адайлар
Маңғыстаудың ойына құлап кете қоймай, Сыр мен Жайық арасындағы
кеңістікте малының жайымен көшіп-қонып жүріпті. Назарқожаның зи-
ратының Үстірт пен Маңғыстау өңірінде болмауы, ал оған қызын берген
Әлменбет атаның Сыр бойына жерленуі сондықтан көрінеді.
Бекет атаның кәрі нағашысы, бүкіл саналы ғұмырын елінің егемендігі мен
халқының тәуелсіздігі үшін сарп еткен тама Есет батыр Көкіұлы шамамен
1667-1766 жылдар аралығында өмір сүрген, қалмақтарға қарсы азаттық
күрестің басшыларының бірі. Оның түп атасы – ХІ-ХІІ ғасырларда өмір
сүріп, Созақта жерленген, Қожа Ахмет Ясауидің қадірменді замандасы, исі
түркі жұрты түгел құрмет тұтатын белгілі әулие Қарабура. Ал өз әкесі Көкі
батыр бірнеше мәрте қажылыққа барған, соңғы сапарында сол жақта
дүние салып, топырақ араб жерінен бұйырған ғұлама кісі көрінеді. Бұл
жайлы Хәлел Досмұхамедұлының жазбаларында жақсы айтылған.
Әбілқайыр ханмен қимас дос болған Есет батырды өз заманында Тәуке хан
жеті руға рубасы етіп сайлаған. Орыс патшайымы Анна Иоанновнадан аты-
жөні жазылған естелік қанжар мен хан тарапынан “тархан” деген құрметті
атақ алған Есет батырдың ауылы 1742 жылдары Сам құмын жайлаған.
Тоқсаннан асқан шағында Есет батыр он екі жасар жиені Бекетке:
Үстіңнен дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
Ақ пен қараны айырар,
Жауды кері қайырар,
Атыңда айтып тұрғандай дүр боларсың.
Елге шуақ шашып нұр боларсың,
Үш жүзге танымал Пір боларсың,.. – деп бата берген екен делінеді.
Бала кезінен-ақ зеректігімен көзге түсіп, алдымен атасы Жаналыдан,
соңынан ауыл молдасынан сауатын ашқан Бекет ата 14 жасында Хиуадағы
Шерғазы хан медресесіне оқуға барады. Оның түсіне еніп, “ұстаз – пір”
тауып, сопылық жолын ұстануға сілтеме жасаған Маңғыстаудың Қара-
ойындағы белгілі әулие Шопан ата екен делінеді. Ал Атамыздың
бойындағы Алла сыйлаған ерекше қасиет пен айрықша қабілетті алғаш
байқап, оған діни білім алуға кеңес берген ағасы Меңдіқұл батыр көрінеді.
Бекет ата оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесі 1726 жылы салынған.
Белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, түрікпен поэзиясының классигі
Мақтымқұлы Фараги, атақты қарақалпақ шайыры Әжнияз Қосыбайұлы
осында білім алып, тәрбиеленген. Негізінен бұл медреседе сол дәуірдегі өте
талантты, белгілі адамдар оқыған. Сондықтан медресе халық арасында
“Маскани фозилон”, яғни “Білімдарлар ордасы” атанған.
ХХ ғасырға дейін Хиуа медреселерінде оқу мерзімі 7 жыл болған және өз
шәкірт-теріне үш сатыдан тұратын бағдарлама негізінде дәріс берген:
Бекет атаның медреседе дәріс берген ұстазы, қазақтар Бақыржан Қожа деп
аса қадір тұтатын Мухаммад Бақиржан Әзиз – Пайғамбарымыздың немере
інісі Әли мен қызы Фатимадан туған Хусейннен тарайтын сейид ұрпағы.
Бақиржан Қожа шамамен 1720 жылы әкесі Шафоат Азиздің қасиетті мешіті
бар Қара Қапыда дүниеге келіп, 1789 жылдар шамасында өмірден өткен,
Хиуа маңындағы Газауат ауылына жерленген.
