Материалдар / ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Желтоқсан 2017
373
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ


Қызылорда облысы Шиелі ауданы №153 Ш. Есенов атындағы мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі Оралбаева Айгуль Палмаганбетовна


«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары,
мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады.
Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр»
Нұрсұлтан Назарбаев

Болашақта өркениетті дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанды дамыған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарында терезесін тең ететін – білім. Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқу үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Мектеп өміріне еніп отырған жаңа технологиялардың ерекшелігі өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан-жақты дамыту. Бастауыш сынып – оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезең. Сондықтан бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы, қиын да жауапты іс. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Қазіргі заманның талабына сай болу педагогтардың алдында тұрған  негізгі мақсат болып табылады, олар:

  • баланы оқи білуге үйрету;

  • баланы ойлауға үйрету;

  • баланың өзін-өзі тұлға ретінде дамуына жағдай жасау;

Осыған орай мектеп білімі түбегейлі жаңартылып, мұғалімнің қызметінің мақсаттары кеңейіп, үлкен өзгерістер үстінде. Әр педагогтың міндеті-оқушының шығармашылық ойына бағыт беру, шығармашылық ізденісті қолдау, жағдаяттар туғызып, оның шешімін табуға бағыттау, жаңаны іздеуге, жүйелі зерттеулерге талдау жасауға талпыныс беру.

Осыған орай қазіргі  таңда бастауыш сынып мұғаліміне  кәсіби - тұлғалық құзыреттілігін қалыптастырып, білімін жетілдіру мақсатында мына міндеттер жүктеледі:

  • Өзінің кәсібіне деген қызығушылығын арттыру;

  • Өзін кәсіби маман ретінде сезіну;

  • Педагогикалық біліктілігі сауаттылығы;

  • Педагогикалық үдеріс теориясын өз тәжірибесінде пайдалана алуы;

  • Бастауышта оқытылатын пәндердің теориялық білімділігі;

  • Шығармашылық қабілетінің болуы;

  • Жаңа педагогикалық технологияны меңгеру, пәндерді оқытуда компьютерді пайдалана алуы;

  • Өзінің педагогикалық жетістігі мен кемшілігін бағалай алуы;

  • Нәтижені пайымдай білуі;

Осы аталған міндеттерді қарастыра отыра, үйрену мен ізденуді қажет ететін сала ашыла береді.

«Білімді меңгергенмен, пайдаға асырмаған адам – жерін жыртқанмен, тұқым сеппеген диқанмен бірдей» деген қағиданы ұстанамын. Әрине қазіргі жаһандану заманында білімге түбегейлі өзгерістер енгізу оңай іс емес екені белгілі. Бірақ қазір адам баласының сана-сезімі заман ағымына қарай бағытталуы тиістілігі заңдылық. Сондықтан біз әлем елдерінің көшінен қалмауға тиіспіз. Өз тәжірибемде үлкен, айқын өзгерістерге қадам бастым, әрине, ол өзгерістер жеті модуль идеяларына қатысты. Жан-жақты зерттелген деген нық сенімді оймен қолданып келген дәстүрлі әдісіміз маған тиімді де, ешқашан  өзгермейтін сабақ үлгісіндей болып кеткен еді. Сол кездегі тиімді деп  өткізіп келген дәстүрлі сабақ берудің үлгісін, қазіргі оқып жатқан бағдарлама негізінде құрылған сабақтың үлгісімен  салыстырсам айырмашылықтары жер мен көктей. Дәстүрлі әдіс бойынша  45 минут бойы өзім сөйлеп, өзім іс-әрекет жасап, барымды салып түсіндіріп, түсінбеген жерін бірнеше рет қайталап,   суреттер, кесте арқылы көрсететін тұстарым болатын. Бұрынғы дайын білім беретін «дәстүрлі» стильмен оқытып үйреніп қалған мен сыни тұрғыдан ойлау қабілеттері дамыған оқушыларды қалыптастыру  үшін өзімнің де сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерімді дамыту керектігімді түсіндім. Өзім жұмыс істейтін мектепті өзгерту үшін не істеуім керек? деген сауалдар төңірегінде бір сәт өзімнің оқып, көңіліме түйгенімді таразыға салып, тереңірек ойлануға тура келді. Сындарлы оқыту бағдарламасы оқу тәжірибесін өзгерту үшін не істеу қажет, сонымен қатар осы өзгерістерді қалай енгізу керектігі туралы негізгі идеяларды қарастырады.

