Материалдар / Тәрбие сағаты "Анам-жан шуағым"

Тәрбие сағаты "Анам-жан шуағым"

Материал туралы қысқаша түсінік
Сценариймен қатар оқушыларға жаттатуға болатын өлең шумақтары берілген
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
11 Қырқүйек 2024
110
0 рет жүктелген
405 ₸ 450 ₸
Бүгін алсаңыз 10% жеңілдік
беріледі
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



«Келісемін» МДТІЖО ____________ А.Маханова «_____»______________ 2020 жыл





І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебі






7 «Б» сынып оқушыларының

«Анам – жан шуағым» тақырыбындағы тәрбие сағатының

жоспары







Сынып жетекшісі Күмісбаева Эльмира















2020 жыл


Анам – жан шуағым

1-жүргізуші:

Мерейлі сәт мерекеге ұласып,

Сегізінші наурыз келді қыр асып.

Қыз- келіншек, нәзік жандар мейрамы-

Көктемімнің шапағатын тұр шашып.


2-жүргізуші:

Құттықтаймыз аналарды, қыздарды,

Мерекеден шуақты бір із қалды.

Болсын әркез көтеріңкі көңілдер,

Нұрын шашсын мерекеге өңірлер!


1-жүргізуші:

Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге «8 наурыз -Халықаралық әйелдер күні» де келіп жетті. Бұл «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналарымыздың, нәзік жанды қыздарымыздың мерекесі.

2-жүргізуші:

Білім көгінде бір қанатын білім, екінші қанатын өнер деп қағатын 7 «Б» сыныбының оқушылары ұйымдастырып отырған «Анам – жан шуағым» атты мерекелік концертімізге қош келдіңіздер!

3-жүргізуші:

Күй төгіліп би билеп,

Барлық өнерді қамдаймыз.

Бүгінгі көңіл шабытын,

Тек сіздерге арнаймыз. Ортада әсем ән «....................» . Орындайтын .........................


4-жүргізуші:

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,

Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,

Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,

Сіздер —  жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған ,-дей келе, кезекті көрініске берсек.

«Ата мен бала»


1-жүргізуші:

Барша ана құтты болсын мерекеңіз,

Әрқашан ана сізбен берекеміз.

Ақтасақ ақ сүтіңді асыл анам,

Сонда біз мұратымызға бір жетерміз

2-жүргізуші:

Құрметті аналар, арулар, сіздерге деген ыстық лебізімді жыр шумақтары арқылы білдіргіміз келеді. (Оқушылар кезегімен өлеңді айтып шығады.)


4-жүргізуші:

Әйелдердің күні дейді бұл күнді,
Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды. 
Еркек түгел еркелерге берем деп, 
Қолдарына ұстап апты бір
гүлді. 

Ақ жаулықты аналар мен ару қыздарымыздың құрметіне ұлттық би. Қыздарымызды ортаға шақырайық.


3-жүргізуші:

Ортада көрініс «Ананың жұмбағы», «Анасы мен қызы» (инста жайлы).


1-жүргізуші: Сыныбымыздың атынан ұсынылатын бейнекөрініске назар аударыңыздар.


2-жүргізуші:

Бір өзінде барлық үміт, бар арман,

Жеңбей қоймас нұрлы жанар қадалған,

Барлық гүлден жұпар жинап бойына

Әйел күннің шуағынан жаралған.

Қыздарымыздың «Ұйғыр биін» қабыл алыңыздар.


(биден соң ортаға 1 оқушы шығып ойын ойнатады?)


3-жүргізуші:

Жайлап қана салып көр жанар ұшын,

Болмысы оның тым бөлек, дара мүсін.

Жер бетіне тіршілік таратушы,

Жер бетіне жаралған Адам үшін!

Көрініс. «Қазыбек бидің төрелігі»

«Анасы мен қызы» (Нұржан,Мәншүк,Мадина)

Аналарымызға арналған бейнероликті тамашалаңыздар.

4-жүргізуші:

Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй. – деп,Абай атамыз айтқандай сыныбымыздың орындауындағы «Жан ана» хорын қабыл алыңыздар.

