Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен дамуы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
-
ҚАЗАҚ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
-
Жалпы лексикографияның зерттелуі
Тіл білімі саласындағы үлкен саланың бірі – лексикография десек, оның қарастыратын объектісіне қарай өзіндік атқаратын қызметі де, зерттеу жұмыстары да аз емес. Лексикография – тарихы тереңде жатқан сала, сондай-ақ келешекте ашылатын жаңалықтары мен мүмкіншіліктері де мол.
Лексикография [гр. lexikos сөзге қатысты (сөздік) + grapho жазамын] терминіне лингвистикалық сөздікте: тіл біліміндегі сөздіктерді түзудің теориясы және практикасымен айналысатын ғылым саласы ретінде анықтама берілген (Гак В.Г.).
Лексикографияға еуропалық тіл білімінде, сондай-ақ Кеңестер Одағы тіл білімінде берілген анықтама:
-
ғылымның сөздік түзу принциптерін зерттеумен айналысатын саласы, сөздік жасаудың теориясы;
-
сөздік түзу ісі;
-
тілдегі сөздіктердің жиынтығы;
-
елдегі сөздіктердің жиынтығы .
Лексикография терминіне берілетін басқа анықтамалар да осы
анықтамаға ұқсас болып келеді: лексикография [гр. lexikos сөздіктік, сөздік + ...графия] – 1) сөздік түзу ісі; 2) тіл біліміндегі сөздік түзудің теориясы мен практикасын зерттейтін сала; 3) сөздік түрінде басылған еңбектердің жиынтығы, сөздік түріндегі әдебиет [16, 19].
Бұл анықтамаларды М. Малбақов «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» атты еңбегінде келтіреді. Ал лексикография саласын алғашқылардың бірі болып зерттеген Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы «Қазіргі қазақ лексикогарфиясы мен фразеологиясы» атты еңбекте де лексикография терминіне құнды анықтама береді: «Тілдегі сөздер мен фразеологизмдерді жинап-теріп, олардың сөздігін жасаумен және оның теориясымен шұғылданатын тіл білімінің саласын – лексикография дейді. Яғни сөздік жасаудың әдістемесі мен техникасын үйрететін ғылым деген сөз».[2, 213].
М. Малбақовтың жазуынша, «анықтамалардағы алғашқы екі мағынаның біреуі сөздік түзу ісі, яғни, «практикалық лексикография» ұғымынан, енді біреуі – «лексикографияның теориясы мен тәжірибесі» ұғымынан хабар береді. Бұл жіктеме лексикографияның теориялық мәселелері бойынша құнды еңбектер жазған белгілі мамандардың бірі В.В. Марковкиннің пікірімен үндеседі. Ғалым лексикогарфияны теоретикалық және практикалық салаларға бөліп қарастыра отырып, теоретикалық лексикогарфияның өзін өзара байланысты екі салаға: лексикографияның теориясы мен лексикографияның тарихы салаларына ажыратады. Лексикографияның тарихы өз кезегінде сөздіктер мен тұтас лексикографиялық концепциялар тарихы және лексикографияның негізгі мәселелерін шешу тарихы салаларына бөлінеді [1, 19-20].
Нақты сөздік түзу ісін ісін қарастыратын практикалық лексикогарфияның атқаратын маңызды қызметтерінің қатарында В.Г. Гак: 1) тілді үйрету, 2) ана тілінде сипаттама жасау және оны нормаландыру, 3) тіларалық қатынас, 4) тілдегі лексиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу және 5) тіл білімінің лексикология, сөзжасам, стилистика, тіл тарихы тәрізді салалары бойынша жүргізілетін лингвистикалық зерттеулер үшін қажетті деректерді жинастыру мен өңдеу істерін атайды.
Термин тудыруда немесе анықтама жасауда көптеген ұқсастықтар болып жатады. Сол секілді Ғ. Қалиев пен Ә. Болғанбайұлының да практикалық лексикография туралы анықтамасы да осыған ұқсас: «Практикалық лексикография ана тіліне немесе басқа тілге үйрету, ана тілін нормаландыру, тіларалық қарым-қатынасты арттыру, тілдің лексикасын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатын көздейді» [3, 223].
Лексикограф ғалым В. Г. Гак теоретикалық лексикографияның қарастыратын мәселелернің қатарында:
-
сөздіктердің жалпылама типологиясын, жаңа типтерін жасау;
2)сөздіктің макроқұрылымын зерттеу (лексиканы сұрыптап алу, сөздер мен сөздік мақаланы орналастыру принципі, омонимдерді беру, сөздікте және оның соңындағы қосымша қосалқы материалдарды: грамматикалық мақалаларды, дәйектемелерді, т.б. беру);
3)сөздіктің микроқұрылымын, яғни жеке сөздік мақаланың құрылымын (сөздің грамматикалық және фонетикалық түсіндірмесі, мағыналарға бөлу мен жіктеу, сөздік анықтамалардың түрлері шартты белгілер жүйесі, тілдік дәйектеме материалдардың түрлері, фразеологияның берілуі, қосалқы деректерді орналастыру, т.б. ) зерттеуді атайды [1, 20].
Ал дәл осы анықтаманы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбекте былай береді: «Теориялық лексикография сөздіктердің жалпы типологиясын, жаңа түрлерін жасаумен, сөздіктердің құрылымын анықтау мәселесімен (реестрлік сөздерді сұрыптау, сөздік мақалаларды орналастыру принциптері, омонимдердің және көп мағыналы сөздердің, фразеологизмдердің берілу тәсілдерін т.б.), сөздік жасаудың техникалық мәселелерімен (сөзге грамматикалық, фонетикалық түсінік беру, сөз мағынасын ашуға қажет мысалдарды сұрыптау т.б) шұғылданады [3, 223]. Аталған еңбектегі анықтамалар салыстырмалы түрде байқап қарасақ В.Г. Гактың анықтамаларынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Бірақ ешқандай сілтеме қалдырылмаған. Соған қарап көңілге күдік ұялайтыны да рас.
Сондай-ақ В.Г. Гак қазіргі лексикографияның теориясына тән басқа да белгілерді:
а) лексиканы жүйе ретінде түсіну, сөздіктің құрылымында жалпы тілдің лексика-семантикалық құрылымын, сондай-ақ, жеке сөздің семантикалық құрылымын бейнелеуге (сөздердің мағыналарын олардың мәтін құрамындағы және семантикалық өрістердің ішіндегі басқа сөздермен байланыстыра қарап бөлуге) ұмтылуды;
ә) сөздің мағынасын ашудағы диалектикалық көзқарасты (мағыналардағы реңктермен ауыстыруларды, олардың сөйленімдегі қолданысын, басқа да алуан түрлі аралық құбылыстарды) ескеріп отыруды;
б) лексиканың грамматикамен, тілдегі басқа деңгейлермен тығыз байланыстылығын ескеруді атап өтеді.
В.Г. Гактың пікірі бойынша, теоретикалық лексикографияда сөздіктегі лингвистикалық және экстралингвистикалық (энциклопедиялық, елтанымдық, т.б.) деректердің арасалмағы мәселесіне зор көңіл бөлінеді [1, 20-21].
Қазіргі лексикография теориясы лексиканы белгілі бір жүйеде түсіндіреді, сөздердің лексика-семантикалық құрылымын көрсетіп, олардың мағынасын диалектологиялық тұрғыда қарастырады. Лексикография лексикологияға, стилистикаға, грамматика, фонетика және тіл тарихына сүйенеді.
Ал «сөздік» терминінің өзіне келер болсақ, «сөздік» термині тіл білімінде екі мағынада қолданылады: 1) белгілі бір тілдің, диалектінің, әлеуметтік топтың немесе жеке бір жазушының лексикасы, сөздік құрамы, 2) сөздер мен морфемалардың, сөз тіркестері мен идиомалардың т.б. әліпби тәртібімен орналасып, түсінігі мен аудармасы берілетін анықтамалық кітап [3, 223].
М. Малбақов «сөздік» терминінің ортағасырлық түркі лексикографиясында «лұғат» деп қолданылғанын, уақыт өте келе «сөздіктің» үстемдік танытқанын айтады.
Ж. Марузоның лингвистикалық терминдер сөздігінде аталмыш терминге: «лексика, белгілі бір тілде сөйлейтін адамдар тобына тән, белгілі бір жанрға, заманға, мектепке, жазушыға тән сөздер мен мағыналардың элементтері ретінде қарастырылатын сөздер жиынтығы» түрінде анықтама беріледі. Анықтаманың ғылыми тұрғыдан құндылығы, дәлдігі бірден байқалады. Бұл анықтамадан ғалымның аталмыш терминді белгілі бір сөздік құрамды құрамды тіркеуші анықтамалық сөздік тұрғысынан қарастырып отырғанын байқаймыз. Анықтаманың өткен ғасырдың орта шенінде жасалып отырғанын естен шығармау керек. Ол кезде сөздіктің ғылыми және дидактикалық құрал ретіндегі құндылығы күн тәртібіне жаңадан қойыла бастаған болатын. Әрине, лексиканы тек қана тіркеп отыратын сөздік түрлерінің қазіргі кезде де көп екендігі анық. Алайда, қазіргі кезеңде сөздіктің ғылыми еңбек және дидактикалық материал ретіндегі қызметін ескермей, атамай кетуге әсте болмайды деп ойлаймыз.
Терминнің лексикографиялық тезаурустағы анықтамасы да Ж. Марузо сөздігіндегіге ұқсас: сөздік мақалалардан құралған, негізгі қызметі сөздік құрамды ретке келтіру мен жария ету болып табылатын лингвистикалық сипаттама түрі.
О. С. Ахманованың сөздігінде терминнің екінші мағынасы да (лексиканың жүйелі сипаттамасын қамтитын кітап, лексикон) аталады. Бұл мағынада сөздік тілдегі жүйені, жүйелілікті ашып көрсететін құрал ретінде көрінеді.
Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте берліген анықтама да осыған ұқсас:
а) лексика, белгілі бір тілдің, диалектінің, әлеуметтік топтың, жазушының, т.б. тіл иесінің сөздік құрамы;
ә) белгілі бір жүйе бойынша орналасқан сөздерден (немесе морфемалардан кейі, сөз тіркестерінен, идиомалардан, т.б.) тұратын сөздік бірліктердің мағыналарын анықтап, олар туралы әр түрлі ақпар беретін неолардың өзге тілге аудармасын беретін, немесе өздері белгілейтін заттар туралы деректер беретін анықтама кітап (Лингвистический энциклопедический словарь, 1990, 462).
Энциклопедияда сөздіктердің атқаратын негізгі әлеуметтік функциялары ретінде ақпараттық (тілдік таңбалар арқылы хатқа түсіп, белгілер арқылы жинақталған адамзаттық білімге қол жеткізу), коммуникативтік (ана тілі мен шетел тіліндегі қажетті сөздерді ұсыну арқылы) және нормативтік (сөздердің мағыналарын және олардың қолданылуын тіркеу арқылы қатынас құралы ретіндегі тілдің жетіле түсуі мен үйлесімді болуына, бір ізге түсуіне жағдай жасайды) функциялар аталады. Белгілі ғалым Б. Қалиев сөздіктің бұлардан басқа тағы екі қазметін: атауыштық және есепке алушылық қызметтерін көрсетеді [16, 23-25].
Лексикографияда сөздіктердің өзіндік типологиясы болады және лексикографияны іштей бір тілді, екі тілді, үйренімдік (учебный) және ғылыми-техникалық лексикографияға бөледі Гак [1, 21]. Ары қарай сөздік осы классификация негізінде жіктеледі. Сөздіктің лингвистикалық (тілдік) және энциклопедиялық екі түрі бар. Лингвистикалық сөздіктерге тілге (сөзге) байланысты сөздіктердің бәрі жатады. Олардың негізгі түрлері: түсіндірме сөздік, аударма сөздік, терминологиялық сөздік, фразеологиялық сөздік, диалектологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, тарихи сөздік, этимологиялық сөздік, жиілік сөздігі, кері сөздік, орфоэпиялық сөздік, орфографиялық сөздік.
Энциклопедиялық сөздіктерге қазіргі ғылыми саладағы білім жайынан қысқаша мағұлмат беретін сөздіктер (философиялық, педагогикалық, психологиялық, саяси-экономикалық, астраномиялық т.б.) жатады [3, 224]. Бұл жіктелім «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбектің алғашқы басылымында «Лингвистикалық сөздіктер өте-мөте көп. Олар әр алуан мақсат-мүддеге лайықталып жасалады. Лингвистикалық сөздіктер бір тілдік, және көп тілдік болып бөлінеді. Түсіндірме сөздік бір тілдің өз сөзімен түсіндіріледі. Ал екі немесе көп тілдік сөздіктер өзге тілдердің сөздерімен түсіндіріледі. Бір тілдік лингвистикалық сөздіктер академиялық нормативті сөздік және анықтағыш сөздік болып іштей екі салаға жіктеледі» деп аталып қана өтіледі [2, 214]. Осыған қарап біз жыл өткен сайын отандық ғалымдарымыздың лексикографияның тереңіне бойлап жете түсініп келе жатқандығын аңғарамыз.
Ал ғалым К. Ахановтың бөлуі бойынша, сөздіктер:
І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикалық дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Оларға: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.
ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Олар: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.
ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мәлімет беретін сөздіктер. Олардың қатарына: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.
ІV. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап, түсіндіретін сөздіктер. Олардың қатарына: 1. Энциклопедиялық сөздік. 2. Иллюстративтік сөздік болып бөлініп жіктелген [3].
Жоғарыда К. Аханов қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер қатарынан терминологиялық сөздіктерді де көрсетеді. Дегенмен, «Лексикографиялық сөздік түрлері мен мен терминографиядағы сөздік түрлері қызметіне байланысты ұқсас болғанымен (аударма, түсіндірмелі), мақсаты мен міндетіне байланысты әр түрлі болып келетіндігін байқауға болады. Оның үстіне терминдерді жүйелі етіп беру мақсатында терминографияда жаңа сөздіктердің түрлері пайда болып жатқандығын, оның құрылымы мен оларға қойылатын талаптар арнайы қарастыруды ететіндігін де ескеру керек. Сондықтан терминологиялық сөздіктің лексикографиядағы сөздік түрлерінің бірі ретінде ғана қарастырылуы терминдердің жүйелі, бірізді берілуін, терминдерді үйлестіру ісін, жалпы айтқанда, терминологиялық сөздіктер жасау ісін дамытуды тежеген болар еді.
Алайда, терминографиядағы жаңа пайда болып жатқан сөздік түрлерін лексикографияда пайдаланып, жаңа үлгідегі лексикографиялық сөздіктер түзуге болатындығын, бұл тұрғыдан өзара байланыстың болуы керектігін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әр салада берілетін тілдік бірліктердің берілуіндегі өзіндік ерекшеліктер айқындалуы тиіс,» – дейді зеттеуші Әбдірәсілов Ербол «Қазақ терминографиясының жүйесі» атты еңбегінде [4, 34].
Сондай-ақ К. Аханов лингвистикалық сөздіктерді жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөліп көрсетеді:
1. Сөзіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздік тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер тілдің заманауи сөздіктері деп аталады.
2. Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздіктер деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуірдегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктің бұл түрлеріне арнаулы сөздіктерді де жатқызуға болады. Олар: терминологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік және т.б. жатқызуға болады.
3. Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі – екі тілідік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.
4. Сөздіктер оларда берілген сөздердің әліппи тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет–ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: 1) Дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; 2) Идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі. Сонымен, сөздіктерді шартты түрде төрт топқа бөліп қарауға болады [5].
Сөздіктерді топтастыруда сөздің жүйелі сипаттары толық ескерілуі тиіс: сөз бен тілден тыс ақиқат өмір (сөз бен сөйлеу, сөз бен оның қолданылатын ортасы, сөз бен елтаным, сөз бен грамматикалық жүйе, сөз бен жазу, сөз бен лексикографиялық жүйе, сөз бен лексика-фразеологиялық жүйе, сөз бен оның мағынасы).
Сөздік түрі сипаттау нысанына қарай анықталуы тиіс. Сөздердің белгілі бір тақырып төңірегінде топтасуы тілдік жүйе деңгейінде жүзеге асуы керек. Сөздер тақырып бойынша топтастырылған кезде лексика-семантикалық топтармен тығыз мағыналық байланыстағы тақырыптық-тілдік немесе тақырыптық-семантикалық топтары ескерілуі керек [6, 103-104].