Сабақ оқушының шынайы қызығуы мен өз сұранысын қамтамасыз етерліктей шығармашылық ізденіс қабілетіне орай құрылуы қажет екен. Сондықтан сабағымды «Қалай өткізуге болады?», «Бұл тақырыптағы негізгі идея не?», «Алған білімін оқушы өмірде пайдалана алады ма?» деген сұрақтарға жауап іздеумен үндестірдім. Мен бұрын сабақтарыма мақсатты жалпылама қойып, өзіме бағыттай отырып нәтижеге қаншалықты жеткенімді білмеуші едім. Дәстүрлі сабақ беру әдістемесі бойынша біз үш мақсатты белгілеп жүрдік. Ол үш мақсаттың орындалғаны маңызды емес, көп болып жазылып тұрса, көп жұмыс жасайтын сияқты түсінікке шырмалып қалғанбыз. Ал қазір мақсаттың нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы, уақытпен айқындалған (SMART) болғанда ғана нәтиже көрсететінін түсіндім. Енді сабақтарымды SMART мақсатқа негіздей жоспарлағанымда ұтымды болатынын, сонымен қатар әр сабағыма бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыра жүргізсем оқушының білім деңгейі артатынын білемін. Оқудың әрбір кезеңінде алға ілгерілеуді қамтамасыз ете отырып, «қалай оқу керек?», «нені оқыту керек?» деген сұрақтар арқылы жоспарымды жасадым. Жоспар құруда баланың жас ерекшелігін, сабақты қабылдауын, білім деңгейін ескердім. Осындай мақсаттарды негізге алып, оқушылардың бойына сыни көзқарас қалыптастырып, топпен ынтымақтастықта болып, өзін-өзі бағалауға, кері байланыс жасауға үйреттім. Әр сабақты бастар алдында түрлі сергіту сәтін ұйымдастырғанымда оқушылардың бірлесіп білім алуына оң әсерін тигізгенін байқадым. Алғашқы сабақтарымда топқа бөлу кезінде жоспарымнан тыс көп уақыт кетіп қалғаны сәтсіз болды, өйткені сыныптың тарлығы, оқушы санының көптігі (25) кедергі болды. Топқа бөлінуден кейін ауызша кері байланыс алу мақсатында «Қандай кедергілер болды?» деген сұрақ тастағанымда бір оқушым «Сынып тар болды және топта оқушы саны көп, сол маған кері әсер берді» деп жауап берсе, бір оқушым «Топқа бөлінерде ұлдар қатты сөйледі, менің орныма отырып қойды, маған сол кедергі болды» деп кері байланыс берді. Мен өз қателігімді мойындадым. Келесі сабақтарда осыны ескеріп, кең сыныпты таңдадым және үш топқа емес төрт топқа бөлуді жоспарладым. Сондай-ақ топпен бірлесе отырып, топ ережесін құрдық. Нәтижесінде соңғы сабақтарымда оқушылар жылдамдықпен белгіленген уақытта топқа бөліне алды және топтық ережелерді сақтап, сыныпта тәртіп орнады деп айта аламын.

Білім берудің сапасын жақсарту мақсатында сын тұрғысынан ойлауға үйрету модулін сабақтарымда қолданып жүрмін, себебі мені қызықтырғаны баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы болады. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысын арттыру мақсатында «Сұрақ-жауап», «Топтас, ойлан, тап» әдістерін тиімді қолданғандым деп ойлаймын. Мен бұрынғы сабақтарымда үнемі жалпылама не? қайда? қашан? деген сұрақтарды қоюмен шектеледі екенмін, енді ашық сұрақтарды қою арқылы баланың тақырыпты терең ойлануына, сабақты түсініп айтуына мүмкіндік беретінімді білдім. Жаттап айту тек түсінік айтуға ғана мүмкіндік берсе, ал ашық сұрақтар қолданған кезде диалогтың құрылуына, тақырыпты меңгеруде түсініп айтуына мүмкіндік берді. Сондықтан мен өзімді осыған дағдыландыра отырып оқушылардың да ашық сұрақ қоюына жұмыс жасадым. Бірақ оқушылардың ашық сұрақ қойып дағдыланбағаны әлі маған қиындық тудырып тұр. Оқушыларды ойландыру үшін ашық сұрақтар қою керектігімді түсіндім. Бірінші сабағымда балалардың ашық сұрақтарға жауап беруі уақытты көбірек алды. Сөйтіп ойлануларына көп уақытым кетіп жатқанда, мен дәстүрлі сабаққа қарай бағытталып жатқандығымды байқадым. Өйткені біздер балаға дайын білімді айтып берумен шектеліп үйреніп қалғанбыз. Дегенмен кейінгі сабақтарда мен балалардың ашық сұрақ қоюға және тұщымды жауап беруге дағдылана бастағанын байқадым. Мен өзімнің бұрынғы жіберген қателіктерімді тапқандай болдым, оның себебі әр баланың қабылдау деңгейін, жас ерекшелігін ескеру қажет екен. Сабақтарымда көбіне жабық сұрақтар қойылатындықтан баланың тілдік қоры да қалыптаспайтынын, диалог жүрмейтінін түсініп, енді сабақтарыма ашық, баланы сыни ойландыра отырып жауап алатын сұрақтар беріп, жауапты алуға асықпай, уақыт беруім керектігін түсіндім.

