Материалдар / Тарих беттеріндегі көне түргеш тиындары
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Тарих беттеріндегі көне түргеш тиындары

Материал туралы қысқаша түсінік
Ел мен жер тарихынан мол мағлұмат беруімен қатар, көне жәдігерлерді дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде мұражайдың алатын орны және көне тиындардың тарих беттеріндегі сырлары жайлы мақала
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тарих беттеріндегі көне түргеш тиындары


Н.Ө. Әміржанова

Астана қ., Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің аға сарапшысы


Күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген ақша өзінің даму тархында біраз сатылардан өткені белгілі. Ақшаның алғашқы белгілерінен бастап қазіргі электронды, несие ақшаларына дейін сан алуан формаларға ауысып, үздіксіз дамумен болды. Айналымға металл тиындар шыққанға дейін ақшаның міндетін түрлі тауарлар – мал, астық, сәндік заттар, металл кесегі және т.б. құнды заттар атқарды. Ұзақ уақыттар бойы ақша есебінде алтын және күміс тастар жүрді. Ол әр мемлекетте әртүрлі аталғанымен, негізінде сауда-саттық кезінде құн өлшемі ретінде қолданылды. Ақша – тауарларды сату мен айырбастаудың ұзақ мыңжылдық тәжірибесінің нәтижесінде пайда болды. Көне тиын бетіндегі белгілермен бедерлер, тарихи оқиғалар мен уақыттық кезеңдерді анықтауда зор мүмкіндік береді. Өткен ғасырлардағы кез келген көне монетаны алып қарасаңыз, бетіндегі әрбір деталь: билеушілердің портреттері, таңбалар мен сызулар сол ақиқатты дәлелдейді. Көне тиындарда ел билеушілердің есімдері мен атақтары, қаласы, соғылған жылына дейін жазылған. Кішкентай ғана тиыннан тұтас бір дәуір тарихының ашылмаған сырларын көруге болады.

Алғашқы тиындар Лидияда (Кіші Азия) және Эгина аралында (Грекия) пайда болған (б.з.б. 8 ғ-дың аяғы – 7 ғасырдың басы). Тиынның оң бетін аверс (Av), ал сол бетін реверс (Rv) деп айырады. Алғашқы тиындар Грекия мен Кіші Азияда күмістен соғылған. Бертін келе оларды алтыннан, мыстан, сондай-ақ түрлі қосынды металдан (қола, латунь, билон) жасады. Жаңа кезеңде сонымен қатар никельден, алюминийден, т.б. құйылатын болды. Асыл металдарға (алтын, күміс, т.б.) мықты болу үшін мыс қосқан.[1].

Уақыт өте, ақшаның пайда болуы тауар өндірісінің дамуына және халықтар арасындағы қарым-қатынастың ұлғаюына байланысты ақша рөлі әртүрлі металдарға ауыса бастады. Өйткені, әсіресе, алтын, күміс, мыс, қола металдары пайдалануға жеңіл, күнделікті тұрмыста ақша міндетін атқаруға өте қолайлы болды. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монета соғатын ірі сарайлар болған.

Қазақ жерінде тиын соғу, ақша жасау ісі өте ерте дамыды. Түркі, қазақ халықтарының тарихында ежелден бері ақша бірлігі – теңге деп аталды. Тарихи әдебиетте алғашқы теңгелерді І ғасырда-ақ ғұндар жасаған делінеді. Оның бір бетінде пехлеви, екінші бетінде түркі руна (эфталит) жазуы болған. Бұл теңгелер V-VІ ғасырларда сауда айналымында пайдаланылған.[2]. Қазақстан аумағындағы сол кездегі Тараз, Жент, Кенже қалаларындағы теңге сарайларын айтуға болады.[3].

