Тарихтан барлық жауап

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Тарихтан барлық жауап

Материал туралы қысқаша түсінік
Тарихтан емтиханға арналған барлық жауап бар
Материалдың қысқаша нұсқасы

4.Қазақстан жеріндегі тас ғасыры.

Тас ғасыры – археологиялық дәуірге бөлуде алғашқы тас құралдарының пайда болуынан бастап, қола құралдарының шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі көне тас ғасыры – палеолит, өтпелі кезең – мезолит, жаңа тас ғасыры – неолит болып бөлінеді. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің бір-біріне едәуір ұқсастығы болып табылады. Тас ғасырында тас құралдарымен қатар сүйектен, ағаштан жасалғандары да қолданылды. Ежелгі палеолит адамдары бірігіп аң аулады, бірігіп терімшілік етті. Ежелгі палеолит кезеңінде дінге сенушілік болған жоқ. Шелль және ашель дәуірінде питекантроптар, синантроптар, гейдельберг адамы өмір сүрді. Ортаңғы палеолиттің мүстье дәуірінде жаңа адамдар типі – неандертальдықтар қалыптасты.

Палеолит

Палеолит (гр. Palaios – ежелгі және lithos – тас) – ежелгі тас ғасыры. Б. з. б. 2,6 млн. жылдан – б. з. б. 10 мың жыл аралығын қамтиды. Палеолит ғылымда төменгі, ортаңғы және жоғарғы деп 3-ке бөлінеді. Төменгі немесе ежелгі палеолит шамамен б. з. б. 2 млн-нан 140 мың жылға, ор­таңғы палеолит 140 мыңнан 40 мыңыншы, ал жоғарғы немесе кейінгі палеолит 40 мыңнан 10 мың жылдыққа дейін созылды. Палеолит екі ке­зеңге – ежелгі және соңғы палеолит деп бөлінеді. Ежелгі палеолит ірі-ірі үш кезеңге (мәдениетке): олдувэй (б. з. б. 2,6 млн. жыл – 700 мың жыл), ашель (б. з. б. 700 мың жыл – 150–120 мың жыл) және мустье (б. з. б. 150 – 120 мың жыл – 35 – 30 мың жыл) кезеңдеріне бөлінеді. Соңғы палеолит б. з. б. 40 – 35 мыңжылдықтан басталып, 10 мыңжылмен аяқталады. Палеолиттің ерекшелігі Евразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің едәуір ұқсастығы болып табылады. Алғашқы қауым адамы жабайы өсетін дәндерді, жеміс жидектерді жинап, жануарларды аулаған. Төменгі палеолиттік ескерткіштер Қазақстанның Жамбыл облысындағы Қаратаудан 50-жылдары табылды (мұны тапқан Х. Алпысба­ев). Бөріқазған, Тәңірқазған және Тоқалы 1,2,3, сонымен бірге Шу өзенінің оң жағалауындағы Қазанғап қоныстары белгілі. Бұл жерлерден көбінесе тастан жасалған шапқыштар табылған. Ортаңғы палеолиттің ескерткіштері Қазақстанның барлық аймағынан табылған Оңтүстік және Шығыс Қазақстаннан, Маңғыстау түбегінен мустье дәуірінің қоныстары табылған. Бұларға Сарысу өзені бойындағы Мұзбел, Ертіс өзені, Қанай ауылының маңындағы қоныстар жатады. Қазба жұмысы кезінде бизонның, ақбөкеннің, арқардың, жабайы жылқының, т. б. сүйектері, ал құралдардан қырғыштар, сүйір ұштықтар, пышақ тәріздес пластиналар ұшырасты. Жоғарғы палеолит ескерткіштері Орталық және Шығыс Қазақстаннан да табылған. Батпақ – 8, Семізбұғы, Қарабас – 3, Агренсор – 2 осындай ескерткіштер тобына жатады.

Мезолит (б. з. б. 12 – 5 мыңжылдық)

Мезолит (мезо – аралық және грекше lithos – тас) – орта тас ғасыры, палеолит пен неолиттің аралығындағы тас дәуіріне жататын археологи­ялық өтпелі кезең. Бұл терминді 19ғ-дың 70-жылдарының аяқ кезінде швед ғалымы О. М. Торелль енгізді. Еуропада шамамен б. з. б. 9 – 5 мыңжылдықтарды, Таяу Шығыста ол б. з. б. 10 – 7 мыңжылдықтарды қамтиды. Палеолиттен Мезолитке көшу климаттағы өзгерістер мұздықтардың еруімен байланысты. Қазақстан тұрғындарының өмірінде жеке аң аулау әдісі жетекші маңыз алды. Мезолит дәуірінің ең маңыз­ды өнертабысы – садақ пен жебе. Мезолит кезеңіне жататын құралдар микролиттер – кішкене келген ұзындығы 1-., үшбұрышты, ромбы, тра­пеция, сегмент пішінді құралдар еді. Оңтүстік Қазақстан жерінен (Жаңашілік 1–3, Маятас, Бөген, т. б.), Қаратаудан (Соркөл, Шаханта, т. б.), Қызылжар қаласына жақын Есіл бойынан (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко– 2), Атбасар маңынан (Тельман-7, -8а, — 9а, — 14а), Қарағанды маңында Сарыарқадан (Әкімбек және Қарағанды – 15), Көкшетау маңындағы далалық Шағалалы жағалауынан (Виноградовка – 2а, -12), Торғай ойпаңы ауданынан (Тұз, Дүзбай-6, т. б.), Қостанай қаласы маңынан (Дачная және Евгеньевка), Батыс Қазақстан облысынан (Сарыайдын, Шәуші, т. б.), Екібастұз төңірегінен (Талдыөзек 21, Шідерті, т. б.), Маңғыстаудан (Шақпақата – 2, Қызылсу – 1, т. б.) табылды.

Неолит (б. з. б. 5 – 3 мыңжылдық)

Неолит – жаңа тас дәуірі. Б. з. б. 7-мыңжылдықтың екінші жартысы мен 6-мыңжылдықтың басын қамтиды. Бұл тас өңдеу техникасының гүлден­ген кезі болды. Тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты. Тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Әдемі тастардан әшекейлер – білезіктер, алқалар жасалды. Неолит дәуірінің маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына – өндіруші шаруашылық туындауы. Яғни, терімшілік, аң аулау орнына егін және мал шаруашылығы келе баста­ды. Аралдың солтүстігінде, Қазақстанның батыс, орталық және шығыс аудандарында неолиттік тұрақтардан қолға үйретілген сиыр, қой, ешкі, жылқы сүйектері табылды. Неолит дәуірінде кен кәсібінің бастамалары шығып, қыш құмыра ісі, тоқымашылық дамыды. Неолит рулық қауым дәуірі болды. Онда ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал- жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен қатар тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылды. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп 4-ке бөлінеді. Неолиттік ес­керткіштерден Есіл өңіріндегі – Атбасар мен Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениетін, Ақмола облысындағы – Атбасар мәдениетін, Төлес мәде­ниеттерін, Оңтүстік Қазақстандағы – Қараүңгір, Атырау облысындағы – Шатпакөл, Құлсары – 1–5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды тұрақтары, Маңғыстаудағы Шебір – 7, Сенек-1, -4, -5, -8, Үштаған-1, Семек-10, Ақтау қаласы маңындағы Қосқұдық-1, т. б. тұрақтарды айтуға болады.

Энеолит

Энеолит (лат. Aeneus – мыс және грекше lithos – тас) – тас және қола ғасырының аралығындағы археологиялық өтпелі кезең (б. з. б. 4–3 -мыңжылдық) тас – мыс кезеңі. Энеолит адамдар өміріне мыс құралдар енген дәуір. Осы кезеңде таспен қоса мыс құралдар да пайда бола бас­тайды. Бірақ мыстан жасалған құралдар тас құралдарды адам өмірінен біржолата ығыстырып шығара алмады. Себебі, мыс өте иілгіш, майысқыш болғандықтан мықты құралдар жасауға мүмкіндік болмады. Энеолитте тас индустриясы құлдырап, тас құралдар жиынтығының ке­муіне әкеліп соқтырған. Бірақ Қазақстан даласында энеолит басқаша көрініс берді. Мұнда тастарды пайдалану кері кеткен жоқ, керісінше жоғары деңгейіне көтеріле түсті. Бұл кезеңде тастан жасалған еңбек құралдары басым болғанымен мыстан жасалынғандары да пайда бола бастады. Адамдардың басты кәсібі – егіншілік пен аңшылық, мал шаруашылығы болды. Энеолит дәуірінде ауа-райы ылғалды болып, ірі сүтқоректілер көбейгендіктен аңшылар көшіп жүретін аумақтарын қысқартып, кейде бір жерге ұзақ уақыт шоғырлана да бастайды. Қоғамдық қарым– қатынасы – рулық құрылыс. Қазақстан жерінен табылған энеолит ескерткіштері Иманбұрлық, Сексеуілді -1, -2 және Павлодарға жақын жерде, Ертіс өзенінің жағасына орналасқан Железинка поселкесінің маңынан табылған обаны жатқызуға болды.

3.5.Қазақстан жеріндегі қола ғасыры.

Б. з. б. II мыңжылдықта мыс пен қалайының құймасы – қоланың шығуына байланысты тас құралдар металмен ауыстырыла бастады. Тас ғасыры аяқталып, қола дәуірі басталды. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б. з. б. 4- мыңжылдықтың аяғы мен б. з. б. 1 – мыңжылдықтың басын қамти­ды.

Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Анд­ронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан қола дәуірі бойынша Орталық Қазақстанды Ә. Марғұлан мен К. Ақышев, Солтүстік Қазақстанды А. Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С. С. Чернигов пен А. Г. Максимова зерттеп, әр аймақтар­дағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қазақ жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә. Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қола дәуірінде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі

заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қыш ыдыс­тарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер бо­лып бөлінеді. Қола дәуірінде әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық – тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Тайпалар тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты.

Андронов мәдениеті (б. з. б.XVIII – VIII ғғ.)

«Андронов» мәдениеті Ачинск маңындағы Андронов деревнясының түбінде 1914 жылы табылды. Қола дәуірінде Сібірдің, Орал бойының, Қазақстан мен Орта Азияның кең байтақ далаларын шыққан тегі жағынан туыстас, тарихи тағдырлары сабақтас, арттарына өзіндік жарқын мәдениет қалдырған тайпалар мекендеген.

«Андроновтықтар» кетпенмен жер өңдеп, өсірілген астықты қола орақпен орып алған. Олардың тұрақтарынан тастан жасалған дән үгіткіштер жиі табылады. Орта ғасырдың жартастағы бейнелеріне (петроглифтерге) қарағанда олар өгіз жеккен соқаларды да пайдаланған.

«Андроновтықтардың» негізгі тіршілік көзі әрқашанда мал шаруашылығы болды. «Андроновтықтардың» абіріне қойылған қыш құмыраларға қарағанда тұрғындардың негізгі тамағы сүт өнімдері болған. Мал ішінде, әсіресе, жылқы табындарын жоғары бағалаған. Шаруашылық қозғалы­сының өсуіне сәйкес қос өркешті түйелердің саны да өсті. Олардың сүйектері «андроновтықтардың» ең ертедегі тұрақтарынан табылды, бірақ кейінгі кезеңде түйе киелі саналған – оның саздан жасалған кішкене мүсіндері мен жартастағы бейнелері табылды.

Төрт дөңгелекті арбаға орнатылып, алыс қашықтықтарға көшуге бейімделген киіз үйлер пайда болды. Қайтыс болған адамдарды тігінен, қыры­нан немесе жалпағынан қалап шығарған тас қоршаулар мен қоршауы бар обалар ішіндегі тастан өрілген немесе жалпақ тастарды қырынан қойып қиюластырған жәшік – көрлер ішіне қол-аяғын бүгіп, бір қырымен басын батысқа, кейде шығысқа қаратып жерлеген. Қабірге марқұммен бірге заттар қоса қойылды. Олар әдетте ішіне тағам салынған бірнеше саз құмырадан, қарапайым әсемдік бұйымдардан, кейде пышақ, тескіш, тас жебе сияқты заттардан тұрған. «Бай» қабірлер шұңқырларының едәуір үлкендігімен, оба топырағының молдығымен, оның айналасындағы тас қоршаулармен және бай мүлкімен ерекшеленді. Өртеп күлін жерлеу салты да болған. Андронов тұрақтарынан табылған тап-таза күл қабат­тары сақталған рәсімдік ошақтар адамдар тағзым еткен екінші нысан – қасиетті Күн болғанын дәлелдейді.

6.Сақтар

Археологиялық мәліметтер бойынша сақ тайпалары Қазақстан аумағын б. з. б. VII-IV ғғ. мекендеген. Сақ тайпалары әр түрлі аталған. Сақтарды ежелгі грек авторлары «Азиялық скифтер», парсы ескерткіштерінде «Құдіретті еркектер», Иран жазбаларында «Жүйрік атты турлар» деп атаған. Сақтарда негізінен әскери қоғам болды. Сақтардың этномәдени ареалына көптеген тайпалар кіреді. Олардың нақты санын белгілеу мүмкін емес, грек деректерінде – даилар, массагеттер, исседондар, т. б., парсы деректерінде – сақ-хаомоварга, сақ-тиграхауда, сақ-парадарайа деп аталады.


Сақ тайпаларының қоныстануы№

Сақ топтарының аты

Мекендері

1

Теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайа)

Қара теңіздің солтүстігі, Арал теңізінің маңында, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысында

2

Шошақ бөрік киетін сақтар (тиграхауда)

Сырдарияның орта ағысы, Тянь- Шаньда, Жетісуда

3

Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаумаварга)

Мургаб аңғарында өмір сүрді


Сақтардың антропологиялық типі еуропеоидты болды. Сонымен қатар моңғолоидтық элементтердің етек жаюы күшейді. Батыс Қазақстан­дағы савромат-сарматтар сақтарға туыстас келді.

Сақтардың қоғамдық құрылысы. Алғашқы қауымдық қатынастар ыдырап, әскери демократия құрылысының пайда бола бастаған кезеңі.

Бүкіл тайпа мүшелері сайлаған тайпа көсемі – бас қолбасшы болды. Олар тайпаны да басқарып отырды. Әр көсем өз тайпасының қарумен, азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қадағалады, тайпа атынан келіссөз жүргізіп немесе келісімге келіп отырды. Тайпа одақтарының көсемдері ру мен тайпа арасында жайылым және көшуге қажетті жер бөлу ісімен айналысып, осы жерлерді пайдалану ережесін анықтады. Сонымен қатар олар жер дауын шешіп, рулар мен тайпалар арасында қақтығыс туып кетпеуін қадағалады. Сақ әйелдері қоғамдық өмірге белсене қатыс­ты және еркектермен бірге соғысты. Тіптен олардың кейбіреулері тайпа көсемдері болып та сайланды

Әскери демократия таптық қоғамға өту кезеңі болды. Демек, сақтар мемлекет құру ісінің табалдырығында тұрды. Бұл құбылыс отырықшы ха­лықтарға қарағанда, көшпелілерде кешірек пайда болды.

Сайланып қойылған көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, әскери жасақтар құрылды. Сақ бірлестігін хан басқарды. Әрбір тайпа бірлестігің өз ханы болды. Хан мұрагерлік жолмен сайланды. Егер хан өлсе, оның орнына ұлы, ал кәмелетке толмаған немесе мүлде болмаған жағдайда ханның ең сенімді әйелдерінің бірі ел басқарды.

Хан елбасы, ел мен жердің иесі, бас қолбасшы саналған. Ханның жанында ірі-ірі тайпа басшылары және әйгілі батыр-қолбасшылардан тұратын хан кеңесі жұмыс атқарған.

Маңызы бар мәселелер халық жиналысында талқыланып, оған әйелдер де қатысты. Малға жеке меншік пайда болды. Соғыс негізінен тайпа көсемдері үшін пайдалы еді. Осылай мүлік теңсіздігі шықты. Тұтқындар құлға айналдырылып, үй шаруашылығында жұмыс істеді. Бұл кезеңдегі құлдардың көбі ер адамдар болды.

Сақ қоғамында өмір сүрген адамдардың үш тобы ерекшеленді: жауынгерлер, абыздар және басқа қауым адамдары (малшылар мен егіншілер). Әрбір қоғамдық топтың дәстүрлі өз түсі болды. Жауынгерлердікі – қызыл, абыздардікі – ақ, өзгелердікі – сары және көк.

Шаруашылығы. Сақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығының 3 түрі болды:көшпелі мал шаруашылығы Батыс және Орталық Қазақстанда өріс алды.

қыстық және жаздық қоныстарды қажет ететін жартылай көшпелі мал шаруашылығы — Алтай, Тянь-Шань тауларында, Жетісу, Шығыс Қазақстанда көп тарады.

отырықшы мал шаруашылығы (жартылай егіншілікпен айналысқан). Шаруашылықтың мұндай түрі Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Ке­лес, Шу өзендерінің аңғарында дамыды. Сақтар жылқы, қой, түйені өте көп өсірді, ал ірі қара (сиыр) саны аз болды.

Сырдария өзенінің аңғарында егін шаруашылығымен айналысты. Бидай, тары, қарабидай өсірді. Егінді канал арқылы суарды.

Сақ заманында доңғалақты көлік түрлері дамыған. Мұндай арбаларға өгіз, ат және түйелер жегілген. Соғыс және аңшылыққа арналған күйме­лер, негізінен, екі доңғалақты болған. Сақ тайпалары қосалқы кәсіп ретінде аңшылықпен және балық аулаумен айналысқан.

Сақтардың өнері мен саудасы. Сақтарда кейіннен қолөнер мен сауда дами бастады. Шеберлер ер-тұрман, әшекей, найза, семсер, қанжар т. б. жасаған.Қолөнер жақсы дамыды. Мыс, алтын, күміс, қорғасын т. б. металдарды көп пайдаланған. Сонымен қатар теріден, ағаштан, қыштан ыдыстар жасаған.

Сақ тайпалары Сібір, Еуропа, Алтай және Шығыс елдерімен байланыс жасады. Сауда Жібек жолы және б. з. б. 1 мыңжылдықтағы «Дала жолы» арқылы дамыды.

Сақ жауынгерлері. Патшалар жауынгерлер тобынан шықты.Сақ жауынгерлерінің ерлігі туралы көптеген деректі әңгімелер бар.

Сақтар б. з. б. 519–518 жылдары парсылармен соғысып, I Дарийдің әскеріне қарсы ерлікпен шайқасады. Сақтар парсылармен бірге Грекия, Еги­пет жеріндегі соғысқа қатысады.

Сақтың әйел патшасы Томирис парсы патшасы Кирдің әскерін жеңген. Томирис адам қаны толтырылған меске Кирдің басын салып тұрып: «Аңсағаның қан болса, ал енді іш!» — деп айтады.

Б. з. б. IV ғ. Александр Македонскийдің Орта Азия жеріне жорығы басталды. Ол б. з. б. 330–327 жылдары Сырдарияның сол жағындағы өңірлерді түгелге жуық басып алып, Шеткі Александрия қаласына салады.

Александр Македонский шығысты жаулап алады, бірақ Сырдарияның оң жағындағы сақтардан жеңіледі.

Мәдениеті. Б. з. б. VII ғ. Батыс Сібір, Қазақстан, Еділ бойы және Еуропаның оңтүстігіндегі далалы аймақтар өнерінде аңдық стиль пайда бол­ды. Оның басты тақырыбы аңдар мен аңыздардағы құбыжықтарды суреттеу еді. Мұндай бейнелермен қола қазандар, әр түрлі құрбандық затта­ры, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киімдер әшекейленді.

«Аңдық стиль» өнері оңтүстік дәстүрінің ықпалымен қалыптасты. Онымен сақтар Алдыңғы Азия мен Иранға жасаған жорықтарында танысты. Осы жерлерден сақтарға «өмір ағашы» дейтін арыстан бейнесі тарады.Еуразия көшпелілері дамудың ұзақ жолынан өтті. Олардың бай фольклоры болды. Мифология – әлем, оның құрылымы туралы күрделі түсінік болып табылады.

Сақтар табиғат күштері – күнге, желге, күннің күркіреуіне, найзағайға табынды. Бұларды құдайдың ісі деп санады. Сақтардың түсінігі бойынша, құдай әр түрлі жануарлар бейнесінде өмір сүрді.

«Аңдық стиль» өнерінің негізі – ежелгі аңыздарда сақталған, адамның әр түрлі жануарлардан шыққандығы туралы түсініктермен байланысты. Адам өз тегін табиғатпен байланыстырып, өздерін сонын бөлшегі деп есептеді. Әрбір ру тайпаның шыққан тегі: бұғы, қасқыр, арқар, жолбарыс, дала бүркіті т. б. аңдар болып есептеліп, сондықтан аң бейнелері бар заттар қасиетті тұмар немесе бойтұмар саналды.

Қару-жарақтағы аң бейнесі шайқас кезінде жауынгерге рух беріп, оқ дарытпайды, жеңіске бастайды деп сенді.Көркемдік шығармашылықтың бұл түрі дамудың шегіне жетіп, III-II ғғ. шынайылық негізін жоғалтып, ою-өрнектік кескінге айналды.

Сақтардың әлемнің құрылымы туралы да айқын түсінігі болды. Олар үш әлем: жер асы әлемі (төменгі), орта – жер әлемі, жоғары – көк немесе ас­пан әлемі бар деп есептеді.

Сақтардың археологиялық ескерткіштері. Шырыққабат – апасиактардың («су жағасын мекендеген сақтар») астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде, жерді алып жатқан төбеде орналасқан. Қаланың орнынан көптеген дуал, мұнара құрылыстар табылған.

Сақтардың археологиялық ескерткіштерінің бірі – Бабыш молда қаласы.

Алматы облысындағы Есік қорғаны – б. з. б. VIII-IIIғғ. сақ моласы. Бұл молада әрі жауынгер, әрі малшы, әрі абыз адам жерленген. Ол алтын адам деп аталған. Онымен бірге қару-жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген.Ежелгі грек тарихшысы Геродот сақтар жайлы көп тарихи деректер қалдырған.

Алтын адам.

Алтын киімді сақ жауынгерін 1969 жылы Жетісу жерінде, Есік қорғанынан археолог К. Ақышев тапқан. «Алтын адам» зерттеушілердің пікірі бойынша б. з. б. VII-III ғасырларға, ерте темір дәуіріне жатады. Оның жасы 17–18-де, бойы шамасында болған. Сақ көсемі мүрдесінің басы ба­тысқа қаратылып жатқызылыпты. Есік қорғанындағы екі қорымның біреуі ертеректе тоналған екен, ал екіншісі аман қалған.

Есік қорғанының диаметрі 60 м, биіктігі 6 м, тас пен топырақ үйіндісінен тұрғызылған. Қабірдің оңтүстік және батысынан ыдыстар, зергерлік бұйымдар табылған. Қабірдің бетін ағаш қақпақпен жауып, темір құрсаулармен бекіткен, сақ көсемінің киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлер­мен безендірілген. Ондағы барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы түрлі құстардың бейнелері аң стилінде үлкен шеберлікпен жасалған. Сонымен қатар алтын алқа, көз салған алтын сырға және қазіргі қазақтардың бас киімдеріне ұқсас шошақ төбелі, биіктігі 70 см-ге жететін бас киімі та­былған. Сақ көсемінің қолында екі алтын жүзік, белінде құрастырмалы кісе белбеуі болған. Алтын пластиналар жапсырылған қынапқа са­лынған темір қанжар (акинак), қызыл қынапты ұзын семсері табылды. Сақ жауынгерінің шалбары да алтын тоғалармен әшекейленген. Бұл ал­тын адамды жерлеу дәстүріне, киім үлгісіне қарап, сол заманда Жетісу жерін мекендеген сақтардың жас көсемі, әскербасы болған десек күмән туғызбайды. Алтын адамның жанынан табылған күміс тостағандағы таңбалар сол заманның өзінде Жетісу сақтарында жазу болғандығын байқатады. Тек бүгінгі күнге дейін ол жазуды ғалымдар оқып ажырата алмай отыр. Сонымен қатар табылған көне жәдігерлер сақ заманының материалдық мәдениеті, өнері, мифологиясы туралы мол мәліметтер алуға мүмкіндік береді. «Алтын адам» сақ елінде өз заманына сай өрке­ниеттің болғандығын дәлелдейді.

9.Үйсіндер

Шығу тегі мен орналасуы. Б. з. б. I ғ. аяғында Қазақстан далаларында сақ тайпаларын ығыстырған жаңа тайпалық одақтар пайда болды. Бұлар – үйсіндер, қаңлылар, сарматтар, аландар.Жетісудағы сақ жерлерін б. з. б. II ғ. Орталық Азиядан келген үйсін тайпалары мекендеді. Бұл тайпаның шыққан тегі әлі түгелдей анықталған жоқ.Үйсіндердің негізгі орналасқан жері Іле даласы. Батыс шекарасы Шу мен Талас өзендері арқылы өтіп, қаңлылар жерімен астасып жатқан. Шығыста үйсіндер ғұндармен шекаралас болып, оңтүстікте Ферғанаға дейін созылған.

