Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК ТАРИХЫНЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ РЕТІНДЕ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қазақ хандығының құрылуы – мемлекеттілік тарихының құрамдас бөлігі ретінде
Әсeл Тaшқapaeвa
М.X.Дyлaти aтындaғы ТapМУ,
Гyмaнитapлық-әлeyмeттiк ғылымдap фaкyльтeтi дeкaнының oқy iсi жөнiндeгi opынбaсapы, aғa oқытyшы, тapиx мaгистpi
Қазақ тарихы - кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің ұрпағы.
«Қазақ хандығы» XV ғасырдың екінші жартысында өз алдына жеке хандық құрып, тарих сахнасына шыққанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Бұл туралы көне тарихымызға қозғау салып жүрген белгілі тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы: «Азия даласында алғаш салтанат құрған көшпелілердің бірі хұндар (ғұндар). Тарих ғылымында қазақ халқының этногенездік бір тармағы хұндар екендігі анықталған ақиқат. Ал хұндар жалпы тұркі тайпаларының қайнар-бұлағы болып табылады. Демек, хұн-түркі тайпалары ұзақ тарихи даму барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырып, көптеген дербес ұлттарға айналып кетті. Бірақ, солардың ішінде ерте замандағы көшпелі тіршілік формасы мен дүниетанымын таяу заманға дейін біршама толық сақтаған ұлттардың бірі қазақтар болып табылады»,-деп қазақ мемлекеттілігінің тарихын хұн дәуіріне (б.з.б V-IV ғасырлар) апарып тірейді Б.з.б І мыңжылдықта Тұран ойпатында өмір сүрген көшпелі Сақ тайпаларының парсы немесе түркі тектес екендігіне тарихта талас-тартыстың бар екендігі белгілі. Еуропалық зерттеушілердің көпшілігі сақтарды көшпелі иран тектес халық деп біледі. Дегенмен, тарихшы, профессор Сайран Әбушәріп: «Сақ-скифтердің түрік тектес деуге келетін сипаттамаларын Страбонның еңбегінен, А.Македонскийдің Түркістанға жасаған сапарына байланысты айтылып, жинақталған әпсаналардан, Табаридің жазбаларынан табуға болады» деп тұжырымдап, қазақ мемлекеттілігінің тарихын ежелгі Сақ қоғамымен сабақтастырады[2. 466 б.]. Сондай-ақ, қытай зерттеушісі М.Фанрыннің: «Тарихи деректерге негізделгенде кейбір ғалымдар былай деп қарайды: сақтар және үйсіндер бір ұлыстың екі басқа аталуы» деген көзқарасы да профессор С.Әбушәріптің жоғарыдағы пікірін қуаттай түседі. Яғни, бұл ғылыми болжамдарды негізге алсақ, қазақ мемлекеттілігінің тарихы б.э.б І мыңжылдықтан бастау алады.
Жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихын Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезең, Қазақ хандығы кезеңі және қазіргі мемлекеттілік кезең деп қарастыруға болады. Б.з.б. ІІ ғасырда өмір сүрген Үйсін және Қаңлы қоғамдары қалыптастырған мемлекеттер бүгінгі қазақ мемлекеттігінің бастау көздері. Яғни, Қазақ хандығының құрылу тарихы, өркендеуі, жеке хандықтарға бөлінуі және жойылуы – қазақ мемлекеттілігі тарихының құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақ хандығының іргесін көтеруі – қазақ атын иеленген хандық биліктің басталуы ғана. Ал мемлекеттіліктің басталуы тым әріде жатыр.
Мемлекеттілік қашан қалыптасты деген мәселеге тоқталайық.
Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Мемлекеттіліктің міндетті белгісінің бірі - оның территориясы екені белгілі, демек, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі – қазақ жері оның басты көрінісі бола алады. Сақтарды мемлекеттік ұйым болды десек, одан кейінгі ғұндар да мемлекет құрды. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, қытайлықтар ғұндарға салық төлеп тұрған. Одан кейінгі Үйсін, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Бұлар тұтас ел аумағын қамтымаса да, қазақ жерінде мемлекеттіліктің болғанын көрсететін фактілер.