Ұлы ұстаз Бақиржан Қожа өзінің сүйікті шәкірті болған Пір Атамызды
ізгіліктілігі мен бірсөзділігі үшін Ахмад деп те атаған (“Ахмад” – араб сөзі,
қазақша “ең мақтаулы” деген мағына береді). “Рисолайи хилфати суфихо”
кітабының 11-бетінде Бекет хазреттің қонысы Маңғышлақта екені
айтылады. Осы кітапта Хорезм өңірінде өмір сүрген, өз тұстастарынан
ерекшеленіп, айрықша атақ алған төрт ғұламаның есімі аталады. Олар:
Мұхаммад Бақиржан хазрет – “заманының ұлы сейиді” атанған, Мухаммад
Сұлтан хазрет – “өз дәуірінің ұлы шейхы” атағын алған, молла Мухаммад
Панах – “өз дәуірінің ұлы ахуны” аталған, Бекет хазрет – “заманының ұлы
сопысы” атағына ие болған. Сондай-ақ бұл еңбекте Бекет ата
“пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны
таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі,
Алла тағалаға ең жақын және Алла тағаланың алдында ең құрметті, өз
дәуірінің ұлы сопысы атанған адам”, – деп жазылған. Ал “Тазкираи
Мухаммад Бахир” қолжазбасының 168-бетінде Бекет ата “өмірінде
қиындықтарды көп көрген, адам таңғаларлық кереметтер істей алатын
үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе “машайық”
дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған
белгілі адам еді. Ел оны “Ахмад” деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы
ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған
адамдарға ғана тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше
құлшылық ететін еді”, – делінген (машайық – арабша “машйаха” –
періштелер аян беретін терең білімді, өте ақылды адам, қазақша “абыз” деп
аударылып жүр).
Хиуадағы Шерғазы хан медіресесін тәмамдаған соң Бекет ата 21 жасында
туған жеріне оралып, Жем бойындағы Ақмешітті тұрғызып, бала оқытқан
дейді шежіреші қарттар. Ал 24 жасында Бейнеуде жерасты мешітін салады.
Біз ауызекі тілде “жерасты мешіті” дей береміз. Шындығында ол – Аллаға
сыйынуға ең қолайлы делінетін жерлерде салынатын, өте қасиетті, береке
бастауы саналатын, дінімізде “завийа” деп аталатын сопылардың бас
қосып, ілім алатын орны. Түріктер оны “текке”, парсылар “ханака”, арабтар
“даира”, “рибат” деп те атайды, “үй”, “бас қосатын бұрыш” деген мағына
береді. Оларды мешітпен шатыстыруға болмайды. Өйткені көпшілікке
арналған орын болғандықтан мешіт ішіне кісі жерлеуге рұқсат етілмейді,
ал бұлардың ішінде сопылық жолдың негізін қалаушы әулие пірлер мен
оның ізбасарлары жерленген.
Бекет атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі өзі жатқан Оғыландыда,
екіншісі Ақмешітте, онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния,
баласы Тоғай жерленген, үшіншісі Бейнеуде, бұл жерден топырақ ағасы
Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа бұйырыпты,
төртіншісі Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Сондай-ақ Қабиболла
Сыдиықұлы Үстірт үстінде Аралға жақын маңдағы Байшағыр деген жерде
(кейбір деректерде Баялы деп жазылып жүр), ал ақын ағамыз Әбу
Сәрсенбаев Мұғаджар тауында Ата мешіттерінің бар екенін айтады.
