Материалдар / Қазақстанның сол кездегі ішкі-сыртқы жағдайларын талдап, қорытынды жасауға дағдыланып
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қазақстанның сол кездегі ішкі-сыртқы жағдайларын талдап, қорытынды жасауға дағдыланып

Материал туралы қысқаша түсінік
Тарихи кеш сценарийі. Кештің мақсаты: Оқушыларды ҚР-ның жеткен жетістіктерімен таныстыру. Тәуелсіздіктің мәнін терең ашып түсіндіру. Қазақ халқының ерлігін, даналығын паш ету, оның ізгі қасиеттерін ардақтап, өнеге тұту. Елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезім ояту. Елжандылыққа, ұлтшылдыққа, адамгершілікке, тілін, дінін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
08 Қаңтар 2018
316
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«Тәуелсіздік елімнің-ерлік жолы»

/тарихи кеш/


Кештің мақсаты: Оқушыларды ҚР-ның жеткен жетістіктерімен таныстыру. Тәуелсіздіктің мәнін терең ашып түсіндіру. Қазақ халқының ерлігін, даналығын паш ету, оның ізгі қасиеттерін ардақтап, өнеге тұту. Елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезім ояту. Елжандылыққа, ұлтшылдыққа, адамгершілікке, тілін, дінін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу. 

Көрнекілігі: Бейнефильм, көркем суреттер, оқушылардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған суреттері, безендіруге арналған – шарлар, Қазақстан жерімен бейнеленген сахна көрінісі


Көрініс «Егемендік деген не?» (Атасы мен немересі Ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп дем алып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі келеді.)

Немересі: - Ата, не ойлап отырсыз?

Атасы: - Ә, балам, атаң не ойлайды дейсің! Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.

Немересі: - Ата, өткен өмір деген не?

Атасы: - Ә, балам, «Өткен өмір» сонау ежелгі ата - бабаларымыздың ерте кезден белгілі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?

Немересі: - Ал, ол қандай болған?

Атасы: - Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін.

Болмаса да оқыған тарихшы атаң,

Жинады ескілерден тарих хатын.

Мақсатым, кейінгі ұрпақ ұмытпаса,

Айтылған аталардың аманатын. (Қазақ халқының басынан өткен тарихқа байланысты видеоролик көрсетіліп тұрады) (Атасы мен немересі ойланып отырады)

Немересі: Ата, ата біз мектепте тәуелсіздік туралы өлең жаттадық. Айтып берейін бе?

16 - желтоқсан

Ел мерейі тасыған

Қазақ деген қалың жұрт

Бәрін кешті басынан

Естісін ел үніңді

Дүние түгел естісін

Тәуелсіздік туыңды

Биік көтер, жас ұлан!

Көрініс жалғасады.

Атасы: Иә, балам... Қазақ халқы басынан не өткермеді дейсің. Сондықтан балам, сен де өз тарихыңды білуге тиістісің.

- Тәубә. Бұған да тәубә. Егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.

Немересі: - Ата. «Егемендік» деген не?

Атасы: - Егемендік – деген....

Көптен бері естілмеген ерен сөз,

Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,

Көркем жігіт болып өссе көген көз.

Егемендік ел болудың белгісі.

Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күні,

Егеменді деген сөзден естілер,

Ата жұрттың арғысы мен бергісі –

Міне «Егемендік» деген осы.

Енді міне, желбіреген көк байрағымыз, айбынды ән ұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егемендік Еліміздің келешегін өзің сияқты ұрпақтарыма тарих етіп баяндап аталарың тұр. Ұмытпаңдар айналайын ұрпақтарым!

І жүргізуші:

Атыңнан айналайын егемен ел,

Тәуелсіз күнің бүгін кенеле бер,

Мейрамың құтты болсын, тәуелсіздік!

Ғасырдың тойы болшы келе берер.