Ғылыми зерттеулерге сәйкес 704-766 жылдары Тараз және Суяб қалаларында арнайы шеберханаларда құйылған теңгелер Түргеш қаған атынан шығарылған. Теңгелердің бет жағына садақ секілді таңба, ал екінші жағында «Түргеш қағанаты теңгесі» немесе «Түркінің көк қанының теңгелері» деген соғды жазулары соны куәландырады. Қытайдың Тан империясының «кайюань тунбао» деп аталатын мыс теңгелеріне ұқсатып (теңгенің ортасында төрт бұрышты тесігі бар) мыстан соғып шығарған. Сол дәуірде Түркеш хандары «Батыс соғды», «Шығыс соғды», «Оңтүстік соғды» және «Бұқархудат» деген атаумен монетаның төрт түрін соқты. Теңгедегі сөздер соғды тілінде жазылды. Бұл ақшалар Жетісудан Соғдыға (қазіргі Тәжікстан) дейінгі үлкен аумақта есеп айырысу үшін пайдаланылды. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрген, көне түрік империясының (V-IX ғғ.) батыс қанаты аумағында құрылған түрік тілдес мемлекет. Көне түрік бітік тілінде türgeš-түргеш деп аталған. Үлкен ордасы – Суяб қаласы, кіші ордасы – Іле өзені бойындағы Күнгіт қаласы болды. Қағанаттың негізгі жер аумағы Жетісу өңірі Іле, Шу, Талас өзендері бойы, Шаш (Ташкент), Бешбалық, Тұрпан болды. Халқының құрамы түркітілдес тайпалардан тұрды. [4]. Түргеш дәуірінде Соғды, Кеш, Бұхара және басқа аумақтағы қалаларда монеталар ақша айналымында маңызды рөл атқарды. Түріктер мен соғдылықтар арасында сауда-саттық байланыстарының қарқынды жүруі, сондай-ақ қытайлықтармен экономикалық байланыс кеңінен етек алды. Түргеш халқы көшпелі мал шаруашылығымен, жартылай отырықшы егін салумен, сауда және қолөнермен айналысты. Негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы, жылқы мен қой өсіру болған. Қала тұрғындарының бір бөлігі жер өңдеумен, ал екінші бөлігі саудамен айналасқан. Түргеш қағандығының кезінде сауда ісі қызу дами түсті. Оның себебі – қағанат жерінің Ұлы Жібек жолы бойында орналасуы еді. Ұлы Жібек жолының керуендері, жібек мата және жоғары сапалы мақта, алтын, күміс бұйымдар, хош иісті иіс сулар және тәтті тағамдарды сатып, өздерінің керуендерін қыш құралдармен, теріден жасалған аяқ киім, тон, бас киім секілді заттармен толықтырып отырған. Қазақ елі Ұлы Жібек жолында болғандықтан, Тараз, Отырар қалаларында қола, мыс теңгелерден ақша соғуды тым ерте қолға алып, оны айналымға енгізіп, сауда-саттық жасап, нарыққа ұсынды. Тарихи деректер бойынша түргештердің сауда орталықтары ежелгі Суяб пен Тараз қалашықтары болған.[3]. Ортағасырлық Тараздағы монета сарайында басылып шыққан ақшалар, сол елдің экономикасын өркендетуге ерекше міндет атқарды. Мұнда көптеген күміс, алтын өндірілді. Сол кездегі құйылған тиындар қәзіргі өзіміздің қолданыстағы теңгелерден кем түспеген. Түргеш теңгелерінің диаметрі қазіргі біздің 100 теңгелікпен бірдей болған. Ортасы тесік, ұстауға ыңғайлы, Қытай елімен сауда жасауға бейімдеп жасаған. Тек қана қытай елінде тесік тиындар қолданыста болған. [2]. Сол дәуірдің өзінде-ақ, құйылған тиындардан, алтын мен күмісті, мысты балқыту мен өңдеу, жалату технологиясын жақсы меңгергендігін байқауға болады. Түргеш тиындары ĸүмістен жасалған, өзіндіĸ ереĸше дизайнға ие жǝне салмағы шамамен 1 грамм болады. Тиынның бір жағында билеушінің беті бейнеленсе, еĸінші жағында түрĸі тіліндегі белгілер, таңбалар мен жазулар бейнеленген. Бұл тиындар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, салықтар мен басқа да мемлеĸеттіĸ міндеттемелерді төлеуге ақша ретінде пайдаланылды. Көне Тараз шаһарында соғылған қола теңгелер Түргеш қағанатының қуатты мемлекет болғанын айқындайды. Түргеш қағанатының ғұмыры аса ұзақ бола қоймасада, олар өз ақшасын шығарып, көршілес елдермен сауда байланыстарын белсенді түрде жолға қойды, бұл қағанаттың экономикалық және мәдени дамуына жоғары әсер етті. Түркештер тұсында Тараз қаласы гүлдене түсті. Қытай мен Византияны, парсы мен түркті түйістіріп тұрған Таразда түрк теңгелері басылып, айналымға түсті.[4].

Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар, бірнеше рет өрлеу мен құлдырауды, соғыстар мен бейбіт өркендеуді, мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауын бастан өткерген көне қала. VII-VIII ғасырда Тараз қаласы Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналды. Араб тарихшысы Әл-Макдиси: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала», – деген мəліметтер қалдырады. ІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы», – деп жазған.[5]. Көрнекті қазақстандық археолог Карл Байпақов өзінің «Ұлы Жібек жолы (Қазақстан аумағында)» атты ауқымды монографиясында XIII ғасырға дейін Орталық Азия аумағында 15-тен астам монета сарайы жұмыс істегенін айтады.

Бүгінде археологтар Сібірде, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында, Өзбекстанда тіпті Иранда қазба жұмыстары кезінде Түргеш тиындарын тапқан. Бірақ, Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардан VII-XVIII ғасырлардағы көне теңгелердің анағұрлым көп табылғанын айтады. Тараз қаласынан «Түргеш қағанатының теңгесі» немесе «Түріктің көк ханының теңгесі» деген соғды жазуымен жазылған теңгелер табылған. Бұл теңгелер алдымен Суяб қаласында, кейіннен қаланы қытайлар талқандағаннан кейін 704-766 жылдар арасында Тараз қаласында соғылған.[6]. Әсіресе, табылған Түргеш қағанатына жататын мыс және күміс тиындар жан-жақты зерттеуді қажет ететін құнды олжалардың бірі. Жер қойнауынан табылған әртүрлі теңгелер сол қаланың көрші және шет елдер арасындағы саудагерлердің сауда-саттық жасайтын орталық болғанын аңғартады. Сондай-ақ, Түргеш теңгесі Түркістан облысына қарасты Күлтөбе қалашығы маңынан да табылған. Теңге қоладан соғылған және жыл басынан бері табылған құнды экспонат қатарына кіреді. «Біз тапқан теңгенің бірінде VІІІ ғасыр деп жазылған. Оның бір жағына «Түргештік қаған мырза» делінсе, екінші жағына руна әліпбиін таңбалаған түргеш белгісі жазылған. Теңге қоладан жасалған» дейді археолог Серік Ақылбек. «Бұл табылған құнды жәдігер қаланың шын мәнінде сауда орталығы болғанын және Шығыс пен Батысты жалғастырып тұрған Ұлы Жібек жолының бір бекеті екенін дәлелдейді. Бұдан кейінгі қазба жұмыстары да Күлтөбенің тарихқа бай қала екенін айғақтай түсетін дүниелер табылатынына сенімім мол», – деді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры, PhD докторы Андрей Хазбулатов. [7]. Көне Тараз қаласындағы кезең-кезеңімен жүргізілген қазба жұмыстарының барысында көптеген құнды жәдігерлер қазып алынды. Сонау Батыс Түркі қағанаты кезеңдерінен бастап, бетінде ұйғыр тілінде және «Түргеш қаған» деген жазуы мен дөңгелек таңбасы бар қола монеталар және Шахристан бөлігінен 172-241 жылдарға жататын «Кушан» монетасы, күміс пен қоладан жасалынған көптеген монеталар да табылған.[8]. Табылған тиындарға қарап, ерте заманда да металл өндіретін металлургиялық құрылыс орындары, яғни, арнайы теңге соқтыратын сарайдың жақсы дамығанын аңғарамыз. Алайда, уақыт өте түргеш тиындары өзінің танымалдылығын жоғалтып, ĸүміс, ділда сияқты басқа тиындармен алмастырылды.