Жоғарыда атап өткендей, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Ғұн, Түрік қағанаттары толықтай қазақ жерінде орнықпағанымен, бір бөлшегі қазіргі Қазақстан территориясын қамтыған. Мәселен, Ә.Ғали мен Ж.Қасымбаеваның редакциялауымен шыққан «Қазақстан тарихы» еңбегінде: «Жетісу мен Тянь-Шань, Тарбағатай мен Алтай тауларында тиграхауда сақтары өмір сүрді. «Тиграхауда» - шошақ төбелі сақтар деген мағынаны береді. Ал, Арал теңізінің төнірегін массагеттер мен дай (грек тілінде) тайпалары мекендеді. Орталық Қазақстан аумағын исседондар мен аргипилер жайлады. Арал теңізі мен Батыс Қазақстан аймағында сарматтар ғұмыр кешті» [3. 35 б.] деп көрсетілген. Ал, б.з.б ІІ ғасырдан бастап Үйсіндер тәуелсіз бірлестік ретінде Жетісу жерін мекендей бастаған. Сондай-ақ, б.з.б ІІІ ғасырда Сырдария алқабында (Шу, Талас өзіненін Арал теңізіне дейінге аймақта) Қаңлы бірлестігі өмір сүрді.
Ғұндар б.з.б І мыңжылдықта тарих сахнасына шықты. Мөде тәңірқұтының (б.з.б 209 жылы таққа отырған) кезінде Ғұн мемлекеті ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізді. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, Мөденің дәуірінде қытайдың Хань патшалығы ғұндарға алым-салық төлеп отырды. Осы кезеңде Хань патшалығы көшпелілерден қорғану үшін «Ұлы Қытай қорғанын» салуға мәжбүр болды. Ғұн мемлекеті бүгінгі Солтүстік Қытай мен Моңғолияда қазығын қаққанымен, біздің дәуіріміздің 93 жылы солтүстік ғұн бірлестігі территориясы Тарбағатай, Сырдария және Орталық Қазақстан аумағын қамтыды
Ғұндардың тікелей мирасқоры, түріктердің қағаны Бумын Моңғол үстіртінде 552 жылы мемлекет құрды, оның ұлы Мұхан қағанның кезінде қағанаттың ауқымы Сібір, Манжурия, Орталық Азияны түгелдей қамтып үлгерді. Ал, 571 жылы Батыс түрік қағанатының билеушісі Естеми қаған Еділ өзенінен өтіп, Солтүстік Кавказды жаулап алып, Боспор бұғазына дейінгі аймақты бағындырды [5. 176 б.].
VІІІ ғасырда Түрік қағанаты ыдырап, оның орнына Жетісуде - Түркеш (704-756), Сырдарияда - Қарлық (682-940), Арал бойында - Оғыз (VІІІ-Х ғасырлар), Ертіс бойында - Қимақ (ІХ-ХІ ғасырлар), Оңтүстік Қазақстанда - Қарақанидтер (940-1125), Орталық және Солтүстік Қазақстанда - Қыпшақтар (Х-ХІІІ ғасырлар) өмір сүрді. Этногенездік территориялдық тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ елі осы аталған мемлекеттердің тікелей мирасқоры саналады.
Қазақ даласындағы мемлекеттіліктің сан ғасырлар көшінен өткен тарихи-эволюциялық дамуы барысында бірігу мен ыдыраудың көптеген мысалын басынан өткерген. Ұлт ретінде қалыптаса алмай, өзінен әлдеқайда күшті көршілес мемлекеттердің табиғатына сіңісіп кеткен мысалдар тарихта көп. Керей мен Жәнібекке дейін де бұл ұлы сахарада тегеуріні жер тітіреткен ұлыс-тайпалар өткен. Шола қарағанның өзінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің ұлысын, көне түркі қағандықтарын, одан кейінгі Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерін, наймандардың, керейіттердің, жалайырлардың, қаңлылардың ертедегі мемлекеттерін, Шыңғыс ханның империясы мен Моғолстанды ешкім жоққа шығара алмайды.
