Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Сәбит Мұқанұлы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Сәбит Мұқанұлы Мұқанов (13 сәуір (26 сәуір) 1900, Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі - 18 сәуір 1973, Алматы) — қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, 1936-1937 және 1943-1952 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы[1].
Өмірі мен шығармашылығы
Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар (бұрынғы Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Таузар болысына қарасты екінші ауыл) деген жерде кедей отбасында 13 сәуір (26 сәуір) 1900 жылы туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі – Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді. Керей тайпасының шимойын руынан шыққан.
Жоқшылық зардабынан Сәбит әркімнің есігінде жүріп, отыншы, сушы, қойшы, жылқышы болып күн кешіреді. Тапқаны тамағына жетпей, мұқтаждық қолын байлаған ол – жасында оқи алмайды. Бірақ, оқысам, білсем деген арманы ойынан бір кеткен емес. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Татар молдаларынан сабақ ала жүріп, «Шәкір – Шәкірат», «Зылиха – Жүсіп», «Зарқұм», «Сал-Сал», «Зейне – Зайнап», «Ләйлі – Мәжнүн», «Сейфул – Мәлік», «Бадүғұл – Жамал», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын, Ғабдолла Тоқаевтің шығармаларын тауып алып оқиды. Бұл дастандардың көпшілігін Сәбит ауыл ішінде көбінесе жатқа айтып жүреді. Өлең шығаруға талаптанады, ел аузына ілігеді, ауыл ішінде өлеңші бала атанады. Абай Құнанбаевтың 1909 жылы басылған өлеңдері жинағымен танысқан ол Абайдай ақын болуды аңсайды. Абай поэзиясы Сәбиттің ақындық талантына зор қозғау салады. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген.
Қазан социалистік төңкерісінің жеңісі арқасында Сәбит Мұқанов та жалшылық қамытын біржола үзіп, аңсаған арманына жетті, жаңа өмір үшін күресушілердің алдыңғы қатарына саяси-әлеуметтік, қоғамдық істерге белсене қатынасты. Ол 1918 жылдың күзінде Омбықаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды. Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М.Жұмабаевқа хатшылық етті‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Өзі де алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады.
Сәбит курсты бітіргеннен кейін ауылда мұғалім болады, жергілікті «Совдеп» жұмысына белсене араласады. Совет үкіметіне жан таласа қарсы тұрған бай-кулактардың бандиттік топтарын талқандауға төтенше құрылған әскери бөлім қатарына кіреді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады. 1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1920 жылы Бүкілодақтық Коммунист (большевиктер) партиясына мүшелікке өтіп, 1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды. 1922-1924 жылдары Оренбургтегі рабфакта оқып, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен де танысады.
Партия орындарында қызмет атқара жүріп ол көп мәселелердің сырын ұғынады. Қазақ совет әдебиетінің өсуіне бөгет жасау ниетімен жаңашыл жас жазушыларды қақпайлап, тізгіндеп ұстамақ болған ұлтшыл-алашордашылардың зиянды әрекеттерін Сәбит дер кезінде байқап, Сәкен Сейфуллин бастаған советтік жас ақын-жазушылармен бірге тап жауларына қарсы күрес ашады. 1921 жылы коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 921–22 жылдары әртүрлі қызметтер атқарады‚ ел арасында астық жинау жұмысын жүргізді‚ Ақмола губерниясы ГПУ-дің Көкшетау болысындағы оперативтік уәкілі және РК(б)П Ақмола губернаторлық комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды.
С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды.
1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ»(қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-28) болды, осы кезде ұлтшылдарды әйгілеуге арналған айтысқа қатынасады. 1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарып‚ Қазақстанның әр жеріндегі шығармашылық ұйымдарға үлгі көрсетті. 1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936–37, 1943–51) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-41, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді.
Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) сықылды шығармалар осы жылдардың жемісі.
Екінші Дүниежүзәлік соғысы күндерінде ақын азаматтық, саяси лириканы өткірлей түсті. 1943 – 1951 жылдары Сабит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып істеді. Бұл тұста да ол жас ақын-жазушыларды баулып, үнемі көмек көрсетіп отырумен қатар, өз творчествосын да байытып, «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды.
1950 жылы Сәбит Мұқановтың шығармашылық қызметінің 30 жылдығы, жасының 50-ге толуына арналған мерейтойына республика жұртшылығы салтанатпен өткізді. Қазақ совет әдебиетінің туып, қалыптасу процесінде үздіксіз сіңіріп келген еңбектері үшін Сәбит Мұқанов екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.
1960 жылы жазушының 60 жасқа толуына байланысты оның совет әдебиетіне қосқан зор үлесін атап, КСРО Жоғарғы Кеңесі Сәбит Мұқановты Ленин орденіменнаградтады.
Шығармаларынан
«Менің мектептерім»
Сәбит Мұқанов өз өмір өткелдерін әңгімелей отырып, сол кездегі халық басында болған ауыртпалықтарды сөз етті. Қазақ ауылының революцияға дейінгі тұрмысын суреттеуде жазушы балалық шағын бір шолып өтеді де, Мұқан мен Тұрағұлдың, Мұстафа мен Нұртазаның араларындағы қайшылықтардың бетін ашады.
«Менің мектептерім» мен «Өмір мектебі» мемуалдық шығарма болғандықтан, басынан аяғына дейін сюжеттік желі үзілмей, біріне-бірі өрбіп отыра бермейді. Алайда, әңгімеге тікелей қатынасып, әр істің басы-қасында жүретін негізгі кейіпкердің типтік образы арқылы белгілі бір дәуірдің оқиғасын шығармадан айқын көруге болады.
