Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТЕРМИНЖАСАМ ТӘСІЛДЕРІ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ТЕРМИН ТҮЗУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТЕРМИНЖАСАМ ТӘСІЛДЕРІ
Қазақ тіліндегі терминдерді жасап, қазақ терминологиясын
дамытудағы А. Байтұрсынұлының, Қ. Жұбановтың ролі өз алдына ерекше. Ал, қазіргі күні нақты терминология саласында жазылып жүрген еңбектерге белгілі терминолог-ғалым Ө. Айтбайұлының еңбектерінің және жекелеген ғалымдардың зерттеулері жатады. Олар қазақ терминологиясының жасалу жолдары мен даму, қалыптасу тарихы жөнінде маңызды мәліметтер беретін бірден-бір жұмыстар. Соңғы кезеңде жарық көрген еңбектері мен докторлық диссертациясымен Ш. Құрманбайұлы терминологиясы теориясына зор үлес қосты.
Негізгі тіл білімі салаларындағы терминдердің көпшілігі жалпы
тілдік қорымыздағы сөздердің терминологиялық ете отырып терминдеуі арқылы жасалған терминдер екендігін аңғаруға болады.
Қазақ тіліндегі лингвистикалық терминдердін де білдіретін мағыналық белгілері жалпы тілдік қолданыстағы сөздердің беретін мағыналарымен ұқсас, сәйкес келетіндігі күмән туғызбайды. Барлық сөздің бірдей терминологиялық өрісте қолданып тауып, термин ретінде қалыптасуы мүмкін емес. Сол себепті мағыналық белгілері ұқсас болғанымен, кейбір сөздер термин ретінде қалыптаспайды. Терминдердің сәтті, сәтсіз жасалуы осы жағдайлармен байланысты.
Қазіргі термин сөздердің қазақша атаулары немесе баламасы оқырман ойына, түсініктілігіне, қабылдауына қиындық туғызбауы тиіс. Мысалы: В.Даль ағылшыннын калош сөзіне макраступ деп балама берген. Бұл, әрине, халықтың түсінігіне, қабылдауына жат, қолайсыз болғандықтан, халық қабылдауына ие болмай, бастапқы калош күйін сақтап қалған. Осындай кедергілерге және жоғарыдағыдай ала- құлалықтарға ұрынбас үшін , қазіргі жаңа сөздердің жасалу жолдарын басы бүтін ашып алу қажет.
Қазіргі жаңа сөздер негізінен мынадай жолдармен жасалады:
1) Жұрнақтар жалғау арқылы. Бұл ретте кейбір жұрнақтардың активтенгені көзге түседі. Олар:
-кер,-гер /майдангер, ғарышкер, мақсаткер, хабаргер, саясаткер, баспагер/
- нама / дәуірнама, дерекнама, тарихнама, сапарнама т.б. /
- хана / жетімхана, дыбысхана т.б./
- ым, ім, м /қойылым, басылым, сұраным т.б.
- ма, ме /нұсқама, жариянама, кескіндеме, кепілдеме т.б.
Жаңа техникалық құрал-жабдықтар атауларын беруде –қыш, ғыш жұрнағы да жиірек қолданылып жүр; үккіш, қаржыртқыш, шаңсорғыш т.б.
2) Түбірлерді біріктіру арқылы: жағажай, ақжайма, тұлпарақ, зейнетақы сөзтізбек, доптыаяқ т.б. Бұл жаңа сөз жасаудағы қазіргі кездегі ең өнімді тәсіл.
3) Сөз қосарлау арқылы: ақылшы-ұстаз, аспазшы- слесарь, айырып-қосқыш, күйме- бесік, телефон-аппарат т.б.
Бұл өзгелерге қарағанда өрісі тарлау амал, қосарлы айқындауыш
жасаудың тәсілі болып табылады.
4) Сөз тіркесі арқылы : алтын кітап, қанаттас серік, қайта құру, қосалқы бөлшек, жеке меншіктендіру т.б.
5) Бұрынғы сөзге жаңа мағына жүктеу арқылы. Бұл амал көбінесе сөзге нақты, терминдік мән беруде пайдаланылады. Мысалы, сапар т.б.
6) Терминдердің басты қасиеті атау мәнінде тұруы;
7) Негізсіз, дәлелдемесіз сөздер, сөз тіркестері басқа терминдермен семантикалық байланысып, қарым қатынассыз түсе алмаса, терминденбейді
8) Шетел тілінен енген терминдердің, соның ішінде интернационалдық терминдер деп аталатындарының да, қазаққа түсініксіздері бар, сондықтан ұлттық санаға қонымды болу үшін олардың түсінікті қалптасқандарын қалдырып, санаға қонбайтындарын қазақшалау қажет.
9) Тілдегі синонимдер жүйесі тіліміздегі жаңа атау жасаудың бірден-бір тиімді жолы болып табылады.
10) Кірме сөздердің тілді ұлттық сипатынан айыратыны сияқты, кірме терминдер және калька түрінде алынған бөтен тілдік ұғымдар қазақ тілін ұлттық сипатынан ғана айырып қоймайды, тілді жалпы қарапайым қазаққа түсініксіз етеді.
11) Кез-келген терминді қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық, орфоэпиялық және т.б. заңдарына бағындырып алу ғана қазақ тілінің ұлттық сипатын сақтап қалмақ. Қазіргі күні халыққа түсініксіз терминдер үлесі 60-70% -дан алып бара жатқанына жүгінсек , өз тілімізді өзіміз түсінуден қаламыз.
12) Нарықтық экономика әкелген терминдерді мүмкіндігінше қазақшалау , бұрын қолданылып келгендерін сын көзімен қарап , саралау бүгінгі биік парыздарымыздың бірі, тіліміздің қамы.
13) Лингвистикалық тұрғыдан терминжасамдағы ерекшеліктерді жүйеге түсіру кезінде қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын пайдалану принципін орнықтыру ең тиімді жол.
14) Әр саладағы терминдердің арасындағы семантикалық байланысты мен қатынастары терминологиялық жүйемен тығыз байланысты жүргізілсе, әрбір термин тек сала адамына ғана емес, сонымен бірге басқаларға да түсінікті болады. Сондықтан терминдену процесінде осы қағиданы сақтаған дұрыс.
15) Төл терминдер термин болып тұру үшін сол саладағы терминдермен семантикалық байланысқа түсуі және атау мәндес болуы тиіс.
16) Бүгінгі күні грек, латын орыс тілдерінен термин алу шарт емес, ендігі жерде олар төл терминдер қалыптастыруға тосқауыл болады, болып та жүр.
17) Күні бүгінге дейін қалыптасып, түсінікті күйге көшкен грек, латын, орыс терминдерін қозғамай, жаңа терминдерді игеруге қазақтың төл сөздерін іріктеу қажет.
18) Терминжасам тәсілдерінің жалпы тіліміздегі сөз тудыру тәсілдерімен ортақ екендігіне байланысты сөздерді терминдендіруге лексика-семантикалық, морфологиялық - синтетикалық, синтаксистік – аналитикалық тәсілдердің бәрін де пайдалануға болады.
19) Тіркеу тәсілі арқылы туып жатқан атауыш терминдер тілімізде өте мол, олардың терминденуінде де елеулі ерекшеліктер бар.
20) Лексиканың бұл қабаты қоғам өміріндегі өзгерістерге тікелей тәуелді. Бір есептен бұларды өмірдегі болып өткен, болып жатқан, болатын тіл арқылы бейнеленген жаңалықтардың, жаңа ұғым, жаңа түсінік, жаңа пайымдаулардың өлшемі, айнасы десе де болғандай. Қоғам дамуындағы революциялық жасаңғыраудың бәрі сол қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас құралы-тілге әсер етпей қоймайды. Бұл марксизм – ленинизм классиктері еңбектерінде дәлелденгені ақиқат. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ халқының мәдени өмірінде де тіл дамытуға, оның ішінде терминологиялық лексиканың қалыптасуына әкеп соқтырған айтулы оқиғалар болды. Соларға байланысты пайда болған терминдік ұғымдар мен жаңа қолданыстарды саралап келгенде , бұл саланы кезеңдік жағынан, ең алдымен екіге бөліп қарау керек сияқты. Оның бірі - 19 ғасырдың екінші жартысы мен Октябрь революциясының аралығын алып жатқан алғашқы кезең де , екіншісі тіліміздің әдебилену мен терминдену сапасын мейлінше үдету түскен бүгінгі дәуір.
Терминдік сөз қолданыс жағынан бұл екі кезеңінің арасына теңдік белгісін қойып қарауға болмайды. Әйтсе де, бұлардың әрқайсысының термин қалыптастыруға қосқан өзіндік үлесі бар. Соған лайықты бағаланады. Қазақ халқының мәдени өмірінде 19-ғасырдың екінші жартысы прогрестік мәні ерекше оқиғалармен айқындалады. Бұл кезде қазақ тілінің тұңғыш баспасы пайда болды. Баспа сөздің пайда болуы тілдің қоғамдық қызметін күшейте түсті. Ал тілдің қоғамдық қызметінің артуы оның терминологиялық лексикасының жасалуына тікелей қатысты. Міне, осы процесті біз, әсіресе, «Дала уалиятының газеті», «Түркістан уалиятының газеті» және «Айқап» журналының беттерінде жарияланған түрлі материалдардың сөз саптаулары арқылы толық аңғарамыз. Оларда жарияланған материалдардың көбі аударма материалдар болған. Соған қарағанда, алғашқы термин қолданыс, яғни сөздерді арнайы терминдік мәнде пайдалану үлгісі , біріншіден тұңғыш баспасөздің тууымен байланысты болса, екіншіден аудармаға қатысты деп білеміз. Өйткені, қазақша терминдердің бәрі де орыс тіліндегі тұпнұсқа сөздерге балама іздеуден, соны қазақшаға дәл , нақты беру әрекетінен туған. Ендеше термин жасауда баспасөз бен аударманың атқаратын рөлі айрықша. Мұның осылай екенін советтік өмір шындығы толық дәлелдеп шықты. Сөйтіп, осы пікірді негізге ала отырып, (солай ету керек те) біз қазақ терминологиясының жасалу тарихы бір ғасырға таяу мерзімді қамтитынын анықтадық. Бірақ бұл тұста мынаны ескеру қажет: революциядан бұрынғы баспасөз материалдарындағы термин қолданыста саналы әрекетке негізделген жүйе де болған жоқ, терминжасам заңдылықтарына сүйенген принцип те болған жоқ. Термин жасау ісі стихиялы түрде жүріп жатты. Алайда, әрбір автор мен газетшілердің өз кезеңінде лайықты сөз қолдану машығын танытатын бұл деректер термин жасаудың алғашқы үлгілері ретінде ғылыми ізденіске обьект бола алады. Сондықтан алғашқы баспасөз материалдары терминжасамның алғашқы көзі ретінде терминологтардың назарында үнемі болуы тиіс.
21) «Қазақ терминологиясы» дейтін ұғымның мағынасы мейлінше кең. Ол барлық ғылым салалары мен техника тарамдарын, мерзімде баспасөз бен радио, телевидение тілін, оқу ағарту ісін, түрлі саяси, көркем, арнайы әдебиеттер тілін қамтитын түсініктер, атаулар жиынтығы. Міне, осының бәрінің даму қарқыны үдей түскен бүгінгі заманда тілдегі жаңалықтар заңдылығын теориялық тұрғыдан талдап, ғылыми бағасын бермек түгілі, солардың санын, шегін шеңберін анықтап алудың өзі оңайға түспейді. Сондықтан біз бұл зерттеуімізде, қоғамдық - саяси және гуманитарлық ғылымдар терминологиясын ғана негізгі тірек еттік. Мұның бірінші себебі, әлгіндей болса, екінші себебі бұл салалар қазақ тіліндегі терминдік жүйесінің жасалу, қалыптасу жағынан ғылыми ой толғауға өте мол да қызықты материал бере алатыны сөзсіз. Бұған қоса қазақ тілінде қалыптасқан терминдер жүйесінен бірінші кезекте тұратыны осылар.
Осы сала бойынша сонау 20-жылдардан бастап күні бүгінге дейін
отыздан астам екі тілді терминологиялық сөздік жарық көрген екен. Оларды электронды есептеу машинасының сарабына салып, реестр сөздерді есептеткенімізде, (көптеген қайталаулар осының ішінде) қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар терминдерінің саны алпыс жеті мыңнан (67000) асып кетті. Сонда өзін әлденеше салаға бөліп, жеке-жеке зерттеу қажеттігі көрінеді. Біз бұл жолы ойымызға тірек боларлық мысалдарды ғана кесіп алып отырғанымыз болмаса , тереңдеп талдап үлгергеніміз жоқ. Және бұл бір ғана зерттеумен шектелмейтін, әлі талай ізденістерге мол материал беретін халықтық қазына.