Үйсіндер астанасы – Қызыл аңғар қаласы. Үйсіндер мемлекеті 3 бөлікке: шығыс, батыс, орталық бөліктерге бөлінді. Мемлекет басшысының ла­уазымы жазба деректерде гуньмо деп аталған. Олар жайылым, сауда жолы үшін қаңлы, ғұндармен ұзақ соғысты. Қытаймен кең дипломати­ялық және туыстық қатынаста болды.

Шаруашылығы. Үйсіндер мемлекеті жартылай көшпелі ел болған. Мал бағып, жер өңдеуді кәсіп еткен. Мал шаруашылығы үйсіндер өмірінде маңызды рөл атқарды. Қыстау мен жазғы жайылымның ара қашықтығы – 30–100 шақырым аралығында болды. Сондықтан да үйсіндер қыстау мен жайлауда, сонымен қатар тау бөктеріндегі жайылымдарында ұзақ уақыт отыра алатын. Ол жерде тұрақты баспана салды, егін, бақша екті. Бірте-бірте жиі болып тұратын жұт малдың жұқпалы ауруы, үздіксіз соғыс салдарынан малдан айырылған халықтың бір бөлігі тұрақты оты­рықшылыққа көшуге мәжбүр болды.Сол кездің өзінде-ақ күнделікті тұрмыста жер өңдейтін тас тырма, қолдан жасалған қол орақ пайдаланылған. Тастан жасалған қол диірменнің табылуы – сол замандарда өмір сүрген тұрғындардың дәнді дақылдармен қоректенгендігінің бір дәлелі.Үйсін мемлекетінде малға жеке меншік болды. Ру, тайпалардың жайылымдары иеліктерге бөлініп, қазына-байлық тайпа көсемдерінің қолына жинақталды.Билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға мирасқорлық салты бойынша ауысып отырады. Оған жоғарыда аталған ру, тайпа көсемдері бағынған.Үйсін мемлекетінде басқарудың ондық жүйесі қолданылған. Ел билеуші өзіне қарасты ел-жұртын балаларына бөліп беріп, әрқайсына он мың адамнан жасақ, көшіп жүретін және қоныста отыратын жерлерін еншілеген. Мал өсірумен қатар, үй кәсіпшілігі де кең өрістеп, жедел өркенде­ген. Әсіресе, қыштан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі қанат жайды, өңдеу кәсібі жолға қойылды. Темір мен қолдан еңбек құралдары, қару-жарақтар сәндік бұйымдар соғылды. Тоқыма кәсібі, тері илеу, тас қашау, сүйек өңдеу ісмерлігі дамып алға басты.

Үйсіндердің өнері мен діні. Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған әйелдің тәжі тәрізді әшекейлі бас киімі Қарғалы диадемасы – үйсіндердің өнері мен діни нанымынан мәлімет беретін құнды ескерткіш. Ол 2300 м биіктіктегі тау шатқалынан табылған.

Мәдениеті. Үйсіндер мен қаңлылардың материалдық мәдениеті толық зерттелді. Жетісу мен Сырдария қалаларындағы тұрақтарды қазу нәтижесі ерте көшпелілердің мәдениеті, керамиканың негізгі типтері, еңбек құралдары мен қару-жарақтары жайлы мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ерте көшпелілердің негізгі тұрақтары киіз үй болып табылады, басқа бір түрі — үлкен күймелі арба. Оған түйе мен өгіздерді жеккен.

Үйсіндер қорғандары негізінен үйінді оба түрінде болған. Ер адамдарды қылыш, жебе, садағымен бірге жерлесе, әйелдердің бейіттеріне әше­кей бұйымдар – сырға, жүзік, моншақ, т. б қойылған.Үйсіндер мекендеген аймақта қолөнердің дамығандығы байқалады. Үйсіндердің бейнелеу өнері сақтардың көркемдік дәстүрімен (аң стилі) бай­ланысты. Үйсіндерде құмыра жасау кәсібі барынша дамыды. Үйсін ыдыстарының негізгі түрлері — тегенелер мен кеселер, тостағандар, түрлі құмыралар мен қазандар. Ежелгі үйсіндер темір, мыс, қоладан еңбек құралдары, қару-жарақтар, сәндік бұйымдар жасаған. Тоқыма, жіп иіру, тері илеу, асыл тастар, бағалы тастар мен бағалы металл, сүйек өңдеу ісі де дамыған.

Үйсіндер туралы тарихи деректер. Үйсіндер туралы кең мәлімет Қытай деректерінде көп кездеседі. Себебі үйсіндер Қытаймен кең байла­ныста болған. Үйсіндер туралы көп деректі Қытай тарихшысы Сыма Цян жазды. Оның жинағында үйсіндер туралы былай делінген: «Халықтың саны 630 мың, үй саны 120 мың, жауынгерлерінің саны 180 мың…

Үйсіндерде жылқы көп. Бай адамдардың 4000–5000 жылқысы болады.»

8.Қаңлылар

Б. з. б. IIIғ. Қаңлы тайпалық бірлестігі құрылды. Мемлекет аты алғаш Қытай жылнамасы «Шы Жи»-Дауан Лежуанда («Тарихи жазбалар»-Ферғана тарауы) жазылған «Қаң жүй го» деген атаудан алынған. Қаң жүй- қаңлы (орыс әдебиетінде «кангюй»), го — «мемлекет» деген мағына­ны білдіреді.

Ғалымдардың көпшілігі қаңлылардың түркі тілдес халық болғандығына күмән келтірмейді.

Қаңлы мемлекетінің б. з. б I ғасырында дәуірленген кезеңінде халқының саны 600 мың адамды құрап, әскерінің саны 120 мыңға жеткен.

Қаңлылар астанасы – Битянь қаласы. Байланыс жасаған елдер – Қытай, Рим, Кавказ т. б. Қаңлы бейлеушісінің жеке иелік шекарасы Каспийдің солтүстік жағалауына дейін барған, оларға Арал теңізі мен Еділ өзенінің төменгі ағысының екі арасында билік құрған сармат-алан тайпалары­ның одағы түгелдей қарап, тәуелді болған. Қаңлы мемлекеті өз алдына дербес саясат ұстанып, көрші елдердің сырт жауларына қарсы тойта­рыс беруіне көмектесіп отырған. Қаңлы патшасы өзі мекендеген солтүстік өңірді (Талас өзенінің аймағы) жеке басқарады.Қаңлы тайпасында билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға беріліп отырған. Бар билік ақсақалдардың, ру басшылары мен көсемдердің қолын­да болған.

Шаруашылығы. Тайпа халқы негізінен мал шаруашылығымен және суармалы егіншілікпен айналысты. Басты байлығы мал болды. Көбінесе жылқы, қой, оған қосымша сиыр, түйе және ешкі өсірді. Ал егіншілер дәнді дақылдар еккен және бау-бақша өсірумен де айналысқан. Жерді тас, металл кетпендермен өңдеді, сондай-ақ сүйектен жасалынған егіншілік құралдары да пайдаланылды. Жиналған өнім жерден қазылған ұралар­да немесе қыш құмыраларда сақталды. Көптеген бөгендер мен тоғандар тұрғызылды.Аң аулау мен балық аулаудың қосалқы маңызы болды. Елік, арқар, киік және су құстары — үйрек, қаз ауланды. Ет, балық және дәнді дақыл өнімдерімен қатар тамаққа жабайы алма, алмұрт, өрік, долана, пісте жемістері, тау жуасы пайдаланылды.

Мәдениеті. Қаңлыларда қолөнер кәсібі өте жоғары дәрежеде өркендеген. Қаңлылардың тегі хұн, түрік тілдес халықтар болғандықтан, олар өз тілінде, яғни түркі тілінде сөйлеген.Қаңлылардың тұрғын үйлері көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлер және топырақ пен ағаштан, тастан жасалған тұрғын үйлер, адамдар жиі орна­ласқан елді мекен, қалалары болған. Археологтардың мәлімдеуіне жүгінсек, «қазіргі оңтүстік Қазақстандағы ежелгі орта ғасырдағы көптеген қалалардың іргетасы сонау кангюлер (қаңлылар) дәуірінде пайда болған» деген пікір бар.Қаңлы жұрты пайдаланған киіз-текемет, кілем-сырмақ қатарлы төсеніш және үй қабырғаларына ілінетін тұс бұйымдар, киетін — кимешектер өздері өсіріп отырған мал өнімдері мен мақта мамықтарынан жасалатын болған. Олар қой жүнінен киіз текеметтер, төсеніштер жасаумен қатар, киізден қалпақ, кебенек-шекпендер жасап киген. Қарапайым халық қой терісінен тон сияқты сырт киімдер тігіп киген. Ал жоғарғы жіктегілер түлкі, қасқыр, ілбіс және басқа да аңдар терісінен қымбат бағалы тымақ, ішік, тон сияқты киімдер тігіп киген.Қаңлы елінде заң мен діни нанымдар өзара ұштастырылып атқарылған.

Қаңлылар — отқа табыну, дінге сыйынатын арнаулы кесенелер салған. Табиғат күштеріне, ата-баба аруағына сиынған. Сонымен қатар қаңлы­лар жұлдыздар арқылы түрлі болжамдар жасап отырған. Қаңлыларда музыкалық аспаптар болған, би билеген.

Археологиялық ескерткіштері. Мардан – күйік қорымы – Сырдария өзенінің жағасындағы қаңлылардың жерлеу ескерткіші. Бұл қорым Мар­дан-күйік қаласының іргесінде орын тепкен. Мұнда 50-ден артық мола бар. Қабірге өлікпен бірге ыдыстар, әшекей бұйымдар, қару-жарақ көмілген. Қаңлы тайпалық бірлестігі б. з. б. I ғ. ортасында ыдырады.

7.Ғұндар

Саяси тарихы. Ғұндар бір кезде Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген ең ежелгі халықтардың бірі болды. Әртүрлі тарихи деректерде ғұндар­дың рулық және тайпалық бірлестіктері әрқилы аталды. Тарихта ғұндар құрған ірілі –ұсақты мемлекеттер белгілі. Осыған орай олардың ішінде ғұндардың ең үлкен, ең танымал екі империясы зор тарихи із қалдырды.Бұлардың біріншісі – қытайлықтар Томан шаньюй (б. з. б. 209 жылы қайтыс болған) деп атаған Тұман (Тумань, Теоман жабғу) мемлекеті. Ол өмір сүрген кезеңде ғұндар мемлекеті әжептәуір әлсіреді, бірақ оның мұрагері Құдіретті Мөде (Мете) мемлекетті айтарлықтай нығайтты, ел шекарасын империя деңгейіне дейін кеңейтіп, сапалық өзгерістерді жүзеге асырды. Ол ғұндардың үлкен мемлекетін б. з. б. 209 – 176 жылдар аралығында биледі. Бұл «Ғұндардың шығыс империясы» еді.Екінші империя — Еділ (Еділ патша) мемлекеті. Оның заманында ғұндар Дунайдан бастап Сырдарияға дейін шығыс Еуропаны мекендеген аумақ пен халықтарды иеленді. Бұл мемлекет «Ғұндардың батыс империясы» деп аталды.Түркі халықтарының арғы тегі саналатын ғұн тайпалары бастапқы кезде Солтүстік Қытайда, Монғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Ежелгі Қытай жылнамаларында ғұндар «гуй фаң», «гун руң», «хун ю», «шиан ю», «шиұң ну» секілді атаулармен берілген.Б. з. басында Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалардың ең жауынгер халқы ғұндар болды. Ғұндардың жауынгер билеушілерінің бірі Атилла­ның есімі ерекше. Оның Еуропа халықтарына басқыншылық жорығы бізге белгілі. Тіпті әлемнің сұлу шаһарларының бірі Венецияның салынуына Атилла бастаған ғұндардың шапқыншылық соғысы себеп болған. Сонымен бірге ғұндар Еуразияда б. з. б. болған «халықтардың ұлы қоныс ауда­руымен» тығыз байланысты. Қазақстан жеріне б. з. I ғ. басында қоныстанды. Ғұндар бірлестігінің негізін салушы Мөде болды. Ол деректер бойынша б. з. б. 230 – 174 жылдары өмір сүрген. Б. з. б. III ғ. Ғұндардың билеушісі Мөде үйсіндерге және Қытай аумағының біраз бөлігіне билік жүргізеді. I ғ. яғни 55 жылы ғұндар екіге бөлінеді:Оңтүстік ғұн мемлекеті қытайлардың қол астына кіреді.

Солтүстік ғұн мемлекеті қазіргі солтүстік-батыс Моңғолия жерін мекен еткен. Билеушілері Чжи-чжи шаньюй болады. Чжи-чжи бастаған ғұндар Ыстықкөл маңында қытай әскерлерінен жеңіліп, қолға түседі (1518). Ғұндар б. з. 93 жылдан бастап екінші рет Мажарстан жеріне (Венгрия) қоныс тебеді.

Шаруашылығы. Мал шаруашылығы жақсы дамыды. Егін шаруашылығы да маңызды рөл атқарды. Негізінен, дәнді дақылдардың ішінде та­рыны көп өсірген. Сонымен қатар ғұндар аң аулаумен айналысқан. Көшпелі шаруашылықпен айналысқан ғұндардың негізгі баспанасы киіз үй болды.

Ғұндарда қолөнер мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Зергерлік өнердегі полихромды стилін дүниеге әкелген.Соғыс ісінде дамуы шарықтап, әскердің негізі атты жауынгерлерден құрылды. Олардың қаруы садақ және дөңгелек немесе сопақша кескіндегі қалқандары болды.

Мәдениеті. Ғұндар сақ тайпаларының мәдениетін жалғастырушы, одан әрі дамытушысы болды. Ғұн қоғамында сауда қатынасының, темірден жасалған бұйымдардың, тері өңдеудің кең өріс алуы, қолөнердің пайда болуы өркениеттің қозғаушы күші еді. Ғұндарда жоғары да­мыған материалдық мәдениет пен әскери істе қамал бұзудың техникасы мәлім болды. Жойқын соғыстардың кезінде ғұн жауынгерлері ысқырғыш жебелерді қолданды. Олар жауларының үстіне қардай борап үрейін алатын.Б. з. б. I мыңжылдықта ғұндарда көшпелі мал шаруашылығы үстемдік етті. Ғұндардың тастағы суреттерінде бұқа, бұғы, аққудың бейнелері са­лынған. Олардың ойынша бұқа күш пен биліктің, бұғы бақыт пен жақсылықтың, ал аққу үй ошағының сақтаушы символдары. Ғұндардың бейне­леу өнері сақтардың көркемдік (аңдық стиль) дәстүрімен байланысты келеді.

Ғұндардың қоғамдық құрылысы. Мемлекет билеушісінің титулы – шаньюй. Шаньюйге түменбасы, жүзбасы, онбасылар бағынышты болды. Ғұндар 24 рудан құрылды. Әр руды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар мемлекет ісін талқылау үшін бір жылда 3 рет құрылтай өткізіп отырды.

10.Сарматтар

Сарматтар туралы деректер өте аз. Бұл тайпаның аты б. з. б. III ғ. бастап тарихқа кірген. Сармат тайпалар одағы Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген. Б. з. б.III — б. з. -дың IV ғасыры аралығында Тобыл мен Дунай аралығын мекендеген тайпалар. Олар алғашында б. з. б. VIII ғасырда «савроматтар» деп аталған. Б. з. б. II ғасырдан бастап Оңтүстік Оралды, Еділ бойын, Қазақстанның батыс аумағын қоныстанған. Б. з-дың IVғ. ғұндардан жеңіліп батысқа қарай қоныс аударған. Жауынгер сармат тайпалары дах (дай) – массагет, исседондармен туыстас болып келген. Сарматтар тілі иран тілінен түрік тіліне ауысқан. Сарматтардың құрамында роксоландар, алаңдар, аорстар, сирактар т. б. тайпалар болған.

Мәдениеті. Сарматтар мәдениеті 3 кезеңді қамтиды.

ерте сарматтар мәдениеті (прохор)

орта сарматтар мәдениеті (суслов)

кейінгі сарматтар мәдениеті.

Сарматтар қыш ыдыстар, сақина, білезік сияқты әшекей заттар жасаған. Б. з. II-IV ғғ. Сарматтардың аса ірі археологиялық ескерткіші – жерлеу орындары (Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында) табылған. Олар кейінгі сарматтар мәдениетіне жатады. Қабірге қасында түрлі әшекей заттары бар әйел жерленген.

III-V ғғ. зергерлік өнерге түсті металдардың ішінен алтынды көп қолданған. Осы кезде Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында зер­герлік өнерде «полихромдық стиль» кең тарады. Қазақстанда б. з. VII – V ғғ. бұл стильдің екі түрі дамыды: безендіру, зерлеу әдістері. Сондықтан да «полихромдық стиль» б. з. 1-мыңжылдықтың басында туды деген болжам бар.

Шаруашылығы. Көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы өмір сүріп егіншілікпен айналысты. Сармат тайпалары Еуразияның саяси–эко­номикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған одақтар мен мемлекеттер құрамына кірді.


11.Түрік қағанаты (551–603 жж.)

«Түрік» деген ат алғаш рет 542 жылы аталады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған, мұның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді. 546 жылы тирек (телэ) тайпалары Моңғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жкань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Тумынның (Бумын) басқаруымен түріктер телэ әскерлеріне шабу­ыл жасап, жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді бұрын өздері тәуелді болып келген аварларға (жуань-жу­ань) қарсы шығады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қаған деген атағын алады. Бумын 553 жылы қайтыс болады.

Бумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Оның ел билеген кезі 553–572 жылдар. Мұқанның тұсында аз уақыт ішінде (553–554 жж) түріктер шығыста қайлар, қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Тумынның басқа бір інісі Естемі жүргізді. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды. 563 жылы Түрік қағаны Силзибул (Естемі) Эфталит мемлекетін басып алуға кіріседі.

571 жылы Естемі қаған Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін, 582–593 жылдары Түрік қағанатында билік үшін қырқыс басталды. Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сүй әулетінің (581–618 жж.) шабуылы күшейді. Бұл жағдайлардың барлығы 603 жылы Түрік мемлекетінің екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды.

11.Батыс Түрік қағанаты (603–704 жж.)

Батыс Түрік қағанаты. Аумағы Алтайдан Тянь-Шаньға дейін, Шығыс Түркістаннан Каспийге дейін созылады. Астанасы – Суяб қаласы. Қағанат құрамындағы тайпалар: қаңлы, үйсін, дулат, түркеш, қыпшақ, қарлұқ т. б.

Шаруашылығы. Көшпелі мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен айналысты. «Ұлы Жібек жолының» Батыс Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.

Басқару жүйесі. Мемлекетті қаған басқарды. Қағанның әулеті жоғары тұрды. Олар янғу, шад, тегін сияқты жоғары лауазымдарға ие болды. Билік мұрагерлікпен беріліп отырды. Қағанат он тайпаға бөлінеді. Ол «он оқ» деп аталады.

Мәдениеті. Халық түрік тілінде сөйлейді. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғары дәрежеде дамығанын көрсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған.

Қағанаттың ыдырауы. Батыс Түрік қағанаты 704 жылы құлады.

Басты себептері: феодалдардың ішкі талас-тартысы және Батыс түрік қағанатының Таң патшалығымен соғысы. Қағанат территориясы жаңадан құрылған Түркеш қағанатының құрамына кірді.

Тарихи деректер. Батыс түрік қағанаты жайында көптеген мәліметтер бар. Солардың ішінде Жуңғо кезеңінің деректері ең қомақты деректер болып табылады. 630 жылы будда ғалымы Шуан Заң қағанат астанасы Суяб және тағы басқа қалалар жайында естеліктер қалдырған. Моңғолия жеріндегі Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін құлпытастары Батыс түрік қағанаты туралы заттай деректер болып табылады.

12.Түргеш қағанаты (704–756 жж.)

Түрік тектес түргеш тайпалары VI-ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген, ал VII-ғасырда Жетісудың орталық аймақтарын қоныс ет­кен. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Ал түргештердің же­ке қағандық болып құрылуы туралы дерек "Тоныкөк” жазуында айтылған. Түргеш қағанаты халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрған. Шу бойындағы түргештер сары, ал Талас аймағындағы түргештер қара түргештер деп аталған.

Түргеш қағанаты 704–756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан бо­латын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі – 699–706 жылдар. Ол Жетісудан Ба­тыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы – Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы – Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әрқайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.

Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билік оның баласы Сақал-қағанға көшті. Оның ел билеген кезі 706–711 жылдар. Қаған билігі үшін са­ры және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Батыста түргештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңғария жерінде түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. 712–713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар Шаш (Ташкент) қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Испиджабқа шабуыл ұйымдастырды.

Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетеді, олар қолдаған Сұлу тархан қаған болады. Түргеш қағанаты Сұлу қағанның (715–738 жж.) тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларының қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты. Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сұлу екі майданда: батыста арабтарға қарсы, шығыста Батыс түрік қағанда­ры мирасқорларын қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферған қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сұлу арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери бас­шысы Баға-тархан өлтірді. Сұлу қаған қаза болғаннан кейін билік үшін "сары” және "қара” түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, мұны Тан (Қытай) империясы ұтымды пайдаланды. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған Қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде Қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Әбден әлсіреген Түргеш мемлекеті 756 жылы құлады.

Түргеш қағандығы бар-жоғы жарты ғасырдай өмір сүрді. Оның көп жылдары сыртқы жаулармен соғыста өтсе, ішкі жағдайында да тыныштық болмады. Тайпалар екі жаққа бөлініп, бір-бірімен талас-тартысқа түсті. Мұндай ұзақ уақытқа созылған саяси күрес қағанаттың экономикалық және мәдени жағынан өсіп өркендеуіне кері әсерін тигізді.

12.Қарлұқ қағанаты (756–940 жж.)

Қарлұқтар туралы алғашқы мәлімет V ғасырдан бастап белгілі болады. Бұл кезде қарлұқтар Моңғол Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс етіп, көшіп жүрген. VI-VII ғасырларда қарлұқтар Түрік, Батыс түрік және Шығыс түрік қағанаттарының құрамына кіреді. Олар ірі-ірі үш тайпалық – бұлақ, шігіл (себек) және ташли одағына бірікті. Қарлұқ тайпалар одағының билеушісі елтебер деп аталды.

742 жылы Моңғолия даласындағы Шығыс Түрік қағанатын үш тайпаның қарлұқтардың, ұйғырлар мен басымалдардың біріккен одағы күйретіп жеңеді. Қағанат билігі аз уақыт басымалдардың қолына көшіп, олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алады. Алайда, бұлардың арасында талас-тартыс басталып, 744 жылы басымалдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші тас талқан етеді. Сөйтіп, Орталық Азияда жаңа мемлекет Ұйғыр қағанаты (744–840 жж.) құрылады. Ұйғыр тайпаларының басшысы жоғарғы қаған болады да, қарлұқтар көсемі жабғы атағын алады. Бірақ қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы, олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізеді. 746 жылы қарлұқ тайпалары Жетісу жеріне қоныс аударады. Сыртқы жаулардың шабуылынан және өзара қырқысқан күрес­терден әлсіреген түргеш қағандары қарлұқтарға қарсылық көрсете алмады. 766 жылы түргеш қағанының екі ордасы – Тараз бен Суяб және бүкіл Жетісу жері қарлұқтар жабғуының қолына көшті.

Қарлұқ тайпалары VIII-X ғасырларда Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта бойына дейінгі кең байтақ жерлердің бәрінде қоныстанды. Олар Балқаш пен Ыстықкөлдің арасын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шаньннің баурайларын мекендеді. Қарлұқтардың бір тобы 766–775 жылдары Қашғарды басып алды, ал VIII ғасырдың аяғында олардың екінші бір бөлігі Ферғанаға өзінің үстемдігін жүргізді. IX ғасырдың бас кезінде қарлұқ тайпалары Оңтүстік Қазақстандағы Отырар (Фараб) қаласы маңына барып қоныстанды. Бұл кезде Қарлұқ конфе­дерациясына түркі тілдес көшпелі және жартылай көшпелі әр түрлі тайпалар: жікілдер, бұлақтар, халаждар, түргештер, азкишлер, тухсилер, ша­рухтар, аргулар, барсхандар кірген. Қарлұқ жабғуы IX ғасырдың басында арабтарға қарсы Ферғана және Жетісу қарлұқтарының күрестерін қол­дап отырды. 810 жылы арабтар қарлұқтарға қарсы шабуыл жасап, Құлан (қазіргі Луговой стансасы) қаласына жетеді. 812 жылы арабтар Оты­рарға жорыққа шығып, қарлұқтарды жеңеді. Олардың жабғысы Қимақ еліне қашып кетуге мәжбүр болады. Осыдан кейін Оңтүстік Қазақстан жерінің Қарлұқ қағанатына кіретін бір бөлігінде араб билігі орнайды.

791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің біріккен әскерлерін талқандайды. 812 жылы олар қарлұқтарды жеңеді. 840 жылы Енесей қырғыздары Ұйғыр қағанатын талқандап оның халқын Турфан аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. 893 жылы Са­мани билеушісі Исмаил-ибн-Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қорғанғанымен ақырында қала құлап, халқы ис­лам дінін қабылдайды.