Мұның өзі шын мәнінде өмірбаяндық (библиографиялық) шығармалардың жанрлық ерекшелігінен келіп туады, өмір фактілері, тарихи оқиға басты кейіпкерлердің көз алдынан өтеді. Сондықтан да белгілі бір кездегі оқиға да, әдет-ғұрып, салт-сана да бұл романда әңгімешінің өмірге қоян-қолтық араласуы арқылы көрінген. Осыған орай шығармада жаңа адамдар, тың оқиғалар пайда болып отырады.
Шығармаларда өмір күнделігі басты геройдың бір жүріп, бір тұрған еңбек адамдарының тұрмыс тіршіліктерінен де танылады. Бет қаритын шыңылтыр аяздарда, боранды күндерде бай малының соңында жүрген жалшылар мен еңбегі еш болған кедей шаруалардың ауыр тұрмысы тебірендірмей қоймайды. Орыс крестьяндарынан көргендерін тұрмыс тіршіліктеріне пайдаланып, егін егіп, өз беттерінше күн көрмекші болған кедей шаруаларды бұра бастырмай, жайқалған астықты жылқыға жеткізіп тастап отыратын Тұртай сияқты байлар да романда әшкереленеді. «Малы бағылмай бос жүретін кең жайлауға егін сеппе деп едім, тыңдамадыңдар, өз обалдарың өзіңе» деп қарап тұратын Нұртаза би де сол Тұртай, тұрағұлдардан асып кете алмайды. Қараңғылық жайлаған қазақ аулында дүмше молдалардың тигізген кесір-кесепаттары да аз емес. Сол бір ауырпалықтарды өз басынан кешірген басты герой үнемі кедей жалшылардың арасынан көрінеді де, болашаққа зор сенім артып отырады.
«Өмір мектебі»
«Өмір мектебінде» кала мен ауыл өмірі қатар суреттеледі, негізгі кейіпкерлер тап күресін жүргізушілер болып келеді. Жазушы «Менің мектептерімде» кісі есігінде жүрген кедей, жалшылардың айғағы ретінде көрінсе, екінші кітапта сол жалшылардың оқу оқып, әлеумет ісіне араласып жүргендіктерін елестетеді. Шығармада автор әрбір істің басы-қасынан көрініп, не сол жұмысты атқарушылардың бірі болғандығын үнемі аңғартып отырады. Октябрь революциясының жеңісі нәтижесінде туған жаңалықтар, Қазақстанда Совет үкіметінің орнауы бұл шығармада нақты және жан-жақты суреттелген.
Романда әрбір эпизод әлеумет өмірінде болған үлкен оқиғалар тынысын аңғартып отырады. Кооператив ұйымдарын ашу, оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру істері шығармада өзекті мәселе. Боржабай, Шегеннің Айсасы, Қазыбайдың сұлтаны сияқты байлар мен алаш партиясының мүшесі Абылай тәрізділердің бет пердесі ашыла түскен. Ел атынан сенім хат жазып, кооперацияға берілген товарлар мен ауыл шаруашылығына деген заттарды талғамай жұтып жататын олар Совет үкіметіне қарсы зиянкестік әрекеттерін жан таласа жүргізеді. Жаңа дүние құрушыларға кес-кестеп көлденең тұратын Абылай тәрізділердің құбылмалы екі жүзділігі де, бандиттердің зұлымдық әрекеттері де терең ашылған.
Бұл шығармалар өз дәуірінің шежіресі есепті. Станция жұмыскері Бексеит пен Нұркиннің Омбыдағы колчактар ұясын талқандауға қатынасуы да бір кездегі тарихи жағдайдың айғағы. Романда халықтың мәдени тұрмысы мен өнерге деген құмарлығы кең суреттелген. Көңіл-күйін, жүрек сезімін ақтара жазған қыз бен жігіттің өлең хаттарында өмір қыспағының іздері жатса, Оспан мен Мақметті мұқату үшін шығарылған өлеңде поэзияны құрал ретінде жұмсаушылық, ән мен күй, өлеңге деген құмарлық, ұлттық дәстүр шығармадан өзекті орын алады.
«Алуа басында нелер бір әдемі түндер болады. Кейбір айлы, жұлдызды немесе алашабыр бұлтты тымық түндерде ауылдан қалаға қарай беттеп шығып, жар қабақтана біткен жағадағы жұпар иісті жасыл шалғынның арасында бауырлай жата кетіп, жан-жағыңа көзіңді тіксең де, құлағыңды тіксең де нелер бір көркем суреттерді, нелер бір көркем дауыстарды естисің... Әлде қайдағы ауылдардан кейде екі әйел қосылып, кейде бір әйел мен бір еркек қосылып, кейде екі еркек қосылып, кейде әйелдердің я еркектердің бірнешеулері қосылып, кейде бірнеше еркектер мен бірнеше әйелдердің дауыстары сапырылып кетіп тымық түнде жұлдызды аспанға биіктеп көтерілген ән құлағыңа шалынса, ол алтыбақан тепкен қыз бозбалалардың әндері екенін айтпай-ақ шамалайсың... Әлдеқайдағы сайлардан кісінеген де шырқала, кейде баяулап естіліп жатады». («Өмір мектебі», 103-бет.)
