Тәрбие сағатының
тақырыбы : «Қыздарға нәзіктік
жарасар…»
“Қазіргі заман қыз бала
тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі қыз баланы
тәрбиелеу деген сөз- ұлтты тәрбиелеу деген сөз.Бесігінде жақсы
тәрбие алған, үлгі – өнеге көрген қыз бала ержеткенде сол әдетін
сақтайды.”
Н.Ә.
Назарбаев
Сабақтың
мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың бойында
әдептілік, сыпайлық, инабаттылық, кішіге қамқор, үлкенге құрметпен
қарап ізетті болу қасиетін қалыптастыру.
Дамытушылық: Өзіндік адамгершілік
құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек
түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке
тұлға ретінде жетілдіру, адамгершілікке, жүйелі ойлауға
дамыту.
Тәрбиелік: сыныптас құрбыларының қадірін білуге, өзара
сыйластық орнатуға, ата – баба салтын қастерлеуге , жаманнан
жиреніп, жақсыдан үйренуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Психологиялық кеңес
Сабақтың әдісі: кеңес, топтық жұмыс
Көрнекілігі
: СКТ, слайд арқылы
дайындалған материалдар
.
Сабақ
барысы
I. Ұйымдастыру
бөлімі.
Мұғалімнің кіріспе
сөзі: Қазіргі заман қыз тәрбиесі мен ұл
тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. « Ұл тәрбиелей отырып,
жер иесін тәрбелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз » -
деп бекер айтылмаса керек.
Халқымыз ерте кезден – ақ адамгершілікті, әдепті
бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын
қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі –
өнеге көрген қыз бала қайда болса да, келін болғанда да
көрегенділігін көрсетеді. Ал жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде
жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал, жеріне, туған халқына
ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген
ғой.
Ұлттық ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп
мұрын шүйіре қарамай,
осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз,
ұлағатты ұл тәрбиелеу– ата – ананың да, ұстаздар қауымының да
міндеті.
14–15 жастағы жасөспірім қыздар жаңадан ғана бүр
жарып келе жатқан гүл секілді. Жас өскін мәпелеп, дұрыс суарудың
арқасында ғана әсем гүлге айнала алады. Сол сияқты қыз балаға да
көп күтім һәм қамқорлық қажет. Алдымен міндетті түрде таңғы, түскі
және кешкі асты уақытымен ішіп, дұрыс тамақтану қажет. Балық,
майсыз ет, жұмыртқа, сүт, ірімшік, қара нан, йогурт, айран, ботқа,
майсыз сорпа және көкөністер мен жемістер жасөспірімнің күнделікті
тамағы болуы тиіс. Адам ағзасына күнделікті 1,5-2 литр су қажет
екенін биология пәнінен оқыса да, көбісі бұған аса мән бере
бермейді. Жасөспірім «өтпелі кезеңнің» қиыншылықтарынан, сабақтың
көптігінен, т.б. толып жатқан мәселелерден не толысып, не қатты
арықтап кетеді. Ол өз жасының не балаға жататынын, не ересектерге
жататынын түсінбей қиналады. Осындай кезде көптеген жастар
моральдық қиындықтарды көтере алмай, ішкі ағзаға салмақ түсіріп,
омыртқасын қисайтып алады. Үлкендерден жасырынып, темекі тартып,
ішімдіктің де дәмін татып көреді. Кейбіреулер бұны ересек болып
көріну үшін, не үлкендерге қыр көрсету үшін істейді. Алайда кейін
қоя алмай, зиянды әдетке тәуелді болып қалады. Бұл кезеңде бойдағы
энергияны пайдалы істерге: сабақ оқуға, дәмді тамақтар әзірлеуге,
болашақ мамандығы туралы тереңірек білуге, шет тілін үйренуге
жұмсағаны абзал. Егер ата-ана ескерту жасаса, бірден ашу шақырып,
дүрсе қоя бермей, сабыр сақтауға тырысқан абзал. Ата-ана сырттай
білдіртпегенмен, «баламның табанына кірген шөңге маңдайыма
қадалсын» деп іштей ойлап жүреді. Себебі, бала – ата-ана
өмірінің жалғасы, қызығы. Олар да үлкейіп қалған баласымен қалай
қарым-қатынас жасауды білмей, абдырайды. Жасөспірімдер көбіне
бет-жүзіне көңілі толмай, жиі бояна бастайды. Қыз баланың сұлулығы
– оның жастығы. Онымен ешқандай Голливуд жұлдызы бәсекелесе
алмайды. Сондықтан бояудан гөрі, нәрлендіргіш маскаларды,
жасөспірім қыздарға арналған иісмайларды дұрыс қолдана білген жөн.