Лексикографияны игеруде орыс тіл білімінің тигізген әсерінің көп екенін ашық айтқанымыз абзал. Лексикографияны бір жүйеге келтіруде, термин қалыптастыруда қазақ тіл білімінің орыс тіл білімінен алғаны көп. Ал терминдерге берілетін анықтамалар олардың пайда болу кезеңіне, терминді енгізуші ғалымның білігіне, елдегі салалық білімнің деңгейіне, білім саласындағы түрлі ағымдарға, қалыптасып үлгірген ғылыми мектептер арасындағы терминді түсіну, қолдану ерекшеліктеріне, т.б. көптеген себептерге байланысты болуы мүмкін. Осындай жағдайда алдымыздан салалық ақпараттық (информациялық) тілдерді жасау, терминдерді жүйелеу және стандарттау мәселелері шығады. Бұл жүйелеу мен стандарттаудың өзі екі бағытта (тілдік және ұғымдық) жүргізіледі. Тілдік бағыт белгілі бір терминді стандарт ретінде бекітуге бағдар ұстаса, ұғымдық жүйелеу салалық терминологияның ұғымдық тұрғыдан жүйеленуіне жол ашады. Терминдердің арасындағы семантикалық байланыстарды реттейтін тезаурустар да осы мақсатта түзілмек.
Ақпарат іздеу тезаурустары (информационно-поисковой тезаурус) ақпар іздеу құралы ретінде анықтамалық сөздіктің қызметін атқаратын болса, терминаралық байланыстарды реттеу, терминдерді стандарттау, дескриптор таңдау құралы ретінде нормативті сөздіктің қызметін атқарады.
Осындай салалық тезаурустардың бірі – С.Е. Никитинаның бірқатар лексикогарфиялық аппарат атаулары негізінде түзген тезаурусы.
Лексикография терминінің осы тезауруста келтірілген деректер бойынша құрастырылған анықтамасы төмендегідей болады:
Теориялық лексикография (лексикография 2) – негізгі зерттеу нысаны сөздік пен лексика, зерттеу тақырыбы сөздік түзудің принциптері, сөздіктің ішкі құрылымы, сөздіктердің жіктемесі болып табылатын лингвистикалық теориялық пән.
Тәжірибелік лексикография (лексикография 1) – басты нысаны тілдік элементтер (лексика) атқаратын қызметі сөздіктегі метатілдің, лексикографиялық әдіс-тәсілдердің көмегімен сөздік түзу болып табылатын лингвистикалық іс-әрекеттің бір түрі. Негізгі түрлері: терминологиялық лексикография, есептеу (вычислительная) лексикографиясы, үйренімдік (учебная) лекискографиясы, және жалпы лексикография.
Әрине, лексикографияның жеке түрлерін бұлайша тәжірибелік лексикографияның құрамында ғана қарауды жөн деуге болмайды. Себебі терминографияның өзіндік теориялық мәселелері есептеу лексикографиясының өз теориялық мәселелері, үйренімдік лексикографиясының өзіндік теориялық мәселелері бар. Жалпы лексикографияның да ортақ және жеке теориялық мәселелері болатыны айтпаса да түсінікті.
Жалаң лексикографияның теориясы деген болмайды. Лексикография теориясы әрқашан да нақты лексикография түріне қатысты қаралады.
Тезаурустағы тәжірибелік лексикографияның түрлері арасынан инженерлік лингвистиканың туындысы – есептеу лексикографиясын көреміз. Бұл – қолданбалы лингвистикада XX ғасырдың II жартысында пайда болған жаңа сала. Сол кезеңнен бері лексикографияда компьютерлік технология қолданыла бастады. Сөздіктер таза филологиялық туынды емес, инженерлік-филологиялық туындыға айналды [1, 21-23].
-
Қазақ лексикографиясы туралы
Қазақ тіліне тікелей болмағанымен, оған қатысты сөздіктер орта ғасырлардан және XVIII –XIX ғасырлардан белгілі. Қазақ тіліне тікелей қатысты сөздіктер (аударма сөздіктер) XIX ғасырдың II-ші жартысы мен XX ғасырдың басында жасала бастаған. XX ғасырдың соңғы жартысында лексикография дұрыс жолға қойылып, дами бастады, әр түрлі сөздіктер пайда болды. Сөздік жасаудың XX ғасырдың II жартысында қалыптасқан үлгілері XXI ғасырда да жалғасып келеді.
Жоғарыда қазақ тіліне қатысты сөздіктер (аударма сөздіктер) XVIII ғасырдың II-ші жартысынан бері шыға бастады деп көрсеттік. Олардың ішіндегі ең көрнектілері В.В. Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий», (1888-1911) атты төрт томдық сөздігі мен Л.З. Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарких наречий» (1869, 1871) деп аталатын екі томдық сөздігі. Қазақ тілінің сөз байлығын аударма түрде сөздік етіп шығару тәжірибесі XIX ғасырдың II-ші жартысында Н.И. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» (1861) еңбегіндегі сөздіктен басталады.
Бұдан кейін И. Букиннің, Ы. Алтынсариннің, И. Лаптевтың т.б. аударма сөздіктері шықты. Революциядан бұрын барлығы отызға жуық екі тілдік (орысша-қазақша немесе қазақша-орысша) аударма шағын сөздіктер жарық көрді. Бұлардың азды-көпті тәжірибелері революциядан кейінгі сөздіктердің дамуына белгілі дәрежеде себін тигізді.
Қазақ лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыдан тексеріліп жан-жақты дамуы Кеңестік дәуірде екі тілді аударма сөздіктерден басталды. 1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге арналған екі тілді шағын нормативті сөздіктер жасаумен ғана шектеліп келген болсақ,1946 екі том «Орысша-қазақша сөздік», ал 1954 жылы бір томдық үлкен «Орысша-қазақша сөздік» (50000 сөз, редакциясын басқарған Н.Т. Сауранбаев), Х. Махмудов пен Ғ. Мұсабаевтың шағын “Қазақша-орысша сөздігі” (1954) [3, 224-225], “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” (1959 — 74), “Орфографиялық сөздік” (1963), “Абай тілі сөздігі” (1968), “Диалектологиялық сөздік” (1969), “Этимологиялық сөздік” (1996), терминол. сөздіктер (“Тау-кен ісі терминдерінің қысқаша орысша-қазақша сөздігі”, 1959; “Орысша-қазақша терминология сөздігі. Экономика, философия”, 1962), т.б. болып жалғаса берді.
Қазақ лексикографиясы соңғы жарты ғасыр ішінде тек сан жағынан ғана көбейіп өсіп қойған жоқ, сөздіктің түр-түрі де молайды. 40-50 жылдары шыққан сөздіктер мен соңғы жылдары жарык, көрген сөздіктер тек көлем жагынан ғана емес, сапасы жағынан да анағұрлым ілгеріледі. Өңделеп қайыра шығып жатқан терминологиялық, орфографиялық түсіндірме, синоним сөздіктерінің қай-қайсы болса да, соңғы басылымдары алғашқыларынан көш ілгері екендігі ешқандай күмән келтірмесе керек. Кеңес тіл мамандары лексикология мен лексикография теориясын, стилистика мен грамматиканы, сөз тудыру тәсілдерін тынбастан зерттеп, осы ғылымдарды үнемі жетілдірумен келді. Бұл ретте орыстың тіл білімі мен оны зерттеуші тіл мамандарының көшбасшылық рөлі айырықша.
Кеңес халқының бұрынғы құрамдасы – Қазақстанда шығып жатқан сөздіктердің бәрі де (барлығы 70-ке жуық) орыс сөздіктерінің үлгісімен жүзеге асып келе жатқандығы белгілі. Мәселен, үлкенді-кішілі аударма және терминологиялық сөздіктерді былай қойғанда, Д.Н. Ушаковтың төрт томдық “Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің” үлгісімен бізде екі том “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” (1959, 1961) жасалса, А. С. Пушкин сөздігінің үлгісімен “Абай тілі сөздігі” (1968) жарық көрді. Ал көп томдық (10 том) “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” де 17 томдық “Қазіргі орыс әдеби тілі сөздігінің” жоба-жоспарының тәжірибелерін пайдалану нәтижесінде жүзеге асты.
Лексикография теориясы сан алуан сөздік жасаудың мол тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде, лексикологиялық зерттеулер мен солардың жетістіктеріне сүйене отырып жасалады. Демек лексикография мен лексикология бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын егіз ғылым салалары. Сөздіктердің сапасы осы ғылымдардың қаншалықты және қандай дәрежеде зерттелуіне байланысты. Зерттеу жұмыстары неғұрлым жоғары әрі жемісті болса, шығарылған сөздіктер де соғұрлым сапалы болмақ. Бүгінгі таңда сөздіктердің практикалық мәнімен қоса, оның ғылыми сапасына ерекше назар аударылады. Сондықтан сөздік кез-келген мекемеде емес, осы мамандықты жете меңгерген ғылыми маман кадрлардың шоғырланған жерінде жасалады.
Біздер орыс сөздіктерінен лексикографиялық еңбектердің тек әдістемесі мен құрылысын ғана үйреніп отырғанымыз жоқ. Қазан революциясы тудырған барлық жаңа ұғымдарды осы тілден кейде сөзбе-сөз тікелей қабылдасақ, кейде өз сөзімізбен аударып алдық. Сол арқылы қазақ тілінің сөз байлығы шексіз молайып, жан-жақты кемелденді. Қазіргі кезде өз ана тілімізде қандайлық мәдени-рухани тілектерді, пікірлерді білдіру керек болса, соның бәрін де нақтылы, әрі емін-еркін жүзеге асыруға болатындай дәрежеге жеттік. Соның нәтежиесінде тіліміздегі сөз байлығын жиып-теріп, хатқа түсіріп, іштей саралап, алуан түрлі сөздіктер жасауға мүмкіндік туды.
Қазақ тілі біліміндегі сөздіктердің құрылысы мен әдістемесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Тіліміздегі сөздерді стильдік арақатынасына қарай іштей саралай отырып, оларды белгілі бір нормаға келтіру бірінші орынға қойыла бастады. Бірақ сөздік жасауда қиындық, одан туған олқылықтар аз болған жоқ. Ең алдымен сөздердің жазылуында бірізділік сақталмай келді. Әсіресе біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің арақатынасы жөнінде бірыңғай көзқарас болмады. Лұғат (словник) жасалмай тұрып, сөздік құрастыруға болмайтынын ескерсек, бір сөздің кейде бірге, кейде бөлек жазылуы сөздік жасауға үлкен қиындықтар келтіретінін түсіну қиын емес.
Көркем шығармада орын алған диалектизмдер мен жарыспа (вариант) сөздерді орынды-орынсыз кез-келген сөздікке ендіруге жол берілді. Әдеби тілдің сөздігіне алынатын грамматикалық тұлғалар бүгінгі күнге дейін сараланып болды деуге келмейді. Сөз мағыналарының түр-түрін жіктеп бөліп, оларға дәл түсінік беру сөздердің қолданылу жүйесін айқындап, стильдік белгі қою, фразалық тіркестерді жай тіркестерден ажыратып көрсету т.б. – сөздік жасау ісіндегі жауапты мәселелер болып табылады.
Қазақ лексикографиясы қазақ тіл білімінің өзге салалары тәрізді негізінен соңғы елу-алпыс жыл ішінде туып қалыптасты.Ұлт мәдениетінің дамып, ғылым мен техниканың өркендеуі, әдеби тілдің қалыптасуы сөздіктердің әр түрін шығаруға жағдай жасады. Революцияға дейін бізде не бары екі тілді шағын сөздіктер ғана болса, онан бергі кезеңде 10-15 түрлі сөздік түрлері пайда болды. Солардың ішінде ең көп шыққан түрі – екі тілді аударма сөздіктер. [2, 213-214].
Қазақ тілінің өзге салалары сияқты, қазақ тілінің сөз байлығы да революцияға дейін арнайы ғылыми зерттеудің объектісі болған жоқ. Қазақ тілінде қолданылатын сөздер есепке алынып, жүйеленіп, алфавит тәртібіне келтіріліп, қазақ тілінің сөздігі жасалған жоқ деуге болады.
Сөздік халықтың мәдени, рухани өмірінде үлкен рөл атқарады, одан белгілі бір дәуірдегі қоғамдық білім, таным көрінеді [3, 223].
Сөздік жасауда алдағы уақытта жүзеге асыруға болатын міндеттер аз емес. Мәселен, ғылым, техника, өнер саласына байланысты қазақ терминологиясының сөздіктерін жетілдіру; әртүрлі шаруашылық саласындағы кәсіби мамандыққа, әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа қатысты халықтық сөздерді жинап, лексикографияның нысанына айналдыру; біріккен сөздер мен бөлек жазылатын күрделі сөздер, т.б. емлесіндегі ала-құлалықты бір ізге келтіру; бұрын жасалған фразеологиялық, ономастикалық, т.б. сөздіктерді әлі де жетілдіру; тарихи, этимологиялық сөзжасамдық сөздіктер жасау; кейінгі кезде енген жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігін жасау, т.б. Бұл айтылғандар қоғамдық, ғылыми жұртшылық, әртүрлі салада еңбек ететін көпшілік қауым үшін зәру зерттеулер екені белгілі. Тіл мамандарының алдында лексикография теориясына байланысты зерттеулерді жетілдіру міндеті тұр [3, 224].
-
АВТОРЛЫҚ СӨЗДІКТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ
2.1 Авторлық сөздіктердің жасалу тарихы мен типологиясы
Лексикографияда сөздіктердің негізгі он төрт түрі бар десек, соның ішінде авторлық сөздікің де алатын орны мен ерекшелігі, үлесі де біршама. Авторлық сөздік жасау тек осы күнде ғана туып қалыптасып қойған жоқ. Өзіндік тарихы бар сала.
Ұлы ақындар мен жазушылардың шығармашылығындағы жекелеген сөздер мен басқа да сөздік бірліктерге түсіндірме немесе түсініктеме жасайтын, анықтама беретін құрал ретіндегі ақын-жазушы тілінің сөздігіне деген қажеттілік өте ерте заманда пайда болған. Мәселен, б.з.д. III ғасырдың өзінде Кене Грецияда Гомер шығармаларының сөздігі түзілген. Ол еңбекте сол кезеңде яғни б.з.д. III ғасырда қолданыстан шығып қалған ескірген сөздердің мағыналарын түсіндіретін құрал ретінде қызмет еткен. Ортағасырлық араб, парсы және түркі лексикографиясында да ақын-жазушылардың шығармаларындағы лексика-фразеологиялық бірліктерге түсіндірме беретін еңбектер көп болған. Бұл дәстүр ғасырлар бойы жалғасып келеді. Алайда ақын-жазушы лексикографиясының жеке ғылыми-практикалық сала ретінде жедел түрде қарқындап дамуы кейінірек жүзеге асты.
XX ғасырда отандық және шетелдік филологияда жазушы жазушы лексикографиясына ден қоюшылықтың күрт артқаны байқалды. Өйткені ілгерлі тәжірибелік сөздіктер мен теориялық зерттеулер өмірге осы кезеңде келген еді. Оған мысал ретінде Шекспир, Гете, Мильтон шығармаларына арналған сөздіктер мен глоссарийлерді, әртүрлі тарихи ескерткіштерге арналған конкорданс сөздіктерді, американ лексикографиясындағы Джойс шығармаларының жиілік анықтамалығын, А.С. Пушкин, М. Горький, Т. Шевченко шығармашылығы мен жекелеген шығармалары бойынша құрастырылған түсіндірме сөздіктерді атауға болады.
Бұл лексикографиялық еңбектер жазушының әдеби шеберлігін терең түсініп бағалауға мүмкіндік жасайтын аса бай материалдар береді. Олар тілдің тарихы мен сөз шеберінің өзіндік жеке стилін зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей дереккөз болып табылады. Мұндай еңбектерге деген қызығушылық сөз қадірін түсіне білетін оқырманның өз шеберлігімен халықтың тіл қазынасын байытатын прозаик, ақын, драматургтар шығармашылығының бастау көзін терең түсінуге деген ұмтылысын танытады [7, 97]. «Жазушының даралығы жалпыға негізделеді, олай болмағанда даралығын да, стилін де түсінбейтін едік», - дейді Л.В. Щерба [8, 270]. Әр түрлі тарихи дәуірдегі жалпы мен жекенің арақатынасы туралы Р.А. Будаговтың сипаттамасын да еске алу қажет. Оның пікірінше орта ғасырларда «жазушы тіліндегі ерекшелік әлсіз көрінді», сондықтан әдеби тіл мен сол кездегі көркем шығарма тілін ажырату, олардың арасын бөлу оңай емес. Жаңа заман дәуірінде ірі шығармашыл тұлғалардың пайда болуымен әдеби тіл мен ұлы жазушы тілін ажырату көкейкесті болды, өйткені жазушылар мен ақындар «жаңа әдеби тіл қалыптастыруға» белсене қатысып, оның одан әрі дамуына ерекше ықпал етті».