«Өмір мектебінде» халықтың рухани тұрмысы басты геройдың күрес жолдары арқылы көрінеді де, «Есею жылдары» атты үшінші кітапта тамырын тереңдете түседі. Совет үкіметін нығайту жолында болған әр алуан күресті арқау ететін бұл роман социялистік зор оқиғаларды қамтиды.
«Есею жылдары»
«Есею жылдарында» жазушы бұрыннан көтеріп келе жатқан тақырыбына қайта оралып, ұлтшыл, байшыл ақын-жазушыларға қарсы жүргізілген күрес өмір фактісіне сүйене отырып баяндайды. Еліміздегі мәдени революция кезінде әлеуметтік зор істер атқарған қоғам қайраткелері қатарында Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Әбілқайыр Досов, Белаш, Зікірия Мухеев, Ораз Исаев, Жанайдар Садуақасов, Ораз Жандосов, Сейітқали Меңдешевтер есімі аталады. Негізгі кейіпкерлердің бірі болып отыратын жазушы шығарманың басынан аяғына дейін көрініп, үлкен тартыс, зор оқиғаға тікелей араласып жүреді. Солай бола тұрса да, автор кейде көргеннің куәсі болудан әрі аса алмай қалады.
Романда сөз болатын кейіпкерлер саны өте көп, олардың көпшілігі жиын, митинг, мәжілістерде көрініс береді де, шығарма өрісінен шығып қалады. Бұл салада жазушының кейіпкерлерге деген субъективтік қатынасы да біраз әсер еткен. Ел біліп, жұрт таныған тарихи адамдардың қайсы бірі шығармадан өз орнын таппай жататындығы да бар. Дегенмен, бұл роман өз жаңалығымен, өзіндік өзгешелігімен танылған. Шығармада елімізде жүргізілген мәдени революцияның адам санасына әсері нақтылы характерді ашу үстінде көрінген.
Әлеуметтік ішкі қайшылықтар роман сюжетінің тартыс желісін құрған. Совет мекемелеріне, үкімет орындарына орналасып алып ұлтшылдық уын себу үшін совет кадрларын қуғынға салған әрекеттерді шығармада терең ашылған.
Социалистік құрылыстың әрбір саласынан көрінетін тарихи адамдардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін жазушы ұтымды әңгімелеген. Революционерлердің социалистік құрылысты нығайту жолындағы, идеология майданындағы жүргізген күресін көркемдік шындыққа көтере суреттеген.
Жазушы бір жүріп, бірге болған адамдар жайын сөз еткенде олардың характерлерін ашудан көрі өмірбаяндарына көбірек тоқтайды. Романда қаһармандардың арасындағы өзара кикілжің, атақ мансапқа таласу жақтары көп айтылған. Бұл ұнамды образдардың саяси, әлеуметтік мәселелерде атқарған зор істерін көрсетуге көлеңке түсірген.
Сабит Мұқанов ақындық өнерін лирикадан бастап, жиырмасыншы жылдардың екінші жарымында көлемді поэмалар жазды. Ұлы Октябрь революциясына дейінгі қазақ әдебиетінде өріс алған поэзия жанры жас талантқа игі ықпал жасаған. Ол халық мұрасының асыл дәстүрлерінің де молынан үйренген.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ықпалы
Әдебиет тарихында белгілі бір кезең үшін құбылып болып оқырманын он сан ойға салып келетін шығармалар болды. Өзі құбылыс болумен бірге кезең үшін көркем сөзге талапкер жастарды даярлай келетіні бар. Қазақ совет әдебиетінің классиктерінң бірі – Сәбит Мұқановтың өлеңмен жазылған тұңғыш роман осындай шығарма санатына жатады. Қазақ совет әдебиетіндегі өлеңмен жазылған тұңғыш роман әдебиетке жаңа леп, тың тыныс ала келген. Бұл жауһар туынды күні бүгінге дейін оқырманның барша буынын сұлулыққа баулуда.
Роман алпысыншы жылдарға дейін талай талапкердің әдебиетке келуіне айтарлықтай ықпал-әсер етті. Жастарды сұлулыққа құштарландыра, сөз құпиясын меңгеруде тәрбиеші болды. Мұның өзі қазақ совет әдебиетінің профессионалдық тәжірибесі аз, халықтың сан ғасырлардан бері рухани қажетін өтеп келе жатқан фольклордан әлі де іргесін бөлектеп үлгермеген сәтте дүниеге келген көркем шығарманың күні бүгінге дейін атқарған үлкен эстетикалық қызметін көрсетсе керек. Сондықтан тұтас бір халықты оқырмандық белгілі бір кезеңнен алып өткен, туған әдебиетіміздің қазір ағасына айналған ат төбеліндей аға буынын, сан-сапасы молайған кейінгі толқын қаламгерлерін тәрбиелеген , қазіргі салауатты көркем шығармамен бірге тәрбиелесіп келе жатқан романның қыр-сырына бүгінгі уақыт биігінен үңілуге, творчестволық тарихы, кейінгі тағдыры туралы қызыға әңгімелеуге болады. Жақында ғана жарық көргеніне елу жыл толған роман кейінгі ұрпақтан жаңаша сөз етуді тілейтіні де анық.