Мұның үстіне 1982 жылдан бері қарай жинақталып келе жатқан
терминология мен аударма теориясы бөлімінің саны қазір 400 мыңдай болатын картотекалық қоры материалдарын да пайдаландық. Бұл да талай ғылыми сарамандықты күтіп, талдануға дайын, тұрған байлығымыз.
Терминге оның басты белгісі тұрғысынан, яғни жаңа түсінікті білдіретін, дербес мағыналы атаулық сөз ретінде қарасақ, оның пайда болуын тек ғылым дамуымен байланыстыра қарау жаңсақ болар еді. Кез келген тілдің әр сәтінде жаңа, құраңды түсініктер туып, олар затына лайық атын алып келгені анық. Яғни тілде жаңа сөз туып, жасалып отыруы ғылымнан да, жазудан да бұрын, тілмен бірге пайда болған құбылыс. Жазу бұл құбылысты әлдеқайда айқынырақ, ауқымдырақ етеді де, ғылым аясы кеңіп, белсенділігі артқанда, ол саналы түрде жасалатын кәсіби әрекетке айналады. Табиғи жағдайда термин жоқтан бар болып, басқа жақтан келмей, тілдің өз "күпісінен" шығады. Қазақ тілінде де әуелде басқа, басқарақ тұлғалармен берілген, бірнеше сөзбен сипаттай айтылған түсініктердің ұстаз, болмыс, жазмыш, халықаралық, кеңесқой, өнеркәсіп, арам шөп сияқты қысқа әрі нұсқа атауларының тууы алғаш рет "Айқап", "Дала уәлаяты", "Қазақ" сияқты мерзімдік, әдеби басылымдарда, оқу құралдарында, тіларалық сөздіктерде көрініс берді. Бұл тұста ешкім де арнайы түрде сала атауларын тізіп түгелдемегенімен, түрлі мақала, еңбек жазылуы барысында тілдің сөзжасамдық тәсілдері негізінде сөз тудыру, сөздерді түрлендіре қолдану істері қағазға түсіп, жаңа қарқынмен дами бастады және кейінірек[5, 48].
А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының түрлі оқулықтар жазуы барысында пен сөздерін жасауына, сондайлық ізденістеріне негіз болды. Олар бұл істі шетел сөздерін аудармай, көшіре алу арқылы жүргізетін жасанды тәсілмен емес, тілдің өз бойынан сөз тудыру құбылысы негізінде жүргізіп, ол құбылысты кәсіби деңгейге қойды. О бастан күрделі әрі халықаралық сипатты саналатын терминді мүмкіндігінше қазақшалауға ұмтылуы мен оны толықтай жүзеге асыра алуы олардың жоғары біліктілігі мен алдына қойған мақсат-мүдделері және ол тұстага әлеуметтік жағдай мүмкіндігі негізінде жүзеге асты.
Біріншіден, олар ғылым-білімнің жұртқа арнайы оқу жүйесі ғана емес, тіл, жазу, баспасөз, әдебиет арқылы да таралатындығын ескерді.
Екіншіден, ол тұста қазақтың бәрі қазақша сөйлеп, қазақ тілі елдегі ең кең тараған, танымал, қолдану жиілігі жоғары тіл болып, тұрақты және өте ықпалды қазақ тілдік орта болды.
Үшіншіден, тілдік, ділдік талғамдары бұзылмаған, ел арасынан шыққан шынайы ұлттық зиялылар болуы себепті ол тұстағы оқығандар ғылымға тек Еуропадан келген дүние ретінде қарап, қалай да соларға ұқсап-бағуға тырыспай, ғылымды айналадағы өмір құбылыстарымен байланыстыра танып, оны қазаққа, қазақ түсінігіне жақындатуды ойлады.
Төртіншіден, әр қайсысы бірнеше ғылым-білім салаларын игеруі себепті термин - бір сала аясында ғана қолданылатын айрықша жаратылған сөз деп қарамай, ғылыми, қисындық дұрыстықты ойлап, терминге оқулық тілі ғана емес, ғылым тілі, ғылым тілі ғана емес, тілдің бұзылмай, түзелуі, әлеумет тілі, ұлттық таным көзі тұрғыларынан қарады.
Бесіншіден, олар қоғам өміріне, саяси-әлеуметтік мәселелерге белсенді араласып, өз ойларын қазақ тілінде шебер жазып-жеткізе алатын публицист болды және баспасөз бетінде түрлі тақырыптар бойынша, соның ішінде термин мәселесіне қатысты ойжарыстарға түсіп отырды.
Алтыншыдан, олар қазақ ауыз әдебиетін, мәдени, саяси тарихын, жыр-қиссаларды жақсы білді және тілді, оның грамматикалық құрылымдарын маман деңгейінде меңгеріп, мәнерлі сөйлеп, көркем жаза алатын еді. Жетіншіден, тілдің әлеуметтік маңызы, қолданылу аясы, бұзылу-түзілу мүмкіндіктері, тілдік реформа, әлемдегі тіл саясаты, тілдік жаулау жайларынан жан-жақты хабардар болды.
Нәтижесінде термин тіл бойындағы табиғи тәсілдер, оның ішкі мүмкіндіктері негізінде жасалды және жұмыстың өзі ол терминді қабылдаушы тіл қолданушыларының танымдық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталды. Соңғы кезде термин түзулік іс-әрекеттеріміз белсенділік, әр бағыттық сипат алды. Мұның бірі - термин түзу. Қазақшалаған сөздердің өзі сөзбе-сөз, шұбалаңқы аударылу жайы да жетерлік. Олар: влагоемкость гигроскопическая - берік жабысқан ылғалсыйымдылық, вода удерживаемая породой - жыныс ұстап тура алатын су, вода усвояемая растениями-өсімдіктердің тіршілігінде сіңірілетін су, пьезометр забивной - қағып орнататын қысым өлшегіш, водяная подушка - жоғары қысымда тұрақталған сулы алап, агрессивность воды- су жегіштігі, потребность растений в удобрений - өсімдіктің тыңайтқышқа тіленісі сияқты термин деуге келмейтін сөздер. Ал ғылым тілін, ғылымды қазақ түсінігіне жақындату мұраты, оған қоса ресми түрде қабылданып, бекітілген мемлекеттік тұжырымдамадағы түркі тілдері тәжірибесін пайдалану, аударылмайтын терминдерді қазақ тіліне икемдей алу принциптері ескерілмей, гибберллиндер, сиккативтер, трубидиметрлеу, турбулетттік, сесквитерпендер, туннель, касситерит, вельцтеу, коалесценция, гуммирлеу, илителлор, импеллер, сынды сөздер аударылмай не қазақ тіліне икемделмей алынуда[6, 11].
Тіл мамандары тарапынан күн тәртібіне қойылып, шешілуі тиіс тілдегі, терминдегі шетел сөздерінің мөлшері қай деңгейден аспау тиістігі, терминді қазақшалау барысында тіл табиғатының бұзылмай, түзелуін қамтамасыз ету жолдары, атаулық және жай сөздер айырмасы, тілдегі сөз тудырушы қосымшалардың мағыналық реңктері, қүрделі сөз жасау, сөз тіркестерін аудару жолдары, сөздердің бірге не бөлек жазылу жайы, тілдегі термин болуға жарарлық байырғы, кәсіби, жергілікті сөздер, әрбір терминдік қатарда болатын ішкі қайшылықтардың анықталу, олардың қазақ тіліне жүйелей алыну, мағыналас, дублет терминдердің анықталып, ажыратылып, өзара сілтемелену, бірқатарының қалыс қалдырылу, ұғым дамып-өзгеруі мен сөз мағынасы кеңейіп-бөлінуіне сәйкес кейбір терминдерді бірнеше сөзбен жіктей атау, салаға қатысы бар, жетіспей тұрған жаңа терминдерді кіргізу, қатысы жоғы мен ескіргенін қатардан шығару, терминнің сөздікте берілуінің қарапайым ережелерін сақтау жайлары сияқты қөптеген мәселелер де әлі күнге қолға алынбай отыр. Алайда қазақ терминологиясы, сала атаулары бойынша бірқатар алғашқы еңбектер жазылып, термин тану ісінің негізі қаланып келеді. Терминдік және басқа да сөздерді аударуда, қазақша қолдануда да біраз істер атқарылды. Соңғы он жылда қазақ тілінде хат-хабар алысу, дәріс оқу, сөйлеу, тілқатысу ісі күрт артқаны белгілі.
Осыған және қазақ тіліне деген оң, саналы көзқарас қалыптасуына орай көпшілік назары тілдің ішкі мүмкіндіктеріне ойысып, оның түрлену, сөз, мағына тудыру белсенділігі де жаңа сатыға көтеріліп отыр. Оқу-тәрбие, саяси-әлеуметтік өмір қағаздарын қазақшалау ісі жанданып, тілді қолдану үлесінің шамалы артуының өзі-ақ жұрттың тілі де, термин де қазақ тіліне, халықтық тілге жақындай түсуін тудырып келеді. Оның себебі шетел сөзі стереотипі арқылы қолдан күрделілендіріліп келген бұл ұғымдардың біздің тіліміз бен танымымыз үшін де жат болмауынан және айрықша күрделі жаратылмай, қарапайым тілмен-ақ айтыла алатындығынан. Яғни температура артуы тікелей қызу артуы, ал талдау, сусыздану, іртіктену дегеннен ол үғымдар мәні мысқал да кемімейді. Сөздікке анестезия, дегенерациялау, дегаздау, деформация, деструкция, дезодорация, дезинфекция тұлғасында енгізілгенімен, адамның ол ұғымдарды қолдануы, өз ішінен ой шығара айтуы барысында термин, шетел сөзі дейтін сырттан таңылған жасандылықтан гөрі ойдың түсініктілігі маңызды болып, олар жансыздандыру, жаңғырту, газсыздандыру, пішін-бұзылу, құрылым бұзылу, иссіздендіру, зарарсыздандыру деп қолданыла бастайды. Бір сөздіктің өзінде гидратация, гидрометаллургия "ғылыми ұғым" күшімен аударылмай алынғанымен, гидратный слой-су қабаты, гидроподьем-сумен көтеру, гидроударник-су соққы болып, гидрофильность, гидрофобность болғанымен, гидрофилизация-суландыру, гирофобизация-су жұқтырмау, гранулятор-гранулятор, ал грануляция-түйіршіктеу деп аударыла алынуы да осыны көрсетеді.Әрі қазақшаланған терминдердің басым көпшілігі қоғамдық ғылым, әлеуметтік өмір салаларына қатыстылығы байқалады. Мұның себебі әлеуметтік өмірдің барлық жұртқа ортақтығымен, мұндай түсініктерді атап-түстеуші сөздердің кез келген тілде молдығымен түсіндіріледі. Ал ең бастысы - тілдің осы саладағы қолданылысының басқаларынан әлдеқайда кеңірек, белсендірек сипат алуында[6, 12].
Термин түзу ісімен арнайы айналыспай-ақ, түрлі ресми, ғылыми, әдеби, әлеуметтік хаттарды жазу, оқу барысында көпшіліктің жиі және қайталанып кездесе беретін шетел сөздерін сол күйінде таптаурындата қолданудан жалығып, қалай да қазақша айтуға талпынуы, өзара ой, сөз жарыстыруы негізінде көптеген өте ғылыми, аса ресми деген ұғымдардың да қазақшасы табылып, көп көңілінен шығуда. Жаңа сөздердің қандай да хаттарды жазу кезіндегі бір реттік қолданыс түрінде пайда болып, бірте-бірте көпшілік тарапынан қолдау тауып, тұрақты түрде қолданыла бастап, терминдік қатарға кіруі - бұл іске мейлінше көпшіліктің, оны бастай, қостай жазушылардың да, ол хаттар оқырмандарының да қатысуымен жүзеге асып, бұқаралық сипат алып отыр.