Әдеби тіл нормасын «абсолютті жақсы жазушы» тілімен тең қою орын алды [9, 267]. Мысалы, орыстың ұлттық әдеби тілінің негізін салуда А.С. Пушкин қандай зор қызмет атқарған болса, қазақтың жаңа бағыттағы ірге тасын қалауда кемеңгер Абай да сондай ұлы еңбек сіңірді орыс халқы өзінің сүйікті перзенті, данышпан ақыны А.С. Пушкин шығармаларының төрт томдық сөздігін (1956-1961) жасап жарыққа шығарған болатын. Бұл сөздік орыстың ұлттық әдебиетінің тарихы бойынша өте маңызды рухани құрал деп есептеледі. Осындай өнегелі іске сүйене отырып, Тіл білімі институты 1968 жылы Абай Құнанбаев шығармаларының сөздігін (көлемі 80 баспа табақ) жасап, бастырып шығарды [2, 227].
Жазушы сөздігінің типі туралы мәселені айтқанда, «жалпыны» алып тастап, автор стилінің ерекшелігін беретін сөздік жасау – үлкен мәселенің бір бөлігі ғана болып шығады. «Жалпы» деп біз жазушыны сол кездегі дәстүрмен, замандастарының тілімен, біріктіретін нәрселерді айтамыз. Бұл жалпы нәрселер сонымен қатар жекелікті білдіреді [10, 543]. Ал жазушы сөздігінің типі туралы мәселе – жазушы лексикографиясының теориясы мен практикасындағы басты мәселелердің бірі. Ол сөздікте пайдаланылған дереккөздерінің түрлеріне, сөздіктің түзіліміне қатысты лексикографиялық өңдеудің әдіс-тәсілдеріне тікелей байланысты.
XIX және XX ғасырларда түзілген 170-тен астам жазушы сөздіктеріне жасалған талдаулар авторлық анықтамалар типін айқындауға жағдай жасайтын негізгі белгілерді анықтауға мүмкіндік береді. Жазушы тілі сөздігін оның автор шығармашылығын қамту деңгейіне қарай: жазушының бүкіл шығармашылығына арналған сөздіктер және оның жекелеген шығармаларына арналған сөздіктер деп екі түрге бөлуге болады. Одан әрі жазушы сөздіктері сөзтізбенің толықтығына, диференцияльдылығына, мағынаны таратуына, иллюстрациялық мысал түрлеріне, лексиканы грамматикалық-стилистикалық тұрғыдан топтастыру ерекшеліктеріне байланысты жіктеледі. Мәселен, жазушының бүкіл шығармашылығына және жекелеген шығармаларына арналған еңбектер толық немесе дифференциялды сөздіктер типіне жатады. Ұсынылып отырған топтастыру жасалған сөздіктердің ғана емес, теориялық тұрғыдан жасалуы мүмкін сөздіктердің де типін анықтауға мүмкіндік береді.
Әлемдік жазушы лексикографиясында сөздік мақаланың құрылымы мен оның мағынасын өңдеу тәсілі тарихи даму барысында қалыптасқан төрт лексикографиялық формаға байланысты: глоссарий, конкорданс, түсіндірме сөздік және индекс.
Индексте сөздік мақаланың құрылымы өте қарапайым: басқы сөз, оның статистикалық сипаттамасы – адресі.
Конкорданстың сөздік мақаласында ақпарат көптеу: басқы сөз – оның грамматикалық белгісі – дәйектемелік мысал – сөздің адресі.
Глоссарийдің сөздік мақаласы одан да толығырақ: басқы сөз – грамматикалық-стилистикалық жіктеу – мағынасын түсіндіру – дәйектемелік, деректемелік мысал немесе оның адресі.
Түсіндірмелі жазушы сөздігінің (авторлық сөздік) лексикографиялық формасы да осындай. Негізгі айырмашылығы сөзтізбе корпусына лексиканың белгілі бір қабаты (көнерген, түсінуі қиын сөздер, т.б.) бар бүкіл лексиканы тіркейді. Алайда көмекші сөздер мен жалқы есімдер түсіп қалады [7, 99].
2.2 Авторлық сөздіктердің құрылысы мен құрылымы
Авторлық сөздік туралы зерттемес бұрын біз авторлық сөздікті сөздіктің қай типіне жатқызамыз деген сұраққа тап боламыз. Бұл сұраққа жауап таппай зерттеу жұмысын бастауға болмайды. Академик Л.В. Щерба көптомдық түсіндірме сөздіктерді академиялық сөздік және анықтағыш (справочник) сөздік деп үлкен екі салаға бөліп қарайды.
Академиялық немесе нормативті сөздік тілдегі белгілі сөздерді қай түрде қалай қолдануға болатындығын белгілеп беретін сөздік болса, ал анықтағыш сөздік тілдегі белгілі сөзді де, белгісіз сөзді де іздеп тауып, сол жөнінде нақтылы дұрыс мәлімет, толық түсінік алатын сөздік болуға тиіс дейді. Сондай-ақ академик Л. В. Щерба жеке ақын-жазушылардың шығармаларының сөздігін де анықтағыш сөздіктің қатарына жатқызады [11, 55].
Кез-келген сөздікті жасап бастамас бұрын, кейіннен түрлі қиыншылықтарға тап болмас үшін немесе сөздік туралы теорияны нақтылау үшін сол сөздікке ұқсас сөздіктермен айырмашылықтары мен ұқсастықтарын жіті аңғару керек. Зерттеу жұмысының негізгі объектісі болып отырған авторлық сөздіктер әдеби тілдің түсіндірме сөздігіне ұқсайды. Ал жазушы тілі мен әдеби тілдің (түсіндірме) сөздігінің ұқсастықтарына келер болсақ, біріншіден, олар сөздіктің бір типіне жатады – түсіндірме сөздіктің әр түрі; екіншіден, олардағы көптеген сөздердің түсіндірмесі мен грамматикалық-стилистикалық сипаттар толықтай немесе ішінара сәйкес келуі мүмкін; үшіншіден, солардың сөздік мақалалары негізінен бір үлгіде құрылады.
Яғни жазушы тілі сөздігін түсіндірме сөздіктің бір түрі десек, қателеспейміз. Бұл сөздіктердің арасындағы айырмашылық мынада:
1. Әдеби тілдің жалпы түсіндірме сөздігі әдеби тілдің белгілі бір даму сатысының нормативті сөздігі болғандықтан, сол кезең үшін жеке қолданыс құралы болып табылатын, әдеби тіл тәжірибесіне енбеген, белгілі бір жағдайда жасалған, кең қолданыс таппаған сөздердің бәрін қамтымайды (енгізбейді). Ал жеке жазушы тілі сөздігі нормативті болмағандықтан, мынадай шектеулер жоқ: оған жазушыда бар нәрсенің бәрі енеді, соған орай, әдеби тілдің жалпы түсіндірме сөздігінің сыртында қалған нәрсенің бәрі кіреді.
2. Әдеби тілдің жалпы түсіндірме сөздігі тарихи тұрғыдан шектеулі, өйткені оның нормаларының жиынтығы әдеби тіл дамуының сол кезеңі үшін заң болып табылады. Одан соң тілдің даму барысында, ол тілмен қайшылыққа түседі де, түзетулерге ұшырайды. Сөйтіп оның нормаралы жылжымалы, тарихи өзгермелі болады. Ал жеке жазушы нормасы ғылыми дәлдікпен белгіленсе, өзгеріссіз қалады.
3. Әдеби тілдің жалпы түсіндірме сөздігі кез-келген жазушы сөздігіне қарағанда анағұрлым кең дәуірді қамтиды, әрі сол дәуірдегі ең танымал әдеби шығармалар негізінде жасалады. Сондықтан, шығармашылық өрісі (дипапазоны) қанша кең болса да, жазушы сөздігінде көптеген сөздер, фразеологизмдер болмауы мүмкін.
4. Әдеби тілдің жалпы түсіндірме сөздігі үшін сөзтізбе (словник) мәселесі өте маңызды болса, жазушы сөздігінде мұндай мәселе жоқ. Жекелеген жазушы сөздігінің сөзтізбесі тікелей дереккөзге негізделеді: дереккөзде болған нәрсе сөздікте де болуы тиіс.
5. Жеке жазушы сөздігі жалпы түсіндірме сөздік секілді филологиялық сөздік болуы тиіс. Бірақ жекелеген жазушы сөздігі оның шығармаларының бүкіл лексикасын қамтитын болғандықтан, оның құрамында нақты анықтама (түсініктеме) беруді талап ететін сөздер болуы мүмкін, сондықтан бұл сөздік белгілі бір дәрежеде энциклопедиялық сипатта (өмірбаяндық даталар, жекелеген тарихи тұлғалардың қоғамдағы рөлі, тарихи оқиғалар туралы анықтама, географиялық сипаттағы анықтама, жекелеген пәндердің сипаттамасы мен мақсаты, т.б.) болуы тиіс [9, 267].
Әр елде жазушы тілі сөздігін жасаудың тәжірибесі бірқатар мәселелерді алға қойып отыр:
-
Бұл сөздік белгілі бір жазушы өмір сүріп, еңбек еткен дәуірдің тілдік жағдайын қаншалықты шынайы бейнелей алады?
-
Ол жазушы тілінің стильдік ерекшеліктерін қалай іріктейді?
-
Сөздікте лексиканы іріктеп алу өлшемдері қандай?
-
Іріктелген материал қалай өңделеді?
Осындай сұраулар жазушы лексикографиясының жалпы типологиялық мәселелеріне алып келеді. Ең алдымен, аталған мәселені талқыламас бұрын онымен байланысты жалпы ұғымдарды нақтылау қажет. «Бірінші кезекте жазушының «тілі» мен «стилі» ұғымдарын нанықтау керек. Жазушы тілін біз жалпыхалықтық тіл негізінде жасалған жеке дара реалды әрекет деп түсінеміз.» - дейді Л. В. Щерба [7, 97].
Осы пікірге ұқсас пікірді «Абай тілі сөздігінің» алғы сөзінде А. Ысқақов та жазады: « Дүние жүзі тарихында ешбір елде ешбір жазушы бірде-бір жазушы өз тұсынан жаңадан тіл жасап көрген емес және жасамақшы да емес. Керісінше, барлық елдің ұлылы-кішілі жазушыларының қай-қайсысы болсын өз шығармаларын жазуға өзінің ана сүтімен бірге шыққан, жасынан ойының өсуіне әрі серік, әрі негіз болған, оның өзімен және ойымен бірге жасасқан ана тілін төсек еткен» [12, 4].
«Тілдік жүйенің жеке тілдік тұлғаның санасында өмір сүретін шағын үлгісі идиолект деп аталады. Оның жалпы халықтық тілден түбегейлі айырмашылығы болмайды. Өйткені біз әрқайсысымыз өзіміздің қандай да бір тілімізде емес, жалпыға ортақ, жалпыхалықтық ұлттық тілде сөйлейміз. Бір жағынан, жеке индивидиум ретінде жалпыхалықтық тілді меңгереді. Бірақ «тіл жазушыны меңгереді» деуге де болады, өйткені тіл жазушыдан өзінің таиғатына тән заңдылықтарды сақтауды талап етеді, сөз қолдануда қалыптасқан нормаларға бағынуға мәжбүр етеді», - дейді зеттеуші Б. Нұржанова [7, 97-98].
Біз осы тұста сөзіміз дәйекті болуы үшін «Абай тілі сөздігінің» алғы сөзінен мысал келтіре кетейік: «Өзге елдің жазушылары сияқты, Абайдың тілінде қазақтың жалпыхалықтық тілінің сипаттары мен нормаларының толық сақталуы заңды да, орынды да. Сонымен, қатар Абайдың тілінде сол кездегі тіл нормаларынан азды көпті ауытқитын ерекшеліктердің болуы да – табиғи нәрсе. Өйткені ондай ерекшеліктердің болуына, біріншіден, ақынның шығармалары, оның мазмұны, айтпақ болған ой-пікірінің талабы мен талғамы тірек болса, екіншіден сол кездегі қазақ әдеби тілінің даму дәрежесі мен жағдайлары да үлкен сеп болды» [13, 6]. Яғни жазушы – жалпының ажырамас бөлшегі. «Әйтсе де, жазушы белгілі бір дәрежеде жасампаздық қызмет атқарады. Өз еңбектерінде ондаған, жүздеген сөздерді айналымға түсіреді.
Әдеттегі сөзді тура және ауыспалы және дағдыдан тыс мағынада қолданады, оған жаңа мән-мағына береді де, ол мағына жалпы қолданыста бекиді. Нақты идиолектілердің белгілі бір тілдік ерекшеліктері болады. Мысалы, белгілі бір сөздің көп қайталануы, дағдыдан тыс мағынада жұмсалуы, т.б. мұндай ерекшеліктер жеке сөйлеу стилінің көрсеткіштері болып табылады. Дәлірек айтқанда, мұны жазушының жеке сөйлеу стилі деген жөн болар еді. Бірақ, қалыптасқан дәстүрге орай жазушы тілінің ерекшелігі жазушы тілі аталып жүр. Біз де осы дәстүрді ұсынып отырмыз», - дейді Нұржанова Б. өзінің «Ақын-жазушылар сөздігін түзу тәжірибелері туралы» атты мақаласында [7, 98]. Яғни зерттеуші «ақын-жазушылар сөздігі» деп атауды ұсынып отыр емес пе?
Ал Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы «Қазіргі қазақлексикогарфиясы мен фразеологиясы» атты еңбекте: «Белгілі бір жазушының шығармаларының тіліне арналған сөздікті арнаулы сөздік деп атайды», - деп жазады [2, 226]. «Арнаулы сөздік» деген дұрыс шығар, бірақ, мұнда белгілі бір тұлғаға, яки ғылым саласына арналған сөздік екенін анықтамасын оқымасақ еш түсініксіз болар еді. Ал Нұржанованың ұсынып отырған «ақын-жазушылар сөздігі» атауын біз жалпылап «авторлық сөздіктер» деп атаған дұрыс болар дейміз. Яғни сөздіктің құрылымын жүйелеп, жасамас бұрын біз сөздіктің атауын белгілі бір ортақ атаумен атауды шешіп алуымыз керек.
Жазушылар мен ақындардың сөздігінен аттап өтуге болмайды. Онда шеберлік басты орын алады – авторлық стиль ол жазған, пайдалана білген сөздерінде емес, әрбір сөздік тіркесі және бірімен-бірі үйлесуі, таңдай білген ойы, қайталаулары, рефреналары, параллелизмдері, т.б. Бұл қолданылған амал-тәсілдер ауызша семантикады болғандықтан лексикографиялық тәжірибе жолымен анықтай аламыз. Осыған сүйене отырып жазушы сөздіктерінде ортақ семантикалық өңдеудің қарама-қайшылығы олардың ерекшелігін және маңыздылығын құрайды. Ол маңызды тапсырманы және маңызды қиындығын көрсетеді [14, 220-221].
Жазушы стилі өз кезегінде жазушының шығармашылығының қандай лексикалық қабатқа қатыстылығына, сөздің көпмағыналылығына, қалай пайдаланғанына, оның фразеологиялық байланысы мен стилистикалық қасиетіне тікелей тәуелді [15, 6].
Жалпы стиль, оның ішінде жазушы стилі, тілдегі бейнелеуіштік құралдар жүйесін қолданумен байланысты. Жазушы стилін зерттеушінің міндеті осы жүйені тауып оны тауып сипаттауында. Жазушы тілінің сөздіктері осы жүйенің және жеке деңгейлерін бейнелеу мен зерттеудің бір тәсілі болып табылады [16, 98].
Жазушы тілінде жалпы дәстүр ағымынан шықпайтын ең қарапайым қолданыстардың ерекшелігі, тосындығы байқалып отырады. Егер жалпы типтегі сөздіктер олардың ерекшеліктерін білдіртпей, жинақтап жіберсе, жазушы сөздігі керісінше, оның ерекшелігін сызып көрсетеді, мағыналардың әрең байқалатын ерекшеліктерін атап өтеді [10, 541]. Яғни жалпы типтегі сөздіктің қамтитын ауқымы көлемді болғанымен, авторлық сөздік секілді ұсақ ерекшеліктерге тоқталып жатпайды екен.
«Әрбір ұлы жазушы өз заманының куәсі, айнасы» деп «Қазіргі қазақ тілінің лексикология мен фразеологиясы» атты еңбекте құнды пікір айтылады [2, 226]. Сол секілді авторлық сөздіктердің көпшілігі – әдеби тілден ақпарат беретін сөздіктер, өйткені жазушының тілдік жүйесі белгілі бір дәуірдің әдеби тілін бейнелейді. Олар сондай-ақ жалпы әдеби тілдің семантикалық-стилистикалық және басқа да мүмкіндіктерін іске асыруға мүмкіндік береді Бұл жөнінде Л.С. Ковтун былай дейді: «Жалпыхалықтық тіл жеке сөйлеу тілі арқылы көрініс табады. Сондықтан әрбір нақты типтік жағдайдың өзінде жазушының жеке тілдік ерекшеліктерін көрсететін сәттер болады. Сондай ерекшелікті танып, сипаттай білу – жазушы тілінің мақсаты». Осы ойды дамыта отырып, О.И. Рак мынаған көңіл аударады: «жазушының сөз қолданысын байқауға қажетті лексика неғұрлым кең мағыналы әрі бейтарап болса, зерттеушінің жазушы тіліндегі жеке және жалпыхалықтық, узуальды немесе окказиональдық қолданыс туралы тұжырымдары соғұрлым объективті, шынайы болады» [7, 98].
