Материалдар / Рефеат: Абыл Тілеуұлы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Рефеат: Абыл Тілеуұлы

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал студент жастарға қажетті дүние.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
24 Желтоқсан 2018
987
4 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Жоспар

І. Кіріспе:

Абыл Адайдың «бес жүйрігінің» басы......................................................3

ІІ. Негізгі бөлім:

1. Абыл Тілеуұлының өмір жолы................................................................

2. Абылдың  бізге жеткен мұрасы...............................................................

3. Абыл – көне жыраулар дәстүріндегі  сөз шебері..................................

4. Абыл Тілеуұлы-айтыстың да шебері.......................................................

ІІІ. Қорытынды.




































Кіріспе


ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген бұрынғы ақын-жыраулардың дәстүрін жалғастырушылардың бірі, суырыпсалма ақын — Абыл Тілеуұлы. Ол Маңғыстауда туып-өсіп, бүкіл Атырау аймағына танылған ақын. Абыл Атырау аймағын, қарақалпақ, түрікмен елдерін аралап, өзі тұтас ақындармен өнер сайыстырған. Бұрын әдебиетте Абылдың «Арғымақ атта сын болмас», «Ескерту» дейтін толғаулары ғана мәлім болатын. Ғалым Қ.Сыдиықов 1965 жылы оның өмір жолын, тағы екі-үш толғауын Сәттіғұл ақыннан жазып алған. Абылдың табылған жырлар түгел дерлік 1967 жылы «Қазақ әдебиеті хрестоматиясында», 1972 жылы «Ақберен» жинағында басылып шықты. Абылдың көп өлеңдері ұмытылған. Бізге жеткені оның өмірінің соңғы кезеңіндегі шығарған арнау ретіндегі толғаулар мен бірлі-жарым нақыл сөз, термелері ғана. Осы бар азды-көпті шығармаларына қарағанда, Абыл өз заманындағы әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан талант иесі екенін байқаймыз. Абылды өзінен кейінгі көп ақындар жақсы білген, өздеріне ұстаз тұтқан. Мұрат, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сәттіғұл сияқты бір топ ақындар легі Абылдың талантына бас иген. Оның өлеңдері негізінен ауызша таралған.

Абыл Адайдың «бес жүйрігінің» басы. «Бес жүйріктің» қатарында Нұрым мен Ақтан, Қашаған мен Аралбай бар . Абылға дейін де жыраулық мектептің ірі өкілдері болғаны анық. Бірақ, ұмытылған, жырлары ел есінен көшкен. Мынау Абылдікі дегеніміздің өзі жұлмаланып жеткен жарым-жартылы дүние. Дегенмен, осының өзі зерттеймін дегенге мол мұра. Жыраулық тамырымыз тереңде дегенімізбен, Абыл – Маңғыстау ақындарының ақсақалы.

Менің де айтқан сөздерім,

Таңдайыңа татымас

Абыл да менен Нұрымнан

Дәніккен жұртым шекер жеп, —

дейтін Ақтан жырау (Ақтан Керейұлы),

Көзім көрген Адайда,

Абыл, Нұрым, Ақтаным.

Осылар еді тақтағым,

Осылай деп маған үйреткен

Тарихтың ескі ақпарын, —

дейтін Қашаған да біз айтқан Абылдың «ақсақалдық» дәрежесін бекіте түседі. Абылдан қалған мұра аз дедік. Бірақ, талас туғызатын дүние көп секілді. Оның талас туғызатындығы — ауызша жеткен қазынаның ала-құлалығынан, әрине. Осы ала-құлалықтан арылып болмай, Абылды зерттеу қиынның қиыны. Өйткені, Абылға қатысты бір оқиға басқа бір деректерде өзгеше берілсе, Абыл айтты дейтін жыр жолдарындағы кейбір сөздер әртүрлі кітаптарда түрліше жарияланады.


1848 жылдың шамасы. Маңғыстау жері. Жаздың бір жайма-шуақ күні. Ауыл алдындағы биік белесте төрт-бес ақын, жыршы. Бұларға ауыл жақтан бір қария келіп қосылады. Ақ орамалды басына жай ғана орай салған ақ көйлекті, ақ сақалды абыз атаның өзі.

-Балалар, не хабар?

-Абыл-еке, Махамбет жұмбағын айтып тұрмыз.

-Айтыңыздаршы, айналайындар.

...Қанды көйлек  жолдасы Исатайдан айырылып, қолы  ыдырап, көңілін бұлт торлап, көкірегінде кек ойнаған Махамбет бірде тілеулес досы Шернияздікіне келеді.

Ауылға таянған  Махамбетті көріп, Жарылғас баласы Шерниязға  ақыл айтады:

-Махамбеттің көңілі мұңды, көкірегі дертті шағы, жақсылап қонақ ет. Өз үйіндей аунап-қунасын. Егіздің сыңары, ердің сойы еді. Балам, екеуміз шұқанақпыз да, Махамбет пен Абыл телегей теңіз ғой. Әңгімесін есіңе тұт. Шәлкем-шалыс сөзден бүгінше тыйыл. Қалжыңның кезі емес...

Әке сөзіне құлақ  асқан Шернияз түн бойы Махамбетті тыңдаумен болады. «Махаңмен шешіліп бір сөйлеспей қалғаным қалай?» деген ой мазалаған Шернияз  таңертең ақынды аттандырып жатып, үзеңгіге аяғын сала бергенде өлеңмен ғибрат сұрайды:


Көлдеуде  көкала үйрек көл көріпті,

Ғалымдар  кітабынан жол көріпті.

Жолдасы Ер Исатай – ер Махамбет,

Сөз бар  ма тыңдағандай ескілікті?

Сонда Махамбет қолтығынан демеп, сөз сұрап тұрған Шерниязға жалт қарап былай деген екен:

Арғымақ алты айшылық жер сойқаған,

Өтерін  бұл жалғанның кім байқаған?!

Тас түлек  темір үзіп тепсінгенде,

Көп қағып дауылпазды, көл шайқаған.

Күн тұман, ай қараңғы, жортар құлжа,

Шернияз, ақын болсаң, мұны болжа:

Болғанда  таң мезгілі мұнар шалып,

Төрт  бүркіт бір аққуды қылған олжа.

Он бүркіт отыз аққу көлден ұшқан,

Бір сұңқар дамыл көрмей қанат қаққан.

Телегей теңіз тасып шамданғанда,

Жемсау  құс тұғырдағы қайда жатқан?

Болғанда  тапа тал түс күні батқан,

Болғанда  үш ай тоқсан көктеп жатқан,

Болғанда  үш ай шілде мұзы қатқан.

Отыз  қаз, он екі үйрек шыр айналып,

Бір кезде көгі шығып шешек атқан.

Сыйлас, сырлас, тілектес-тілеулес болған жылдары еске түскендей Абыл Махамбет сөзін тыңдап, мұңайып қалады.  Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Есіл ерлер қаза тапты. Қайран Махамбет-ай!

-Абыл-еке, бұл жұмбақты Шернияз да, содан бері естіген ақындардың ешқайсысы да шеше қоймапты.

-Е-е, кез-келген шешетін сөзді Махамбет айта ма?»

-Абыл одан әрі тебіреніп кетеді. Махамбет сөзіндегі бұқара басына үйірілген алмағайып заманды, күнбе-күн туындап жатқан қым-қуыт, қарама-қайшы өмір құбылыстарын, бұл кездегі ер-азамат міндетін, хан ордасындағы қаздай тізілген жемқор билерді – бәр-бәрін жырлап өтсе керек...

Бізге осы әңгімені жаздырған маңғыстаулық Алданов  Өрісбай да, атыраулық ақын –жыршылардың қай-қайсысы да Махамбет жұмбағын шешкен Абыл сөзін дәл өз күйінде айтып бере алмады. Бірақ ақындар мен жыршылардың бәрі де сол жұмбақты тек Абыл ғана шешіпті деседі.

