ШЫҢҒЫС
АЙТМАТОВ
Шыңғыс
Айтматов (қыр. Чыңгыз Төрөкулович Айтматов, орыс.
Чингиз Торекулович Айтматов; 1928 ж. желтоқсанның 12 Шекер, Қырғыз
АКСР — 2008 ж. маусымның 10, Нүрнберг, Алмания) — ойшыл гуманист,
данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек
Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік
сыйлықтың лауреаты.
Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ
халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиладан» бастап,
әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ
күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем
образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын
еді.
Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен.
Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп,
Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам
қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен
Төреқұл Айтматов Т. Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті
болған. Мұхтар Әуезовті өмір бойы пір тұтып өткен жазушы жазып
жатқан жаңа шығармасын Жуалы топырағынан бастамақ болған еді.
Қазақстандағы БТА банктің құрметті президенті болып
тағайындалған. Жазушының кандидатурасын жақында түркітілді
елдердің мәдениет министрлерінің кеңесі (TÜRKSOY) түрік әлемінің
атынан Нобель сыйлығына ұсынған-ды. және Ш. Айтматов түркі әлемінің
дамуына қосқан ерекше үлесі үшін TÜRKSOY тағайындаған халықаралық
көрнекті сыйлықтың тұңғыш лауреаты атанған.
2008 жыл Қырғызстанда Айтматов жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы
жылдың желтоқсан айының 12-де 80 жасқа толатын жазушының мерейтойы
халықтық мереке ретінде тойланбақ еді. Жоғарыда айтқан TÜRKSOY
сыйлығы осы 80 жылдық мерейтойына орай тапсырылмақ еді. Тағдыр оны
кемеңгер жазушыға тірі көруді жазбапты.
2008 жылы маусымның 10 күні «Адамзаттың Айтматовы» атанған
Айтматов 79 жасында Алманияның Нүрнберг қаласындағы ауруханада
бүйрек ауруынан қайтыс болды. Жазушының мүрдесі маусымның 14 Бішкек
10 км маңындағы Чон-Таш (Шын-тас) ауылындағы «Ата-Бейіт»
мемориалды-мұражай кешеніне қойылды. Сол күн Қырғызстанда ұлттық
қайғылық деп жарияланды.
Шыңғыс Айтматов
– ғасырдан да ұзақ жасайтын кемеңгер жазушы
Қазақ пен
қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, қаламының ұшына жан бітіре
білген, сырға, мұңға толы шығармаларымен оқырманын бірден баурап
алатын заңғарлы жазушы Шыңғыс Айтматов бүгін 90 жасқа толар
еді…
Көзі тірісінде
әлем әдебиетінің классигіне айналған жазушының «Жәмила», «Алғашқы
ұстаз», «Боранды бекет», «Құс жолы», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл
төбет», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ерте келген тырналар»,
«Қош бол, Гүлсары», «Бетпе-бет», «Кассандра таңбасы» туындылары
оқырманның жанына мәңгі жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жететін құнды
әдеби мұраға айналып, шығармалары 150-ден астам халықтың тіліне
аударылды.
Әдебиеттің
ақсеңгірі – Шыңғыс Айтматовтың шығармалары шынайы әлеммен
байланысты. Прозалары ізгілікке және барша тіршілік иелеріне деген
сүйіспеншілікке толы, яғни, адамдарға, жабайы және үй жануарларына,
табиғатқа, жалпы жер бетінің барлық тіршілік иелеріне деген ғаламға
сыймайтын махаббат сипат алады.
Әр шығармасын
оқыған сайын жан дүниең аударылып-төңкеріліп, кейіпкерлерімен бірге
сол оқиғаны бастан кешіп жатқандай күй кешесің. Бұл – жазушының
құдіреттілігі.
1956 жылы
жазушылық қабілетін шыңдауға Мәскеу қаласына аттанған Айтматов
Жоғары әдебиет курсына оқуға қабылданады. Сол кезеңдерде жазушының
қиялына қанат бітіп, шығармаларын көптеп жаза бастайды. Дәл сол
жылы жарық көрген «Жәмиласы» оны танымал етіп, бірінші болып
француз тіліне аударылған еді.
Ең алғашқы
романы – «Ғасырдан да ұзақ күн» 1980 жылы басылымға шығып, Боранды
Едігенің өміріндегі оқиғалар фантастикалық желімен адамзатты басқа
әлем өркениетімен байланыстырған. Оның тереңінде адамдардың өзара
тіл табысуына қарағанда, өзге әлемнің өкілдерімен тіл табысу
әлдеқайда жеңілдеу екенін білдіретін астар жатқызылған.
Екінші рет
жазушы фантастикалық жанрға тоқсаныншы жылдардың орта кезінде қайта
оралды. Бұл жолғы шығармасы – «Кассандра таңбасы» – жасанды адамдар
туралы. Дегенмен де жазушының қаламынан шынайы әлемді сипаттайтын
тың туындылар көбірек жарық көрді. Әрі олардың әрқайсысы өз алдына
ғажап шығармаларға айналды.
Шыңғыс Айтматов
– адам және қоғамдағы мәселелерді көркем шығармаларында шебер
суреттеп, кейіпкерлерін ұмытылмастай ететін қасиетке ие жазушы.
Оның прототиптері – рухы жоғары, адамгершілігі асқан, адам жанына
терең бойлайтын жандар. Өйткені ол жаңашыл жазушы, психологиялық
портреттің шебері еді.
Жазушы
шығармаларының желісімен жиырмадан астам фильм түсірілген болатын.
Ең алғашқы рет 1961 жылы режиссер Алексей Сахаров «Асу» фильмін
экрандаса, 1965 жылы Андрей Кончаловский «Алғашқы ұстаз» повесін
көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар «Қош бол, Гүлсары»,
«Жәмила», «Ақ кеме» және басқа да туындылары таспаланған.
Осы тұрғыда
жазушыға кинематография саласында 1976 жылы Бүкілодақтық
кинофестивальдің үлкен жүлдесі мен 1996 жылы Берлин
кинофестивалінің құрметті жүлдесі табысталды.
Қазақ халқының
сүйікті перзентіне айналған жазушыға «Адамзаттың Айтматовы» деген
теңеу де тегін телінбесе керек. Шыңғыс Төреқұлұлының барлық
прозалары қазақшаланып, ТМД елдері әдебиетінің ортасынан ойып орын
алды.
Әр қазақ баласы
оның шығармаларындағы адамзаттың ортақ арманына, ұшқыр қиялына, таң
шығындай мөлдір сырына, жан сыздатар шерлі мұңына, бой шымырлатар
фантастикасына қанып өсті.
2011 жылы
Шыңғыс Айтматовтың құрметіне Қырғыз Республикасында 12 желтоқсан
күні – Қырғыздың ұлттық әдебиеті күні деп белгіленіп, жыл сайын
жазушының рухына тағзым ету дәстүрге айналды.
Дарыны дара,
талантты жазушы өмірден озса да, оның қаламынан шыққан прозалары
тозбады және ғасырдан ғасырға ұлтының мақтанышы, қасиетті мұрасының
иесі болып жете беретіні анық. Өйткені Айтматов шығармалары
ғасырдан да ұзақ жасайтын кемеңгер жазушы.
Барлық құқықтар
қорғалған. ASSEMBLY.KZ белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://assembly.kz/analitika/shy-ys-aytmatov-asyrdan-da-za-zhasaytyn-keme-ger-zhazushy/