Төрткүл дүние түгел таныған сопылық жолдың жиырма үш жыл рухани
басшысы – Пірі болған Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп,
Оғыландыдағы өзі қаздырған мешітінің ішіне жерленеді. Кейінгі ел-
жұртына: “Аруағым риза болсын десеңіздер, құтханаларыма жау тұяғын
жо-латпаңдар”, – деп өсиет айтыпты. “Шаршасаң – көлік, шөлдесең – сусын,
қорықсаң – қару, тоңсаң – пана болады”, – деп Ұлы ұстазы Бақиржан Қожа
сыйлаған көк асасын өз бауырынан өрбіген ұрпағына мұраға қалдырыпты.
Ал көшкен кезде он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары
біраз жылға дейін мешіттерінде сақталыпты.
Ұлан даламыздың Ұлы перзенті Бекет ата Мырзағұлұлы – ислам әлеміне
танымал тарихи тұлға. Ол Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз айтқандай, “бір
ғана Қосқұлақтың, не бір ғана адайдың Бекеті емес, Бекет – қалың
қазақтікі, бүкіл адамзат баласынікі”. Оның өмірі мен қадір-қасиеті,
ұстанған сопылық жолы жайлы ағылшын, араб, парсы, түркі
дінзерттеушілерінің жазбаларында да құнды деректер бар.
Хиуада өмір сүрген ғұламалар тарихын зерттеп жүрген дінтанушы,
Бақиржан Қожа ұрпағы Назарбай Реджепұлы Ташкент қаласындағы
Әлішер Науаи атындағы кітапханада сақталған тарихи құндылығымен өте
ерекшеленетін, XVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Хорезм
өңірінде өмір сүрген дінбасылары, әулиелер, тарихат өкілдері жайлы
жазылған “Рисолайи хилфати суфихо” (Уз ФАШИ инв. №7610), “Фирдаусул
икбол” (Уз ФАШИ инв. №5364), “Тазкираи Мухаммад Бахир” (Уз ФАШИ инв.
№1846) қолжазбаларында Бекет ата жайлы тың мәліметтер бар екенін
айтады.
ХІХ ғасырда Маңғыстау мен Үстіртті зерттеген орыс саяхатшы-
ғалымдарының еңбектерінде де біраз дерек кездеседі. Мәселен,
түпнұсқасы Мәскеудегі әскери тарихи архивте сақталған “Қазақ даласы-
ның экспедициясының топографиялық журналы” деген еңбекте орыс
географиялық қоғамының мүшесі, әскери барлау бөлімінің полковнигі
Федор Федорович Бергтің басшылығымен орыстардың 1825-26 жылдары
Үстіртке жіберген бірінші экспедициясының құрамында болған
подпоручик Александр Осипович Дюгамельдің 1826 жылы жазған мынадай
сөздері бар: “13 қаңтар. Күйкеннің үсті. Түсірім жасап жүрген офицерлер
сол жақтағы бұлақ ағып жатқан сай бойынан жардан үңгіп қашалған екі
бөлмелі мешіт тапты. 14 қаңтар. Үстірт кеш пайда болған құм-саз бүркеген
тасты жыныстардан тұрады. Таудың құлауы барлық жерде дерлік тасты
және шаппа өр, көбінің астында бұлақ бар, қазақтар олардың алдын бөгеп
қойған. Солардың ішіндегі ең суы молы Бекет сопы мешітінің жанындағы
бұлақ. Мешіт ақтас жартастан үңгіліп қазылған екі бөлме, іші қазақ үйінің
көлеміндей, бірінің кіреберісінде аласа есігі бар, екіншісінің төбесіндегі
тасты ойып жарық түсетін тесік жасаған…”
Ал аталған экспедицияның мүшесі есебінде біздің өңірде болып, артына
өлкеміздің тарихы мен табиғаты туралы өте құнды мұра қалдырған
Э.Эверсманн: “1826 жылғы 14 қаңтар күні шың жағалай шолу жасап жүрген
шағын жасақ біз тоқтаған жерден 10 шақырым қашықтықтағы аңғар
бойынан әктасты шебер етіп ойып жасаған үңгір тапты. Оның іші 10
шаршы метрдей, аузы тар, қабырғалары араб, парсы, татар жазуларымен
безендірілген… Бұл үңгірді салған Бекет атты пірәдар қазақ. Үңгір қасиетті
Бекет атымен аталған. Мұндай ескерткішті ол төрт жерден қашаған. Оның
бірі – Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі – Бейнеуде,
үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы
Баялыда. Оның бірінде – қыста, екіншісінде – күзде, үшіншісінде – жазда
болады екен. Бұл ғажап тақуа кісі осыдан он екі жыл бұрын өмірден өткен”,
– деп жазады.