Халық арасында айтылатын жыр негізінде эпикалық таптық туынды жазуды көздейді. Өйткені «Сұлушаш» эпосы жас ақынға өте жақын, етене таныс материал еді. Халық эпосы – «Сұлушаш» бала Сәбиттің талай-талай домбыраға қосып айтып тындаушыларын риза еткен, тіпті күндік дәм-тұзын айырған жыры. Ол кейін «панасыз жетім күнімде, халық жиналған жерлерде, немесе әдебиетке әуес жеке үйлерде жаттаған өлеңдерімді, әсіресе, хиссаларды айтып сонымен тамақ асырадым» («Өсу жолдарымыз», 654 бет) деп жазған, «Сұлушашты» ойға алғаны деп түсінуіміз керек. Халық эпосы Сәбитті осылайша сұлулыққа тәрбиелеген. Көкірегіне құлай жатталған жыр қашанғы айна-қатесіз қайталанып айтыла береді. Орындаушының көңіл-күйіне орай кейде асып-тасып толығып та, қысқарып та сан мәрте айтылған болар-ау?! Осы жайды назарға алсақ, Сәбит Мұқанов белгілі дәрежеде эпос («Сұлушаш») айтушысының біріне айналған екен. Эпос айтушысы – творчестволық тұлға. Жанынан алмай, жадынан қоспай айтпайды. Эпос және оның айтушыларының тарихи тәжірибесіне қарап, халықтың ғашықтық лиро-эпикалық жыры – «Сұлушаш» - Сәбитті, Сәбит – жырды байытты, дамытты, жетілдірді деп нық сеніммен айта аламыз.
Дүниеге осылай келген шығарма жөнінде мақтаған, даттаған әр түрлі пікірлердің болғаны мәлім. Бір кезде айтылған сындарға назар аударсақ, көпшіліктің фольклорлық эпостан реалистік шығарма жасаудың мәніне жете түсінбегенін көреміз. Ауыз әдебиеті материалы негізінде жаңа заман, жарқын дәуір идеясын жырлау мүмкіндігін жете пайымдамаған. Уақытында әр қилы пікір тұғызып, әдеби айтысқа себепкер болған роман жайлы пікір одан бері де айтылып келеді. Бұл – шығарманың өміршендік сипатын танытса керек. әлі де бұл романды әдебиеттің әр түрлі мәселелеріне орайластыра зерттеу қажет.
Рас, лиро-эпостық сюжетті пайдаланған автор аңыздық, фольклорлық сарындардан тысқары тұра алмады. Көптеген портреттерде, майдан сахнасында эпостық бейнелеу тәсілдері қолданылған. Алтайдың ата-анасының Тезек, Шұнақ аталуында да фольклорлық шартылық жатыр. Бірақ, сол кездегі эпикалық жанр табиғатын барлайтын болсақ адам характеріне нақты деталь негізінде назар салудан, идеяның образдар жүйесінде айтылуынан гөрі авторлық концепцияның ашық публицистік сарынға шығып кететінін байқар едік. Сондықтан романның жеке образдың жүйесіндегі фольклоризм элементтерін автордың саналы түрде барған әдеби тәсілі деп қарау жөн. Аға буын орыс әдебиеті мен ұлт әдебиеттерінің отызыншы жылдардағы даму тенденциясына назар аударғанда мұндай тәсілдің ортақ сипат алғанын байқаймыз.
Содан соң автордың оқырманына қарайлайтыны болады. Сол кездегі оқырман ой-санасы, психологиялық көңіл күйін, аңсарын көркем әдебиетті қабылдау мүмкіндігін ескергенде, автор фольклорлық сарындарға әдейі барған. Бұл орайда да фольклорлық әуен-мотивтер әдеби тәсіл ретінде өзін-өзі ақтайды.
Абай Құнанбаев, Владимир Маяковский, Максим Горький шығармашылықтарының әсері.
Сәбит Мұқанов отызыншы жылдары көптеген сын мақалалар, әдебиет зерттеу еңбектерін жазды. Қазақстан жазушыларының II-III съездерінде әдебиет сыны, проза, поэзия жанрларының даму процестері жайында баяндамалар жасап, қазақ Совет әдебиетінің негізгі салаларынан теориялық мәселелер көтерді. Эпостық жырлар, ақындар айтысы жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп көлемді мақалалар жазды. Абай мұралары жөнінде көптеген еңбектер берді. Жазушы «XVIII-XIX ғ.ғ. қазақ әдебиеті тарихының очерктері» атты кітапта кейбір мәселелерді жаңсақ топшылап, қателіктер жіберді. Автор Абай творчествосы туралы жазылған еңбектерінде ертеректе жіберген ағат пікірлерін түзеп, өзінің «Жарқын жұлдыздар» атты еңбегінде ұлы ақынның мұрасын дұрыс бағалады. Әдебиет зерттеу мәселесінде теориялық жағынан тың пікірлер ұсынды.
Жиырмасыншы жылдардың алғашқы жарымындағы шығармаларында Сәбит Мұқанов көбінесе өткен өмірдің ауыр қыспағын реалистікпен сипаттады. Бұдан кейінгі кезеңде ол үгіттік сипаты басым саяси-лирикалық шығармалар тудыра бастады. Жаңа өмірдің жарқын көрінісін беруде сюжеттік шығармалар жазып, теңдікке қолы жеткен бұкара халық өкілдерінің табысын жырлады.
Отызыншы жылдардағы шығармаларында жазушы Владимир Маяковскийдің жалынды жырларынан, Максим Горький дәстүрінен үйрене отырып, оны өзінше меңгеріп, қазақ совет поэзиясына жаңалықтар енгізді, саяси лирикаларының идеялық-көркемдік сапасын жаңа белгі көтерді; поэзиялық шығармаларында жаңалықтар тудырып, түр мен мазмұн тұтастығын жетілдіре түсті.