Абыл – бұқара арманын өз шығармаларының өзекті идеясы еткен қазақтың көрнекті ақпа-төкпе, суырыпсалма ақындарырының бірі. Ол Маңғыстау түбңндегі  Бозашы мекенінде дүниеге келген.

Абыл Қазақстан  Республикасы Ғылым академиясының  Орталық ғылыми кітапханасы қолжазбалар  қорындағы (1121-бума) деректер негізінде 1982 жылға дейін Өтембетұлы делініп  келді. Шежіреші Алшын Меңдәлиев  пен ақын туысы Молдағали Түркпенбаев мәліметтері бойынша, Абылдың өз әкесі Тілеу, атасы Өтембет екені анықталды.

Ақын туралы бағалы мәліметтер беруші Боқанов Қайшыбай мен Қосдәулетов Бөкенбай деректері бойынша, Абыл 1777 жылы туып, 1864 жылы 87 жасында өлген. Бейіті Маңғыстаудағы Қаратөбе деген жерде.  1993 жылы белгілі құрылысшы-сәулетші Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс басшылығымен ақын мүрдесі басына сәулетті ескерткіш орнатылды.

Абыл туралы айтқанда, басын ашып алуға тиіс бір мәселе бар. Біреулер «Абыл әрі ақын, әрі күйші болған» деседі. Маңғыстау қазақтары арасында Абыл есімді ақын да, күйші де болған. Ел аузындағы  Абыл күйші туралы аңыздың толық нұсқасы  академик А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі».

(Алматы, 1958) зерттеуінде  берілген. Ә.Тәжібавтың «Абыл» поэмасына, Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесіне негіз болған да осы аңыз. Бұл аңызды кәрі құлақ қариялар Абылай күйші туралы деседі. 1964 жылы Жетібай деген жерде өз үйінде кездескенімізде, Сәттіғұл ақын: «Қазіргі Абылдың күйі «Абыл» деп тартылатын күйді біз «Абылайдың қоңыр күйі» дейміз. Абылай күйшінің ауылы қырда (Үстірт үстінде. Қ.С.) түркмендерге шектес жүрген, ол Адайдың Түрікменадай руынан. Ал Абыл ақын күйші болды деп естігеніміз жоқ. Ауылы үнемі Маңғыстаудың Ойын жайлаған», - деген еді. Расында да, күйші Абыл мен ақын Абыл бір түбекте, бір заманда өмір сүрсе де, екеуі Адайдың екі руынан шыққан. Халық сазгері Абыл Адайдың Түрікменадай руынан болса, ақын Абыл Адайдың Мұңал бөлімінен. Жас жөнінен де едәуір айырмашылығы бар. Ақын Абыл 1777-1864 жылдарда өмір кешкен болса, күйші Абыл 1820-1892  жылдарда өмір сүрген. Сәттіғұл ақын күйші Абылды Абылай деп әңгімелеген.  А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде  күйші Абылдың әкесі Тарақ (ақын Абылдың әкесі Тілеу, атасы Өтембет. – Қ.С.), әуелгі аты Абылай, кейін үй-іші Абыл атап кеткендігін айта келіп: «Кейбір ауыз әдебиетін жинаушылар Абыл әрі жүйрік жыршы, әрі композитор ақын да болған деседі. Бірақ бұл әңгімелерді бекіте түсетін бізде ешқандай материал жоқ», -дейді. Келтірілген деректер күйші Абыл мен ақын Абылдың дербес өнерпаздар екендігін танытады.

1942 жылы дәуіріміздің атақты жырауы  Мұрын Абыл туралы бірқатар маңызды деректер айтады: «Менің әкем Сеңгірбек Абыл ақынның  үйінде зергерлік құрып жатқан уағында:

-Сіз қалай ақын болдыңыз?-деп сұрағанда , Абыл айтыпты:

-Отызға келген кезім, ерте қой өргізіп келіп, ұйықтап қалсам, біреу бір сұйық нәрсені аузыма құйып жіберді, жұтып жібердім. Ояна келсем, кеудемді өлең сөз кернеп барады екен. Осыдан былай қараай ақын болып кеттім,- депті».

Және Мұрын жырау Адай Нұрым ақыннан естігенін баян етеді: «Абылдың әкесі айтатын еді. Түрікмен Мақтұмқұлы: «Түсімде Абыл және қарақалпақ Қаңлы руынан шыққан Ақтәжі  деген ақын қыз үшеуміз бір жерде кесемен ас іштік. Қыз бен екеуіміз кесенің ішіндегі асын іштік те, Абыл кесені жұтып қойып еді. Абыл бізден кейін ақын болар, бірақ ақындығы артық болар»,-деген екен».

Мұндай аңыз-әңгімелердің негізгі түйіні наным, сенімге негізделгенін, түсінде ғайыптан ешқандай ақындық келіп қонбайтындығын, мұндай түс көру өнерпаз жастың жан дүниесі мен ақындық өнерге құмартуының әсері екендігін Е.Ысмайылов «Ақындар» (Алматы, 1956) атты еңбегінде келісті дәлелдеп береді. Және осы тектес аңыз-әңгімелер өнер адамын арқалы, құдіретті, ұлы етіп көрсеткісі келген ниеттің, оны қадір тұтудың белгісі  болып табылады.

Мұрын жыраудан жазылған аңыз-әңгіме деректерге жүгінсек, Абыл қоныстас қарақалпақ, түрікмен ақындарымен жете таныс болған. Олар Абылдың дарындылығын, ал Абыл Мақтұмқұлы жырларын бағалай білген.

«Абылдың Махамбеттің  жұмбағын шешуі», «Үш ақынның өздерін  таныстыруы», «Шерниязға айтқаны» деген  материалдарға қарағанда Абыл замандас ақындарының ішінде Махамбет, Есенбақ, Шернияз, Нұрым сияқты атышулы  сөз зергерлерімен достық байланыста болған. Олардың бірқатары Абылдан ақындық өнеге алған. Махамбет, Шернияздармен пікірлес Абыл халықты аяусыз қанаған Баймағамбет Айшуақов, Қайыпқали Ешімов сияқты озбыр сұлтандарды жалтақсыз әшкерелеп отырған. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліспен аяқталғаннан кейін көтеріліске қатысқандар мен соған пікірлес болғандарды қатаң жазалаған ауыр жылдарда Абыл да біраз қуғын-қудалау көрген.

Абыл Қазақстанның батыс аймағы, түрікпен, қарақалпақ жерлерін түгел аралап, өз тұсындағы өнерпаздардың көбімен кездескен.

Абыл Қаным дейтін жұбайынан Арыстан, Артығалы дейтін екі ұл, Қырмызы, Қытайы деген екі  қыз көрген. Абылдың Арыстаннан өрбіген  әулетінің бірқатары Маңғыстауда. 

   2. Абылдың  бізге жеткен мұрасы терме, толғаулары мен шағын айтыстары. Ақын жырлары алғаш «Сана» (Ташкент, 1924, N2-3) журналдарында, кейін «Коммунистік еңбек» (Гурьев, 30.VII.1967), «Жұмысшы» (Красноводск, 22.1.1972), «Коммунистік жол» (Ақтау, 13.1.1983) газеттерінде, «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (А., 1967), «Ақберен» (А., 1972), «Өсиетнама» (А., 1982) «Бес ғасыр жырлайды» (А., 1984, 1989), «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» (А., 1985) жинақтарында жарияланған.

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық  ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында Абылдың бірқатар терме, толғаулары бар.

Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы (1121-бума) «Айтайын басымдағы мәніс жайды», «Абыл ақынның сөзі», «Жарандар  шалықтаңыз жан барында», «Кәрілік туралы» толғауларды айтушылар Абыл, Әубәкір, т.б. өзге ақындар сөзін шатастырып жіберген, кей ретте Абылдікі деп жаңсақ берген.

Абыл 1960 жылдан бері жоғары оқу орындары бағдарламасында  бұқара мүддесін жырлаған ақпа ақындар қатарында аталады. Жекелеген еңбектер мен мақалаларда  оқта-текте ғана аталып келген Абыл ақын жөнінде соңғы кезде жарық көрген бірқатар зерттеулер мен оқулықтарда арнаулы тараулар берілді (Қ.Сыдиықов. Ақын, жыраулар. 1974, 22-51-б; Х.Сүйіншәлиев. XVIII ғ. қазақ әдебиеті. А., 1980, 51-53 б.).