Әрбір сабаққа  жоспар құрар алдында «Менің оқушыларым не істей алады?», «Осы тапсырмалар оларға қиындық келтірмейді ме?» деген сияқты алдымен ойланып аламын. Сабақ жоспарын оқушылардың өз беттерімен меңгеруіне ыңғайлы  етіп және олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып құрамын. Оқушылар жаңа тақырыпты меңгеруде постер қорғап түсінігін жеткізуде бірі сурет салып, тағы бірі эссе жазып, бірі венн диаграммасын құрып белсенділік танытқанына көңілім толды. Алайда байқасам тек озат оқушылар ғана постер қорғауға шығады екен. Осыны байқағаннан кейін топтың мүшелері кезектесіп отыруы үшін бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетіп араларынан үнемі бір оқушы сөйлемей, спикерлердің алмасып отыруларын ұсындым. Оқу мен оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану кезінде оқушылардың алған білімдерін өз өмірлерінде қолдана алуға және жұппен, топпен жұмыс жасауға, өзін-өзі бағалауға жағдай жасадым деп ойлаймын. Менің түйгенім жеті модульді тиімді ықпалдастыруда оқушылар сыни ойланады, өз ойын еркін жеткізуге тырысады, бірлескен оқу ортасы құрылып, құрдастар бір-бірін жетілдіре алады. Сабақты қорытындылауда «Бес саусақ», «Өрмекші торын», «Табыс сатысы», «Ыстық орындық» әдістерін пайдаланғанымда оқушылардың қызығушылықтары арта түсті. Алғашқы сабақтарда абдырап қалған олар келесі сабақта бейімделе бастағандарын көрсетті.

АКТ-ны қолдануда, әрине осы кезге дейін де кейбір сабағымда АКТ қолданатынмын, бірақ соның ішінде аудиожазба тыңдағанда балалар шыныменде сыни ойлана бастады. Себебі менің айтқанымнан гөрі, олар интербелсенді тақтадан тыңдап, қабылдауы олардың сабақты түсінуіне, ойлануына және оны талқылауына көп жағдай жасағанын түсіндім.

Оқушыларымыз мұғалімнің бағалауына әбден үйреніп қалған. Бағаны не үшін алды, келесіде жақсы баға алу үшін не істеу керек деген талдау жүргізілмегендіктен, оқушылар  үнсіз келісе беретін. Жаңаша оқыту әдісінде оқушыларды бағалауға көбірек көңіл бөлуге тырыстым.  Оқушының өзін-өзі бағалауын ұйымдастырдым. Себебі, бала алдымен өзіне-өзі баға беріп  үйренуі керек. Бірақ сабақтарда оқушылар өзін-өзі бағалауда қиналғандары байқалды. Менің қуанғаным, олар өздері туралы көп ойланды, өздерінің іс-әрекеттеріне есеп бере алды, яғни бұл жерде өзін-өзі реттеу әрекеті көрініп жатты.   Өзін-өзі реттеу әдісі  оқушылардың өздері топтық ереже  құрып, оны бұзбауға әрекет еткендерінен, белсенділіктерінен, «үнсіз» оқушының сөйлегенінен, топтағы өздерінің рөлдерін  жауапкершілікпен орындағанынан көрініп жатты. Енді осыдан бағдарламаның жаңа әдіс-тәсілдерінің тиімді болғанын айта аламын. Бұрынғы сабақтарымда тек сабақтың соңында бағалап, «5»балдық жүйемен баға қоюшы едім. Енді сабақтың өн бойында оқыту үшін бағалау модулінде балалалар өзін-өзі бағалауды және өзара бағалауды үйренді. «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы бағалау жүргізгенде балалардың бірінші сын айтуға басымдық бергенін байқадым. Сабақта балалардың қалыптастырушы бағалау кезінде бірін-бірі жоғары бағалауы қиындық туғызды. Болашақта осы бағалау әдістері бойынша жұмысты жетілдіру керек деп ойладым. Бас бармақпен, смайликтермен бағалауды сабақтарымда қолдана отырып оның тиімді екендігін білдім, себебі бастауыш сынып оқушылары бұл бағалауларға қызығушылық танытты.