Әрине, Алтын Орданың дағдарысынан кейін тарих сахнасынан көрінген Ақ Орда да өз халқының түбегейлі тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмады. Едіге би мен Тоқтамыс, Әмір Темірлердің өзара текетіресі мемлекет тұтастығын сақтап, этникалық бірлестік құруға ақыры жол бермеді. Сондықтан Ақ Орданы қазақ мемлекетінің негізіне балау және бұл тұстағы Ноғай ордасы мен Моғолстанның рөлін әлсірету әділеттікке жатпас еді. Моғолдардың Ұлы жүз бен Орта жүздің руларынан құралған тегі түркі тайпалардан тұратынын белгілі шығыстанушы Вениамин Петрович Юдин жақсы дәлелдеген.
Ақ Орда Қазақ хандығы құрылғанға дейін-ақ ыдыраса, Ноғай ордасы мен Моғолстанның көпвекторлы саясаты Қазақстанның тағдырына мұндағы ХҮІІ ғасырға дейін елеулі ықпал еткен. Керей мен Жәнібекке жаңа қазақ мемлекетін құруы үшін Моғолстан басшыларының бірқатар жерді бөліп бергені де тегіннен-тегін емес қой.
Керей мен Жәнібекке еріп көшіп келген ру-тайпа топтары Жетісудағы туыстас қаңлылармен, керейіттермен, дулаттармен т.б. бірден араласып, сіңісіп кетті. Бірақ көне тарихи деректер бойынша, Жәнібек пен Керей сұлтандар моғолдардың билеушісі Есенбұғаға басыбайлы бағынышты болмай, дербес иеліктің – қол астындағы қазақ тайпалары бірлестігінің ханы ретінде танылған. Зайн ад-Дин Васифтің еңбегінде олардың иелігіндегі Батыс Жетісу (Шу, Талас алаптары) «Қазақстан» атауымен жазылған.
Қазақ халқының қалыптасуы сандаған ғасырларға созылған ұзақ этникалық үдерістерден тұрады. Оның соңғы кезеңіне назар аударар болсақ, Алтын Орда ыдырай бастағанда қарауындағы түркітілдес халықтар үш түрлі үлкен этноқауымдастыққа бөлініп кетті. Олар – татарлар, өзбектер және ноғайлар қауымдастығы еді. Алғашқылар Қазан, Қырым және Астрахан хандықтарында ықпалды болған болса, ал екіншілер Көк Орда мен Ақ Орда аймағында басым болды. Алайда «өзбек» атанғандардың өздері де іштей үш этноқауымдастыққа бөлініп өмір сүрді. Ноғай ұлысы аймағындағылар «маңғыттар» аталса, ал бұрынғы Көк Орда аймағындағылар – «татар-өзбектер» (шайбандықтар), ал байырғы Ақ Орда аймағындағылар «өзбек-қазақтар» атауларына ие болды.
Алғаш Өзбек ұлысында тайпалар өздерінің этникалық тұтастықтарын сақтап, өздерінің руларын шашыратпай көшіп-қонып жүрген болса, жаңа халықтарға жіктелу барысында жоғарыдан билер мен сұлтандар қалыптастырған этносаяси жағдайға байланысты кейбір руларынан ажырап қалды. Мұны нақты мысалдармен түсіндірер болсақ, мысалы, Қыпшақ руларының Айталы-қыпшақ, Аталыұлы-қыпшақ, Борған-қыпшақ, Егілтай-қыпшақ, Қара-қыпшақ, Қарағаш-қыпшақ, Құлыбай-қыпшақ, Құртлу-қыпшақ, Сары-қыпшақ, Туде-қыпшақ деген рулары біртіндеп ноғайларға қосылды. Мұнда Қазақ құрамындағы Мүйізді сарыабыз атадан тарайтын Қытай-қыпшақ, Торы-қыпшақ, Құлан-қыпшақ тәрізді рулардың жоқ екендігін байқау қиын емес.