ІІ жүргізуші:

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің

Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің

Бүгінде бар әлемге даңқың жеткен 

Тәуелсіз Қазақстан – елім менің!

І жүргізуші: Армысыздар қадірлі қонақтар, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар! Биыл 2016 жылы дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан көтерілісіне 30 жыл болды. Ал, егеменді еліміздің Тәуелсіздігін алғанына  25 жыл толған мерейлі тойына арналған «Тәуелсіздік елімнің-ерлік жолы»  атты тарихи кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

ІІ жүргізуші:

Шарықта, шарла көкті көк байрағым,

Арманым,  Азаттығым, көпке айғағым.

Мен сенің салтанатты сағатыңа

Өлеңмен алтын шашақ шоқ байладым.

Ал самға, әлем кезіп, Әнұраным

Қалықта Елтаңбасы- шаңырағым.

 /ҚР Мемлекетік Гимні орындалады/

І жүргізуші:

Мен қазақпын, бір биік белеспін мен,

Еуропада,  Азияда емеспін мен.

Аралықпын жетінші материктей,

Бірақ барша адаммен тең өстім мен.

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім.

ІІ жүргізуші:

Бостандық! –деп аталатын асқақ арман жолында  қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл,  бір мезет емес, талай ғасырларға созылған. Осы  арпалысты жай тілмен тарих дейді. Ендеше тарих беттеріне тағы  бір зер салайық.

І жүргізуші: Тарих тереңінде қалмай сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып, дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы алмағайып. Ауыздықпен алысып, етігімен су кешкен ауыр күндерге төтеп көнбіс те болды, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда барын шайқап, аста төк жомарт та болды. Әупірім зор заманға тән сұрқылтай күйін де кешті. 

ІІ жүргізуші: Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты. Бүгінгі Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр. Іштей булыққан бұлқынысы мен өкініші, жеңілістері мен жеңістері жатыр. Бүгінде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы  ежелден қалған үлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің заңды мұрагері болып саналады. Әдетте, біз қазақ ұлысының қалыптасуын, Қазақ хандығының жеке орда тігуін Жәнібек пен Керей хандардың есімімен байланыстырамыз. Бұл кезең қазақ халқының болашағы үшін шешуші тарихи сәттердің бірі болғаны рас. 

Сахналық көрініс. «Сұлтандар кеңесі»

/Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан сұхбат құруда, үйге бір топ ақсүйектер кіреді/

 -Ассалаумағалейкум,ағалар.

-Уағалейкумассалам, төрлетіңіздер.

Еламан: Ақсүйектер басшысы:-Біз бір маңызды мәселемен келіп тұрмыз. Елді бей –берекетсіздік басып алды.Хан-екем соғыстарды үдетіп, салықты көбейтті. Әскери дайындықсыз, батырларды құдалау негізінде ойраттардан жеңілгені өздеріңізге мәлім. Бөлінетін кез келмеді ме екен?

Мағжан: Жәнібек:-Ия, сөздеріңіз рас, ханның қаһарына жергілікті сұлтандар мен қарапайым халық та ілігіп отыр. Өз алдымызға ел болатын күн келді.

 Ернұр: Керей: - Бар қазақты біріктіретін уақыт келгенін халық та түсінді, соңымыздан ереді деп сенемін.

 Мағжан: Жәнібек:-Елдігімізді сақтау үшін туған жерден жырақтауымызға тура келеді. Моғол ханы Есен Бұға туысымыз дулаттардың көмегімен хан тағына отырды. Бірақ бауыры Жүніс Темір әулетімен одақтасып ағасына қарсы шығуда. Есен Бұға інісіне қарсы одақтас іздеуде. Сонда жол тартсақ қайтеді?

 Ернұр:Керей: Ия,көшсек көшейік. Сол жаққа көшіп барып, Ұлы жүзбен бірігейік.

Еламан: Сұлтандар: -Біз дайынбыз бастаңыздар көшті.Біз сіздермен біргеміз.