Абыл жырлары  өз дәуірінің тарихи  шындығын елестетеді. Оның терме, толғаулары өз ортасының нақты жағдайларына байланысты шығарылған.

Абыл өмір сүрген кезең – ел өміріндегі елеулі оқиғалар дәуірі. XIX ғасырдың I жартысында Қазақстанның батыс аймағында хан қанауына  төзе алмаған Бөкей шаруаларының көтерілісі, Хиуа феодалдарының езгісіне қарсы бұрқаған бұқара ызасы  үдей түсті. Еңбекші бұқара шектен тыс алым, салықтан бас көтере алмады, рухани езгіде болды.

Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары (Табын, Адай, Шекті) сауда айырбасы, қоныс тарымшылығы жайынан  XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың 50-жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болды. Хиуа ханы оларға ауыр салықтар салды. Төлемесе, хан қаһарына ұшарыда. Хан талабын орындаудан бас тартқан кездерде Хиуа бектерінің жасақтары  қазақ ауылдарын шауып, дүние-мүлкін тонап, әйелдері мен балаларын тұтқын етті. Қоқан және Хиуа феодалдарының зорлығынан қашқан қазақтар орыс қамалдарының панасына көшіп баратын болды. Хиуа ханы Россия үкіметіне арқа сүйегендерге ерекше қаталдық көрсетті.

Сондай озбырлықтың  бір көрінісі – 1832 жылы Маңғыстау  қазақтарына істеген Хиуа ханы мен  Аллақұлдың әрекеті. Хиуа хандығынан үнемі  қысым көріп  отырудың мүмкіндігі жоқтығын сезген Сүйінқара батыр Үргешбайұлы (1756-1841) 1832 жылы Кіші жүздің батыс бөлігін  билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа Россияға қосылу туралы уәде береді.  Мұны естіген Хиуа ханы Аллақұл Сүйінқара ауылын және өзге Маңғыстау елдерін үш мың әскерлі қол жіберіп, аяусыз талатқан. Халық санасында елеулі із қалдырған бұл қайғылы оқиғалар суреті әлі ел есінде:

...Бозашы түбегін  түтіп жіберердей қалың қол келеді. Астарында ауыздығын қарш-қарш шайнаған  өңкей ақалтеке арғымақ. Жол сілтеуші  Бәлкет пен Күсеп екеуі да бастарына құлынжарғақ құлақшын киіп, қарасұр ат мінген. Бұл екі қазақты жаңа ғана жолдағы  ауылдардан еріксіз ертіп алған.

Сүйінқара ауылы  жеткізер емес. Түн көзге түртсе көргісіз. «Қатпастың соры» дейтін бір қап-қара қойнау, айналма батпақ. Жол сілтеуші екі қазаққа  жасауыл басы Мәмбетнияз зығырданы қайнап, қалшылдап келеді.

Әлі біршама жер, деп қояды олар.

Кенет Хиуа нөкерлері  шұрқырасып, шаңқылдасып қалды. Жол бастаушылардың қулығын енді түсінді. Шапқыншылар бағанағы жолда түсіп қалған қалы қоржынның үстінен қайта шықты. Қазақтар Қатпастың сорын айналдыра беріпті. Алда келе жатқан Бәлкеттің басын қатігез жасауылдың  қайқы қылышы ұшырып жіберді. Олар екі қазақтың: «Жауды Сүйінқара ауылына түнде құлатпай, айламен кідірте тұрайық. Таң атып, хабар біліп, амал табар ма екен?»- деген ойларын сезіп қалды. Жау шырт ұйқыда жатқан ауылдың үстінен түсті. Шапқыншылар ауылды тонап, адамын тұтқын етті, малын айдады. Хан  олжасы болғандардың ішінде Сүйінқараның Айсалқам, Жансалқам атты екі қызының  зарлы даусы көш жерге дейін естіліп  бара жатты.

Бірақ Аллақұл әскері ханның «Кәпірге ниеттес болған Сүйінқара басын әкел» деген негізгі тапсырмасын орындай алмады.Түн бойы көзі ілінбей жатқан Сүйінқара ауылға жау құлаған кезде белдеудегі арғымаққа жайдақ мініп, Қатпастың қалың қамысына сіңіп  кеткен еді...

Ел есінде қалған осы оқиғалар тарихи деректерге де сәйкес келеді. Орыс зерттеушісі С.Г.Карелин 1832 ж. Орынбор генерал- губернаторына  жазған хатында Хиуа ханының зекетшілері Бозашыда түрікменнің абдал  биі Сүйінқара ауылын шауып, оның Айсалқам, Жансалқам атты екі қызы мен бір ұлын және отыз әйелді тұтқын етіп, қайтар сапарында  сол маңдағы елді тонап, 300-дей қазақты өлтіргенін  хабарлайды (Русско-туркменское отношение в XVII-XIX вв. Изд. АН ТССР, Ашхабад, 1962, стр.268).

С.Г.Карелиннің Сүйінқараны  түрікменнің абдал биі деуінде мән бар.  Сүйінқараның әкесі Үргешбай  түрікменнің абдал руының  ақсақалы Аллапердімен дос болған. Үргешбай  ерте дүние салады. Аллаперді дос өсиеті  бойынша  Сүйінқараны өзі тәрбиелеп, үй етіп, енші береді. Сөйтіп, қазақ, түрікмен тәрбиесін бірдей көрген Сүйінқара екі елге ортақ батыр атанады.

Сүйінқара ауылын шапқан Аллақұл әскері Маңғыстауды жайлаған қазақтар мен түрікмендерге  бірдей тиіскен. Сүйінқарамен қоныстас Аллаперді ауылы да шапқыншылыққа ұшыраған. Кезінде Аллаперді бұл шапқыншылықты Сүйінқараның ханмен қарсы болуынан, оның кереғар мінезінен  деп ұқса екен. Бұған куә – түрікмен ақыны Хатамның Аллаперді атынан қазақ ақсақалдарына арнап шығарған «Не болды?» дейтін өлеңі:

Бізден сәлем болсын Жары халқына,

Дұшпандарға таба болдым, не болды?..

Достым  жылап, дұшпандарым күлісті...

Ұлым  кәпір болып, малымды алысты...

Бірісі қолым еді, бірісі – саным,

Бірісі тәнім еді, бірісі-жаным,

Бірісі көйлек еді, бірісі-тоным,

Тілепбай, Мүсіреп жанға не болды?

Бұған қарағанда, Хатам  да, Аллаперді де Сүйінқараның түпкі ізгілікті ойына – Россияға қол артып, Аллақұлдан іргесін аулақ салғасы келген саясатына түсінбеген.

Тарихи зерттеулер мен ел есіндегі деректерге қарағанда  да Сүйінқара Аллақұл шапқыншылығына  жауапсыз қалмаған.

-Жаудың саны көп, бұл жолы жолымыз болмас, - деген ұлдары Бүркіталы, Сатыбалдыларға:

-Жауда кегім кетті әрі Айсалқам мен Жансалқамның даусын ести тұрып, шыбын жанды шүберекке түйіп үйде отыра алмаспын, жан аясаңдар, қала беріңдер – депті Сүйінқара. Қоныстас отырған Адай, Беріштің Сүйінқара, Құлбарақ, Жапаберді, Мырзатай сияқты батырлары бастаған 800 адам хан әскерін қуып жетіп, үлкен шайқас болады. Осы шайқаста Тоқтамыс руының, ішінде Абыл ақыны бар, он тоғыс кісісі қатысқан. Соғыстан жеңіліп қайтқан Абыл үш күн бойы зарлы дауыспен сарнаумен болған, үстіне адам кіргізбеген дейді. Мыңдаған әскерге төтеп бере алмай, Сүйінқара қолының тең жартысы қаза табады, біразы тұтқынға түседі. Хан әскері Сүйінқара басын алудың реті енді келген болар деп ойлайды. Олар қабырғасы қақыраса да қасарысқан жауына жайдай түсер бір айтулы батырдың басын Сүйінқаранікі деп сары алтындай сақтап, ханға апарады. Бірақ ол Құлбарақ батырдың басы болып шығады. Сөйтіп, Құлбарақ моласы екі жерде: басы көне Үргеніштегі Кубра шейх, денесі Маңғыстаудағы Тиген зиратына қойылған.

