Шырағы сөнбеген кемел
тұлға
Ғалымжан Аяулым
Серікқызы
10-сынып
оқушысы
«№2 мектеп гимназия»
КММ
Шалқар қаласы,
Ақтөбе облысы
Қазақ әдебиетінің, ұлттық сөз
өнерінің кесек тұлғаларының бірі, ерекше болмыстың бірегейі –
жазушы Тахауи Ахтанов. Көркемдік әдеби кеңістікте өз мәнерімен
дараланған жүйрік, танымал тұлға, туған жеріміздің тума таланты,
қаламы қарымды қайраткер. Отан қорғауда қан майданға аттанып,
бірнеше рет жараланып, Ұлы Отан соғысынан елге аман оралып, қаламын
ұштаған жерлес жазушы ағамыздың қазақ әдебиетіне қосқан айрықша
үлесі бары анық.
1948 жылы әскер қатарынан
босағаннан кейін шығармашылықпен етене айналысты. Соғыстан кейінгі
жылдары әдебиетке келген ол үстінен сұр шинелі түспеген өзге
әріптестері секілді аға буын қаламгерлердің шынайы қолдауына ие
болды. Құлашын кең жайып, шығармашылыққа ден қойды. Соның
нәтижесінде "Қаһарлы күндер", "Боран", "Шырағың сөнбесін" романдары
ұлттық әдебиетімізге қосылды. Драматургия саласында қалам сермеді,
әңгіме, хикаяттар жазды. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда:
"...соғыстан бергі қазақ әдебиетін талантты сыншы, талантты
аудармашы, талантты драматург, талантты прозашы Тахауи Ахтановсыз
көзге елестету мүмкін емес".
«Майданнан қайтқан Тахауи
Ахтанов "Қаһарлы күндер" атты романымен Ұлы Отан соғысы тақырыбын
бастады. Дәл осы тақырып – меніңше, Ахтанов творчествосының негізгі
тақырыбы ғой деп ойлаймын. Сол романымен-ақ кеңес әдебиетіндегі Ұлы
Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалардың ішінде кеуде алды
туынды болды. Сол шығармасымен ол соғыстан кейінгі дәуірде
әдебиетке келген жастардың алды болса, бүгінде алпысқа келгендердің
де алдыңғы сапында», - деді қаламгер Ахтановтың алпыс жылдық
мерейтойы қарсаңында. Жазушының өнімді де жемісті
еңбек еткен жанры – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш
жарық көрген әңгімесі – "Күй аңызы". "Боран" романы Тахауи
Ахтановтың шығармашылығында алатын орны ерекше. Қаламгер ретінде
тәжірибесі толысқан шағында жазылған бұл туындысына автор үлкен
ізденіспен келген. 1963 жылы "Дала сыры" повесі болып жарияланып,
қайта өңдеу, толықтырудан соң "Боран" драмасына, содан кейін осы
аттас романға айналды. Осы шығарма үшін жазушы 1966 жылы Абай
атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Роман көптеген шетел тіліне
аударылды.
Жазушының ең соңғы романы
— «Шырағың
сөнбесін». Бұл романның негізгі кейіпкері Нәзира — кеңес
армиясының офицері Қасымбектің жары. Жан-жақтан анталаған жау
тылында қалған аяғы ауыр әйелдің өмір жолы, бастан кешкендері, өзін
қоршаған ортаға, өткен күндерге көзқарасы арқылы кейіпкердің жан
дүниесіне әрі барлау, әрі талдау
жасалады. Өзі соғысқа тікелей қатысқан
майдангер жазушының осы романында да, «Қаһарлы күндерде» де
соғыстың саяси-әлеуметтік мазмұнына өзіндік шуақ, ұлттық рух-бояу
дарытатын — кейіпкерлердің туу қиырда қалған ауыл адамдарын
еске алуы. Мәселен, Нәзира ішінде бір үзілмес, таусылмас жылуы бар
әжесін еске алса, Мұрат қайратты да айбатты ауылдасы Қартбайды еске
алады. Бұлардың соғыс даласында жаны тозып, жадағайланбай,
адамшылық қалпынан айнымай, жауыздық пен жақсылықты іштей салыстыра
салмақтауына себепкер — қимас ауыл адамдары, туыстары. Нәзираның
әжесінің де, Қартбайдың да бойында анау-мынауға бас имейтін таза
тәкаппарлық, текті өрлік бар. Ол өрлік көрінгенге өзін аяқасты
қылуға жібермейтін, қор болуына жол бермейтін, оның есесіне,
кісілік пен кішілікті, адалдықты айнымас асыл мұратқа айналдырған
ұлттық қасиеттің бір көрінісі секілді. Кейіпкердің жан дүниесіне
үңілу, психологиялық тұрғыдан іс-әрекеттерін дәйектеу үш романнан
да байқалады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың
"Шырағың сөнбесін" романы - өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақтың
ұлттық прозасын көркемдік биік деңгейге көтерген, шеберлік тағылымы
мол туынды. Халқына өшпес мұра қалдырған Тахауи Ахтанов 71 жасқа
қараған шағында 1994 жылы 25 қыркүйекте ұзаққа созылған сырқаттан
қайтыс болды. Жазушының қазасына қатысты
ақын Есенғали Раушанов:
Ой, Кеңсай, мен қайтейін
биігіңді,
Басыңа қап-қара бұлт
үйірілді.
Теңселтіп нән кемені барады
алып,
Қара су есік алды
иірімді.
Нән кеме гауһар-маржан толған
іші,
Бағасыз жез бен мыста болмады
ісі.
Тік
жүріп, тік құлаған сені көрдім,
Қазақы қара сөздің
жолбарысы,-
деп жоқтады.
Жалпы жазушы Тахауи Ахтановтың
қаламынан туған көркем туындылар,сын-мақалалар,ой-толғаныстары мен
көзқарастары уақыт алға озған сайын жаңғырып, жаңаша сипатқа ие
болуда. Оның шығармашылығын сүйіп оқитын, іздеп оқитын алың
оқырманы қаламгердің суреткерлік талантын жоғары
бағалайды.