Сөздік жасаушының алдында тұратын бірінші мәселе – дереккөз мәселесі. Жалпы лексикографиялық тұрғыдан ол бұрыннан жасалып, жемісін көрсетіп келеді. Ал жазушының сөздігіне келгенде оның өзіндік ерекшелігі бар өйткені белгілі бір жазушының шығармашылығын қамту деңгейімен тікелей байланысты. Жекелеген шығармаға анықтамалық жасау барысында дереккөз ретінде шығарманың канондық мәтінін алған жөн.
Дереккөз таңдау мәселесіне басылымның орфографиясы секілді жеке мәселе де кіреді. Бұл XVI-XVIII ғасырлардағы жазушылардың шығармалары бойынша сөздік жазу барысында өткір мәселе болды. Өйткені қай орфографиялық норманы ұстануды, шығарманың жазылған сәтіндегі норманы не қазіргі норманы басшылыққа алу қажет болды. Жазушы лексикографиясында сөздіктерді дереккөзде берілген орфография бойынша құрастыру байқалады [7, 99]. Бұл дұрыс, өйткені сөзік құрастырушы «жалпы тілдің» бөлшегі «жалқы тілдің» - жазушы тілінің ерекшелігін толықтай аша білуі керек. Сондай-ақ жазушы тілінің орфографиясының өзі өмір сүрген кезеңнің ерекшелігін танытып қана қоймайды, сөздік жасалып жатқан кезеңдегі жетістіктер мен жетіспеушіліктерді де айқындап береді.
Қандай да бір сөздік жасаушы сөздік құрылымынан аттап кете алмайды, тіпті құрылымсыз сөздік жасалмақ та емес. Ал сөздік құрылымы мәселесі оңай шаруа емес. Бұл тұрғыдан ең алдымен сөздерді анықтамалықтың корпусында орналастыру тәртібін айқындап алу қажет.
Ларин Б.А.: «дифферциялды сөздік пен автордың толық сөздігі құрылымы негізгі 4 өлшем:
-
сөздік арқылы (сөздің негізгі құрамы);
-
сөздің жасалуы мен қолданылуы;
-
дәйек сөз арқылы (мәтіннің қай жерінде қолданылады);
-
грамматикалық және стилистикалық сипаттамасы арқылы анықталады», - дей келе, көбінесе дифференциялды сөздіктер туралы мәлімдемені осы 4 өлшем білдіретінін ескертеді [14, 216].
Жалпы тілдік лексикография болсын, жеке жазушы сөздігі болсын, материалды алфавит бойынша беру дәстүрі басым. Бұл жағдайда лексиканың бір бөлігі жалқы есімдер мен көмекші сөздер қосымшада беріледі. Дегенмен, осы күнге дейін сөзтізбеге жалқы есімдерді кіргізу-кіргізбеу мәселесі шешілмей келеді. Оның себебі көптеген лингвистер жалқы есімдерге мағына бермейтін сөздер ретінде қарайды да, сөзтізбе корпусына тек бейонимденіп жалпы есім қатарына өткендерін немесе фразеологизмдер құрамында қолданылатындарын ғана енгізеді. Бұған қарсы пікірді ұстанушылар олардың таза атаулық қызметінен басқа сигнификаттық қызметтерінің бар екенін, яғни лексикалық мағынаға ие екендігін көрсетеді.
Кей ғалымдар, мысалы Есперсен жалқы есімнің мағынасын анықтауда контекстің мәні зор екеніне сенімді. Осы көзқарасты қолдай отырып, тілдегі жалқы есімнің лексикалық мағынасы – заттар тобының қатарында жалпылық ұғымға ие ал сөйлеуде жалқы есімнің осы мағынасы нақты мазмұнға ие болады деп есептейміз. Осыдан жазушы сөздігінің сөзтізбесінде жалқы есімдерді жалпы есімдермен бір қатарда тіркеу қажет деген тұжырым жасауға болады: «Өйткені жалқы есімдер сөйлеуде қолданыла отырып, ешбір мағынаға ие болмауы мүмкін емес, сондықтан оларды да сөз деп санауымыз қажет, оларды сөздіктен шығарып тастауымызға негіз жоқ». Кеңестік жазушы лексикографиясында жазушы лексикографиясында жалқы есімдерге қатысты пікірлер әрқилы болды. Мәселен, Пушкин тілі сөздігінде тек мифологиялық жалқы есімдер ғана берілген. Алайда М. Горький трилогиясы бойынша жалқы есімдер сөздігі жасалған [7, 99-100]. Ал «Абай тілі сөздігі» мен «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігін» жасаған кезең жалқы есімдер туралы пікірдің бір жақты нақтыланған кезеңі болғандықтан, сөздіктің құрамына жалқы есімдер енгізілген. Мысалы, «Абай тілі сөздігіндегі» жалқы есімдердің берілуін келтіретін болсақ,
АБДЫРАХМАН (1). Кісі аты. Жиырма жеті жасында А б д ы р а х м а н көз жұмды. Сәулең болса басыңда, Кімді көрдің бұл сынды? ● Абдырахман: I, 182 [12, 19].
МАКЕДОНИЯ (1). Қала аты. Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? М а к е д о н и я шаһары оған мекен. ● Македония: I, 259 [13, 29].
Ал «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігінде» біршама өзгешелік бар:
АБАЙ (6). (Ибраһим) Құнанбаев (10.08.1845 – 6.7.1904) – Қазақтың ұлы ақыны, сазгер, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, классик (ҚСЭ). «Қиынсыз қышқырған неткен тантық» деп Абай айтқанның кебіне ұшырап жүргендер көп (359) [16, 12].
СЕМЕЙ (3). Облыс аты. Семей облысы Ускамин уезінде Найман елі деген ел бар (II., 213) [16, 193].
Бұл сөздікте көбінесе «кісі аты», «қала аты» деп жалқы есімге анықтама бергеннен гөрі сипаттама көбірек беріледі. Біздіңше, жалқы есімдерге «Абай тілі сөздігіндегідей» тек анықтама беріп, ары қарай ситаппамасын шығарма құрылымын, мазмұнын қарастыратын оқырманның өз еншісіне қалдырған жөн. Сонымен қатар авторлық сөздіктерде жалқы есім шығарманың тақырыбы болып келсе, оны да сөздікте беріп қажеті жоқ.
Жазушы лексикографиясында сөзтізбенің толымдығы мәселесін шешу қиын болса, ал жазушы лексикографиясында ол біржақты шешіледі: глоссарийді есептемегенде, жазушы тілінің сөздігі көркем мәтіндегі барлық лексикалық бірліктерді, оның ішінде көнерген сөздерді, жеке сөз қолданыстарын, терминдерді, жаргондарды, вулгаризмдерді тегіс қамтиды. Оған қоса, жазушы сөздігіне қолданған символдар, цифрлар, типті көрнекі материалдар, фотокөшірмелер, гравюралар, суреттер енуі мүмкін.
Жазушы тілі сөздігіне сөздік бірліктерді алу кезінде нормативті және бейнормативті тілдік материал іріктелмейді. Лексика толығымен тіркеледі, оған жалпы тілдік қорға кіретін материалдар, нормаға жатпайтын тілдік деректер, окказионализмдер енеді. Л.В. Щербаның терминологиясы бойынша, мұндай «теріс тілдік материал» ұлттық тіл лексикографиясының сипаттау нысаны бола алмайды, бірақ оны жазушы тілі сөздігінде тіркеу мен өңдеудің құндылығы сөзсіз. Сөйтіп мұндай сөздіктерде норма мәселесі туындамайды. Ал сөздіктердің басқа типтерінде сөзтізбенің қанықтығы мен түсіндірмесінің сипатына түбегейлі ықпал ететін орталық мәселе болып табылады.
Қазір ғалымдар ақпараттық сөздіктер арасындағы ең маңыздысы – жазушы сөздігі деген ортақ пікірге келді: «Әдеби ескерткіштің сөздігі мен классик жазушының толық сөздігі ғана ғылыми құнды болып табылады, олар кез-келген сұранысқа жауап бере алады, кез-келген зерттеу немесе анықтамалық қажеттілікті қанағаттандыра алады». Жазушы шығармашылығының толық түсіндірме сөздігі «жүйелі дәуірге сай, құжаттық тұрғыдан сенімді дерек көзі» болып табылады. Алайда аталмыш сөздіктерде жүйелі және жүйесіз грамматикалық тұлғаларды бейнелеу мәселесі даулы болып табылады. Жазушыда жекелеген жұрнақтар мен жалғаулардың ерекше қолданымы кездеседі. Оларды сөздікте қандай түрде тіркеу қажеттігін анықтап алу қажет [7, 99-100].
Сөздіктің құрылымын жасауда сөзтізбені жасау өте маңызды. Көптеген сөздікерде сөзтізбенің мағынасын толық ашпай, сөздерді тек тіркеумен шектеледі. Ал авторлық сөздіктерде сөзтізбенің барша мағынасын ашпай, автордың тілін жеткізу мүмкін емес. Мысалы «М. Горький тілі сөздігінде» :
«ВКСИНУТЬ, сов. однокр. 1. Быстро, порывисто поднять, отвести назад (голову). --Но вот [Игуша] остановился, вскинул голову в мохнатой шапке, проправил шапку судорожным движением руки- -. Д 91. + Д 82.
2.Высоко поднять (голову). Отвалившись на вышитую шерстями спинку старинного кресла- -, всякинув голову, глядя в потолок, он [дед] тихо и задумчиво рассказывал про старину, про своего отца. Д 68 - -Властная, гордая, она [дама] говорила густым, приятным голосом, чуть-чуть прищурив глаза - -. Л 344. + Д 37; Л 346, 495.
Вскинул: Л 277; вскинув: Д 37, 82, Л 346, 495 [14, 11].» деп бір сөзтізбеде сөздің бірнеше мағынасын ашып көрсетеді.
Сөздік мақаланың құрылымына қарамастан, оның басты мақсаты – жазушы сөзқолданысына семантикалық анықтама жасау болып табылады. Басты қиыншылықтың өзі осыдан туындайды, өйткені сөздік мақаланың нақтылауышы сипаты бар. Жазушы сөздігінде көптеген сөзқолданыстардың аралық семантикалық негізін емес, әрбір поэтикалық қолданысты, әрбір азат жолдағы мән-мағынаны аша алатын бірден-бір семантикалық анықтама табу қажет [16, 100].
Авторлық сөздіктердің жиілік сөздіктерге ұқсайтын тұсы – сөздікте автордың сөз қолданысының санын беру дәстүрі бар. Бұл бір жағынан алып қарағанда, өте тиімді. Бірақ бұл сөз қолданыстардың санын бергеннен автордың өзіндік ерекшеліктері толық ашылады деген сөз емес, жекелеген грамматикалық формалардың қолданыс саныннан да жасау керек. Ал бұл қолданысты зерттеуші Б. Нұржанова қосымшада кесте түрінде беруді ұсынады.
Грамматикалық белгілер жазушы сөздігінде нормативті түсіндірме сөздіктегі сияқты жүйелі сипатта болмайды, өйткені оның практикалық қажеттілігі жоқ. Біздіңше, олар тек екі жағдайда ғана міндетті болуға тиіс: біріншіден, әр түрлі сөз таптарының омонимдік формаларын ажырату үшін; екіншіден, қазіргі әдеби тіл нормасы тұрғысынан сөздің қандай да бір грамматикалық ерекшелігін көрсету қажет болса (мысалы, сөзөзгерім, сөз тудыру).
Қазақ лексикографиясында қандай да бір сөздік жасауда орыс тілі білімінен үйренгеніміз көп болды. Ең алғаш бізде авторлық сөздік құрастыруда көптеген қиыншылықтар болды, себебі бұған дейін авторлық сөздік жасау жалпы түркі халықтарында болмаған еді. Ларин Б.А. «Эстетика слова и язык писателя» атты еңбегінде орыс тілі біліміндегі ең алғашқы авторлық сөздік туралы біршама пікір айтылады:
«Жазушының (орыс тілінде) ең алғашқы толық сөздігі – Пушкин тілінің сөздігі. Кей жағдайларда ол өлшеміне қарай дифференциялды болып келеді. Ол сөз реестрі, грамматикалық мәлімдемесі жағынан да, дәйексөзі де толық. Бірақ ол жазу мәлімдемесі жағынан дифференциялды және стилистикалық мәлімдемесі жағынан кемшіліктері бар. Семантикалық анықтама бір мағыналы сөзге емес, көп мағыналы сөздерге беріледі және де ол мағына қазіргі әдеби тілде жоқ. Жазылмаған мағыналар не дәйексөздерде не басқа тәсілдер арқылы көрсетіледі.
Стилистикалық сипаттама беруден Пушкин сөздігін жасаушылар толығымен бас тартты. Бұдан жанрлық құрамның молделінен бас тартқандық көрініп тұр» [ 11, 216-217].
Пушкин сөздігіне қатысты пікірде сөз болған стилистикалық белгілер туралы пікірді нақтылай түсіну үшін біз зерттеуші Б. Нұржанованың пікіріне жүгінеміз:
«Стилистикалық белгілерге қатысты лексикографтар арасында ортақ пікір жоқ. Біз мұндай белгілерді беру қажет деп білеміз, дегенмен бұл өте күрделі мәселе.
Стилистикалық белгіні беру қажеттігіне орай екі мәселені шешіп алу қажет:
-
Қай дәуір нормасы тұрғысынан беру қажет: шығарма жазылған дәуір тұрғысынан ба, әлде сөздік жасалған кезең тұрғысынан ба?
-
Сөздің стилистикалық сипаттамасын қандай жолмен айқындау керек?
Жазушы мәтіні бойынша айқындалған стилистикалық нормаларда бір жағынан жазушы өмір сүрген дәуірдің стилистикалық нормасы көрініс тапса, екінші жағынан қандай да бір сөздің және тұтас лексикалық қабаттың стилистикалық жеке қолданыстары көрініс табады. Өйткені әрбір жазушы әдеби тілдің стилистикалық қалыптасқан жүйесін қолданып қана қоймай, оны дамытады, байытады, оаған өзіндік жеке үлесін қосады.
Стилистикалық жүйеде жеке мен жалпыхалықтықтың арасына шек қою қиын, тіпті мүмкін де емес.
Сөздің стилистикалық сипаттамасы жазушы сөздігін жасаған кезде ең алдымен әрбір сөздің және автор мәтініндегі лексикалық қабаттың қызметін терең зерттеу негізінде белгілі болады; екіншіден, сол дәуірдегі әдеби тілге барлай жасау негізінде; үшіншіден, сол тілдің әр түрлі түсіндірме сөздіктерінің негізінде іске асады. Мұнда қандай да бір сөздікке көзсіз сүйенуге де, сөздіктердің көрсетулерін мойындамауға да болмайды. Сөздіктер арасында айырмашылықтар болған барлық жағдайда, жазушы сөздігінде тиісті ескертулер берілуі тиіс.
Жазушы тіліндегі сөздің
стилистикалық
қызметін анықтау өте нәзік те
қиын іс, сондықтан оны барлық жағдайда жүйелі түрде істеу мүмкін
бола бермейді. Сондықтан кей жағдайда сөздің стилистикалық
сипаттамасы болжамдық сипатта болып, ? белгісі қойылады [9,
269].
Ғалым М. Малбақов белгісөздердің 4 түрін: семантикалық белгісөз, грамматикалық белгісөз, терминологиялық белгісөз, бағамдық (стильдік) белгісөзді көрсетеді [12, 67]. Осының ішінде 2-еуі: семантикалық және стильдік белгісөздердің авторлық сөздіктерде берілгені абзал. Ал қазақ лексикографиясындағы екі авторлық сөздіктің алғашқысы – «Абай тілі сөздігінде» стильдік белгі қойылмаған, ал семантикалық белгі ескерілген:
МАҚАМ (1). Ауыс. Достық, ықылас, ниет. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолынан келгенінше достық м а қ а м ы н д а болмақ. ● Мақамында: II, 208
МАКРУҺИ (1). а. жиіркенішті, таза емес. Хәрами, м а к р у һ и былай тұрсын, құдай тағаланың қуатымен, иждиһад ақылыңмен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан. ● Макруһи: II, 202 [12, 429].
Ал «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігінде» семантикалық та стилистикалық та белгілерден біршама қамтылған. Сөздікте семантикалық белгілерден бірліктің кірме екенін көрсететін Ор., Ар., Татар., т.б. белгілері, ауыспалы мағынада екенін көрсететін Ауыс. белгісі, ал стилитикалық белгілерден функционалдық-стильдік Поэт., Аст., Сөйл., Көне., т.б. белгілер көрсетіледі.