4-жүргізуші:

Әйел деген өзің шыққан негізің

Әйел деген жүзіп жүрген теңізің

Әйел деген қамқоршың да, жарың да

Әйел деген өз қосағың егізің - дей келе , бүгінгі концерттік бағдарламамызды қорытындылап беру үшін сөз кезегін ұстаздарымызға береміз.


2-жүргізуші:

Демеңіз біз өнерді аяп қалды,

Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.

Қош болып тұрыңыздар кездескенше,

Осымен біздің концерт аяқталды.


1-жүргізуші: Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін, алғыс білдіреміз. Қош сау болыңыздар!

























Анашым

М.Мақатаев

Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?

Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,
Оқуын ұлың жақсы аяқтады.
Анашым, білем сені, қарсы емессің
Кеттім мен тың даланы оятқалы.

Анашым!
Қайда жүрсем сен - күш, арым,
Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.
Қайда барсам, өзіндей қарсы алады
Кең байтақ Отанымның кең құшағы.

Анашым!
Жаратылдың бағыма шын
Білемін көңілсізсің, сағынасың.
Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.
Қапа болма мен үшін, неғыласың..


Ана

Жұмекен Нәжімеденов

Бесікте – Ана, бесікте – бөбек: 
Бірі тербеледі, бірі тербетеді. 
Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді, 
Анаға жалғыз, сол жетеді. 
Ана, Ана, қайран, ана! 
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні, 
Нұр себеді аналардың кірпігі өліге де ояуға, 
Ана дайын біреу үшін жылауға, біреу үшін аяуға. 
Тербейді Ана қуанышты, бақытты, тербейді 
Ана – тебіренеді жаны шын. 
Тербейді Ана уақытты; Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін. 
Тербейді Ана бөбегін, 
Сол арқылы тербетеді өз елін, 
Құмын, тауын, өзенін. 
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты – 
Планетаның алақаны сияқты... 


Анама

Фариза Оңғарсынова

Кеудеңде мені тербеттің, жас шыбық енді көктеді.
Мінеки мен де ер жеттім, еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын, аяулым сенсің, анашым! 
Болмаса мейлі зор даңқың, мен үшін бірақ данасың. 
Мейірім төккен нұр жүзің тұрғандай сезем жанымда. 
“Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым”, сақталды сөзің жадымда. 
“Игі еңбек түбі осы-ау” дер көргендер жеміс ағашын. 
Қартаймай, мәңгі жасай бер мәңгілік Күндей, анашым!


Ана

Тұманбай Молдағалиев

Құлайын деп 

бара жатам құлдырап, 

Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап, 
Сол кезде бір ән естимін жақыннан, 
Аққан бұлақ секілденген сылдырап. 
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап, 
Тіршіліктің әуенімен тыныстап, 
Сергимін де,

сезім гүлін құлпыртам, 
Кел дегендей болады бір күміс бақ.. 
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып, 
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып, 
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым, 
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып. 
Ойнап шығам содан кейін құрақтай, 
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай, 
Мүмкін,мүмкін ана махаббаты шығар бұл, 
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай





Ақ кимешек көрінсе

М.Мақатаев

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
...Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді...
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған,
Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса...
Нені

көрем???

Ананың сүюі

Міржақып Дулатұлы


Кім сендерді, балалар, сүйе-тұғын,
Куанышыңа қуанып, қайғыңа күйе-тұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүре-тұғын.

Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Камқор анаң көз жасын көлдететін.

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.

Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Кұлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.


Менің әжем

Жұмекен Нәжімеденов

...Міне, міне менің әжем қазан асып от қойды,
Онда тағам аз ба, көп пе – ешкім оны сөкпейді.
Жалғыз-ақ тек: «асқа қара» – деген сөзге жұрт ұйып
Жата кетер құсжастықты шынтағымен бір түйіп.
Сонда әжем жүзі жайнап қалмас шаттық-түрге енбей,
Бұл даланың барлық отын өзі жағып жүргендей.
Сонда қайран көкіректе бір күн туар күлімдей,
Басар жеңіл, тізесінің сарсуы да білінбей.
«Үйде – қонақ..!» – деген сезім, көп қуаныш – өлшеме,
Сол қуаныш жетер еді бар ғаламға бөлсе де!
Дастархан да жайылар тез, шегіндіріп қонақты,
Жомарт қолдың елпілдеген алақаны сияқты...
Қоңыр табақ босанады көп қолдардан кешікпей,
Алғыс айтқан жұрттың сөзін тұрар әжем есітпей.
«Рахмет!» керек емес, керек емес сірә оған,
Онсыз да әжем бақытты ғой қонақ болса бір адам
«Қарақтарым келе берсін, келсін дейді ол, бәрі де»,
Шыға беріп күлеміз-ау осынау бір кәріге!..