1794 жылдың 23 қаңтарында неміс жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдың
14 сәуірінде Ресейдің Қазан қаласында өмірден өткен, жиырма жасында
философиядан, жиырма екі жасында медицинадан докторлық диссертация
қорғап, 1842 жылы Ресей Ғылым академиясының академигі атанған, неміс,
ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік меңгеріп, татар тілінде таза сөйлей
білген Эдуард Александрович Эверсманнан жеткен Бекет ата мешіттері
жөніндегі осы бір қысқа ғана мағлұмат өлкеміздің өткені жайлы жазылған
біраз ғылыми еңбекке негіз болды.
1851-52 жылдары Үстірттің жер бедерін зерттеген ғылыми
экспедицияның мүшесі, Ресей империясы бас штабының топографы,
подпоручик Петр Вагапович Алексеевтің 1853 жылы жарық көрген
“Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық
сипаттамасы” деген еңбегінде: “Бекеттің Ақмешіті Жем өзенінің сол
жағындағы Қандыарал шатқалынан төменде 38 шақырым жерде. Оған
өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда адам әрең сиятын,
қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз. Осы ойынды жер
астына қарай 3 сажындай барған соң тіке оңтүстік батыс бағытындағы
диаметрі 2,5 сажын, биіктігі 4 аршындай болатын, күмбезі тегіс, төбесінде
жарық түсетін ойықшасы бар дөңгелек бөлмеге әкеледі. Бөлменің кіреберіс
екі жағында көміліп қалған екі шұңқыр көзге шалынады, қазақтардың
айтуынша, ол суы тұщы құдықтың орны. Бұл бөлменің оң жақ қапталында
тағы бір кішігірім бөлме бар, онда үшкір ұшын жерге тіреп қойған, жұмыр
темірден жасалған асатаяқ сүйеулі тұр. Бірінші бөлменің оңтүстік-батыс
жақ қабырғасынан көлемі бірінші бөлмеден гөрі үлкендеу, ортасына
төбесін тірейтін төрт қырлы тіреуіш баған қойылған, дөңгелек пішінді
тағы бір бөлмеге әкелетін есік шығады. Бұл бөлменің қабырғалары дұрыс
шеңбер түрінде емес, 6 симметриялық ойынды түрінде қашалған. Оның
есікке қарсы бетіндегі біреуі басқаларынан гөрі біршама енді, әрі тереңірек
жасалған… Қатты бор жарқабақтан үңгіп салынған мешіттің қабырғалары
қолмен өңделген, бірақ біршама тегіс. Мешіт үстіне екі-үш адам жерленген,
оған бірнеше ағаш сырықтары шаншылып, әртүрлі мата қиындылары,
жылқының жал-құйрығы мен малдың қураған сүйектері ілінген. Осыларды
көріп, оның мән-мағынасын ұғынып, жартылай жабайы халықтың қасиетті
адам жатқан орынға осындай болмашы белгілерін қалдыратын
діншілдігіне таң қаласың… Қазақтар мұсылман шариғаты бойынша бұл
жерге жыл сайын бір рет барып тәу етеді…
Жемнің таулы қабағындағы бұл үңгірді жыл сайын жазда Үстірттен Жемге
қоныстануға келетін адай руының Мұңал тайпасынан шыққан Бекет…
осыдан 50 жылдай бұрын қашап салған. Ол қолы бос кезінде ер
балалардың мұсылманша сауатын ашумен айналысқан, ал қалған уақытта
намаз оқып, құдайға құлшылық қылу үшін өзінің тастан ойып салған
үңгірінде оңаша өмір сүрген. Кей жылдары ол осында, туысқандарының
өзіне арнап қалдырған бір кісіге бір күнге ғана жететіндей азғантай
азығымен қыстап қалатын болған. Оны өлдіге санаған туысқандары жаз
шыға қайта көшіп келген кезде, оның тек тірі ғана емес, еш арымаған,
бұрынғысынан да сау-саламат күйін көріп таң қалған. Бүкіл Орда адамдары
осы бір ғажап қазақтың өмірінен неше түрлі кереметтер мен көптеген
аңызға бергісіз әңгімелер айтып, оны қасиетті, нағыз әулиенің өзі деп
құрмет тұтады. Ол осыдан қырық жылдай бұрын өмірден өтіп, Маңғыстау
түбегінің Үстіртпен ұштасқан жеріндегі Оғыланды шатқалына жерленген.
