Мамандықпен
мақтанамын!
Құқық қорғау қызметі – мен
таңдаған мамандық.
Арын Аружан
Мұратқызы
Орталық-Азия университеті
Құқық қорғау қызметі мамандығының 4 курс
студенті
Тәлімгер,
Баймухамбетов
Ерлан
Алматы облысы Панфилов
ауданы полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция
капитаны
Кіріспе
Мен таңдаған
мамандық
Негізгі
бөлім
-
Құқық қорғау қызметінің
азаматтар үшін маңызы
-
Қазақстан Республикасы Ішкі
Істер Министрлігінің тарихы
Қорытынды
Соңғы жылдардағы полиция
қызметкерлері мен халық арасындағы байланысты нығайту барысында
жүргізілген жұмыстардың нәтижесі
Қазақстан Республикасының
Құқық қорғау қызметі туралы Заңында көрсетілгендей Құқық қорғау
органдарына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес
өз қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының прокуратура,
ішкі істер, қаржы полициясы, қылмыстық-атқару жүйесі, мемлекеттік
өртке қарсы қызмет, кеден органдары жатады. Дәл осы Құқық қорғау
қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті басын қатерге тігіп
қорғайтын полиция қызметі, оның ішінде тергеуші бағытын ес
білгілелі армандап, таңдап, міне биыл Орталық-Азия университетінің
Құқық қорғау қызметі мамандығын бітіргелі отырмын. Жалпы, бағзы
заманнан бергі ер адамның бойында қалыптасқан құлық – бала
кездерінен форма киіп, ел қорғаны болғылары келеді, менде бойымдағы
қызға тән нәзіктіктен бөлек ер жігітке тән батырлық, қайсарлық та
болғандықтан шындық, әділдік, ел тыныштығы үшін күрескім келіп,
полиция қызметкері болуды қаладым. Бала жасымнан әкем мен анам
шынайы, әділ, халыққа адал қызмет ететін азамат қылып тәрбиеледі.
Осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, мамандығымды сүйіп оқып,
білікті, адамгершілігі мол маман иесі болып шығу үшін қазірден
бастап тырысамын. Сондықтан, қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы
алғашқы қадамымды Панфилов ауданының полиция бөлімінде тергеуші
болып тәжірбиеден өтумен бастағанды жөн көрдім. Болашақта қызмет
барысында үйреткендерін қолдану үшін білікті тергеушілердің
үйреткендерін жадымда сақтап, жұмыстарын бақылап жүрмін. Тәжірбие
барысында білімім, осы мамандыққа деген махаббатым бұрынғыдан да
күшейе түсті. Полиция қызметкері үшін білімнен бөлек қарапайымдылық
пен кішіпейілдік өте маңызды екенін түсіндім. Университет
қабырғасында алған білімімді тәжірбие жүзінде бекітіп, алдағы
уақытта қорғайтын дипломдық жұмысым үшін де пайдалы ақпараттар
жинастырудамын.
Қызығы мен қиындығы қатар
жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген әпкелеріміз
қаншама. Әлемдік тарихта бірінші полицей әйел 1891 жылы қызметке
тұрған. Содан бері қаншама батыр полицей қыздардың ерлігі ел
арасында жыр болып, тарихқа еніп жатыр. Әлемдік тарихқа атақты
полицей әйел ретінде кірмесем де, халыққа қызмет ету барысында
жауапкершілікті талап ететін ауыр салада тек ер азаматтар ғана
емес, нәзік жандылар да білікті маман бола алатынын тағы бір
дәлелдеп, азаматтардың мәселесін шешуге ат салысып, қылмыскерді
әділ жазалауға септігімді тигізгім келеді.
Жұрт полиция қызметкерлеріне
қарап, мемлекеттік билік туралы пікір қалыптастырады, сол себепті,
қызметкерлердің әрекеттері баршаға үлгі болуға тиіс. Әрине,
Қазақстан полицейлері бар күшін, тәжірибесі мен қуатын абыройлы
парызды сәтті орындауға жұмсайды, қылмыспен күресте алдыңғылардың
қатарынан табылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын
бірінші болып қорғайды.