Видеороликке


1.Тілегі перзентіне таудай болған,

Жүрегін әкелердің баурай да алған.

Жаны асыл аналар-ай, жабырқасаң,
Сезетін жай-күйіңді шалғайлардан.


2.Тағдыры басқа-басқа болғанымен,
Тәлімі бір-бірінен аумай қалған


3.Шашқандай күн шуағын көктем келіп,
Анасыз өсіп-өніп, көктeр ме едік?
Еріксіз құшағында елжірейсің,
Жүрегің жылуынан кеткенде еріп.


4.Тілсе де өзектерін ащы уайым,
Жүрсе де сан сынақты көптен көріп,
Сыр бермей бәрін шыдап көтеретін,
Аналар неткен нәзік, неткен берік.

5.Шет жүрсең сарқылмайтын сағынышың,
Артық қой ақ ананың қадірі шын.
Ол сенің жанға рахат сая бағың,
Сен оның жалғандағы жарығысың.


6.Бейнеттен аянған жоқ олар бізді,
Ешкімнен кем қалдырмай бағу үшін.
Біздер ше, айтарлықтай не жасадық?!
Көңілін анамыздың табу үшін!

7.Нұр жүзін әжім жапқан ізгі аналар,
Ұл-қызым жүрсе дейді ізбен адал.
Көбірек көңіл бөлсек, одан басқа,
Ештеңе дәметпейді бізден олар.


8.Жайқалған жапырағы ана - шынар,
Балаға мейірімнен панасы бар.
Мұң тұрса қапияда қабағыңа,
Қашан сен қуанғанша аласұрар.

9.Иманы артығырақ болса кімнің,
Анасын разы етуге сол асығар.
Ардақтап тілін тапсаң тірлігіңде,
Алдыңнан жәннат бақтың жолы ашылар.


10.Сен десе мейірімі ала бөтен,
Ол әркез қамқорың боп қалады екен.
Тұрғыны жеті миллиард жер бетінен,
Жан таппайсың жанашыр анаға тең.


11.Ұл өсірген ұғымын биік қылып,
Қыз өсірген қылығын сүйікті ғып.
Мейірімнен жаралған жүректегі,
Бар жылуын жүзіне жиып күліп.

12.Бауырына басатын аналар-ай,
Құшағына кең әлем сыйып тұрып.

13.Таңдайыңа төсінен тамған нəрі,
Тəтті болған шекер мен балдан дағы.
Ана деген аяулы мейірбаның,
Оны ұмытып бала жоқ жанған бағы.


14.Ең үздік аспаз да сол жалғандағы,
Тіл үйірер аузыңа салған дəмі.
Тілеуіңді тілеуден шаршамайтын,
Қандай бақыт анаңның бар болғаны.

15.Алтынды қолда барда бағалашы,
Жүзіне қабақ шытып қарамашы.
Сəбиін тəттім дейтін аналарға,
Баланың бал екен ғой баламасы.

16.Алдымен өзін қойып, бізді ойлайды,
Оларға уайым емес қара басы.

17.Қанағат қылса бірі қара суға,
Ал бірі жұртпен жақсы жарасымда.
Бірінің жылуы көп жүрегінде,
Бірінің ақылы мол санасында.


18.Бәріне ризалықпен сүйсінесің,
Көргенде іштей қайран қаласың да.
Кейінгі ұл-қыздарға үлгі етердей,
Тәлім бар қазақтың әр анасында.













Көрініс: «Анасы мен қыз»

Сахнада әкесі мен қызы отырады. Әкесі қайтаратын қарыздарын есептеп отырады, оны көрген баласы бірден бөлмесіне келеді.