Сәбит Мұқановтың 1937 жылғы Семейге сапары Абайды жазаша ұғынуына бетбұрыс жасады. Абай шығармаларының 1939 жылы бірінші томы, 1940 жылы екінші томы шыққан академиялық басылымына жазған кіріспе сөзде Сәбит Мұқанов Абайды «халықтың ақыны» деп, өзінің бұрынғы пікірлеріне түбірлі түзетулер жүргізді. Мұның алдында біраз уақыт бұрын, 1934 жылы жазушылардың бірінші съездегі баяндамасында Абайды «қазақ феодализмінің либерал беті» деген болатын. 1940 жылы Сәбит Мұқанов Семейге екінші рет келеді. Абайдың туғанына 95 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатынасып, ұйымдастыру, жұмыстарына басшылық етіп, баяндамалар жасайды. Абайтанудағы көзқарасының өзгеруі мен дамуы сапалана түседі және жеделдейді.
1945 жылы Абайдың туғанына жүз жыл толу мерекесіне арналып шығарылған академиялық толық жинақтың кіріспе сөзін Сәбит Мұқанов «Абай – қазақ халқының ұлы кеменгері» деп атап жазды.
Осы жылы, Сәбит Мұқанов өзі Абай шығармаларының 1939 жылғы бірінші томына жазған алғы сөзінде ескерткеніндей, абайтанумен тиянақты шұғылданып, қалың кітап арнамақ жоспарын орындайды. 1945 жылғы толық жинақтағы кіріспе сөз сол «Абай Құнанбаев» атты монографияның арқауы екен.
1947 жылы Ғылым академиясының мерекелік сессиясында «Қазақтың ұлттық әдебиеті туралы» баяндама жазған Сәбит Мұқанов түпкілікті шешуші пікірін біржола қалыптастырады: «Абай қазақтың көлемдегі ғана ақын емес. Ол өз тұсындағы қазақ поэзиясын дүниежүзілік ең мәдениетті жазба поэзияның дәрежесіне түр жағынан да, мазмұны жағынан да жеткізген ақын».
Әр ұлттың өнерлі иелерімен оның ішінде орыс әдебиетінің талантты қаламгерлерімен, белді зерттеушілерімен арадағы қарым-қатынас Сабит Мұқановтың жазушылық қаламының ұштаса түсуіне, көркемдік танымының кеңейе түсуіне әсері баса айтқан жөн сияқты. Сәбит Мұқанов үшін орыс әдебиеті қазақ әдебиетінің көркемдік талап-мұраттар тұрғысынан жаңа биіктерге көтерілуіндегі мектебіне айналды. Осы орайда
Сәбит 20-жылдардағы сыни еңбектерде екі түбегейлі мәселеге ерекше назар аударды. Соның бірі орыс әдебиетінен қалтықсыз үйрену, үлгі-өнеге алу мәселесі. Ұлтшыл ақын-жазушылар дегендермен күресу дәстүрінде кейбір әдеби дәстүрімізді кеміте сөйлегеніне қарамастан, Сәбит Мұқанов білу, үйрену, білгеннен үлгі алу мәселесін күн тәртібіне қойып, өз ойын айтты. М.Горький мен В.Маяковскийдің новаторлық дәстүрлері қазақ әдебиетінде осындай саналы қадамдар мен орын тепті |
-дейді Т.Кәкішев.
Сәбиттің ең алғаш рет қарым-қатынасқа түскен орыс әдебиетінің қаламгері В.Маяковский болды. Сәбит Маяковскийді ең алғаш рет 1924 жылы тарих музейдің клубында әдебиеттік диспутта көреді. Маяковский онда өзінің творчесволық әдісін түсіндіре отыра, Пушкиннің «Чернь» өлеңін және өзінің «В. И.Ленин» атты поэмасынан үзінді оқиды. Соның бәрін тыңдап отырған Сәбит Мұқанов «Маяковскийдің кім екенін мен сонда ғана толық таныдым. Одан бұрын да, талай оқығышты көре жүре, мен өлеңді мұндай шебер оқушыны көрген мен «міне қайда оқу!»-дедім мен ішімнен,... оқыған поэманың бар сырын түгел түсініп. Оның оқу шеберлігі, дауыс қуаты, сөз мазмұны мені ғана емес, бүкіл залды билеп ап, қашан оқып болғанша жақтаушылары түгіл қарсылары да дыбыссыз тым-тырыс бола қалды»-деді.
Сәбит Мұқановқа В.Маяковскийдің орыс поэзия әлеміндегі өзіндік ақындық үні, өзгеше қолтанбасы ерекше әсер етеді. Осы орайда Сәбит Мұқанов Маяковскийге еліктей, оны үлгі ете отырып қазақ поэзиясына жаңа тақырып, Маяковскийше соны ырғақ әкелді.
Маяковский жаңашыл ақын ретінде орыс поэзиясының өлең құрылысының ырғағына жаңалық енгізгені мәлім. Онымен тұтас кезең ақындарының біразы оның ішінде оған Сәбит Мұқанов та айналып өте алмады. Оған Сәбиттің мына өлең жолдары куә:
Тыңда,
Даусын,
Дүние!
Деді,
Әне,,
«бір, екі, үш!»
Бар емес пе,,
Даусында,
Зеңбіректен,
Артық күш?,
Бұл өлеңдегі тағы бір ерекшелік ретінде Маяковскийдегі өлең жолдарындағы паузаны көбірек қолдануды атауға болады. Қазақ өлең формасындағы жаңалықтардың бірі есебінде де атап өтуге тұрарлық..