Мектептегі тәжірибе барысында кедергілер мен қиындық туғызған сәттер болды. Мысалы, бастапқы сабақтарымда уақытты басқару маған қиындық келтірді, келесі тәжірибемде мен тапсырмаларды жоспарлағанда оның шын мәнінде көп уақытты алатынын алдын ала ескеріп, осы уақытты тиімді басқару керек екендігімді түсіндім. Жоспар құруда мақсат пен нәтиженің арасында үнемі байланыс болуын қамтамасыз ету керек деп шештім. Осы бағдарламаның жеті модулін төрт тізбектелген сабаққа ендіріп, сыныбымды түбегейлі өзгеріске ұшыраттым деп ойламаймын. Дегенмен, мен олардың механикалық есте сақтап, тек жаттап алған білімдерін айтып қоймай оны өз өмірлерінде қолдана алуларына, бірлесіп ынтымақтаса жұмыс жасауына ықпал еткеніме сенімдімін.

  Қорыта келгенде, Пажарестің «білім беру стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі сенімге негізделген ой-тармақтарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы «іс-әрекетіне пәннің қалай оқу керектігі жөнінде әбден  қалыптасып  қалған пікірлер анағұрлым күштірек ықпал етеді.» дегендей, «Сенім» ұғымына тереңірек ұғынып, сабақтарымда тиімді қолдануға тырысамын. Оқушыларда сенімділік артқан сайын , олар жұмыс істеуінде жылдамдықтың, нақтылықтың көріне бастағандығының куәсі болдым. Сыныптағы оқушылардың ұйымшылдығы қалыптасып, топта бірлесе жұмыс жасаулары көз қуантады. Мені ең таң қалдырған іс-әрекеттердің бірі бірде-бір оқушы тақырыпты талдаудан тыс қалып қоймайды. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілеттерін сабаққа және сабақтан тыс уақытта дамытуда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады.

Мұнда басты назар аударатын нәрсе – оқушылардың ауызша, жазбаша тілдерінің өзара ұштастырыла отырып және соған сәйкес жұмыстың ауызша, жазбаша түрде көрініс табуларын талап ету. Соның негізінде ғана біз тіл байлығы мол, сауатты да шығармашыл, сын тұрғысынан ойлана алатын жас жеткіншекті тәрбиелей аламыз.
Оқушыларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту-бүгінгі күннің басты талабы. Осы талап тұрғысынан алғанда оқу
-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіру жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Қазіргі таңда оқытудың елуден астам технологиясы бар екенін ғалымдарымыз айтып, осылардың кейбіреуі біздің білім беру жүйемізге еніп, тәжірибемізден орын алуда. Қазіргі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мақсат-өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу. Өмірдегі сан алуан қиындықтарды шеше білу тек шығармашыл адамның қолынан келеді.

Жаңа технологияларды пайдаланған кезде оқушының белсенділігі, мақсатқа ұмтылуы, ақпаратты өзі іздеп табуы, шапшағаңдығы мен еркіндігі, шығармашылдығы, көңіл-күйінің көтеріңкі болуы, алған білімін өмірде пайдалануы қамтамасыз етіледі.
Өз ойларын ашық, нақты және сыни тұрғыдан ойлай біледі. Оқушылар
дың сабаққа деген қызығушылықтары артып, сыныптың білім сапасы көтеріледі.

«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – деп, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен. Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен  тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезінгені абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы ғана емес, тарихи танымдық, педагогикалық – психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман ағымына сәйкес білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты ұстаз болып саналады.

Осыған орай, «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың қанатты сөзін ескере отырып, әр ұстаз өзінің білімін, қоғамдағы өзгерістерден қалмай, ой-өрісі кең, жан дүниесі бай, кәсіби білімі жоғары маман, қайталанбас дара тұлға ретінде біліктілігін арттырып отыруы керек. Әрбір мұғалім оқытудың қазіргі технологияларын жетік меңгеріп, оны сабақта пайдаланып және одан әрі жетілдірсе, бастауыш сынып оқушыларының белсенділіктері дамып, білім сапасы арта түспек. Үнемі іздену ғана нағыз тұлғаны қалыптастырады. Қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын құзырлы тұлғаны қалыптастыру - біздің міндетіміз.









Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту Алматы – 2005

2.  Иманбекова Б., Әбдіреймова К, «Сабақ - оқытудың негізгі формасы»

Алматы, 2003 жыл.

3. «Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылым интеграциясы: проблемалары мен болашағы» Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары

(15 желтоқсан, 2011 жыл)

4. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 2016 жыл

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!