Қыз: -Ооо, маған тамаша бір ой келді! Неге мен анама жасаған көмектерім үшін ақша сұрамаймын? Мен жақсы қыз болып, гүлдерге су құямын, анам дүкеннен келе жатқанда сөмкесін көтерісемін. Еңбекті бағалау керек қой (сәл ойланып, ары-бері жүреді) . Мен әрбір жасаған көмегімді бағалап, анама хат жазайын, ол маған ақша төлесін. (Хат жазады)

Келесі күні анасы ас үйдегі үстелдің үстінен қағазды көріп оқиды.

Анасы: - Анасының қызына қарызы. Анашым, бұл өмірде әрбір еңбек бағалануы тиіс емес пе? Сол үшін сізге мына қарыздарыңызды қайтаруды өтінемін. Дүкеннен сөмке тасығаным үшін – 100 теңге, хаттарды поштаға салғаным үшін–70 теңге,  жақсы қыз болғаным үшін – 500 теңге, гүлдерге су құйғаным үшін – 300 теңге, барлығы – 970 теңге.

(анасы орындыққа отырып хатты үнсіз оқып, өзі де хат жазады)


Келесі күні (Қолында қуыршағы бар, ойнап келген) қыз үстелдің үстінен 970 теңгені көріп қатты қуанып кетеді. (алақандарын шапалақтап, секіріп,айналып қуанады)

Қасындағы хатты көріп, кілт тоқтай қалып, оқуға кіріседі.

Қыз: - Қызының анасына қарызы. Үйде өткізген 10 жыл бақытты өмірің үшін – ешнәрсе, 10 жыл ішінде ішіп-жегенің үшін – ешнәрсе, ауырған кезде бағып-күткенім үшін – ешнәрсе, сатып әперген киім, ойыншықтарың үшін – ешнәрсе, жақсы ана болғаным үшін – ешнәрсе (хатты кеудесіне басып, сәл ойланып тұрып қалады). Мен әр ісім үшін ақша сұрасам, анашым осы күнге дейін істеген ісі үшін... Ұят болды анамнан...(анасына қарай жүгіреді. Анасын құшақтап кешірім сұрайды) Кешірші анашым. Мен бір білместік істедім. Ақшаңызды да қайтарып берейін.




















Көрініс: «Ананың жұмбағы».

Ана: Балапандарым, мен сендерге бір жұмбақ айтамын, сендер соны шешіңдер. Сендердің бәріңді 9 ай абақтыға жапса, одан шыққан соң ауызыңа өкпе тықса, арқанды ағашқа таңса, сол адамға не істер едіңіздер?

Тұңғыш ұл: Мен оның басын балтамен шабар едім.

Екінші ұл: Мен оны мылтықпен атып тастар едім.

Үшінші ұл: Оның мұрнын бұзар едім.

Кенже ұл: Жоқ, ана, мына үшеуінің жасайтындары ақымақтың ісі. Ал мен болсам, ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Ол мені жарық дүние әкелуші адам. ол – асыл ана. Сіз бізді 9 ай көтердіңіз, бізге жарық дүние сыйладыңыз. Қырқынан шығардыңыз, ағаш бесікке бөледіңіз. Міне жұмбағыңыздың шешуі осы.

Ана: Жарайсың, кенжетайым!

Хан: Әй, кенже ұлым! Көркіңе ақылың сай болып өсіпсің. Анаң екеуіміздің көңіліміз толды. «Көктем» атты патшалықты өзіңе сеніп тапсырамын.

Хан батасы: Ізетті, инабатты, иманды ұл - қыздарым! Бауырларыңды тыңдаңдар, бірлік пен татулықты серік етіңдер! Ана сыйлағанды Алла жарылқайды, аналарыңды сыйлаңдар!



Ата мен бала

Бала: Ассалаумағалейкум ата!

Ата: Уагалйкмассалам балам! Кел отыр балам. Балам өзің бір тәуір – ақ бал екенсің. Мен саған бірнеше сұрақ қояйын.

Ата: Балам үйдегі алтын қазық кім?

Бала: Үйдегі алтын қазық - бала.

Ата: Жоқ балам. Үйдегі алтын қазық ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі. Ананы сыйламағанның ақылы кем, ананың мейірімі көзінде, ақылы сөзінде.

Ата: Жоқты бар ашты тоқ ететін кім?

Бала:Жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке.

Ата: Жоқ балам! Әке қанша мейрімді болса да ананың жөні бөлек.