Ел аузында осы  жорықта елге оралмағандар туралы айтқан жоқтаулар мен талай тарихи әңгімелер  бар. Оларда халық басына түскен ауыр қайғы айқын бейнеленген.

Аттанған  Адай сегіз жүз,

Келер ме екен келер күз?

Келер күзде  келмесе, -

Аттанғаннан күдер үз.

Тарихшы М.Тұрсынова  архив қазынасынан келтірген  деректерге қарағанда, көп ұзамай Аллақұл ханның жасауыл басы Мәмбетнияз: «Сүйінқара келісім туралы ханға елші жіберсін», -деп хабар салады. Сүйінқара баласы Бүркіталыны қосып, тоғыз би жолдайды. Хан елшілерді тұтқынға алып, біреуін Сүйінқараға қайтарады:  «Хиуаға келіп, қарамағындағы елімен маған бағынатын болсын, алым-салық төлесін», - дейді ол.

Аллақұлдың келесі шабуылынан сескеніп, Сүйінқара көп ұзамай-ақ Баймағамбет Айшуақов билеген аймаққа өтіп кетеді. Үстірт Маңғыстау түбегінде  мұндай көшулер үнемі болып тұрған.

Хандар тонауынын  күйзелген мұндай қаһарлы жылдар бейнесі  көшпелі ел әдебиетіне өз сәулесін түсіреді. Бұқара тілегіндегі ақын, жыраулар ел мұңын, басқыншы, тонаушыларға қарсы халық ызасын өз шығармаларына арқау етті, дәстүрлі ел қорғау  идеясын көтерді.

Бұл кезеңде өмір сүрген  бұқара жыршысы Абыл Хиуа ханы Аллақұлдың озбырлық басқыншылығына қарсы күрескен айтулы батырларды тебірене жырлаған. Соның ішінде ерекше атайтыны – елі үшін жан қиған Құлбарақ батыр.

Аржағың Ер Есболай Итемгеннен,

Келеді  айқын жүйрік ит өлгеннен.

Қайтпады  қайран ерлер қауымына,

Ажалға өзі барып сүйкенгеннен.

Құлбарақ  туып еді Табылдыдан,

Жау көрсе, жаман қашар жабындыға.

Барды да, батыр жауда қапыда өлді,

Тиді  де ажал оғы қағындыдан.

Ақын Құлбарақ батырды  сонау арғы аталары Итемген, Есболайлар сияқты ел қамқоры ретінде суреттейді.

Абыл Хиуа хандығының қысымында  отырып елдің көсегесі көгермейтінін, Россияға қол арту керектігін нақты жағдайлар нәтижесінде сезе білген ойлы батыр Сүйінқараны да жыр еткен. Бізге бұл жырдың батыр қазасы кезінде айтылған екі-үш шумағы ғана жетіп отыр:

Сүйекем сапар шекті сексен бесте,

Сейсемде, қалды жатып Аютөсте.

Қорлыққа  көнбен деген бір пенде еді,

Ажалға о да көнді – салған іске.

Осы жолдардың өзінен ақынның батырға деген ерекше ілтипатымен қатар, Сүйінқараның өз өмірінде бір бет, бірегей адам болғанын да аңғарамыз.

Халық батыры Сүйінқараның өз дәуірінде лайық ілгерішіл, ерлік әрекеттерін бейнелеу қазақ әдебиетінде дәстүрге айналды. Абылдан кейін Сүйінқараны  жырға қосқан Ығылман ақын.  Ол аты әйгілі «Исатай, Махамбет» дастанында Сүйінді (Сүйінқараны.-Қ.С.) жұрт аузына қараған ел ағасы, Исатай, Махамбеттермен дос көңілдегі адам ретінде суреттейді. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев «Күй» повесінде Дүйімқараны Сүйінқараның прототипі ретінде алып, нағыз қас батыр образын жасаған. Мұнда Дүйімқара жаңа түскен жас келіншегінің жылы төсегінен суырыла шығып, атқа жайдақ міне, сүйеулі найзасын қарына іле жауға аттанған, жауын шыбын құрлы көрмейтін кесек қимылдарымен танылады.  Жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында тарихи, әдеби деректерді қорыта келіп, Сүйінқараны Аллақұл әрекеттеріне қарсы, Исатай – Махамбеттермен пікірлес, мұраттас, ел алдында беделі зор, аузы дуалы, көреген де шешен, ойлы батыр есебінде бейнелейді. Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінқара» романында да Сүйінқара батыр бүгінін ғана емес, келешегін де бағдарлай, болжай білетін ақылды адам, беделі зор бұқара қамқоршысы ретінде суреттеледі.

Абылдан күні бүгінге  дейін көркем әдебиетте суреттелген Сүйінқара бейнесі тарихи шындықтан алшақ кетпейді, қайта уақыт мұнары перделей бастаған замана шындығын, халық қамы үшін үрдіс әрекетке бел буған батыр қимылын бүгінгі оқушыға мол елестете түседі.

Абылдың бір топ өлеңдері әділетсіз, озбыр сұлтандарды әшкерелеуге арналған («Баймағамбетке айтқаны», «Ақсұңқар сынды шалғын қауырсыннан», «Замана қайым болар жер зыңыранса», «Қызыл тіл Жиреншедей тілім, тақсыр», «Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл»).

Бұқара сөзін  сөйлеген өнер иелеріне  қанды қақпан құрған Баймағамбет сұлтан бірде ауырып жатып Абылды алдырып:

- Сен хан, сұлтанды қаралап өлең шығарады дейді. Мықты болсаң, бұлтармай, маған өлең шығаршы, жақсыласаң – жарылқаймын, өле кетсем – өшпес сөз болсын, - дейді. Сонда Абыл тайсалмастан былай депті:

Бопайдан  туған әкең Айшуақ хан,

Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.

Дәлірген дажал сынды дәрежеңді

Деп жүрсің Құдай қорып, Қыдыр баққан.

Толы  ел – толықсыған көлін тастап,

Қаңғырған Қайыпалды Тәңір қаққан.

Ер өлді деп етек бұлап жалайтұғын,

Байеке-ау, қай ісің бар елге жаққан?!

Сөйтіп, турашыл ақын Баймағамбетке арнаған толғауында «сен де Қайыпалдының (Қайыпқали Ешімов. – Қ.С.) жолын қуасың, халықтың қас жауысың» деген пікірді ашық айтады. Бұл езілген бұқараның қанаушы қауымға өз ақынының жалынды тілі арқылы айтқан ыза-кегі болатын. Абылдың қуғын көріп, қысымға түсуіне де себеп болған озбыр хан, сұлтандарды аяусыз әшкерелеген осы туралығы, хан ордасының шаңырағын шатырлатқан Исатай, Махамбет сияқты халық ұлдарымен үндестігі еді.

Абыл тағдыры  талқыға түсіп, қаншама азап шексе де, халықты аздырып-тоздырып қанап келген хан, сұлтандарды тілдеуін тоқтатпаған. Бұл жай оның Қайыпалдыға  айтқан өлеңдерінен айқын көрінеді:

...Баймағамбет  өзіңнен артты десе,

Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.

Қолдаған  сол сұлтанды губернатор,

Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.