Қазақтың ноғайдан және «Көшпелі өзбектер» этноқауымдастығынан бөлініп шығуында ноғайлардың Едисан (Жетісан) және Алтыұл тайпалық этнобірлестіктеріне қарсы біріккен «Алты сан Алаш» (жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ) этноқауымдастығының маңызы аса зор болғанын ұмытпауымыз керек. «Алты сан Алаштың» қалыптасуы аса күрделі этносаяси ахуалдарды бастан өткізіп барып, үлкен қиыншылықпен қалыптасты. Оны құраған тайпалардың кейбір рулары ноғайлар құрамынан бәрібір қайтпай, соларға сіңісіп кетті. Десек те, алғашқы қазақ хандары Жәнібек пен Керейді Ноғайларға және өзбектерге қарсы күресте күшейтіп жіберген де осы «Алты сан Алаштың» біртіндеп олардың жағына шығулары еді. Бұл бірлестік ХV ғасырдың екінші жартысы мен ХVІ ғасырдың соңына қарай қалыптасып, қазақ халқының этникалық ядросын құрады.
ХV ғасырдың алғашқы жартысына
дейін бұл этноқауымдастыққа кірген тайпалар бұрынғы Ақ Орда ұлысы
аймағындағы Өзбек тайпалары ретінде белгілі еді. 1428 жылы Ақ
Орданың соңғы билеушісі Барақтың қайтыс болуына байланысты атақты
Едігенің ұлы Мансұр биді Барақтың өлтіруін маңғыттар (ноғайлар)
кешіре алмады. Батыстағы Алтын Орданың ханы Кіші Мұхаммедке қашып
барған Мансұрдың інілері Ғази мен Наурыз хан әскерінің қолдауымен
Барақты жеңіп, шығыс Қыпшақ даласындағы тақ иесіз қалды. Билікке
келген ноғай мырзалары өздерінің Жошы әулеті тағына отыруға
ешқандай да құқығы жоқ екендігін түсініп, айтқанды тыңдап,
айдағанға жүретін «қуыршақ хан» іздестірді. Ол, әрине, маңғыттардың
(ноғайлардың) ата жауы Барақтың тұқымынан болмауы тиіс еді.
Оның үстіне әлсіреген Ақ Орда және Көк Орда мемлекетіне бағынудан
қалып, өзара билікке таласқан және ұсақ ұлыстарға билік жүргізуге
дағдыланып алған маңғыт мырзалары таққа отырғызу үшін қалыптасқан
кәнігі саясаткерді емес, ел басқарудың айла әрекеттеріне әлі де
қаныға қоймаған сарыауыз балаң жасты іздестірді. Мұндай таңдау
Шайбан тұқымы, он жеті жастағы Әбілқайырға түсті. Осылайша, енді
Дешті Қыпшақтағы таққа Әбілқайыр отырды. Оны хан сайлаған белсенді
он сегіз тайпа негізінен татар-өзбек қауымдастығына жататын байырғы
шайбандық тайпалар еді. Рас, олардың арасында, жоғарыда айтып
кеткеніміздей, кейінірек қазақты құраған наймандардың кейбір
рулары, өкіреш наймандар, қоңырат тайпасының үлкен бөлігі бар еді.
Олар да мұндай әрекетке амалсыздан, өздерінің көшу жолдары
Өзбекстан (шығыс деректерінде Қыпшақ даласы осылай аталды)
аймағында жатқандықтан барды.
Ал арғын, қыпшақ, жалайыр, алшын тәрізді бұл тұста жекелеген рулары
жаңа ханды қолдаушы маңғыттар құрамына қосылып кеткен тайпалық
бірлестіктер Әбілқайырдың хан болып сайлануына ашық қарсылық
білдіре алған жоқ, бірақ бұған іштей наразы болды. Оны Оқас би
бастаған маңғыттардың қуатты бірлестігінің және байырғы шайбанилік
тайпалардың қолдауы және қоңырат, өкіреш найман руларының солардың
ықпалында болулары, сондай-ақ Ежен тұқымынан осы тұста Әбілқайырға
қарсы тайпаларды ұйымдастырып, таққа отыра қоятындай тарихи
тұлғаның табыла қоймауы «Алты сан Алаш» қауымдастығын құрай
бастаған тайпалардың қолын байлады. Ол тұста мүлде жас болған
Жәнібек пен Керей арада жиырма жыл өткен соң ғана Еженнен тараған
сұлтандардың басын біріктіретін тұлғаларға айнала бастады.
