Материалдар / сыныптан тыс жүргізілетін жұмыс бойынша мақала
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

сыныптан тыс жүргізілетін жұмыс бойынша мақала

Материал туралы қысқаша түсінік
Қашықтықтан оқыту кезінде оқушыға көркем әдебиетті оқыту тәсілдері. Оқушыларды көркем шығарма оқуға баулудың бұл түрі – өзіне сенімділік, тиянақты жауап беру, өзін-өзі сыйлау қасиеттерін ынталандырады. Жұмыс кезеңдерінде берілген тапсырмалар оқушылардың ойын, түсінігін жүйелі жеткізуге, әдеби тілде сауатты жазуға дағдыландырады. Оқушы белгілі бір тақырып төңірегінде жан-жақты ойлап, ойын еркін білдіріп үйренеді. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болады. Бұл жұмыс өнімді білім беру іс-әрекетінде оқушылардың белсенділігін арттыруда, өз бетінше жұмыс істеуінде пайдалы. Ең бастысы сауаттылығын арттырады. Сыныптан тыс шараның білім сапасын көтеруде, дарынды балаларды дер кезінде анықтап, дамытуға ықпалы зор.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
11 Ақпан 2022
410
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ КЕЗІНДЕ ОҚУШЫҒА КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІ


Копбалина Галия Сериковна

Қарағанды қаласы

Бауыржан Момышұлы атындағы

мектеп-бөбекжай кешенінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


Мектептің міндеті – әр оқушыға терең білім беру. Сонымен қатар оқушының тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Осы мақсаттарды іске асыру жолында білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім берудің кеңістігіне енуге бағыт алуда. Педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісінде елеулі өзгерістер болды. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Білім беру саласындағы осындай өзгерістер әрбір мұғалімнің ізденімпаздық жұмыс істеуін талап етеді. Үйреншікті дайын әдіс-тәсілдер қазіргі баланы қызықтырмайды. Сондықтан қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп қою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру – бүгінгі басты талап.

Білім беру саласының қызметкерлерінің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің сабақтан тыс қосымша шараларының бірі – оқушыға көркем әдеби шығарманы оқыту. Оқушыға көркем әдебиеи шығармаларды оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі – жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету. Тіл дамыту – баланың ойлау процесімен тығыз байланысты сөздік қорын, тұлғасын қалыптастыратын жұмыс. Оқу барысында оқушы ойлау дағдысын дамытып, тапсырманы шығармашылықпен ұтымды орындауға төселеді.

Оқушыға көркем шығарма оқыту арқылы жалпы адамзат жинаған тарихи-мәдени, рухани мұраларды тіл арқылы меңгеруге болатынын және өз ойын жеткізудің, өзін-өзі тану мен өзгені танудың бірден-бір құралы тіл екеніне көзін жеткіземіз. Көркем шығарма оқыту – ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызады. [3;3]

Оқушыларға қосымша көркем шығарманы оқыту қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен тұрады. Осы кезеңдердің мақсат, міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін мысал келтіре отырып талдайын.

5-6 сынып оқушыларына қосымша оқуға қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Марат Қабанбайдың «Жиһанкез Тити» әңгімесі мен «Бақбақ басы толған күн» повесін ұсынуға болады. Бесінші сынып оқушылары үшінші тоқсанда Марат Қабанбайдың «Бауыр» әңгімесімен танысады. Марат Қабанбай - балаларға да, үлкендерге де арнап көп кітап жазған жазушы. Оның «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» деп аталатын романдары да бар. Оның «Бақбақ басы толған күн» хикаятының негізінде «Он екі жасқа толғанда» деген толықметражды телефильм түсірілген. Ол талай рет балаларға арналған шығармалардың жабық бәйгесінде жүлделі орындарды жеңіп алған. Марат Қабанбай - Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы, Халықаралық Г.Х.Андерсен атындағы сыйлықтардың лауреаты. Жазушының жекелеген туындылары украин, молдаван, латын, неміс тілдеріне аударылған. [2;3] Жазушы жайында қысқаша түсінік бергеннен кейін нақты шығармаларды таныстыру керек.

Бірінші қызығушылықты ояту кезеңінде кітапқа жарнама жасауды пайдаланған дұрыс. Бұл тапсырманы қабілеті жоғары оқушылармен бірлесе отырып жүргізу керек. Шығарманы оқушыға оқып шығуға тапсырып, оқып шыққаннан кейін оқушымен бірге жарнама дайындаған дұрыс. Жарнама 2-3 минуттық видео түрінде даярланады. Мысалы 6-сынып оқушысы «Жиһанкез Тити» әңгімесіне мынандай жарнама жасайды.

«Ә.Науаи айтқандай: "Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына". Біз кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеяларға кілт табамыз, рухани және материалдық құндылықтарға қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз.