Жоқты бар ашты тоқ ететін ол Ана. Анасыз бала ұйықтамайды.қатықсыз айран ұйымайды. Үйдің бақ берекесін келтіретін ол ана.

Сондықтан балам анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да ананың қарызын өтей алмайсың. Жұмақ – ананың аяғының астында осыны есіңнен шығарма балам!










Анасы мен қызы

Екі қыз аналарын айтып, әңгімелесіп келеді

1-қыз: Мен анамды қатты жақсы көремін. Оның басы ауыра қалса да қатты уайымдап кетемін. Алладан күнде оның амандығын тілеймін.

2-қыз: Иә, аналарымыз аман болсын! Мен үйге бара салысымен, үйдің барлық тірлігін істеймін. Анамды қимылдатпаймын да.

1-қыз: Құрбым, қандай тамаша жансың! Сендей қызы бар ана бақытты шығар?

2-қыз: Екеуміз былай жасасақ қайтеді?! Анамызбен суретке түсіп, инстаграмға салайық. Кім көп «лайк»жинайды екен?

1-қыз: Жарайды, қолым тиіп жатса салайын.

2-қыз: Ой, неге қолым тисе салайын дейсің?

1-қыз: Үйге барып үй жинау керек( саусақтарын санап тұрып айтады), кешкі ас пісіруім керек, кір киімдерді жуу керек, сабақ оқу керек. Ал ең бастысы кешке анамның аяғына массаж жасап беремін. Кешке дейін жұмыста жүріп аяғы ауырып келеді. Ал әлеуметтік желіде отыруға уақытым болмайды.

2-қыз: Ой,сенде! Осы жұмыстың бәрін саған істетіп, анаң не қарап жүр?

1-қыз: Еһ, құрбым! (басын шайқайды)

( екеуі екі жаққа кетеді)


2-қыз үйіне келеді. Анасы дайындап қойған асты іше салып, жинамастан, бөлмесіне кіріп кетеді.

Анасы: Қызым, тамақтанған жеріңді жинап кетпедің бе?

Қызы: Өзіңіз жинай салыңызшы ана, менің қолым бос емес (қолында телефон)

Анасы қызының ыдыстарын жинап, үй жинауға кіріседі.

Анасы: Қызым, үй жинауға көмектесіп жіберші, менің мазам болмай тр.

Қызы: Айттым ғой сізге, менің қолым бос емес деп. (Анасына жүгіріп келіп)

Ана, бірге суретке түсейік. Жоқ, әдемі болмай қалды, қайтадан түсейік. Міне, тамаша! Қазір екеуміздің суретімізді инстаграмға саламын, достарымның барлығы қызыға қарасын. Қаншама лайк жинауға болады мына сурет үшін (қуана бөлмесіне кетіп қалады)

Анасы кір киімдерді жуып жатып, әлсіз дауыспен: Қызым, қызым, басым айналып барады. Қызым, көмектесші маған. (еденге бүктетіле отыра кетеді)

Қызы құлаққабын құлағынан алып: Бірдеңе дедіңіз бе, ана? Ана, не дейсіз маған? Қанша рет қайталау керек, қолым, бо-о-о-с еме-е-с.(құлаққабын қайта киіп алады)

Анасы: Қызым, көмектесші... (құлайды)


1-қыз: Балалар, әрқашан аналарымызға қамқор болайық. Әлеуметтік желінің қойнауынан емес анамыздың құшағынан орын табайық. Интаграмға анаңмен түскен суретті салып, жалған қамқоршы болып, жалған өмір кешіп кетпейік. Шынай өмір сүр, анаңның қолғанаты, мақтанышы бола біл!