Сәбит Мұқанов халық поэзиясының асыл дәстүрлерін молынан пайдаланып, орыстың классикалық, кеңес әдебиетінен үйрене отырып, поэзиялық күрделі табыстарға жеткен шығармаларының бірі «Майға сәлем» өлеңі. Бұл идеялық-көркемдік жағынан қазақ поэзиясы үшін жаңа, елеулі табыс болды. Осы өлеңімен ақын қазақ совет лирикасында жаңа бет ашты, соны ырғақ, жаңа образ жасады.
Маяковский әдісін өз поэзиясында қолданған Сәбит «Гүл бағындай Отаным», «Н-тысяча», «Колхозды ауыл осындай», «Сөз-Советтік Армия», «Поэзия маршалы» шығармаларында пікір байлығын, көркем образды сөз мағынасын көтереді.
Биыл... көктем кезінде... бір күн кешке,
Қиял шалқып, әрбір ой түсіп еске,
Түн бойы отырдым мен, шекпек болып
Қағазға сөзден сұлу көркем кесте.
«Гүл бағындай Отаным»
Сәбит Мұқановтың осы өлеңдері мен поэмалары – қазақ совет поэзиясында Маяковский дәстүрін кеңейте түскен және сол дәуірдегі әдебиетіміздің көркемдік амал-құралдарын молайта түскен шығармалар.
Маяковскийден үйрену, әсер алу-дәл Маяковский болу емес. Әсер ала отырып өзінің күшін, қасиетін, қабілетін көрсету басым. Сәбит Мұқанов орыс әдебиетімен қарым-қатынасын еске алған кезде Горькийді айта кету керек. Горькийді Сәбит Мұқанов алғаш рет 1928 жылы Ленинград вокзалында көрген. 1930 жылы Москвадағы Марр атындағы Тіл білімі институтына түскен Сәбит Мұқанов келер жылы ИКП-ның әдебиет бөліміне ауысады. Сол жылы Горькийге барып жолығады. Горькийден алған әсерін былайша түйіндейді: «Горькийге кеңес ақын-жазушылары екі жақтан қызығу керек. Бірінші, Горькийдің барлық еңбегін бойына түгел сіңіріп, білімін Горькийше көтеріп, досқа да, дұшпанға да Горькийше қарай біліп, дәуірді Горькийше сүю, жазуды Горькийше жазу. Екінші, Горькийдің образын өз шығармаларында беруге тырысу»-деп өзінше түйіндейді.
Қазақ әдебиетінде Горький дәстүрін қалыптасуын айтқанда Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясын айрықша атаймыз. «Менің мектептерім» дейтін романында революция кезіндегі қазақ ауылының бейнесін көрсетуден басқа бір үлкен маңыз бар. Ол – жазушының проза жанрында Горький мектебінен оқып өскендігін көрсететін творчестволық жаңалық.
Сәбит Мұқанов шығармаларында жазушы Маяковскийдің жалынды жырларынан Горький дәстүрінен үйрене отырып, оны өзінше меңгеріп қазақ совет поэзиясына жаңалықтар енгізді, саяси лирикаларының идеялық-көркемдік сапасын белге көтереді, поэзиялық шығармаларында жаңалықтар тудырып, түр мен мазмұн тұтастығын жетілдіре түсті.
Осындай орыс әдебиетінің тұлғаларымен кездесіп, қарым-қатынас жасап жүрген Сәбит Мұқанов орыс әдебиетінің озық үлгілерінен, тәжірибесін өзінің шығармаларынан байқауға болады.
Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романында қазақ халқының жаңа өмірі үшін әрекет еткен революциялық күрес көрсетіледі. Орыс әдебиетіндегі жетістіктерді тани білген, танып қана қоймай оны өз шығармашылығына шеберлікпен пайдалануға тырысқан Сәбит Мұқанов халқының тіршілігін, онда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен әдет-ғұрыпты өз туындыларына арқау еткен тұстарда ұлттық мінезді негізге ала отырып бере білді.
Басынан бәлен дәуір өткерген, өсу мен дағдарысты кешірген орыс әдебиетінің тарихына үңіле қарап, көп мағлұмат алып қана қойған жоқ, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ әдебиетінің тарихына жаңалық енгізуге тырысты.
Қорыта келгенде орыс ақын-жазушыларының шығармашылығындағы озық дәстүрлерінен үйреніп қана қоймай, оқыған мен тоқығаннан қазақ әдебиетіне жаңаша сипат дарыта білген Сәбит Мұқановтың әдебиет әлдеміндегі қаржылы еңбегі қай уақытта өз құнын жоймайтыны анық.
Еңбектері
1917 жылғы Қазан төңкерісін қазақ халқына келген теңдік‚ бостандық деп танып‚ әдебиетке кедейдің жырын жырлай келгендер ішінде коммунистік идеяға берілгендігімен ерекше көзге түскен Сәбит Мұқанұлы тек көркем шығарма жазумен ғана айналыспай, 1920-30 жылдары әдебиеттегі идеялық күреске белсене араласып‚ сын мен әдебиеттану саласында да қалам тартты. Сәбит Мұқанұлы әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір‚ заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетик. мәні жоғары да бағалы. Оның артында қисапсыз мол мұра - 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар мен қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер‚ т.б. сан-салалы кітаптар қалды.
Сәбит Мұқанұлы қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Осы жөнінде шығарма жазу мақсатын жүзеге асыру үшін Қытайда, Шыңжаң өлкесінде болып, Шоқанның сонда өткізген өмір кезеңдерін, бастан кешірген оқиғаларын зерттеп білді. Омбы және Ленинград қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларында болып‚ Шоқан өміріне қатысты материалдар жинады. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі туды.