Қарлұқ феодалдық қоғамы байлар мен кедейлерге бөлінді, одан басқа қауымның ешбір құқы жоқ тобы – құлдар-тын. Көшпелі тайпалардың би­леуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес қалалар да болатын. Тарихи деректер бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Олар: Тараз, Құлан, Мерке, Атлақ, Тұзын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчуль т. б. Қалаларда қолөнер мен зергерлік кеңінен дамыды. X ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы нашарлай түсті. Оған Орта Азиядағы саманилер әулеті мен арабтардың шабуылы күшейді. Ішкі қырқыс, өкіметті басып алу, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке-құтын қашырды. Міне осындай қиын жағдайда қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келді. 940 жылы олар Баласағұнды басып алды да, Қарлұқ мем­лекеті құлады.

13.Оғыз мемлекеті (IX-XI ғғ. басы)

.Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларын­да IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыздардың ата-бабаларының әуелгі қоныстанған жер­лері Ыстықкөлдің маңы. Оғыздар IX ғасырда Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы кангар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт соғысуға тура келеді. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22 кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.

IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жер­лерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Ис­фиджаб шегіне дейін жеткен. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, арал өңірі мен шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепті.

X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Ол Қимақ даласы арқылы Сарысу, Есіл және Нұра бойларына баратын сауда жолының үстінде орналасқан. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодал­дық мемлекет болды. "Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген. Жабғудың "инал” де­ген атағы бар өз мұрагерлері болған. Жас кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Оғыз жабғыла­рының әйелдері сарай маңындағы өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Оларға "қатын” деген атақ берілген. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (Сюбашы) маңызды орын алған.

965 жылы Оғыз жабғуы Киев князі Святослав пен одақтасып хазарларды талқандады. 985 жылы оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын күйрете жеңді. IX-X ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттардың тез ыдырауы жағдайында патриар­хаттық-феодалдық қатынастар дамыды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз елінде алым-салықты тиянақты түрде жинап оты­ру жүйесі орын алды, бұл – мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді. Оғыздардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыз тайпаларының бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшкен. Оғыз­дар негізінен жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсірген. Әсіресе, қой өсіру шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ оғыз бай-феодалда­ры жер қайыстырған қалың жылқы үйірлерін ұстаған. Көшпелі оғыздар түйе, оның ішінде айыр өркешті ірі түйелер өсірген. Оғыздар аңшы­лықпен де айналысты. Оғыз кедейлері Арал теңізінен, Сырдариядан, тағы басқа да өзендерден балық аулап кәсіп қылған. Қалалардағы үйлер көбіне тастан, ағаштан, қамыстан тұрғызылды. Оғыздардың Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жент, Жуара, ал Сырдарияның орта ағысында Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран т. б. қалалары болған. Оларда қолөнер кәсібі, соның ішінде мал өнімдері мен шикізат­тарды өңдеу дамыды. Оғыздарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Олар мекендейтін аумақтарда темір, күміс, алтын, мыс және асыл тас­тар өндірілді.

XI ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тай­паларының көтерілісі себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Ян­гикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір кұшейді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемле­кетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп Жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары осыдан кейін Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударды. Енді біразы Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасан­ның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандаған оғыздардың кейбір қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.

Кимек қағанаты (IX-XI ғғ. басы)

Қытай деректемелерінде көрсетілгендей (Кимектер) Қимақтар тарихы VII ғасырдан басталады. Ондағы аталатын яньмо тайпасы зертте­ушілердің шамалауы бойынша кимек тайпасы болып саналады. Теле тайпаларының бірі болған яньмолар (кимектер) VII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Моңғолияны мекендеген, ал VII ғасырдың ортасына таман кимектер Алтай тауларының солтүстігі мен Ертіс өңіріне көшіп барады. Ки­мек тайпаларының басшысы "шад татұқ” деп аталған. VIII ғасырдың екінші жартысы – IX ғасырдың басында кимек тайпалары үш бағытта: солтүстік-батыста Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батыста Сырдария аңғарымен Оңтүстік Қазақстанға, оңтүстікте Солтүстік Шығыс Жетісу ай­мағына қарай қоныс аударады.

766 және 840 жылдар аралығында кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекен­дейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Осы кездері жеті тайпадан: эймур, кимек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Кимек тайпаларының басшысы "байгу” (жабғы) деп аталады. Бұл атақ өзінің лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болған.

IX ғасырдың бас кезінде кимектер Сырдарияға қарай жылжиды. Бұл жерде олар қарлұқтармен одақтасып, Сырдария бойындағы және Арал өңіріндегі қаңғар-печенег тайпаларын талқандайды. Печенегтерді бұл жерлерден ығыстырып, осында қоныс аударған оғыз тайпаларына олар­ды батысқа қарай қуып жіберуге пәрменді көмек береді. Мемлекет ішінде тайпалар ақсүйектерінің өкілдерінен билеушілерді тағайындап отырған.

IX ғасырдың аяғы – X ғасырдың бас кезінде, яғни Кимек қағанатының құрылған уақытынан бастап, олардың ханы түріктердің ең жоғарғы ла­уазымы хакан деп аталған, немесе хандардың ханы деген мағынаны білдіреді. Хаканнан кейінгі билік Қимақ мемлекетінің құрамына енген тай­палар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түріктер билеген.

Кимек мемлекетінің қалыптасып өсуіне қарай, олардың тайпаларының құрамы да өзгеріп отырған. Тарихи деректердің көрсетуі бойынша, бұл кезде қағанат құрамына кірген тайпалардың саны 12-ге жеткен. Кимектердің 16 қаласы болыпты, бастылары Кимекия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ қоғамында мал-мүліктің теңсіздігінің нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған.

Қимақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған. Қимақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен – адамның тәңірі” деген. Өлгендерді өртеп жіберген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.

XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азиядан шыққан тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Бұдан басқа қағанаттың өз ішінде де билік үшін талас-тартыс күшейді. Сондықтан оның құрамына кірген қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшуге мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақ хандары күшейе түсті.

Осы оқиғалардың барысында қимақтар саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен ба­тысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты.

17.Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.)

Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекен­деген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді.

Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Ал­тай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпа­лары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ ханда­рының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қып­шақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді.

Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, ке­рейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пай­даланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

XI ғ. аяғы – XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Ат­сыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қала­сынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыды­рауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қып­шақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып ке­теді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Де­рекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған.

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап ке­ле жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншы­лығының дәуірі басталады.

Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топта­ры түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аула­умен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайда­ланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қып­шақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.

14.Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.)Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қала­ларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.

Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асы­рушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қара­хан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Ис­фиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Ар­сыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді:

Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы бол­ды.

Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды.

Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодал­дарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалар­дан қорғауға тиіс.

Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар та­ры және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтар­лықтай рөл атқарды.

XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.

16.Найман және керейт ұлыстары

Найман тайпалар одағы (түрікше «сегіз тайпа одағы») VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғай­дан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.

Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде қырғыздар, шығысында Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер, Оңтүстігінде ұйғырлар болды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодал­дық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. «Ұлыс» деген сөз ол кезде «халық» деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері – ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді. Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайда­ланған. Ханның «алтын мөрі» болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарына дейін най­мандар Орталық Азия жеріндегі өте күшті ұлыстардың бірі болған. Шыңғысханның әкесі Ясукай батырдың тұсында найман елін Иналых Білгі Бұқа хан билеген. «Иналых» — сенімді, «білгі» — білімді, кемеңгер, «бұқа» — ұлық, мықты деген сөз. Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін, оның екі ба­ласы: Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан арасында тақ таласы басталып, найман ұлысын екіге бөлген. 1199 жылы Шыңғысхан керейлердің би­леушісі Оң ханмен одақтасып, найман Бұйрық ханға шабуыл жасайды. Алтай аймағының Ұлыңгір көлінің маңындағы шайқаста Бұйрық хан жеңіліп, қырғыз еліне қашып кетеді.

1204 жылы Шыңғысхан керейлерді жаулап алғаннан кейін, найман Таянхан мен меркіттердің билеушісі Тоқтабектің біріккен әскерлеріне шабу­ыл жасап талқандайды. 1206 жылы моңғолдар Бұқтырма өзенінің бойында Бұйрық бастаған наймандарды жеңіп, оның өзін өлтіреді. 1208 жы­лы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды жеңді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті.

Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің ба­тысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы – Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзені бұрылысының теріскейіндегі Қара-Хото қаласы. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды.

XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Марғұз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бұйрық хан би­леді. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті. Оның Оңхан деген екінші лауазым аты болған. Бұл ат «Уаң хан» дегеннен шыққан, мағынасы – бір елдің әміршісі. Тоғырыл хан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінгі жерлерді еркін жайлаған. Тоғырыл хан Шыңғысханның әкесі Ясукаймен дос болған. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Темучин Моңғолиядағы күшті ел болып келген Керей ханы Тоғырылға арқа сүйеген. Тоғырыл екеуі дос болды, одақтасып жорыққа аттанып отырды. Бұл жағдай Тоғырыл ханның балалары мен туыстарына, уәзірлері мен жақындарына ұнамайды. Сондықтан олар екеуінің арасында іріткі салу әрекетін қолданып, бір-біріне айдап салады. Мұның аяғы насырға шауып, керейлер мен моңғолдар арасында соғыс қақтығысына әкеліп соқты. Ақырында Шыңғысхан 1202 жылы Оңханның елін шауып, өзін өлтіріп, жерін жаулап алды. Шыңғысханнан жеңілген соң, Керей ұлысы оған тәуелді елге айналды.

Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.)

Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.

X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере ал­майтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытай­лар деп атады.

1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мем­лекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.

Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.

Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі бол­ды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбе­ушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемле­кетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті.

Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Да­шидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді.

Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Та­раз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың Жетісудағы иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті ыдырап тарады.

Ортағасырдағы Қазақстандағы шаруашылық (VI-XII ғғ.)

Мал шаруашылығы. Мал шаруашылғының 2 түрі:

Көшпелі мал шаруашылығы,

Жартылай көшпелі мал шаруашылығы.

Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.

Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б.

Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашы­лық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыс­тардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әше­кей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XI-XII ғасырларда жақсы дамыды.

Сауда және ақша айналымы. Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойын­да Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Та­раз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жа­сады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасыр­ларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге са­райлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орта­лықтары болғаны айтылды.VI-XII ғасырлардағы қалалар

Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды.

Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.

Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.

Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Аш­нас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған.

Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған.

Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар)

19.Испиджаб. Қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде (Сайрам) орналасқан. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджабтың осындай сауда орталығы ретіндегі рөлі X-XII ғасырларда күшейді. XI ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге са­райы Испиджабта орналасқан. Испиджаб IX-X ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Сонымен қатар Испиджаб ірі діни орталық болған.

Тараз. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Тараз болды. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз – ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзен­нен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған.

Түркістан (Иасы). Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Иассауи өмір сүрген (кейіннен Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Иассауиге VII ғасырда мазар салдырған.) Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орта­лығы ретіндегі беделі өсе берді.

Сығанақ – Сырдария бойында орналасқан ірі сауда орталығы. VII ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды.

Баласағұн – ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын, ғалым Махмұд Қашғари еңбек еткен және ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп аталған.

I-XII ғғ. Қазақстанның рухани мәдениеті. Ежелгі түрік алфавиті мен жазуы

Ерте орта ғасырларда Қазақстан жерінде түркі тілдес халықтар қалыптасты. Түркі тілдес халықтармен қатар Қазақстан жерінде басқа тілдік топтар да өмір сүрді. Түркі тілдес топтардың ішіндегі ең ірісі – VIII-X ғасырларда Ертіс өңірінде қалыптасқан қимақ-қыпшақ тобы. Сонымен қатар Қазақстан жерінде иран (соғды) тілдес, сирия тілдес, араб тілдес халықтар тобы өмір сүрді. VI ғасырдан бастап түркі тілдес тайпалар­дың өз жазулары болды. Бұл жазу ғалымдардың пікірінше, соғды жазуына ұқсас. Көне түрік жазуларының ескерткіштері Моңғолия жерінде та­былды.

Бугут жазуымен соғды тілінде жазылған құлпытас Орталық Моңғолиядан табылған.

VI-X ғасырларда Қазақстанда соғды жазуы және тілі кең қолданылған. Бұл жазу Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларында тарады. IX ғасырдан бастап Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында ұйғыр жазуы қолданыла бастады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жазу – соғды алфавитінің өзгертілген түрі. XII ғасырда соғды жазуына негізделіп жасалған түріктердің жаңа жазуында 38 әріп-таңба болған.

Көне түріктердің негізгі жазуы руна жазуы деп аталған. Бұл жазу скандинавиялық руна жазуына ұқсас. XVIII ғасырдың басында жазуды алғаш рет Д. Миссершмидт пен Ф. Страленберг атты ғалымдар Енисей аңғарынан тапқан. Ал аса бағалы тарихи ескерткіш болып саналатын руна жа­зуы бар құлпытас XIX ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Орхон өзені маңынан Н. М. Ядринцев тапқан. Құлпытастағы жазуды түркітанушы В. В. Радлов пен дат ғалымы В. Томсон оқыған. Бұл жазу «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады.«Орхон-Енисей тас жазуы» Бұл ескерткіш көне түрік руна жазуымен жазылған. Ескерткіш құлпытастар 689–744 жылдардағы Ұйғыр және Түрік қағанаттарының өмір сүрген кезінде орнатылған. Құлпытастар Білге қаған, оның інісі Күлтегін (732–735), кеңесші Тоныкөктің (716 жылы) құрметіне қойылған. Құлпытаста түрік дәуіріндегі батырлар мен ұлы адамдардың ерлігі, өмірі жайында жазылған. Ортағасырлық тарихи әдеби­еттің тамаша үлгілері – VIII ғасырда Қазақстандағы руна жазуының ескерткіштері. Олар екі топқа бөлінеді:

Жетісулық жазулар тобы,

Ферғаналық қыштағы жазулар тобы.

XI-XII ғасырлардан кейін түрік мемлекеттерінде көне түрік руна жазуын ұйғыр жазуы мен араб жазуы ығыстырды.

20.Әдебиет және ғылым VI-VIII ғасырлар – түркі тілдес тайпалар арасында ерте дәуірден басталған ауызша шығармашылық дәстүр дамыды.VIII-X ғасырлар – Сырдария алқабында қыпшақ-оғыз арасында «Қорқыт ата» эпосы тарады. Қорқыт ата – (Қызылорда облысы, Қармақшы ауда­ны) Сырдария алқабында дүниеге келген атақты жырау, күйші, ойшыл. «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш зерттеуші – неміс ғалымы Н. Ф. Диц. «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы белгілі:

12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы.

6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы.

1999 жыл — «Қорқыт Ата кітабының» 1300 жылдығы дүниежүзілік көлемде атап өтілді.

«Оғыз-нама» эпосы ел арасына кең таралған. YI ғ. парсы тіліне, IX ғ. Араб тіліне аударылған.

XIII ғасыр – Рашид-ад-дин ескі нұсқасын бірінші жазып қалдырған.

XVII ғасыр – Әбілғазы хан толық көшірген.

«Оғыз – нама» жырында Оғыз ханның өмір жолы, күресі баяндалады.

X ғасырда жазба әдебиет қалыптаса бастады. IX-XII ғасырларда ислам дінінің таралуына байланысты әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды.

Жүсіп Баласағұни XIғ. (1021–1075 жж.) «Құтты білік» дастанын дайындауға 30 жылын арнап, 1 жарым жылда жазып шыққан (1069 ж.). Дастанда өмір сүрген ортаның шындығы, әлеуметтік топтың қоғамдық түсінігі мен саяси тұжырымы берілген. Бақытты болудың негізі – білім деп түйіндейді. Баласағұни еңбегін Сүлеймен Арслан ханға сыйға тартып, Ұлы хас-хажип атанған.

Махмұт Қашғари XIғ. (1030–1090 жж.) 1072–1074 жылдары жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түрік тілдерінің сөздігі») атты еңбегі тілтану ғылымына үлкен үлес қосты. Бұл шығарма – түркі тілдес халықтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, тілі туралы тарихи дерек. Түркі тілдес ха­лықтардың энциклопедиясы атанды. Бұл еңбек ғалым А. Егеубайдың аударуымен 1997–1998 жж. қазақ тілінде жарық көрді.

Қожа Ахмет Иассауи XII ғ. (1103–1167 жж.) Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының сопылық бағытын дамытқан тұлға. Ахмет Иассауи XII ғасыр­да өмір сүрген. Өмірінің көбі Сайрам мен Иасыда (Түркістан) өтеді. Бұхара қаласында діни білім алған ол, Түркістан қаласында ислам дінін уағыздайды. Бұл кез Қазақстан жерін ислам дінінің жаңадан тарала бастаған уақыты болатын. Қожа Ахмет Иассауидың басты шығармасы «Ди­уани хикмат» (Даналық жайындағы кітап) 4 томнан құралған. Ол 63 жасқа, яғни Пайғамбар жасына жеткеннен кейін өзінше о дүниеде өмір сүреді. Жер асты қапаста қалған өмірін өткізеді. Ахмет Иассауи өзінің ұстазын Арыстан бабты қатты құрметтеген. XIV ғасырда Ақсақ Темір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің басына үлкен мазар салғызған. Сондықтан бұл жер мұсылмандардың «екінші Меккесі» аталған. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз содан қалған.

Сүлеймен Бақырғани XII ғ. (Хакім ата) Ахмет Йассауидің шәкірті, Йасыда 1104 жылы дүниеге келіп, 1186 жылы Бақырған қыстағында қайтыс болған. «Дүниенің ақыры» («Ақыр заман») еңбегінде тәңірге сенуді уағыздап, рухани тазалыққа үндейді. «Диуани хикмет» және «Дүниенің ақыры» еңбектері жүздеген жылдар бойы Орта Азия мен Қазақстанның медреселерінде оқулық ретінде пайдаланылды.

Ахмет Иүгінеки XII ғ. Толық есімі Әдиб Ахмед ибн Махмұд Иүгінеки. Түркістан маңындағы Иүгінек деген жерде дүниеге келген. Араб, парсы сияқты шығыс тілдерін жетік меңгерген. Ахмет Иүгінеки XII ғасырда «Хақиқатта» сияқты шығармалар жазған. Шығармалары ақиқат, адам­гершілік сияқты рухани ойларды қамтиды. «Хақиқаттар хадисі» 14 тараудан, 235 беттен құралған. Басты тақырыбы – адамгершілік. Оның кіта­бы тек 1985 жылы басылып шығады.

Әбу Насыр Әл-Фараби IX-X ғ. (870–950 жж.) Орта ғасырдағы ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Оты­рар (Фараб) қаласында 870 жылы дүниеге келген. Толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Узлағ Тархан. Асқан білімділігімен «Шығыстың Аристотелі» атанған энциклопедист ғалым Әл-Фараби Бұхара, Самарқан, Дамаск, Бағдат, Александрия қалаларында өз білімін жетілдірген. Ол – философ, математик, тарихшы, физик, астроном, асқан дарын иесі. Араб, грек, парсы тілдерін еркін меңгерген. Архимед, Аристотель, Евк­лид, Пифагор еңбектерін зерттеген. Александрия, Отырар кітапханаларынан нәр алған. Оның әйгілі «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылым­дардың шығуы», «Жұлдыздар бойынша болжаулар», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Вакуш туралы трактат» т. б. еңбектері тамаша ғылыми жетістіктер екені белгілі. Қыпшақ тайпасынан шыққан ұлы ойшыл Әл-Фараби 950 жылы Дамаск (Шам) шаһарында қайтыс болды.

Әбу Райхан әл-Бируни X-XI ғғ. (973–1050 жж.) Әбу Райхан Бируни 973 жылы Хорезм орталығы Қият қаласының маңында туған. Ол – математик, физик, геолог, философ, астроном, этнограф, ақын, энциклопедиялық білімі бар ғалым. Орта ғасырдағы ғылымда араб, парсы, грек тілдерін меңгерген 22 жастағы Бирунидің аты шарықтаған, 150-ден астам кітаптың авторы. Дүниенің гелицентрлік жүйесін, дененің Жерге тарты­лысын, Жердің күнді айналатынын Бируни Галилей, Коперник, Ньютон сияқты ортағасырлық батыс ғалымдарынан 500–600 жыл бұрын айтқан. Хорезмде билік құрған Ғазнаның қол астына 33 жыл еңбек етеді. 600-ден астам қаланың координаттарын анықтап шығарады және глобус жа­сайды. «Астрономиялық кілт», «Ежелгі халықтардың хронологиясы», «Минералдардың сыбағалы салмағын табу ережелері» атты еңбектерді жазады.

Орта ғасырлардағы халықтардың діни түсініктері.

Қазақстан аумағын мекендеген көшпелі тайпалардың діни түсініктері әр түрлі болды. Ерте ортағасырлық түріктер пұтқа табынған.

Түріктер Көкке (Тәңір), Жерге, Суға (Иер-Су) табынды. Түрік қағандары Көк тәңірінің желеуімен билік жүргізді. Түріктердің діни түсінігінде Көктен кейін отбасының және балалардың қамқоршысы Ұмай құдай-ана киелі саналған.

IX-XI ғасырларда Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында буддизм, христиан, манихейлік, зороастризм діндері таралған. Бұл діндерге тән өлікті жерлеу түркі тілдес тайпалар арасында VI-IX ғасырларда болған.

Буддизм діні – Түрік қағанатының ақсүйектер арасында танымал болған ерте ортағасырлық дін. Жетісудағы Суяб қаласының орнынан будда храмы, Шығыс Қазақстан өңірінен буддалық мола табылған (қимақ әйелі)

Қазақстан жерінде ерте орта ғасырда христиан, манихейлік діндер болғаны анықталып отыр.

Бұл діндердің таралуы VI-IX ғасырларды қамтиды. Аргу-Талас (Тараз) пен Жетісудың 4 қаласында манихейлік дін кең тарағаны жайында VIII ғасырдағы «Қос негіздің қасиетті кітабында» айтылады. Тараз, Мерке, Мервте христиан шіркеулері болған.

Қазақстан аумағындағы осындай діндерді ислам діні ығыстырған. IX-X ғасырларда қазақ жерін мекендеген халықтар арасында ислам діні кең тарай бастады.

18.Қазақстан жеріндегі Ұлы Жібек жолы

Жібек жолының пайда болуы.

Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б. з. б. III-II ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Се­бебі алғашқы негізгі тауары жібек (Қытай) болған. Сонымен қатар VII ғасырда будда ламасы Сюань-Цзянь Ыстықкөл маңындағы Түрік қағана­тының Суяб қаласына келеді. Түрік қағанының оған жібекті сыйға бергені айтылады.Ұлы Жібек жолы Қытайдан басталып, Римге барып аяқталған. Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырып, Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны қақ жарып өтетін керуен жолының жүйесі. Ұзындығы — 7 мың шақырымнан астам. Орта Азия мен Қазақстан терри­ториялары арқылы өтеді.

Қазақстандағы Жібек жолы.

Б. з. б. II ғасырда Ұлы Жібек жолының сауда дипломатиялық басты жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Тянь-Шань, Сыр­дария, Әмудария жерімен өткен. Жібек жолының тармақтары V-VII ғасырларда Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерлерін қамтыған. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш. Весидж, Шауғар т. б. ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейіннен XIII-XIV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы артқан.

Жібек жолы бағыты: Хуанхэ өзені – Ұлы Қытай қорғанының батысы – Іле өзені – Ыстықкөл. Бірнеше сауда жолдары қалыптасып, дамыды.

Лазурит жолы: Бадахшан тауы – Иран – Месопатамия – Мысыр – Сирия-Қытай.

Нефрит жолы: Жаркентдария – Шығыс Түркістан – Қытай.

Дала жолы (б. з. б. 1 мыңжылдықтың ортасы).

Жібек жолындағы тауарлар.

Жібек жолының алғашқы негізгі тауары Қытай жібегі болған. Қытай жібегі осы жолмен Батысқа жеткізіліп тұрған. Кейіннен Батыс пен Шығыс­тың басқа тауарлары тасылған (күміс, алтын, тұлпар, түйе, бүркіт, қаршыға, піл сүйегі, жеміс-жидектер, экзотикалық аңдар т. б.). Жібек ал­тынмен теңеліп, халықаралық валютаға айналған. Жалақы мен қарызды жібекпен төлеген.

Жібек жолының маңызы.

Жібек жолы Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы.XIII – XVI ғғ. Моңғол империясының құрылуы. Қазақстан моңғол шапқыншылығы кезеңінде. Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есугай баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғол­дардың әміршісі болып жарияланды.

Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар), және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз ке­зегінде «мыңдық», «жүздік», «ондықтан» құрылды.Өте қатал тәртібі, мұқият құрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері-нойондар, багадурлер, мер­гендер, сечендер тұрды. 1207–1208 жылдардың қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1208–1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, таңғұттық Си Ся мемле­кетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданымын деп мойындаған. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кездегі Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды.

