Талдықорған
қаласы
«А.С.Макаренко
атындағы
№6 орта мектебі
мектепке
дейінгі шағын
орталығымен»
коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің
педагог-психологы
Омарбекова Жазира
Токеновна
Қыз бала тәрбиесіндегі
психологиялық қызметтің рөлі
«Малым арымның садақасы, арым
жанымның садақасы» деп санаған қазақ халқы үшін ар-намысы қашанда
жоғары тұрған. Ар-намыстың бір бөлігі пәктік. Иә, бұл қыз пәктігі
мен тазалығы. Мәпелеп өсірген қызы теңін тауып, тұрмыс құрғанға
дейін ата-анасы әрдайым, «Босағаңды адал атта» деп қызына ақылын
айтудан жалықпаған. Бірақ, бүгінде арулар осы бір нәзік мәселеге
мән беріп, абыройларын сары майдай сақтап жүргені шамалы-ақ. Әрине,
көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, бұл шымбайға батса да
шындық. Бойжеткен қыз болашақ ана, болашақ сүйікті жар емес пе?
Тіпті мектеп оқушыларының арасында мұндай жағдайлар көптеп ұшырасып
жүр. Ата-ана баласы үшін екі дүниедегі ең басты жауапты адам. Бала
тәрбиесінің нашар болып қалыптасуын ортасына, заманның ағымына
аудара салу дұрыс емес. Бағбан бақшасын уақтылы суғарып, түбін
отап, арам шөбін жұлып, қысқасы бабын жасаған соң барып жемісін
күтеді. Ұл-қызымыздың қайда барып, немен айналысып жүргенінен
хабардар болып, түрлі алдамшы жарнамаларға еліктеп қалмауына көңіл
бөлейік. Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың
ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы
қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған
жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралғылармыз бар. Халқымыз «Қызға
қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама
философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы
ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру болып жауапты болып отыр. Қыз
баланы құрметтеу, оның алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу –
халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. Ал, қазіргі заманда бала
тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал,
кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп,
оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары
да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне
бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз
өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар. Мектеп жасындағы қыз балалар
тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар
кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа
үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу
мәдениетін дамыту. Бесінші –сегізінші сыныптар арасында алғашқы
кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас
ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен
нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын
пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік,
ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты
мінездерді қалыптастыру – басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте
жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз
баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі. Үшінші кезең тоғызыншы
–он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы
кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең
жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға
ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе,
болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын
ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты
жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Қыздарымыздың асыл қасиеті,
жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке,
байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ
қыздары махабатты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген
адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де
бақыттымын деп, өмірге риза болған.
«Қыз» ең қасиетті сөз.
Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады,
келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы
үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын
көбейтеді.
Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер
жеткізу, ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Гүлге
әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден
тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып
қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім
мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп
өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз
отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат
қағып жатады. Мектеп қабырғасында жүрген бірсыпыра қыздарымыз
жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш қалдыратын киімдер
киіп, қымбат әшекейлер, алтын тағып, бет-ауыздарын бояп, өздерінің
инабаттылығы мен сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады.
Табиғаттың өзі жан дүниесін сұлу, нәзік, мейірбан етіп жаратқанына
мән бермейді. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» дегендей, жас
қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әсем-ғой. Табиғат берген
көрік пен сымбаттан артық не бар.
Қыздардың ішінде ұрлық
жасайтындар мен шылым шегіп, арақ ішетіндер де кезігеді. Демалыс
саябақтарынан шашын дудыратып ұйыстырған, ұнамсыз ерсі киім киіп,
аяғын бірінің үстіне бірін салып, темекі түтінін құмарлана жұтып
отырған сылқым бикештерді жиі жолықтыруға болады. Қастарында
отырған адамдардан именбейді. Ал, енді осыны көрген жас
қыздарымыздың үлкен бар, кіші бар-ау деп қымсынбай жігіттермен
құшақтасып, сүйісіп тұрғанын көргенде шыдамай төмен қарайсың.
Ардақтауды, мәпелеуді, құпиялылықты қалайтын махаббат атты
құдіретті аяққа таптау емес пе бұл?
Әрине, мұндай көргенсіздіктің
өзіндік себептері көп екенін білеміз. Бірақ, ең бастысы тәрбиенің
кемшілігі екендігіне дау болмас. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп,
қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан
ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық,
инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Қыздарымыз
осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен
және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай
білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы. Ертеңгі күні
не болатынын білмегендіктен, тек өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен
ғана өмір сүретін адамдар тобына айналып бара жатырмыз ба?- деп
қорқамыз. Себебі, біздің қоршаған ортамыз келген жаңа дүниелерге
еніп, қалыптасу үстінде. Сондықтан шығар, біз, өзіміздің адами
құндылықтарымызды жоғалтып, кейбірі ну орманның ішінде жүргендей
адасып, теріс жолға түскендері қаншама? Кейбір қазақ қыздары бұзылу
қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық
психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады; ар сақтау, ұятты
білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып
барады, тіпті жойылып барады деуге болады. Сондықтан барлық оқу
орындарында қыз тәрбиесіне арналған арнаулы курс жүргізілсе, бұл
ұлттық маңызы бар оқиға болар еді деп ойлаймын. Қыз тәрбиесіне
байланысты арнаулы оқулықтар шығарылуы қажет. Сөз соңын
Елбасымыздың: «Әйел –бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей,
бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді»
деген пікірмен қорытындылағым келіп отыр. Қаракөздеріміз бұрымды
шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен
әрқашан басқалардан ерекшелене білгей.