Менің оқыған кітаптарымның ішіндегі ең қызықтысы Марат Қабанбайдың «Жиһанкез Тити» әңгімесі болды. Әңгіме бес жасар Таймастың басынан өткен қызықты оқиғалар туралы. Балабақшадағы тәрбиеші апайдың жиһанкездер жайлы айтқан әңгімесінің ұнағаны сонша – ол жиһанкез болуды армандады. Бірақ қалай жиһанкез болатынын білмей, ағасы Алмастан ақыл сұрап еді, ол: «Кешке қарай, күн батпай, жылы киініп алып, мына көшені бір айналып шықсаң болды,» - деген кеңес берді. Ағасының ақылымен Таймас далаға шыққандағы басынан өткен оқиғалар өте қызықты жазылған. Маған әңгіме ұнады. Сіздерге де оқуға кеңес беремін. «Қызық кітап қысқа көрінеді» демекші оқу өте жеңіл, кішкентай жиһанкез Титимен бірге шағын ғана ауладағы таңғажайыпқа тап боласыз.» деген мәтіндегі жарнамасын оқушылардың WhatsApp желісіндегі тобына жібересіз.

Екінші мағынаны тану кезеңінде Zoom платформасында оқушыларға конференция ұйымдастырып жазушы, шығарма жайында қысқаша ақпарат берілуі керек.

Марат Қабанбайды оқырмандарға алғаш рет балалар жазушысы ретінде танытқан «Бақбақ басы толған күн» атты повесі болды. Бұл туынды жабық конкурста жүлделі орынға ие болған. Бейнелі суреттермен бірге өмірге ерекелеп өсіп келе жатқан ауыл баласының жан дүиесіндегі қарапайым құбылыстарды көркемдеп жеткізу жазушы қаламына тән таланттан хабар бергендей еді. Кіші жастағы балаларға арналған шағын повесте қазақ ауылыныда жиі кездесетін өмір шындығы, езу тартқызар көріністер баршылық. Осындағы соғыс ардагері Қоқай бейнесіндегі өмір шындығын жазушының юмормен беру тәсілі сәтті шыққан. [1;5]

Біртуар биік тұлға Марат Қабанбайдың "Бақбақ басы толған күн" повесінің бас кейіпкері - оқушы Заманбек. Өзі ақын, өзі өлең жазады. Мінезі де қызық, ойлағаны да күлкілі. Мысалы, сыныптас қызы Күләшқа хат жазып, хатты беру сәтіндегі шытырман қызықты оқиғалар, Күләштің 265 беттік «Дүниежүзінің географиясымен» басынан салып қалып, есінен тана жаздағаны, класс іші қыран топан күлкіге қарық болуы … Бәрі Марк Твеннің «Том Сойердің басынын кешкендерін» оқудан басталды. Заманбек: «Том да, мен де он үш жастамыз, былайша айтқанда құрдаспыз. Томға ұқсап ғашық болу. Класста қыздар, құдайға шүкір өріп жүр, дереу біреуін жақсы көру - міндет солай. Сонда ғана Том құрдаспен ұпайымыз түгенделіп теңесеміз. Оның есесіне Томда жоқ қасиет менде бар. «Қазақстан пионері» газетіне «Мектебім» атты өлеңім жарияланғанда көкем бетіме ежірейіп қарап отырып: "О, и-ит!"- деген. Басымнан да сипамады. Көкем сондай адам. Тентектік жасасам бишікпен тартып жіберуден тайынбайды, өлеңім шықса мәнерлеп тұрып «ит» дейді.» [4;139] Бала әкесін қатал, суық жан деп есептейді. Оның пікірі әділетті ме, жоқ па шығарманы оқи отырып оқырман өзі саралайды.

«Бақбақ басы толған күн» повесінің желісімен 1978 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «12 жасқа толғанда» деген толықметражды көркем фильм түсірген. Бұл - балалық достық, туған өлкеге деген махаббат, балалардың Марк Твен кітаптарының кейіпкерлері Том Сойер мен Гекельбери Финнге еліктеуі туралы фильм. Рөлдерді Ұран Сарбасов, Олжас Оразымбетов, Ләйлә Жұмалиева, Әубәкір Ысмайылов, Әлімғазы Райымбеков, Ирина Дитц, Шаймерден Хакімжанов, Раиса Мұхамедиярова, Тамара Қосыбаева, Раушан Мұқашева сияқты белгілі актерлер сомдаған. Осындай таныстыру ақпараттарын айтқаннан кейін, әңгіме мен повесті қандай жинақтан, қандай кітапханадан, қай сайттан оқуға болатындығы жөнінде ақпарат берілуі керек. Мысалы: 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Бақбақ басы толған күн» жинағы шыққан, 1982 жылы «Жалын» баспасынан «Жиһангез Тити» кітабы, 2003 жылы «Жазушы» баспасынан «Бақбақ басы толған күн» атымен повестер мен әңгімелер жинағы, 2006 жылы Алматыдан «Балалар әдебиеті» айдарымен «Бақбақ басы толған күн» повестер мен әңгімелер жинағы, сондай-ақ, «Жиһанкез Тити» әңгімесін «Қазақ балалар әдебиетінің классикалық үлгілері» жинағының 5-томынан, «Бақбақ басы толған күн» повесін «Арман-ПВ» баспасынан 2017 жылы шыққан 5-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті хрестоматиясынан», htths: //kitap.kz/ сайтынан таба аласыздар» деп нақты дереккөзін көрсету керек.