Полиция қызметкері болу үшін
адам білімді де білікті, әрі білекті болуы керек деп ойлаймын.
Нақтырақ айтсақ, заң саласынан бөлек жан-жақты басқа да
мамандықтардан хабары бар, шыдам, төзім, қайсарлық деген секілді
мінез бойында қалыптасқан, қылмыскермен күресу жолында әртүрлі
соғыс өнерін меңгерген, физикалық дайын азамат қана бұндай
жауапкершілігі өте жоғары қызметте жұмыс атқара алады. Әмбебап
полицей халыққа кез келген жағдайда көмек көрсете алуы қажет. Сәті
туса педагог болып, азаматтарға қылмыс жасамау керектігін, қылмыс
жасаған жағдайда қоршаған ортаға келтірген зиянын түсіндіреді,
қандай да бір жағдай болмасын азаматтар өз құқықтарын қалай қорғау
керектігін де үйретеді. Қиын жағдайларда жұмыс барысында
психологиялық көмек қажет кездер де кездеседі. Мысалы, тергеуші өз
міндетін атқару үшін жәбірленушімен, қылмыскермен бабын тауып
сөйлесе алмаса тергеу барысын сәтті аяқтай алмайды. Сол секілді,
қылмыскерлерді аса сақтылықпен құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын
айғақтар арқылы оның ақ пен қарасын ажыратып тергеп-тексеру
амалдарын жүргізу үшін бірнеше мамандықтан хабары болуы
шарт.
Полиция қызметкерлері үнемі
күтпеген жерден туатын қауіптердің ортасында жүрсе де, жеке өміріне
аса мән береді. Өмірінің көп уақытын жұмыста өткізетін қауіпті
мамандық иелерін үйлерінде ата-анасы, жұбайы мен балалары аман-есен
оралуларын тілеп, сабырмен күтіп отырады. Балаларын әділетті
болуға, билік өкілдерінің атына кір келтірмейтіндей тәрбиелеуге
тырысады, ата-анасынан үлгілі қызметкер көріп өскен балалар да
мемлекетке адал қызмет етемін деп өсетін
болады.
Елдің ел болып қалыптасуы
мыңдаған жылдарды қажет етеді, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды,
тәртіпсіз ел болмайды» деп жауынгер Бауыржан Момышұлы айтқандай,
қазақ бағзы заманнан қатаң тәртіпке аса мән берудің маңыздылығын
түсіндегендіктен қазіргі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері
де өз деңгейінде мықты қалыптасқан.
Қазіргі заманда Ата Заңымызбен
әділдік орнататын судья болса, сол замандағы дала заңымен, төменде
аталған хандардың жарғыларымен, шариғат заңымен әділдік орнататын
билер болған, сондықтан Ежелгі Қазақ даласындағы Құқық қорғау
қызметкері рөлінде билерді көремін. Қазақтың хандары ешқашан халық
арасындағы тәртіпсіздікке бейжай қарамаған, оны осы күнде бәріміз
білетін «Есім ханның Ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке
ханның «Жеті жарғысынан» байқаймыз. Тарихтың қай бөлігін алып
қарасақ та, ел қауіпсіздігі бірінші орынға қойылып, халықтың
тыныштығын қорғайтын әскерилерге деген құрмет ерекше
болған.
Тәуелсіздік алып, Қазақстан
Республикасының Ішкі Істер Министрлігі деп аталғанға дейін, 1920
жылы қазанда Қазақ КСР-інің Ішкі істер халық комиссариаты, 1946
жылдан Қазақ КСР-інің Ішкі істер министрлігі болып құрылған.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғалы бергі қауіпсіздік
саласының тарихына келер болсақ, қауіпсіздік саласы атаулары,
заңдары, құрамы көптеген өзгерістерге ұшырады. Жылдан жылға
мемлекеттің ішкі және сыртқы істер Министрлігін күшейту, жақсарту
мақсатында өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Қазақстан
Республикасының Ішкі Істер Министрлігі — Қазақстан Республикасы
үкіметі құрамына енетін Қазақстан Республиксының орталық атқарушы
органы, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары жүйесін
басқарады, сонымен қатар қарастырылған заңнамалар аясында Қазақстан
Республикасы аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау
мақсатындағы салааралық іс-қимылдарды реттейді, құқық қорғау
аясындағы мемлекеттік саясатты жасаумен және іске асырумен
айналысады.