Мағжан: Жәнібек: Кереке, ұзақ жолға шыққалы тұрмыз. Өзінің бір бата беріңіз.

Ернұр: Керей:

Жолыңды Алла қолдасын,

Жаманшылық болмасын.

Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,

Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.

Барған жерде құшақ жая қарсы алсын

Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.

Жалпақ емес, жақсы жермен танысқын

Алла жебеп ұшқан құспен жарысқын,

Көңілің шат, ат-көлігің арымай,

Отбасыңмен аман-есен табысқын.

Әумин.


І жүрізуші: ХVІІ ғ.20 жылдары жоңғарлар Жетісу жері арқылы Қазақстанға баса – көктеп кірді. Қазақ халқы 100 жылдан астам уақыт жоңғарлармен күрес жүргізді. 1723 жылы басталған қазақтардың босуы «Ақтабан шұбырынды» деп аталды. Қаһарлы жаудан үріккен бейбіт халық шұбыра көшіп, қырғынға ұшырады. Қазақ батырлары жоңғарлардың шапқыншылығына  қарсы бақ тірескен күрес жүргізді. Бұл күрес қазақ халқының өз бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы бүкіл халықтың күресіне айналды. (Бейнефильм) 


Сахналық көрініс: Ақтабан шұбырынды. 

ІІ жүргізуші: 1723 жылы қазақ халқы айтқысыз зор зобалаңға тап болды. Ата – қоныс, құтты мекен, мал – мүлкінен айрылған, жаяу шұбырған халық қанғырып, қыстың ақ қар, көк мұзында малы жұттан, үсіп өлді. Ашаршылыққа ұшыраған халық өсімдік тамырларын, жаужұмыр, алғыр, қозықұйрық сияқты жабайы өсімдіктерді теріп жеп, қайыршы күн кешті. (әйелдер, балалар, қарт пен ана шығады.) 

Қария: Уа, ел жұртым! Мынау қандай заман болды, жұртымның тоз – тозы шықты. Көш кетіп барады. Елім аштан қырылуда. 

Ана: Құдайым – ау, біз болсақ қартайдық, ең болмаса мына балаларға жәрдемдес, осылар тірі болсыншы, ұрпағымыз аман қалсыншы. 

1 – қария: Адам баласы өмірінде көрген жақсылық пен жамандықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп айтсақ екен? 

2 – қария: Бұл ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама болсын. Мұның мәнісі, Атамекен мал  мүлкінен айырылған аш – жалаңаш, босқан ел шұбыра – шұбыра табаны ағарып, азып, тозды, ел жұртынан айырылды. 

1 – қария: Дұрыс айтасыз, қария, әбден шаршадым, қалжырадым, біраз әлденіп алайық. /«Елім – ай» әні бейнероликтен көрсетіліп тұрады.Соңынан бәрі тұрып бастарын иіп сахнадан шығады.  

ІІ жүргізуші:  Қазақты ел еткен Әз Жәнібек, Тәуке хан, Абылай хандар, жерін қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырларымыз. Елге ақыл айтқан, дауларын шешкен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер еді. 

Тарихи көрініс: 

(Хан ордасына Абылай, Төле би, қасында Қабанбай, Бөгенбай сынды баһадүр қолбасшылар келе жатады. Қарсы жақтан Бұқар шығады.)

Бөгенбай: Бұқар жырау келеді!

Қабанбай: Арқаның ардагерін қарсы алайық!

(Ордаға Бұқар жырау  келеді. Абылай хан амандасып,оң жағынан орын береді)

Бұқар жырау:Армысың, Абылай?!

Абылай: Бармысыз, Бұқар баба?!