Үшінші шығарма туралы ой-толғаныс кезеңінде осы шығармалардың желісі бойынша пікірталас, дөңгелек үстел ұйымдастыруға болады. Ол шараларда «Тұлғаны танып біл», «Жарысты жалғастыр», «DEAL» әдісін (D: describe – оқығанды, көргенді сипаттау, сынау, өлшеу; E: explain – құбылыс не оқиға бойынша не білетіндерін, не түсінгендерін суреттеу, түсіндіру; A: annalise – ақпаратты талдау, қорытынды жасау, себептерін атау, талдау; L: links – өзінде бар түсінікпен, біліммен байланыстыру, қорытынды жасау), «Аквариум» (бір сыныптың оқушыларымен ғана өткізіледі, әңгімені оқыған оқушылар диалог жүргізеді, қалғаны тыңдайды) сияқты өнімді әдіс-тәсілдерді пайдалану керек. «Бақбақ басы толған күн» повесі бойынша 3-4 сынып оқушыларын біріктіріп «Ойлаудың алты қалпағымен» талдауға болады. Оқушылар алты топқа бөлінеді. «Ақ қалпақ» повесте көтерілген мәселеге қатысты деректер келтіреді, «сары қалпақ» кейіпкер іс-әрекетінің сәтті тұстарын талдайды, «қара қалпақ» кейіпкер іс-әрекетінің сәтсіз тұстарын талдайды, «көк қалпақ» повесть мазмұны бойынша берілген «Не үшін? Неге? Неге байланысты?» деген сұрақтарға жауап іздейді; «жасыл қалпақ» кейіпкер өміріне қатысты тың идеялар мен болжамдар айтады; «қызыл қалпақ» шығарманы оқу барысында бастан кешірген сезімдерін тұжырымдайды. Қарапайым ғана бір сынып көлемінде «Еркін жазу», «Әдебиет лотосы» әдіс-тәсілдерін пайдалануға болады. [3;27]

Бұл шараларды сыныптар арасында немесе жеке сыныптарға арнап ұйымдастыру керек. Сыныптың қандай жағдайда оқып жатқанымен байланысты онлайн да, офлайн да өткізуіңізге болады. Ең бастысы, бұл шара арқылы сіз бір сыныптағы 20-25 оқушының қаншасы шығарманы оқығандығы жайлы ақпарат аласыз. 5-6 сыныптардағы 6-8 сыныптың әрқайсынан 4-5 оқушы оқыды дегеннің өзінде сіз бұл шығарманы 30-40 оқушыға таныстырып, оларды көркем шығарма оқуға үйретесіз. Бұл керемет үлкен жетістік болмаса да, бүгінгі ақпараттық технологиялар дамыған заманда балаға кітап оқыту жолындағы біршама жетістік деп санауға болады.

Қорыта айтқанда, бұл сыныптан тыс жұмысты жүргізу барысында оқушы белсенді қызмет атқарады. Өзі ізденіп, өзі оқып, өзі үйренеді. Оқушының көптеген тұлғалық қасиеті айқындалады. Бұл оқушыға мұғалім тарапынан берілген тапсырмаға тереңінен тоқталуға, өз қатарларының алдында тапсырмаларды орындау нәтижесіне жауапты екендігін сезінуге үйретеді.

Оқушыларды көркем шығарма оқуға баулудың бұл түрі – өзіне сенімділік, тиянақты жауап беру, өзін-өзі сыйлау қасиеттерін ынталандырады. Жұмыс кезеңдерінде берілген тапсырмалар оқушылардың ойын, түсінігін жүйелі жеткізуге, әдеби тілде сауатты жазуға дағдыландырады. Оқушы белгілі бір тақырып төңірегінде жан-жақты ойлап, ойын еркін білдіріп үйренеді. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болады. Бұл жұмыс өнімді білім беру іс-әрекетінде оқушылардың белсенділігін арттыруда, өз бетінше жұмыс істеуінде пайдалы. Ең бастысы сауаттылығын арттырады. Сыныптан тыс шараның білім сапасын көтеруде, дарынды балаларды дер кезінде анықтап, дамытуға ықпалы зор.




Әдебиеттер тізімі:


  1. Қабанбаев М., Бақбақ басы толған күн: повестер мен әңгімелер. – Алматы: Балалар әдебиеті. - 2006 жыл

  2. Қабанбаев М., Жиһанкез тити. – Алматы: Жалын. – 1982

  3. Тұрсынғалиева С., Зайкенова Р., Жабаева К., Қазақ әдебиеті: мұғалім кітабы, «Арман-пв» баспасы. - 2017 жыл

  4. Тұрсынғалиева С., Зайкенова Р., Қазақ әдебиеті хрестоматиясы: «Арман-ПВ» баспасы. - 2017 жыл

  5. «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасы, Шымкент. - 2008 жыл


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!