Сәбит Мұқанұлы әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге‚ поэзия теориясының қағидалары мен ережелеріне‚ өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Орыс символизмінің әдеби‚ эстетикалық және философиялық мәндерін ұғына отырып‚ оны өз өлеңдерінде қолдана білді.C.Сейфуллиннің «Советстаны» мен І.Жансүгіровтің «Дала» поэмаларындағы фольклорлық ізденістерге‚ ұйқас‚ ырғақ‚ шумақ құрылысындағы соны өзгеріс-құбылыстарға зер салды. «Поэзия мәселесі» дейтін зерттеуінде (1933) «Маған қазақ өлеңінің 4 аяқты‚ 6 аяқты‚ 8 аяқты түрлері күрделі пікір айтуға қолды байлайтын секілденді. Сондықтан мен «Тұрмыс тұлпары» өлеңімнен бастап халық әдебиетінің шұбыртпалы түріне бет алғандай болдым. Маған шұбыртпалы түрдің («Қобыланды»‚ «Алпамыс») екпіні‚ ырғағы 6 аяқтардан күшті сияқтанды. Шұбыртпалы түрдің құшағы пікір құшақтауға кең тәрізденді» деп жазады.
Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялық‚ сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып‚ олардың халық шығармашылығындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау‚ зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.
18-19 және 20 ғасырларлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Әдебиет туралы ашық хат» жариялап‚ онда "Қазақстанда әдебиетті зерттеу жөнінде істелген іс атымен жоқ‚ сондықтан біздің міндетіміз аздап болса да‚ әліміз жеткенше осы істелмей жатқан іске атсалысу" деген пікірін білдірді.
Сәбит Мұқанұлының қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын‚ негізінен‚ 18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбаев өмірі мен шығармашылығы‚ 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның «20-ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір еңбек болды. Еңбекте А.Байтұрсынов‚ М.Дулатов‚ Ж.Аймауытов, Ғұмар Қараш‚ С.Торайғыров‚ С.Дөнентаев‚ Б.Күлеев‚ Жұмабаев‚ М.Әуезов‚ т.б. ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен‚ көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Жұмабаев туралы «Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ» атты пікірін ашық жазды. «Қазақтың 18-19 ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942‚ кейін тыйым салынған) атты монографиясында ақын-жыраулар (Бұқар‚ Байтоқ‚ Жанұзақ‚ Махамбет‚ Шортанбай‚ Шернияз, Мұрат, т.б.) поэзиясы мен жыр-дастандарға‚ сондай-ақ атақты тарихи тұлғаларға (Абылай‚ Кенесары) қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тұрғысынан қарады. Сәбит Мұқанов қазақ елінің мүддесі‚ халық тағдыры тұрғысынан патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алды. Сонымен қатар ол осыған дейін бір жүйеге түсіп жіктелмеген‚ жеке ғылыми талдау жасалмаған қазақ халқының айтыс өнерін зерттеу нысанына айналдырды. Оның 1944-45 жылдары жазылып‚ 1961 жылы жарық көрген «Абай Құнанбаев» монографиясы автордың Абай туралы пікірлерінің және қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы көзқарастарының өсіп-жетілу кезеңдерін көрсетеді. Бұрынырақтағы «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар‚ шешендер» («Еңбекші қазақ», 01.03.1923) атты мақаласында ол Абайды ескішіл‚ байшыл ақындар қатарына жатқызып‚ үстем тап ақыны деп санаған болса‚ аталған монографияға дейін Абай болмысын танытатын көптеген құнды мақалалар («Абайды тану жолындағы пікірлер» («Қазақ әдебиеті»‚ 29.11.1934)‚ «Абай – халық ақыны» («Әдебиет майданы»‚ 1937‚ № 4‚ 5)‚ «Абайдың шәкірттері туралы» («Әдебиет және искусство»‚ 1951‚ №7‚ т.б.) жазып‚ Абайтануға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ оның «Саяхаттар» (1954), «Туған жердің тыңында» (1955), «Тыңда тұнған байлық» (1957), «Алыптың адымдары» (1959), «Замандас туралы аңыз» (1961) атты кітаптарында 200-ден астам әдеби-сын мақалалары жинақталған. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974‚ «Қазақ қауымы»‚ 1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы‚ т.б. туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды. Сәбит Мұқанов жаңа өмірге‚ бақытты өмірге қол жеткіземіз деп сендірген қоғамдық күштермен бірге социалистік идеяларға үн қосып‚ туған елінің мүддесіне‚ халық кәдесіне жарайтын жақсылық табуға ұмтылды‚ суреткерлік дарыны мен қайраткерлік қарымын сарқа жұмсап‚ аянбай еңбек етті. Осы жолда кеңестік идеологияны қолдамаған алашшыл ақын-жазушыларды сын тезіне алып‚ тапшылдық ұстанымдарын айқын танытты. Әйтсе де олардың жазушылық‚ ақындық талантын жоғары бағалады‚ оларды қазақ кеңес әдебиетіне қызмет етуге шақырды. Қазақ халқының ұлттық тілі мен мәдениетіне қатысты Кеңес өкіметінің әр кезеңдердегі солақай шешімдеріне қарсы шығып‚ өзі сенген биліктің сынына да ұшырады. Осы кезеңде Сәбит Мұқанұлына «Алашорда ақыны Мағжанға қамқорлық көрсетті‚ С.Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобында болды‚ буржуаздармен ымырашылдыққа барды» деген айыптар тағылып‚ саяси сенімсіздік көрсетілді. 1951 жылы 13-15 маусымда Қазақстан ҒА-сы мен Қазақстан Жазушылар одағының (Төралқа мүшелерінің) Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы жөнінде өткізген пікірталасынан кейін Әуезов‚ Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов‚ т.