Жас Әбілқайыр таққа отырған соң тез есейді және өзін қолдаған
маңғыттардың өздеріне де өзінің үстемдігін таңа бастады. 1449 жылы
Оқас би қайтыс болған соң, оның ұлдары Әбілқайырға бағынудан
бәрібір бас тартты. Дегенмен де Сары Шиман бастаған маңғыттардың
біразы Әбілқайырдан бәрібір қол үзе қойған жоқ. Оның үстіне
«жығылғанға – жұдырық» демекші, 1457 жылы Әбілқайыр хан Үз-темір
бастаған қалмақтардан өзінің астанасы Сығанақтың түбінде оңбай
жеңілді. Бұл жеңілістің салдарларын ауырлата түскен тағы бір
маңызды нәрсе, жеңген қалмақтардың кепілдікке үш жастағы
Әбілқайырдың туған немересін алып кетулері бұрынғы Жошы ұлысы
аймағында Әбілқайырдың ықпалын күрт әлсіретті. Мұны оның
қарсыластары орда-ежендік сұлтандар пайдаланып, көп кешікпей-ақ
Өзбек хандығынан бөлініп, көрші Моғолстанға дүрліге көшті. Айта
кетер тағы бір мәселе, бүкіл Дешті Қыпшаққа әйгілі болған
Арғындардың басшысы Ақжол биді ноғайларды қолдайтын Қара-қыпшақ
тайпасының әйгілі батыры Қобыландының өлтіруі де жанжалды өршітіп,
көшті жылдамдатып жіберді. Бұл көшті Жәнібек пен Керей сұлтандар
басқарды.
Тарихи деректерді талдау Моғолстанға Жәнібек пен Керейге ілесіп, 1459 жылы көшіп келгендер қатарында алғашқы кезде арғындар, жалайырлар, наймандардың бір бөлігі болған деп айтуға жетелейді. Ал 1469 жылы Әбілқайыр қайтыс болғаннан кейін Өзбек ұлысында бүліншілік басталып, алғашқы қазақ сұлтандарына қаңлы, қоңырат, найман, қыпшақ, тама, керейт тайпаларының кейбір рулары келіп қосылып, енді өзбек-қазақтар саны екі жүз мың адамға жетті. Осылайша о баста өзбек-қазақ аталған халықтың алғашқы этникалық негіздері қаланды.
Қазақ елінің тәуелсіздігінің тұғыры бекіп, төрт құбылысы нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылық оянып, арта түсуде. Қазақ хандығының құрылуының Евразия тарихында алатын орны ерекше. Күн сайын еліміздің мемлекеттілік тұғырының нығаюы, бүкіл әлем алдында саяси және экономикалық беделінің өсуі, мемлекетіміздің халықаралық кеңістіктегі орнын айқындап отыр. Жаһан алдында қазақ мемлекеті өзінің тәуелсіздігі мен халықаралық саясаттығы тегеурінді іс-қимылымен көзге түсуде. Міне сондықтан қазіргі мемлекетіміздің бір белесі болып табылатын, қазақ хандығының тарихы маңызды орын алып отыр.
Қазақ хандығының құрылуы – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы қалыптасу үдерісін қорытындылаған тарихи оқиға болды. Биылғы тойлағалы жатқан мерей-тойымыз – Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуы. Қазақ хандығы, біріншіден, жоғарыда аталған қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды жалғасы, мұрагері болса, екіншіден, ХҮ ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегіне дейін өмір сүрген қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті болып саналады.
Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында 2 жарым мың жылдай уақытқа созылған этноүрдіс өзінің мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болды да, ол қазақ халқының қалыптасуының аяқталуымен бір кезеңде жүзеге асты. «Қазақ» атауы осы кезде этникалық мәнге ие болып, ол атау ұлттық сипаттағы мемлекеттің атауына да берілді.