Хиуаның қонышына кіріп кеттің,

Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр,-

деп Жәңгірмен бақталас болып Хиуа хандығына паналап жүрген Қайыпқалидың қытығына тиеді. Шыншыл ақын Қайыпқалиды: «Хиуа ханының құйысқанына қыстырылған сенің күнің қараң, келешегің бұлдыр»,- деп айыптайды. Абылдың мұндай пікірге  келуіне  толық негіз бар еді. Себебі Хиуа хандығы қолшоқпарлары Қайыпқалилардың бұқараға  көрсетіп отырған озбырлығын, Хиуа тарапынан жәбір көрген қазақтардың орыс шекарасына көшіп барып, жан сауғалап отырғанын ол жақсы білетін. Оның куәсі ақынның көз алдынан өткен, өзі тебірене жырлаған  Сүйінқара ауылдарының шабылу оқиғасы болатын. Хиуа хандығының елге көрсеткен зорлық-зомбылығы, Бөкей ордасындағы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар бұрқанысы ақынға өз дәуірінің мәнді мәселелеріне зер салып, түйін жасауына  көмектескендігі даусыз.

Жәңгірмен бақталас болып, сырттай бұқара ниетіндегі адам көрінсе де, Қайыпқали Хиуа ханы саясатын шектес отырған қазақ руларына насихаттап, алым-салығын жинаушы  қолшоқпары болды. «Хиуа хандары Кіші жүздің сұлтандарын қолшоқпары етіп алып, оларға хан атағын белгілеген грамоталар берді, қару-жарақ, әскер беріп тұрды. Сауқым Бөкеев, Ермұхамбет (Елекей) Қасымов, Жанғазы Шерғазиев, Қайыпқали Ешімов және басқа сұлтандар Хиуа ханының қызметінде болды. Бұл сұлтандар Хиуа ханына ұшыр және зекет жинады. Хиуа нөкерлерінің шапқыншылықтарына, ел тонауларына қатысты, бір руды бір руға айдап салды, тағы басқа осындай әркеттер істеді» (Қазақ ССР тарихы, І том, А., 1957, 336-б.).

Кезінде Сүйінқара және басқа Маңғыстау батырлары еліңді Хиуаға біржола бағындыр деген Қайыпқали үгітіне көнбеген. Бұл жайлар Ы.Шөрековтің «Исатай, Махамбет» дастанында да келісті  суреттеледі. Ықпалына  иілмеген  елге Хиуа үкіметі  үстемеленген салықтар салады, хан әмірін орындаушылардың бірі Қайыпқали еді.

Абыл Қайыпқали  мен Баймағамбетке айтқан өлең, толғауларының  қай-қайсысында да Махамбетпен, Шерниязбен үндесіп отырады. Махамбеттің «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» халықтың қас жауына тура айтылған жай оғы десек, Шернияз бен Абыл өлеңдері өз стильдеріне лайық кезде ашық, кейде тұспалдай келетін сынау, шенеу болып табылады. Олардың қай-қайсысы да ыза мен кекке суарылған. Бұл аталған ақындардың өлеңдері әрі пікір, көзқарас бірлігінен, әрі тағдыр ұқсастығынан туған.


3. Абыл – көне жыраулар дәстүріндегі  сөз шебері. Шағын шумақтан құралатын  «Сексеннің бізде келдік жетеуіне», «Отырған қарсы алдымда Қаным- айым», «Сүйекем сапар шекті сексен бесте», «Арғымақ атта сын болмас» сияқты бірқатар өлеңдерінде, «Естірту» толғауында өмір мен оның мәні, адамның тірліктегі қадір-қасиеті туралы толғанады.

Адам өмірінің бел-белестерін суреттеу, кәрілік шағы туралы тебірену  қазақ ақын, жырауларының көбінде кездеседі.  Бұқар, Шал, Сүйінбай, Шәйтім жырларында кәрілік кезеңі өте шынайы суреттелген.  Абыл да «Кәрілік» аталатын шағын шумағында жалғыздық, жарлылық, кәрілік үшеуін салыстыра келіп, адам еркінен тыс ұрмай-соқпай кісендеп тастайтын қартайған кездің қатыгез мінезін айна –қатесіз  көз алдыңызға әкеледі.  Аталған ақын, жыраулардан Абылдың бір ерекшелігі – «қалтақ-құлтақ етіп» тек көп жасап, көп көргендігін айтуында ғана емес, «жаманның жетегіне ермей»,  адам боп өткен мағыналы өмірді  мақтан етуінде. Мұндай ой ақынның  «Қар жауар күн-түн оның қабағынан» өлеңінің де негізгі идеясы. Абыл мұнда сараң, дөкір, өзіндік пікірі жоқ, азаматтығы кем жандарды мінеп, «от басы, ошақ қасы» қамынан ел мүддесін  артық санайды. Ақын жырларының негізгі қағидасына айналған бұл идея философиялық –дидактикалық әуенде келетін «Арғымақ атта сын болмас», «Естірту» толғауларында да дами түседі.

Ойлы мысалдарға толы ақыл, нақыл, насихат күйінде  келетін Абылдың «Естіртуі» - қазақ  әдебиетіндегі  мұң-шер өлеңдері дәстүріндегі толғау.  Әдеттегі «естіртулердің» кейбір  қағидалары мұнда да сақталған. Кейбір «естіртулерде» естірту, жұбату сөздері қатар келетін болса, Абыл толғауы тек естіртуге ғана құрылған.  Толғауда «Естіртулер» дағдысы бойынша Абыл да адам мен табиғат дүниесінің  әр саласынан басына іс түскен зарлылар мен қиындыққа  кезіккендердің  қайғылы халі туралы  мысалдар келтіріп,  тебірене  толғайды:

...Желбезекке  жебе дарыса,

Өрге  балық жүзе алмас.

Әркімдер  жеткіншектен  айрылса,

Жер таянбай  тұра алмас.

Ақын көне жыраулар дәстүрінше алыстан орағытып, тұспалдай бастап, мысалды бірте-бірте нақты қаза оқиғасына  жуықтата түседі. Тыңдаушыны қаралы хабарды сезуге даярлайды:

...Ай тұтылды ұлысынан,

Күн тұтылды  шығысынан...

Емен  сапты болат найза

Сынды дейді  ұңғысынан.

Абыл осылайша әдеттен, табиғат заңынан тыс оқыс оқиғаларды суреттеп, ой салар, селт еткізер, секем алар халге келтіреді. «Естірту» соңындағы бірнеше жолда ғана қаза хабарын ашық айтады:

Тау құлады шынарынан,

Айырылып, шықты көзің  шырағыңнан,

Айрылдың  Жиреншедей ділмәріңнен.

Көрсең- көзіңнің раушаны,

Көңіліңнің  күш-қуаты,

Жүрегіңнің ол дидары,

Көзіңнің  ол жанары,

Айрылдың Тілеумағамбет перзентіңнен.

Осы естіртуден де өлең-жырды халықтың жүрекке жара болған көңілдегі қайғыны емдеп, сейілтуші деп қарағандығы сезіледі. Академик М.О.Әуезов сөзімен айтсақ, естірту «қазақ халқының жан дүниесінің тазалығын, қайғы көріп, қаралы болғанға қабырғасы қайысып, ауыртпалықты бірге  көтерісетінін, оның адамның күйініш-сүйініштерін терең сезінген сыпайыгершілігін, көрегендігін танытады»  («Уақыт және әдебиет». А., 1962, 45-б). Мұндай сипаттарды Абыл «Естіртуінен» де анық аңғарамыз.

Бір ғана «Естірту» емес, Абылдың «Сүйінқара батырға», «Құлбарақ батырға» аталатын өлеңдерінің қай-қайсысы да мазмұн, әуеніне қарағанда, «Мұң-шер өлеңдері» үлгісінде. Соңғы екі өлеңі, шын мәнісінде, Сүйінқара, Құлбарақ батырларды жоқтау. Бізге бұл өлеңдер ілкі қалпында толық жетпесе де, батырлардың ерлігі мен кісілік келбетін айтып, «Ажалға о да көнді – салған іске», «Қайтпады қайран ерлер қауымына», «Барды да батыр жауда қапыда өлді» дегендей аңсау мен өкініш аралас аза тұтудың өзінен жоқтау әуені айқын аңғарылады.

