Материалдар / ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Әдеби тілдің сөйлеу нормасын сақтау, тіркестің буын жігін, екпінін бұзбай, қиюын тауып өзінің әсем де жатық әуенмен жеткізу – үлкен өнер.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
699
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Орал қаласы

34. А.Тайманов атындағы мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жунусова Анар Махсотқызы


Сөйлеу мәдениеті ауызша және жазба әдеби тілдің қалыптарын меңгеру және тілдің мәнерлеу құралдарын қатынастың әр түрлі жағдайларында сәйкес қолдану біліктілігі.

Сөз сөйлеу мәдениеті деп сөздерді сөйлеудің дұрыстығын, қатынастық лайықтылығын, дәлдігін, ойға қонымдылығын анықтаған.

Тілдік қалыптарды (грамматикалық, эстетикалық) сақтай отырып дұрыс сөздің айтылуын ескеру керек. Әрбір пікіріңіз дәл, ойыңыз анық, қысқа және дәл мағынада жетуі тиіс. Әрбір сөзіңіздің ойға қонымды, қисындылығын ескере отырып, көрсеткіңіз келген құбылыстардың сипаттарын бейнелеуде шындықтан ауытқымауды ескеру керек.

Сөзді айтқан кезде оның тазалығына көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені жалпыға түсініксіз сөздердің ақпараттық мәні болмайды. Сөйлеуші тыңдаушылардың тек ақыл-ойына ғана емес, сонымен бірге оның сана-сезіміне, қимылына да әсер етуі керек. Сөздің сезімдік күші оны жақсы қабылдап, түсінуге, есте сақтауға, жақсы сөзден тыңдаушылар эстетикалық ләззат алатындай мақсат көзделеді. Бұл үшін ауызша және жазбаша сөзде адамдардың ар-ожданына тиетін жағымсыз, тұрпайы сөздерден аулақ болуы керек.

Әрбір сөзді өз орнымен қолдана білген жөн. Яғни, айтқан ой-пікірлерің, әңгімелесіп отырған адамыңның мүдделері мен білім дәрежесіне, қайда өтіп отырғанына сәйкестілігі ескерілуі тиіс.

Сөйлеу әрекеті барысында мына мәселелерге қоса көңіл аударылады. Біріншіден, айтатын ой-пікірді дайындау бұл кезеңде бұрынғы жинаған тәжірибе мен қазіргі жағдайды ескере отырып, айтылған ой-пікірлердің қандай қорытынды беретіндігін бастау әрекеттері іске асырылады. Сөзге жүйрік, шапшаң ойлайтын кісілерде бұл дайындық тез, көп ойланбастан өтеді. Адам неғұрлым тілді белсенді меңгерген сайын, соғұрлым оның сөйлеу әрекеті жемісті болады.

Екіншіден, ой-пікірді түзеу. Бұл кезеңде айтылатын пікірге байланысты сөздер тұтастай қарастырылып, олар бір жүйеге келтіріліп тұжырымдалады.

Үшіншіден, сөзді қабылдау әдісі басшылыққа алынады. Бұл кезеңде кісі айтылған ой-пікірге оң, не теріс жауап болғандығын алдын-ала анықтайды.

Сөйлеу әрекетінің нәтижелерін, оның тыңдаушылар тарапынан қандай жауап, іс-әрекеттердің болғандығына қарай бағалауға болады.

Шешен сөзі қазақ тілінде өте ертеден қолданылып келеді. Бұл сөздің мағынасы алдында шешіліп сөйлейтін данышпан, дана деген ұғымдармен өзектес, шешен сөзі қазақ тілінде сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік деген сөздермен қатар қоланыла береді. Шешен сөзін халықаралық терминмен атасаң «оратор» деген сөз. «Оратор» латынның «очаче» - айту, сөйлеу деген сөзінен шыққан.

Ұлы шешендердің өмірінен байқағанымыздай, шешен аса білімдар, көп оқыған, әдебиет, тарих, өнер, әр түрлі ғылым мен техника салаларын жетік білетін адам болуы керек.