Болашақта қазақ лексикографиясында ақаусыз авторлық сөздіктері түзу үшін стилистикалық және семантикалық белгілердің дұрыс таңдалып берілуінің де маңызы зор.
«Горький тілінің сөздігі басқа сөздіктермен салыстырғанда әдебиеттің тарихын оқуға тұрарлық сөздік» дейді Л.С. Ковтун [17, 6]. Сондай-ақ біздің авторлық лексикографиядағы қажырлы еңбектің жемісі болып табылатын «Абай тілі сөздігі» де өз әдебиетіміздің тарихын оқуда үлкен септігін тигізгені хақ. Сөздік «Абай шығармалары өлеңмен де, қара сөзбен де жазылғандықтан сөздерге берілетін сипаттамалар да стиліне орай олардың ерекшеліктерін саралап ашуды нысана тұтқан» делінген Қазақ Совет энциклопедиясының 1-ші томдығында [18, 19].
«Абай тілі сөздігі» туралы көптеген мақалалар, сыни пікірлер, толықтыру үшін ұсыныстар да айтылып келеді. Мысалы, Ж. Есеналиева «ұлы ақын туындыларында көптеп кездесетін араб және парсы сөздерінің «Абай тілі сөздігіндегі» көрінісі дегенге келетін болсақ, бұл орайда, әрине, кемшіліктер мен олқылықтар жоқ емес» дей келе, сөздіктегі араб, парсы сөздеріне берілген түсіндірмелердің көптеген кемшіліктерін баса айтады [19, 44 ]. Ең өкініштісі – 1995 жылы жарық көрген «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігі» туралы: кемшілігі мен жетістігін айтатын бірде-бір дерек-мақаланың болмауы. Сондай-ақ жалпы авторлық сөздіктер туралы зерттеушілер де саусақпен санарлық. «Абай тілі сөздігі» мен «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігін» құрастырушылардан бөлек авторлық сөздіктерге ден қойып зерттеп жүрген жалғыз лексикограф-зерттеуші – Б. Нұржанова. Осы зерттеу жұмысын жасауда Б. Нұржанованың мақалаларын тікелей басшылыққа алғанымызды да ашық айтуымыз керек.
-
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ СӨЗДІГІНІҢ ЖАСАЛУ ПРИНЦИПТЕРІ
Ұлы Абайдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров қолданған сөз байлығын сараптаған авторлық сөздік жарыққа шықты. Ал қазақ әдеби тілінің дамуына сандаған жылдар бойы қызмет еткен бүгінде халық іздеп жүріп оқитын қазақ сөзінің қадіріне жеткен сөз зергерлері қаншама! Соның бірі – ақиық ақын Мұқалағи Мақатаев.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы, - деп ақиық ақын өзі жырлағандай Мұқағали туралы естеліктер де зерттеулер де жыл өткен сайын үсті-үстіне арта түспесе толастамақ емес. Мұқағали-поэзияға алуан-алуан қырынан құлаш ұрып зерттеп жатқанымызбен, әлі де зерделейтін тыңдары көп-ақ. Соның бірі де бірегейі «Мұқағали тілі сөздігін» құрастыру болмақ. Мақатаевтың болашақ сөздігін құрастырудағы басты мақсат: ақынның жеке өзіндік сөз қолданысын, сөздік қорының байлығын нысанаға алу, барша шығармаларындағы қолданыста болған сөздердің статистикасын жасау ғана емес, ақын өмір сүрген қоғамның, сол кезең өкілдерінің сөз қолданысын мол қорын аңғару, зерделеу, қазіргі тіліміздің құрылымдық тарам-тармақтарын түсіндіру болмақ. Бұл үшін біз ең алдымен таңдап алынған автордың көркемдік әлемі жіті түсінуіміз керек.
«Ақынның ақындық ерекшелігін көркемдік әлемін таныған жағдайда ғана түсінуге болады. Ал көркемдік әлем дегеніміз ақиқат дүниені қайта жаңғыртып, оның қалыпты күйіне мүлде ұқсамайтын нәрселермен теңестіріп, эстетикалық сән беріп, жаңадан бейнелі әлем жасау» дейді А. Әмірбекова өзінің «М. Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігінде» [20, 3]. Ал бұл еңбек – лексикографиядағы М. Мақатаев шығармашылығына арналған алғашқы әрі құнды еңбек.
Бұған дейін «Абай тілі сөздігі», «С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігі» ғана болды. Ол кезеңде «Қазақ әдеби тілі сөздігі» қалыптасып бітпегендіктен осы сөздіктерді құрастырушы авторлардың мүмкіндігі шектеулі болды. Қазір сөздік құрау ісі де, әдеби тіліміз де біршама нормаға түсті. Енді осы жаңа сөздікті құрау барысында ілгерідегі екі сөздікпен салыстыра отырып, құрылым мен құрылысы жағынан түрлі толықтырулар енгізіп құрау басты міндеттің бірі болмақ.
Ана тілінің кәусарына сусындап, әр сөзді өз орын-орнымен жұмсай білген ақынның сөздігін құрастыру, әрине, оңайға түспек емес. Сөздік жасау инемен құдық қазғандай көздің майын таусып, құм санаса жалықпайтын шыдамдылықты қажет етеді. Осыған дейін жасалған сөздіктерде анықталғандай Шекспир 15000 сөз, Байрон мен Маяковский де осы шамада, Пушкин 21197 сөз, Әлішер Науаи 26000 сөз қолданғаны айқындалып отыр. Яғыни біз осы сөздікті құрастыру барысында ақынның жиілік қолданысын да анықтамақпыз.
Болашақ сөздік қазақтың ұлттық әдеби тілінің сол кезеңдегі құрамы мен құрылымы, атап айтқанда сөздердің сол кездердегі жасалу және өзгеру жүйесі, қолданылу және жұмсалу үлгілері, әдеби нормалары, лексикалық және грамматикалық амал-тәсілдері, стилистикалық өрнектері айқын аңғарылатындай етіп жасалмақшы.
Зерттеу жұмыстың 2-ші бөлімінде авторлық сөздіктер мен оның құрылымын жан-жақты талдап, зерделегендіктен, осы бөлімде авторлық сөздіктерге көп тоқталып жатпастан, бірден болашақ «М. Мақатаев сөздігінің» құрылымын жүйелеуді жөн көрдік.
Сөздіктің құрылысы
Мұқағали тілінің сөздігі 2012 жылы Б. Айдарова мен К. Ботайдың құрастыруымен шыққан жыр кітабы, ақынның «Күнделігі» мен «Қош махаббат» драмалық пьесасы бойынша жасалынбақшы. Сөздікке түсіндірілетін әрбір реестр сөз болып ақын шығармаларында кездесетін дербес мағыналы сөздермен қатар кісі аттары, жер-су атаулары, халық және ру аттарын білдіретін жалқы есімдер де енеді. Кейбір өлеңдеріне тақырып етіп алынған кісі аттары (мысалы: Төлегенге, Зейнолла Шүкіровке, Есенин-Маяковский т.б) шығарма текстінде кездеспейтіндіктен, сөздікке реестр ретінде алынбайды.
Лұғаттық мақала
Әрбір сөздің өзіндік формасы және барлық мағынасы тұтас қамтылып, алфавиттік тәртіпке салынып беріледі.
Зат есім негізгі және туынды түбір күйінде, бірікккен сөздер сол кездегі біріккен қалпында алынады. Сын есім де атау тұлғаның жекеше түрі формасында беріледі де, шырай формалары толықтай қамтылады. Сан есім мен есімдіктердің де өзіне тән қалыптасқан формалары алынады. Етістіктер түбір, туынды түбір ретінде де алынды. Болымсыз тұлғадағы етістіктер кедескен жағдайда реестр етіп болымды түрі берілді.
Сондай-ақ -дай; -дей; -ша; -ше формалы сөздер қай сөз табына жаьаьындығына қарамастан реестрге алынады.
Сөздікте омонимдер араб цифрымен сөздің шекесіне қойылған белгілер арқылы ажыратылады. Мысалы: Ақ1, Ақ2.
Лұғаттық мақала, негізінен, мынадай тәртіппен құрылуы тиіс деп жоспарлануда: 1) реестр сөз; 2) сөздің неше рет қолданылған саны (сөздік толықтай жасалып бітпейінше қойылмайды); 3) сөздің мағыналарына берілетін анықтамалар; 4) сөз мағыналарына келтірілген иллюстрациялық мысалдар және оларға қажетті мысалдар; 5) Мұқағали қолданысындағы әр түрлі грамматикалық формалардың берілген жинақтың қай бетінде кездесетіні нұсқалған тізім; 6) әр түрлі тұрақты сөз тіркестері мен лексикалық тіркестері және оларға қажетті мысалдар; 7) Мұқағали қолданысындағы әр түрлі грамматикалық формалардың берілген жинақтың қай бетінде кездесетіні нұсқалған тізімі (тұрақты сөз тіркестеріне қатысты).
Ажырат. Бөліп алу, жіктеу, айыру. Тіл күрмеулі. Тірісің деп жұбатамын көңілімді, Құшағымнан ажыратпай ала кеттім өмірімді («Түс»). Ажырата: 116; ажыратпай: 94. Ақ-қарасын ажыратты. Құтқарды, босатты.Тұяғында тұлпардың жатқан арын Ажыратар арасын ақ, қараның. Қайтсын жұрттың қармана даттағанын, Шүу, жануар, тұлпарым Ақтабаным! («Шүу, жануар»). Ажыратар: 47.
Тақырыптық сөздің мағыналары бірнешеу болған жағдайда әр мағынаны араб цифрымен көрсетіледі. Белгілі бір мағынаға тән әртүрлі реңктер көлбеу қос сызық белгісі (//) арқылы ажыратылады. Мысалы:
Ақтар. 1. Бір нәрсенің ішін түгел ашып қарау, бір нәрсені іздеу. Қайырлы түн, ғалымдар! Ақтарыңдар ақылды, Тыныштықты тойлаңдар. Рахмет, әкелдіңдер атомды, Енді соны ажал етпеуді ойлаңдар («Қайырлы түн»). Ақтарыңдар: 75; ақтарды: 95. 2. Ыдыстың ішіндегі нәрсені төгу, төңкере салу, қотару. Үнсіз кітап оқылды да, аударылды парақтар, Үнсіз үшеу отырды да, ақтарылды шараптар. Қулығы ма, шындығы ма, үй иесі мас болды, Жас арудың жанарына мөлтілдеген жас толды («Жұмбақ»). Ақтарылды: 84. 3. Іштегі мұң-зарын сыртқа шығару, айту. Қапаста жатсадағы күрсінбеген, Жомарт менің жүрегім дүрсілдеген. Міне, соның жасырмай алуан сырын, Ақтарайын, ел-жұртым білсін деп ем («Ажалға»). Ақтарам: 43; ақтарайын: 11.
Ақиқат. Табиғат пен қоғамдағы санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүретін заттар мен құбылыстардың адам танымының тіжірибеде тексерілген толық бейнесі. Тірі жансың айлаң бар, шалымың бар, Көрсетші қанша сенің қарымың бар. Адалдық ақиқаттан сомдап соққан, Тасқа салсам мұқалмас қаруым бар (« Тура қара көзіме»). Ақиқат: 40; ақиқаттан: 35. // Даусыз, дәл, айқын, анық. Солай болды... Бәрі ақиқат... Әлде есімнен алжастым... Мынау жатқан бөз орамал – орамалы Қарғаштың... («Бөз орамал»). Ақиқат: 100.
Сөз мағыналарының талдануы
Әр реестр сөзден кейін саны көрсетілуге тиіс, одан кейін ақын қолданған жеке сөздердің мағыналарына белгілі жүйе бойынша талдау жасалыну керек. Ақын шығармаларының құрамындағы сөздерге «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» негізінде түсінік беріледі. Автор сөзді бірнеше мағынада қолданса, сонша рет анықтама жазылады. Сөздікте алдымен сөздің негізгі (заттық) мағынасы, одан кейін қосымша (ауыс) мағынасы, соңынан ақынның өзіндік сөз қолдану нұсқасы (егер сөз көп мағыналы келген жағдайда) көрсетіледі. Мысалы: Ақ1. 1. Қардың, сүттің түсіндей ақ түс... 2. Ауыс. Адал, кінәсіз, жазықсыз... 3. Окказ. Арақ, ішімдік...
Стильдік белгілер
Әлеуметтік қолданысы шектеулі бейәдеби қарапайым элементтер Қарап. белгісі арқылы беріледі. Бұл белгі қарапайым сөз дегенді білдіреді. Мұндай сөздердің мазмұны төмен болады, бір нәрсе жайында баға бергенде, мағынасы тым оғаштау сезіледі. Бұлар әдеби тілдің шеткері айғағында болып, көбіне қарапайым тұрмыстық қатынаста қолданылады. Мысалы:
Көкмойын. Қарап. Арақ. Иісі танауыңнан таңдайға ұрып, Табақта ет, қазы жатыр қарны айрылып. Бес минутсіз он екі, әлі отырмыз, Атақты көк мойынға салмай құрық («Жыл әкелген жыр»). Атақты: 89.
Сөйл. деген стильдік белгі кәдімгі сөйлеу тіліне тән сөзді мағынаны білдіреді. Сөйлеу тіліне тән, яғни бейресми қарым-қатынаста, емін-еркін жағдайда, ауызша түрдегі тілдесуде қолданылатын сөздердің мағыналарын аңғартып тұрады. Бұлар көбінесе кітаби, бейтарап мәндегі сөздердің синонимі іспеттес болып келеді. Мысалы:
Ап. Сөйл. Алып етістігінің қысқарған формасы. Көктем келді. Өмірдің келешегі, Көкпен бірге дүркіреп тел өседі. Сағым қыздың ап қашып орамалын, Асыр сап тентек жігіт-жел еседі («Біздің көктем»). Ап: 55, 60, 67, 72, 76, 80(2), 90, 93(3); аппын: 93; апты: 83.
Сонымен қатар ақынның жеке өзіне ғана тән сөз қолданысындағы сөздерді Окказ. деген стильдік белгі нұсқап тұрады. Мысалы:
Ақ. Окказ. Арақ, ішімдік. Өмірің түлкі емес қой атпен қуған, Алда, ұлым, ойын-күлкің, бақ пен думан. Жылдарың ақ қой өзі кір шалмаған Жақсы ендеше ақ затты ақпен жуған («Жыл әкелген жыр»). Ақпен: 90.
Фразеологиялық тіркестер
Лұғаттық мақалаға (сөзтізбеге) алынған сөздің барлық мағынасы түсіндіріліп болған соң, фразеологиялық тіркестер азатжолдан сөздік мақаланың дербес бөлігі ретінде алфабит тәртібімен беріледі:
Бәйге алды. Озып шығып жүлдеге ие болды. Шаппай бермен бәйгені ала ғой деп, Жүрмісің жүйрік емес, шалағай деп?! Ұл тапқанда ұлы анам боза ішіпті, Қалжасына бақандай қара қой жеп («Қарт ақынның дегені...»). Бәйгені ала ғой: 71.
Фразеологиялық тіркестер «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» негізінде беріліп, қосымша грамматикалық формалары көрсетілмек. Сонымен қатар ақынның өзі жасаған фразеологиялық тіркестеріне «Ақын бұл жерде пәлендей мағынаны бейнелеп отыр» деген түрде сипаттама түсінік берілді:
Мас болып қанға желікті. Қанға тоймады, жауыздықты жаны сүйді, аяушылық таныту дегенді білмеді. Соғыстан соғыс... Соғыстың, досым, неліктен? Сөзіне ердің фашистің Мас болып қанға желіккен! Алдады фашист сені де, Әкелді қайғы еліңе («Неміс жұмысшыларына хат»). Мас болып қанға желіккен: 12.
Мағынасы күңгірт, жеке қолданылмайтын сөзден кейін қос нүкте қойылады да, одан кейін фразатіркес кіші әріппен, қарайтылған қаріп түрінде берілді:
Ар2: ар жақ. Қарсы жақ, арғы бет. ...Түсімде қызым мені шақырады, Өзеннің ар жағында отыр, әні... Ғафу, балам, ғафу ет бара алмаймын, Мен деген жер бетінің «ақымағы» («Майгүлге»). Ар жағында: 15, 101.
Фразеологиялық тіркестің құрамындағы белгілі бір сөзді оның мәндес, синонимдес түрімен ауыстырылатын жағдайда, мәндес сөз тік жақшаға алынады:
Амал [қане, бар ма, не, нешік] қанша. Қолдан келер шара, лаж жоқ. Менің де әкем келер еді алпысқа, Амал нешік, жоқ боп кетті тартыста. Амал нешік, селдір сақал қарт ұста, Ауылында жүрер еді балта ұстап («Алпысқа келдіңіздер»). Амал қанша: 48 (2), 96, 104; амал не: 12, 73, 83; амалым не: 124; амал нешік: 48, 69 (2), 9.