Қыз балаға не кисе де жарасады. Дегенмен әрбір жасөспірім қыз өз
дене бітімінің қай типке («алмұрт», «алма», «банан», «құмсағат»)
жататынын біліп, киімді соған сәйкес таңдап, өз стилін қалыптастыра
білген жөн.
Сіздердің ойларынша қазақ қыздары
қандай болу керек ?
II. Топтық
жұмыс
«Қыз баланың бойындағы
құндылықтарды» топтау
«Отбасы құндылындылықтарды»
топтау
«Ата-ана бойындағы
құндылықтарды» топтау
III.Қыздар гигенасы
туралы.
Гигиена – грек сөзі «Gugieinos»
—
«емдеу, денсаулық әкеледі» деген мағына
береді, сауықтыру деген ұғым. Адам ағзасына айналаны қоршаған
сыртқы орта факторлары мен әлеуметтік жағдайларының тигізетін
әсерін зерттейтін медициналық ғылым. Аурулардың алдын алуға және
денсаулық сақтауды қорғайды.Шаш гигиенасы. Шаш қорғаныс рөлін
атқарады. Адам шашы бірнеше жыл бойы өсуін тоқтатпайды. Шашты жылы
суға жуып, белгілі бір сусабынды пайдалану керек. Сусабынмен
жуғаннан кейін шашты бірнеше рет сумен мұқият шаяды. Шаш жарқырап
тұру үшін 1 литр суға 2 ас қасық 8%-ды сірке қышқылын қосып, шашты
шаяды. Шашты тарағанда тарақтың жүзі өткір болмағаны дұрыс. Әдетте
ең жақсы тарақ капроннан жасалынады. Тарақты ыстық сумен сабындап
жуып, оны таза ұстаған жөн. Әрбір адамның өзінің тарағы болуы
тиіс.
Тырнақ күтімі. Аяқ және қол саусақтардың
тырнақтарын өсірмей үнемі алып тастаған жөн. Тырнақ қандай жағдайда
болмасын күтімді қажет етеді. Тырнақты күту – гигиенаның ең бір
басты міндеті. Бір аптада тырнақ 0,5 мм өседі. Жаз айларында тырнақ
қыс айларына қарағанда тез өседі. Ұзын болып өскен тырнақтың астына
ауру тарататын микробтар көп шоғырланады. Ондай тырнақ денсаулықты
нығайтпайды. Тіпті микроскопиялық саңырауқұлақтар өсуі
сөзсіз…
Балалар, мектеп табалдырығын аттаған күннен
бастап тазалықты бірінші міндетің деп санағаның жөн. Тазалық сенің
басты байлығың, яғни тазалық бар жерде денсаулығың да бар. Тазалық,
ұқыптылық, ақылдылық пен білімділік сені ашық әрі жарқын өмірге
қарай жетелейді.
IY.Мына кеңес үнемі
жадыларыңда болсын:
1.Кішкентайыңнан ақ уәдеге,
антқа берік болуды үйрен,Уәдеге берік болу- 2.сенің жеке басыңның
абыройы. Мойның жар бермейтін, бірақ істеуге керек нәрсені атқаруға
өзіңді -өзің үйрете біл.
3. Кінәңді сезіну -
тәрбиелі адамның инабатты сезімі. Ол- арыңның ұяты, адамгершілік
тазалықтың, көргенділіктің белгісі.
4. Сенің ақылсыз, дөрекі
әрі немқұрайды айтылған бір ауыз сөзің өзгені өкпелететінін, жанына
бататынын, абыржу туғызып, таң қалдырып, әбігерге түсіретінін
білген дұрыс.