Тілді жетік меңгергендік сөйлеу мәдениетінің белгілі бір тілдік нормаларын жетік білуінде жатыр. Одан бөлек таза сөйлеу, ойыңды жеткізе білу, сол арқылы кісіге әсер етудің барлығы тіл арқылы жететіндіктен әр сөзіңді орнымен қолдануға талпыну қажет.

Күнделікті тұрмыста сөйлеу мәдениетін сақтауға машықтанған пайдалы. Әруақытта дұрыс, ашық, түсінікті тілмен сөйлесуге жаттығу керек.

Адамның жалпы дамуы, сөйлеу дағдыларын меңгеру, сөйлеу мәдениетін арттыру үшін, іскерлік әңгімелерде, сабақтарда, пікірталастарда жиі сөзге шығып тұру керек. Мұның өзі сөйлеу мәдениетін, шешен сөйлеу дағдыларын қалыптастырады.

Сөз мәдениетіне жетік болу үшін қазақ тілінің сөз байлығын жетік білу керек. Сөзді көп білген кісінің айтқаны да тартымды болмақ. Қазіргі қазақ тілінің сөз байлығы ұшан-теңіз.

Қазақ тілінде сөйлейтін кісілердің сөз байлығы бірдей емес. Үгітші, баяндамашы, журналист, жазушы және басқа интеллигенттер қазақ тілінің сөздерін молынан пайдалануға тырысу керек. Әдетте, білімді, мәдениетті, тіл өнеріне әуестігі күшті кісілердің сөз байлығы да мол болады. Сөз білудің екі түрі бар: кісінің өзі біліп жақсы қолданатын сөздері және өзі білсе де, мағынасын түсінсе де де, көп пайдаланбайтын сөздері. Адамның білімі, мәдениеті артқан сайын, оның сөзді игеру мүмкіншілігі арта түседі. Әдетте ел арасында көп болған, саяси, ғылыми әдебиетті, көркем әдебиетті зейін қойып оқитын кісілер сөзді көп біледі.

Сөзді көп білуге де дарындылық, қабілет керек. Оқымыстылардың айтуына қарағанда, қатардағы интеллигенттің сөз байлығы 4-5 мың шамасында болса, ірі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің сөздері 15-20 мыңдай болады.

Тіл мәдениетіне жетік болу үшін сөзді көп білу жеткіліксіз, ол сөздерді жұмсай білу де керек.

Сөз мәдениеті – адам баласы мәдениетінің, білім деңгейінің көрсеткіші. Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Парасатты адам үшін жан-жақты біліммен қоса сөз дәлдігі, ой айқындығымен қоса оны жеткізудегі амал-тәсілдер басшылыққа алынуы тиіс. Өйткені сөз – ойдың жемісі. Сөз арқылы ғана сөйлеушіні жеке интеллект ретінде тануға болады.

Сөйлеу мәдениетінің негізгі формасы ретінде – ауызша сөздің міндеті күштірек.

Әртүрлі стильдерді қатар пайдалану арқылы да сөйлеу мәдениетінің зор мүмкіндіктерін ашуға болады. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуға тиісті. Себебі, тіл – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Сөйлеу мәдениетінің зор үлгілерін жасап кеткен шешендеріміздің де өзіндік стильдері әрқилы қалыптасқан.

Тіл – ойлаудың, мәдениеттіліктің де маңызды көрсеткіші. Сөйлеу мәдениетінің мазмұны қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі ете алдық па дегенге саяды.

Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу. Абай атамыз: «Сөзінің бірі жамау, бірі құрау» деп өзіне дейінгі кейбір ақындарды сынайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деп, әрбір сөздің түсінікті, жеңіл, мағыналы болуын өз ортасынан қатаң талап етеді. Ұлы ақынның бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл тазалығына ерекше мән бергендігін көреміз.

Ана тілге деген сүйіспеншілік, ыстық сезімнің лебі таза сөйлеуден де байқалып тұрады. «Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» - деген ақын С.Торайғыров. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту», - дейді Б.Момышұлы.

Осындай ұлағатты сөздерге мән бермегендіктен өз тілдеріне өздері тосырқап қарайтын, бөгде тілдік элементтерді араластырып сөйлеуді мәдениет деп санайтындар кездесіп қалып отырады.

Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы сөйлейтін жастарды кездестіріп қаламыз.Тіліміздің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық нормалары мен заңдылықтарын ескермейді, қазақ тілінен алған теориялық білімдерін пайдалана алмайды, сөйлегенде тыңдаушы өзінің ойын ұғып, сезіп тұр ма, жоқ па, онымен санаспайды. Басқа тілдің сөзін араластырып, өз тілінің құтын қашырып сөйлеу мәдениетсіздік екенін аңғармайды.

Сөз тазалығын сақтауға талаптанған адам белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме қозғамас бұрын сөйлейтінін кесіп-пішіп, ой елегінен өткізіп алып, жұрт алдына шығады. Сондай ортаның бірі – ұстаздар қауымы. Елімізде мыңдаған ұстаз, миллиондаған шәкірт бар. Тәжірибелі ұстаз шәкірттеріне айтар ойын сірескен жансыз тілмен емес, икемді, орамды тілмен жеткізеді. Ал ондайда кітап тілінен гөрі сөйлеу тілінің амал-тәсілдеріне арқа сүйейді. Алайда ұстаз алдында бастан-аяқ бір сарынмен сөйлейтін оқушылар да кездеседі. Оның сөйлеу тілін дұрыс арнаға салып, шұбырынды сөз, сіреспе тіркес, түрлі қыстырма сөздерден тазартып отыру – ана тілін ардақтай білетін әрбір ұстаздың қасиетті борышы.

Сөйлейтін сөзде мазмұн болмаса, сөздің мәні жойылады. Ал сөздің мәнерлілігі әрбір сөйлемді өзінің сазымен айту арқылы жасалады.

Сөйлеу мәдениеті дегеніміздің өзі – сөзді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы формасы ретінде – шешендік өнерінің дәрежесі де әртүрлі болады.

Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін оның өзіне қажетті шешеннің сөзіне қойылатын талаптарды танып алуы керек.

Сөйлеу мәдениетіне жетудегі дұрыс жолдың бірі – тіл грамматикасын, сөзді қолдану және дыбыстау ережелерін мұқият сақтауды керек етеді. Сөздің әсерлі болуы, ұтымдылығы, мәнерлілігі де дұрыс сөйлей, мәдениетті сөйлей білгенде ғана іске асады.

Дұрыс сөздің тағы бір қасиеті – қысқалығы. Әрі қысқа, әрі нұсқа сөйлеген шешен тыңдаушының уақытын алмай, төзімін сыйлап, қажетсіз қайталаулардан бойын аулақ салады. Демек, сөздің дәлдігін қажет етеді. Сөздің дәлдігі қашанда анық сөйлеу, сөзде көтерген мәселелерді жетік білу және сөз мағынасын дұрыс түсінуден туындайтындығы белгілі. Сондықтан сөз дәлдігін білу үшін шешен стильге сай сөздерді синонимдер қатарынан дұрыс таңдап алуы шарт. Ал, сөз таңдау дегеніміз – сөздік қорымыздың молдығын, байлығын білдіреді. Бұл, біріншіден, сөзді қарабайырлықтан сақтап, оған жарқын сезімдік реңк қосатын синонимдердің болуын, екіншіден, сөздің әсерлі де бейнелі болуын қажет етеді. Үшіншіден, дауыс екпіні, интонация сөйлеушінің дауыс әуезін шебер өзгерте отырып, соған орай түрлі қимыл-әрекет жасауы, яғни актерлік қабілет те белгілі бір дәрежеде шешеннің ажырамас серігі болып табылады.

Ана тілін жақсы білу, сол тілде таза сөйлеу де мәдениеттілік. Ана тілін, оның байлықтарын бағаламау – тіл, қарым-қатынас жасаудың, ойды айтудың құралы екендігін бағаламау деген сөз. Әрбір мәдениетті, білімді кісі, мүмкін болса, бірнеше, тілді білгені абзал, әрбір адамзат бірінші ана тілін жақсы білуі тиіс. Ана тілде жақсы білген кісі сол тілде ойлап, сол тілде таза сөйлейді.

Үйде болсын, түзде болсын, әсіресе көпшілік арасында, дабырлап, үйді басына көтере сөйлеу – барып тұрған мәдениетсіздік. Мәдениетті кісілер, әдетте, бірсыдырғы баяу дауыспен құлақтың құрышын қандыра сөйлейді. Өзге түгіл өз балаңа айтқан сөзіңде жылы леп, жағымды әуен, сыпайы сарын болуға тиіс.