Қазақстан аумағында пайда болған металл ақшалалар. [Электрондық ресурс] // қол жеткізу режимі: https://kk.wikipedia.org/wiki/



Түркеш қағанаты 704 – 766 жылдары Тараз және Суяб қалаларында монетаның төрт түрін құйды. Бұл ақшалар Жетісудан Соғдыға (қазіргі Тәжікстан) дейінгі үлкен аумақта есеп айырысу үшін пайдаланылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының музейлік жинағының нумизматика топтамасында Түргеш қағанатының (VII – XIII ғғ.?) күміс және мыс тиындары сақталған.


Естелік монета. Түргеш тиындары. ТПМ 1392/1-52.

Материал: Мыс, күміс. Техника: Құю, оймыштау. Д- 1,5-2,5 мм. Әртүрлі мөлшердегі мыс және күміс монеталар. Түргеш қағанаты дәуіріне (VIII ғасыр) және мұсылман кезеңіне (XIII ғасыр?) жатады.


Кітапхананың музейлік жинағындағы монеталардың өлшемдері әртүрлі пішінде, құрамы да әртүрлі мыс және күмістен соғылған. Тиын дөңгелек пішінді, ортасында шаршы пішінді тесігі бар. Аталмыш ақшалардың көлемі 1,5-2,5 мм. Аверс: доға түрінде, бетінде тиын жиектерін бойлай, ортадағы шаршы пішінді тесікті айналдыра соғды курсивімен жазу жазылған, аудармасы «Киелі Түргеш қағаның «пани»-ақшасы жазбасы түсірілген. Реверс: монетаның айналасында алдыңғы жағындағы сияқты жалпақ жиектемемен көмкерілген. Ортасындағы шаршы пішінді тесіктің жиектері жіңішкерек қоршаумен қапталған. Кейбір күміс монеталарда соғды аңызындағы Түргеш қаған иелігінің жазулары басылған. Өкінішке орай, қолдағы монеталардың көпшілігінің бетіндегі жазуларды толығымен оқу мүмкін емес. Тиынның бетіндегі таңбалары бедерленген іздерінің біршама бөлігі жойылып кеткен. Мұражай қорындағы экспонаттың атрибуциясын белгілі ғалым-нумизмат, тарих ғылымдарының кандидаты, Алтын Орда тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Марджани атындағы Тарих институты (Казань қ), Шығыс нумизматикасы бойынша «Нумизматика» журналы «Нумизматикалық әдебиет» ЖШҚ баспасының редакторы П.Н. Петров жүргізді.