(Бұқар сәл ойланып,Абылайға қарап сөз бастайды)

Бұқар: Біз бармыз-ау, хан ием. Қазақтың халін айтсаңдаршы, сол мендегі зар, сол мендегі запыран… Қандауыз жоңғар қазағымды құл қылғысы келеді. Қызымды басыбайлы күң, ұлымды мұрны тесілген құл қылмақ. Қайран қазақтың халі өте нашар, берекесі жоқ елдің бірлігі жоқ. Не қылмақ ойың бар, а, Абылай?

(Ордада үнсіздік)

Бұқар: (Абылайға түйіле қарап) Бар сенгеніміз сенсің, Абылай! Баста мына еліңді!

Төле би: Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді.Тұрған жерін тұрақтаған, тұғыры биік ел едік, іргемізді ірітпей, бір жеңнен қол шығарып, атам қазақтың елдігін сақтап қалар кез келді.

Бөгенбай: Қарт баба дұрыс айтады.Үш жүздің қазағының басын қос, баста мына еліңді!

Бұқар: Сайдың тасындай даңқты батырларың мен қаны қазақ сені қолдамаса, маған кел! (Абылай ойланады)

Абылай: Ақиқатты ғана айтасың-ау,жырауым! Ақтабан шұбырындының кегі үшін ғана емес, қазақтың бостандығы үшін бүгін осы Ақордаға жиналып отырмыз.

Заман қилы, жол ирек,

Ойласарға орын тар,

Ойланбай бірақ іс қылман…

Елдескенмен елдесем,

Есем кетпес жауыма,

Белдескенмен белдесем,

Еңсем түспес дауына,

Қарыштап алға құлшынып,

Асқарға сермеп,

Арманға жетем ұмтылып,

Қайтсемде елді ел етем,

Өзгелермен тең етем…

Азаттық жол-азапты

Төземісің әлеумет!

Төзсең егер, әлеумет

Зорлықты жеңер ар-намыс

Шығарар тардан тәуекел

Тәуекелге бел байлап,

Қазақтың қайсар намысы

Болмасын дер қара жер

Жойқын жаудың жолында,

Жойылмасын деп қайран ел

Азаттықтың қаны үшін

Болашақтың бағы үшін

Ұлы жорық бастаймын!

Еремісің әлеумет!

Қабанбай: (Оң қолын кеудесіне қойып, сөз сұрайды) Хан ием, қазақтың шүршітте кеткен қанды кегі бар. Жорыққа аттануға біз дайынбыз. Құдай қаласа, қазақ жері азат болады!

Барлығы: Аттанайық, аттанайық!

(Бейне фильм) 

І жүргізуші:1837-1847 жылдар Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс. 1836-1838 жылдар Ішкі Бөкей ордасындағы көтеріліс, 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болды.

ІІ жүргізуші: 1925-33 жылдары Голощекин Қазақстанда әлі революция болмаған деп «Кіші қазан» саясатын жүргізді. Елді аштық тығырығына тіреп, негізгі күн көрісі мал болған қазақтар 2-3 жылда малдарынан түгел айырылып, Қазақстанда тұратын 2 млн. қазақ аштықтан қырылды. 

І жүргізуші:1937 жылы асыра сілтеудің кесірі – біздің қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан жас теректердің тамырын қиды. 

ІІ жүргізуші: Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді. 

І жүргізуші: Енді бұрынғыдай атқа мінгізіп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтын еді. Ендігі жол – қараңғы қазақ халқының санасына сәуле шашып, өнер білім арқылы ұлттық санасын оятуды ойлаған қазақ зиялыларының жолы. Олардың із ашары ұлы Абай болса, Шоқан, Ыбырай, Міржақып,  Сұлтанмахмұт сияқты тұлғаларды тарих беттерінен оқып келеміз.