Ғылым, түрлі өндіріс пен шаруашылық салаларының терминдік жүйесі арнайы аударылып, жасалары белгілі. Алайда мамандардың елеулі тобы термин түзумен арнайы айналысып жүргенімен әрі қазақ тілінде біраз оқулық-кітапшалар жазыла бастағанымен, ғылыми сала еңбектері мен іс қағаздарын біржақты орыс тілінде жазу дәстүрі әлі де сақталып отыр. Осы себепті ұю, іртіктену, алашақ-берешек байланыс, бітеқайнасты қоспалар, арашалық ертінді, іліктілік, пара-парлық, алатұйық қосылыстар, айғақкер, аптау, оптау, сүтсағыз, көксағыз, құралас, құрау сынды 1990-ж. басында-ақ ұсынылған жаратылыстану, техника терминдері қолданысқа түсіп, тұрақтамай, ауызекі тілге ене алмай келеді.
Терминнің қазақ тілі мен мүддесінен тыс жасалу жайы. Кеңес халқын бір тілді, бір ділді жұрт ету мұратының күшеюіне орай термин ғылым, мәдениет мәселесінен саясат мәселесіне айналып, бұл реттегі тұжырымдар соңдайлық көзқарас тұрғысынан, соларды негіздеу, ақтау үшін жасалып, жұмсалды. Ғылым мен тіл түйісіндегі терминді жасауда тілдік, әлеуметтік мүдделер, терминнің танымдық қызметі мен тіл қолданушыларға ыңғайлылығы, ғылыми қисын, практакалық тиімділік және бұған дейін қалыптаса бастаған терминді ұлтттық тіл сөздері арқылы түзу дәстүрі назардан тыс қалды. Сөйтіп бұл аралықта қазақ ғылымы қаншалық қарыштап дамығанымен, қазақ тілі сөзімен жасалған термин санаулы ғана болды. Б.Қалиұлы тіл білімінен осы 60-70 жыл бойы "сөзжасамнан" басқа термин жасалмағанын жазады.
Әрқалай әлемдік мақсаттар, шетел сөздерінің қазақ тіліне енуі әрі оңда жоғалып та кетпеуі бірінші орынға қойылды және терминді орыс тіліндегі қалпында алу тиімділігінің "ғылыми-практикалық" негіздері жасалып, бұл іс шарттылық, жасандылық сипат алды. Біріншіден, аса күрделі, адамзат қоғамындағы ең алдыңғы қатарлы ойды білдіретін терминді ұлт тіліне мағынасын бұрмаламай аудару мүмкін емес деп танылып, бұған дейін қазақшаланып, іс қағазында, әлеуметтік өмірде кең қолданылып келген сөздердің көбі орысша нұсқаларына ауыстырылды. Екіншіден, қазақ алфавиттік қатары орыс тіліне тән дыбыстармен толықтырылып, мұнан былай орыс тілінде жазыл-ғанды қазақ тіліне сол күйінде, өзгеріссіз алу дұрыс саналды.
Тіл біздің оны білу шегімізде жүйелі болып, ол шектен шыққанда, яғни білмеуімізге, біле алмауымызға байланысты "жүйесіздік" көрсетеді. Ғылымда тілде пайда болатын, оған енгізілетін әрбір сөздің тілмен де, өзара да жүйелікте болу, тілде бар сөзжасамдық үлгілер бойынша жасалу қажеттігін ескермеу, мұндай мәселе болуы, қойылуы мүмкіндігін байқамау жайлары бар. Бұл мәселені айналып өту мүмкін болмаған жағдайда термин ғалым жүйесімен жүйеленеді дегендей сырғытпа пікірлер айтылады. Алайда адамның әрбір ісінде, соның ішінде сөз жасау, тіл түзеуде оны жүйелі, жүйелірек етуге ұмтылатындығы, дүниені де жүйелестіре қабылдауға бейімдігі белгілі әрі мұның өзі, тіл жүйелігін арттыру керек дейтін арнайы тапсырыс бойынша емес, адамның өз ішінен шығатындығы байқалады. Оның ойлау, дүниені қабылдау, тану әрекеттері жүйелікке негізделеді. Көрген-білгенін жүйелей қабылдауға икемделмесе, оның ойлау жүйесінің дамуы мүмкін болмас еді. Ол тілдің терең жүйелігін, оның өзіне қолайлығын анық білмесе де, іштей сезінеді. Сезініп қана қоймай, қазіргідей саналы өзгертуі емес, ол тілде сөйлей жүріп, өзіне байқаусыз қолданып-жасауы барысында дағды ғана арқа сүйемей, жүйеліктен де ауытқымай, оны жүйелестіре түсіп келді. Мысалы, суаң, қуаң, қолхат, тілхат, сүзбе, сүзгі, сүзу, сүзінді тілде өздігінен пайда болған. Жиынды (скрап), газтұтқы (противогаз), күлтұтқы (золоуловитель), шаңтұтқы (респиратор), есірткі (аукцины), кірне (золь), сірне (гель), сірнеме (студень) тілдегі үйінді-қиынды, тұтқы, есірткі, сіре сөздерімен және өзара жүйелескен. Сөз жүйелігі түбір ғана емес, қосымшалар бірлігі мен дыбыстық үндестікке де негізделеді: тамшуыр (пипетка), өлшеуір (бюретка), шымшуыр, құйғы (воронка), сөлалғы (перколятор), өршіткі (катализатор), мыс, ыс, негіз, егіз, шығыр, тұғыр, тығыздау, нығыздау (прессование) [7, 74].
Адамның тілге, оның икемділігі мен әсемдігіне қатынасы үнемі өзгеріп отырады. Ол тілді қатынас үшін ғана емес, сезімі мен ойына жарық түсіріп, оларды сыртқа шығару үшін де пайдаланады. Сондықтан оның тілді білгенінше жүйелі етуге талпынуы заңды құбылыс әрі аса маңызды себеп болмаса, әр ісін нәтижелі ететін жүйеліктен бас тартуы мүмкін де емес. Ал тіл жүйелігіне нұқсан келтіретін әрине, басқа тіл жүйесіндегі бөтен сөз. Тіл қашан да өз сөзімен ғана жүйелі бола алады. Бөтен сөз ғасырлар бойы тірнектеліп қалыптасқан және бізге бірде көрініп, көбінесе көрінбей тұратын тіл жүйелігін "былғамай" тұра алмайды. Бұл жерде терминнің ғылым-білім үшін маңыздылығы, тілге жаңа түсінік кіретіндігі сияқты қажеттіліктер айтылуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі бөтен сөз арқылы тіл жүйесі бұзылуына, бұзыла түсуіне тоқтау сала алмайды. Мысалы, су-мен байланысты тіліміздегі жүздеген сөздер арасына акваметрия, акванал, акваниттер, акватолдар, аквохимия сияқты және гигро-, гидра-, гидро- арқылы жасалған жүздеген ұғымдық тұрғыда туыстас, бірақ тұлғасы бөлек сөздер, күшән (мышьяк), күшала, күшәнділеу сутек қатарына арсеназо, арсенат, арсенид, арсенит, арсенопирит, тот- түбірі негізінде қалыптасқан тотығу сияқты оннан аса сөздер арасына оксид (тотық), оксидтер кіргізіледі. Авансцена, авантитул, авизо, аврал, аккорд, атташе сынды мындаған бейтаныс сөздер о бастан қалай да, қандай да қырларымен үндесе, ұқсаса құрылған тіл жүйесіне бейберекеттік енгізеді.
Мұндай сөздер үлесі артқан сайын тілдің бұған дейін орныққан ішкі байланыстары әлсіреп, көмескі тарта береді. Әдетте тілдің өз сөздері ұғымдық белгілері арқылы да байланысқан, "ассоциациялық топ" құраған, бір сөздің өзі бір мезгілде тұлғасы басқа бірнеше сөзбен жүйелескен болады. Мысалы, мүмкіндігінше, мейлінше, қолдан келгенше өзара синоним болғанымен, мүмкіндік пен мейлі-нің ұғымдық белгілері әр басқа әрі олар жеке тұрып синоним бола алмайды. Мүмкін, балки, сірә, ықтимол және мүмкіндік, шома, қуат, әлеует синонимдік қатарлары да бар. Ал мейлі мақұл-мен ұғымдық, жарайды, жақсы, болсын сөздерімен — мағыналық, яғни қолданыстық синоним түзеді. Есімдік-етістік, есімше-көсемше, зат есім-сын есім жұптарында есім түбірі бірнеше жүйелік қатарға кіріп, бірнеше ұғыммен байланысып тұр.
Сөздер жүйелігі олардың мағыналары арасындағы байланыс табиғатының тұлғалары арқылы көрінуінде. Яғни ол ой жүйелігін көрсетіп, бекіткенде ғана қандай да мәнге ие. Әсіресе ғылыми түсініктер жүйе түзе құрылады. Сөздің міндеті - түсініктің қандай екенін, жүйедегі орнын, қай түсінікпен қалай байланысқанын көрсету. Егер туыстас ұғымдарды тұлғасы әрқалай сөздермен атасақ, олардың бірлігі мен айырмасы, оларға қатысы жоқ ұғымдардың бөгделігі көрінбес еді. Мысалы, хаттама-стенограмма, баян-хат-докладная, мәжілісхат-протокол, қызметтік хат-служебное письмо, қолхат-записка, сенімхат-доверенность қатарының өзара туыстығы қазақшада көрініп тұр, орысшасында білінбейді. Ал түсініктер атауының кездейсоқ ұйқасып жатуы, олар туыстас ұғымдар-ау деген жаңсақ ой туғызады. Орыс тіліңдегі альбатрос, альбигойцы, альбиция, альбом, альгвасил, алъгицйды, альграфия, альбедо сияқты түбірлес сөздер мағыналары әр басқа әрі әр тілден шыққан. А.Байтұрсынұлының бізге 24 дыбысты білудің өзі жеткілікті, ал олар тіліндегі әрбір сөздің бәрін жаттауға мәжбүр дегеніндей, тілді о бастан дұрыс жүйелеп, оң жолға қойса, қалғанын тілдің, тіл жүйесінің өзі "жасайды". Тіл құрылысының өзі ойлау жүйемізбен үйлесім тауып, оны үйренуді, белсенді қолдануды жеңілдетеді. Мұны ғылымда "құрылымдық" пәрмені дейді.
Тіл жүйелігіне тек синхрондық тұрғыда қарау да жартыкештік болады. Тілді, оның сөздік қорын бүгіндегі дағды және саясат тегеурінімен қалыптасқан сөздер жиыны, бүгінде біраз шұбарланып үлгерген тіл ретінде емес, қадым заманнан бергі құбылыс ретінде түсінуіміз, яғни тілге тарихи категория тұрғысынан қарауымыз тиіс. Тіпті еш тежелуге, бұрмалауға ұшырамай, өз еркінен тыс, табиғатына жат бағытта өзгермегеннің өзінде тіл түсінігін аздаған жылдар ауқымымен анықтауға, оны қоғамдағы сәндік, науқандық кезендер тілі деңгейіне түсіруге болмайды. Әдетте тіл, сөз бір мезгілде, бір жерде тұрушылардың өзара келісуі арқылы қабылданған қатынастық белгі деп түсіндіріледі. Бұған өзара келісу ұрпақ аралық келісуге де қатыстылығын, оған бұрынғылардың қабылдағаны ғана негіз бола аларын қосар едік. Сөз бір мезгілде қатар өмір сүріп отырғандарды ғана емес, бір тілде сөйлейтін өткен, осы және келер шақ өкілдерін де біріктіреді. Олай болмаса, тіл тұрақтылығы, тұтастығы туралы сөз ету мүмкін болмай, ол тез жасалып, жойылып, ауыстырылып отыратын таң-балар жиыны ретінде ғана көрінбек. Жаңа сөздердің өзара байланыса туып жатуы оның кеңістіктік жүйелігінің, ал олар сырттан енгізілмей, тілде бұрыннан бар сөздер арқылы жасалуы - тарихи жүйелігі мен тұтастығының, дамуы табиғилық, эволюциялық сипатта екеңдігінің кепілі болады. Жаңғырту (регенерация), тұзот (селитра), түпнұсқа (оригинал), телнұсқа (дубликат), телқұжат, арашалық ертінді, жасыту (отжиг), бөктергі (багажник), зұлмат (геноцид), торығу (пессимизм), елбасы, мүлікбасы (товаровед) - тілдегі жаңғырық, от(ын) (жайылым), түп, тел, төл, араша, қалабасы, қолбасы деген бұрыннан бар тарихи сөздер арқылы не солардың үлгісінде жасалған, бірнеше ұрпақ өкілдерін бііктіруші жүйе. Сондай-ақ қарапайымнан күрделіге қарай қозғалатын ұғым өзгерісі де сөздің сондайлық тарихынан көрінеді. Алғашқы ұғым қандай болып, жаңасы одан қаншалық және қалай өзгергенін оның атауының түрленуінен көруге болады. Мысалы, пластилин-пластические массы-пластмассы-пористые пластмассы-поро-пласты болып, нәрсе, ұғым өзгерісі сөзбен байланып, бекітілген. Қолдану мен дамытудағы енжарлығымыз бен бейдәстүрлік әрекеттеріміз тілді бірден жарамсыз ете қоймағанымен, сыналап та болса, оның жүйесіне нұқсан келтіріп жатады. Яғни әр ұрпақ міндеті - алдыңғы буыннан алған тілді, ескі екен демей, түбегейлі өзгертпей, әсіресе бөгде сөздерді күрт көбейтпей, сәл жөндеп, жетілдіріп алға итеру. Тілдің әзіргі қарқынды еуропалану үрдісіне шек қоя білмесек, өткен ғасыр мен осы ғасыр тілі арасына жік түсіп, бір-бірінен көп алшақтап, олардың бірін - басы, екіншісін - табиғи-жалғасы деуге келмейтін халге жетуі де мүмкін[8, 53].