5. Екіжүзділік,
жағмпаздық, ымырашылдық - бір үлкен бәле. Адамның адамшылдығын
қорлау, өзін ғана құрметтеуге тұрарлық адамға санап, ал басқаны
шыбын құрлы көрмеушілік -жамандықтың зоры
осы.
6.Пайдакүнемдік -зор пәле.
Пайдакүнем адам шыншыл, қайсар, принципшіл, өз борышына адал
да бола алмайды.
7.Өзіңнің ғана емес,өзгенің
де, қоғамның барлық адамдарының, сондай- ақ жеке адамның бақыты мен
қуанышына бола жасалған бүкіл қоғамға тән байлық сен үшін қымбат
болуға тиіс.
Y.Қыз балаларға байланысты нақыл сөздер мен
мақал-мәтелдер:
(Слайдпен көрсетіп,
жалғасын табу, мән-мағынасын
түсіндіру)
● Ақылды қыз ...... (білімге
жүгінер),
Ақылсыз қыз ..... (сөзге
ілігер).
● Жақсы қыз ....... (жағадағы
құндыз),
Жақсы жігіт ....... (аспандағы
жұлдыз).
● Қызы бар үйдің жеңгесі ..... (сүйкімді
келеді).
● Қызды қымтап ұстаған ......
(ұялмайды).
● Тойған қыз ....... (төркінін
танымас).
● Қыздың ұяты ....
(шешеге).
● Шешесін көріп .... (қызын
ал),
Аяғын көріп ........ (асын іш),
т.б
YI. Қыздарға арналған
кеңес
Қыздар! Жаңдарында жүрген
жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен
тізгіндей біліңдер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік
асыл қасиеттермен бұйдалап алып, оларға айтқандарыңды істетіндер:
арақ ішкізбеңдер,айқайға жуытпаңдар. Оларды түнгі он екіде мас боп
рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып,
терезесінің түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтпейтін етіңдер.
Өйткені қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ
бұл дүниеде. Өйткені ақыл анадан тарайды, адамгершілік әйелден
басталады, қыздан – қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Өздеріңе
табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап
жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе
жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе
орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қормалың сенін!
Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды
жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды
жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін
ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып,
намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас
құрбы болып өсіңдер, шырақтарым!
Өмірдің қызық ләззаты – адал
достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да
естеріңде сақтаңдар.
2-ші өсиет
(Қыздарға кеңес):
Қыздар!
1) Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер,еңбекшіл
болыңдар!
2) Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл
болыңдар!
3) Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл
болыңдар!
4) Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал перзент,
асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
5) Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын
десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы
болыңдар!
Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам.
Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті,
елге сүйкімді, отбасыға сыйлы.
…Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз
ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола
алады.
Қыздар!
Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
… Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. “Жылтырағанның
бәрі алтын емес” дегендей,жарқырағанның бәрі бірдей сән емес.
Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысын, өз денеңе жарасымдысың,
сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе
не жарасып, не жараспайтынын біліңдер.
Көрсе
қызар болмаңдар!
Қол жетпеске тыраштанбаңдар!
Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға
бағыныңдар.
Қыздар!
Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер
жентектеп ауыздарына бір-ақ құлғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар,
ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты
болыңдар, қарақтарым!
YIIҚорытынды:
Қыз балаларға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық, ер
балаларға батылдық пен ұстамдылық тән. Осыны түсіне білсе,
олар күнделікті өмірде бір- біріне көмектесуге дайын
тұрады.
Біздің бойымызда мына
қасиеттер:
Намысшылдық, ақылдылық, сыпайылылық,
қонақжайлылық,парасаттылық, елжандылық, адамгершілік, шыншылдық,
қайраттылық, әдәлетшілдік,ар -намысты, әдет - ғұрыпты,
ырымдарды сақтаушылық қалыптасты, сондықтан бүгінгі
кеңесеріміз арқылы сендерден қылықты, ибалы, міезді, ата –
баба салтын қастерлейтін өнегелі де өнерлі, ұятты және көрікті
ұрпақ болып қалыптасады деп сенім артамыз.
Назар аударып тыңдағандарыңызға көп - көп
рахмет!