ІІ жүргізуші: Өткен ғасырдың басында тарих сахнасында: «Оян, Қазақ!» деп жар салған зиялылардың жаңа шоғыры шықты. Дербес мемлекет құруды  аңсап, азаттық жолында бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайреткерлерінің бәрі де тоталитарлық өктемдіктің құрбаны болды. Отаршыл жүйенің озбырлығын  көрген қазақ халқы отызыншы жылдарындағы зобалаң тұсында орасан нәубетке ұшырап, қынадай қырылды. Сол кезде саны 5 миллионға жетіп қалған қазақ халқы бірер жылдың ішінде тең жарымынан айырылды. Көпшілігі аштықтан өлді, қалған қазақ айдалып кетті, атылды, жер аударылды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Мұстафа, Әлихан, Ахмет ағаларымыз сол нәубеттің құрбаны болды емес па?  (Бейне фильм ән)  

І жүргізуші: 

Бұлт  түнеріп  аспаннан,

Талай көзден жас тамған.

Тұткиылдан жау тиіп,

Қырғын соғыс басталды.

1941 жылы  22 маусым күні таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жаткан кезде, елімізге қауіп төнді. Халкымыз адам айткысыз қиын кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді. Соғыс басталысымен барлық ер-азаматтер Отанын қорғауға аттанып кетіп жатты. Арттарында жылаған балалары мен жарлары, ата-аналары қалып жатты. Осы сұрапыл соғыста жауды талқандап Ұлы Жеңіске жетуге қазақстандықтар да сүбелі үлес қосты. Жүздеген мың қазақстандықтар қолына қару алып, өз Отанының намысы мен бостандығы үшін күресті. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде өлімге бас тікті, Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинді шабуылдады, Рейхстагқа Жеңіс туын тікті.

ІІ жүргізуші: Иә, «Жеңіс» бізге оңай келген жоқ. Бұл қасіретті соғыста 70 миллион адам құрбан болса, соның 25 миллионынан астамы Кеңес Одағынан, ал 650 мыңнан астамы қазақ болды. Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін деген ұран әр адамға жалынды күш берді. Кеңес Одағының батыры атағын алған Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сияқты аталарымыз болса, Әлия мен Мәншүк сияқты апаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. 500 – ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды. /Бейнеролик/


І жүргізуші: /Бейнеролик/ 20 ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел қазақ көргенді көрген жоқ. 1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.

ІІ жүргізуші: Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Ядролық сынақтардың салдары сол жерде тұратын адамдарға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, иммунды жүйе мен қан құрамының бұзылуына байланысты  ауруға шалдығып, көптеген сәби дүниеге жарымжан болып келді.  Жалпы, бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн адамнан асады.

І жүргізуші: Осыдан 25 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Осылайша полигонда 40 жылдан астам жүргізілген жарылыстың үні мәңгіге өшті Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі бұл. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен шығарылды. Осылайша, Қазақстан адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет ретінде белгілі болды.

ІІ жүрізуші: Иә, тарих қойңауыңда тағы да бір кезең. Ол 1986 ж. 16 желтоқсандағы Алматыдағы Қазақ жастарының көтерілісі еді. Желтоқсан құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова т.б. жастарымыз тәуелсіздік жолында құрбан болды.     

Көрініс: «Көңіл толқыны» күйі жәймен орындалып, ортада Ана отырады.

Сахна сыртынан Қайраттың рухы:        Елбең, елбең жүгірген Ебелек отқа семірген Арғымақ мінген жаратып Ақсауыт киген темірден Алатаудай бабалар Аруағыңмен жебей көр! – деген Қайраттың дауысы естілді. 

Ақмарал: Ана: Ойпырмай, биіктен құлаған тау суындай буырқанған тасқынды бұл үн    кімдікі өзі? Жас тұлпар тұяғының дүбірі естілгендей ме өзінен? Оқыстан шыққан айқай – шуды, сол шуға бүйірі қызған дара боздың шабысындай мына үнді қайдан естіген едім? Ойпырмай, ия, ия, сол дауыс қой мынау, Қайраттың дауысы ғой, таныдым. Тоқыраудың тоғышарлары тобықтан қағып құлатқан Қайратымның үні ғой бұл. Ия, ия, дәл сол! Қалай болып еді өзі?!  