Фразеологиялық тіркестің құрамындағы етістік басыңқы сыңар болған жағдайда етістік сыңары ашық рай қалпына келтіріліп енгізіледі. Ал, ақын шығармаларында қолданылған, бірақ ашық рай түріне түсіруге көнбейтін кейбір етістік формалары сол қалыптасқан күйінде берілді. Мысалы:
Құлағын кесіп ал. Окказ. Қарсы қайрат істеп көр. Жойқын дейді... Жойқын болса, несі бар?! Жойқын күштің жомарттығын есіңе ал. Жойқын дария, әне, тасып барады, Мықты болсаң, ал, құлағын кесіп ал...(« Жойқын дейді?!»). Құлағын кесіп ал: 107.
Иллюстрациялық материалдар
Реестр сөздің әрқайсысына, омонимдердің, фразеологизмдердің бас-басына Мұқағали Мақатаев шығармаларынан мысалдар келтірілді.
Келтірілген мысалдар мынадай тәртіппен беріледі:
-
Алынған мысалдар 2012 жылы Б. Айдарова мен К. Ботайдың құрастыруымен шыққан жыр кітабында қалай берілсе, солай алынды, яғни сол формасы сақталып жазылады.
-
Мұқағали Мақатаев прозаларынан алынған мысалдар тым ұзақ болып келген жағдайда текст қысқартылып алынады.
-
Егер сөйлем текстінің басынан емес, орта шенінен қысқартылған жағдайда, қалдырылған сөздердің орнына көп ноқат қойылады.
-
Ақынның өлеңдері сөздікте өлең үлгілерімен емес, қара сөздің жазылу тәртібімен алынады. Бірақ өлеңнің әрбір жолы бас әріппен беріліп отырады.
-
Алынған әрбір мысалдан кейін ақынның нысанадағы жыр жинағының беті көрсетіліп отырады. Мысалы: Аждаһа: 118; аждаһалар: 119; аждаһаны: 118.
Сөз қолданыстардың тізімі
Жоспардағы сөздікте грамматикалық формалар сөз мағыналарына келтірілген иллюстрациялық мысалдар және оларға қажетті мысалдардан кейін және әр түрлі тұрақты сөз тіркестері және оларға қажетті мысалдар соң көрсетіліп, қай беттен алығаны нұсқалады. Грамматикалық формалар «Абай тілі сөздігіндегідей» жүйеге негізделіп құрылды. Мәселен реестр сөз зат есім болса, ең алдымен, оның жекеше түрінің септелуі, сонан кейін көпше түрінің септелуі, сонан кейін тәуелдік формаларының септелуі белгілі грамматикалық жүйемен алынды. Реестр сөз етістік болса, белгіден кейін алдымен етістіктің райлары (тұйық, бұйрық, ашық, шартты, қалау райлар), бұлардың алдымен болымды түрі, одан кейін болымсыз түрі берілді. Рай формаларынан соң етістіктің көсемше, есімше формалары келтірілді. Бұларды да өзара болымды, болымсыз болып келуіне қарай бірі бұрын, екіншісі соң берілді. Сөздікте етістіктер түбір, туынды түбір алынып, мағыналары ашылып көрсетіледі. Қалған сөз таптары да осындай тәртіппен орналастырылды.
Сөздікті жасау барысында құрылым-құрылысы жағынан әлі де көптеген алып-қосатын түзетулер болуы мүмкін. Енді біз сөздіктің алғашқы бастамаларынан ұсынатын боламыз:
Абай. Кісі аты. ...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның, Мен емес, солай деген аталарым. Сол Ұранды ұрпаққа апарамын, Мен қазақ- Абай болып аталамын («Дала данышпаны»). Абай: 37 (2), 63; Абайды: 37.
Абай. Ықылас, ынта, назар.
Абай болды. Сақ болды, алды-артын байқады. Сабай берме тайыңды, қара қасқа, Мерт боларсың мына бір жағалатса. Алды-артың алай-түлей шақ адаспа, "Абай бол" деп бітеді сана басқа. Тізгініңді тарта тұр, қара қасқа, Байқап-байқап жүргейсің, бала, жаста!? («Шүу, жануар»). Абай бол: 47.
Абдыра. Асып-сасу, аптығу, қысылу. Жайғасып алып, жазира жазық мақпалда, Келіншек-жастық базарлап барын жапқанда. Абдырар еді алыстан қарап ақ таулар, Бар тірлік тегіс мас болып жатқан шақтарда («Келіншек-жастық...»). Абдырар: 35.
Автор. 1. Белгілі бір көркем шығарма, ғылыми еңбек, жобаны жазған адам, соның иесі. Автор дейтін риза-қош болушы еді ондайда, Керісінше, суретшіміз бір тұңғиық шомды ойға («Бөз орамал»). Автор: 96. 2. Ауыс. Белгілі бір жағымды не жағымсыз оқиғаға, жайтқа себепкер болған адам. Қадірлі аға, қайырымды жан ғой Ібекең, Күнекең болса, еркелеп жүрген іні екен. Апыр-ау деймін, алайда осы қуаныштың, Әдеби тілмен, авторы нағыз кім екен?!(«Тарту»). Авторы: 73.
Аға. 1. Туыстас ер адамның жас жағынан үлкені. Қайғы түссе басына бір ағаның, Қалай ғана шыдап мен тұра аламын. Жасын сүртіп солардың, бірге жылап, Бірге күліп солармен, жұбанамын («Кем болып»). Аға: 49, 58, 71, 73, 122; ағаның: 14, 43; ағалар: 131; ағам: 58, 79, 135; ағаңменен: 47. 2. Жалпы жасы үлкен ер кісіге қарата айтылатын сөз. – Кешіріңіз, аға, - дейді, - кешіріңіз, жақсы аға, Ондай ойым болған жоқ-ты, берілгемін басқаға («Бөз орамал»). Аға: 100(2).
Ағай. Өзінен үлкен ер адамды, ұстазды құрметтеу, сыйлау мәнәндегі атауыш. Шежіресін талай жыл, талай заман, Ыждағатпен айтасың, ағай, маған. Бабалардың өзі жоқ, ізі жатыр, қала орантып, егін сап, мал айдаған («Шежіресін талай жыл...»). Ағай: 107, 128.
Ағайын. 1. Аталас, туысы жақын, ата-бабасы бір, бауырлас, рулас адамдар. Туған жерге бармап едім бастан асып жұмысым, Ағайындар әңгіме етіп, аңсады ма туысым («Түс»). Ағайындар: 94. 2. Қалың жұртқа қарата айтылатын қаратпа. Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Ағайын: 79; ағайындар: 34, 92.
Ағайын-туған. Жақын туыс, бауырлас адамдар.
Ағайын-туған адамдар. Туыстығы басым, жақын адамдар. Таулар, Сулар, Аралдар. Ағайын-туған адамдар. Қамыстар, Шилер, Бейіттер. Қажыған күйлер, кейіптер («Менің Отаным»). Ағайын-туған адамдар: 9.
Ағат. Жаңсақ, жаңылыс, теріс, қате. Соғыстан соғыс... Соғысқан кімдер? Есіңде, досым, сені мен біздер. Болса да ісің ағат тым, Амал не, маған оқ аттың («Неміс жұмысшысына хат»). Ағат: 12, 129.
Ағатай. Жасы үлкен ер адамды, болмаса туған ағаны не туысқанды құрметтеп сыйлағанда немесе оған жалынғанда айтылатын сыпайы қаратпа атауыш. Жойқын дейді?! Жойқын деген жалған ғой. Жорамалмен жойқын болып қалған ғой. Ағатай-ау, Әму деген, расында, Жойқын емес, жүйткіп жатқан арман ғой («Жойқын дейді?!»). Ағатай-ау: 107.
Ағаш. Әртүрлі тұрмыстық бұйымдар, жиһаз жасау мен құрылыста және отын ретінде қолданылатын діңі қатты жуан өсімдік. Алдымда менің адасып кеткен тұр арман, Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан. Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған? Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған («Жырласам ба екен»). Ағаш: 85; ағашпен: 109; ағаштар: 125.
Мама ағаш. Окказ. Ат байлайтын ағаш, діңгек. Ақтабан атым қайда ала қашпа, Тарт көлденең, байлама мама ағашқа. Ей, бала, ағаңменен жағаласпа, Бала деген артына қарамас па? («Шүу, жануар»). Мама ағашқа: 47.
Ағыл-тегіл. Көл-көсір, орасан мол, асып-тасқан. Дала, рақмет саған! Ырыс қосып жатырсың ырысыма, Ағыл-тегіл жүректен нұр ұшыра, Алтыныңды толтырып уысыма, Дала, рақмет саған! («Рахмет, дала»). Ағыл-тегіл: 46, 89.
Ағыл-тегіл еңіреді [еңіреп жылады]. Егіліп жылады, көз жасын көл қылды, етегі жасқа толды. Армандап Адам сұрады, Ақ таулар – іштен тынады, Азан сап тұрып ақ бұлттар, Ағыл да тегіл жылады. Ақ нөсер, бар ма арманың?.. («Арманың бар ма?»). Ағыл да тегіл жылады: 135.
Ағынды. Ағыны қатты, ағысты. Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем («Отан»). Ағынды: 64.
Ағыс. Ағым, қозғалыс, тарам. Жылдар, жылдар... Қаншама алыстадың, Қаншама өзен өзгертті ағыстарын. Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың, Уа, армысың, арысым, данышпаным! («Дала данышпаны»). Ағыстарын: 38.
Ағыт. Босату, шешу. Әзіл қолмен әзер-әзер төс қалтасын ағытты, Қанға тиген орамалды уысына алыпты («Бөз орамал»). Ағытты: 99; ағытып: 127.
Ада. Түк жоқ, жұрдай, құр алақан. Мұрша берме ойлауға, сарқырама, Қысыр ойды түгесші, сарқып ада. Тасқа біткен бір шоқ гүл, кеудеме біт, Таста нең бар мейрімсіз, қалтырама («Сағындым ғой»). Ада: 126.
Адал. Ар-ұяты күшті, ақ ниетті, таза (адам). Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Адалым-ай: 105; адалсың: 79.
Адалдық. Ізгілік, тазалық, имандылық қасиет. Алла- ақиқат. Аллаға сеніп өтем, Адалдық пен ақиқат серігі екен. Адаспаймын, Аллама сеніп өтем, Арамдыққа баспаймын- жолы бөтен! («Сатқан емен»). Адалдық: 35, 40, 79; адалдығына:111; адалдықты: 79.
Адам. 1. Адамзат өкілі, кісі. Таулар, Сулар, Аралдар.Ағайын-туған адамдар. Қамыстар, Шилер, Бейіттер. Қажыған күйлер, кейіптер («Менің Отаным»). Адам: 38, 39, 62, 65, 68, 71 (3), 84, 106 (2), 111 (2), 135; адамның: 68, 73, 110 (2), 129; адамға: 67, 106;адамды: 62, 69, 74, 106; адаммен: 74; адамдар: 9, 66, 71 (2), 119; адамдардың: 106; адамдарға: 36; адамдардан: 123; адамбыз: 74. 2. Ауыс. Халық, жұрт, көпшілік. Неге жыламасын?! Бәрі де жылаған. Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған. Түнек болып келе жатқан тажалға, Аттануда, аттануда тірі адам («Неге жыламасын?!»). Адам: 57, 71, 89, 109 (2). 3. Кім болса да, қайсыбір, қандай да бір кісі. Еденді сырлап, іргені сырлап, қалаған, Шатырын жауып, орнатып газды жаңадан. Терезе салып, асфальт төсеп аулаға , Екі-үш жыл бойы сіңірді-ау еңбек сан адам («Тарту»). Адам: 73, 102; адамға: 128. 4. Өзіндік мінез-құлқы, ой-өрісі, түр-тұрпаты бар ерекше жеке тұлға. Жырласам ба екен, жыласам ба екен, білмеймін, Алдымда тұрған адамды мынау кім деймін?! Алдымда менің адасып кеткен арман тұр. Жылатсам ба екен, жұбатсам ба екен, білмеймін?! («Жырласам ба екен»). Адам: 60, 124; адамды: 85.
Момын адам. Есерлігі жоқ, ешкімге соқтықпайтын, салмақты, жуас кісі. Кес-кестеп кісі жолын торымаған, Осында тірлік еткен момын адам. Қаншама тырбанса да шаруаның, Дәулеті бір-біріне қорымаған («Бұзылған үй»). Момын адам: 114.
Тірі адам. Окказ. Барша адам деген мағынада. Неге жыламасын?! Бәрі де жылаған. Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған. Түнек болып келе жатқан тажалға, Аттануда, аттануда тірі адам («Неге жыламасын?!»). Тірі адам: 57
Адамгершілік. Адам бойындағы қоғамдық талапқа сай ізгілікті, инабаттылықты білдіретін ахлақ ұғымы. Аймалап жатса, ашынып барған баласын, Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың. Ағытып қойып, адамгершілік жағасын, Ағасың тынбай, ағасың , Жайық, ағасың («Ата Жайық»). Адамгершілік: 127.
Адамдай. Адам сияқты, адам тәрізді. Тереңнен тартып нәр алмай, Теңізде жүру жөн бе екен? Қайығы батқан адамдай, Қармаған талды мен бе екем?! («Шабындықта»). Адамдай: 92.
Адамзат. Бүкіл адам баласы. Адамзаттың ғұмырларын ойрандауға қол қойған, Қиян-кескі қатал соғыс, қиян-кескі қан майдан («Бөз орамал»). Адамзаттың: 96.
Адас. 1. Жол таба алмай сенделу. Содан бері күн өтті, айлар өтті, Айлар өтті, арман боп ойлар өтті. Алатаудың төсінде сайрандаған Ақмаралым адасып қайда кетті? («Ақмарал»). Адассақ: 39; адасып: 34, 134; адасыпты: 67; адасқан:86; адасармыз: 39 (2); адаспа: 80 . 2. Ауыс. Теріс бағытқа түсу, қателесу, жаңылысу, шатасу. Сабай берме тайыңды, қара қасқа, Мерт боларсың мына бір жағалатса. Алды-артың алай-түлей шақ адаспа, "Абай бол" деп бітеді сана басқа. Тізгініңді тарта тұр, қара қасқа, Байқап-байқап жүргейсің, бала, жаста! («Шүу, жануар»). Адасып: 85(3), 124; адаспа: 47; адаспаса: 64.
Адастыр. Басқа бір жаққа, жолсызға бағыттау, бағдарынан айыру. Айналамда дүрлікті ауыл болып, Адастырдың басыңа бағың қонып.Құйын болып жылғадан бастадың да, Сардалаға жоғалдың сағым болып («Ат суара барғанда жылғаға мен...»). Адастырдың: 104.
Адуын. Ешкімді бетіне қаратпайтын өр мінезді, өр көкірек, шайпау. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адуын: 42, 55, 86.
Адуын жүрді. Окказ. Тартынбай, асқақ жүрді. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адуын жүрдім: 42.
Адым. 1. Жүру кезіңді екі аяқтың ара қашықтығы, қадам. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адымым: 42. 2. Ауыс. Іс-әрекет, ұмтылыс, қарқын. Шашымның санап әр ағын, Таңырқай берме, қарағым. Санаулы басқан әр адым, Отыздан асып барамын («Отыздан асып барамын»). Адым: 14.
Адым жер. Тым жақын, қол созым, онша алыс емес, қысқа қашықтық. Шаңқай түс. Бала үрейлі, таңданады. Соқыр деуге қимайды, арланады, Екі қолы ербеңдеп, қайран кеуде, Аттай алмай адым жер қарманады («Масақ»). Адым жер: 110.
Адымым алшақ. Окказ. Алшаңдап, емін-еркін жүру мағынасында. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адымым алшақ: 42.
Адыр. Бір-біріне ұласып, тұтасып жатқан биік қырқа, дөңес жер. Адырлар, жонжар, шатқалдар, Аспанды тіреп жатқандар, Айтылды нелер мақтаулар, Арманың бар ма, ақ таулар? («Арманың бар ма?»). Адырлар: 135.
Ажал. Өлім, қаза. Сексенде селкілдеген Ахметті, Ажал келіп ақыры бақыл етті. Бұйырғаны қартыңа бұл өмірден Айналасы алты кез ақырет-ті («Күй қалса ғой»). Ажал: 75, 76, 93, 95.
Аждаһа. Айдаһар. Ауыс. Обыр, озбыр, қорқау, жауыз. Біздер жеңдік! жоқ болып, жаралы боп. Біз қуандық алдымен қаралы боп. Қарсы тұрдық аждаһа алдында біз, Туған жердің аязы, бораны боп («Біздер жеңдік»). Аждаһа: 118; аждаһаны: 118; аждаһалар: 119.
Ажырат. Бөліп алу, жіктеу, айыру. Тіл күрмеулі. Тірісің деп жұбатамын көңілімді, Құшағымнан ажыратпай ала кеттім өмірімді («Түс»). Ажырата: 116; ажыратпай: 94.