КӨРІНІС.  Алыстан әйелдің дауысы естіледі. 
ӘЙЕЛ: Жіберіңдер мені, үш ғаламның билеушісіне жібер, тарт қолыңды, апарыңдар ханға! 
АҚСАҚ ТЕМІР: Мына зарлы дауыс кімдікі екен, біліңдер тез ! 
Шабарман: Үсті-басы шаң, алба-жұлба бір әйел «Ханға 
жіберіңдер!» деп қасарып тұр. 
АҚСАҚ ТЕМІР Алып келіңдер. 
АНА Баязитті өлтірген сен бе? 
АҚСАҚ ТЕМІР Иә,! Мен оны да женгенмін, басқаны да жеңемін. Әлі жеңуден қайтқаным жоқ. Сен не айтпақшысың, әйел? 
АНА Тыңда! Сен – талай «ст» «стесең де құр адамсың. Ал мен – Анамын! Сен әлемге қызмет қыласың, мен өмірге қызмет қыламын. Сен менің алдымда жазалысың. Міне, мен саған «Сол жазаңды жу» 
деп келіп отырмын. Сен әділ болуға міндеттісің, мен анамын! 
АҚСАҚ ТЕМІР Отыр да сөйле, мен тыңдаймын! 
АНА Менің әкем де, ерім де бақытты еді. Оларды бақытты қылатын мен едім. Менің жалғыз ұлым бар еді. Жер бетіндегі ең сұлу сол еді. 
АҚСАҚ ТЕМІР Менің Жәңгірім сықылды. 
.АНА Менің ұлым алтыға келгенде қарақшылар келіп, менің ерімді өлтіріп, ұлымды алып кетті. Міне, 4 жыл болды, жер жүзін шарлап, ұлымды іздеп жүрмін. Мен білемін, ұлым қазір сенің қолыңда. Сен менің ұлымның қайда екенін білуге міндеттісің, өзіме тапсыр! 
АҚСАҚ ТЕМІР Әйел, сонау жат жерден дарияларды, өзендерді, тауларды, ормандарды өтіп қалай келдің? Саған аңдар қалай тимеді? 
Қолыңда қаруың да жоқ. 
АНА Жолда бәрі болады, қабан, аю, жер тарпыған бұқалар ұшырасты. Барысты көрдім, көздері сенің көзіңдей екен, бірақ аңдардың жүрегі бар ғой. Мен олармен сенімен сөйлескендей сөйлестім. Олар менің ана екеніме сенді. Аяғандары емес пе, күрсініп теріс кете барды. 
АҚСАҚ ТЕМІР Солай, әйел, аңдар адамдардан күштірек сүйіп, жауларымен тандырақ алысады. 
.АНА Әркімнің анасы бар ғой. Сені де бір әйел тапқан шығар. ! 
АҚСАҚ ТЕМІР Солай, әйел, өңкей бұқадан бұзау тумайды, күнсіз гүл 
гүлдемейді, махаббатсыз бақыт болмайды, әйелсіз махаббат болмайды. 
Анасыз ақын да, ер де болмайды. 
АНА Ендеше, бер баламды өзіме! Неге десең, мен анамның, сүйемін ұлымды. 
ТЕМІР Мен тәңірінің құлы Темір тиісті сөзімді айтамын. Мен өмір сүрдім, өмір бойына табанымның астында қара жер күңіреп келді. Осы 
қолыыммен отыз жыл бойына ажалдың иінін қиратып келемін, оның 
мәнісі – ұлым Жәңгірдің кегін алмақшымын. Анам туралы ойламаппын 
да. Менің алдымда отырған әйел маған сөйлемеді, бұйырды. Мен әйел 
қайратын ұқтым. Қазір үш жүз адам аттанып, маған қараған жердің 
бәрін кезіп, мына әйелдің ұлын тапсын. Кімді- кім баланы тапса , ол 
бақытқа бөледі. Осылай ма, ана? 
АНА Солай, хан, дұрыс айтасың. 
ТЕМІР Қане,атқа мінелік, біз де ізделік. 
Осы айтылғанның бәрі – шындық, аналар ажалдан күштірек, өмірге 
данышпандарды, ақындарды,ерлерді әкелетін – аналар.Барлық 
жақсылықты себетін – аналар. Иә , аналар ажалдан да күшті. 



























Анам – жан шуағым



  1. Ән

  2. КӨРІНІС «Ата мен бала»

  3. Көркем сөз

  4. Ұлттық би

  5. КӨРІНІС «Ананың жұмбағы»

«Анасы мен қызы» (инста жайлы)

  1. Бейнеролик

  2. Ән

  3. «Ұйғыр биі»

  4. Ойын

  5. КӨРІНІС. «Қазыбек бидің төрелігі»

«Анасы мен қызы» (Нұржан,Мәншүк,Мадина)

  1. Хор  «Жан ана»







Материал жариялап тегін
сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!