Шыңғысханның Орта Азия және Қазақстанға шапқыншылығы

Шыңғысхан Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, Қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хо­резм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жа­сады.Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған 1218 жылы Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.Жетісуды Шыңғысхан әскері қарсылықсыз оңай басып алды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Ор­та Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жолы ашылды. 1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде моңғол жансыздарын қосып есептегенде барлаығы Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғысхан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады, Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. «Отырар апаты» деп аталатын бұл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті.Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қол­ды бастап шықты. Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді.

1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс ханның 111 мың әскері Отырар қаласын қоршайды. Бұл қалың қолды Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай, Үгедей басқарады. Бір айдың ішінде Шыңғыс хан әскері Отырарды алады. Әйгілі кітапхана өртеніп, халық көптеп қырылады. Қайыр ханның денесіне ерітілген күміс құйып, азаптап өлтіреді. 1219–1220 жылдары Шыңғысханның ұлдары Бұхара, Самарқан, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзгент қалаларын бағындырады.1221 жылы Шыңғыс хан әскері Хорезмді, Орта Азияны жаулап алады. Осыдан кейін Шыңғыс хан әскерлері парсы, Ауғанстан, орыс, Дешті-Қып­шақ жерлерін жаулап алады. 1224 жылы Ертістегі Шыңғыс хан ордасына қайта оралады. 1219–1224 жылдар аралығында Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосады.

1238 жылы Бұхарада Махмұд тараби бастаған көтеріліс Шыңғыс хан қол астындағы халықтар көтерілісінің ең ірісі болады.

Ұлыстардың құрылуы

Ұлан-байтақ өңірлерді жаулап алған Шыңғыс хан өлерінің алдында өзінің төрт ұлына ол жерлерді бөліп береді.

Төлеге (кіші ұлы) кіндік Моңғолияны;

Шағатайға Жетісу мен Әмудария маңын (Мәуереннахр), Шығыс Түркістанды;

Үгедейге Алтай, Тарбағатай, Батыс Моңғолия жерлерін береді.

Жошы (үлкен ұлы) үлесіне Ертістен батысқа қарай бүкіл Дешті-Қыпшақ жерін қоса Оралға дейін, Жетісудың солтүстік бөлігі, Арал Каспий маңын­дағы жерлер тиді.

Бұл бөлінген жерлер ұлыстар деп аталды. Барлық ұлыстардың орталығы Қарақорым болды. Қазақстан аймағы үш ұлысқа (Төледен басқа) қара­ды. Бұлардың ішінде ең ірісі – Жошы ұлысы, кейінгісі – Шағатай ұлысы.

Шағатай ұлысы. Жетісу, Мәуереннахр сияқты өңірлерді иеленген Шағатай 1241 жылы өлді. Оның орнына Шағатай ұлысына баласы Есу-Мөңке хан болды. Бірақ Ұлы Ордаға билік үшін күрес Шағатай ұлысына да зардабын тигізді. XIV ғасырдың басына қарай ғана шыңғыс хан империясы­ның билігі Шағатай әулетінің қолына тиді. Шағатай ұлысындағы бұл таластар, өзара қырқысулар XIV ғасырдың ортасында ұлыстың ыдырауына себеп болды. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.

Жошы ұлысы. Шыңғыс хан құрған алып империя аумағының басым бөлігі Жошы ұлысына қарады. Алғашқыда ұлыс территориясы Ертістен Еділге дейінгі, Сібірден Сырдарияға дейінгі жерлерді қамтыды. Қазақстан жерінің басым бөлігі осы ұлыстың құрамында болды. Жошы хан өлгеннен кейін мирасқоры Батый жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағын Алтайдан Дунайға дейін созды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемле­кеті болды.

22.Алтын Орда

Алтын Орданың құрылуы. 1235 жылы Моңғол империясының астанасы Қарақорымда болған құрылтайды Батысқа (Еуропаға) шапқыншылық жо­рық жасау ұйғарылды. Бұл жорық 1236 жылы басталады. Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы Батый басқарған әскер Еділ мен Жайықтан өтіп, Орыс, Украина жерлерін бағындырып, Шығыс Еуропа елдерін талқандап, Адриат теңізіне дейін жетеді. Осыдан кейін Еділ бойында Батый Алтын Орда мемлекетін құрады. Алтын Ордаға Ертістен Днестірге дейінгі жерлер кіреді. Орыс княздары Алтын Орда билігін мойындайды. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болады.

Қоғамдық-саяси жағдайы. Алтын Орда әскери мемлекет болды. Ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болды. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Құрылтай мемлекеттің негізгі ұйымы болып саналды. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Мемлекет басындағы нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көп болды.

Шаруашылық пен мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы Алтын Орда халықтарының басты шаруашылығы болды. Алтын Орда халықтары — мұсылмандар. Алтын Орда мемлекетінің алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылады. Алтын Орда дәуірі ортағасырлық түрік әдебиетінің дамыған кезеңі болды. Бұл кезеңдегі әдеби шығармалар: 1233 жылы «Қисса Жүсіп» (Әли), 1303 жылы «Кодекс-Куманикус», 1303 жылы «Қып­шақ тілі сөздігі», 1359 жылы «Махаббатнама» (Ахмет Хорезми дастаны), 1391 жылы «Гүлстан бит-түрки» (қыпшақ ақыны Сараи), 1409 жылы «Жүсіп-Зылиқа» (Дүрбек ақын). Осы дәуірде «Қырық батыр» жыры дүниеге келеді. Бұл туындыда қырық қыпшақ батырларының ерлігі туралы баяндалады.

Алтын Орданың ыдырауы.

Ыдырау себептері:

Этникалық құрамы әр түрлі халықтар бір мемлекетте тұра алмады;

Шаруашылығының өркендеуі нашар болды;

Билік үшін талас күшейді;

Езілген халықтың азаттық күресі күшейді.

Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі – XIV ғасырдың екінші жартысы. Ақ Орда, Хорезм, Еділ бұлғарлары т. б. Дербес мемлекеттер пайда болды. Бұлардың барлығы бұрын Алтын Орданың құрамында, кейіннен Алтын Орданың қазақстандық бөлігінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер билік жүргізген.

24.Ақ Орда мемлекеті (XIII-XV ғғ.)

XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында қала мәдениеті, егіншілік, қолөнер өндірісі жандана түсті. Өлкенің батыс, орталық, далалық өңірі мен оның оңтүстігі, Жетісу және Орта Азия аймақтарымен сауда байланыстары қалпына келтірілді. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет – Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, крейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары.Ақ Орданың негізін қалаған Шыңғыстың немересі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен. Ақ Орда алғашқы құрылған кезде Алтын Ордаға тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды. Ол кезде Алтын Орданың астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы еді. Ал Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныс­тарында болды. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Ұрыс хан, Қойыршақ, Барақ, т. б.Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. Ақ Орда хандары хандықтың астанасы Сығанақ қаласында өз аттарынан ме­талл ақша шығарды. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш сал­ды. 1374–1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қошауға алды. Кама бұлғар­ларының жерін бағындырды. Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынын кетіп, Алтын Ордадағы билікті Ма­майға беруге мәжбүр болды. Өйткені бұл кезде Орта Азиядағы Мауеренахр жеріндегі билікті өз қолына алып күшейе түскен Әмір Темір Ақ Орда­ның оңтүстік шекарасына шабуыл қаупін төндірген еді. Ақ Ордаға қарсы шабуылда Әмір Темір Маңғыстау үлесінің билеушісі Түйқожа оғланның баласы Тоқтамысты пайдалануға тырысты. Әмір Темір Ақ Орданы жаулап алу мақсатын жүзеге асыру үшін қару-жарақ, әскери күш беріп, Тоқта­мысты Ақ Ордаға қарсы айдап салды.Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374–1375 жж.) сәтсіз аяқталды. Бұл соғыста Ұрыс ханның баласы Құтылық Бұға қаза тапты. Тоқтамыстың екінші жорығы да Ұрыс ханның баласы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді. Әмір Темір Ақ Ордаға жорық жасау үшін Тоқтамысты үшінші рет әскермен жасақтады және бұл жорықты өзі бастап шықты. Тек төртінші жорық кезінде Ұрыс ханның және оның баласы Тоқтақияның қайтыс болуы Әмір Темірдің жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болғаннан кейін, Ақ Орда иелігі оның ба­ласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді. Ол Әмір Темірдің боданына айналды.1423–1424 жылдары Ұрыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Ордада хандықты өз қолына алады. Бұл кезде, Ақ Ор­даның басты қаласы Сығанақ, сондай-ақ Сырдың орта ағысындағы қалалар Темір әулетінің қолында еді. 1425–1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сырдария бойындағы басқа да қалаларды босатты. Осы жеңістің нәти­жесінде Ақ Орда Темір әулетінің үстемдігінен тәуелсіз болып алды. 1428 жылы Барақ хан жауларының қолынан қаза тапты. Ол Ақ Орданың ең соңғы ханы болды. Барақ хан өлгеннен кейін Ақ Орда ыдырады да, билік Жошының кіші ұлы Шайбан тұқымынан шыққан Әбілхайыр сұлтанның қолына көшті.1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде жарыққа шыққан Ақ Орда хандығы екі ғасыр өмір сүрді. Ақ Орданың отырықшы ауданда­рында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Көшпелі аудандарда мал шаруашылығы кеңінен дамыды. Ақ Орда­ның еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күшпір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп, әртүрлі парыз-қарыздарды да өтеп тұрған. Түркі тілдес тайпалар мекендеген Ақ Орданың ресми тілі – қыпшақ тілі, немесе қазақ тілі болып саналады. Ақ Орданың хандары бұқара ха­лықтың қолдауымен Алтын Ордадан тәуелсіздік алып, оны дербес мемлекетке айналдырды. Сырдария бойындағы шаруашылық, мәдениет ор­талығы болған маңызды қалалар үшін күресте Мәуеренахрдағы Шағатай хандарын жеңді. Әмір Темірдің Ақ Ордаға қарсы жасаған шапқыншы­лығына тойтарыс беру үшін аянбай күрес жүргізді. Кейін олар қазақ халқының жеке халық болып қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

25.Моғолстан мемлекеті (XIVғ. ортасы-XVI ғ. басы)

XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы дербес екі иелікке – шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. Шағатай ұлысы қоныс еткен Мәуере­нахрдың батыс бөлігінде 50–60 жж. феодалдық ыдыраушылық әрекеті жойылып, Әмір Темір мемлекеті құрылды. Ал оның шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті орнады. «Моғолстан» тарихи-жағрафиялық термині «моңғол» атауынан шыққан. Моғолстан мемлекеті алғашқы құрылған кезде билік Шағатай ханға адал қызмет еткен Дулат тайпасы әмірлерінің бірі – Болаттың қолында болған. Шыңғыс тұқымынан шықпаған, сондықтан хан болуға құқы болмағандықтан, Болат өзінің айтқанына көнетін әрі жас 18 жастағы Шағатай ұрпағы Тоғылық Темірді 1348 жылы хан тағына отырғызды.

Моғолстан мемлекетінің құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Мемлекет шекарасы батыста Ташкент пен Түркістан аймағынан шығыстағы Баркөл мен Хами қаласына дейінгі, солтүстікте Балхаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатты. Моғолстан мемлекетінің орталығы – Алмалық қаласы. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған моңғол әмірлерінің бірінің баласы – Тоғылық-Темір хан (1348–1362 жж.). Моғолстан құрамына кіретін тайпалар: дулаттар, қаңлылар, керейлер, арғындар, баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары.Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болды. Бай-феодалдар жерді шартты иеленудің икта, инджу, сойұрғал сияқты түрлерін пайдаланған. Хандар мен ел билеуші ақ сүйектердің пайдасына қала мен ауыл тұрғындарынан, егінші мен көшпелі ха­лықтан күпшір, зекет, тағар, баж, карадж және тағы басқа да салықтар жиналды. Мемлекетті басқару ісінде ханға Ұлысбек көмектесті. Ол ду­лат тайпасы әмірлерінен тағайындалған.Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өзі билеген түркі тілдес мұсылман халықтары арасында беделін арттырып, үстемдігін нығайту үшін ислам дінін қабылдаған. 1362 жылы Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп, бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша – ақсақ) Ақсақ Темір атанды.

Тоғылық Темірден кейін Моғолстанның ханы болған Ілияс-Қожа 1365 жылы бұрынғы Шағатай иеліктерін біріктіруге әрекет жасады. «Батпақты шайқасында» Әмір Темір жеңіліп қашып құтылды. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған алғаш жорығы 1371 жылы басталды. 1372 жылы Әмір Темірдің өзі Моғолстанға қайта жорық жасап, Ыстықкөл маңындағы Сегізағашқа дейін барып, сансыз тұтқын, сан жетпейтін олжа түсіріп ора­лады. Осыдан кейін Әмір Темірдің сол кездегі Моғолстанның ең ірі билеушісі болған әмір Қамар-ад-дин дуғлатқа қарсы 1375–1377 жж. ара­лығында бірнеше жорықтары жүрді.1375 жылы Жетісу жеріндегі Шарын өзені бойында болып, Моғол әскерлері талқандалды. 1376 жылдың көктемінде Хорезмді жаулап алумен ай­налысып жатқан Темір Моғолстанға Камар-ад-динге қарсы 30 мың әскерімен әмір Сасы-Бұға қыпшақты, Әділ-шақты және басқа да әмірлерін аттандырды. 1377 жылы Камар-ад-дин екі рет: біріншісінде – Қаратау етегінде, екіншісінде – Шу бойымен Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында Әмір Темірден жеңіліске ұшырап, өзі қашып құтылды. Ол Моғолстанды біржолата басып алуды көздеді. Оған жету үшін 1380–1390 жж. арасында Темір балаларымен бірігіп, Моғолстан жеріне бірнеше рет жойқын жорықтар ұйымдастырды.Ақсақ Темір басқан ізінен қан сорғалатып, тек Моғолстанды ғана емес, сонымен бірге тағы басқа да көптеген елдерді жаулап алды. Мәуере­нахрдан өзінің қанды жорығын бастаған ол әмірші болған 35 жыл ішінде (1370–1405 жж.) Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузи­яны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, 1405 жылы ол өлгеннен кейін бытырап тарап кетті. Моғол билігі Қызыр Қожа ханның немересі Уәйіс оғлан қолына көшті.1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін, хандық үшін оның екі баласы Жүніс пен Есенбұғы арасында талас басталды. 1434 жылы Есенбұғы хан тағына отырды. 1462 жылы Жүніс Есенбұғы ханның қайтыс болғанын естіп, өзінің Моғолстанға хандық өкіметке заңды мирасқор екендігін жариялап, онда 1487 жылға дейін билігін жүргізді.

XVI ғасырдың басында Жүніс хан ұрпақтары арасындағы алауыздық пен ішкі феодалдық қырқыс Моғолстан хандығының біржолата ыдырауына әкеліп соқты. Нәтижесінде ежелден Жетісу мен Іле өңірін мекендеген үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр және тағы басқа қазақ ру-тайпалары Жетісуда құрылған Қазақ хандығының құрамына бірікті.

26.Ноғай Ордасы (XIV аяғы – XVI ғғ.)

Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында 1396–1411 жылдары жалғасып, оның баласы Нұр ад-дының (1426–1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы басты тайпа маңғыттар болды. XIII ғасырдың екінші жартысын­да маңғыттар Алтын Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған.Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыс­та – Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Оның орталығы – Жайықтың төменгі сағасындағы Сарай­шық қаласы.

Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едіге болып саналады. Ол XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында 15 жыл Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарды. Едіге 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьла­рының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 жылы Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Алтын Ордадағы феодалдық өзара қырқыс кезінде Ноғай ұлысын нығайтуға тырысқан жаулары Едігені 1419 жылы өлтіреді. Едіге өлгеннен кейін де Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық жағдай оның ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды.

Ноғай Ордасы құрамына Маңғыттармен қатар Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар үнемі орын алды. XV ғасырдың екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан өтіп, «Көшпелі өзбектердің» өріс-қонысын басып ала бастайды. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және басқалары Әбілхайыр ханға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға көмектескен. Кейбір кезде ноғайлар қазақ хандығымен соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ құрып отырған.XIV-XV ғасырларда Ноғай Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан. Әлеуметтік бай-феодал топтардың қатарында хандар мен мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып есеп­телгенімен, шын мәнінде қоныстар, мал өрістері, аң аулайтын жерлер бай топтардың иелігінде болды. Ноғай Ордасында өкімет пен елді басқару ісі саяси ұйымдастырудың ұлыстық жүйесі негізінде қалыптасты. Шыңғыс тұқымынан шыққан хандар мен сұлтандарға Ордадағы өкімет билігі, соның ішінде әскери, елшілік, әкімшілік т. б. билік түрлері мұра ретінде көшіп отырған. Орда бірнеше ұлыстарға бөлінген. XVI ғасырда Ноғай Ордасы өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар орнатады.

Ноғай Ордасында да сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі жүріп жатты. Осы ала­уыздық оның да түбіне жетті. XV ғасырдың бірінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның орнына Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары құрылды. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақстардың Кіші жүзінің құрамына кірді.

Әбілхайыр хандығы (1428–1468 жж.)

XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Ор­да-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі – Жайықтан және оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Са­рысу бойында, Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарына Шайбани ұрпақтары иеліктерін жүргізді. Олар: Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд Қожа Тобылда. Маңғыт Кепек би мен Адабек Бүркіт Батыс Сібірдегі Тура өңірінде билік еткен. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Тюмень) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған.Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, ба­тыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің ор­та ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Жошы әулеті – оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары – Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Әбілхайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін XV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа ханды талқандайды. Ол Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алады. Өзінің орталығын Ту­радан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды. 1446 жылы Әбілхайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі – Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайын­дағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды.Әбілхайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілхайыр Мәуеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тарты­сына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілхайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілхайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілхайырдың Үз-Темір-Тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына ке­туге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілхайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілхайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда кенеттен қайтыс болды.Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілхайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мәуеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары өкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін басып алды.

Батыс-Сібір хандығы (XIII-XV ғғ.)

XIII-XV ғасырлардағы Батыс Сібір. Сібірдің жерінде біршама түрік тайпалары мекен етті. Батыс Сібір алдымен Жошы ұлысына, кейіннен Шайба­ни хандығына қарайды. Батыс Сібірдің орталығы – Тұра қаласы. 1428 жылы Батыс Сібірді Әбілқайыр басып алды.

Көшім тұсындағы Сібір хандығы. Территориясы: Батыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, Тобыл өзендерінің алабы

Құрамындағы тайпалар: керей, қыпшақ, найман, арғын, жалайыр, ханты, мансы т. б.

Астанасы: Искер қаласы.

1563 жылы хан тағына Көшім отырды. Алты ұл тайпасынан шыққан Көшім 1510 жылы Ноғай ордасында дүниеге келген. Ол 1555 жылы Сібірде билік жүргізген Тайбұғанмен соғысып, оны жеңеді.

Экономикасы мен мәдениеті. Көшімнің кезінде Сібір хандығында көптеген қамалдар мен бекіністер, ғимараттар салынады. Көшімнің тұсында Сібір халқы ислам дінін қабылдайды. Сібір хандығында, негізінен, сауда мен аңшылық дамыды.

Саяси құрылысы. Жоғарғы билеуші – хан, хан кеңесі – диван, кеңесшілер – аталықтар, уәзірлер – қараша Сібір-Ресей қатынасы. Сібір ханы Көшім Ресейдің шығысқа қарай ұмтылуына кедергі жасауға тырысты.

1574–1575 жылдары сібірге барлауға жіберілген Иван Грозныйдың отрядын Көшім хан қырып тастайды.

1582 жылы Көшім әскерлері атаман Ермактың отрядынан жеңіледі.1582 жылдың күзінде атаман Ермак 600-ге жуық казагымен Искер қаласына шабуыл жасайды. Көшім әскері жақсы қаруланған Ермак отря­дынан жеңіледі.1584 жылы Көшімнің адамдары Ермакты өлтіреді.1598 жылы орыс әскерлеріне қарсы ұйымдастырылған шайқаста Көшім жеңіліп, Шығыс Қазақстан жеріне қашады. Сібір хандығы осылай Ресей империясының құрамына кіреді.Қазақ халқы қалыптасуының аяқталуы

Этносаяси қауымдастық – белгілі бір тарихи аймақта құрылған хандықтың тұрғындары. Қазақ халқының этникалық жағынан қалыптасуында Ақ Орда тайпалары басты рөл атқарған.«Өзбек» атауының шығуы Өзбек ханның (1312–1342 жж.) есімімен байланысты. «Өзбектер» құрамы:

шайбанилер – түркіленген моңғол тұқымдары.

Қазақтар – қыпшақтар т. б.

Маңғыттар – қарақалпақтар, ноғайлар

Қазақ халқының қалыптасу процесі XIV-XV ғғ. аяқталды.

Саяси жағынан шашыраңқы этникалық туыстас топтардың басы қосылып, қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне Қазақ хандығының құры­луы әсер етті.

XV ғасырдың екінші жартысы – XVI ғасырда негізгі этникалық топтардың қазақ халқына және олар орналасқан аумақтың Қазақ хандығына бірігуі, тұтас халық болып қалыптасудың аяқталуын тездетті.

XV-XVII ғасырлар – Қазақстанның аумағындағы тұрғындарға іс жүзінде ортақ негізгі белгілер мен қазақ этносының өзіне тән материалдық және рухани мәдениеті бекіп жетілді.

30.Қазақ хандығының құрылуы және оның нығаюы (XV-XVII ғғ.)

Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылды.

Қазақ хандығының құрылысы бастапқы кезде (XV-XVI ғасырларда) 7 сатыдан тұрды.

Ауыл. Басшысы – ауылбасы, бірнеше жанұядан тұрады.

Ата-аймақ. Басшысы – ақсақал, жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдан тұрады.

Ру. Басшысы – рубасы, 15 аймақтан құрылады.

Арыс. Басшысы – би, бірнеше рудан құралған.

Ұлыс. Басшысы – сұлтан, бірнеше арыстан құрылады.

Жүз. Басшысы – хан, бірнеше ұлыстан құрылады.

Хандық. Басшысы – хан, үш жүзден құралған.

Қазақ хандығының құрылуы. XV ғасырдың 50 жылдарында Дешті-Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығындағы саяси жағдай шиеленісе түседі. Осы кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударады. Моғолстан ханы Есен-Бұға оларды қарсы алып, Шу өңірінен Қозыбасы деген жерді бөліп береді. Бұл Қазақ хандығы құрылуының басы еді. Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Бұл фактіні Мұхамммед Хайдар Дулати растайды. Әбілқайыр ханның Қазақ хандығының құрылуына бөгет жасамақ болған әрекеті жүзеге аспады.

31.Қазақ хандығының нығаюы. XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілқайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшеюіне себеп болды. Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді.

1480 жылы Керейдің баласы Мұрындық хан болды.

486 жылы қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбаниді жеңді.

XV ғасырдың аяғына қарай Қазақ хандығының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы ықпалы күшейді. Қазақ хандығының құрамында Сығанақ, Со­зақ, Сауран қалалары болды.

XVI ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті.

1511 жылы Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Қасым ханның алға қойған басты міндеті – Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хан­дығының құрамына қосу. Қасым ханның бұл істі орындау жолындағы басты кедергісі Мұхаммед Шайбани болды.

1510 жылы Қасым ханның әскерлері Мұхаммед Шайбанидің әскерін жеңді.

1510 жылы Мұхаммед Шайбани Мервте өледі.

XVI ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қазақ хандығының жерін ұлғайтады.

XVII ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың аяғына қарай Жетісу жерлері, Сырдария бойындағы көптеген қалалар, бұрынғы Ноғай Ордасының құрамында болған жерлер Қазақ хандығының қарамағына қосылады. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының халық саны 1 млн-ға жеткен. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының 5 бөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен т. б. елдермен байланыс орнатады. Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі Мамаштың қолына тиді.

1523 жылы хан тағына Тақыр отырды. Тақырдың кезінде Қазақ хандығы біраз жерлерінен айырылды.

1533 жылы хан тағына Бұйдаш отырғанда да, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсарған жоқ.

1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, 1535 жылы Тоғым хан отырды.

1537 жылы хан тағына Қасымның баласы Хақназар (1537–1580) отырды. Хақназар ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін басып алды.

1580 жылы хан тағына Шығай отырды.

1582 жылы Шығайдың баласы Тәуекел хан болды. 1586 жылы Тәуекел Түркістанды басып алды. 1598 жылы Тәуекел хан інісі Есім сұлтанмен қазақ қолы Мәуереннахрға кіріп, Самарқанды басып алады. 1598 жылы Ташкентте Тәуекел хан қайтыс болады.

1598 жылы Есім хан болды. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, Түркістанды жеке биледі.

1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтіреді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. Мемлекет билігін, құқықтық жүйені реттеуде Есім ханның «Ескі жолы» аталған заңдар жинағы елеулі рөл атқарды.

1628 Есім хан қайтыс болады. 1629 жылы хан тағына Есім ханның баласы Жәңгір отырады. Ол қазақ тарихында «Салқам Жәңгір» деген атқа ие болды.