Ақ-қарасын ажыратты. Құтқарды, босатты. Тұяғында тұлпардың жатқан арын Ажыратар арасын ақ, қараның. Қайтсын жұрттың қармана даттағанын, Шүу, жануар, тұлпарым Ақтабаным! («Шүу, жануар»). Ажыратар: 47.
Ажырату. Ажырат етістігінің қимыл атауы; айырылу, айырылып қалу. Інім айтса, бас изедім; ағам айтса, көш көрдім. Жанның бәрін жатырқамай, жақсы дедім, дос көрдім. Араларын ажырату мұншама ауыр болар ма, Адалдық пен арамдық деп аталатын қос белдің («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Ажырату: 79.
Азалы. Уілдеп соққан өкпек (жел). Әжем есімде. Әрнеге қозбайтұғын, Әріден көп әңгіме қозғайтұғын. Темір керней есімде... Боран үрсе, Азалы үнін аңыратып боздайтұғын («Отыз бесінші көктемім»). Азалы: 52.
Азамат. Кәмелетке толып ер жеткен адам, жігіт. –Ал, енді сен азаматсың!,- деп маған, Арбасына ортырды да кетті ағам, Тағы да бір қайырылмас па екен деп, Тозаңдатқан қара жолды бетке алам («Неге жыламасын?!»). Азамат: 106; азаматсың: 58.
Азан. Мұсылмандарды тәуліктегі бес уақыт намазға ерекше мақаммен дауыстап шақыру рәсімі.
Азан салды. Айқай салды, шатақ шығарды, жылады. Армандап Адам сұрады, Ақ таулар – іштен тынады, Азан сап тұрып ақ бұлттар, Ағыл да тегіл жылады. Ақ нөсер, бар ма арманың?.. («Арманың бар ма?»). Азан сап: 135.
Азан-қазан. У-шу, айқай-ұйқай. Қажып тұрмын, несіне жасырайын, Әкелші, ата, бар болса насыбайың. Азан-қазан шулаған қапақ бастан, Құрып кеткір даң-дұңды қашырайын («Жұмыстан соң»). Азан-қазан: 81.
Азап. 1. Шариғат заңдары бойынша істеген күнәсі үшін берілетін жаза. Жаратушы жалғыз ием, қуат бер, Азабымды, тозағымды жеңейін. Жаратушы жалғыз ием, шуақ бер, Өзіме де, өзгеге де төгейін (« Я, Жаратушы Аллам!»). Азабын: 129; азабымды: 36; азабыңнан: 41. 2. Ауыс. Ауыр бейнет, мехнат, қиыншылық. Айшылық жол... Шөлдейсің, зарығасың, Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. Жол азабын көресің, көресің де, Ашынасың, біресе бағынасың («Өлең деген...»). Азабын: 63; азаппен: 73.
Азға(ы)н Түр-тұлғасынан айырылған, азып-тозған, шаршап-қажыған. Баянсыз жылдарым бар текке кеткен, Бейшара жандарым бар өкпелеткен. Әлде мені тірлікте масқаралап, Өмірдің азғаны боп өт демек пе ең?! («Ажалға»). Азғаны: 11.
Азын-аулақ. Аздаған, біраз. Осынау азын-аулақ тәтті өмірді Өайтер еді өткізсем сәл көңілді. Аялдашы, бой жазып бір түзейін, Өкінішпен ұзатөан күндерімді («Ажалға»). Азын-аулақ: 11.
Ай. Жылдың он екіден бір бөлігін қамтитын мезгіл. Отыз-отаз бір күндік мерзім. Мейлі күн, мейлі айлар, жылдар өтсін, Өкініп, опық жейтін мезгіл жетсін. Шынайы саған деген махаббатым Өміріңе қарыз боп бірге кетсін ( «Не айтам саған...» ). Ай: 99, 109, 113; айлар: 11, 34 (2), 98.
Айлар өтті. Окказ. Айлар жаңарды, ай артынан ай ілесті. Содан бері күн өтті, айлар өтті, Айлар өтті, арман боп ойлар өтті. Алатаудың төсінде сайрандаған Ақмаралым адасып қайда кетті? («Ақмарал»). Айлар өтті: 34 (2).
Ай. Түнде жарық сәуле шашып тұратын аспан денесі. Тік тұр ол. Қырын қарап сай-салаға, Күн- көркі, Көк- мекені, Ай - шағала. Қалғымай қанша жылды өткерді екен, Тәкаппар Тянь- Шаньдағы қайсар аға? («Хантәңірі»). Ай: 56, 59, 61, 115; айдың: 83; айды: 57, 59, 111; айың: 74.
Ай туды. Өліарадан кейінгі жаңа айдың алғаш көрінген кезі. Ай туыпты шалқалап , Шатынап аяз болар ма?! Тыныстай қапты шартарап, Шарқ ұрып дауыл соға ма?! («Қабағы таудың қатулы»). Ай туыпты: 59; туған айды: 59.
Айғай. Дауыстың көтеріңкі шығуы. Тау өзені тентек қой, тасып жатыр, Ақ көбігін аспанға шашып жатыр. Арғы жаққа отарын өткізе алмай, Бала шопан айғайға басып жатыр («Тау өзені...»). Айғайға: 72.
Айғайға басты. Окказ. Үсті-үстіне айғайлады, барынша қатты дауыстады. Тау өзені тентек қой, тасып жатыр, Ақ көбігін аспанға шашып жатыр. Арғы жаққа отарын өткізе алмай, Бала шопан айғайға басып жатыр («Тау өзені...»). Айғайға басып: 72.
Айғыз-айғыз. Тілім-тілім, шимай-шимай. "Жол деген көп далада да, қия белде, жондарда Адаспа, ұлып, андап басқын, ұрынбағын орларға", - Деп соқпақпен ғазиз анам аттандырған мені үйден, Бетіндегі әжіміңдей айғыз-айғыз жолдарға («Соқпақ»). Айғыз-айғыз: 80.
Айғыр. Үйірге түсетін еркек жылқы. Бір шиша зәһар бұйым ба, тәйірі, ақпанда, Соқпаған аңдып, сотқарлау қыстың жолының, Сорлаған айғыр баса алмай тұрса солығын. Қызулау қосшы саусағын үрлеп қолының, Жүрдік деп енді жағасын түрсе тонының («Бір шиша зәһар бұйым ба...»). Айғыр: 105 (2).
Айда. Малды алдына салып жүргізу. Астыңа дүлдүл ат беріп, Қиямен тауға айдайын. Қияннан, кәне, ат келіп, Алдыңа биік байлайын («Жүр...»). Айдайын: 64; айдады: 82; айдаған: 107.
Айдала. 1. Құла түз, елсіз дала. Апта жүріп, ай жүріп, Аңызаққа ұрынбан. Ат-тұрманнан айрылып, Айдалада жығылман. Әр ауылға қайрылып, сусын іздеп бұрылман («Самұрыққа міндім бе...»). Айдалада: 113. 2. Оқшау, алыстау жер. Міне, осылай өлеңің кілті деген, Құйттай жүйкең қалмайды сілкімеген. Аттанам деп алысқа, айдалада Адаспаса болғай-ды шіркін өлең («Өлең деген...»). Айдалада: 63.
Айдын. Жайылып, шалқып жатқан су алабы, үлкен көл. Ақ көлің айдын төсін шимайлаған, Сұлулар жатыр сені қимай далам. Аққу боп неге ғана жаралмадым, Адам боп өзіме-өзім сыймай барам («Аққулар, қош болыңдар»). Айдын: 124, айдында: 131; айдының: 127.
Айқара. Шалқайта, кеңінен. Қайырлы түн, Ақ аспан! Боз көрпеңді айқара жап иыққа, Сенің нұрың тыныштықпен жарасқан, Қайырлы түн, ұйықта! («Қайырлы түн»). Айқара: 74.
Айқыш-ұйқыш. Ерсілі-қарсылы , бірін-бірі қиып өткен шым-шытырық, айқасып жатқан, ілік-шатыс. Секектеп желетін де сен мемес пе ең, Төпектеп еклетін де сен емес пе ең, Ақ бұлт пен қара бұлттың арасында, Алапат айқыш-ұйқыш төбелес пе ең! Сен солай болмағанда елемес ем, Сені мен найзағайға теңемес ем («Шау тартып қалыпсың-ау...»). Айқыш-ұйқыш: 62.
Айла. Амал, тәсіл, әдіс, қулық, ылаж, шара.Тірі жансың айлаң бар, шалымың бар, Көрсетші қанша сенің қарымың бар. Адалдық ақиқаттан сомдап соққан, Тасқа салсам мұқалмас қаруым бар (« Тура қара көзіме»). Айла: 60; айлаң: 35.
Аймақ. Әкімшілік аумақтық бөлініс, өлке, өңір, атырап. Таныс маң, таныс аймақ, таныс мекен, Оңаша ойымменен алыс кетем. Со бір жылы неліктен аңғармаған, Отары қарияның алыста екен («Жыл әкелген жыр»). Аймақ: 88.
Аймала. Құшақтау, құшып сүю, сипалау, иіскеу. Аймалайсың жанымды күлкіңменен, Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген. Недейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем, Қытықтаған жүректі бір тілменен? («Бесік басында»). Аймалаймын: 94; аймалайсың: 65; аймалайды: 91, 99; аймаласа: 88; аймалап: 127 (2) ; аймалаған: 122.
Айна. Ауыс. Жарқын бейне, көрініс. Ақ қыздар, айна қыздар қайда маған?! Жас арманым жастықта жәйнамаған. Қолаң қара шаштарым, қош болыңдар, Ынжық емес, пысықтар аймалаған!.. («Ақ қыздар, арым таза алдарыңда»). Айна: 122.
Айнал. 1. Айнала жүру, төңіректеу, айналсоқтау, орағыту. Айналғанда аядай қалашықты, Алдымыздан кішкентай Ана шықты, Қырда отырған ауылға апаратын, Жалғызаяқ соқпақпен адасыпты («Сәби Ана»). Айналып: 80; айналған: 70; айналғанда: 67. 2. Бір күйден екінші күйге ауысу, ауу. Биікті нағыз көргенде, Жүрегің лобып айналсын. Биіктен қарап дөңдерге, Даңғаза басың ойлансын. («Жүр...»). Айналсын: 65. 3. Қайтып оралу, қайта келу. Ұшар ма ең қанат байланып? Қалар ма ең, әлде, ойланып? Келер ме ең менің қасыма, Періштем болып, айналып? («Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген»). Айналып: 134. 4. Жақсы көру, емірену. Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар, Ұрпағыңа не айтасың артта қалар? О, тірі шежірелер қалдырыңдар, Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? («Мен қарапайым қарттарды сүйемін»). Айналдым: 65, 70, 102.
Аруағыңнан айналдым! Окказ. Аруақты құрметтеу, сыйлау, қадірлеп, пір тұту мағынсында. Алматының жерінде атам жатыр, Жалғыз бейіт құлазып жапанда тұр. Қайтсем сені қоршаймын қыш дуалмен, Аруағыңнан айналдым, атам батыр! («Алматының жерінде...»). Аруағыңнан айналдым: 35.
Айнала. Төңірек, маңай. Белгісіз қыр аса ма, сай бара ма, Асығады осы өмір қайда ғана?! Көшін тартып барады шіркін жастық, Оянғасын қарасам айналама («Заулап өткен»). Айналам: 88; айналама: 55; айналамда: 94, 103; айналаң: 96.
Айнала. Төңіректете, маңайлата, айналдыра. Бір тал масақ мүсінін салмақ болған, Тас ағашпен айнала шарбақталған. Жұдырықтай қарт зергер құлан ұрып, Құлын мүше оралып, саңлақтанған («Масақ»). Айнала: 109.
Айналайын. Еркелету, көңіл-күйін білдіретін «қарағым», «қалқам» мәніндегі қаратпа атауыш. Мен бақыттымын, Бақытты жерде туылдым. Айналайын Қарасаз, Қасиетінен суыңның («Қарасаз»). Айналайын: 100, 121.
Айналасы. Бар болғаны, не бары, бар-жоғы. Сексенде селкілдеген Ахметті, Ажал келіп ақыры бақыл етті. Бұйырғаны қартыңа бұл өмірден Айналасы алты кез ақырет-ті («Күй қалса ғой»). Айналасы: 76.
Айналысу. Айналыс етістігінің қимыл атауы. Шұғылдану, әрекеттену. Шаруаның баласы болғасын ба, Шаруамен айналдым он жасымда. Майдандағы әкеме оқ жібердім, Айырбастап күлшемді қорғасынға («Отыз бесінші көктемім»). Айналдым: 52.
Айны. Аяқ астынан өзгеру, бұрынғы бағыт-бағдарын бұзу.
Айнымас үміт. Окказ. Өзгермес, тұрақты үміт. Жеттім-ау, Жеттім-ау шөлдедім, Шөлдедім, сен неге келмедің? Өміріме еш тағат таптырмас Айнымас үмітім сен бе едің? («Жол ұзақ...»). Айнымас үмітім: 50.
Айран. Сиырдың, қойдың, ешкінің сүтіне мәйек, ашытқы қосылып ұйытатын сүттен жасалған қышқыл дәмді ұлттық тағам. Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген («Қайран жеңгем»). Айран: 128.
Айт. 1. Сөзбен ой-пікірді білдіру, ауызша сөйлеу. Не айтам саған, жаным-ай, не айтам саған, Кете бердім жолменен шайтан салған. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», Қиын екен қосылып, қайта аңсаған («Не айтам саған...» ). Айтушы: 65; айт: 66, 100; айтпа: 59; айтшы: 41, 65, 81; айтты: 96; айтса: 79; айта: 51, 53, 59, 71, 94; айтам: 10 (2), 75 (2), 101; айтасың: 70, 107; айтайын: 94; айтып: 63, 97; айтыпсың-ау: 80; айтқандарын: 94. 2. Ауыс. Тапсыру, сұрау. Ұрпағыңа айт. Әкеңнен басталғасын, Әрі қарай жалғасын, тасталмасын! «Әулие кеп түнеген орын» емес, Алып бір масақ болсын, тас болмасын! Ұрпағыңа айт... аяқсыз тасталмасын... («Масақ»). Айт: 110.
Айта алмады. Ауызы бармады; жеткізе алмады. Мен жатырмын жырларымның бір шумағын айта алмай, Ал, тіршілік өтіп жатыр, өтіп жатыр байқалмай («Түс»). Айта алман: 53, 71; айта алмай: 16, 94.
Ашық айтқан сөз. Жасырмай, бүкпей айтылған сөз . Окказ. Тура қара көзіме, тура қара, Тура қара көзіме, тура қара, Ашық айтқан сөзімді бұрмалама. Ақиқаттың алдында бүгежектеп, Тағатысыз байталдайын сырғанама («Тура қара көзіме, тура қара»). Ашық айтқан сөзімді: 35.
Пікір айтты. Өз ойын білдірді. Картинадан көзге қораш еш кемшілік таппадық, Сегізіміз сегіз түрлі пікір айтып, мақтадық («Бөз орамал»). Пікір айтып: 96.
Хабар айтты. Сәлем жолдады, жеткізді, білдірді. Айдың да кеткісі жоқ көк бетінен, Табандап жатып апты етпетінен. Күн түнге таңнан хабар айтып еді, Жұлдыздар үркіп кетті бет-бетімен («Таң алдында»). Хабар айтып: 83.
Айтақта. Ит қосу, «айтақ-айтақ» деп итті өшіктіру. Жаз болса, жорға мініп жайтақтаған, Күз болса, қойшы жаны жәй таппаған. Отырған іркес-тіркес қойлы ауылдан, Қым-қиғаш үн шығады айтақтаған («Қойлы ауылда»). Айтақтаған: 75.
Айту. Айт етістігінің қимыл атауы. Көп айтушы едің тұнықты. Тұнықты нағыз көр енді. Алдында бұлақ тұрыпты, Батыра көрме денеңді («Жүр...»). Айтушы: 65.
Айтыл. Көңілдегі ой пікірдің сыртқа шығарылуы, сөйленуі, білінуі. Жылдарым менің, жылдарым Жазылмай қалған жырларым. Айтылмай жүрген сырларым, Ақтармай жүрген мұңдарым, Жылдарым, қайран, жылдарым («Жылдарым менің, жылдарым»). Айтылды: 134; айтылар: 10, 16; айтылмай: 16; айтылмаған: 101.
Айтыс. Қарсы сөйлеу, дауласу, пікір таластыру; тартысу. Айтыстық та. Жазғандарын көбінесе сынадық. Сегіз ақын біріктік те бір суретші құрадық! («Бөз орамал»). Айтыстық: 95.
Айтысу. Айтыс етістігінің қимыл атауы; сөз сайысына түсу. Ақындықты кемсінді ме, қалдық біздер өкпелеп, Айтысуға даяр тұрмыз суретшімен жекпе-жек («Бөз орамал»). Айтысуға: 95.