І жүргізуші: Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 86-ның 16 желтоқсаны еді. Таңертеңгілік сағат 10-да бар-жоғы 18 минутта 26 жыл Қазақстанды үздіксіз басқарып келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев орнынан түсіріліп, орнына Генадий Васильевич Колбин ешкімнің пікірінсіз тағайындалған еді ғой.

(Ана ортадан ақырындап кетеді)

Көрініс: Ортаға дабырлай басып бір топ жастар шығады. Барлығы дабырласа: Естідіңдерме? Бұл не масқара? Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз? Ең болмаса ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда кім ойлайды? Жан-жаққа жатақханаларға, институттарға, қыздарға хабар барды ма екен? 

1-жігіт:

Дүрсілкінді қайдан да қоңыр аймақ,

Бағы жанама қалама соры қайнап

Ұран жазып қып-қызыл ту көтерген

Бізде шықтық алаңға «Елім-ай – лап» 


2-жігіт: Ербол Сыпатаев: демократияны бұғаудан босатыңдар, әр халыққа өзінің көсемі керек. 

1-қыз: СәбираМұхамеджанова: бұл дегенің ҚКП-да беделдің қалмағаны,  құрып барады емес пе? 

3-жігіт:

Ескерусіз дін жатыр сүресінде

Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап.

Санаспайды-әй, бұлар тегі ешкіммен

Жариялылық дегенің елес, білем. 

2-қыз: Ләззат:

Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр

Көлеңке күннен де тимейді нұр.

Колбин деген кім екен, қайдан келген,

Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл? 

3-қыз Сәбира:

Өгей қозы біз болдық енемізге

Келімсектер шықты ғой төбемізге

Ақиқат жоқ маңайың толған аңыз

Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз. 

(Осы кезде жан-жақтан милиция, солдаттар қоршай бір дөкей шығады.)

Тараңдар әйтпесе күш қолданамыз.

(Ешкім қозғалмайды, осы кезде жаңағы дөкей қолын сілтеп қалады. Сойылмен соғу, қыздардың шашынан сүйреу, тепкілеу, айқай шу, қызыл қанға боялады)

 

ІІ жүргізуші: Ия, тарихта «Құйын-86» деген атпен мәңгі қалатын бұл жойқын шабуылдың құрбаны болып қазақ қыздары мен жігіттері біздің    арамыздан кете барды. 19-желтоқсан. Ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған    энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев   әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.  

І жүргізуші: Сол бір ерте түскен қыс тоқырау жанжалының табанында аяусыз,  армансыз тапталған ар-намыстың ышқынған дауысы құлағымызда әлі   шыңылдап тұрғандай. Бұл дауыстың ішінен қызғалдақтай Ләззат сенің     де ләззат үнің талып естіледі. Сен тірі болсаң, қазағыңның мәдениетін     дамытуда үлкен үлес қосар едің-ау.

Еліңнің сен намысы үшін

Құрбан еттің жаныңды

Мазақ етіп қорлай алмас

Ешкім сенің арыңды.  

ІІ жүргізуші: Сәбира, Сәбира Мұхамеджанова бар жоғы 16 жаста еді.   26-желтоқсан күні Астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін өзінің ар- намысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына   училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай, Өскемен педучилищесінің 1- курс студенті Сәбира Мұхамеджанова    жатақхананың 5-ші қабатынан құлап өлді.

І жүргізуші:  

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың

Айналайын, айналайын, жасөркені халқымның

Ерте айтылды, сондықтан да келте айтылды бұл әнің.

- Ия, бұл жазықсыз құрбан болған қазақ азаматы Қайраттың соңғы күні. Ол 1987 жылдың 1-қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқындылған еді. 

Көрініс:  «Қайраттың жауабы»          

(Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып, түрме жыры өлеңін оқып шығады.)