Марқұмның ағайындары жыл сайын оның зиратына келіп, басына тәу
етеді. Содан кейін артында қалған үш ұлының үлкені бейітке кіріп, әкесінің
шашын алып, сақал-мұртын түзейді. Мен қазақтардан осы қасиетті де
керемет адам туралы ақылға сыймайтын, адам ойына келмейтін көптеген
әңгімелер естідім…”, – деп жазады.
1809 жылы башқұрт топырағында дүниеге келіп, біраз ғұмырын Үстірт
үстінде өткізіп, оның картасын жасақтап, өте құнды мәліметтер
жинақтаған орыстың қарапайым офицері П.Алексеев өз еңбегінде Атаның
аталған мешітінің бірінші бөлмесінің суретін жариялап, оның Бейнеудегі
мешіті жайлы: “Үстірттің солтүстік шетіндегі Манашы сайының саға
тұсынан шығыста 25 шақырым жерде… жыра бойындағы бор төбені үңгіп
жасаған үлкен үңгір. Ол қазіргі кездегі Үстірттен жаз жайлауға Жемге
көшетін қазақтардың жиналатын орны. Жергілікті халық бұл үлкен
қауымды да Ақмешіт деп атайды және қасиетті әулиелі жер санайды.
Басындағы сырық ағашқа мата қиындылары, садақаға сойылған малдың
сүйектері байланған…”, – деген дерек қалдырыпты.
Белгілі қазақ ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла
Сыдиықұлы 1885 жылғы “Русский архивте” жарияланған А.Дюгамельдің
жазбаларында: “Ақбор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір
адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым құлаш,
биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді.
Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың
арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан елу жыл бұрын салған…
Бекет өлген соң Оғыландыға қойылған”, – делінгенін айтады.
Кешегі кеңестік кезеңде өмір сүрген белгілі дін ғұламасы шоңай Шайхы өз
замандастарына қажылыққа барған сапарында араб дінбасыларынан
Бекет ата туралы өте құнды дерек естігенін айтады екен. Ал жылойлық
Жолдасқали Сүйесінов Бекет ата жайлы мәліметтің 1820 жылдары Бөкей
Ордасында болған неміс саяхатшысы Шульцтің жазбаларында да бар
екенін сөз етеді. Ол сонымен бірге: “Еділ қалмақтарымен болған соғыста
Бекет ата жиырмадағы жігіт болса керек. Қалмақ әскерлеріне қарсы
Бекеттің жалғыз өзі ту көтеріп шыққанда жау быт-шыт болып, жан-жаққа
қашады… Осы жеңісі үшін ханның әйелі Бопай Бекеттің бетінен сүйеді…”, –
деп жазады.