1643 жылы Салқам Жәңгір 600 сарбазбен ойраттың 50000-дық әскеріне қарсы шығып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Жәңгір ханға Жалаңтөс көмекке келеді. 1652 жылы ойраттарға қарсы ұйымдастырылған шайқаста Жәңгір қайтыс болады. Біраз уақыт бойы қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болады.

1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырады. Әз-Тәуке хандық билікті билерге сүйеніп жүргізеді. Билердің көмегімен «Жеті жарғы» заңдар жи­нағын шығарады.

Тәуке хан кезінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болады.

31.Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы (1512–1521 жж.)

Қазақ хандығы ең жоғарғы қуаттылығына XVI ғ. бірінші ширегінде, Қасым хан тұсында жетті. Қасым Әз Жәнібектің ұлы, анасы Жағанбегім – Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның анасының сіңлісі.

Қасым хандығына Ақ Орда иеліктері, көшпелі ноғайлықтар, шығыстағы түрік тайпалары, дулат, үйсін, қаңлы және Моғолстанның батысындағы тайпалар енді. Қасым хан ел бірлігі және қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін белсене күресті.

Аумағы: Жайық өзені, Сырдария, Ұлытау, Балқаш көлі, Жетісудың бір бөлігі, Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендері. Астанасы – Түркістан.

Қасым хан тұсындағы хандықтың алғашқы әкімшілік, сауда-экономикалық орталығы – Сығанақ.

Қасым ханның басты мақсаты: Сыр бойындағы қалаларды қайтадан өз иелігіне қосып алу.

Ол бүкіл Дешті Қыпшақтың ханына айналды. Қырғыздарға билігі жүрген жоқ.

Соғыс жорықтары:

1503, 1505, 1506 жылдары – Шайбани хан қазақ жеріне тонаушылық жорықтар жасады.

1509 жыл – Қараталға шабуылдап, тонады.

1510 жыл – Мұхаммед Шайбани Сығанаққа шабуыл жасап, жеңіліп Самарқанға қашты.

1510 ж. аяғы – Мұхаммед Шайбани Мерв түбіндегі Хорасанда Иран шахымен болған шайқаста қаза тапты.

Сырдарияда берік орнығу үшін Қасым хан Орта Азиядағы саяси жағдайды тиімді пайдаланды.

1513 жыл – Қасым хан Сайрамды алды.

1513 жыл – Бабырдың ізбасары Қаттабекпен одақ жасасып, Ташкент билеушісі Сүйініш қожаға соғыс ашты.

Ташкент түбінде қасым хан жараланып, Сайрамға шегінді.

1513 жыл – Моғолстан ханы Сұлтан Сайдпен одақтас болып, Ташкентке бірігіп жорық жасауға келісті. Алайда қыстың таяп қалғандығына байла­нысты, бұл жорық кейінге қалдырылды.

1514 жыл Сұлтан Саид Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ ханының Жетісудағы билігі нығайды.

Ноғай Ордасындағы саяси дағдарысқа байланысты көптеген ру мен тайпа Қасым хандығына көшіп келді.

Моңғол шапқыншылығынан кейін тұңғыш рет барлық дерлік қазақ рулары мен тайпалары бір мемлекетке бірікті.

Қазақ хандығындағы халық саны 1 млн. жетті. Алғаш рет орыс мемлекетімен (Василий III, 1505–1533 жж.) дипломатиялық қатынас орнатылды.

Қасым хан әдет-ғұрыптарды бір жүйеге келтіріп, алғаш рет заңдар жинағы «Қасым ханның қасқа жолын» шығарды. Заң 5 бөлімнен тұрады:

Мал-мүлік және жерге байланысты қатынастар;

Қылмыс пен оларға қолданылатын жазалар;

Әскери қызметті, әскери міндетті атқару ережелері және әскер тәртібін бұзушыларға берілетін жазалар;

Елшілік қатынастарды реттеу;

Халықтық дәстүрлерді өткізу тәртібі (ас беру, той-думандарды өткізу т. б.).

Қасым билігінің соңғы кезеңдері тыныштық заман болды. Ол халыққа хан билігін мойындата отырып, ел бірлігін сақтай білді. Сауран қаласы са­уда орталығына айналды. Орта Азиямен, Еділ бойындағы елдермен, Батыс Сібір хандығымен, Ресеймен сауда, дипломатиялық байланыс жа­сады.

Қасым хан тұсында қазақтар Орта азия мен Шығыс Еуропаға белгілі болған.

32.Хақназар хан тұсындағы Қазақ хандығы (1538–1580 жж.)

Қасым ханнан кейінгі тартыстан әлсіреген хандықты қайтадан нығайтып, біріктіруге Хақназар хан (Қасымның баласы, 1538–1580 жж.) әрекет жасады.

Негізгі мақсаты: Қасым хан кезіндегі иелікті қалпына келтіру.

Аумағы: Сырдария, Арал маңы, Жетісу, Жайықтың сол жағалауы.

Хақназар сыртқы саясатын Ноғай Ордасынан бастады. Жайықтың сол жағалауындағы ноғайлар Қазақ ханының билігіне өтті.

1550–1560 жж. — Моғол ханы Абдар Рашид Жетісу мен Ыстықкөл маңындағы жерлерді басып алу мақсатымен шабуылдады.

Моғолстанға қарсы қазақ-қырғыз соғыс одағы құрылды. Деректерде Хақназарды «қазақтар мен қырғыздардың ханы» деп атайды.

1560 жыл – моғолдар қазақ-қырғыз соғыс одағын жеңді.

Моғолстанға қарсы соғыстағы сәтсіздік және ойраттардың шапқыншылығы салдарынан Хақназардың Жетісудағы иелігі азая берді.

1570 жылдың аяғы – Жетісудың батысы, Шу, талас өңірі оның билігінде болды.

Хақназар хан тұсында орыс мемлекетімен саяси және сауда қатынастары дамыды. Орыс елшілері:

1569 жылы Семен Мальцев;

1573 жылы Третьяк Чебуков қазақ хандығы туралы көптеген мәліметтер қалдырды (IV Иван тұсында).

Хақназар хан өзін «патша, әрі ұлы князьбен татумын» деп санады.

Сібір хандығын 1563 жылдан бастап билеген шайбан әулетінен шыққан Көшім хан Қазақ хандығына қарсы дұшпандық әрекетте болды.

1573 жыл – Қазақ хандығына жіберілген Мәскеу елшісі Т. Чебуков Көшімнің бұйрығымен ұсталды.

Осы кездегі саяси жағдайдың ауырлығы Хақназар ханды Мәуереннахрдағы Шайбани әулетінен одақтас іздеуге итермеледі.

II Абдаллах (1538–1598 жж.) пен Хақназар хан арасында бейбіт қатынаста болу туралы шарт жасалды.

Бұл қатынас нәтижесі:

Соғыс қақтығыстары уақытша тоқтатылды;

Орта Азия халқымен сауда қатынасы жақсарды;

Хан өкіметі нығайды.

Сыр бойындағы қалаларға орнығып алуға ұмтылған Хақназар хан, 1570 жылдың аяғында Абдаллахтың қарамағынан бөлініп шыққысы келген Баба сұлтанның әркетін пайдаланды. Ол қарсыластар арасында шебер жол тауып, бірде бір жағын, бірде екінші жағын қолдап отырды. Нәти­жесінде:

Абдаллах хан Түркістан өңіріндегі қалаларды Қазақ хандығына берді.

Баба сұлтан Йасы, Сауранды Хақназарға сыйлады.

1579 ж. II жартысы қазақ билеушісінің Абдаллах жағында екенін байқаған Баба сұлтан келіссөз жүргізуге келген Жалым сұлтанды, оның ба­лалары мен Хақназардың екі баласын өлтірді (1579 ж.)

1580 жыл – Баба сұлтанның тыңшысы Хақназарды өлтірді.

Хақназар хан саясатының маңызы:

Хандықтың аумағының кеңеюі.

Жеке дербес мемлекет ретінде танымал болуы.

Хан билігінің күшеюі.

Ішкі саяси және шаруашылық өмірдің тұрақтылығы.

Жоңғар мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы

Қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау – жоңғарлар еді.

XVII ғасырдың бірінші жартысында ойраттар мен қазақтардың арасындағы әскери қақтығыстар жиілей түсті. Ойрат феодалдарының Шығыс Моңғолияға қарсы жүргізген соғыстары олардың күшін нығайтты. XVI ғасырдың аяқ шенінде ойраттар төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Олар: Тарбағатайдан Шығысқа қарай өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғарғы ағысын бойлай қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының төңірегіндегі хошоуыттар және Іле өзенінің жоғарғы жағындағы шоростар еді.

Қазақ және ойрат әміршілерінің арасында жайылымдық жерлер үшін қақтығыстар XV ғасырда басталған болатын. XVI ғасырдың аяғында ой­раттардың шағын бір бөлігі сәтсіз шабуылдан кейін қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болып шықты. 1635 жылы қонтайшы Батурдың баста­уымен Жоңғар хандығы құрылды. Осыдан соң, егер XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында қазақ хандығына бытыраңқы ойрат тайпа­лары қарсы болса, XVII ғасырдың екінші ширегінде күштердің ара салмағы жоңғар тайпаларының пайдасына өзгере бастады. Қазақ-жоңғар қатынастары, әсіресе Батур-қонтайшы (1634–1654 жж.) билік құрған кезде ерекше шиеленісе түсті. Одан кейін Ғалдан-Бошакту (1670–1697 жж.) билеген кезде, оның мұрагері Цеван-Рабтан (1697–1727 жж.) өкімет басына келгенде қазақ-қалмақ қатынастары қатты шиеленісіп кетті. 1698 жылы ойраттар мен қазақ хандары арасындағы қарулы қақтығыстардың жаңа кезеңі басталды. Жоңғарлардың әскер басшылары маңыз­ды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстан жерін басып алуды көздеді.

1710–1711 жылдары жоңғарлар қазақ жеріне басып кіріп, қырғын соғыс жүргізді. 1717 жылы жазда Аякөз өзенінің жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандап жеңді.

1718 жылы Тәуке хан өліп, билік оның баласы Болат ханға өткен тұста қалмақтардың қазақ жерлеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың та­бысты болуына шведтің артиллерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың тигізген әсері үлкен. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалады, осында Ертістің бойымен жоғары өрлеп бара жатқан Бухгольцтың экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қыста ол қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болған ол қалмақтарды темір балқытып, зеңбірек жасауға, оның оғын дайындауға, тіпті баспахана жасап, әріп құюға үйретеді. Ренаттың көмегімен зеңбірек атыс жа­рақтарын жасап, жүз мыңнан астам әскер құрап, қалмақтар қазақтарға қарсы соғысқа дайындалып жатқанда қазақтар жағы олардан қауіп күтпей, ішкі талас-тартыспен жүрген болатын. Бұл тұста қазақтар мен қалмақтардың шекарасы Ертіс өзені, Балқаш көлі, Шу, Талас өзендерінің аралығымен өтетін.

1723 жылдың көктемінде жоңғарлар шешуші жорыққа шықты. Мол әскер жинап, толық қаруландырып, оның қолбасшылығына Шуно Дабо деген қалмақ баһадүрін тағайындады. Оның тактикалық жоспары бойынша қалмақ әскерлері стратегиялық екі бағытта қимыл жасауға тиісті болды. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен Талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт – қазақтарға ес жиғызбай соққы беріп, Шыршық өзенінің қойнауына жету еді. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзенінің бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағындағы Кетпен тауының баурайына орналасты.

Сөйтіп, Алатау баурайын жайлаған қаннен-қаперсіз отырған қалың елге шабуылға шыққан қалмақ әскерлері қазақтардың қанын судай ағызды. Еркек кіндікті адамдарды қырып, әйелдерді, қыздарды байлап-матап алып кетті. Бейғам отырған ел басқыншыларға ешқандай қарсылық көрсете алмады. Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұқараға ағыл­ды. Босқындардың біразы Алакөл маңына келіп паналады. Бұл кезеңді қазақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. Яғни, қазақтар­дың табаны ағарғанша шұбырып, Алқакөлге жетіп азап пен аштықтан сұлаған жерлер еді дейді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы ды қайғылы, ән ұраны сияқты «Елім-ай» әні еді. Мұнан үш жүз жылға жуық уақыт бұрын шығарылған осы өлеңмен оның әні қазақтың басына түскен сол бір ауыр күндердің өшпес ескерткіші.

33.«Жеті жарғы»Жеті жарғы – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырдағы кейбір хан, сұлтан­дардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдар мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығы қабылданды. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары XX ғ. басына дейін қолданылып келді. Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.

«Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін». Яғни қара­пайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп;

«Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін». Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыдан жетілдіре түскен.

«Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына бай­лаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады»

«Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».

«Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек»

«Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі»

«Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Жеті жарғыда көрініс тапты.

29.Қазақ халқының қалыптасуы

Қазақ халқының этникалық қалыптасуы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдыраған кезінен басталады. Этнос – тарихи жағдайда қалыптасқан тілі, салт-дәстүрі, тұрмысы ортақ, басқалардан бөлектенген адамдар тобы. Кейбір жазба деректерде «қазақ» сөзі ескі түрік тіліндегі «еркін адамдар» ұғымын білдіретінін айтады. Тағы бір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады.

XV ғасырдағы Шайбани Әбілқайыр хандығындағы, яғни Дешті-Қыпшақтағы көшпелі халықтардың этникалық бірігу процесі тез жүрді. XV ғасыр­дың ортасына қарай Әбілқайыр ықпалы әлсіреді. Оған қарсы шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар артына көп халықты ертіп, Жетісуға көшті. Міне, осы Керей мен Жәнібектің артынан ерген және осы хандардың билігіне қараған бұрынғы Шайбани хандығындағы халықтар қазақтар деп аталды. Қазақ халқының құрамына арғын, найман, дулат, керей, үйсін, қаңлы, қыпшақ, алшын, қоңырат, жалайыр, уақ тайпалары кірді. Бұл тай­палардың тілі қазақ тілі болды. Нәсілдік белгілері – моңғолоидтік.

Қазақ жүздері

Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерде мекендеген халықтар үш жүзге бөлінді:

Ұлы жүз

Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас өзендерінің бойы).

Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды.

Орта жүз

Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы).

Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат.

Орта жүзді Бекарыс деп те атайды.

Кіші жүз

Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы)

Тайпалар: табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, алшын, шекті, төртқара, тама, серкеш т. б.

Кіші жүзді кейде Жанарыс деп атайды.

35.XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының әлеуметтік- экономикалық және мәдени дамуы

Қазақ қоғамын әлуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі алынды. Жоғары аристократ­тық топ — ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері: хандар, сұлтандар, оғландар немесе төрелер, билер, бектер сондай-ақ, қожалар жатты. Шыңғыс әулеттері қазақ рулары мен тайпаларының ешқайсысына жатпайтын, олар қоғамның басқарушы тобын құрады. Ал бүкіл өзге халық әл-ауқатты­лық жағдайына қарамастан төменгі топқа — қара сүйекке жатқызылды. Қарапайым халық қатарына – шаруалар, малшылар, егіншілер мен қолөнершілер, жатақтар мен қала халықтары, ұсақ саудагерлер мен ауыл адамдары кірді.Хан өзінің қасынан ұлыс сұлтандары мен көшпелі тайпалар көсемдерінің кеңесін құрды. Олар хандық әмірінің соғыс, дипломатиялық мәсе­лелерін, территориялық дау-жанжалдарды және т. б. шешу үшін жыл бойы құрылтайға жиналып отырды. Мемлекеттік басқару жүйесі әдеттегі құқыққа (адат) негізделді. Адатпен бірге мұсылмандық құқық нормалары XVII ғасырдың соңында, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» деген ат­пен бірыңғай жинақ түрінде жүйеленіп, толықтырылған болатын.

Саяси-әкімшілік құрылысы

XVII ғасырдың аяғында Қазақстан аймағында бірнеше феодалдық мемлекеттер, яғни хандықтар құрылды. Бұл кезде қазақ қауымы үш жүзге бөлінді. Үш жүздің халқы Қазақ хандығына бағынды. Үш жүзді билеген қазақ ханы «Ұлы хан» болды. Жүздерді кіші хандар, ұлыстарды сұлтандар, ру-тайпаларды билер, ру басылары, ал ауылдарды ауыл ағалары басқарды.

Қазақ хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Хан өлсе орнына үлкен ұлы отырды. Ер жеткен баласы болмаған жағдайда аға-інілері, немесе олардың балалары сайланды. Бірақ хан мұрагерлерінің таққа отыруы сұлтандар мен ру-тайпа басшыларының құрылтайында, яғни «хан көте­ру» деп аталатын сайлаудан өтуге тиісті болды. Жиында хан болуға лайықты адамды ақ киізге отырғызып, үш рет хан көтеріп, «хан атасы» болған беделді адамның батасын алғаннан кейін, ресми заңды хан тағына отырған.

Шаруашылықтың дамуы.

а) Шаруашылығы

XVI-XVII ғасырларда қазақтарда шаруашылықтың үш саласы анық байқалады:

Көшпелі

Жартылай көшпелі

Отырықшы

Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе. Ірі қара аз болып, негізінен отырықшы аймақтарда өсірілді. Көшпелі шаруашылық малды маусымға қарай жаю тәжірибесін туғызды. Маусымды жайылым 4 кезеңге бөлінді:

Көктеу – көктемгі көш, малдың төлдеу мерзіміне сәйкес келеді.

Жайлау – жазғы көш, мамыр айының басында басталады.

Күзеу – кұзгі көш, суық басталысымен көшеді.

Қыстау – қысқы көш, қарашаның ақырғы күндері қар жауып, мұз қата бастағанда көшеді.

Егіншілік Сырдарияның орта саласы мен Жетісуда, Ертіс бойы мен Зайсан көлі маңында дамыды. Отырар, Түркістан, Сауран алқаптарындағы егістік жерлерді құбырлар арқылы суарып отырған.

Малынан айрылып, көшуге мүмкіншілігі болмаған кедейлер егіншілікпен айналысқан,. Оларды жатақтар деп атаған. Қазақтар аңшылықпен, үй кәсіпшілігімен, қолөнермен айналысқан. Көшпелілер үй кәсібінде мал шаруашылғы шикізаттарын өңдеумен айналысты.

ә) Сауда. Ақша түрлері

Қазақ хандығының Орта Азия, Шығыс Түркістан, Орыс мемлекеттерімен сауда қатынасы дамыған. Ұсақ ақша саудасы қалпына келтіріліп, күміс жалатылған мыс дирхемдер негізгі айналым құралы болды. Отырарда ұсақ тиындар қызметін атқарған мыс фельстер соғылды.

XV ғасырдың екінші ширегі Ұлықбек ақша реформасын жүргізіп, мыс теңгелерге тыйым салынып, оларды жоғары сапалы мыс динармен ауыс­тырды.

XVI ғасырдың бірінші жартысы – Оңтүстік Қазақстандағы ақша айналымында Темір мен Шайбан ұрпақтары шығарған мыс теңгелер пайда­ланылды.

XVI ғасырдың ортасы – Қазақстан қалаларына ортаазиялық мыс теңгелердің ағыны азайып, Ташкентте, Йассыда соғылған мыс теңгелер келе бастады.

Отырарда ішкі айналымға арналған жазусыз мыс теңгелер шығарылды. Күміс теңгелер ірі халықаралық саудада қолданылды.

XVI-XVII ғасырларда соғылған мыс теңгелерге хандардың есімдері жазылған.

XVII ғасыр – Отырарда ақша шығаруда құлдырау кезеңі басталып, теңгелер Түркістан мен Ташкентте соғылды.

XVII ғасырда Оңтүстік Қазақстан қалаларындағы ақша айналымы теңге емес, жуан сымнан кесіп алу арқылы жасалған шағын мыс кесектер түріндегі ақшаның болуымен ерекшеленеді.

б) Қалалар

XV ғасырдың бірінші жартысы — XVII ғасырдың басында – Қазақстан қалаларының саны 23-ке дейін азайып кетті. Рабадтар бос қалып, қала халқы бекініс қамалы бар орталыққа шоғырланды. XVI-XVII ғасырларда аймақтың саяси және экономикалық өміріндегі басшылық рөлі Сырдари­яның солтүстік жағалауындағы Аркөк, Аққорған, Құтжан, Үзгент қалаларына ауысты. Қаратаудың солтүстігіндегі басты қала – Созақ. Түркістан – Оңтүстік Қазақстанның басты қаласы.

XVI-XVII ғасырлар – Қазақстанда 70 мыңдай қала халқы болған.

Сығанақ – Шығыс Дешті-Қыпшақ үшін «сауда аймағы», Қасым хандығының ордасы. XVI-XVII ғғ. қазақ хандығының астанасы, діни орталық. Сыр­дария бойындағы көшпелі даламен шектесіп жатқан шеткі қала.

Отырар – Оңтүстік Қазақстан жеріндегі ірі сауда-өнеркәсіп орталығы. XVI ғасырда Түркістандағы Шайбан әулетінің мекені. VIII ғасырдың ба­сынан Тарбанд атымен белгілі қала. Деректерде: Тұрарбанд, Тұрар, Фараб. V-XV ғғ. Арал бойындағы көшпелілермен сауда жүргізетін орталық болған. Ерзен хан қалада мешіт-медреселер салдырған.

Сауран – XVI ғасырдағы мұнаралы, биік қамал қабырғалы, терең ор қазылған қорғаныс жүйесі. Оның тербеліп тұратын мұнаралары болған. Са­уран қаласы үшін Өзбек пен Қазақ хандығының арасында І ғасырға созылған шайқас болды. XVI ғасырда Қазақ хандығына түпкілікті өтті. Тәуекел хан тұсында – берік қамал, ірі сауда орталығы.

Сайрам – мықты бекініс, ірі сауда-өнеркәсіп орталығы. Мәуереннахрдан Түркістан мен Жетісуға шығатын сауда және әскери жолдардың то­рабына орналасқан қала. Сайрам XVI-XVII ғғ. Қазақ хандығының қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өмірінде басты орын алды.

Созақ – ірі бекініс, сауда және өнеркәсіп орталығы. Қазақ хандығы билеушілерінің басты тірегі, әскери бақылау орталығы.

Йасы (Түркістан XIV ғ.) — XVII ғ. екінші жартысында Қазақ хандығына өтті. Есім хан тұсында астана болды. Керуен сауда жолы Түркістанды ба­сып өтті.

36.XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының мәдениеті

Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен маңызды орын алды. Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар т. б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Бұл кездегі қазақтың қолөнер кәсіпшілігі қарабайыр шаруашылық еді. Үйде істелетін кәсіп бұйымдардың көпшілігі тауарға айналмайтын, өндірушінің өз от­басын ғана қанағаттандыруға пайдаланылатын. Халық өнері, әсіресе, киіз үйдің жабдықтарын, жиһаздарын жасауда ерекше өрістеді.

Бұл кезде оңтүстік Қазақстан қалаларының, Орта Азиямен, Шығыс Түркістанмен, Орыс мемлекетімен сауда-саттық байланысы жанданды. Осы­ның арқасында көшіп-қонушы және отырықшы халық топтарының экономикалық, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынасы кеңейе түсті. XVI-XVIII ғасырларда «Ұлы жібек жолы» бойында орналасқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент т. б. қалалардың тездеп өркендеуі, қазақ халқының біртұтас ел болуына, жеке хандық құрып нығаюына үлкен әсерін тигізді. Түркістан, Отырар, Тараз, Сайрам және тағы басқа қалалардан табылған күміс теңгелер мен мыс ақшалар Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық өркендеп, ақша айналымы дамығандығын көрсе­теді.

Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау жеріндегі кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архи­тектуралық формаларының жинақылық әрі айқыншылығымен ерекшеленді.

Ұлан байтақ кең далада мал бағып, күндерін табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, әлемдегі табиғат құбылыстарын үнемі бақылап отырған. Осы бақылаудың нәтижесінде халықтың көпжылдық тәжірибелері қоры­тылып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен білімдер жинақталған. Және оның негізінде байырғы қазақ күнтізбесі қалып­тасты. Қазақ халқы аспан әлемін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпірқосақ» жайында ұғымын кеңей­тті.

XVI-XVII ғасырларда қазақтар арасында ислам діні кеңінен тарады. Оны таратуда Сығанақ, Түркістан, Хорезм, Бұхара, Самарқанд сияқты қала­лар айрықша рөл атқарды. Ислам діні көшпелі халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп қақтығыстар, соғыстар және түрлі саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың әсіресе көшпелі бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.

XVI-XVIII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақ халқының по­эзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII), т. б. жыраулар.

Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрі дерлік тарихи оқиғаларға құрылған. Мәселен, Қобыланды, Алпа­мыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық дастанда­ры да («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» т. б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.

Бұл кезде Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен XVI-XVIII ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады.

Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырып салма айту мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шеберлері болған. XVI-XVIIIғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэти­калық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663–1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665–1765), және Әйтеке Байбекұлы (1682–1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған.Бұл кезде қазақ тіліндегі жазба әдебиеттері діни және аңыздық мазмұндағы кітаптар түрінде таралды, сондай-ақ тарихи шығармалар мен ру­лар тарихы (шежіре) жасалды. Олардың ішінен Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камалад-дин Бинайдың «Шайбани-намесін», Мұхам­мед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиін», Қожамқұл бек Бахидің «Тарих-и-Қыпшағын», Қадырғали «Жами-ат-таварихын» және басқа да шығармаларды арнайы бөліп көрсетуге болады.Бұл кезде Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен, Орта және Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз араласып отырды. Мұның өзі араб-мұсылман мәдениеті мен ғылымының таралуына әсерін тигізді. Қазақ жерінде мектептер мен медреселер ашылып, оларда оқу араб-парсы және түрік тілдерінде жүргізілді. Қазақтар жазуда араб әліп-биін тұтынды. Мектептер мен медреселерде ғылымның әр түрлі салалары "дін ілімі, матема­тика, логика, философия) бойынша білім беріліп, Шығыстың ұлы ақындарының классикалық туындыларымен таныстырылды. Мұның бәрі қазақ халқының жалпы дамуына, бүкіл қоғамның рухани өмірі мен мәдениетіне игі ықпал жасады.

Сонымен, XVI-XVIII ғасырларда Қазақ қоғамында шаруашылықтың және мәдениеттің дамуында елеулі ілгерілеушілік орын алды. Оның басты се­бебі, қазақ халқының біртұтас мемлекетке бірігуімен байланысты еді.

42.Кіші жүздің Ресей империясының құрамына енуі

Қазақ елінің ауыр сыртқы жағдайын Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының қолдауы арқылы шешпекші болды. Әбілқайыр ханның мақсаттыры:

Қалмақтар мен башқұрттардың Қазақ жерін шабуылдауын тоқтату.

Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңу.

Жайықтың төменгі ағысы, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақтардың мал жайылымдары үшін бейбіт өмірді сақтау.

Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қалпына келтіру.

Ең басты мақсаты – жоңғарларға қарсы күресте Ресеймен байланыс орнату.

Әбілқайыр хан 1726 жылы Ресей империясының құрамына кіруге өтініш білдіріп, елшілерін жіберген болатын. Бірақ елшілікке күмәнданған пат­ша үкіметі хан ұсынысын жауапсыз қалдырған. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы: Ресеймен әскери одақ құру.

Әбілқайыр хан талабы: Ресейдің құрамына кіру.

1730 жылғы қыркүйек – Петербургке аттанған елшілері Сейітқұл Қойдағұлұлы, Құтлымбет Қоштайұлына Ресейдің құрамына кіру туралы құжат тапсырды.

1731 жылғы 19 ақпан – Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы хан ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады.

Кіші жүз ақсүйектері мен Әбілқайырдан ант қабылдау үшін Ресейден сыртқы істер коллегиясының тілмәші, дипломат А. И. Тевкелев бастаған елшілік жіберілді.

1731 жылы қазанда орыс елшілері Ырғыз өзені бойындағы Әбілқайыр ордасына келгенде, қазақ ақсүйектері арасында алауыздық бар екені анықталды. Барақ сұлтан, Бөгенбай батыр топтары Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шараларды аяқсыз қалдыруға тырысқанмен, бұл қарсы­лық сәтсіз аяқталды.

1731 жылғы 10 қазан – Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге ант берді.

Кіші жүздің Хиуа хандығымен, қарақалпақтармен шектесіп жатқан аудандары Ресей империясына қосылмады. Орыс үкіметі Қазақ өлкесі жөнінде отаршылдық саясат ұстанып, 1714–1720 жылдары бекіністер тұрғызған болатын: Жәміш, Омбы, Колбасинск, Железинск, Семей, Ко­ряков (Кереку), Өскемен.

Патша үкіметінің мақсаты – қазақ-жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндеп жаулап алу.

Патша үкіметі Жайық бойына бекіністер тұрғызып, егін шаруашылығына қолайлы өңірлерді басып алып, орыс помещиктеріне, казак-орыс қоныстанушыларына таратып беру саясатын ашық жүргізе бастады.

Жаңадан қосылған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту мақсатында Ресей үкіметі 1734 жылы мамырда Сенаттың хатшысы И. К. Кириллов басқарған экспедиция жабдықтады:

Ор өзені бойында бекініс тұрғызу;

Орта Азия хандықтарымен керуен саудасын кеңейту;

Қазақ өлкесіндегі табиғат байлықтарын игеру;

Сырдария бойында қала тұрғызып, Өзен флотилиясын құру.

Саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты экспедиция мақсаттары түгел іске аспады.

1735 жыл – Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі қаланды.

Орынбор шекаралық комиссиясының келесі төрағасы И. И. Неплюев (1742 ж.) Орск қалашығын 1743 жылы жаңа жерге көшірді. 1743 жыл – Орынбор қаласының негізі қаланды.

1735–1737 жылдары болған башқұрттардың көтерілістері кезінде Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен бірігіп кетуінен сескенген патша үкіметі екінші рет ант алуды көздеді.

1738 жылғы тамыз – Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В. Н. Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының съезін өткізді.

Кіші жүз бен Орта жүзден барлығы 60-қа жуық старшын Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді.

1740 жыл – Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның ант беруі саяси жағдайдан туған айла болды. Ресеймен жақындасып, Орта жүзге жасала­тын жоңғар шабуылын әлсіретуді көздеді.

1734 жылғы 10 маусым – императрица Анна Иоанновна Ұлы жүзді Ресей құрамына қабылдауға келісімі жөнінде жарлық шығарды.

Абылай хан және оның ішкі және сыртқы саясаты

Абылай хан – (Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай сұлтан, Абылай баһадүр) қазақтың белгілі ұлы хандарының бірі. Ол 1711 жылы, кезінде Орта Ази­яның бірнеше қаласының билеушісі «қанішер Абылайдың» баласы «Көркем Уәлидің» шаңырағында дүниеге келген. Әбілмансұрдың әкесі Уәли Түркістанды билеген кезінде, шайқастардың бірінде қазаға ұшыраған. Жау қолынан туған-туыс, үй іші бірдей қырылады. Ханның сенімді көмекшілерінің арқасында Әбілмансұр аман қалған екен. Осы қырғыннан жас ханзаданы Ораз аталық дейтін адам алып шығып, көшпелі қазақ ішінде жан сақтайды. Абылай өзінің шыққан тегін, өзінің хан тұқымынан екенін жасырып келген.

Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүріп, Сабалақ деген ат алады. Төле би үсті-басының тоз-тозы шыққан, шашы өскен оған осы есімді қойған екен-мыс. 1729 жылы жоңғарлармен болған Аңырақай шайқасында Сабалақтың аты шығып, алғаш көзге түседі. 1733 жылы болған соғыстардың бірінде жеңіске жетеді. Сабалақ ортаға «Абылай» деп ұрандатып шығып, қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Қалмақтың қас батырын жеңген Сабалақтың аты қазақ даласына тарап, енді оны «Абылай» деп атап кетеді. Осы шайқастан кейін Абылайдың шыққан тегі мәлім болып, қазақтың ханы Әбілмәмбет «тақ сенікі» деп тағын ұсынған екен. Абылай ресми түрде 1771 жылы, тек Әбілмәмбет қайтыс болған­нан кейін ғана таққа отырады. Абылай өз заманының көреген де ақылды саясаткері, жаужүрек батыры, өткір ойлы, дарынды дипломаты болған. Ол сонымен қатар мұсылмандық білім алған, сауатты да айбынды билеуші болған. 1730 жылы Абылай хан көрші елдермен келісімдерге қатысып, қазақтардың барлық әскери жорықтарын басқарады.

1740–1750 жылдары Абылай жоңғарлармен бейбіт келісімге келіп, жоңғарлар қазақтарға Сырдария маңындағы қалаларды қайтарып береді. 60-жылдары ол Ресей және Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатады. Осылайша Абылай қазақтың жерін көршілерінен қорғап қалу са­ясатын ұстанды. Абылай ханның көреген және шебер дипломатиялық саясатының нәтижесінде XVIII ғасырдағы көшпелі этностардың ішінде қазақтар алдыңғы орынға шықты.

Абылай хан Қазақстанда және одан тысқары жерде дарынды қолбасшы, зерделі саясаткер ретінде танылды. Ол қазақ хандығын қуатты мем­лекетке айналдыруды мақсат етті.

1754–1755 жылдары Қытай Жоңғарияны жаулап алып, Қазақстанның шекарасына жақындайды. Қазақтар Абылайдың бастауымен жеңілген жоңғарларға көмек көрсетеді. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы Қытайға бермей, қайта Қытай әскерлеріне қарсы соғысады (1756 ж.). Қазақ билеушілері Жоңғар мемлекетін сақтап қалуды көздеді, өйткені ол Қазақстан мен қытай арасында өткел ел (буфер) ретінде еді. XVIII ғасырдың екінші жартысында Абылайдың ішкі саясаты орталық билікті нығайтуға бағытталды. Абылай елді ұлыс жүйесімен басқаруды енгізді.

Орталық билікті күшейтуде Абылай ханның жасаған екінші бір шарасы өз дәуіріндегі беделді, талантты жеке тұлғаларға сүйену болды. Абылай ханды XVIII ғасырдағы ұлы жыраулар Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, батырлардан Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, атақты билер Ұлы жүздегі Төле би және Орта жүздегі Қазыбек би мен Кіші жүздегі Әйтеке билер үнемі қолдап отырды.

Абылай ханның көрегендікпен жүргізген ішкі және сыртқы саясаты барысында Қазақ хандығы қуатты, біртұтас мемлекетке айналды.

1781 жылы Абылай хан Түркістанда қайтыс болып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленеді.

Қазақ хандығының жойылуы. Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1783–1797 жж.)

Көтерілістің себептері мен алғышарттары. 1773–1775 жылдардағы Е. Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысқан қазақтардың негізгі та­лаптары қанағаттандырылмады;

Көптеген сұлтандар, билер басқа да Кіші жүздің ықпалды адамдары патша үкіметінің саясатымен келіспеді;

Кіші, Орта жүздердің кейбір аудандары Уфа, Сибирск губернияларына бағындырылды;

Жайық бойындағы казактардың, жаңадан қоныс аударған көпестердің озбырлығы жергілікті қазақтардың ашу-ызасын келтірді. Сон­дықтан көтерілісшілер бұрынғы жерлерді қайтарып алу, Жайық казактарының, Нұралы ханның озбырлығына шек қою сияқты мәсе­лелерді мақсат етіп алдына қойды.

Қозғаушы күштері. Басты қозғаушы күштер көшпенді қазақ шаруалары болды. Бұлармен қатар патша үкіметінің саясатымен келіспеген үстем тап өкілдері (батырлар, билер) де қатысты. Көтеріліске қатысқан Кіші жүз рулары: жағалбайлы, шекті, беріш, табын, шөмекей, алаш, серкеш, таз, байбақты, алаш, қаракесек, төртқара т. б. Көтерілісті байбақты руының старшыны батыр Сырым Датұлы басқарған.

Көтерілістің барысы. 1783 жылы Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының казак әскерлеріне қарсы көтерілуі басталды.

1784 жылы Сырым Датұлы казактар тұтқынынан босап, көтеріліске ірі қол жинай бастады. Бұл тұтқынға ол 1783 жылы желтоқсан айында түсті. Көтерілісшілер арасында Жантөре сұлтан, Барақ, Тіленші старшындар сияқты үстем тап өкілдері де болды.

1784 жылы Сырым Датұлының қарамағына 1000-ға жуық адам шоғырланды. Патша үкіметі көтерілістің етек алуынан сескеніп, жазалаушы от­рядтарды жібере бастады.

1785 жылы 17 ақпанда генерал-майор Смирнов басқарған, казактар мен башқұрттардан құралған 2670-тей адамы бар жазалаушы отряд қара­пайым ауылдарды ойрандап, біраз қазақтарды тұтқындады.

1785 жылы Сырым Датұлы басқарған көтерілісшілердің күресі барынша кеңейді.

1785 жылы наурызда Назаров басқарған Жайық казак отрядтары көтерілісшілерге шабуыл жасады. Мұнда екі жақ та нақты нәтижеге жетпеді.

1787 жылы Колпаков пен Пономарев басқарған, 1250 адамнан құралған жазалаушы отрядтар көтерілісшілерге шабуыл жасауға бата алмай, бейбіт ауылдарды ойрандады. Нұралы ханның патша үкіметін жақтауы көтерілісшілердің алдарына Нұралы ханды тақтан тайдыру мақсатын қоюға себеп болды.

1785 жылы Кіші жүздің ақсүйектер тобы Нұралыны тақтан тайдыру үшін құрылтай өткізді.

1786 жылы Нұралы хан Орал бекінісіне қашып барды.

1790 жылы Нұралы Уфада қайтыс болды. Жайық бойындағы казак әскері жасаған озбырлықтары көтерілістің одан әрі өршуіне себеп болды.

1790 жылы тамызда казак әскерінің басшысы Д. Донсков 1500-ге тарта адам мен бейбіт жатқан қазақ ауылдарын ойрандады. Бұл, әрине, қазақтардың қарсылығын тудырды.

1791 жылы Нұралының орнына Кіші жүздің ханы болып Ералы сұлтан сайланды. Бұл жағдай көтерілістің одан әрі кеңеюіне әсер етті.

1792 жылы Сырым Датұлы Ресейге қарсы күресін ашық түрде кеңейтті. Қазақ феодалдарының біраз бөлігі Сырым Датұлын қолдамады. Ал Жантөре сұлтан, Ералы, Барақ, Ілекбай старшындар Сырым Датұлын қолдады. Бірақ осы уақыттан бастап Сырым Датұлы көтерілісінің қарқыны уақытша бәсеңдеді. Оған көтерілісшілердің Елек пен Красногорск бекіністерін алудағы сәтсіздігі себеп болды.

1794 жылы Ералы хан өлді.

1795 жылы Нұралының ұлы Есім хан болып сайланды. Есімнің хан тағына отыруы Сырымның басқарған көтерілісінің қайтадан өрістеуіне себеп болды.

1797 жылы 17 наурызда Сырым басқарған көтерілісшілер хан сарайына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді.

1797 жылы полковник Скворкин Сырым көтерілісшілерін қудалай бастады, бірақ қудалаушылардың алғашқы әрекеттері сәтсіздікпен аяқталып жатты.

Көтерілістің жеңілуі. Есім ханнның өлімінен кейін Кіші жүзде хан сайлау мәселесі тұрды. Ал патша үкіметі Кіші жүздегі хан сайлау мәселесін жүзе­ге асырмауға тырысты. Бірақ осыған қарамастан, Кіші жүз феодалдары Нұралының баласы Қаратайды хан орнына сайлады.

Осыдан кейін Сырым Датұлы өзіне қарасты халықты артынан ертіп, Сырдарияға қоныс аударды. Ханға, хан кеңесіне қарсы болған Кіші жүздің ықпалды адамдары Сырымның қасына топтасты.

1797 жылы патша үкіметі хандық кеңесті жойып, Кіші жүздегі хандық билікті қалпына келтірді. Хан болып Айшуақ сұлтан бекітілді.

1797 жылы Сырым Хиуа хандығының жеріне қоныс аударды. Себебі бұл кезде Қаратай сұлтан Сырымның қуғындауын жиілеткен еді.

1797 жылы Сырымның Хиуа жеріне өтуі, оның басшылығымен болған көтеріліс те жеңіліспен аяқталды.

1802 жылы Сырым Датұлы Хиуа жерінде қайтыс болды.

Көтерілістің жеңілу себептері

Көтерілістің ұйымдастырылуы нашар болды;

Үстем тап өкілдері (билер, старшындар) арасындағы алауыздық;

Ру арасындағы қайшылықтар;

Көтеріліске шыққан әр түрлі топтар арасындағы байланыстардың нашарлығы;

Жазалаушы казак отрядының қару-жарағы мен күштерінің мықтылығы;

Қазақ феодалдарының Орал казактарына сатылуы;

Қазақ шаруалары арасындағы әр түрлі жағдайлар т. б.

Көтерілістің тарихи маңызы. 1783–1797 жылдардағы Кіші жүздегі шаруалар көтерілісі – XVIII ғасырдағы Жайық бойындағы ірі халықтық қозғалыс. Бұл көтеріліс белгілі бір мөлшерде халықтың патша үкіметіне қарсы көтеріле алатынын дәлелдеді. Көтерілістің дүмпуі біразға дейін басылмады. Бұл көтеріліс патша үкіметі отарлау саясатын ашық жүргізіп отырғанын дәлелдеді.

1801 жылы патша үкіметі қазақтарға Жайықтың оң жағына жайғасуына рұқсат берді. Бұл – Сырым Датұлы басқарған көтеріліс нәтижелерінің бірі.

43.Бөкей Ордасының құрылуы (1801 ж.)

XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жы­лы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әске­ри бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді.

Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ни­ет етті.

Жаңа хандықты орыс жерлері мен бекіністі шептер жан-жағынан қоршап тұрды. Жайық бойында – әскери шептің казактар форпосттары, солтүстігінде – Жаңа өзен шебінің форпосттары, батысында – тұз жолдарының бекеттері мен Астрахан казак әскерлерінің тосқауыл отрядта­ры, қалмақтар жайлаулары, оңтүстігінде – Каспий теңізінің жағалауларындағы орыс қоныстары орналасты. Хандық шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерлерді қамтыды. Жайықтың батыс жағалауына көшіп барған қазақтардың кері қайтуларына рұқсат етілмеді.

1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті.

1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі.

Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақса­тымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйек­терінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді.

1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтік-экономикалық бағытта Ішкі Ордада фе­одалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қана­ушылығына ұшырады.

48.Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі (1836–1838 жж.)

Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор.

Ішкі Ордада көтерілістің алғашқы толқыны 1827–1829 жылдары болып өтті. Қазақ ауылдары Оралдың арғы жағына қайта орала бастады. Өткір жер дауы, салықтық езгі, әлеуметтік қысым, отаршылдық қанау 1836 жылы көтеріліске әкелді. Көтерілісті белгілі батыр Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы басқарды.

1836 жылдың ақпанында Ішкі Орда қазақтарының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Оған сылтау болған Исатайдың хан ордасына шақырылуы еді. Ол барудан бас тартты және өзінің ауылдарын қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.

Хан мен оның айналасындағылар жала жабуға көшті. Барымта кезінде біреулер бақташы шалды өлтірген болатын. Қарауылқожа жүргізген тер­геу ісі Исатайдың және оның жақтастарының өлімге қатыстылығын дәлелдеуге тырысады. 1836–1837 жылдары Жәңгірге қарсы арыз-шағым­дар жазуды Исатай халық алдында хан мен оның айналасындағылардың саясатын әшкерелеу үшін пайдаланды. Исатай халық көп жиналған кезде Ордаға арыз тапсырады, бұл арызды хан 12 күннің ішінде қарастыруға уәде береді, бірақ ештеңе де өзгермейді. Хан уәдесінен таяды. 1837 жылдың басында көтерілісшілердің қимылы өрши түсті. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан өзінің айналасындағылардың Балқы би мен Қара­уылқожаны шеттетуді, билікті ру старшындарының қолына беруді, сондай-ақ көтерілісшілерге қарсы басталған барлық істерді тоқтатуды не­месе оларды билер сотының құзырына беруді талап етті. Жәңгір хан қатты састы. И. Тайманұлы әкімшілікті ханмен арадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге болатындығына көздерін жеткізуге тырысты. Бұл кезде Орынбор әкімшілігі мен хан асығыс түрде казак әскерін, хан жа­сақтарын жасақтай бастады. 15 қарашада таң алдында Тастөбе елді мекенінде көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында кескілескен соғыс болды. Шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, орасан көп малдары қырылды, ондаған адам қаза тапты. Бірақ аздаған қосынмен Жайықтың сол жағасына өтіп Исатай мен Махамбет құтылып кетеді.

Енді көтеріліс Жайықтың сол жағасында жалғасады. 1838 жылғы 12 шілдеде Кіші жүз жеріндегі Қиыл өзенінің бойында көтерілісшілердің жа­залаушылармен кезекті шайқасы өтіп, осы ұрыста Исатай мерт болады.

Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді.

Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды.

49.Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс (1837–1847 жж.)

Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты.

Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортаазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізуге шешім қабылдайды. Қарулы көтерілістің алдында Қасым мен Кенесары тарапынан Орта жүз жерлеріндегі бекіністер жүйесін алып тастауды талап етіп, Сібір басшыларының атына хаттар жазылған еді, бірақ олар жауапсыз қалды.

1837жылдың көктемінде Кенесары азғана жасағымен Ақмола округінің шекарасына келіп жетті. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастады. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырла­ры – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Көтерілістің алғашқы сатысында өздерінің мүдделерін көздеген, Кенесарыдан қорыққан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билердің бір бөлігі де қосылды.

Кенесары 1837 жылы жазда Чириковтың жазалаушы отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл ок­ругтерінің аумақтарын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елшілік жібереді, қазақ жеріндегі бекініс пунк­ттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, бұдан кейін Кенесары Ресейге қарсы белсенді қимылдарын қайта жалғастырады.

1838 жылдың жазында көтерілісшілер әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталады, барлық құрылыстар өртеліп жіберіледі. Бұдан кейін күз бойы қазақтар партизан күресін жалғастырады, Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап және байланыс тораптарын үзіп приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесарының ауылдары Жоламан батыр бастаған Кіші жүздің жасақтарымен бірігу мақсатын­да Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына өте бастайды.

1838 жылдың соңынан бастап Торғай мен Ырғыз аудандары қазақ жасақтарының негізгі базасына айналады, ал Кенесарының әскері Орта және Кіші жүздердің көптеген руларын біріктіреді. Орынбор әкімшілігі, жазалаушы экспедицияның еш нәтижесіздігін көргеннен кейін қазақтар­мен бітім жасасады. Патша үкіметі тарапынан 1840 жылы Кенесарыға кешірім жасалады, оның туыстары тұтқыннан босатылып, орыс әскер­лерінің жазалау жорықтары тоқтатылады, хан мен орыс әкімшілігінің арасында келіссөздер жүргізіледі.

1841 жылы қазақ мемлекеттігінің қайта жаңғыруына байланысты азаттық күрестің жаңа сатысы басталады. Ұлытаудағы қазақ рулары өкілдерінің кеңесі 1841 жылы жазда Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары хан орталық үкіметті нығайтуға және күресті жалғастыру үшін мықты тылды құруға бағытталған бірқатар әкімшілік пен сот реформаларын жүргізді. Хан маңында оның жақтастары кірген кеңесші орган – Хан кеңесі құрылады. Салық жинауға, әскери дайындыққа, мәмілегерлік істерге жауап беретін қызметтер ұйымдастырылады.

Ханның ерекше көмекшілері – жасауылдар ел билеуде ханның сенімді адамдары болды және хан бұйрықтарының орындалуын қадағалап отыр­ды. Сот ісімен тек Кенесарыдан рұқсат қағазы бар билер ғана айналысты. Барлық көшпелі елге «зекет», егіншілерге «ұшыр» салығы салынды. Кенесарыға бағынған қазақ рулары орыс және қоқан қазынасына төленетін салықтан босатылды. Хан өз әскерін қайта құрды. Оның өз ар­тиллериясы болды, қазақтар жаяу әскер өнерін де игере бастады. Тұтқынға түскен және қашқын солдаттар мен офицерлерден Кенесары орыс тактикасының негіздерін үйренді. Ол әскердің ерекшелік белгілерін және көзге түскен жауынгерлерді марапаттау жүйесін енгізді. Көтерілістің күшейген тұсында хан тәртіпті, жақсы үйретілген, жинақы 20 мыңға дейін жететін атты әскер құрады.

Даладағы әскери қимылдар 1843 жылы қайта жанданды. Полковник Бизановтың басшылығымен 5000 адамнан тұратын отряд Сахарная бекінісінен, басқа отрядтар Омбыдан, Қызылжардан (Петропавловск) және Қарқаралыдан шықты. Тобыл өзені жағынан патша үкіметіне берілген сұлтан Ахмет Жантөриннің қазақ жасағы да шықты. Кенесары шайқастарда Бизановтың отрядын әбден титықтатып барып, 1843 жылдың қыркүйегінде оны Орскіге шегінуге мәжбүр етті.

1845 жылы күзде орыс әскерлері және патша үкіметіне берілген аға сұлтандардың жасақтары Кенесарының ауылдарына жаңа шабуылдарын бастады. Оңтүстікке шегіне отырып хан орыс әскерлерімен күресін тоқтатпады, алайда негізгі күш Қоқанмен соғысқа жұмылдырылды. Батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен қосылып Кенесары Қоқан билігіндегі қазақ руларын азат ете бастады. 1846 жылы қыста Кенесары жасақтары Іле өзеніндегі және Алатау баурайындағы Ұлы жүздің қоныстарына келіп жетеді. Кенесары қырғыз манаптарын Ресей мен Қоқанға қарсы бірлесіп күресуге шақырады. Алайда Ормон манап бастаған қырғыздар оның ұсынысынан бас тартады да, Кенесарының билігіндегі ауылдарға шабуыл жасай бастайды. Үш майданда – қоқан әскерлеріне, қырғыздарға және орыс отрядтарына қарсы ауыр соғыс басталады.