ТҮРМЕ ЖЫРЫ

Темір тор, жамбасыма тақылдайсың, 

Өзіммен бірге туған жақындайсың. 

Телміріп темір торға қаматқанша, 

Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім, 

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін. 

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып, 

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік, 

Ас берер ортасында жалғыз тесік. 

Күніне ұзатары үш тілім нан, 

Өлмейтін саған тиер осы несіп.

(Содан кейін қатты шаршап, былай дейді.)

Қайрат: Уһ, әбден шаршадым ау, жүйке тамырым жұқарды ғой ! Қайран бостандық!

Кезекші: Заключенный Рысқұлбеков на допрос! (Қайратты алдына салып, тергеу бөлмесіне әкелді.)

Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков! Сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?

Қайрат: Егер ол көшеге бармасам, оларды қайдан көрейін?

Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.

Қайрат:  Олай болса мені сол адаммен беттестір. Бұл өтірік жала!

Тергеуші:  Ах, ты декабрист несчастный! Я тебя покожу өтірікті жала дейді еще. (Ұрып соғады. Есінен танған Қайраттың бетіне су шашады)

Тергеуші: Әй Рысқұлбеков! Сен Савицкиді өлтірдім деп мойныңа ала сал. Сонда сенің жазаң жеңілденеді.Егер сен Савицкиді өлтіргеніңді мойындасаң әкеңе тиіспейміз.Әйтпесе әкеңді де.

Қайрат:  Жолдас тергеуші! Бұл жала ғой! Өлтірген адамды өтірік өлтірдім деп қалай мойындаймын? Туған адам түгіл, тышқан да өлтіріп көргенім жоқ қой.

Тергеуші: Заключенный Рысқұлбеков! Сен ақымақ болма! Өлтірдім деп мойында. Бұл бір. Сен әкеңнен 4000 сом алып, мына менің жұмсақ алақаныма сал, бұл екі.Түсіндің бе мақұлық?

Қайрат: Жолдас тергеуші! Ауылда өз күнін әзер көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін төлеуім керек? Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ қой.

Күнәдан таза басым бар

Жиырма бесте жасым бар

Қасқалдақтай қаным бар

Бозторғайдай жаным бар

Алам десең алыңдар

Қайрат деген атым бар

Қазақ деген затым бар

Еркек тоқты құрбандық

Атам десең атыңдар!

/Бейнеролик/

ІІ жүргізуші: Президенттің жарлығымен 1996жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке “Халық қаһарманы” атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен “Алтын жұлдыз” тапсырылды. Сабира,  Ләззат,  Ерболға  “Ақтау жөніндегі анықтама”  қағаздары берілді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды барынша, ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз:   Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет сынды ағаларымыз көп еңбек етті.


І жүргізуші:

Атыңнан айналайын егемен ел,              

Тәуелсіз күнің туды кенеле бер.

Мерейің құтты болсын Қазақстан

Ғасырлар тойы болшы келе берер!

ІІ жүргізуші:

Есті ерлер жүрмейді желік ертіп,

Елеулі іске қосар емірентіп.

Бүгінгі кеш қонағы апайымыз

Сөз сөйлесін баршаны тебірентіп,-дей отырып, келесі құттықтау сөз мектеп директоры Қырықбай Ардақ Мұхаметжанқызына беріледі.


І жүргізуші:

Ту тігілді халқымның бүгін бағына

Жас өрендер желбіретіп нық ұста

Ғасырларға жалғастырып елдікті

Дақ түсірме ата баба рухына

Үлгі бізге аталардың ерлігі

Ұлағаты өнегесі еңбегі

Тәуелсіздік туын ұстап жоғары

Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік елімнің-ерлік жолы» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.

ІІ жүргізуші:

Қазақ елім! Туды жастық дәуірің.

Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.

Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,

Туған күнің құтты болсын, алыбым!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын. Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!

/Көк тудың желбірегені ән орыдалады/



14


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!