Қазақстан Республикасының
Полициясы жылда реформаланып жақсы жаққа бағытталуда, жұмысқа
қабылдар алдындағы талаптар да күшейтілуде. Әрине, мұның бәрі
халықтың қауіпсіздігі және сенімі үшін. Полицейлер арасындағы
тәртіп жылдан жылға күшейтіліп, қызметкерлердің арасындағы сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес қатаң жүргізілуде. Сонымен қатар, жұмыс
барысын қызметкерлер мен халық үшін жеңілдету мақсатында әр облыс,
әр ауданның полиция бөлімшелерінің басшылары арыздарды онлайн түрде
де қабылдап, тікелей эфирде мазалап жүрген сұрақтарына жауап беріп,
халыққа ыңғайлы болуы үшін бар жағдайды жасауда. Бұдан бөлек соңғы
уақытта жарыққа шыққан төтенше жағдайда 102 қызметімен байланыс
орнатудың жаңа әдісі ұялы телефонға жүктелетін «102» бағдарламасын
жасап шығарды. Яғни, осы секілді көптеген бағдарламалар
азаматтардың қауіпсіздігін қамтамсыз етумен бөлек, сеніміне ие
болып, заң өкіліне деген құрметі түбегейлі қалыптасуы, халықпен
етене қызмет етуі үшін жасалып жатыр. Алдағы жылдарда азаматтарға
тағы бір қадам жақын болып, атқаратын жұмыстарының техникалық
жағынан жеңілдеуі үшін, халыққа қызмет ету жолында полицейлерге
мінсіз жағдай жасауға бар күш салынғанын қалаймын. Соңғы үлгідегі
қызметтік көлік, қару-жарақпен қамтамасыз етілсе, басталған әр
істің жемісті аяқталуына үлкен септігі
тиеді.
Құқық қорғау қызметкерлерінің
жұмысын жақсарту үшін жасалып жатқан жобалардың нәтижесін пандемия
кезіндегі елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты
тұрмыстағы әлімжеттік пен аса ауыр қылмыс түрі көбейгенімен, жалпы
қылмыстық көрсеткіш төмендегенінен байқауға болады. Бас
прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитеті
ұсынған дерекке сәйкес, былтыр Қазақстанда 162 783 қылмыстық құқық
бұзу фактісі тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33,4
пайызға аз. Аталған статистикаға жеңіл және орташа ауыр, меншік
құқығына, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қарсы жасалған, көлік
қозғалысын шектейтін, денсаулыққа ауыр залал келтіретін қылмыстар,
бұзақылық, тонау, алаяқтық, ұрлық сияқты құқық бұзу іс-әрекеті
кіреді. Қорыта айтқанда, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жұмсалып
жатқан күштің жемісін соңғы жылдағы пандемия кезінде халық анық
байқады және дәрігерлермен қатар халық денсаулығы, қауіпсіздігі
үшін ұйқысыз ел күзетіп, өз қызметтерін адал атқарған полиция
қызметкерлерінің еңбегін жете түсінді.
Болашақта мемлекет, азамат,
адамзат үшін аса маңызды бұл саланың жан-жақты дамуына бар
білімімді, күш-жігерімді салып, ат салысамын. Халық сеніммен
қарайтын, қорғаныш тұтатын азаматша боламын. Егемен мемлекетімнің
Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға, қызметтің
ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге, тәуелсіз
Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы
болуға ант етемін.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі
-
https://kk.wikipedia.org/wiki/
-
https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-how-did-the-pandemic-affect-the-crime-situation/31083319.html
-
https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/syrly-alem/19494/
-
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000380
-
https://ortalyq.kz/politsiya-yzmeti-haly-senimini-ajnasy/