Халық ауыз әдебиетіндегі бағзы тұрмыс-салт жырлары үлгісіндегі Абылдың «Той бастарынан» да бірқатар сыр аңғарамыз.Әдетте, тек қыз ұзату тойында ғана емес, жайлауға қону, батырлардың жауды жеңіп аман оралуы, әртүрлі жағдайлармен көпжылдар ажырасып кеткен ру, ел табысқан мереке, қуаныштардың көбінде тойбастарлар айтылған. Бірақ олардың бәрі-бәрі біздің дәуірімізге жете бермеген. Неғұрлым қыз ұзату тойларында айтылған «Той бастарлар» ел жадында көбірек сақталған.  Ондай «Той бастарларда» той иесі  мен той көркі суреттеледі, қыздың қыдір-қасиеті айтылады. «Той бастар» тойды ашу, той иесін, ұзатылар қызды халыққа жариялап таныстыру  мақсатын  көздейді.  Ондай жырды ауыл арасының аты белгісіз кез келген өлеңші, жыршысы емес, аты әйгілі ақын, жыраулар, қадірлі өнерпаздар айтады. Абыл «Той бастарында» дағдылы «Той бастарлардағы» элементтердің кейбіреулері  ғана сақталған. Ақын өлеңі тек қыздың көркі мен адамгершілігін суреттеуге арналады. Абыл «сыртыңнан сөз айтпаған дос, дұшпаның», «Бір асыл заманында сендей болар», деп қыздың кісілік парасатын бірінші орынға қояды.

Демек, Абыл өлең, толғауларындағы  өзекті мәселе – адамгершілік, ізгілік дейтін іргелі әуен. Ақын байыптауынша, өмірдің мәні, адамның өз дәуіріндегі қадір-қасиеті ортасына, ел-халқына сіңірген қызмет, ісімен бағалы.


4. Абыл Тілеуұлы-айтыстың да шебері. Ақын шығармаларының – бір саласы – айтыс. Олар «Абыл мен Балдай қыз», «Сушы қызбен сөз жарыстыруы» , «Шерниязға айтқаны» , «Нұрымды сынауы», «Абыл мен Орақтың қызбен сөз қағыстыруы», т.б.

Сыртқы көлемі мен  түр ерекшелігіне қарағанда, Абыл айтыстары бір-екі ауыз өлеңмен қолма-қол жауаптасу ретіндегі түре айтыс күйінде. Ақынның «қарсыластары» көбінесе қыздар болып келеді.  Қыз бен жігіттің түре айтысы ойын-сауықтарда көп қолданылған. Бірақ Абыл айтыстарына қарағанда, түре айтыс қазақта тек ойын –сауықтарда ғана емес, атақты ақындар үшін де кездескен жерде жедел айтыса кетуге лайық үлгі болғандығын көреміз.

«Сушы қызбен сөз  жарыстыруында» мынадай жай бар: Абылдың қарт кезі екен. Су алып бара жатқан бір топ қызды көріп, былай депті:

Арқаның атып алдым ақша қуын,

Қамысы  Атыраудың буын-буын.

Қолында темір шелек таси-таси,

Барады  қыздар құртып көлдің суын.

Осы кезде бойжеткен  қыздар иба сақтап мүдіріп қалғанда, кіші қыз жауап беріпті:

Қызады-ай бұқа буға, тентек – дуға,

Қайғысыз  семіреді қара суға.

Атаның  сатып алған құлы ма едің,

Болар ма жігіт итаршы қара суға.

Абыл мұнда қыздарды сөйлетейін, сынайын деген ниетін білдірсе, қыз «бізбен ойнар, қалжыңдасар  дәуренің өткен» дегендей ұтымды пікірмен жеңеді.

Абылдың әр кезде көп қағысқан ақын қыздарының бірі – Балдай. Өкінішке орай, өлең сөзден алдына жан салмаған дарынды ақын Абылға өлең сөзден есе бермеген Балдай туралы деректер біздің дәуірімізге  жетпеген. Бұл жалғыз Балдайға ғана емес, Қазан төңкерісіне дейінгі  қазақ ақын қыздарына ортақ жағдай. О заманда ақын қыздардың  таланты еркін гүл жара алмай, көбінің бірді-екілі айтыс өлеңдері ғана болмаса, өмірі мен ақындығы жөнінде  анық мәліметтер қалмаған. Әйтпесе, Абылмен сайысатын Балдай қыздың, Нұрыммен айтысқан Берішқызының, Мұратпен өнер жарыстыратын Жантолының, Бала Оразды  өктем сөздерімен састыратын Жібек қыз ақындығының несі кем?! Бұл жағдайды Абыл мен Балдай қыз айтысынан айқын аңғаруға болады.

Абыл айтысқандарын  баудай түсіріп жүрсе де, Балдай қызды жеңе алмапты. Ол Балдаймен бірнеше рет сайысады. Академия қорындағы кейбір жазбаларда  Балдай да, Абыл да қайымдасу  ретінде қисық, қыңыр, анайы, тұрпайы сөздермен айтысады. Әрине,  ондай шумақтар Абыл сияқты өнегелі  ақын мен қыз Балдай арасында болды деу шындыққа келіңкіремейді.  Олар ел арасындағы  әйел намысын төмендеткісі келген  кейбір керауыз айтушылардың қоспасы болуы керек.

Біз «Абыл мен Балдай айтысы» деп сөзі көркем, мағынасы сыпайы, таза ақындық серпінге құрылған «Отырған қарсы алдымда Балдайымыз», «Ақ Балдай, отырмысың ісіңді істеп» деп басталатын екі кездесуін ғана есептейміз. Бұл айтыста  да «Сақау мен Тоғжан», «Жанақ пен Күнекей», «Сабырбай мен Тойбала» айтыстарындағыдай Абыл мен Балдай ұзақ уақыт айтысып, бір-бірінің мінін, сөзден сүрінер жерін іздей жүреді. Балдайды сөзден сүріндірмек оймен Абыл сол ауыл жігіттерінен ақын қыздың көңілдес адамын сұрайды. Олар Қабылдың Тіленшісін атайды. Абыл соны тілге тиек етіп:

Отырған қарсы алдымда Балдайымыз,

Бал татыр  жесе секер таңдайымыз.

Сендерді  жақын-жақын дей береді,

Қабылдың Тіленшісі қандайыңыз? –

деп тосыннан шымшыма  сұрақ қояды. Балдай мүдірместен:

Жаз болса  – ауылдасым, сусындасым,

Қыс болса  – қораласым, қызылдасым.

Қабылдың Тіленшісін бізге қосып,

Басыңыз, Абыл-еке, ауырмасын, -

деп жеңіп кетеді.

Балдай қызды  Абыл күйеуге ұзатылғаннан кейін  де іздеп барып, талай айтысып  жеңіледі. Бірде күйеуін көзбе-көз  көріп, оның көзінің мінін айтыста  ілік етеді:

Ақ Балдай, отырмысың ісіңді істеп,

Кісіге  «сөйлес» деген «үйге түс» деп.

Қолыңа қонған құсың құтты болсын,

Болыпты көзі тыртық, түлкі тістеп. 

Жарасар салсаң тоқым қара көкке,

Құсыңыз қыран ба екен, салшы жеке,

Құсыңның оң көзінің жиегі жоқ,

Алмасақ жиектетіп Сегізекке.

Сол заман қалың  малмен бұғаулап, сүймеске теліп, даусын шығармаған Сара сияқты Балдай қыз да күйеуінің мініне қорынып, сөз қайтара алмайды. Соңғы кезде Балдай туралы бірқатар дерексымақ нәрселер табылып, Балдайға Абылды тілдететін жалған, жасық «өлеңдер» де бой көрсете бастады. Қазақ поэзиясын жинап, зерттеумен қырық жылға жуық айналысқан осы жолдардың авторы ондай әрекетті, өлеңдік құны жоқ «дүниелерді» тықпалауды халықты шатастыру деп есептейді.

