ҚАРАПАЙЫМДЫЛАР ӘЛЕМІ - PROTOZOA (БІР КЛЕТКАЛЫ
ЖӘНДІКТЕР)
Қарапайымдылар - бір клеткалы, өте ұсақ,
микроскоп арқылы көрінетін жәндіктер. Морфологиялық жағынан
қарағанда қарапайымдылар бір клеткалы формалар, ал тіршілік
қасиеттері жағынан алғанда дербес өмір сүретін жеке организм, тірі
организмге тән зат алмасу, қозғалу, тітіркену, ортаға бейімделу, ас
қорыту, зәр шығару, тыныс алу, даму т. б. қызметтерін атқарады.
Қарапайымдылардың клеткасының пішіні және мөлшері алуан түрлі
болады. Олардың мөлшері 3-4 микроннан бірнеше миллиметр шамасында
болады. Мысалы, инфузория стентордың ұзындығы - 1,5 мм.
Қарапайымдылардың құрылысы көп клеткалылардың клеткасының
құрылысымен бірдей - цитоплазмадан, ядродан және органоид
бөлшектерінен құралған. Цитоплазма екі қабат түзейді, ашық түсті
сыртқы - эктоплазма және қоңырқай, түйіршікті ішкі - эндоплазма.
Қоймалжың сұйық цитоплазмада көптеген органоидтар орналасқан:
митохондриялар, эндоплазмалық тор, рибосомалар, Гольджи аппараты,
т. б. Цитоплазмада ас қорыту вакуолі түзіліп тұрады, олар ас қорыту
ферменттерін шығарып, қорек заттарды қорытады. Органикалық заттар
мен сұйықтық тамшылар клеткаға фагоцитоз және пиноцитоз жолымен
өтеді. Тұщы суларда тіршілік ететін қарапайымдыларда жиырылғыш
вакуолі зәр шығару, осмос қысымын реттеу және тыныс алу қызметін
атқарып отырады. Клеткадағы зат алмасу жолында пайда болған несеп
заттар сыртқа жиырылғыш вакуолі арқылы шығарылады. Тұщы суда
тіршілік ететін карапайымдылардың цитоплазмасындағы тұздың және
басқа ерітіндінің концентрациясы өзін қоршаған судың
концентрациясынан әлдеқайда жоғары болғандықтан, осмос қысымына
байланысты сыртқы ортадағы су клетканың ішіне енеді, ал жиырылғыш
вакуоль артық суды үнемі сыртқа шығарып тұрады, соның нәтижесінде
клетка жарылмай бірқалыпты түрде сақталынады. Судың құрамындағы
ерітілген оттегі цитоплазмада қалып, сыртқа су арқылы көмірқышқыл
газы шығарылып отырады, осылайша тыныс алу процесі жүреді.
Цитоплазманың орталық бөлімінде ядро орналасады. Қарапайымдылардың
көпшілігінде ядросы біреу (моноэнергидты), сондай-ақ екі, көп
ядролы қарапайымдыларда жиі кездеседі (полиэнергидты). Ядрода
қабықша, ядрошырыны, ядрошық және хромосомалар болады.
Қарапайымдыларда қозғалыс органойдтары жақсы жетілген. Олар, жалған
аяқтары, яғни псевдоподиялары - pseudopodia (латынша pseudo -
жалған, poda - аяқ) және жіптәрізді талшықтар мен кірпікшелер.
Қарапайымдылардың көпшілігі жыныссыз және жынысты жолымен көбейеді.
Жыныссыз көбеюінде клетканың негізгі бөліну тәсілі - митоз. Жынысты
көбеюі аталық және аналық жыныс клеткаларының (гаметаларының)
бір-бірімен қосылуы арқылы өтеді, осындай процесті - копуляция деп
атайды. Копуляция нәтижесінде ұрықтанған клеткадан - зигота пайда
болады. Зигота диплоидты, өйткені ол екі гаплоидты жыныс
клеткаларының (гаметалардың) қосылуы нәтижесінде түзіледі. Жыныс
клеткаларының (гаметаларының) мөлшері мен пішіні әр қилы болады.
Аталық және аналық гаметалардың мөлшері және құрылысы бірдей болса,
бұлардың қосылуын - изогамия копуляциясы деп атайды, ал үлкендеу
келген аналық гамета - макрогамета, кішілеу келген аталық гамета -
микрогаметамен қосылса - анизогамия копуляциясы деп атайды.
Қарапайымдылар конъюгация (ядроның қосылуы), ұрпақ алмасуы,
шизогония, гаметагония, спорогония жолымен де көбейеді.
Қарапайымдылардың бір ерекшелігі - қолайсыз жағдайларда (су кеуіп
қалса, мұзға айналса, қорек жетпесе, т.б.) клетка сыртына қалың
қабық шығарып, цистаға айналады. Циста қүйінде қарапайым ұзақ уақыт
тіршілік етеді. Қолайлы жағдай болғанда клетка циста қабығын тастап
әрекетті тіршілікке кіріседі. Қоректену тәсіліне қарай
карапайымдылар екі топқа бөлінеді: автотрофты және гетеротрофты.
Автотрофты қарапайымдылар (жасыл эвглена, вольвокс т. б.)
органикалық заттарды хлорофилл дәндерінің жәрдемінен синтездеу
арқылы алады, немесе фотосинтез арқылы қоректенеді. Гетеротрофты
қарапайымдылар дайын органикалық заттармен қоректенеді
(бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен).
Кейбір гетеротрофты қарапайымдылар және паразиттік тіршілік ететін
карапайымдылар дайын органикалық заттарды осмос жолымен бойына
сіңіру арқылы қоректенеді. Мұндай қоректену тәсілін сапрофиттік
қоректену деп атайды. Бұларға топырақтарда тіршілік ететін
қарапайымдылардың кейбір түрлері және паразиттер: трипаносома,
лейшмания, трихомонас, безгек плазмодиясы т. б. жатады. Кейбір
қарапайымдылар автотрофты және гетеротрофты тәсілімен қоректене
алады, бұларды миксотрофты жәндіктер деп атайды. Мысалы, жасыл
эвглена - миксотроф. Қарапайымдылардың 70 000-нан астам түрлері
белгілі, тұщы суларда, теңіздерде, ылғалды топырақтарда кең тараған
және жануарлар мен адамның денесінде паразиттік тіршілік етеді.
Бұлар 5 типке бөлінеді.