Біздің ойымызша автор айтып отырған соғыс 1771 жылдың басында Еділ
жағалауынан Жоңғарияға қарай үдере көшкен Убаши бастаған 30909 үй
қалмақ пен жергілікті қазақтардың арасындағы атышулы айқас болса
керек. Сол жылы Бекет ата, шындығында да, 20-21 жас шамасында болған.
1771 жылдың қысындағы Айшуақ сұлтанның басшылығымен Сағыз
бойындағы, Әбілқайырдың Бопай ханымнан туған ұлы Нұралы ханның
бастауымен Ойыл мен Мұғаджар маңындағы қалмақтар мен қазақтар
арасындағы қиян-кескі ұрыстар жайлы А.Левшин жазбаларында да бар.
Ал Әбілқайыр ханның зайыбы, адайдың белді руының бірінен шыққан
Бопай ханым – заманында орыс патшайымдары Анна Иоанновна мен
Елизавета Петровнаға, Орынбор губернаторы И.Неплюевке қазақ
халқының жай-күйін айтып әлденеше дүркін хат жолдап, патша
әкімшілігінің жоғарғы шенді басшыларымен ресми келіссөздер жүргізген,
шын мәніндегі ханымдық дәрежеге жетіп, ел басқару ісіне араласқан
тарихымыздағы танымал тұлға. Ол 1780 жылдың 31 мамырында өмірден
өтіп, Батыс Қазақстандағы Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы
жағындағы қорымға жерленген. Бопай ханымды Әбіш аға Бекет атаның
нағашысы Назарқожаның әйелі Ікәймен бірге туған Табынайдан тарайтын
Табылдының қызы деп есептейді. Оны шежіреші қарттар да теріске
шығармайды.
Бекет ата – “сопылық жолын” ұстанып, ондағы ең биік дәреже Пір мәр-
тебесіне жеткен ислам әлеміндегі санаулы тұлғалардың бірі.
“Сопы – суфи”, “сопылық – суфизм” сөзін көптеген дін зерттеушілері
арабтың “суф” – ақ жүн, “суфи” – жүн шекпен киген адам, “сафа” – тазалық,
“сафуа” – таңдаулы болу деген сөздерінің бірінен шыққан болар десе, Әбу
Райхан Беруни мен тарихшы ғалым Дмитрий Еремеев оны гректің “софия”
– дана, “софос” – даналық деген сөзінен ауысқан деп есептейді.
Шындығында да, біздің заманымызға дейінгі VІ-V ғасырларда өмір сүрген
Протогор, Горгий, Гиппий, Продик, Антифонт, Критий, Ликофрон,
Алкидамант, Трасимах секілді замандастарына жақсы тәрбие берудің
жайымен айналысқан грек ойшылдары мен ғұламаларын “софистер – да-
налар” деп атаған. Сократ, Платон, Аристотельдер осы “софистер” ілімінен
нәр алғандар. Кейінірек римдіктер ақылы қызмет көрсететін білгір
мұғалімдерді де “софистер” деген.
Пайғамбарымыздың көзі тірі кезінде оның Мединедегі мешітінің батыс
жағында құрма ағаштарынан жасалған көлеңкелік болған. Ол жерге
Мединеге ілім алу үшін келген үйі жоқ адамдар тұрақтаған. Көлеңкелік
“софы” деп, ал оны мекендеген адамдар “асхаб-и софы” деп аталған.
Пайғамбарымыз олардың тұрмыстық қажеттіліктерінің өтелуін қадағалап
отырған және ислам дінінің қағидаларынан дәріс берген. Қажетті білім
алғандары Пайғамбарымыздың ұйғарымымен дүниенің әр тарапына дін
таратуға жіберілген.
Сопылардың көпшілігі Алла сыйлаған ерекше қасиеттері бар жандар.
“Сұпы” демей “сопы” деп жазуымыз да сондықтан. “Дарвин маймылдан
шықты, мен көк бөріден жаралдым”, – дейді ғой Бауыржан Момышұлы. Біз
сөз ететін сопылар да жүн шекпен кигендер емес, даналықтың жолын
қуған, ақ жүректі адамдар.