Атау сөз жасаудың теориялық негіздері. Термин - сөздің бір түрі. Бүгінде кез келген тілдегі жаңа сөз негізінен термин не қандай да сала түсінігі, кәсіби атау ретінде пайда болады. Яғни термин түзу, сөз жасау - мағыналас түсініктер. Сөз де, термин де бір теориялық негізде жасалады. Сөз жасауға қатысты мұнан басқа атау теориясы, таңба теориясы, ұғым теориясы, номенклатуралық атау, нақты зат аты, дерексіз зат аты деген түсініктер бар. Тек бұлай жіктеуге болғанымен, нақты нәрсе аты да дерексіз ұғымды атау кезіндегідей, ол зат, оның қасиеттері: қызметі, неден жасалғаны, пішіні, кеңістіктегі орыны туралы түсінік негізінде жасалары әрі көптеген зат атаулары да қандай да ұғым негізінде туары белгілі. Мысалы, абсорбер, коагулятор, реактор деген құрал аттары абсорбция, коагуляция, реакция ұғымдары негізінде қалыптасқан. Яғни нақты нәрсе мен дерексіз ұғымға ат беру істерін бөле қарарлықтай негіз жоқ. Атау теориясына арналған еңбек-тердің бәріңде де бұлар табиғаты бір құбылыс ретінде, бір зандылық аясында қаралады.
Х.Вайнрих кез келген сөз мәні дерексіз болатынын семантиканың төртінші заңы ретінде бағалап, оларды түсініліп-қабылдануы бойынша созылыңқы, дәл емес, дерексіз, кепке ортақ мағына беруші және шектелген, дәл, нақты, жалқы елес тудырушы екі шек арасында қарастыруды ұсынып, оқшау тұрған сөз мағына шегіне, сөйлем құрамындағы сөздер мен жеке есімдер - елес шегіне, ал термин берілген "дефиницияның" дәлдігіне қарай осы екі шек арасында, мағына шегіне жақынырақ орналасатынын айтады.
Ал тауып айтылған атау ұғым мәнін дәл, айқын беріп, терминді елес шегіне жақындата түседі. Азеотропты қоспа біз үшін ешқандай елес тудырмайды. Біз оны бір-екі сөйлеммен берілетін түсіндірмесі арқылы ғана біле аламыз. Ал бітеқайнасты қоспа десек, осы сөз ұғымы арқылы термин әлдеқайда нақты, анықталған, шектелген мәнге ие болып, түсінік елесі көрінеді.
А.Журавлев барлық сөз жасау түрлерін қалыпты, мутациялық, қалыпсыз, "патологиялық" атты топтарға бөле қарайды әрі мұның алғашқы екеуі тіл жүйесіне сәйкес жасалып, қалыпты атаулар бізге жаңа сөз ретінде таныла, жаңа сөз екені біліне қабылданса, мутациялық атаулар сырт көзге байқаусыз пайда болатынын, ал қалыпсыз атау кезінде тіл жүйесі саналы түрде бұзылып отырын, "патологиялық" атау кезінде бұл бұзылыс жаңсақтықтан, сөзді қате төркіндетуден туатынын жазады. Бұлай топтастыру тілдегі сөз жасалу түрінің бәрін қамтиды. Тек автордың табиғаты кодак, од, газ, блаз сынды ойдан шығарылған, уәжсіз сөздерге ұқсас шетел сөздерін тілдің өз қалыбынан шығатын қалыпты топқа жатқызуы қайшылықты дер едік[9, 28].
Жалпы арнайы не сырт көзге байқаусыз жасалу жайларының екеуінде де сөзге қойылатын басты талап - нәрсе мен атау бірлігі әрі бұл бірлік терминді жасаушыға да, қолданушыға да көрініп тұруы тиіс. Тілде табиғи түрде пайда болатын сөздің бәрі осы талапқа сай. Жүзгін, талшық, талшықтас-тарда ұғым мен атау толық бірлікте де, олардың шетелдік үлгілері суспензия, волокно, волостанит-терде қазақ үшін мұндай бірлік жоқ. Бұл бірлік әсіресе атаудың жаңадан жасалған сәтінде айшықты көрініп, кейінірек көмескі тартады. Қаламсап, қолғанат, қолғап, көзәйнек, көзілдірік, беймаза, айбалта, итмұрын, саңырауқұлақ, қозықұйрық-тардың ішкі құрылысы санамызға алғашқы кездегідей әсер етпейді.
Бұл бірлік болуы үшін сөз тілдің өз сөздері негізінде жасалуы тиіс әрі бұл - сөз жасау мен оны ойдан шығарудың басты айырмасы. Нәрселерді ортақ және бөгде белгілері бойынша топтастыра, жіктестіре атай алуы да тілдің бұған дейінгі өз құралдары арқылы мүмкін болып, адамның дүниені танып-білуін жеңілдетеді әрі тілдің өзі де жүйелене, кемелдене түседі. Екіншіден, нәрсе аты осы сөз бойындағы белгілер мен ұғым белгілерінің өзара сәйкестігі арқылы туатынымен, адам ешқашан дүниенің сан-алуан қыр-сырын тұтас әрі толық көре де, көрсете де алмайды. Яғни әрқалай белгілер жиынынан тұратын ұғымды сөз бір ғана не бір-екі белгісі бойынша атайды әрі оның өзінде ол сөз дұрыс таңдалмаған болуы мүмкін.
Атау жасау, оны қабылдап (принимать), қолдану әрекеттері жеке адам емес, ұлттық ауқымда жүретін іс болғандықтан, оны ұлттық ойлау тұрғысында қарау жөн болады. Ұлттық ойлау - ұлт тарихының, тілінің, дүниеге көзқарасының және өмір сүріп отырған ортасының туындысы. Когнитология ғылымы атау жасауда осы жайттарды ескеруді ұсынады[11, 26].
Терминнің практикалық мәні. Термин жүйесін түзе отырып, қандай мұрат-мақсаттарды көздейтінімізді, оның қай тілде, кім және не үшін жасалатынын анықтап алу, ескеру аса қажет. Бүгіңде термин ең бір таптаурын тақырыпқа айналып, бұған қатысты ой айтпайтын жан болмайтынымен, оның өзі идеалдық тұрғыда қалай, қандай талаптарға сай болуы тиістігіне нақты, санамалап жауап бере алмаймыз. Ғылымда да термин жасауға қатысты қандай да мүдде, соның ішіңде ұлттық мүдде туралы мәселе қойылған емес. Әрине, бұған қарап термин ісінде ешқаңдай мүдде болмады деу - қате болар еді. Керісінше, ол ашық айтылмағанымен, басты орында тұрды. Терминді қазақшалаудың бұрыстығы мен шетел сөзін аудармай алу дұрыстығын қостап-дәлелдейтін саяси-әлеуметтік тұжырымдар да жетерлік.
Айталық, онда өмірдің өзі де "интерлік" сипат алып бара жатқаны, латын-гректік сөздердің еш ұлтқа қатыссыздығы, әр ел мамандарының тіларалық тосқауылсыз қатынаса алу мүмкіндігі, ұлт тілдерінің оралымдық, көркемдік жүйелері жетіліп, қатарға қосылуы, тілге жаңа түсініктер енуі, терминді бастапқы қалпынан өзгертпей жазудың орыс тілін үйренудегі маңыздылығы сияқты әлеуметтік мүдделер бетке ұсталып, бәрінің аржағында ұлт тілдері сөздерін термин жасауға жарамсыз етіп көрсету, тілді орыстандыру саясаты жатты.
Б.Қалиұлы мұндай, шетел сөзін аудару тілді жұтаң күйге түсіреді, ғылымның оқшаулануын тудырады дейтін пікірлердің еш негізсіздігін дәлелдеп көрсетті де. Екіншіден, кез келген астарлы немесе балаға қандай да ой сала айтылған сөздер де белгілі бір мүддеден туып, ол мүдде айтылған сөздің ішкі құрылымы арқылы хабарланары белгілі. Осы сияқты сөздің, терминнің уәжі арқылы да қосымша мәлімет хабарланып, адамның, бүкіл қоғамның ойлау жүйесіне бағдар берілуі мүмкін. Ал терминді қазақ тілінде жасау да, ғылымды қазақ тілінде сөйлету де, терминнің түсінікті, қысқа, дәл болуы да - еуропалық та, бүкіләлемдік те ғылым, жұртшылық үшін емес, бірінші қезекте және толық түрде қазақ қауымы, қазақ тілі, қазақ ғылымы үшін қажет. Термин осы аталғандар мүддесіне сай болуы тиіс. Бұл мүдделердің өзі терминнің қоғамдағы орнына, атқаратын қызметіне карай анықталады және олар бір күннің, аз уақыттың сұранысымен шектеліп қалмай, келешекпен, рухани өсіп-өнумен, адамдық құдыреттің артуымен ұштастырыла қаралуы тиіс. Бізде ғылым мұраты мен қызметін жаңа технологиялар жасақтау, материалдық игілікті еселей арттыру тұрғысында ғана қабылдап, оның тәрбиелік, танымдық, адамдық рухты күшейтулік функцияларына мән бермеушілік не жете түсінбеушілік жайы бар. Ал ғылым ең әуелі адамның ақыл-ойы, саяси санасы, әлеуметтік белсенділігі, іске икемділігі артуын қамтамасыз етуші білім көзіне айналуы тиіс. Ендеше осы мұраттарға сай термин бірінші кезекте ұлттық мүдде тұрғысынан жасалуы тиіс. Ұлттық мүдденің өзі ұлт, яғни ұлттық тіл, ұлттық ғылым және әлеумет мүдделерінен құралады[12, 96].
Терминді ұлттық тіл сөзі негізінде түзудің бір жолы - тілдегі жай, халықтық, байырғы, жергілікті, кәсіби сөздерді, қолданыстан шыққан, шыға бастаған этнографизмдерді жаңа мағынада пайдалану, олардың ұғымдық қорын қозғалысқа түсіру. Бұл сөздердің қайсысын да тіл үшін жат, бөтендеу деуге негіз жоқ. Олар - бірқатар ерекшелігі болғанымен, ұлттық тіл қалыбынан шыққан, сол тіл тезінде еленіп-екшелген, сол тіл жүйесінің туындысы, өз сөзі.
Термин о бастан шетел сөздері емес, ұлт тілі негізінде түзілер болса, оны түзудің сөз тұлғасын не мағынасын түрлендіруден басқа көзі де жоқ. Тек бұл кезде сөз тұлғасы өзгермей қалатындықтан, "бір сөз - бір мағына" тәртібі бұзылғандай көрінеді. Алайда мұнда сөздің басқа ұғымдық белгісі пайдаланылатынын ескеру керек. Семьяны түтін не отбасы деу бұл сөздер бойындағы бір семъяда бір от жағылып, бір түтін шығатындығы, семья мүшелерінің бір от басына жиналып, бір отқа қарайтындығы туралы ұғымдарға негізделген. Бұл ұғымдық белгілердің біразы айқын, біразы көмескі болады. Ғылыми мағына бұрынғы түсінікті толықтырады. Сондай-ақ ғылыми ұғымның ұлтқа етене таныс өз ұғымы арқылы аталуы табиғи болады әрі жеңіл игеріледі. Тілдегі түрлі сөздер тобының терминге айналуы - олардың бір аядан екінші аяға өтіп, өзара сапырылыса, мағына-ренктерін, қолданыс жиілігі мен ауқымын өзгерте дамуының бірден-бір тәсілі.