Мәдениетті адамның сөйлеу мәнері құлаққа жағымды болмақ. Ол ойын анық, дәл айтуға керекті сөздерден қайтсем дұрыс сөйлем құраймын деумен қатар, оны қалай айтсам өзгеге түсінікті, нанымды, әсерлі болады дегенді де ойлайды.

Сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға ұстанатын басты қағидалар – сөздің орнымен қолдану дұрыстығы, пікірдің дәлдігі, ойға қонымды, қисындылығы, түсініктілігі, тазалығы, әсемдігі, орындылығы сияқты заңдылықтары ескерілуі керек. Байырғы шешендеріміздің өзі қалыптастырып кеткен мұндай талаптар бүгінгі күндегі сөйлеу мәдениетімізде де өз құнын жойған емес.

Сөйлеу мәдениетін арттыруда, әрбір сөздің мағынасын дұрыс түсініп, орынды жеткізе білуде сөздіктерді, нормативтік сипаттағы анықтағыштарды, орфоэпиялық сөз тудыру, синонимдер, омонимдер, фразеологиялық сөздіктерді, тілді грамматикалық жағынан дұрыс көрсетерде сөздіктерді пайдаланудың маңызы зор.

Айтар ойын шешен тілмен, әрі жатық, әрі мәнерлі сөйлеу әркімнің қолынан келетін жұмыс емес. Бұл сөз қадірін білген, тіл көркемдігіне ден қойған кісілердің ғана қолынан келеді.

Іс жүзінде әрбір адам оқи алады, бірақ әркімнің оқу дағдылары әр түрлі. Бұл ең алдымен, адамның білімділік ережесіне және басқа жеке қасиеттеріне байланысты.

Жалпы тіл өнеріне, оның бір саласы шешендік, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу өнеріне үйренетін орынның бірі – мектеп. Қазақ мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытқанда, ол пәндердің осындай өмірге қажетті жақтары еленуге тиіс. Мектептерде ғана емес, әдебиет бірлестіктері мен үйірмелерінде, театрлар мен кинода, радио мен теледидарда, қала берді басқа жиында, артистерді, дикторларды, ақын-жазушыларды, тақпақшыларды, лекторлар мен үгітшілерді жазылған сөзді дұрыс оқу өнеріне баулу – мәні зор міндеттердің бірі.

Сөзді саралап қолдану – тіл мәдениетін көтере берудің маңызды бір буыны екенін ана тілін қадірлейтін әр азамат жақсы білуге тиіс.

Жалпы жазба тіліміз бен сөйлеу тілімізді бір нормаға келтіру тіл білімі мамандары мен баспасөз орындарында қызмет істейтін журналистерге ғана қажет деу жаңсақтық болар еді. Әдеби тіл ана тілін ардақ тұтатын әрбір адамға, қоғамның барлық мүшелеріне қажет.

Әдеби тілдің сөйлеу нормасын сақтау, тіркестің буын жігін, екпінін бұзбай, қиюын тауып өзінің әсем де жатық әуенмен жеткізу – үлкен өнер.

Сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы орфоэпия қағидаларын сақтап, дыбыстарды дұрыс айтумен ғана шектелмейді, сонымен қатар сөйлеу техникасын да жете білумен байланысты. Сөйлеу техникасы дегеніміз жұрт алдында ауызша сөйлеу кезінде лектордың өз дауысын меңгеруі, ойды әсерлі жеткізудің тілден тыс көмекші құралдарын орынды пайдалана алуы.

Сонымен, айтайын деген мәселесін тыңдаушыларына шашпай-төкпей өз мәнінде, байыпты да, байсалды, тіл заңдылықтарына сай жеткізу – бүгінгі жалынды сөз жаршыларының негізгі де жауапты борышы.




Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ержанова С. Сөз мәдениеті және көркем мәтін: Оқу құралы /С.Ержанова. – Алматы, 2015. – 232 б.

  2. Даупаев Қ. Тіл мәдениеті және стилистика. – Астана, 2008. – 72 б.







Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!