Сопылықтың сусындар қайнар бұлағы Ислам шариаты. Ол – бүкіл
болмыстың неден тұратынын түсіндіріп бере алатын, қандай қоғам болса
да оның тұрақтылығын сақтай отырып, сол қоғамға нәрлі рухани қорек
ұсынатын, адалдық пен рухани тазалықты бәрінен жоғары қойып, адам
жүрегінде ұялаған жарамсыз көріністерден құтылу шараларын үйрететін,
жүректегі ізгі сипаттарды сақтаудың әрі көбейтудің жолдарын көрсететін,
“жетілген адам” дәрежесіне жету заңдарын түсіндіретін ілім.
“Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайраңдағам,
Тариқат сарайында тайраңдағам, Хақиқат есігін мен аштым міне”, – деп
жазған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің 34-ші хикметінде: “Тариқат
жібереді жерге тығып, бұл жолға қаламасаң түспең достар”, – дейді. Себебі
сопылық жолды ұстану әр мұсылманның еркіндегі, өз ықтиярымен ғана
атқарылатын іс. Ол – адамның өзіне қосымша міндеттемелер алуы арқылы
өзін-өзі жетілдіру тәсілі, дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын
бере алмай келе жатқан мұсылмандардың белгілі бір бөлігінің тірлік ету
дағдысы мен өмір сүру салтына айналған құпия ілім, бастауы бар, өз
заманының ұлылары ғана ұстанған, өте қасиетті, аса қадірлі, тым жіңішке
жол.
Сопылар арасында: “Мен бір-ақ нәрсені анық білемін, ол менің ештеңе
білмейтіндігім”, – деген өте мәнді сөз бар. Шындығында әлемдік ғылымға
сүбелі үлес қосып, біраз жаңалық енгізген ислам ғалымдары мен мұсылман
ақындарының басым бөлігі өз заманында “сопылық жолды” ұстанған.
Өйткені XVІІ ғасырда өмір сүрген Кашмир ғалымы Сирадж ад-Дин
айтқандай, сопылардың көпшілігі “жетілген адамдар”. Ал “жетілген адам”
бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүреді, сондықтан қатарынан бірнеше
ғылымды игере алады, адам таңғаларлық кереметтер көрсетеді. “Мың бір
түн” мен Қожанасырдың (Қожа Наср ад-Дин) философиялық мәні зор
әңгімелерінің негізін салған да сол сопылар.
Сопылар биліктен аулақ, саясаттан сырт жүруді дұрыс санайды. Бірақ
мемлекет басшысына адал болып, риясыз берілгендік танытады және
Аллаға еш алаңсыз сыйынып, кемелденуі үшін өзі өмір сүрген елінде
тыныштық болуына аянбай атсалысады.
Сопылық жолдың рухани басшысын арабтар “шейх” (ақсақал), парсылар
“пир” (ақсақал), ал қазақтар “пір” дейді. Сопылар салты бойынша Пір
көзінің тірісінде орнын басатын болашақ пірді анықтап кетеді, яғни
шәкірттерінің арасындағы аса дарындысына батасын беріп, өз орнына Пір
болуға немесе өз алдына жаңадан жол құрып, соған Пір болуға рұқсат етеді.
Ұлы ұстаз Бақиржан Қожаның таңдауы біздің Атамызға түсіпті, сүйікті
шәкіртіне батасын беріп, өзі сол жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Бұл
1789-90 жылдар шамасы болса керек. Сөйтіп, Бекет ата 40 жасында ұстазы
Мухаммад Бақиржан Әзизден бата алып, ислам әлеміне танымал “сопылық
жолдың” Пірі болады.