Термин болу арқылы сөз бен ұғым белсенді тілдік айналысқа түсіп, қолданыс аясы кеңейеді. Әр түрлі қолданыс барысыңда сөздің өзі, оның ұғымдық әлеуеті көрінуіне мүмкіндік туады. Арашалық ертінді-де адамға ғана қатысты және ажыратушы түсінігінде ғана ұғынылып келген араша-ның теңестіруші, бастапқы қалпына келтіруші, бейтарап-тандырушы ұғымдары көрініп тұр. Адсорбция, абсорбция ұғымдарын дәл беретін, бұрын алтын мен суға ғана қатыстыдай көрінетін аптау, оптау-дың да енді қолданыс аясы кеңуі әрі олар "актуалдануы" мүмкін[13].
Сөз арқылы ұлттық ойлау дәстүріміз бен танымдық бағдарымыз да көрініп, қозғалысқа түседі: мырза-господин, тең-ничья, бәйшешек-подснежник жұптарында айтар ой, мағына біреу-ақ. Бірақ олар қазақшасында щедрый, равный, первое растение, ал орысшасында - құдай, ешкімдікі емес, қар астындағы ұғымдармен әрқалай беріліп, әр ұлттың ойлау ерекшелігі көрінеді.
Кез келген тілде терминжасам процесі, ең алдымен сол тілдің өз сөздік құрамы, ұлттық лексикасы негізінде жүзеге асырылады. Демек, терминдер тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлерден жасалады. Осыған орай, терминдер қатарында сол тілге тән әр түрлі құрылымдылық типтері кездеседі: түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесі және т.б.
Академик Ө.Айтбайұлы «Қазақ сөзі» атты еңбегінде қазақ тіліндегі терминжасам тәсілдері мәселесіне кеңінен тоқталады: «Жаңа термин жасаудың тілдерде, оның ішінде, әсіресе түркі тілдерінде қалыптасқан мынадай бірнеше жолын, алдымен, атап көрсетуге болады: семантикалық тәсіл, морфологиялық тәсіл, синтаксистік тәсіл және калькалау тәсілі. Аталып отырған тәсілдің бәрі де негізінен, екі түрлі арнадан туындайды. ... Оның бірі – тілімізде бұрыннан бар сөздерді терминдік мәнде қолдану болса, екіншісі – жаңа терминдерді қазақ тілінің сөзжасам мүмкіндіктерінен пайдалана отырып жасау» [14].
Академик Ә.Т.Қайдаров «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас» деген ғылыми мақаласында қазіргі терминжасамның мынадай 11 принципін ұсынады [15, 15]:
1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық;
2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық процестің жақсы үлгілерін орнықтыру;
3. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану;
4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу;
5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фоно- морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу;
6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау;
7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру;
8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау;
9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану;
10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин атаулардың сандық, сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру;
11. Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.
Жалпы терминжасам процесінің нәтижесінде жасалған терминдік бірліктерді тұтас құрылымды және көп құрылымды деп бөліп көрсетуге болады. Осы ретте терминжасам процесінің барысында туындайтын терминдердің басым көпшілігі тұтас құрылымды терминдер болып келеді.
Туынды терминдерді жасау барысында терминжасам процесінің семантикалық нәтижелері төменде келтірілген бір түрде болуы тиіс:
1) таза транспозиция (сөздің бір сөз табынан басқа сөз табына ауысып, мағынасының ешбір өзгеріссіз қалуы): аударылған мәтін→ аударма мәтіні;
2) транспозиция (туынды сөздің синтаксистік сипаты мен мағынасының өзгеруі): жеткізу → жеткізілім, түсу → түсім;
3) модификация (бір сөз табына жататын сөз тудырушы және туынды сөздер терминдері арасындағы айырмашылықтар): тіл → тілші, аударма → аудармашы; анықтама → анықтамалық;
4) мутация (бір сөз табы терминдерінің грамматикалық және мағыналық ерекшеліктері): төраға → төрайым.
Осы орайда, біздің ойымызша, семантикалық өзгерістердің ең алғашқысы синтаксистік деривация, екінші және үшінші типтері – лексикалық деривация, ал төртінші тип – терминдік деривация ұғымдарына сәйкес келеді.
Терминжасам тәсілдерінің мәселесіне тоқталатын болсақ, онда көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, жалпы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің қай-қайсысы да терминжасам процесінде өнімді қызмет атқара алады. Алайда, ең өнімді тәсіл арқылы жасалған терминдер аффиксті тұлғалар болып табылады. Аффиксті тәсіл уәждеуіш сөздің негізіне аффикстің жалғануы дегенді білдіреді. Терминологиялық сөзжасам актісінің нәтижесі терминсөз белгілі бір ұғымның атауын айқындап, сол ұғымның мазмұнын да көрсетеді.
Әрбір тілдің сөздік қор ерекшелігі, ең алдымен, сол тілдің аталымдық қызмет атқара алатын тілдік бірліктер жасалымындағы техникалық мүмкіндіктерімен айқындалады. Дегенмен, аталымның негізгі тәсілдері (деривация, сөз тіркесі, сөздердің семантикалық өзгеріске түсуі, басқа тілдерден кірме сөздер қабылдау) кез келген тілдің аталымдық құралдар жүйесінде басты орын алып, универсалдық тәсілдер болып табылады. Осыған орай, түрлі тілдердің сөздік қор өзгешелігі атаулану тәсілдер түрлілігімен емес, олардың өнімді-өнімсіз қасиеті тұрғысынан өлшенеді. Мәселен, қазіргі таңда орыс тілінде ең жоғары өнімділік танытып жүрген аббревиация құбылысының кейбір түрлері қазақ тілінде байқалмайды.
Бұл ретте анықтауды қажет ететін мәселелердің бірі «тілдік аталым» мен «терминологиялық аталым» терминдердің арақатынасы болмақ. Осы кезге дейін, көптеген аталым теориясына арналған ғылыми әдебиеттерде «аталым» жалпы «тілдік аталым» деп көрсетіліп, терминологиялық аталымды зерттеуде тілдік аталыммен салыстырады. Біздіңше, терминологиялық аталым да тіл білімінің бір саласы ретінде тілдік қарым-қатынастың өзгеше механизмін зерттеуге бағытталғандықтан, оны жалпы тілдік аталымнан ажыратып көрсетуге болмайды. Керісінше, терминологиялық аталым жалпы тілдік аталымның бір бөлігі болып саналады. Ал, осы уақытқа дейін аталым теориясының аясында, негізінен, лексикалық аталым түрлері қарастырылған.
Лексикалық аталымды жіктеуде ең басты параметрлер ретінде жаңа тілдік бірліктің жаңалығын ұғынып немесе ұғынбай жасау мен аталымның стандарттылығы және стандартқа сәйкес келмеуі немесе нормаға сәйкестігі мен сәйкессіздігі секілді критерийлер басшылыққа алынып, лексикалық аталымның мынадай түрлері көрсетіледі:
1) қалыпты аталым (жаңа атау екендігін мойындап, нормаға сәйкес жасалған атаулар);
2) мутациялық аталым (стандартты, жасау үлгісі тілдік тұрғыдан тұрақты, бірақ тіл тұтынушылары үшін байқалмай жасалған тілдік бірліктер);
3) жасанды аталым (саналы түрде тіл стандартын бұзу арқылы жасалған бейуәжді атаулар);
4) «патологиялық» аталым (тілдік және тілден тыс факторларға байланысты «қате» жасалған, туындаған аталымдық бірліктер) [16, 14].
Терминологиялық аталым процесі барысында терминдік бірліктердің жай тілдік бірліктерден өзгешелігін ескере отырып, ең басты параметрлер ретінде терминдердің стандарттылығын, нормаға және саналы түрде белгілі бір мақасатпен жасалуын атап көрсетуге болады. Осы тұрғыдан, терминологиялық аталым түрлерін былайша жіктеуге болады:
1) қалыпты терминологиялық аталым (нормаға сәйкес, саналы түрде жасалған терминдер): мұрағатшы, кітапханашы, тасымалдаушы, түзетуші, сарапшы, дайындаушы және т.б.;
2) мутациялық терминологиялық аталым (стандартты, тұрақты үлгілер арқылы жасалған терминдер): сауыншы, зергер, емші, қазаншы, малшы, күмісші және т.б.;
3) жасанды терминологиялық аталым (тілдік нормаға сәйкес жасалған, бірақ алғашқы кезеңде термин жасандылығы белгілі болып тұрады. Ескере кететін жайт, бұл терминологиялық аталымның лексикалық түрінен айырмашылығы ешбір экспрессия болмайды. Себебі лексикалық аталымда бұл түрге жатқызылатын атаулар негізінен белгілі бір экспрессия тудыру үшін жасалады): аспансерік, асқарпаз, әуежайшы, төлқұжатшы, планшетші және т.б.
Лексикадағы патологиялық аталым түрі тек жалпы қолданыстағы сөздер қатарында ғана кездесіп, терминологиялық аталым талаптарына сай келмейді.
Терминологиялық аталым оны тіл білімінің жеке, дербес саласы ретінде анықтайтын бірнеше төмендегідей мәселелермен байланысты болып келеді:
1. термин шығармашылығы;
2. терминологиялық мағынаның арнаулы бағытта дамуы;
3. жүйелілік;
4. реттілік;
5. бірізділік;
6. белгілі бір жүйеде және оған сәйкес терминологиялық өрісте ұйымдастырылып реттелуі;
7. термин экстенциясы мен интенциясы және т.б.
Тілдің терминологиялық аталым тәсілдер жүйесінің сипатын айқындау үшін алғашқы терминологиялық және екінші терминологиялық аталымдардың ара жігін ажырату мәселесі маңызды. Бұл мәселенің шешімі тіл білімінің семасиологиялық және ономасиологиялық бағыттарына сәйкес тілдік бірліктерді талдау ерекшелігіне алып келеді. Мәселен, грамматика саласының маманы Б.С.Қапалбеков қазақ грамматикасының тұлғалық және жұмсалымдық бағытының ерекшелігін зерттеуде осы екі аспектіге ерекше мән береді: «Тұлғалық грамматика тіл жүйесінің «құралдық көрсеткіштен мағынаға» қарайғы бағытта зерттесе, жұмсалымдық грамматика «мағынадан құралдық көрсеткішке» қарайғы бағытта қарастырады. …семасиологиялық және ономасиологиялық зерттеулер бастау нүктесінің «тұлғадан» және «мағынадан» бастап сипатталуына байланысты алынып отыр. Ал негізінде ономасиологиялық грамматиканың өзі құрылымдық жағынан да жұмсалымдық жағынан да қарастырыла береді» [17, 14-15].
Осы тұрғыдан келгенде орыс ғалымдары В.Г.Гак пен В.Н.Телия екінші аталымға мынадай анықтама береді: «…атаулану процесінің барысында тілде бар аталымдық тәсілдердің жаңа қызметте қолданылуы» [18, 15]. Біздің ойымызша, бұл жерде екінші аталымға семасиологиялық тұрғыдан анықтама беріліп, алғашқы және екінші аталым ұғымдары аталымның тура және жанама түрлерінің ұғымдарына сәйкес келтірілген. Біз алғашқы аталымды тілдік тұлғасы жоқ затқа, құбылысқа т.б. атау беру актісі деп қабылдап, ал екінші аталымды атауы бар затқа, құбылысқа басқа, жаңа атау беру процесі деп ұғынамыз. Қазіргі қазақ терминологиялық аталым процесі негізінен екінші аталым түрінде жүріп жатқаны белгілі. Ал, алғашқы терминологиялық аталым қазақ терминологиясының стихиялық, ғылымға дейінгі (донаучная) кезеңдеріне тән болған деп түсінеміз.
Дегенмен, терминдік бірліктердің басым көпшілігі тілде бар тілдік элементтер негізінде жасалады. Бұл элементтер атау беруші субъектінің өз тілінікі немесе өзге тілдік (кірме терминдер) болуы мүмкін. Терминологиялық аталым барысында тілдің ішкі қорын пайдалану екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, тілдегі дайын аталымдық бірлікке жаңа семантикалық қызмет (терминдік) жүктелуі арқылы жасалса, екіншісі тұлғалық жаңа терминдік бірлік жасалуымен сипатталады.