б. әдебиет зерттеушілерімен бірге Сәбит Мұқанұлының да Абайтанудағы «қателіктері» көрсетілді (Әуезовтің «Литературная газетаға» жазған ашық хаты‚ «Абай» журналы‚ № 2‚ 1996). 1956 жылы Қазақстан КП ОК қазақ баспасөздерін аудару арқылы дубляж жасауды ұсынғанда алғаш болып Сәбит Мұқанұлы қарсы шықты. 1956 жылы қазақ зиялы қауымы республиканың қоғамдық-саяси өмірінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы мәселе қойды‚ осыған орай Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде Сәбит Мұқанұлы «Қазақ республикасында қазақ тілі мәртебесін төмендетуге‚ республикалық мекемелерде‚ жиналыстарда қазақтардың өз тілінде сөйлеуіне тыйым салуға ешкімге құқық берілмегендігі» туралы өткір пікір білдірді (ЦГАНИ‚ 708 қор‚ 30 оп.‚ 76 іс‚ 85-б.). Екі аптадан кейін Орталық комитетке «қазақ тілі тек қана тұрмыстық деңгейде қалып‚ мемлекеттік тіл ретінде өмір сүруін шын мәнінде тоқтатқандығын» баяндай келіп‚ оны қалпына келтіру жолдарын көрсеткен өткір хат жазды. Сәбит Мұқанұлы сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі‚ өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығармашылық қадамдарына қолдау көрсетті‚ қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. 1930-50 жылдар аралығында әдебиетке келген өз қатарластары мен жаңа толқын өкілдері Сәбит Мұқанұлы жанашырлығын көріп өсті.
Сәбит Мұқанұлы есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылды. 1956-66 жылдары Қазақстан КП ОК-нің мүшесі болды. 2-8-сайл. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты‚ КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып, сондай-ақ Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне қабылданып (1958-69)‚ Араб елдерімен достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрағалығына да (1965-69) сайланды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанды. Сәбит Мұқанұлы 2 рет Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталды. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің есімі Алматы қаласы көшесіне, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілді. Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанұлы атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылған (2000).
Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйі
Толық мақаласы: Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйі
С.Мұқановтың әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Алматы каласында, Төлебаев көшесі 125/3, С.Мұқановтың өзі 1965-1973 жылы тұрған үйінде 1978 жылы 21 қарашада ашылған. Мұражай үйі әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Мұражайдың әдеби бөлімінде жазушының зерттеулері мен сын мақалалары, монографиялары, ҚР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық дипломы және тағы басқы құжаттар бар. Оның 1922-1935 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург), Мәскеуде оқыған кезіндегі суреттер мен кұжаттар рет-ретімен орналастырылған. Мұнда Тәттімбет пен Үкілі Ыбырайдың фотосуреттері бар. Суретші Ү.Әжиевтің С.Мұқанов пен орыс жазушысы М.Горькийдің достығын бейнелейтін "М.Горький және С.Мұқанов" атты картинасы да осы залда. Жазушы наградалары - екі Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту," Құрмет белгісі" ордендері, КСРО медальдары, сондай-ақ оның Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланған куәліктері қойылған. Мұражай экспозициясында түрлі қолжазбалар, жазушының поэзиялық, прозалық және әдеби сын шығармаларының басылымдары бар. Жазушының "Сұлушаш" (1928), "Адасқандар" (1931), "Жұмбақ жалау" (1938), "Балуан Шолақ" (1941), "Сырдария" (1948) романдары мен "Шоқан Уәлиханов" (1953), "Қашқар кызы" (1958), "Сәкен Сейфуллин" (1964) атты драмалық шығармалары туралы мол мәліметтер берілген. "Адасқандар" (1931) романының басты кейіпкері - Бүркіт (Сұлтанбек) пен Бәтестің (Бәтима) түпнұсқа суреттері, махаббат хикаясына байланысты көне күнделіктің мұқабасы, Қызылорда қаласындағы сотқа (1927) қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан С.Мұқановтың куәлігі қойылған. "Балуан Шолақ" романының (ҚХР, Шыңжаң) араб әрпімен басылған нұсқасы, Шәкәрімнің 1933 жылы Сәбитке жазған хаты мен фотосуреті, М.Жұмабаевтың "Шолпан" өлеңдер жинағы (1913), М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" (1914) романы, Ж.Аймауытовтың "Мансапқорлар" (1925), т.б. Мұқановтың жеке мұрағатында сақталған кітаптар бар. Мұражайдың мемориалдық бөлімінде жазушының қабылдау бөлмесі, жұмыс орны, демалыс бөлмесі толық сақталған. 4 мыңға жуық кітабы бар кітапханасы да осы бөлімде. Тұрмыстық заттары, үй жиһаздары, шетелдерден келген түрлі сыйлықтар, картиналар, т.б. экспонаттар қойылған. Мұражайда түрлі дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетіледі. Кейін С. Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мұражай-үйлері әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп (8.2.1999), "С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені" деп аталды. Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды, 8 мыңнан астам экспонат жинақталды. (2000).