Абыл айтыстарының бірі - «Шерниязбен кездесу». Абылдың ақпа-төкпе ақындығынан, бұлтартпас шешендігінен  оның қарсыластары озбыр болыс, билер мен  дүмше молдалар ғана емес, тіпті замандас ақындары да әрі қызыға, әрі қаймыға жүреді екен. Бірде Абыл Кете Шернияз ақынның  ауылына келеді. Шернияз атақты Абылға  өзі деп сөз айтуға жүрексінеді де, оның ақындық дарынын байқамақ болып, жеңгесіне бірауыз өлең үйретіп, өзі бой тасалайды. Абыл кіре бергенде жаңағы әйел үйренген өлеңін лекіте жөнеледі. Абыл сөз төркіні Шернияздан келгенін бірден біледі. Сол кезде Шернияз шыға келіп, Абылды арашалаған болып бір ауыз өлең айтады, өлеңінде Абылды тағы да сөзбен қағыта өтеді. Абылдың сөзі сәл қатқылдау шығады:

Өзгеге  тартқан жерім жоқ,

Қушық маңдай, шекесіз,

Өзіңмен өзім тең болсам,

Атамды  сұрап не етесіз?!

Заманында өзі болған жігіттің

Жеті  атасын сұраған жетесіз!

Өлең сөзге дес  бермейтін Абыл талантына риза болған Шернияз аға ақынмен бірге ел аралап, одан өнеге алыпты. Сонда Абыл әуелі әйелге, сосын Шерниязға жауап береді. Өлең құрылысына қарағанда, Абыл екі ақынмен бірдей  айтысқандай. Абыл бұл айтыста да өткір, ұтымды жауабымен, тапқыр шешендігімен, тұтқиылдан төкпектете  жөнелетін түре айтысқа  үздік ақын ретінде танылады.

Абыл мен Шернияздың осы кездесуі ел аузында әртүрлі  нұсқада айтылады.

Түрі жөнінде өзге айтыстарынан  өзгешелеуі – «Абыл мен Орақтың қызбен сөз қағыстыруы».

... Абыл мен Орақ  ақын озбыр хан, сұлтанға тілі  тиіп, қуғын көреді. Сол сапардан азып-тозып келе жатып, Орта жүз жерінде бір ақбоз үйге кезігеді. Үйде домбыра тартып отырған қыз бұлардың ұсқынын көріп, әрі сескене, әрі кекете өлең айтады:

...Өлеңге  сен де дүмді, мен де дүмді,

Айтысса екі дүмді қазар мінді.

Жүлдені шаппай алған жүйрік едім,

Талайдың  айтысам деп сағы сынды.

Сіздерді  бұрын-соңды көргенім жоқ,

Жол болсын, жолаушылар тағы сынды.

Сонда Орақ айтады:

...Өлеңге  сен де дүмді, мен де дүмді,

Қағысса екі дүмді табар мінді,

Отырған ақбоз үйде қарындасым,

Бермесін  бізге берген саған күнді.

Шөлдеген жолаушыға сусын бермей,

Салқам қыз салған жерден неге күлді?

Шалдырмас шаппай бердің өзі болсаң,

Жайланып, сөйлесейік келер күнді.

Орақтың орайлы да тегеурінді жауабынан кейін қыз  сөз жарыстырмай, сабыр етеді. Сонда  Абыл:

Екеуіңіз  үйдестіңіз, бүйдестіңіз,

Сыпайы  сыр айтысып сөйлестіңіз.

Адамның аңырғаны – жусағаны,

Манағы  келер күнді не дестіңіз? –

дейді.

Мұнда әуелі қыз  сөз бастайды. Оған Орақ жауап береді. Орақтың орайлы да тегеурінді жауабынан кейін қыз сөз жарыстырмай, сабыр етеді. Сол кезде Абыл айтады. Себебі Абыл мұнда екі жастың ақындық дарыны тең түскендігін сезіп, оған өзі баға бергендей. Бірқатар айтыстарда  төреші тыңдаушы халық болатын болса, қайымдасу ретіндегі  бұл айтыста екі ақын өлеңмен пікірлеседі де, айтыс қорытындысында төрелігін үшінші ақын береді. Бұған қарағанда,  қазақ айтыстарында кездесетін бұл түрді Абыл да қолданып, дамыта түскен.

«Абыл мен Орақтың  қызбен сөз қағыстыруы» - дағдылы қазақ қайым айтыстарының бірі. Орақ Байдалыұлы – Абылдың ауылдас туысы, палуан, сал-сері ақын. Шамамен  1822-1910 жылдары өмір сүрген. Жастай өлең, жырға  құмартып, Абыл маңында өскен. Маңғыстау елінде айтылатын

Орақтың мынадай ән өлеңі бар:

Баласы  Байдалының Орақ едім,

Бәйгеден  салса келген пырақ едім.

Ішінде  сегіз арыс Жары ауылдың,

Жал менен  жая жеген шырағы едім.

Қарайды қырық солдат сыртымыздан,

Қанды су қатып болды ұртымызға.

Бейнетке  белшемізден батып жүрміз,

Көрісер күн болар ма жұртымызға?

Ел аузындағы  деректерге қарағанда, он бес жасында  Абылға еріп Баймағамбет сұлтанға барған. Кейін хан, сұлтандарға тілдері тиіп, екеуі де үстем тап өкілдерінен жәбір-жапа көреді. Сол сапардан келе жатып қызбен қағысады. Қыз аты-жөні мәлім емес.  Орақ Маңғыстау қазақтарының патша  үкіметінің отарлау саясатына  қарсы 1870-1873 жылдардағы көтерілісіне қатысады.  Досан батырдың сенімді адамдарының  бірі болған. Көтерілістен кейін патша әкімдері  түрмеге қамап,  одан қашып құтылып, түрікмен жеріне кетеді.  87-88 жастарға  келіп, қартайып дүние салады. Бейіті Түркменстандағы Шикабир (Шейх-Кубра) зиратында. «Абыл мен Орақтың қызбен сөз қағыстыруы» - көркем, бейнелі қайымдасу.  Мұнда меңзеу, тұспалдау тәсілдері мол қолданылады. Бұл айтыс «Ақберен» (А., 1972) жинағында жарияланған.

«Абылдың Нұрымды  сынауы» жұмбақ айтысы түрінде. Абыл Нұрымның ақындық қабілетін, ой-өрісін дін аңыздары мөлшерінде сынамақ болған.  Дін жұмбағы түріндегі сұрау-жауап айтысы  қазақ әдебиеті тарихында  Шөже  мен Кемпірбайда, Әсет пен Бақтыбайда, Нұрым мен Қашағанда  да бар. Абыл мен Нұрым айтысы  осылар іспеттес.

Абыл айтыстары  сөз жарыстыру, әзіл-оспақ, сын түрінде  келеді. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» шебер қиюласқан шумақтарынан оның ақындық зергерлігін айқын аңғарамыз.

Бірер сөз Абыл шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен өлеңдік  кұрылысы жөнінде. «Қызыл тіл - өнер алды, білім» деп өзі айтқандай, Абыл жырлары терең тебіреністен туған көркем де қисынды, өткір де уытты келеді. Халық әдебиетінен еркін сусындаған ақын жырларының негізгі өзегі — өмірдің әр саласынан алынған мысалдар, мақал-мәтелдік, ақыл-нақылдық сөздер.

...Қабырғасы  қатқан кәрі боз

Қаржалған күні жүгіре алмас.

...Дүниеде  дертті кісі ойнап-күлмес.

Арыса, арғымақтың сыны бар ма?!

...Азаматта  сын болмас,

Арты  болса тұяқсыз.

Ақын өмірден  көріп, түйгендерін осындай шешендік толғау, терме түрінде, мақал, мәтел, ақыл-нақыл күйінде береді. Өзіндік сөз тіркестерін жасайды. «'Нар жолында жүк қалмас» дейтін халық даналығы Абылда өлең жолдарына орай  «Жүк қалмас артсаң ауыр қара нарға» күйінде кездеседі.

Ел аузында Абыл айтыпты дейтін «Өлетін аурудың  түсі кетеді, жігіт жарлы болса, үйінен кісі кетеді» немесе:

Жалғыздық жаман,

Жарытып ісі өнбейді.