Сөз семантикасының түрлі өзгерістерге ұшырауы трансформацияның екі түрін бөліп көрсетуге негіз болады: лексика-семантикалық трансформация және семантика-синтаксистік трансформация. Әрине бұл семантикалық өзгеріс түрлерінің алғашқысы терминология саласы үшін өте өнімді және ұтымды пайдаланылып жүрген тәсілдердің бірі болып табылады.
Терминнің уәжділігі экстралингвистикалық құбылыстарға жатады. Уәжді термин ерекше сөз ретінде екі экстралингвистикалық болмысты уәждеуші және уәжделуші ұғымдарды біріктіреді. Осының нәтижесінде пайда болған термин өзіне тиісті терминологиялық өрісте қызмет ете бастайды. Белгілі бір дыбыстық кешенге мағына беру процесін зерттеу арқылы атау беруші адам санасында біз зат туралы пайда болған түсінікті сол затқа ұқсас басқа заттар жайлы осыған дейін қалыптасқан түсініктерді біріктіретін ассоциативтік амалдарды анықтауға болады. Нәтижесінде дәл осы түсініктер мағыналар ретінде жаңа сөздің мән-мазмұндық негізін құрайды. Бұл ретте мынадай тілдік құбылыстар орын алады:
1. сөз мағынасының шектелуі: биржалық маклер, бас мердігер, ресми өкіл, яғни маклер, мердігер, өкіл сөздерінің интенциясы арта түседі;
2. сөз мағынасының кеңеюі: өріс → семантикалық өріс → терминологиялық өріс → мал өрісі, яғни өріс ұғымының көлемі кеңейіп, оның экстенциясы ұлғаяды;
3. бір сөз мағынасына басқа сөз мағынасы элементтерінің қосылуы: тұсаукесер – «презентация» – баланың тұсаукесері;
4. екі сөз мағынасының бірігуі: пікірсайыс, шаңсорғыш, іссапар және т.б.
Мағынаның кеңеюі ғылыми және техникалық терминологияны толықтыратын ең бір өнімді тәсілдердің бірі болып саналады. Мысалы, делдал – посредник, брокер, маклер, дилер. Сол сияқты сөз мағынасының тарылуы да терминологиялық аталымның тиімді тәсілдерінің бірі. Мәселен, түрлі терминологиялық жүйелердегі түрлі мағыналар білдіретін терминдердің қолданылуы: оператор – құрылыс, байланыс, кино және т.б.; аппаратшы – байланыс, мемлекеттік аппарат т.б. Мағынаның тарылуы түрлік тар белгінің орнына кең, жалпы тектік белгінің қолданылуы тіл жүйесінде жиі қолданылатын тәсіл.
Семантикалық жылжыту (сдвиг) құбылысы, әдетте гетерожүйелік (диалектаралық) немесе диахронды (бір тіл тарихында) қарама-қайшылық ретінде қарастырылады. Мысалы, жабдық – «қару-жарақ» – «құрал-сайман»; жент – «кітаптың қатты мұқабасы» - «тары жармасына май мен бал қосып жасалған тәтті тағам; қоспа» және т.б.
Метафора арқылы шығу тегі мен қолданылуы жағынан мүлдем басқа екі заттар бір белгісі негізінде жақындастырылып, әдетте сыртқы бейнелерінің бір ұқсастығы негізінде ауыспалы мән жасалады. Мәселен: «Ұғымдардың сыртқы пішіндерінің ұқсастығына қарай сөздің метафоралану жолымен терминденуімен келесі мысалдан көреміз: сырға – асыл тастардан жасалған, сән үшін әйелдердің құлағына тағатын затты айтса; биологияда сырғатермині – «кейбір құстардың алқымындағы екінші жыныстық белгісі болып табылатын салпыншақ теріні» білдіреді[19, 123].
Мұнда әшекейлі бұйым мен құстың салпыншақ терісінің арасында ешқандай қызмет ұқсастығы жоқ. Сөздің алғашқы мағынасының метафоралануына екі ұғымның сыртқы формаларының ұқсастығы негіз болған дей келе, мынадай қорытынды жасайды: «Деректі ұғымдардың атауы болатын сөздердің метафоралану тәсілі арқылы терминденуінің себебі – дерексіз ұғымдарға қарағанда, оларды көзбен көріп, қолмен ұстап, өзара салыстыру мүмкіндігінің молдығынан болса керек» [20, 156-157].
Семантикалық өзгерістердің метафораға негізделген түрлері сөздердің парадигма аралық байланыстарынан туындап, бір сөздің орнына басқа лексика-семантикалық парадигма сөзінің қолданылуымен сипатталады. Бірақ бұл екі сөзді бір семантикалық элемент, дифференциалды сема жақындастырады. Мысалы, тығырық – «ілгері жүруі, өтуі қиын айналма, тұйық жер» ® «машиналардың көп жиналғандықтан кептеліп қалуы (пробка)»; жолақ – «жол-жол, алабажақ» ® «автожол жолағы» және т.б.
Синтагматика тұрғысынан лексика-семантикалық өзгерістердің екі түрі болады: семантикалық ықшамдау және метонимия. Семантикалық ықшамдаудың тіл ғылымында басқа да терминдік эквиваленттері бар: «конденсация», «универбация» және т.с.с. [21, 18-24].
Семантикалық ықшамдау механизмі бір сөздің семантикасына (дифференциалды семантикалық компонент негізінде) онымен синтагматикалық байланыста болатын басқа сөз семантикасын жүктеу негізінде жүзеге асырылады. Яғни сөз тіркесінен құралған атаудың бір сөзі қалып қойған екінші сөздің синтаксистік валенттілігін жоймай, бүкіл сөз тіркесі білдіретін мағынаны береді. Жалпы мұндай семантикалық ықшамдау құбылысы, әсіресе, ауызекі сөйлеу тіліне тән болып келеді. Мысалы, компьютерге теру ® теру, әскерде борышын өтеу ® борышын өтеу, қызметтен босату ® босату т.б. Ал, нақты терминология саласына қатысты семантикалық ықшамдау құбылысы терминологиялық аталымның белгілі бір актісінде ғана орын алады. Мәселен, тіл маманы – тілші, абайтану ғылымын зерттеуші – абайтанушы, шығыстану ғылымының маманы – шығыстанушы және т.б.
Сөздердің синтагматикалық қатынастарын білдіретін әдетте жалпықолданыстық тілге тән лексика-семантикалық трансформация тәсілінің бір түрі – бұл метонимия. Мұнда екі ұғымның бір кеңістікте немесе уақыт аралығында шектес, іргелес болуы негізге алынады. Мысалы, арнаулы аталымдар екі денотатқа бірдей бағытталған атаулар категориясы бар: процесс әрі нәтижені білдіретін атаулар (су ағызғыш, құйма, қорытпа, балқыма т.б.); қызмет көрсететін орынды (бөлме, кеңсе т.б.) әрі адамдар тобын білдіретін атаулар (баспа, цех, бюро) және т.б. Ал, ауыспалы мән тудырушы тағы бір тәсіл – синекдоханың бүтіннің орнына бөлшекті, жалқының орнына жалпыны (және керісінше) атайтын атаулардың терминологияда өте сирек кездесуіне байланысты, оларды метанимияның бір түрі ретінде қарайды. Сонымен ауыспалы мән тудырушы тәсілдердің ішінде терминологияда ең көп қолданылатын – метафоралық тәсіл. Алайда терминологияда бұл тәсіл арқылы жасалған атаулар өзінің көркемдік-стилистикалық емес, ал аталымдық қызмет атқаруымен сипатталады. Метонимия мағына өзгеруінің төмендегідей тұрақты үлгілері арқылы беріледі: оқу курсы, пән ® осы пән бойынша емтихан немесе сынақ тапсыру (қазақ тілін тапсыру, математиканы тапсыру); материал ® сол материалдан дайындалған бұйым, зат (алтын таққан – алтын сырға таққан). Терминология саласында бұл тәсіл аса өнімділік танытпағанымен, оның негізінде біршама терминдер жасалуын да атап көрсетуге болады. Мысалы, коллегия ® кафедра, сектор, топ, кеңес және т.б.
Терминологиялық аталым жүйесіндегі семантика-синтаксистік трансформация негізінде сөздердің синтаксистік қасиеттері өзгерістерге ұшырап, сөз таптарының транспозициялануы арқылы, олардың субстантивтенуі жүзеге асырылады. Бұл жөнінде ғалым Ш.Құрманбайұлы: «Ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы етістік терминдердің ішінде ең көп ұшырасатыны – тұйық етістік. Етістіктің бұл түрі арқылы жасалған терминдерді арнаулы салалардың барлығынан дерлік табуға болады. Мысалы, тіл білімінде – жіктеу, септеу, қиысу, қабысу, матасу, меңгеру, үстеу, жалғау т.б. Заң ғылымында – айыптау, анықтау, беттестіру, ескерту, тергеу, тұтқындау, тінту, таныту, іздеу т.б., геологияда – бұрғылау, қабатталу, кептелу, үлгілеу, шаймалау, сүйірлену, ісіну т.б., экономикада – арзандау, арзандату, жекешелендіру, кему, қымбаттау, тұтыну, ұзарту, өткізу, үйлестіру, сақтандырут.б., информатикада – жобалау, жоғалу, елеу, қамығу, мүшелеу, күту, сұрыптау, перделеу т.б., әдебиеттануда – шендестіру, әсірелеу, дамыту, теңеу, суреттеу, толғау т.б., философияда – адасу, қоздыру, бейнелеу, табыну, ойлау, байқау, қорыту, терістеу, шектеу, байымдау, қалыптасу т.б, химияда – тұтану, шіру, булану, ісіну, көмірлену, тотығу т.б. …Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (әдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина)… Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мәселен, сезікті(подозреваемый) деп, заң ғылымында – «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған және айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды» - айтады», - деп көрсетеді [22, 17-18].
Терминологиялық аталымның техникалық құралдар жүйесінде жаңа аталымдық бірліктің жасалуы ең маңызды болып есептеледі. Бұл ретте бір лексемадан тұратын термин және екі немесе одан да көп сөздерден тұратын терминдер (сөз тіркесі, синтагма, фраза) жасалады. Бір лексемалы терминдер сөзжасамында ең басты өнімділік танытатын сөзжасам тәсілдері – бұл аффиксті сөзжасам мен композитті сөзжасам. Кез келген тілдің сөзжасам жүйесінде аффиксті сөзжасам ең бір өнімді тәсіл ретінде жан-жақты зерттелген, амал-тәсілдері мен түрлері айқындалған құбылыстардың қатарына жатады. Терминологиялық аталым процесінде бұл сөзжасам түрінің лексикалық аталымдағыдай амал-тәсілдердің барлығы қолданылып, ешбір айтырлықтай өзгерістер кездеспейді.
Ал композитті сөзжасам арқылы белгілі бір тұтас синтагмалық реттілік негізінде берілген сөздердің қосарлануы нәтижесінде бір лексемалы термин жасалады. Олар бірнеше жолмен жасалады: сөзқосым, қосарлау, қысқарту. Сөзқосым тәсілі арқылы туындаған терминдер синонимдік сөз тіркестеріне бара-бар болып келіп, олардың синтаксистік байланыстары жаңадан жасалған уәжді терминдерде сақталады. Мысалы, әуежай, бортсерік, әнұран, оққағар, мұражай т.б. Сөздерді қосарлау арқылы жасалған қос сөздер тілде екі сөздің қосарлануы және бір сөздің қайталануы негізінде жасалады. Мәселен, сауда-саттық, академик-хатшы, ұшқыш-ғарышкер т.б.
Қысқарту тәсілі тілдің ықшамдау заңдылығына байланысты пайда болған тәсіл: филология факультеті ® филфак, мемлекеттік терминологиялық коммисия ® мемтерминком т.б. Тіл білімінде қысқартулардың ерекше бір түрі ретінде акронимияны қарастырады. Акронимия дегеніміз – бастапқы сөз тіркесінің дыбыстық я әріптік қысқарымдарынан жасалған зат есімдер: тәуелсіз мемлекеттер достастығы ® ТМД, бұқаралық ақпарат құралдары ® БАҚ, біріккен ұлттар ұйымы ® БҰҰ және т.б.