Бүгінде түргеш монеталары ĸоллеĸционерлер мен тарихшылардың құнды жǝдігерлері болып табылады. Түргеш тиындары – сол дәуірдің саудасын, эĸономиĸасын жǝне мǝдениетін терең түсінуге ақпарат беретін маңызды тарихи құрал. Көне тиындардың ереĸшеліĸтері – жазулары көркем, құрамындағы ĸүмістің, мыстың тазалығы мен беріктігі. Монетадағы геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, қайталанбас суреттер мен бейнелер ғажайып өнер туындысы мен асқан шеберлікті көрсетеді. Әр халықтың өзінің жүріп өткен жолы мен мемлекетінің тарихи оқиғалары жайлы, түрлі хронологиялық жүйелері мен күнтізбелері жазылатын, сол елдің жазба мұралары, дереккөздері болады. Өткен ғасырлардағы тарих жайлы қолжазбалар, уақыт озған сайын көп түзетулерге, толықтыру-қысқартуларға ұшырап, бастапқы мағынасынан бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Ал, көне монета бетіндегі басылған жазулар мен таңбалар – тарих құпиялары мен жазбаша дереккөздерін сол қалпында жеткізуші құнды жәдігер. Сондықтан ежелгі монета халықтың тарихы мен мәдениетінің ерекше ескерткіші болып табылады. Жәдігерлерге тән бірден-бір басты қасиет – өткен күннен сыр шертіп, елдің тарихын бүгінгі күнмен байланыстыруы.

Қорыта айтқанда, көне монеталар жайлы тақырып өзектілігімен құнды, өскелең жас ұрпаққа ел тарихын білуге, оның неден жасалғанын, қай заманда, кімдер ұстағанын тануға зор мүмкіндік тудырады. Сан ғасырлар өтседе, Қазақстан жерінде өмір сүрген қағандықтардан тарихи із қалған көне тиындардың табылуы, ежелден өркениеттің бөлшегі болғандығын аңғартады. Адамзат қолынан шыққан ғажайып өнер туындысы болған, бір ғана тиынды тану және таныту күрделі де, қызықты дүние. Келешекте де елді мекендерден әлі талай құнды бағалы заттар табылары анық. Халқымыздың рухани құндылығына айналған, музей қорындағы көне жәдігерлерді қайта зерттеп, тарихын халыққа таныстыру, насихаттау – музей ісі қызметтерінің бір бағыты. Уақыт озған сайын маңызы арта түсетін тарихи мұраларға зор құрметпен қарау, әрбір жәдігерді қадірлеп сақтау – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.



Пайдаланылған әдебиет:

  1. А. Күзембайұлы. Деректану. Оқу құралы. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты. – Қостанай, 2017. –228 б.

  2. Т.Ә. Төлебаев. Қосалқы тарихи пәндер. 1-бөлім. Оқу құралы. Алматы, 2013.

  3. Сарайшық тиындары / З. Самашев, Р .Бурнашева, Н.Базылхан, В. Плахов. Алматы, 2006.-184 б.

  4. Д. Қыдырәлі. Ұлы дала тарихы. – Астана, «Ғылым» баспасы, 2018. – 432 б.

  5. Тараз өңіріндегі ортағасырлық қалалардың тарихы. [Электрондық ресурс] // қол жеткізу режимі: https://z-taraz.kz/taraz-irindegi-orta-asyrly-alalardy-tarihy/

  6. Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар жиынтығы (5 - 11 сынып)

  7. Түргеш теңгелері Түркістан маңынан табылды. [Электрондық ресурс] // қол жеткізу режимі:https:// turkystan.kz/article/79561-t-rgesh-te-geleri-t-rkistan-ma-ynan-tabyldy/

  8. Ежелгі Тараз – мәңгіліктің қаласы. [Электрондық ресурс] // қол жеткізу режимі:https:/ https://z-taraz.kz/ezhelgi-taraz-m-gilikti-alasy/

  9. Г. Бабаяров. Древнетюркские монеты чачского оазиса. (VI-VIII вв.н.э). –Ташкент, 2007. https://pps.kaznu.kz/kz/Main/FileShow2/18794//1/2/0//

10. Ғылыми зерттеу және атрибуциялауды белгілі ғалым-нумизмат, тарих ғылымдарының кандидаты, Алтын Орда тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Марджани атындағы Тарих институты (Казань қ), Шығыс нумизматикасы бойынша «Нумизматика» журналы «Нумизматикалық әдебиет» ЖШҚ баспасының редакторы П.Н. Петров жүргізді. (Ғылыми төлқұжат ТПМ 1392/1-52)

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!