1847 жылы Кенесары жасақтары қырғыз шекарасына жақындады. Мұнда олар орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті жерді білмеу, қырғыздармен арадағы жаугершілік, қырғыз, қоқан және орыс отрядтарының біріккен әрекеттері жеңіліске себеп болды. Кенесарының соңғы шайқасы Пішпекке таяу жердегі Кекілі тауында өтті. Тау ішінде қазақтарды қоқан және қырғыз әскері қоршап алады. Кенесары тұтқынға түседі. Өлім алдында ол тағы бір рет қырғыз манаптарына жаулықты тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін күштерді біріктіруді ұсынады, алайда бұл жолы да қырғыз манаптары оның ұсынысын қабылдамайды.

Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаков соғыста көзге түскен барлық қырғыз манаптарын марапаттайды, ал Кенесарыны өлтірген манап Қалиғұл Әлібековке құрмет хатын табыстап, оны күміс медальмен марапаттады. Кенесары көтерілісі Ресей Отаршылдығына қарсы бағыт­талған қазақ елінің ең ірі бас көтеруі болды. Көшпелілер он жыл бойы өз тәуелсіздігін, еркіндігін қорғап, мұздай қаруланған Ресей әскерімен алысып, өз хандығын, соңғы ханын қорғады.

50.Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов басқарған көтерілісі (1853–1858 жж.)

XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды.

Хиуа және Қоқан феодалдары Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы және Ырғыз, Торғай, Емба өзендерінің аңғарларындағы қазақтарды өздеріне қаратуды көздеді. Олар бұл жерлерге үнемі шапқыншылық жасап отырды. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңадария және Қуандария алқаптарын басып алып, бұл жерлерде әскери бекіністер салды, оған Арал маңындағы қазақтарды күштеп пайдаланды. Хиуа хан­дығы жергілікті халықтардан алым-салық жинап отырды. Сөйтіп, қазақтар тек өз феодалдарына ғана емес, сондай-ақ Хиуа және Қоқан биле­ушілеріне де зекет және ұшыр төледі. Алым-салық жинау үшін олар әскери күштерді пайдаланды.

Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім ру­ынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1780–1860жж.) басқарды. Шекті руы басшыларының бірі – Жанқожа жай қарапайым халық арасында бе­делді әрі мақсаткер батыр ретінде даңққа бөленді. Жанқожа Сырдария бойы қазақтарының, соның ішінде егінші бұқараның өте күшті отар­шылдық езгіге түскендігін түсінді. Сондықтан Сыр бойы қазақтарының бостандығы және хиуалықтардың озбырлығына қарсы күресте батыр өзінің жасақтарын құрды. Оның жасақтары бұған дейін 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге Созақ қамалын қамауға қатынасқан бо­латын. 1842 жылдың күзінде Жанқожаның әскері Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы қиратып, қала коменданты Бабажанды өлтірді. 1843 жылы Жанқожа батырдың жасақтары Қуандария бойындағы хиуалықтар тұрғызған қамалды талқандады, ал 1845 жылы осы қамалды қайтадан қал­пына келтіру үшін жіберілген екі мың хиуа шоғырларын талқандап жеңді. 1853 жылы орыс әскерлері Ақмешітті басып алып, жаңадан Сырдария әскери желісі пайда болды.

Алым барлық халықтардан бірдей алынды. Ірі бай, орташа, кедей – бәрі бірдей мөлшерде, яғни әр шаңырақ төлеп отырды. Сырдария бойын­дағы шекаралық өкімет Райым және Қазалы әскери қамалдарын салу үшін мыңдаған қазақ шаруаларын айдап келіп, еріксіз жұмыс істетті. Әскери қару-жарақтар және азық-түлік тасу үшін де қазақтарды күштеп қызметке тартты. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.

Орыс отарлаушыларына қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 жылы желтоқсан айында басталды. Көтерілістің басталуының себептері қазақтардың еріксіз жұмыстарға жегілуінде, жолды пайдаланудағы, керуендерге қызмет көрсетудегі ауыр салықтар, сондай-ақ патша өкіметінің қоныс аударушылық саясатында жатты. Бұл көтеріліс кезінде Жанқожа өзінің жақсы меңгерген әскери әдісін қолданды, ол 1856 жыл­дың аяғында Қазалы фортын қоршауға алды. Бұған дейін көтерілісшілер казак-орыс тұрған Солдатская слобода поселкісін жойды.

1856 жылы 19–23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты.

Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал-губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал-майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Жанқожа сарбаздарының шабуылы сәтсіздікпен аяқталып, аман қалғандары бытырап тарап кетті. Ауыр жа­раланған Жанқожаны сарбаздар шайқас болған жерден алып шығып, қауіпсіз жерге жасырды.

Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ата­тын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді.Көтерілістен кейін Жанқожаның өзі халықтан бөлініп, тек бидің қызметін атқарды, кейін оны жаулары опасыздықпен өлтірді. Бірақ осыған қарамастан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған 1856–1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өй­ткені, ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық-азаттық қозғалыс еді.

XIX ғ. Қазақстандағы экономикалық қатынастар

XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.

70–80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін бол­ды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т. б.) көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. Қазақ халқы айырбас шарты­ның қандайына болса да келісуге мәжбүр болды, өйткені ол өзіне қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашы­лығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.

Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрін – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей орда­сында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл, (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атба­сарда) және 50 ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулиеата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.

Қазақстанда сауда капиталының пәрменді түрде енуімен өлкеде сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары көбейді.

XIX ғасырдың 80–90 жылдарында Қазақстанда өсімқорлық сауда жаппай тараған кез еді. Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар, банктер мен басқа да кредит мекемелері беретін қарыздардың капиталистік формалары орын ала бастады.

Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30дан астам қалалар мен 400 казак-орыс поселкалары пайда болды. Қалаларда әскери адамдар, құрметті азаматтар мен сауда­герлер, қазақ ұлықтары тұрды. Қала халқының көпшілігі кедейленген шаруалар мен майда кәсіпорындарының жұмысшылары болатын.

XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің қаржыларын әкеле бастады. Жер мен шикізат арзан еді, жұмысшылардың жалақысы төмен болды. Мұның өзі банк мекемелерінің ашылып, олардағы ақша айналым қатынаста­рын күшейтті. 1871 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған банктердің бірі – Петропавлдағы негізгі капиталы 40 мың сом болатын қалалық қоғамдық банк еді. 1875 жылы Ташкентте Мемлекеттік банк бөлімшесі құрылды.

Табиғи қазба байлықтарға өте бай Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т. б. рудниктері жұмыс істеді. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Шымкент пен Түркістанда негізінен мақта тазалайтын бірнеше зауыт істеп тұрды. Арал теңізінде, Павлодар уезіндегі Қарабас көлінде, Орал облысы Басқұншақ кәсіпшілігінде тұз кен орындары ашылды.

XIX ғ. 70-ші жылдары ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874–1876 жылдары Орынбор темір жолы салынып, ол Торғай об­лысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды.

Сонымен, капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлінісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.

51.Қазақстандағы XIX ғ. 60–90 жж. әкімшілік-саяси реформалар

1867–1868 жж.

1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер ми­нистрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уалиханов Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-эко­номикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.

1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д. А. Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде II Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» бекітті.

1867–1868 жылдары реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының XIX ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамалар­ды әлсірету» болды.

Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір, әрбір генерал-губернаторлық об­лыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал– губернаторлықтарының құрамына кірді. Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды.

Әкімшілік басқарма әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғыр­ландырған әскери губернаторлар тұрды.

1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ере­же» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотының шешімін орындату кірді. Ауыл стар­шындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады.

«Уақытша Ереженің» 210-тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды, ел билігі орыс шенеуніктерінің қолына шоғырланды.

Ескі экономикалық және идеологиялық жағынан тұтас, туыстыққа негізделе біріккен әкімшілік-рулық ұжымдардың орнына «Уақытша Ережені» енгізудің нәтижесінде жасанды бірліктер пайда болды. Осының бәрі қоғамдық билік жүйесінің дәстүрлі базасына әсер етті. Сондықтан тоқырауға ұшырады, оның маңызы, беделі және қажеттілігі төмендеді.

54.1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.

1886 жылдың 2-маусымындағы Түркістан өлкесін басқару туралы ереже. III Александр патшаның Түркістан өлкесін басқару туралы 1886 жылғы 2 маусымда қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкені басқарудың бүкіл құрылымына реформа жасауды бастап берді. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқанд кіргізілді. Кейініректе, 1897 жылы, Жетісу облысы да жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына берілді. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын, көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды.

1886 жылғы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі ны­саны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялап, жергілікті халықты жерін беймерзім жалға бе­рушілер деп қараған үкімет, соңғыларына «мал жаюға, топырақ және тас, балшық жинауға» құқық бере отырып (253-бап), номадтардан құнар­лы алаптардың алып қойылуын тездетті, ол XX ғасырдың басында столыпиндік аграрлық реформалардың жүргізілуімен аяқталды. 1886 жылғы Ереженің отаршылдық бағыты салық жүйесінен де өз көрінісін тапты. Ол 1867 жылғы Уақытша ереженің баптарын қайталады; әр түрлі міндеткерліктердің көлемін көбейтті. Мысалы, шаңырақ алымы 4 сомға дейін көбейтілді. Сот құрылымындағы өзгерістер Ережеде көрсетілген жаңалықтардың іске асырылуын заң тәртібімен қамтамасыз етуге тиіс болды және ол рыноктық қатынастарға тартылған әле­уметтік жіктердің мүдделерін қорғауды көздеді. Негізгі үш сот инстанциясы – бітістіруші судья, облыстық сот және үкіметтік Сенат отаршылдық тәртіптер енді ғана орныға бастаған жағдайларда қоғамның тіршілігін құқықтық жағынан қамтамасыз етуді реттеген бұрынғы заң ережелерін жоққа шығарды.

1891 жылдың 25 наурызындағы Далалық облыстарды басқару туралы ереже. Өңдеуші өнеркәсіптің ұлғаюы, кен өндіретін өнеркәсіптің біршама тез дамуы, жаңа темір жол желілерінің салынуы, урбанизация үрдісі, жұмысшы табының қалыптасуы – осының бәрі жи­нақтап алғанда әлеуметтік-экономикалық факторлардың бүкіл жүйесінің өзгеруіне әкеп соғып, Қазақстанды отарлық шет аймаққа айнал­дырды, барған сайын нығайып келе жатқан рыноктық кәсіпкерлікті заң арқылы қамтамасыз етті.

Ерекше Комитеттің пікірі бойынша, «бірінші алғашқы ереженің» барлық өзгерістері «оның уақытша сипатын жоюға» және оны жүзеге асыру ба­рысында «іс жүзінде кездестірілген» алауыздық атаулыны неғұрлым «дәл редакциялау» арқылы жоюға, сондай-ақ «империяның басқа бөлімдеріне неғұрлым қолайлы келуі мүмкін негіздерде» басқару және сот жүйесін дамытуға, толықтыруға тиіс болды. Ұсынылып отырған «Ере­же» капитализмнің «кеңейе» дамуына байланысты өзгерістерді ескеру негізінде Қазақстандағы Ресей әскери-әкімшілік өкіметін орнықтыру үрдісін аяқтауға тиіс болды. Сонымен, 1891 жылдың 25 наурызындағы патша жарлығын Қазақстанның әр түрлі тілде сөйлейтін халқының өмірін қайта құруға нысаналы түрде жасалған әрекет деп қарау керек. Жаңа реформаны қабылдау уақыты империя халқының саяси бел­сенділігінің жандануымен, азаттық қозғалысының өрістеуімен ерекшеленді. Облыстарды басқару жүйесі тәртіпке келтірілді: патшаның қалауы бойынша арнаулы «патша жарлығымен» тағайындалатын және босатылатын, далалық генерал-губернаторына бағынатын Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының Бас басқармалары құрылды. Генерал-губернатор қайтыс болған немесе қызметінен босатылған, яки ауырған жағдайларда, егер бұл орайда оның міндетін атқаруды император басқа адамға тапсырмаса, оның міндеттерін жергілікті әскери губернатор­лықтың қызмет бойынша дәрежесі үлкені уақытша атқарды.

1891 жылғы ережеде далалық облыстардағы сот құрылысына елеулі толықтырулар мен нақтылаулар жасалды. Ең алдымен онда «Уақытша ереженің» көшпелілерді де, отырықшыларды да Ресейдің ішкі губернияларының селолық тұрғындарына теңестіру туралы бабы нығайтылды.

Үкіметтің бұрынғы сот жүйесін қатты өзгертуіне себеп болған негізгі міндет ислам шариғатын уағыздаушы билерді және құқықтық жүйені ығыс­тырып шығару, олар ондаған ғасырлар бойы пайдаланып келген жеңілдіктерді жою болды. Жаңа ереже билер сотын жойып, халық соты деген жалпы атаумен құқықтық құрылыстың жаңа құрылымын енгізді.

1891 жылғы Ереженің 119-бабында ел мекендейтін де, мекендемейтін де бүкіл жер қорының мемлекеттік меншік деп жариялануы заңдасты­рылды, ал жазғы жайлаулар дағды бойынша көшпелілердің пайдалануында қалдырылды; кен кәсіпшілігіне арналған қысқы қыстаулардағы жер­лер жалға берілді. Жалпы алғанда 1886–1891 жылдардағы Ереже XIX ғасырдың аяғындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдаяттарын көрсете отырып, XIX ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ басталған жаңалықтардың жалғасы және аяқтаушы кезеңі болды.

62.Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы

Жетісуда егіншіліктің дамуына XIX ғасырдың 70–90 жылдарында Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер ықпал етті. Қоныстандыру екі кезеңде болды. Бірінші кезеңде 1877 жылы Тоқмақ ауданына (Солтүстік Қырғызстан) шэньси дүнгендерінің бір тобы келді, 1881–1883 жылдары, Санкт-Петербург шартына сәйкес, Іле өлкесінен ұйғырлар мен дүнгендердің негізгі көпшілігі қоныс аударды.

Қоныстанушылардың жаңадан 5 болыс: Жаркент және Кетпен (қазіргі Панфилов ауданының аумағында), Ақсу-Шарын (Ұйғыр ауданында), Ма­лыбай (Шелек ауданында), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында) болыстары құрылды.

Жетісуда ең жақсы жерлер казактардың пайдасына тартып алынып қойғандықтан, ұйғырлар мен дүнгендер қолдан суландырылмайынша егіншілікке онша жарамды болмаған учаскелер алды. Облыстың село халқын жерге орналастыру жөнінде 1882 жылы Жетісу облыстық басқар­масы белгілеген ережелер негізінде дүнгендер мен ұйғырлар әрбір еркек адамға 10 десятинадан жер алуға тиісті еді. Алайда 1885 жылы қоныс­танушыларға үлесті жер бөліп беру қолға алынған кезде, әрбір еркек адамға 4–5 десятинадан ғана жер бөлініп беріліп, 1892 жылдың 1 қаңта­рынан бастап оброктық алым – салық салынатын болды.

Селодағы және қаладағы ұйғыр мен дүнген халықтары өздерінің әкімшілігі, мешіті және оны басқаратын дінбасы бар қауымдарға бөлінді.

Қоныстанушылардың кедейленген бөлігі алғашқы кездерде өздеріне берілген үлесті жердің шағын учаскелерін ғана игере алды. Соның нәти­жесінде қауымдар ішінде өзінше бір арендалық қатынастар қалыптасып, қауымның кедей мүшелері өздерінің үлесті жерлерін немесе олардың едәуір бөлігін қауымның әлді мүшелеріне беріп отырды, ал өздері «арендаторларға» күнделікті жұмысшылар (мердігерлер) ретінде өнімнің бір бөлігін алатын болып жалданды. Бұл үлесті жерлер формальды жағынан әлі де бұрынғы иелерінің атында болып қалғанымен, іс жүзінде олар жаңа қожайындардың толық иелігіне көшетін.

Сөйтіп, қауымдардың жоғары бай топтары, дінбасылар және дүнген, ұйғыр қауымдарының селолық әкімшілігінің өкілдері қауымның көптеген мүшелерінің үлесті жерлерін өз қолдарына шоғырландырып, ірі жер иелеріне айналды.

Қауымдық жерлердің село байларының қолына шоғырлануына дүнгендер мен ұйғырлардың шет кәсіпке кетуі де себепші болды. Алған жерлері құнарсыз болып, жұмыс көлігі мен ауыл шаруашылық құралдары болмаған кедейлер алым-салықтар төлеу жөніндегі жеңілдік берілген мерзім біткеннен кейін мүлдем күйзелді, өздерінің үлесті жерлерін жаппай тастап, қалаларға жалдама жұмысшы және ауыл шаруашылық батырақта­ры болып табыс іздеп кетті.

Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Дәнді дақылдар ішінде бидай басым болып, жердің жартысынан астамына бидай егілді.Ұйғырлар сондай-ақ мақта өсірумен және ішінара жібек құртын өсірумен де айналысты. Дүнгендер мен ұйғырлар май дайындау үшін зығыр мен күнжіт, қыша екті. Кейіннен темекі өсіріп, оны жергілікті рынокта тиімді етіп өткізе бастады.

Жетісуда қоныс аудару қоныстандырушыларға да әсер етпей қойған жоқ. Егер бұрын ұйғырлар мен дүнгендер шаруашылығында ағаш сабандар мен басқа да добал құрал-саймандар қолданылып келсе, енді олар темір соқаларды, тырмаларды, сеялкаларды, т. б. пайдаланатын болды, жаңа ауыл шаруашылық дақылдарын: сұлы, темекі, картоп, помидор және басқаларын егуді игерді. Байырғы халықтар – қазақтар мен қырғыз­дардың әсерімен дүнгендер мал шаруашылығымен айналыса бастады.

Ұйғырлар мен дүнгендердің тарихи тағдырлары Ресейдің бір бөлігі ретіндегі Қазақ өлкесі халықтарының тағдырымен тығыз астасып кетті.

61.Қоныс аудару саясаты (XIX ғ. 1870–1880 жж.)

XIX ғасырдың 70-жылдары орыс және украин шаруаларын қоныстандыру басталса, 80-жылдары қарқынды жалғасты. Алғашқы қарашекпен қоныстары 1879 жылы Көкшетау уезінде пайда болды.

Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысы бойынша 1868 жылғы «Шаруалардың Жетісуға көшуі туралы Уақытша ере­желер» қабылданып, ол 1883 жылға дейін қолданылды.

1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының көші-қонды басқару ережесі қабылданды. Бұл құжат бойынша әрбір ер адамға 10 десятина жер берілді, қоныстанушылар 5 жылға дейін салықтан босатылды, кейін 5 жылда салықтың жартысын ғана төледі.

«Ауыл тұрғындарын өз еріктерімен жаңа жерге көшіру және бұрынғы көшірілген топтар туралы арнайы ережесі» 1889 жылдың 13 шілдесінде қабылданып, қоныстандыру тек алдын ала Ішкі істер министрлігінің және мемлекеттік жер иеліктері министрлігінің рұқсаты арқылы іске асы­рылды. Бірақ патша жаппай қоныстандыру үрдісін бақылай алмады. Шаруалардың өздігінен көшуі жалғаса берді. 1891–1892 жылдары егіннің шықпауынан орыс шаруалары еуропалық Ресейден шығысқа қашып, қазақ жерлеріне қоныстанып алды.Ережеде қоныстанушылардың аудандары нақты Томск және Тобыл губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары деп көрсетілді. 1891–1892 жылдары заң Торғай және Орал облыстарына да тарады. Шаруалардың қоныс аударуы қазақ көшпелілерінің жерлерін тартып алу есебінен жүрді. Қоныс аударушы шаруалар арқылы отарлау Сырдария облысына да тарады.Қазақ жерінің Сібірмен және Приволжьемен темір жол арқылы жалғастырылуы, Қазақстанға орыс қоныс аударушыларына қолайлы жол ашты. Нәтижесінде орыс шаруалары құнарлы жерлерге қоныстанса, қазақтар сусыз, нашар жерлерге көшірілді. Қазақ өлкесінің демографиялық жағдайы да өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша өз жерінде қазақтардың жалпы мөлшері 87,1%-ға кеміді. Қоныс аударушылар көбінесе стратегиялық маңызды аудандарға көшіріліп, мылтықпен қаруландырылды.

52.Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.)

«Уақытша ереженің» енгізілуі Орта жүзде қарсылыққа кездеспеді, сөйтіп көтеріліс негізінен Кіші жүзді қамтыды. Зерттеуші Н. А. Середа Орал облысындағы ашу-ызаның себебі «халық пен реформаларда» емес, қазақтарды сұлтандар арқылы басқару әдісінде деп білді. Көшпелі ха­лықтың ашу-ызасын туғызған факторлардың бірі үкіметтің фискалдық саясатының қатайтылуы еді. Оның үстіне қатардағы көшпелілер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Мұның өзі патша өкіметінің қазақ қоғамының артықшылықтары, топтары жөніндегі қамқор­шылық саясатының көрінісі болды; салықтар мен басқа да міндеткерліктердің күрт көбейтілуі Орал, Торғай облыстарында халықтық бой көрсе­тулердің басталуына түрткі болды.Патша «Уақытша ережені» мақұлдағаннан кейін үкіметтің бірден дерлік жүзеге асырыла бастаған салық саясатына қазақтардың наразылығы 1868 жылғы қарашаның аяғына қарай қарулы қарсылыққа ұласты. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын тамаша білген көтерілісшілерге қар­сы қимылдаған шағын казак шолғыншылары олардың тегеурінін әлсірете алмады.

Жазалаушылардың неғұрлым ұйымдасқан қимылдары 1869 жылдың көктемінен басталады. Наурыз айының басында Орынбордан Жем ауда­нына екі жүздік казак отряды жіберілді. Бірақ далада келе жатқан кезінде отряд үкіметтің әлі де реформа енгізуге батылы бармай отырған Қобда және Елек өзендерінің бойында қимыл жасап жүрген «қазақтар қарақшыларының» шабуылына ұшырады. Көтерілісшілердің бұл тобы біріне Ханғали Арсланов сұлтан, екіншісіне Ықылас Досов басшылық еткен екі жасақтың біріккен күші болғаны анықталды.Қарулы бой көрсетулер шектес екі облыстың бірқатар аудандарында бір мезгілде дерлік болуы себепті тұрақты бөлімдер аз болған кезде қазақтардың нақты күштерін ұтымды бөлу қиын болды. Оның үстіне көтерілісшілер өздерінің бытыраңқы жасақтарын үкіметтің өзін-өзі қорғай­тын күштерімен жеткілікті қамтамасыз етілген ірі әскери-тірек бекеттеріне қарсы емес, қайта қазақ ауылдарына казак отрядтарының қорғауымен жасырынып жүрген жеккөрінішті старшындарға, болыстарға қарсы бағыттады.Көтеріліс Орал облысының солтүстік-батыс аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы халық көтерілістері бойынша да отаршылдыққа қарсы қозғалыстарға белсене қатысқаны аңғарылған жауынгер табын, шекті руларының қоныстарын кең қамтыған. Бұл жолы да табындар реформа­дан кейінгі кезеңдегі отаршылдыққа қарсы күреске елеулі үлес қосты.Отаршылдық өкімет орындары көтерілістің шектес екі далалық облыс аумағына қанат жаюының шын мәніне бойлап жатпай, мұның себебін барлық уақытта хиуалықтардың ықпалы деп білді.XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін Хиуа үкіметі Ресейге барынша адалдық көрсетіп, онымен ең алдымен өзара тиімді сауда қатынастарын жа­сап отырды.

Алайда Қазақстанның оңтүстігіндегі Ресейдің соғыс қимылдары, өзбектердің басты қаласы Ташкентті орыс әскерлерінің шабуыл жасап басып алуы Хиуаның Ресейге көзқарасын күрт өзгертті, Хиуа ханы өзін Ресейдің барған сайын өршеленген және ашықтан-ашық «дұшпаны етіп» көрсетті, сөйтіп Орал облысының оңтүстік аудандарында көшіп жүрген қазақ руларын осы аймақтағы Ресейдің ықпалына қарсы аттанысқа итермеледі. Хиуа ханы реформаларды жүзеге асыру қызған кезде, табын, назар руларына өз өкілдерін жіберіп, оларды өз мүдделерінің арна­сында ұстауға тырысты. Хиуа билеушілерінің Орал және Торғай облыстарының көтерілісшілерімен тұрақты ынтымағын анық факт деп есеп­тейміз, өйткені Ресей тарапынан ол қоқан хандығын соғыста жеңіп, Қазақстанның оңтүстік шегінде империялық билік орнатқаннан кейін нақты қауіп-қатердің күшейе түскен жағдайында оны дербес ел ретінде Хиуа шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін талап еткен болатын. Оның үстіне далалық екі облыстағы көтерілістің жетекшілері – Ханғали Арсланов сұлтан, билер Дәуіт Асауылов, Әзберген Мұңайтпасов, Уфа молдасы Ықылас Досов, молда Рысқұлов және басқалар Хиуа билігімен әр түрлі дәрежеде байланысты болатын, оның қол­дауына сүйеніп, сол арқылы патша өкіметінің Хиуа хандығы аумағында да соғыс қимылдарын жандандыруына себепші болды.