Терминологиялық аталымның екі немесе одан да көп сөздерден жасалаған терминдердің негізгі түрін сөз тіркестері құрайды. Сөз тіркестерінің терминологиялық аталымның ерекше бір құралы ретінде белсенді қызмет етуін кейбір ғалымдар сөзжасамдық амал тәсілдердің жеткіліксіздігімен түсіндіреді. Алайда бұның негізгі дәлелі олардың айқын уәжділікті білдіруімен анықталады. Сөз тіркестердің бір лексемалы сөздің эквиваленті ретінде басты белгілері – тұрақтылық, клишелілігі және оның мәтіндердегі жиі қайталанымдылығы.
Қазіргі таңда термин-фразалар, әсіресе, техника мен өндіріс технологияларында кеңінен орын алып, аталған салаларда процес, құрылыс, қосылыс (химическое соединение) және т.б. сипатын дәл беруімен ерекшеленеді. Себебі, бұл салалардағы жаңа ұғымдар көп жағдайда белгілі тілдік материалдар арқылы көрсетіліп, оларға қосымша анықтамалар беріліп отырады. Мысалы, өндірістік процестерді автоматтандыру, жұқа түйіршікті агрегат, жерасты суының жинақталуы, алмас өндіруші өнеркәсіп, жылдам соқпалап бұрғылау, автоматты түрде төңкерілетін вагонетка, қазуды кері жүріспен жүргізу, бұзылған жерлерді қалпына келтіру, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, созылым бойымен қазып алу, тау жынысының газға қанықтығы, тазартып қазып алу аймағы, тау жынысының бекемдік коэффициенті және т.б.
Ғалым Н.Д.Арутюнованың пікірі бойынша, сөйлемдер де аталым құралы болып, тек белгілі бір уақиға аталымы ғана емес, сонымен бірге заттық аталымдық қызметті де атқара алады. Сөйлемнің аталымдық бірлік болуы трансформация (номинализациялануы) арқылы жүзеге асырылады [22, 18-19]. Мысалы, өндірістік процестерді автоматтандыру, тау жынысының түрлілігі, табиғи судың талдауы т.б.
Өзге тілдерден кірме терминдер қабылдау терминологиялық аталымның өнімді тәсілдерінің бірі. Кірме терминдерді әдетте лексикалық (сыртқы тұлғасы) және семантикалық (ішкі формасы немесе калькалау) деп екіге бөледі. Лексикалық кірме терминдерге мынадай сөздер мен сөз тіркестерін жатқызуға болады: опера, балет, шахмат, альма матер, терра инкогнита және т.б.
Калькалау тәсілі арқылы жасалған терминдер де екіге бөлінеді: а) сөзжасамдық калькалар: денсаулық сақтау здравоохранение; семантикалық калькалар: грамматика термині тек род т.б. Сонымен қатар сөз тіркесті калькалау құбылысын да байқауға болады: теміржол железная дорога, ақ алтын белое золото, қара алтын черное золото т.б. Егер өзге тілдегі сөз жартылай ғана көшірілсе, оны жартылай калька дейді. Мысалы, теледидар, автокөлік, велошабандоз т.б.
Сонымен, терминологиялық аталым жүйесінде қолданылатын амал-тәсілдерге қарағанда, әрине, лексикалық аталым құралдары өзінің түрлілік жағынан да сандық жағынан да терминологияға қарағанда сан қырлы болып келеді. Себебі терминологиялық аталым тек арнаулы ұғымдарды білдіретін атауларға қатысты болып, экспрессия мен эмоцияны білдіретін атауларға тән емес. Терминологиялық аталым жүйесіне зат есімнен басқа да сөз таптары қатысқанымен олар негізінен субстантивтену, номинализациялану құбылыстарымен шектеледі. Яғни терминдер түрлі алуан арнаулы салалардағы деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары ретінде тек заттық формада ғана көрінеді. Тіліміздегі терминдерді сала-сала бойынша бөліп, өз классификацияларын ұсынған ғалымдар бар. Мысалы, Г.Жұмашева «Жаңа мектеп» журналының ішіндегі термиңдерді 22 топқа бөледі [39]. Р.Барлыбаев кейбір салалардағы терминдерді біріктіріп 5-ақ топқа бөледі[40]. Б.Момынова «Қазақ» газетінің тіліндегі терминдерді 8 топқа бөлген [41].
Тіл біліміне байланысты терминдер. Лингвистиканың мәселелері жөнінде қазақ тілінде жазылған еңбектердің бірқатары 1920-30 жылдары жарық көрді. Осы күні қолданылып жүрген лингвистикалық терминдердің біразы сол кезде басылын шыкқан А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омарұлы, Қ.Жұбанұлы, Х.Досмұхамедұлы еңбектерінен бастау алады. Фонетикалық терминдер дауысты, дауыссыз, буын түрлері, сингармонизм, екпін тағы да басқа құбылыстармен байланысты қолданылады. Бұл терминдерді жалаң-күрделілігіне қарай екіге бөлуге болады.
а) Жалаң атаулар: дыбыс, буын, басу (екпін), дауыссыз, дауысты, демеу, әндесу // үндесу дыбыстарды екілетіп айту, дыбыстарды қосарлатып айту, ереже, шолақ "у" тағы басқа;
ә) Тіркес атаулар: дәнекер дыбыс, жарты дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, дауыстылар гармониясы, жарым дауысты, жіңішке дыбыс, шала қос дыбыс, саңыраулау естілу, бітеу буын, бас буын, жуан түбір, сөздің буын мүшесі, үндестік заңы, қазақ тілінің зандары, өзгеру заңы, жіңішке сөз, жақша белгісі, ағайындас дыбыс, латын хәрфі, араб хәрфі, жат хәріф, тағы сол сияқты.
Морфологиялық терминдер. а) Жалаң атаулар: жалғау, жіктеу, жұрнақ, қосымша, етістік, есімше, көсемше, сарф, тәуелдік, тұқыл, демеулік, түбір тағы басқа;
ә) Тіркес атаулар: асыл қалыбы, билік рай, салт етістік, сабақты етістік, ниетті көсемше, өткен шақтық есімше, ұйғарынды есімше, үнемді көсемше, асыл нұсқасы, туыңды демеу тағы басқалар;
Лексикалық терминдер: жазба сөз, жалқы сөз, қос сөз, қосалқы сөз, меншікті түпкі сөз, түпкі қазақ сөздері, шеттен кірген сөздер, жат сөздер, еуропа сөздері, шала сінген сөздер, түрік-монғол сөздері, туынды сөз, түбір сөз, жіңішке сөз, сөз өзгерісі, жуан сөз т.б.
Жалпы тіл біліміне қатысты терминдер: герман тілі, ғылым тілі, "шатақ" тіл, жалғалмалы тіл, латын тілі, түрік-монғол тілдері, хүкімет тілі, жазу ережелері, қазақ тілінің заңдары, латын әрпі, фани усул, халық тілі т.б.
Емлеге байланысты терминдер: дәйекші, хата // қата // қате, әліфбе // әліппе, хәріп // әріп // қаріп, апостроп, ноқат, сәкін, үтір, сызықша т.б.
Жоғарыда аталған терминдердің көпшілігі осы күнге дейін қолданылып келе жатыр. Ал, бірен-саран атаулар осы күні қолданылмайды. (дәйекші, дыбыстарды екілетіп айту, дәнекер дыбыс, жарым дауысты, сарф, тұқыл, наху, ниетті көсемше, ұйғарынды есімше т.б.).
Термин - тіл бірлігі. Термин қүрделі ұғымды білдіретіндігі негізіңде басқа сөзден қаншалық ерекшелендіріліп, жоғары қойылғанымен, сөзді тұлға ретінде тіл элементі болып табылады және уақыт өте қатардағы сөздердің біріне айналып кетеді.
Термин о бастан шетел сөздері емес, ұлт тілі негізінде түзілер болса, оны түзудің сөз тұлғасын не мағынасын түрлендіруден басқа көзі де жоқ. Тек бұл кезде сөз тұлғасы өзгермей қалатындықтан, "бір сөз бір мағына" тәртібі бұзылғандай көрінеді. Алайда мұнда сөздің басқа ұғымдық белгісі пайдаланылатынын ескеру керек. Семья-ны түтін не отбасы деу бұл сөздер бойындағы бір семъяда бір от жағылып, бір түтін шығатындығы, семья мүшелерінің бір от басына жиналып, бір отқа қарайтындығы туралы ұғымдарға негізделген. Бұл ұғымдық белгілердің біразы айқын, біразы көмескі болады. Тараз өлшеуді береді, таразбан, техникалық таразы, таразшы, тараздан жеу, таразға тарту-дағы мағыналар осы ұғымнан шығады, Ал тараздау, шаштараз, ой таразысы-ында салыстыру, бірдей ету, (ойдан) өткізу ұғымдары көрінеді және үшеуі де тараз-дың бойындағы байқаусыз, реңктік қана ұғымдар. Кейде мұндайда ұғымдық белгі емес, бұған дейін анықталған басқа мағына пайдаланылуы мүмкін. Алатұйық қосылыстар-да осындай: ала-ның беткі, кең танымал, яғни қатынастық мағынасы ақ-қара түстердің араласып келуі, онан кейінгісі әр түрлі түстердің араласып келуі еді. Ал мұнда түс емес, жалпы ала-құлалық деген үшінші мағынасы қолданылған.
Ұлттық ұғымдардың бір көзі - ауызекі тіл сөздері. Ауыздағы сөз жазылып, жазылған сөз айтылып, тілдің осы екі көрінісі байланыса дамығанда және бұрын жазылған мен айтылғандар да айналысқа түскенде ғана тілдің төрт құбыласы түгелденеді. Ауызекі тіддегі, ойдағы, жеке сөйлеуші айтатын сөз қағазға түсу арқылы ғана мейлінше көп сөйлеушілер назарына ілігіп, талқыланып-танылып, түзетуге ұшырап, бекітіледі. Абай суат, сөзуар, желбуаз, туа жау, етекбасты, серменде, шапқат, әулекі, шүйгенде, қамырықты, берерменде, аларманда, жерсоғарлы, қалбағайлы, аламайлы, кердең, сырдақ, қоржақ, ұмасы, үлпершекті, тантық, тұшынбаса, жайқақтап, шалғырттанып, қоқақтап, мақтан кейлеп, алқайды, көзге сынық, қулық саумақ, дым сыйқы, алмалап, оңғақ, оңғақ бұлдай, таусыншақ, желгек шал, жеңсікқойлық, жеңсік құмар, тыңтұяқ, бек соқыр, бектеп, қоңыр көрер, көп бақпасаң, ойынмен араласшы, жыл кесілмей, жора, салысып дегеңдерде ауызекі тілдегі дайын сөздерді, олардың түрленген үлгілерін не түрлендіре, басқа ұғымы арқылы сөз жасай келтірген. М.Жұмабаев та қытығы, сығыр, хатта, қу қанжыға, жөпшенді, қымс етсе, аңды, аңмен, күйлеп, көпшілдік сияқты ауыздағы сөздерді қағазға түсірген[46].
Жай жене терминдік мағына арасында айырма болғанынен, олар өзара байланыссыз да болмайды. Біз дүниенің жаңа сырын ашсақ, оның бұрынғы қасиеті міндетті түрде жойылып отырмайды. Ғылыми мағына бұрынғы түсінікті толықтырады. Сондай-ақ ғылыми ұғымның ұлтқа етене таныс өз ұғымы арқылы аталуы табиғи болады әрі жеңіл игеріледі. Тілдегі түрлі сөздер тобының терминге айналуы - олардың бір аядан екінші аяға өтіп, өзара сапырылыса, мағына-ренктерін, қолданыс жиілігі мен ауқымын өзгерте дамуының бірден-бір тәсілі. Термин болу арқылы сөз бен ұғым белсенді тілдік айналысқа түсіп, қолданыс аясы кеңейеді. Әр түрлі қолданыс барысыңда сөздің өзі, оның ұғымдық әлеуеті көрінуіне мүмкіндік туады. Тіл мүддесі - тілдегі сөздер мүддесінің жиыны. Сөз мүддесі бойындағы ұғымдық белгілер мен мағыналық реңктердің көрініп, қолданысқа түсуінде. Терминсөздердің тілдің жалпы дамуындағы рөлі. Қоғамда тіл қолданылып, қалай да қолдануға жарап жатса болды емес пе, тілде бар және ұмытылмаған, бәрімізге таныс сөздерді пайдаланайық, ал жаңадан сөз жасау нағыз жасандылық, тілде жоқты жасап, оны орынсыз дабырайту, бұзу болмай ма дегендей пікір бары белгілі. Тіл өзінен-өзі болатын, о баста қалай жаралса, солай болып қалатын, адам ойы мен әрекетіне тәуелсіз құбылыстай көрінеді. Алайда қолданыстағы тіл өзгеріссіз тура алмайды. Өзгергенде жетіліп, дами түседі не кері кетіп, бұзыла бастайды. Үздіксіз өзгеру тілдің өмір сүру қалыбы, өмірге ілесе өзін сақтауының алмастыруға болмайтын, баламасыз тәсілі екені рас. Тек тез, қым-қуыт өзгеру осы күнге дейін адаммен бірге жасасып, "тағынан таймай" келген тілді аздыруы мүмкін[47].