Біздің естуімізше қазақ жерінде өмір сүрген ғұламалардың ішінен тек Қожа
Ахмет Ясауи бабамыз бен Бекет Мырзағұлұлы атамыз ғана “сопылық
жолдың” Пірі болыпты. Оның екеуі де әулиеліктің ең жоғарғы сатысы
“гаус” дәрежесіне жеткен делінеді. Қазақтағы “Пірдің соңы – Бекет, ердің
соңы – Есет”, “Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыс-
тауда – Пір Бекет” деген сөздер содан болса керек.
Қазақтар ұлыстың діни басшысы болып сайланған әулие адамдарды да
“пір” деп атаған. Бірақ олар сопылық жолдың пірінен бөлек. Мәселен, 1680
жылы Күлтөбедегі жиында Тәуке хан сайланғанда үш жүздің биі “аруақ
салыстыру” арқылы керейт Мүсірәлі Жәдікұлын “бүкіл қазақтың пірі” етіп
сайлап, есіміне “сопы әзиз” деген ат қосады (Кие, әруақ туралы ғылым –
агиологияда “таңғажайып сайыс” деп аталатын бұл шараға ұлы жүзден
Айқожа, орта жүзден Шортанбай қожа, кіші жүзден Мүсірәлі,
қарақалпақтан Күнқожа, қырғыздан Бекқожа, өзбектен Абдулла қожа
қатынасады.)
Пір болу үшін сопы “машайық” мәртебесіне, яғни терең білімді, өте
ақылды, періштелер аян беретін абыз дәрежесіне жетуі керек. Бұл – пір
болу үшін сопыларға қойылатын ең басты талап, пірлерде болуға тиісті
негізгі қасиет. Пірдің басты міндеті де осы, қазақша айтқанда “ұлы ұстаз”,
“абыз” болу.
Сопылық жолдағылар пірді аса қадірлейді, өзара “піріңді құбыла тұт”
деседі, тіпті Қожа Ахмет Ясауидің: “Егер пірсіз құдайға жүз, мың рет
басыңды сен исең де, құдай сені сүйіктісі етпейді”, деген өсиеті де бар
дейді.
Дін зерттеуші ғалымдар сопылық жолдың пірлерінің өз қоныстарын жыл
ішінде әлденеше дүркін өзгертіп отыратынын айтады. Тіпті
қайсыбіреулері бір орында 40 күннен артық отырмаған. Дінтанушы ға-
лымдар бұл қонысаударулар Аллаға сиынуға қолайлы орындардың жыл
ішіндегі ауысып отыруына байланысты дейді. Ал сопылардың өздері
“Иленген терінің тазарып, жұмсарып, әрленетіні сияқты, адам да қоныс
аударып, қиындық көріп, туа біткен нашар қылықтары мен дөрекілігінен
арылып, жан дүниесі тазарып, мейірбандық пайда болып, дінге деген
бірбеткейлігінен құтылады” деп есептейді. Атамыздың Оғыландыда негізгі
мешіті болуы, бірнеше жерден жерасты мешіттерін салуы сондықтан.
Себебі, Пірлердің негізгі қонысында “завийа” болса, қосалқы
қоныстарында оның кішілеу түрі “даира” салынады.
Әулиеліктің “гаус” делінетін ең жоғарғы сатысына көтеріліп, “елі мен
жерінің жебеушісі” атанған Абыз ата, аса биік мәртебе “машайық” дәреже-
сіне жетіп, “заманының ұлы сопысы” атағын алған ислам әлеміндегі
ерекше танымал Тұлға, барша мұсылман дүниесі мойындаған әйгілі
“сопылық жолдың” ширек ғасыр рухани басшысы болған Ұлағатты ұстаз,
ұлан даланың ұлыс ұранына айналған Ұлы перзенті Пір Бекет туралы адам
таңғаларлық ғажайып әңгімелерге аңыз деп қарамауымыз керек. Ол – аңыз
емес, шындық. Тек біз, қарапайым адамдар, қырын түсіне алмайтын,
сырын біле бермейтін шындық.
Басшы ӘЗІРХАНОВ, саяси ғылымдар кандидаты