Қазақ хандығының құрылу үдерісі қазақ жеріндегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы және Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінің одан кейінгі Алтын Орда мемлекетінің тарихымен байланысты. Мемлекеттер атауы әр түрлі болса да, оларға ортақ нәрсе бір жер аумағында өмір сүрген ру-тайпалардың бірлестігіндегі тегі мен тілі, шаруашылығы, мәдениеті, діни-рухани өмірлерінің ортақ болуында. Қазақ хандығы бір ру-тайпадан емес, көптеген туыс тайпалардың бірігуінің нәтижесінде пайда болды. Осындай туыс тайпаладың жаппай көшуін Керей мен Жәнібек сұлтандар батады. Олар өз төңірегіне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелә қазақ ру-тайпаларын топтастырып алды да, Әбілхайыр хандығынан тысқары жерге көшіп кетті.
Қазақ мемлекеттілігінің тарихында Қазақ хандығы ерекше орын алады. Өйткені, қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттілік тарихының заңды жалғасы. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу кезеңінің аяқталуында бір заңдылық бар. Этникалық процесс саяси процеске қозғау салды, ал саяси процесс этникалық үрдістердің ықпалымен жүріп отырды. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шығып, сол кезде пайда болған «қазақ» деген термин этникалық мәнге ие болды. Оған дейін де «қазақ» деген сөз болды, бірақ ол тек әлеуметтік мәнде қолданылған. Қазақ хандығының құрылуымен бірге қазақ жерінде түркі тілдес тайпалардың барлығы бір ғана қазақ деген мәнге сыйдырылды, сөйтіп, жаңа этнос пайда болды. Сол этностың атауымен мемлекет те қазақтардың мемлекеті немесе қазақ хандығы деп аталды. Ал территорияға келсек, 1530 жылдардың орта тұсында Зайнаддин Васифидің дерегінде қазақ халқының мекен етіп отырған аумағы «Қазақстан» деп жазылған екен. Парсы тілінде «стан» деген тірі денелердің мекен ететін аумағын көрсететін жұрнақ. Яғни, қазақ халқының мекендейтін жері – Қазақстан. Ең алғаш Қазақстан деген терминнің пайда болғаны да сол тұс. Қазіргі қазақ мемлекетінің негізін құраушы ұлт та – қазақтар. Осыған орай XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ мемлекетін ұлттық сипаттағы мемлекет деп сеніммен айтуға болады [6. 150 б.]. Қазақ хандығының құрылуы, әрісі Евразия даласында берісі Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар, ХІІІ-ХV ғғ. саяси процестердің заңда қорытындысы ретінде ХV ғасырдың ортасында тарих сахынасына орталықтандырылған мемлекеттік құрылымдардың пайда болған кезіне сәйкес келді. Орта Азияда- Шайбанидтар, Үндістанда-ұлы Моғолдар, Иранда- Сефевидтер, Түркияда –Оттаман империясы, Ресей империясы осы тұстарда бой көтерді. Қазақ хандығының құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты тарихи- саяси еңбегінің маңызы зор.
Ал, Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Олар: 1458-1470 жылдар – хандықтың құрылуы. Ал 1470-1521 жылар аралығы хандықтың күшеюі мен нығаюы. 1521-1538 жылдар – хандықтың уақытша әлсіреуі. 1540-1598 жылдар – хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территориясының қалыптасуының аяқталуы.
Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің территориясы Қазақ хандығының аумағынан тұрады. Қазақ хандығы Жетісудағы Шу, Қаратал, Қозыбасы аймағында құрылғанымен, Бұрындық ханның (1480-1511) кезінде ірге кеңейтіп, Сыр бойындағы бірнеше қаланы Шайбаниттерден тартып алды. Бұл кезде іс жүзінде елді Қасым хан басқарған еді[7. 157 б.]. Ал, Қасым хан билікті өз қолына алған (1511-1523) тұста Қазақ хандығы бүкіл қазіргі Қазақстан аумағын толық қамтыды. Тіпті, Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда миллион әскері бар Қасым хан дәуірінде Ұбай-Сұбайраға (Шаңғы Тара - Тюмень) дейінгі аумақ Қазақ хандығының құрамына енген [8. 111 б.]. Қасым хан қайтыс болуымен Қазақ хандығы құлдырауды бастан кешіргенімен, (1523-1538 жылдары) Хақназар хан (1538-1580 жылдары) билік тізгінін қолына алған соң Қазақ хандығы қайта күш жинап, Батыс Қазақстан аумағымен қатар (Жайыққа дейінгі жер) көрші елдердің аумағына ауыз салды. Мысалы, зерттеуші Л. Рычковтің жеткізуіне қарағанда Хақназар хан «ноғайлар мен Башқұртстанға ие болып қана қоймай, сонымен қатар Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхарияны, Хиуаны, Ташкентті және басқа да көптеген қалаларды өз қол астына бағындырып, олардан алым жинаған» [9. 398 б.].
Қазақ хандығының іргесі күнгей беткейге қарай Тәуекел ханның тұсында кеңейе түсті. Тәуекел хан 1586-1598 жылдар аралығында Бұхара хандығымен ұзақ уақыт күрес жүргізді. Мәуреннахрға 1598 жылғы жасаған соңғы жорығында Ташкент, Ферғана, Самархандты басып алды. Бұхарадағы соңғы соғыста кері шегініп, арадағы келіссөздерден соң Ташкент пен Ферғана аймағын Қазақ хандығының құрамына қосты. Тәуекелдің ізбасары Есім ханның (1598-1630 жылдары) кезінде де Ташкент өңірімен бірге Алатауды жайлаған қырғыздар Қазақ хандығына бағынды[10. 422 б.]. Есім ханнан кейін ел басқарған Салқам Жәңгір хан (1640-1652 жылдары) мен оның ұлы Әз-Тәуке ханның тұсында (1680-1718 жылдары) хандықтың территориясын кеңейтуден көрі сыртқы жаулардан қорғану мемлекеттің басты функциясы саналды. Бұл кезеңде Шығыстан ойрат тайпалары Қазақ хандығына жиі-жиі қауіп төндірді. Батур қонтайжының 1643 жылғы 50 мыңдық шерігін Салқам Жәңгір хан өзінің 600 жауынгерімен асқан айлакерлік танытып, Орбұлақта тас-талқан етіп жеңді. Тәуке хан да Цеван-Раптанның бірнеше дүркін жасаған жорықтарының бетін қайтарды. 1694 жылы Түркістанда Ресей елшілері Феодор Скибин мен Матвей Трошихинді қабылдағанда Әз-Тәукенің: «Түрік сұлтанының немесе Қызылбас (Парсы) шахының менен, Тәуке ханнан несі артық? Олар да мен сияқты ғой» деген сөзінен, сол дәуірдегі Қазақ хандығының іргесі берік, шекарасы бүтін, айбарлы мемлекет болғанын аңғарамыз. «Ақтабан шұбырынды» (1723) қырғынынан кейін Ұлы жүз (Қазақстанның Оңтүстік Шығысы өңірлері) уақытша (1752-1756) Жоңғар мемлекетінің құрамына енді. 1642 жылы Шығыстағы торғауыттар еліміздің Батыс өңірлеріне көктей өтіп, Еділ бойына табан тіреген болатын. Сонымен бірге, Ресейге бағынышты башқұрттар Ор, Елек, Жайық жағасына қол салды. Кіші жүз ханы Әбілхайырдың 1731 жылы Ресейге бодан болуымен торғауыттар мен башқұрттардың шабуылы саябырсыды. Әйткенімен, есесіне Ресей патшалығы 1742-1748 жылдары қазақ жеріне алғашқы Ор, Елек бекіністерін тұрғызды.
Жоңғарға кіріптар болған Оңтүстіктегі қалалар мен Жетісу өңірі 1750-1755 жылдары Абылай ханның басшылығымен жау қолынан азат етілді. 1757 жылы Цинь патшалығы Жоңғарияны жаулап алғаннан кейін Қазақ хандығы аспан асты елімен шекара түйістірді. Цинь патшалығы бұрын жоңғарға қараған жерлерге иемденгісі келгенімен, Абылай хан бұған көнгісі келмей, Жоңғар жаулап алған ежелгі қазақ қоныстарын қайтарып алуға күш салды. Бірнеше қайтара елшілік алмасудың нәтижесінде, Цин патшалығы Абылай ханға ежелгі қазақ қоныстарын (Іле, Тарбағатай, Алтай) қайтарып беруге мәжбүр болды.