Жарлылық  құрсын,

Әйтсе де кісі өлмейді.

Кәрілік бәрінен де жаман екен,

Адамды ұрмай, соқпай кісендейді, -

дейтін мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер бар.

«Толы ел - толықсыған көлін тастап», «Жігіттік өтер, кетер бір қызыл гүл» немесе:

Көрсең- көзіңнің раушаны,

Көңіліңнің  күш-қуаты,

Жүрегіңнің ол дидары,

Көзіңнің  ол жанары, -

дегендей ақыл, нақылдың үлғайған түрі де Абылда жиі ұшырасады.

Ақын кейбір мүкі, бір қақпайға құрылган сілтілі жолдарын риторикалық билік, шешендік сұрауға құрып, үстеме мән бере түседі:

Хиуаның қонышына кіріп кеттің,

Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр?!

Мінсіз, жібектей есіліп келетін өлең жолдарында дыбыс үндестігі мол:

Ол жігіт отын алар, ошақ қазар,

Отырып  от басында болар мазар.

Сөйлесіп азаматпен ақыл қоспас,

Сөйлесіп қатынымен дертін жазар, -

сияқты аллитерация, ассонанс ретімен келетін шумақтар да аз емес.

Абыл өлеңдері көбінесе 11 буынды және буын саны ой ағымына бағынған аралас буынды (7, 8, 9, 10, 11 ) жыр үлгісінде.

Ұйқас жағынан Абыл ерікті, қара өлең, аралас ұйқасты қолданған. Ол он бір буынды өлеңдерінде «ұйқасы балталаса бұзылмайтын» дегендей шебер ұйқастырады.

Абыл жырларының қайнар көзі - халық ауыз әдебиеті мен  көне жыраулар мұрасы. Тұрмыс-салт жырларындағы «Той бастар», «Естірту», «Жоқтау» сияқты ауыз әдебиеті түрлерін Абыл өз жырларында орынды қолдана білген. Мұрын жырау деректеріне қарағанда, «Қырық батыр» жырын әуелі Сыпыра, одан кейінгі дәуірде Абыл дамыта жырлап, Қарасай, Қалнияз, Нұрымдарға ұластырған. Ал олар арқылы Қашаған мен Ақтанға, Қазақбай мен Мұрынға, Қоспақ пен Нүрпейістерге жетеді.

Абыл ерлік дастандарды  таратушы ғана емес, сол дәстүрді қалыптастырушы да. Оған куә - оның Сүйінқара, Құлбарақ, Жапарберді, Мырзатай батырларды жырлауы.

Абыл мен Махамбеттің  ерлік пен елдікті, адамгершілікті жырлау, озбыр, ожар сұлтандарды әшкерелеу  дәстүрін Қашаған мен Шернияз, Ығылман  мен Матай, Нұрым мен Мұрат, Нұрпейіс пен Ақтан сияқты сөз зергерлері өнеге тұтқан.

Абылды өзінен кейінгі  көптеген акындар жоғары бағалаған. Атырау, Маңғыстау аймағындағы сөз зергерлері туралы айтқанда, Шернияз: «Адайда- Абыл, Тазда - Есенбақ, үштің бірі - өзім-ақ», - дейді екен. Өлең сөздің өрен жүйрігі Қашағанның өзі: «Абыл - зергер, Қашаған - ұста, Абыл-екеме сөз жоқ», - деген болса, Кердері Әбубәкір ақын Қожахметпен айтысында:

Адайда  Абыл, Нұрымдай,

Байбақтыда  Сырымдай,

Ат құлағын  теңдесіп,

Қайта жауап  жазбасақ,

Қожекең менен сүрінді-ай, -

деп Абыл, Нұрым, Сырымдардың  шешендік талантына бас иген. Бала Ораз акын Жібек кызбен айтысында: «Адайда Абыл деген жыршым бар еді, ол өлшеусіз туған дана еді», -деп мақтан етеді. Абыл есімі Ығылман, Ақтан, Сәттіғүл жырларында да құрметпен аталады. Ақын, жыраулар елдікті, ерлікті, адамгершілікті жырлауды ана сүтімен дарыған касиеттей ауыз әдебиеті мен көне жыраулар мұрасынан білетін болса, көз алдарындағы акындык өнегесі Абыл, Махамбеттер еді. Акын, жыраулар сол өнегемен жыр туындатса, жыршылар акын, жыраулар мұрасын, сол тектес эпостық туындыларды халық арасына таратушы болған. Оны мына мысалдардан айқын көреміз. Абыл Хиуа ханы Аллақұл шапқыншылығына қарсы күрескен Сүйінқара, Құлбарақ, Жапаберді, Мырзатай батырлар туралы жырласа, оның ізімен бұл ерлерді талай акын жырлаған. Оған дәлел - Жапаберді батыр туралы Матай акынның ел аузындағы мынадай сөзі:

Ер Жапа, бала күннен атқа міндің,

Үстіңе тәуекелдің тонын кидің.

Қаройда Қайып-Күлкеш шабылғаңда,

Қара  атпен бір шетінен нардай кидің.

Қак жарып  қалың колды найзағайдай,

Бір шеттен ойран салып, оқтай тидің.

Ығылман ақын да Абыл мен Махамбет өнегесімен «Исатай, Махамбет» атты ерлік дастанын толғайды. Ерлер есімін, оларды Абыл ақынның жырлағандығын Ығылман «Ел едік» деген толғауында нақты баяндаған:

Құлбарақ, Жапаберді, Кішкіл Көбен,

Секілді алмас қылыш кескір Көбен...

Абылдың солар үшін айтқан сөзі,

Жад болып  бүгінгіше ескірмеген.

Соларды Абыл ақын баяндаған,

Айтқанмен, сөзін көпке жая алмаған.

Әшкертіп кейінгілерге еткені үшін,

Кемдікке  ерлерімді сая алмаған...

Ығылманның осы  толғауы Абыл туралы деректерді толықтыра  түседі. Біз бұл жолдардан Құлбарақ, Сүйінқара, Жапаберді, Кішкіл Көбендердің ел мүддесін қорғаған ерлер екенін, олар Абыл жыры арқылы ел есінде қалғанын және Баймағамбет, Қайыпқали сияқты хан, сұлтандардың бұқараның жүйрік жыршысы Абылдың ақындық талантын тұншықтырып, қысым жасап келгендігін («Айтса да сөзін көпке жая алмаған») тани түсеміз.











Қорытынды


Абыл өз заманындағы әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан талант иесі.Абылды өзінен кейінгі көп ақындар жақсы білген,өздеріне ұстаз тұтқан. Мұрат, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сәттіғұл сияқты бір топ ақындар легі Абылдың талантына бас иген. Ақынның қасиеті күллі қазақ даласындағы ауыз әдебиеті дәстүрінің көрінісі іспетті. Ақын толғауларының өзегі - адамгершілік, елдік, ерлік.

Абыл халық өміріндегі мәнді окиғаларға назар аударып, елдік пен ерлікті толғап, әділетсіздік пен озбырлықты аяусыз шенеген өткір жырларымен халық арасына кең танылған. М.Әуезов Абылды халық арманын өз шығармаларында бейнелей білген үздік акын десе, Е.Ысмайылов творчестволық дәстүрлері өз заманындағы ақын, жыршыларды үнемі қызықтырып отырған асқан жүйрік импровизатор ақындардың қатарында атайды. Қ.Жұмалиев Абылды қазақ жерінің батыс аймағындағы әдеби ортаның ірі өкілдерінің бірі деп көрсетеді. Бұл пікірлер - Абыл туралы бірден-бір әділ баға. 






























Пайдаланған әдебиеттер.


1. Қ.Сыдиықұлы «Елеклі есімдер» Алматы, 2001

2. «Абыл, Қалнияз, Нұрым» Алматы, 2013

3. Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997;

4. «Қазақ Совет энциклопедиясы» (12 томдық), Алматы, 1972 – 1978;




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!