Адамның ойы өсіп, танымы артып, қатынасы күрделі тартқан сайын тілге деген талап та арта береді. Ендеше тілді өз қалыбында ұстау — аз. Оны саналы түрде жетілдіру, ішкі қуатын асыру керек. Термин түзе отырып, ол түсініктің тілге, тіл арқылы оның сөйлеуішлеріне мүмкіндігінше түсініктілігін ғана емес, тілдің онан ары жақсара түсетіндей болуын да ойлауға тиіспіз. Кейбір ғалымдар: сөзде тұрған ештеңе жоқ, ол шартты таңба ғана, сөз ауысқаннан мағына, таным, білім өзгермейді, кез келген сөзді есте сақтап-қолдануға болады, теқ грамматикалық бірліктер, қосымшалар өзіміздікі болса болды, тіл қай сөзді де өзіне икемдеп алады, шетел сөзін алғаннан тіл бұзылып қалмайды деп есептейді. Бұл - тілдің өз сөздері, қосымшалары, шылау сөздері, грамматиқалық бірліктері арасында "туыстық" байланыс жоқ, олардың әрбірі кездейсоқ пайда болған деген сөз. Алайда бұлардың бәрі бірінен-бірі туындарлық, өзара тығыз байланыстағы бірліктер. Мысалы, -скопия, -графия, -грамма, -логия, -ведение, -метрия, -ол, -ойл, -оид, -ид, -ит, -ат немесе -тану, -нома, -жай, -басы сияқты бүгінде термин жасауда белсенді қоданылып жүрген буындар жұрнақтық сипат алып бара жатқан нақты мағыналы сөздер.
Ә.Қайдар терминдік жүйедегі төл және шетелдік сөздер ара салмағының белгісіздігін, арнайы зерттелмегенін, терминнің 70%-ын шетелдік етіп жіберу тіліміздің өзіндік жолымен дамуына өте қауіптілігін, термин жасау тілдің даму бағытын белгілеп, оның өзінділігі мен тазалығын сақтау амалы болып табылатынын, терминдегі табиғи үйлесімділіктің бұзылуы жалпы тіл дамуына нұқсан келтіретінін айта келіп, ұлттық тілді ғылыми-техникалық прогреске икемдеу, баулу қажеттігін және терминнің тілді жетілдіре түсетіңдей етіп жасалуы тиістігін мәселе етіп қойды[48, 58].
Әрине, тілдің түзеліп-жетілуі де, бұзылып-жарамсыз болын қалуы да аз уақыт ісі емес. Мысалы, еуропалық елдер тілдерінің латын тіліне қарсы күресі екі-үш ғасырға созылып, тілді "қорғау және көркейту" әрекеті әлі күнге жалғасып отыр. Яғни тілді түзеу - ғасырлап жасалар, ұзақ мерзімді іс және қолданушы-түзеушілерінің зерделілігін, көрегендігі мен тиянақтылығын талап етеді. Ал бұзылуы не бұзылғандай болуы үшін оны қолданыстан шығару немесе қолданыс аясын шектеудің өзі жетеді. Тілді өз табиғатынан бұра, ырғағынан тайдыра "дамытып", оған өзге тіл жүйесін тану да көп ұзамай-ақ одан өз қолданушылары кете бастауына әкеліп соғады. Мысалы, посторонним вход воспрещен тіркесін бөгде адамдарға кіруге болмайды, "Орыс бөлімдерінде қазақша сөйлеуге дағдыландыру", "Тіл мәдениетіне үйретудің әдістері" дегендер басқа тіл жүйесін тану болып табылады.
Бүгінде термин ғана емес, тіл дамуының өзі, адамдардың саналы түрдегі арнайы әрекеті объектісіне айналып отыр. Тілдің атаулар жүйесі болып қалуы, қандай да бір түсінікті сөздің басқа елес туғызбай, "дәл" атап тұруы жеткіліксіз. Қандай да өзгеріске ұшырауы тілдің бір орында тұрып қалмай, уақытқа ілескенінің кепілі болса, оның сөздік құрамының өзгеруін, ондағы ұлттық, шетелдік, шартты сөздер үлесін анықтау осы өзгерістің жетілу ме, әлде кері кету ме екендігін көрсетеді. Тілдің өз сөздері арқылы дамуы ғана оның тұрақты, тұтас екендігінің, ой өзгерісіне сәйкес табиғи түрленуге ұшырап отырғандығының, ой жұмысын бейнелерлік тіл жұмысы атқарылғандығының кепілі бола алады. Ал жалпы және белсенді сөздік қордағы шетел сөздері үлесінің артуы - тілдің табиғи дамуы тежелуінің көрінісі[ 49,65].
Терминнің бір мағыналы, синонимсіз, бейнесіз, эмоциясыз, дәл және қысқа болуы тиістігі мәселесі ғылымда елеулі орын алады. Әрі олар сөзге тән қасиеттердің терминде толық қалыс қалатындығы, терминнің тілдік жүйеден тыс тұрғандығы туралы ойларға алып келді. Алайда бұлай ойлаудың ішкі және тысқы себептері болды. Ішкі, табиғи себеп терминнің біршама арнайы түрде, аз уақытта жасалуынан, қолданыс аясының шамалы және уақытіпа шектеулілігінен, ғылыми түсініктің жаңалау, күрделілеу, дерексіздеу табиғатынан және олардың пайда болуында ой үлесінің, әрекет саналалығы мен кәсібилігінің басымдығынан туады.
Терминге қатысты ғылым мүддесінен туатын талаптар. Ғылым - аз адамдар тобы арнайы айналысатын кәсіп әрі біршама оқшау дүние. Осыған орай ол арнайы біліктілікті, жоғары машықтылықты, іштей ұйымдастырылғандықты талап етеді. Ал оның бірден-бір құралы термин бойында да сәйкес сипаттар болуы заңды. Бұдан терминге қатысты ғылым, кәсіп мүддесі туады. Жалпы терминге қатысты аталған мүдделер өзара тығыз байланысты, бірінен-бірі құралады және оларды бұлай біріктіруші темірқазық тіл сөйлеушілері. Сөйлеушілеріне түсінікті нәрсе тіл үшін де дұрыс та, тіл жүйесі үшін дұрыс жасалған нәрсе сөйлеушілеріне түсінікті болып, сол тілдің бір пұшпағы ғылым мүддесіне де тура келмек. Ал ғылыми мүдденің өзі де тіл сөйлеушілері мүддесінен туады.
Ғылым мүддесінен туатын талаптарды атаудың түсінікті терең, дәл, қысқа беріп, ойға ой қосарлықтай болуы, айтуға, ойлауға икемді, жеңіл болуы, атаулардың артық та, қем де болмай, ғылыми түсініктер құрамы мен қатынасына сай өзара жүйелі болуы тұрғысында тануға болады. Ғалымдар пікір алысы, тіл қатысы, ойлау, жазу жұмыстары өнімді болуы үшін ғылыми баяндау тілі қалыптасып-жетілуі шарт. Ғылым атауларын ұлттық тілде түзу ісі оның ғылымға да, халыққа да, тілге де бірдей қолды, қолайлы болуын ескеру, осы өзара тығыз байланыстағы талаптардың үшеуінің де үдесінен шығу міндетін жүктейді. Дәлдік терминге қойылар басты талап болып келді. Жай сөздің де мүмкіндігінше дәл болғаны артық. Ал саналы, кәсіби түрде жасалатындықтан, терминнің дәлірек, ықшамырақ болуы тиіс әрі заңды. Бірақ кез келген тілден түсініктің барлық ұғымдық белгілерін толық қамтып әрі бөгде елес тұғызбай да, дәл берерлік бірде-бір табиғи сөз табылмасы анық. Өйткені бұл - өзара сан-қырлы жүйелікте болып, иіліп-созылуға бейім, жаңа мағына туғызу потенциалы қатпар-қатпар сөз табиғатына да, ұғым табиғатына да жат құбылыс. Отбасы өз түсінігімізге тән. Бірақ около (у, при) огня деген бөгде елесі бар. Жанұя қазақша жасалған әрі жан- адам түсінігінде берілген. Бірақ душа, гнездо деген бөгде елесі бар. Түтін - ділде, танымда бар түсінік (түтін салық). Бірақ дым (орысша) түсінігін де береді. Ал таза, қылаусыз дәлдік кездейсоқ пайда болған және дара тұрған шартты таңбаға ғана тән. Абандон, абвер, абзетцер, абрис, аброгация абсцесс, абулия, абцугтер тура да, жаңсақ та елес туғызбайтындықтан, қай мағына, қай түсіндірмеге телінсе, сол мағына, сол түсіндірмені дәл беріп тұрары рас. Яғни ешқандай елес туғызбайтын шетел сөзі түсініктің дәл атауы болуға таптырмастай көрінеді[51,158].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
5. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас пен қатысым әдісінін ғылыми теориялық негіздері: Автореф. пед. ғыл. д-ры дис. - Алматы, 1996. - 58 б.
6. Ақаев С.Т. Терминнің танымдық табиғаты (моногр.), Алматы, 2005, 227.
7. Жұмашева Г. Қ. «Жаңа мектеп» журналының тіліндегі терминдер // Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін жазылған диссертацияның авторефераты. Алматы, 1996.
8. Барлыбаев Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. Алматы Мектеп, 1978. — 144 б.
9. Момынова Б. «Қазақ» газетіңдегі қоғамдық-саяси лексика. Алматы: Арыс, 1998. -110 б.
11. Қазақ тілі мен әдебиеті ғылыми журналы. 2010-2014 жылдар.
12. Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері. Алматы: Ғылым, 2005. - 426 б.
13. Дүйсенова Қ.Б. Терминдерді қазақшалау керек пе? //Зерде,2013, № 6, 7-9 66.
14. Жылқыбаева Т. Термин мәселелері //Қазақстан мектебі, 2010,№ 3, 43-45 66.
15. Оспанов С.Б. Термин - тіл бірлігі //Ұлт тағылымы, 2001, № 2, 114 - 118-66.
16. Асанов Т.Н. Термин мен термин емес сөздің айырмасы //Терминология: теория мен тәжірибе, Астана, 2001, 120 6., 93-99-66.
17. Дүйсенова А.С. Орыс тілі терминдік жүйесіне тән кемшіліктер //Терминология: теория мен тәжірибе, Астана, 2001, 120 6., 100-106-66.
18. Айтбаев О. Основы казахской терминологии. - Алматы: Арыс, 2000.
19. Ахметтану тағылымдары (Ғылыми мақалалар жинағы). - Алматы: Ғылым, 1998.-294 б.
20. Джусупов М. Фонемография А. Байтурсынова и фонология сингармонизма.- Ташкент: Узбекистан, 1985.- 176с.
21. Жүсіпұлы М. (Джусупов М). Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. - Алматы: Ғылым, 1998. -216 б.
22. Жалмаханов III. А. Байтұрсынұлы - қазақ лингвистикасы терминдерінін, негізін салушы. - Қарағанды: Болашақ, 1997. - 67 б.
39. Языковая номинация (Общие вопросы). –М.: Наука, 1977.
40. Янко-Триницкая Н.А. Процессы включения в лексике и словообразовании// Развитие грамматики и лексики современного русского языка. –М., 1964.
41. Арутюнова Н.Д. О номинативном аспекте предложения// ВЯ, № 6, 1971.
46. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ғылым. –1974-1986. I-X томдар.
47. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Оқулық. – Алматы, 2001.
48. Ерғазиева Н. Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке. Автореф. дис. ... канд. –Алматы, 1972. –29 с.
49. Бiләлов Ш. Ұлттық ғылым тiлiн қалыптастырудың өзектi мәселелерi. – Алматы: Санат, 1996. – 425 б.
51. Головин Б.Н., Кобрин Р.Ю. Лингвистические основы учение о терминах. –М.: Высшая школа, 1987. –103 с.