Қазақтың этникалық құрамын сақтап қалуға тырысқан Қазақ хандығы билеушілері Ресей бодандығын қабылдаған уақыттан бастап империяның қол астына ендік, кейінен КСРО-ның құрамында болдық. Дегенмен, бодандықта болсақ та ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпадық, сақтадық, бүгінгі күнге жеттік.
Мемлекеттіліктің тағы бір міндетті нышаны - мемлекеттің құқықтың жүйесі екендігі белгілі. Сақ, Хұн, Түрік қоғамының әдет-ғұрып заңдары Шыңғысхан дәуірінде «Жасақ» заңы болып жетілді. Алтын империясы тұсында Өзбек хан мен Жәнібек хан шариғат заңдарына көбірек басымдық берсе, Едіге би заманында «Жаса» заңы қолданыста болды. Ал, Қазақ хандығы дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Әз-Тәукенің кезінде «Жеті жарғы» заңнамасы қабылданды. Яғни, көшпелі қоғамының алғышарттарына сай қазақ мемлекеттілігінің өз құқықтық жүйесі болды.
2014 жылы қазан айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде бастама көтеріп: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, сы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Ең маңыздысы сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы ісінің жалғастырушысымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көп ғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн»,- деп түйіндеген еді. Елбасы бұдан кейін де үлкен мерекелік алқалы жиындарда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту оның рухани өміріміздегі алар орны жөнінде атап көрсетіп, үкіметке арнайы тапсырыс берген еді.
Қазақ хандығы – қазақ мемлекетінің шыққан шыңы, биігі. Меніңше, биыл қазақ мемлекеттілігінің емес, Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын тойлағалы жатқанымызды атап өтуіміз қажет. Тарихқа үңілсек, Қазақ хандығы құрылған уақыттан бастап жарты ғасырдан кейін, қазіргі қазақ елінің жерін қалыптастырып, үлкен елге айналды. Бұл орталықтандырылған билік жүйесінің арқасы еді. Салыстырмалы түрде алсақ, осы кезеңде шаңырақ көтерген басқа елдер 20-30 жылдан кейін құрып кеткен болатын. Осы кезеңде және одан кейінгі ғасырларда пайда болған хандықтар арасында тек Қазақ хандығы ғана өміршеңдігін көрсетіп, тұтас ұлтқа атын беріп, бүгінгі күнге дейін жалғасып жетті. Сондықтан, қазақ хандығының тарихын, Елбасы айтқандай, Орта Азиядағы ұлттық тарихтың бастауы деуге де болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Мұхаметханұлы Н. Ежелгі көшпелілердің этнотерриториялық ұғымы және Қазақстан аумағының қалыптасуы. ІІІ Халықаралық Түркология конгресі. 486 бет
-
С.Әбушәріп. Қазақ мемлекеттілігінің түп-тамыры тарихтың тым терең қойнауынан іздеу ләзім. «Қазақ мемлекеттілігінің хронологиясы, құрылымы және заңдылығы туралы мәселелер» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция. 466 бет
-
История Казахстана. Институт развития Казахстана. 2003. 35 cтр
-
История Казахстана. «Институт развития Казахстана. Алматы 2003. 42-43 cтр
-
Гумилев Л.Н Древний тюрки. М-Л 1967.
-
Аяған Б.Ғ. Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. – Астана, 2009.
-
Қазақстан тарихы. очерк 157 бет
-
(Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Тұран баспасы. 2003. 111, 313 беттер).
-
(Қазақстан тарихы. Атамұра. ІІ том. Алматы 2010. 398 бет/640б.).
-
(Қазақстан тарихы. Атамұра. ІІ том. Алматы 2010. 422, 428 бет/640 б).