Айшылық. Өте алыс, шалғай деген мағынадағы қашықтық өлшемі. Айшылық жол... Шөлдейсің, зарығасың, Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. Жол азабын көресің, көресің де, Ашынасың, біресе бағынасың («Өлең деген...»). Айшылық: 63.
Айық. Ауыс. Сейілу, сергу. Аймалап жатса, ашынып барған баласын, Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың. Ағытып қойып, адамгершілік жағасын, Ағасың тынбай, ағасың , Жайық, ағасың («Ата Жайық»). Айығып: 127.
Айыл. Ер-тоқым ауып кетпес үшін көліктің бауырынан, шабынан тартып қоятын құр не жалпақ қайыс тартпа. Аймалап жатса, айдының аппақ нұр сеуіп, Сауығып қалам, сақалыңа анау бүркеніп. Айылымды алып пенделік дейтін мәстектен, Жоғалттым көзін, бүйірден мықтап бір теуіп («Ата Жайық»). Айылымды: 127.
Айып. Жазық, кінә. Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Айып: 79, 133; айыбын: 129.
Айып тақты [қойды]. Кінәлады, жазғырды, қылмысты деп санады. Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Айып тағайын: 79.
Айыпта. Кінәлау, сөгу, жазғыру, қаралау. Картинада өмір, өлім, қауіп-қатер, оқ ұшқын, Құдіретті емес, жауыздығын айыптап тұр соғыстың («Бөз орамал»). Айыптасаң: 117; айыптап: 96.
Айыр. Бүтін нәрсені екіге бөлу. Дірілдеп біраз тұрды да, Гүрілдеп ала жөнелді. Аспанды құдай ұрды ма? Айырар ма екен төбемді! («Таудағы нөсер»). Айырар:136.
Айыр. Қос тармақты, екі ашалы, екіге жарылған. Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың? Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым? Оралдың ба тағы да өзің өскен ұяға, Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың? («Қарлығашым»). Айыр: 59.
Айырбаста. Бір заттың орнына баспа-бас екінші затты алмастырып алу. Шаруаның баласы болғасын ба, Шаруамен айналдым он жасымда. Майдандағы әкеме оқ жібердім, Айырбастап күлшемді қорғасынға («Отыз бесінші көктемім»). Айырбастап: 52, 67.
Айыру. Айыр етістігінің қимыл атауы. Танып білу, ажырату, анықтау; сырын ұғу, түсіну. Алдымда менің адасып кеткен тұр арман, Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан. Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған? Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған («Жырласам ба екен»). Айыру: 85.
Айырыл. 1. Жыртылып кету, сөгілу. Иісі танауыңнан таңдайға ұрып, Табақта ет, қазы жатыр қарны айрылып. Бес минутсіз он екі, әлі отырмыз, Атақты көк мойынға салмай құрық («Жыл әкелген жыр»). Айрылып: 89. 2. Бір нәрсені қолдан шығарып алу, қол үзу, ажырап қалу. Апта жүріп, ай жүріп, Аңызаққа ұрынбан. Ат-тұрманнан айрылып, Айдалада жығылман. Әр ауылға қайрылып, сусын іздеп бұрылман («Самұрыққа міндім бе...»). Айрылып: 113.
Ақ1. 1. Қардың, сүттің түсіндей ақ түс. Мен нағыз махаббатты армандаймын, (Оны мен жоғалтып та алғандаймын...) Ақ қаздар арасынан аққуымды, Ажырата білмеген сормаңдаймын («Махаббатым өзімде»).Ақ: 47, 50, 59, 61 (2), 74 (2), 84(3), 95, 104, 114, 116, 119, 122, 124, 135. 2. Ауыс. Адал, кінәсіз, жазықсыз. Ақ қыздар, арым таза алдарыңда! Сөндірдім жалынымды жанғанымда. Өтеуі жоқ өмірмен қала бердім, Бәріңе бір махаббат арнадым да. Ақ қыздар, арым таза алдарыңда! («Ақ қыздар, арым таза алдарыңда!»). Ақ: 65, 122, 90(2). // Шаш, сақал-мұрттың бозаң тартқан талшықтары. Шашымның санап әр ағын, Таңырқай берме, қарағым. Санаулы басқан әр адым, Отыздан асып барамын («Отыздан асып барамын»). ағын: 14. 3. Окказ. Арақ, ішімдік. Өмірің түлкі емес қой атпен қуған, Алда, ұлым, ойын-күлкің, бақ пен думан. Жылдарың ақ қой өзі кір шалмаған Жақсы ендеше ақ затты ақпен жуған («Жыл әкелген жыр»). Ақпен: 90.
Ақ бас. Жасы келген, қартайған. «Жүз толғанып, күніне мың ойлансам», Ақ басты алып анаммен шырайласам. Қалай оны сүйем деп айта алмаймын, Бірге күліп, мұңайып, қуанбасам?! («Оңай сөз ғой...»). Ақ басты: 51, 74.
Ақша бұлт. Секектеп желетін де сен емес ең, Тепектеп келетін де сен емес ең, Ақ бұлт пен қара бұлттың арасында, Алапат айқыш-ұйқыш төбелес ең! («Шау тартып қалыпсың-ау»). Ақ бұлт: 62; ақ бұлттар: 135 (2).
Ақ жалын. Түтінсіз, қызуы қатты лаулаған от. Сағындым ғой дедің-ау, жаным маған... Бұлт көрдің бе таулардан мамырлаған? Сол менің ақ жанымның ақ жалыны, Аулақта ауылымнан дамылдаған («Сағындым ғой дедің-ау, жаным маған...»). Ақ жалыны: 120.
Ақ жан. Кіршіксіз таза, адал көңіл. Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Ақ жанымның: 120; ақ жаныма: 79; ақ жанды: 34.
Ақ жаулық желпіген. Окказ. Ақ жаулық бұлғап шақырған. Жол ұзақ, Шаршадым, шөлдедім, Қимайды үп еткен жел лебін. Ғарышта қалықтап бұлт болып, Ақ жаулық желпіген сен бе едің? («Жол ұзақ...»). Ақ жаулық желпіген: 50.
Ақ қар. Жаңа түскен қар. Жапсаң жап тауды, қыратты, Жаусаң жау, ақ қар, үш апта! Бұйығып жатқан бұлақты Бұрқана келіп құшақта («Қабағы таудың қатулы»). Ақ қар: 59, 115.
Ақ-қараның арасын ажыратты. Окказ. Шынын көрсетті, ақиқатын анықтады. Тұяғында тұлпардың жатқан арын Ажыратар арасын ақ, қараның. Қайтсін жұрттың қармана даттағанын, Шүу, жануар, тұлпарым Ақтабаным! («Шүу, жануар»). Ажыратар арасын ақ, қараның: 47.
Ақ көбік. Өзен, көл, теніз суларының толқып, тасу кезінде пайда болатын көпіршік. Тау өзені тентек қой, тасып жатыр, Ақ көбігін аспанға шашып жатыр. Арғы жаққа отарын өткізе алмай, Бала шопан айғайға басып жатыр («Тау өзені...»). Ақ көбігін: 72.
Ақ маңдай. Окказ. Аяулы, ардақты, қадірлі. Картинада қанды соғыс, қанға бояп жатқандай, Қан майданның ортасында қазақ жатыр ақ маңдай («Бөз орамал»). Ақ маңдай: 53, 95.
Ақ нөсер. Ағыл-тегіл жауған жаңбыр. Армандап Адам сұрады, Ақ таулар – іштен тынады, Азан сап тұрып ақ бұлттар, Ағыл да тегіл жылады. Ақ нөсер, бар ма арманың?.. («Арманың бар ма?»). Ақ нөсер: 135.
Ақ өзен. Ақ толқын, ақ көбік болып аққан тау өзені. Шыланып суға шыршалар тұрса қапталда, Шыпшадан өріп киіктер шықса шатқалға. Арнасын керіп, аңырап жатса ақ өзен, Еңіреп бұлттар жер ауып бара жатқанда («Мотордың дауысын есіте-есіте шаршадым»). Ақ өзен: 122.
Ақпен жуды. Окказ. Мерекені, қуанышты арақ құйып мерекеледі. Өмірің түлкі емес қой атпен қуған, Алда, ұлым, ойын-күлкің, бақ пен думан. Жылдарың ақ қой өзі кір шалмаған Жақсы ендеше ақ затты ақпен жуған («Жыл әкелген жыр»). Ақпен жуған: 90.
Ақтай солды. Окказ. Жастай қартайды, жүдеді, талды. Біздер жеңдік: анамыз ақтай солды. Мамық төсек қайғыдан тақтай болды. Майдансыз біз шайнаған бір түйір нан, Кеудемізге қадалған оқтай болды («Біздер жеңдік»). Ақтай солды: 119.
Ақ ұлпа. Жапалақ қар. Тұрғызбастай тұмшалап қаралықты, Жердің бетін ақ ұлпа қар алыпты. Кеше біздер жылатып тастап кеткен, Ойнатып жүр сәбилер балалықты («Оспанхан Әубәкіровке»). Ақ ұлпа: 83.
Ақ шаш. Үлкейіп қартайған кездегі ағарған шаш. Мен ұлымын, сен болсаң немересің, Азабыңнан басқа сен не бересің? Ақ шашты әулиеңді өкпелетсең, қайда барып, мұрынбоқ, көгересің («Ескерту»). Ақ шашты: 41.
Ақ шашты әулие. Окказ. Ақын бұл жерде ардақты ана мағынасында қолданған. Мен ұлымын, сен болсаң немересің, Азабыңнан басқа сен не бересің? Ақ шашты әулиеңді өкпелетсең, Қайда барып, мұрынбоқ, күн көресің? («Ескерту»). Ақ шашты әулиеңді: 41.
Самайын ақ шалмасын. Окказ. Қартаймасын, шашы ағармасын. Арулардың самайын ақ шалмасын, Асыл мұра – махаббат тапталмасын! Ер-тоқымын шопанның тышқан тонап, Диқаншының күрегі таттанбасын! («Солдат сөзі»). Самайын ақ шалмасын: 66.
Сүттен ақ, судан таза. Кінәсіз, жазықсыз. Сандал тау, сайдан соққан самалым-ай! Ой-санам құлайды деп саған ұдай. Әлдеқандай күн кешіп жүр екенсің, Сүттен ақ, судан таза, адалым-ай! («Көңілде ән, көгімдегі Күн көруші ем...»). Сүттен ақ, судан таза: 105.
Ақ2. 1. Судың өз арнасымен төмен қарай жылжуы, бір орында тұрмай ілгері қозғалып отыруы. Баяғыша сулар да жатыр ағып, Баяғыдай найзағай атылады. ...Туған жердің сен басқан топырағы, Әлдекімді жоқтайды шақырады. Сен жүрген жер сол қалпы жатыр әлі... («Қажығұмар Қуандықовқа»). Аға: 101; ағасың: 127 (3); ағады: 101 (2); ағып: 125; аққан: 133; аққаны: 107. 2. Су, жас, тер, қан, сілекей, сияқты сұйық заттардың сорғалауы, құйылуы, сорғалауы. Адамдар дос . Досты кеп дос атпасын. Оқ сындырып егіннің масақ басын. Сәбилерді бесікте қырау шалып, Кемпір- шалдың көзінен жас ақпасын («Бесік басында»). Ақпасын: 65, 66; ақты: 93; ағызып: 40; ағып: 123. 3. Тез, жылдам жүру, зулау, жылдамдығына көз ілеспеу. Күйіне домбырамды келтіремін, Күйінген күйінішті өлтіремін! Қуаныш - ғұмырымның кенті менің, Өмірге мен келгенде сен тұр едің, Сен неге сеңдей ағып мөңкімедің?! Енемнен жаратылған еркін едім, Енді мен серпілемін, серпілемін! («Шүу, жануар»). Ағады: 58; ағып: 47, 48 (2), 105.
Көзімнен жас ағызып. Окказ. Жылатып, еңіретіп. Аумалы мінезім бар аса қызық (Мінезге қолдан қорған орнатпаймын), Рас, кейде көзімнен жас ағызып, Көбінесе еркелеп шолжақтаймын («Мінезім»). Көзімнен жас ағызып: 40.
Көзінен жас ақпасын. Окказ. Жылап-еңіремесін, етегі жасқа толмасын деген мағынада. Адамдар дос. Досты кеп дос атпасын! Оқ сындырып егіннің масақ басын. Сәбилерді бесікте қырау шалып, Кемпір-шалдың көзінен жас ақпасын! («Солдат сөзі»). Көзінен жас ақпасын: 66.
Оқтай ақты. Тез, жылдам жүрді. Құла сайтан барады оқтай ағып, Шыт көйлегің алаулап оттай жанып, Әудем жерге жеткенде бұрылдың да, Қол бұлғадың артыңа тоқтай қалып («Ат суара барғанда жылғаға мен...»). Оқтай ағып: 103.
Жылдар ақты. Окказ. Жылдар өтті, уақыт сырғыды. Жылдар ағып барады, жылдар ағып, Аударылып теңіздің арнасында. Жылап-сықтап әнеки тұр балалық, Бір теңізге секірген жар басында («Досым менің...»). Жылдар ағып: 48 (2).
Сел боп ақты. Окказ. Толассыз, тоқтаусыз ақты. Соғыспаймыз. Соғысқа қарсылармыз. Тыныштыққа жаралған жаршылармыз. Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан Өмір үшін қалған бір тамшылармыз... («Солдат сөзі»). Сел боп аққан: 66 [21], [22], [23].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИТЕТТЕР ТІЗІМІ
-
Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. Алматы: Ғылым, 2002. – 368 бет.
-
Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқу құралы. – Алматы, Санат, 1997 – 256 бет.
-
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. – Алматы, – 264 бет.
-
Әбдірәсілов Е. Қазақ терминографиясының жүйесі. – Астана, 2005. – 208 б.
-
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы, Өлке баспасы, 2010. – 560 б.
-
Иісова Э. Оқыту сөздіктерінің мақсаты және материалдардың сұрыпталу ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2006. - № 6. – 103-105 б.
-
Нұржанова Б. Ақын-жазушы сөздігін түзу тәжірибелері туралы // ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. – 2010. - № 1. – 97-100 б.
-
Словарь автобиографический трилогии М. Горького: В 6-ти вып.: Сприл. словаря имен собств. / [Авт. – сост. Е.В. Агаркова и др.]. – Л.: Изд-во Ленингр. ун-та, 1977. – 495 c.
-
Нұржанова Б. Әдеби тілдің түсіндірме сөздігі мен жеке жазушы сөздігінің арақатынасы жайында // Ұлт тағылымы = Достояние нации. 2010. - № 4. – 266-270 б.
-
Нұржанова Б. Н. Жалпы типтегі сөздік пен жазушы тілі сөздігінің ерекшеліктері // «Профессор Қ. Жұбанов және қазіргі тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме саласындағы ғылыми әдіснамалық зерттеулер» атты халықаралық конференция материалдарынан, 26 ақпан, 2015 жыл.
-
Ысқақов А., Жаркешева Г., Болғанбаев Ә. Абай сөздігінің жасалу принциптері // Қаз ССР ҒА хабарлары. Қоғ. ғыл. Сериясы. – 1966. - № 3 – 54-65 б.
-
Абай тілі сөздігі / ред. Ысқақов А. – Алматы: Ғылым, 1968. – 734 б.
-
Абай тілі сөздігі. – Алматы, Өнер, 2011. – 616 бет.
-
Ларин Б.А. Эстетика слова и язык писателя: Изабранные статьи. – Л: Художник. лит., 1974. – 288 стр.
-
Словоупотребление и стиль М. Горького. Л.С. Ковтун, Словарное описание семантико-стилистической системы писателя. – Ленинград: ЛГУ, 1968. – 159 с.
-
Белбаева М., Әміреева А.С. Торайғыров шығармалары тілінің сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1995. – 272 б.
-
Қазақ Совет энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы. – 1972. – 624 б.
-
Есеналиева Ж., «Абай тілі сөздігіндегі» араб-парсы сөздерінің берілуі // ҚР ҒА хабарлары. Қоғ. ғыл. сериясы. – 1992. - № 6. – 44-48 б.
-
Щерба Л. В. Опыт общей теории лексикографии // Языковая система и речевая деятельнотсь. – Ленинград: Наука – 1974. – 427 стр.
-
Әмірбекова А.М. Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі / жауапты ред. Н.М. Уәли. – Қарағанды: Экожан, 2013. – 150 б.
-
Мақатаев М. Жыр кітабы. Құрастырғандар: Б. Айдарова, К. Ботай – Алматы: ҚАЗақпарат, 2012. – 1032 бет.
-
Мақатаев М. Күнделік – Алматы: Жалын, 1991. – 48 бет.
-
Мақатаев М. Қош махаббат: прозалық шығармалары (Құрастырған: Л. Әзімжанова.) – Алматы: Жазушы, 1988. – 288 бет, порт.
24