52.Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)

«Уақытша ереже» Маңғыстауда 1870 жылы енгізілді. Патша әкімшілігі Маңғыстаудың негізгі халқы – адай руы «Уақытша ережені» күрессіз қабылдамайды деп қауіптенді және оны жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды күтті.

Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869–1870 жылдар үшін шаңырақ алы­мын жаңа тарифке сәйкес дереу енгізуді талап етті; көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшы жатақтары Ру­киннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатуға тырысқан Рукиннің ойланбай жасаған әрекеттері жер-жерде көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жа­залаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты. Көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станицасына, Александ­ровск фортына шабуыл жасады, алайда олар сәтсіздікке ұшырады. Патшалық өкімет орындарын көшпелілердің батылдығы қорқытты, мұның өзі оларды қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр етті; Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертті. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Графтың жоспарында «елдің ішіне тереңдей еніп, онда жергілікті адайлар өздерінің көшуі үшін қажет болған кезде айналып өте алмай­тындай бекіністерді алдын ала басып алып», сол арқылы олардың шегінетін жолына кедергі жасау, «бағынуға мәжбүр ету» көзделді. Орыс от­рядтарының алуы үшін қолайлы бекіністер ретінде Кутаисов Маңғыстаудың Киндері шығанағынан және Үстірт қыратының солтүстік бөлігінде, Орынбор даласымен «көршілес» жатқан Сағым алқабынан жүз шақырым жердегі Бесақты шатқалын таңдап алды. Александровск форты ауда­нындағы әскер топтарының бастығы генерал-майор Комаровтың пікірі бойынша, ауданға тұрақты бөлімдердің едәуір құрамасын шоғырланды­ру көтерілісшілерге қорқынышты әсер етуге және 1871 жылғы 1 ақпанға қарай оларды отаршыл өкімет орындарының «орыс өкіметіне бағынуы жөніндегі» шартын қабылдауға мәжбүр етуге тиіс болды. Графтың жоспары сәтсіздікке ұшыраған жағдайда Орынбор өлкесінің генерал-губер­наторы Н. А. Крыжановский жергілікті тұрғындардың Үстіртке, «бейбіт ауылдарға өздерінің шегіне кірер жолын жауып тастауды ұсынды». Қозғалыс жетекшілерінің Хиуа хандығына оның тарапынан сырттай қолдауды қамтамасыз етуге үміт артып делегация жіберуі жергілікті өкімет орындарын тағы да мазасыздандырды. Хиуалықтар тарапынан талай тонаушылықтар мен алым-салықтарды бастан кешірген адайлар олардың қолдауы туралы, қасиетті Ислам дінін таза сақтау туралы уәделеріне сене де бермейтін еді. Оның үстіне патша өкіметі оңтүстік ай­мақты басып алғаннан кейін Хиуаның Ресей сияқты құдіретті әскери державамен жанжалға баруы екіталай болатын. 1870 жылдың желтоқса­нында қозғалыстың жетекшілері Досан Тәжиев, Ержан, Ертімбет Құловтар, Иса Тіленбаев және олардың көптеген серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтті.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жа­залаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрістері мүдде­лері отаршыл империяның әскери құрамаларының өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушы­лықты туғызды. Көтеріліс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды – бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның бір бөлігі қазақ шаруаларының бой көрсетулерімен қамтылып, «Уақытша ереженің» жүзеге асырылуын қиындатты.

XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті

Материалдық мәдениет. Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнермен байланысты еңбек құралдары болып табылады. XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолда­ныла бастады. Ең көп таралған қару түрі үш метрлік «сойыл», одан соң «шоқпар» болды. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды.Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші-қонға ыңғайлы киіз үйлер болатын. Қазақтың киіз үйлері олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат деп аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болатын. Сыртқы түрі бойынша күмбез тәрізді және шошақ болып келетін. Қысқы қыстаулар орналасқан өзендердің аңғарлар мен тау шатқалдарына қазақтар­дың киіз үйлері тұрақты үлгімен салынатын. Бұлар жер бетіне киіз үй сияқты етіп тастан (шошала), қамыстан (доғара) тұрғызылған құрылыс түрінде, тік бұрышты жеркепе және жертөле, жер бетіне тік бұрышты етіп салынған шым үй және саз балшықтан домбаздалған соқпа там бол­ды. Дәстүрлі ағаш жәшіктер – кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүкаяқтардың және ескіден келе жатқан төс-ағаштардың орнына, қазақтардың тұрмысында әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды.

Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнде­летін.

Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарла­рының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, ба­сына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.

Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлек­терінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.

Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар ту­ралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап же­келеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.

XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зор­лық-зомбылығын әшкерелеген.

Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – ке­дейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.

Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының та­рихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.

Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы му­зыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри бер­ген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ой­налатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас ха­лықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бас­таған көтеріліс елеулі із қалдырды.

Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығарма­ларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.


XIX ғ. екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті

XIX ғ. 60-жылдары Қазақстанда бастауыш мектептердің ашылуы Ы. Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. 1867–1868 жылдардағы ре­формалардан кейін мұндай мектептер Қазақ өлкесінің көптеген аймақтарында жұмыс істей бастады. 1868–1869 жылдарды Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі, 2 екі сыныптық, 6 селолық 1 сыныптық, 14 жоғары сыныптық мектеп және 2 жекеше училище болды. 1877 жылға қарай Орал казак әскерінің 47 мектебінің бесеуі қыздар мектебі еді. Облыста 70-жылдардың басынан бастап мектеп ісі едәуір жандана түсті. Ер ба­лалар және қыздар гимназиялары мен прогимназиялары, мұғалімдер даярлайтын семинария, ер балалар оқитын уездік приход училищелері, округтік әскери училище, станицалық және басқа да оқу орындары ашылды. 1883 жылы қазақ балаларын оқытуға арналған ер балалар интерна­ты облыс орталығы Семейде, уездік қалалар Павлодарда, Өскемен мен Зайсанда жұмыс істеді, ал қазақ қыздарын оқытуға арналған интернат­тар Семей мен Павлодарда ғана болды. Сырдария облысындағы орыстарға арналған алғашқы мектептер 1860 жылы Райым (Қазалы) бекінісінде және Перовскіде (Қызылорда) ашылды. Жетісу облысының аумағында алғашқы мектептер 1868 жылдан бастап ашыла бастады. Верный және Қапал бекіністерінде приход мектептері құрылды. Облыстың қалған уездерінде 12 станицалық және поселкелік бастауыш мек­теп болған еді.

XIX ғ. Екінші жартысында болыстар мен ауылдардағы қазақ балалары әдетте мұсылман мектептері мен медреселерде оқыды. Патша үкіметі Қазақ даласында мұсылман мектептерінің ашылуына жол бермеу үшін шаралар қолданды. Ол жергілікті отарлық органдар мен оқу бастықта­рына мұсылман мектептерін қатаң бақылау жөнінде нұсқаулар мен ережелер жіберді. Қандай да болмасын шектеулерге қарамастан жер-жер­де, әсіресе Қазақстанның ислам дінінің ықпалы күшті болған оңтүстік облыстарында мұсылман мектептері ашыла берді. Қазақ балалары жаз­дыгүні киіз үйлерде, ал қыстыгүні жертөлелерде оқытылатын. Бұл кезеңнің оқу құралы «Шариат-ул-иман» немесе «Иман-шарт» болды. Құран оқумен бірге, татар және араб тілдеріндегі кітаптар бойынша исламның негізгі қағидалары мен басты ғұрыптық ережелер оқытылды. Мек­тептерде көбінесе 8–17 жасқа дейінгі балалар білім алды. Медреселерде мектепте білім алған және өз білімін тереңдетуге тілек білдірген адамдар оқыды. Медресеге түскендер «талиб-улам» (білімге ұмтылушылар) немесе шәкірттер деп аталды. Олар Орта Азияға және Еділ татар­ларына жалпы белгілі оқулықтар мен оқу құралдары бойынша араб филологиясын және мұсылман діні құқығын, сондай-ақ діни философияға қатысты басқа да бірқатар пәндерді оқыды. Медреселердің «мұғалімдеріне» келетін болсақ, олар негізінен алғанда дін жолын ұстанушылар­дың ұсынысы бойынша тиісті үкіметтік органдар бекітіп, тағайындаған молдалар болды. Бұл молдалар мешіттерде діни қызмет атқара жүріп, медреселердегі істерді басқарды және шәкірттерді оқытумен айналысты.

XIX ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. Білім мен мәдениеттің дамуына алдыңғы қатарлы орыс зиялы­лары үлкен ықпал жасады. 1847–1857 жылдарда украин ақыны Т. Г. Шевченко Қазақстанда айдауда болды. Қазақстан Орыс географиялық қоғамы бөлімшелерінің зерттеу обьектісіне айналды, мұнда мәдени-ағарту мекемелері мен статистикалық комитеттер жұмыс істеді; өлкетану мұражайлары ашылып, ертедегі ескерткіштер, халықтың ауызша шығармашылығы және құқықтық заңдар, соның ішінде қазақтардың дағдылы құқығы зерделенді; орыс-қазақ мектептері мен кітапханалар ашылды. Қазақтар өз балаларына білім беруге ұмтылыс жасап, балаларын кадет корпустары бар Омбы мен Орынборға жіберу үшін мүмкіндік іздестірді. Білім алуға деген жаппай ұмтылыс пен ықылас жағдайында Шоқан Уәли­ханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушыларының тобы қалыптасты.


60.Шоқан Уәлиханов (1835–1865). Аса көрнекті ағартушы, ғалым және зерттеуші Ш. Уәлиханов Құсмұрын бекінісінде туған. 12 жасына дейін Шоқан Құсмұрындағы жеке меншік мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. 1847 жылдың күзінде Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Кадет корпусында Шоқан Уәлиханов белгілі ғалым, географ және Азияны зерттеуші Г. Н. Потанинмен бірге оқып, достасып кетті. Ол орыс тілін тамаша меңгерді. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың достық қарым-қатынастарын олардың түрлі уақытта жазысқан хаттары дәлелдейді. Ф. М. Достоевский өзінің хаттарында дос ретінде Шоқанға пайдалы кеңестер беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндет­тер қояды. 1853 жылы Шоқан кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір казак әскеріне қызметке жіберіледі. Көп ұзамай Батыс Сібір генерал-губер­наторы Гасфорт оның қабілеттілігіне назар аударып, 1854 жылы Шоқан оған адъютант болып тағайындалды. 1855 жылы Ш. Уәлиханов Гас­форттың Омбыдан Іле Алатауына дейінгі сапарына қатысады. Бұл сапар қарапайым халықтың өмірін танып-білудің басы болды, олардың та­рихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алуға мүмкіндік берді. 1856 жылдың көктемінде болашақтағы Шығыс зерттеушісінің өмірінде өшпес із қалдырған айтулы оқиға болды – ол аса көрнекті ғалым, белгілі географ П. П. Семенов-Тянь-Шанскиймен танысты. Сол жылы Шоқан Уәлиханов екі экспедицияға қатысты – біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі; екіншісі дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді, онда көшпелі қырғыз халқының өмірімен, тұрмы­сымен бұрынғыдан да жақсы танысып, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. Осы жо­лы ол қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды. Ш. Уәлихановтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі 1858 жылғы Қашғарияға құпия сапары болды. 1859 жылдың күзінде Шоқан Әскери министрліктің шақыруымен Петербургке сапар шекті. Оның «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қондары туралы», «Сот реформасы туралы» жазба еңбектері бар. 1864 жылдың көктемінде Уәлиханов Черняевтің Оңтүстік Қазақстан аумағын Ресейге қосып алуды мақсат еткен әскери жорығына қатысады. 1864 жылдың жазында Верныйға қайтады. Содан соң албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына барып тұрады. Төренің қарындасына үйленеді. Сол кездің өзінде Шоқан өзін нашар сезініп, жорықтағы өмірдің ауыртпалықтарын көтере алмаса керек. Ол 1865 жылдың сәуірінде Алтынемел жотасы­ның етегіндегі Көшен-тоған деген жерде Тезек сұлтан ауылында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин (1841–1889). Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай облысында туған. Әкесі ерте­рек қайтыс болып, атасы – Орынбор шекаралық комиссиясының әскери старшинасы Балғожа (Жаңбыршин) бидің қолында тәрбиеленді. 1850 жылы Ыбырай шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арнап ашылған мектепке түсіп, оны алтын медальмен бітірді. Мектеп бітіргеннен кейін Алтынсарин үш жылдай (1857–1860) атасының қоластында кеңсе қызметкері, содан соң 1859 жылдың 1 тамызынан бастап Орынбор басқармасында тілмаш болып қызмет етті. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына ар­налған бастауыш мектеп ашуды тапсырды да, өзін сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындады. 1864 жылы 8 қаңтарда мектеп салта­натты түрде ашылды. 1868 жылы Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасып, содан соң уезд бас­тығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Алтынсарин патша өкіметінің саясатына қарсы болды. 1879 жы­лы Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Ал­тынсариннің есімімен байланысты. 1888 жылы ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарын оқытатын, интернаты бар мектеп ашып, патша әкімшілігінен интернаттары бар қыздар училищелерін ашуға рұқсат алды. Алтынсарин көзінің тірі кезінде төрт екі сыныптық орталық «орыс-қазақ» училищесін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс шаруаларының балаларына арналған екі училище аштырды. Ол орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы бас­шылық» атты екі оқу құралын жазды, оларды Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғаннан көп бұрын бастап, 1869 жылы аяқтады.

Абай Құнанбаев (1845–1904). Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай то­бықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. АлайдаАбайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгерді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білдіріп отырды. 1886 жыл Абайдың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне («Жаз») өз атын жазып, көркем шығармашылыққа толығымен ден қояды. Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.

Музыка мәдениеті. XIX ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның музыка өнерінің гүлденген дәуірі болды. Бұл кезеңде өмір сүрген көптеген аса көрнекті кәсіби композитор-әншілер мен күйшілердің шығармалары халықтың музыкалық классикасының негізін құрады. Көптеген халық композиторлары өз заманындағы білімді адамдар еді; олардың бәрі дерлік хат танитын, кейбіреулері орыс тілі мен араб тілін білетін, бірақ өз шығармаларын нотаға түсіріп жаза алмайтын еді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Абай әндері қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы бауырлас достықты нығайтуға игі ықпал етті. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан аударған Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.

Қазақ әндерін жазып алуда С. Г. Рыбаков көп еңбек сіңірді. Ол 100-ден астам ән жинады. Қазақтың ән әуендері оркестрлік шығармаларда да пайдаланылды.

57.Өлкетану және ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметі. Баспасөз.

Ресей империясының экономикасы мен саяси өмір саласына Қазақстанның енуі оның ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуді: оның тарихи өткен-кеткенін ой елегінен өткізіп, табиғи ресурстарын, өндіргіш күштер деңгейін анықтауды қажет етті. Қазақстанды зерттеумен Ресейдің то­лып жатқан ведомстволары – Ғылым академиясы, Географиялық қоғамы, Тау-кен ведомствосы, Қатынас жолдар министрлігі, Мемлекеттік мүлік министрлігі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы және басқа да ұйымдар айналысты.

Белгілі тарихшы және мемлекет қайраткері А. И. Левшин (1797–1879) «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген іргелі еңбегінде еуропалықтарға қазақтардың географиясын, тарихы мен этнографиясын бір жүйеге түсіріп, суреттеп берді. Қазақстанның әр түрлі қалаларында көптеген ғылыми қоғамдар: облыстық статистика комитеттері, географиялық қоғамның бөлімдері, 1887 жылы Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы ашылады. Ғылыми зерттеу орталықтарының бірі Орынбор болды. 1896 жылы «Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция» жұмыс істей бастады. Экспедицияның міндетіне аумақты табиғи-тарихи жағынан зерттеп, суреттеу, жер түрлерін, бұл мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жерді пайдалану тәсілдерін анықтау кірді. Экспедицияның құрамына Ф. А. Щербина, Ә. Бөкейханов, Л. К. Чермак, П. А. Васильев, Н. Ф. Гусев, Н. Белев, В. А. Владимировский, Н. Ф. Дмитриев, қазақ зиялыларының үлкен тобы – Ұ. Базанов, Т. Жалмұхамедов, И. Жақсылықов, И. Құдайқұлов, И. Тілекеев, Г. Саркин, Р. Мәрсеков, Е. Итбаев, М. Бекетаев, М, Шом­балов, Д. Сатыбалдин, Т. Есенқұлов және басқалар кірді. Экспедицияға қатысушылар арасында экономистер, ботаниктер, топырақтанушылар, агрономдар болды. Олар материалдар жинап, Қазақтардың жер пайдалануы жөнінде Ф. А. Щербинаның экспедициясы жинап, өңдеген матери­алдардың он үш томын басып шығаруға әзірледі.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық баспасөзі дүниеге келді. 1870–1882 жылдарда Ташкентте «Түркістан уәлаяты газеті», 1888–1902 жылдарда Омбыда қазақ тілінде «Дала уәлаятының газеті» шығып тұрды.

Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы.

1905–1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Ресейде реакция кезеңі басталды. 1907 жылы 3-маусымда Екінші мемлекеттік Думаның таратылғаны, Үшінші мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша жарлығы шықты. Заң бойынша қазақтар мен өлкені мекендеген басқа шағын халықтар сайлау құқынан айырылды.

Осы кезде революциялық ұйымдар мен қозғалысқа қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді.

Патша өкіметі тек қана қудалау жасаумен ғана шектелмеді, сонымен қатар шаруалар қауымын күшпен ыдырату саясатын жүргізе бастады. 1906 жылы 9-шы қарашада Столыпин шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды.

67.П. А. Столыпин 1906–1911 жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде өзінің аграрлық реформаларын әзірледі. Оның бірінші шар­ты шаруаны жердің иесі етіп бекіту болатын. П. А. Столыпиннің аграрлық саясатының мәні үш заң актісінде көрсетілді. Бұл Сенаттың қарауына берілген 1906 жылғы 9-қарашадағы «Шаруалардың жер иеленуіне және жер пайдалануына қатысты қолданылып жүрген заңның кейбір қаулы­ларын толықтыру туралы» жарлық. Ол III-Мемлекеттік Думада 1910 жылы 14 маусымдағы «Шаруалардың жер иеленуі жайлы кейбір қаулылар­ды өзгерту мен толықтырулар туралы» заң етіп қайта қаралып толықтырылды.

1911 жылғы 29-мамырда «Жерге орналастыру туралы» заң қабылданды. Аграрлық реформалар бойынша шараларды жүргізу оның барысында шаруалардың көшіп-қонуына еркіндік берілді, нәтижесінде олардың шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға жаппай көшуі кеңінен өрістеді.

1910–1911 жж. жаңа экономикалық өрлеуге байланысты Қазақстанда ереуілдік қозғалыстар жандана түсті. 1911 жылы мамыр айында Перовск және Түркістан станциялары теміржол шеберханаларының жұмысшылары, «Атбасар мыс рудалары» акционерлік қоғамы рудниктеріндегі кеншілер ереуілге шықты.

1912 жылы Ресейдің жұмысшы қозғалысында жаңа революциялық өрлеу басталды. Сол жылғы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту за­уытында басталған ереуіл 1913 жылдың маусым айына дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартысында Ембі мұнайшыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу кезінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қол жеткізді. Өлке жұмыс­шыларының ереуілдері патша өкіметіне қарсы шаруалар толқуларының артуына, ұлт-азаттық қозғалысының дамуына ықпал етті.

66.1905–1907 жылдардағы орыс революциясына Қазақстан халқының қатысуы.

Қазақстан еңбекшілерінің 1905–1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланысты еді.

1905 жылы ақпанда Орал, Перовск, Түркістан, Шалқар теміржолшылары өздерінің экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуіл жасады. 1904 жылы пайда болған Сібір социал-демократиялық одағы, оның Омбы, Орынбор, Саратов комитеттері Қазақстан жерінде революциялық жұмысты күшейте түсті.

1905 жыл Қазан айындағы Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Қазақстанның барлық қалаларында шерулер, митингілер мен жиналыстар болып өтті. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан және қазақтардан шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15 қарашадағы үлкен саяси митингке қазақтардан, та­тарлардан, орыстардан және басқаларынан тұратын 400-дей адам қатысты. Олар патша өкіметіне қарсы бірқатар талаптар қойды, отаршы­лық әкімшілікке қарсы күресуге шақырды. Кейіннен Қарқаралы оқиғасының басшылары қуғынға ұшырады. А. Байтұрсынов Орынборға, Ж. Ақба­ев Якутияға жер аударылды.

Патша өкіметі 1905 жылы 17 қазанда елдегі революциялық қозғалысты басу мақсатында арнайы манифест қабылдады. Бірақ бұл жоғары мәртебелі манифест жұмысшы қозғалысын бәсеңдеткен жоқ, қайта кейбір жерлерде күшейте түсті.

Қазақ жұмысшылары мен шаруалары патша өкіметіне орыс жұмысшыларымен және қоныстанған шаруалармен қол ұстаса отырып қарсы шықты. Қазақ шаруалары ең алдымен жер, су үшін, теңдік, бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті. 1905 жылы жазда Семей, Торғай және Орал облыстарында жер үшін толқулар болды.

Мәскеудегі желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 жыл 11 желтоқсанда Успен руднигіндегі жұмысшылардың ірі ереуілі өтті. Ереуіл ба­рысында орыс жұмыскері Петр Топорнин мен қазақ жұмысшысы Әлімжан Байшағыров басқарған «Орыс-қырғыз одағы» құрылды. Жұмысшылар өздерінің жалпы жиналысында қабылдаған талаптарын «Петиция» ретінде рудник басшысы Н. Фелльге тапсырды. Оның бірде-бір пункті қабылданбағандықтан «Орыс-қырғыз одағының» шақыруымен рудникте ереуіл басталды. Рудник кеңсесі үстіне қызыл жалау көтерілді. Успен руднигі жұмысшыларының ереуілі 1905–1907 жылдары Қазақстанда болған революциялық қозғалыс тарихында көрнекті орын алады. Яғни, ол өлкеде революциялық қозғалыстың ең жоғарғы шарықтаған кезі деп саналады.

1906 жылы 6 қаңтарда патшаның арнаулы жарлығымен Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағына соғыс жағдайы енгізілді. Солтүстік Қазақстанға Меллер-Закомельскийдің жазалау экспедициясы әкелінді.

1905–1907 жж. болған революциялық қозғалыстармен байланысты Қазақстан жұмысшыларының кәсіподақ ұйымдары бой көтерді. Алғашқылардың бірі болып Оралдағы теміржолшылардың кәсіподағы (1905 ж. қараша) құрылды, оған Н. Смуров, Н. А. Покатилов және Н. И. Ульянов басшылық жасады. 1905–1906 жж. Орынбор-Ташкент теміржолшыларының кәсіподағы ең ірі ұйым болып саналды. Оның 6 мың мүшесі болған.

1905 жылы желтоқсан айында I Мемлекеттік Думаны шақыру туралы патша үкіметінің жарлығы шығып, оған Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 қазақ сайланды. Олар: Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Б. Құлманов. 1906 жылы тамыз айында II Мемлекеттік Дума шақырылды. Оған Қазақстаннан 14 депутат сайланды, оның алтауы қазақ халық өкілдері болды. Олар: Ш. Қошығұлов – Ақмола облысынан, Х. Нұрекенов – Семей облысынан, Б. Қаратаев – Орал облысынан, А. Бірімжанов – Торғай облысынан, Т. Аллабергенов – Сырдария облысынан, М. Тынышбаев – Жетісу облысынан.

Ұлттық қозғалыстың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған жетекшілері халықтың азаттық қозғалысын конституциялық монархия, либерал демократиялық реформалар жүргізу үшін күреске бағыттағысы келді. 1905 жылы қазанда ұлттық интеллигенция өкілдері Оралда бес об­лыстағы қазақтардың делегаттарының съезін өткізіп, онда олардың ұлттық мүддесін қорғауға тиісті Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының филиалын құрмақшы болды. 1906 жылы сәуір-мамыр айларында Семейде қазақтардың екінші съезі болып өтті.

Қазақ еңбекші бұқарасының 1905–1907 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы көп жағдайда ұйымдаспаған түрде өтті.

Алаш қайраткерлері

58.Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866–1937) қоғам және мемлекет қайраткері, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, публицист ғалым, аудармашы. Әлихан Бөкейханов Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпағы (Бөкей-Батыр-Мырзатай-Нұрмұхамед-Әлихан). Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып медресеге оқуға берген, алай­да ол оқуды қанағат тұтпай қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепте оқиды. 1879–1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алады. 1886–1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890–1894 жылдары Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезде саяси талас-тартыстарға белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан. Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша өкіметі кезінде қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды және Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырған. 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының екінші съезінде Ә. Бөкейханов Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті. 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, лингвист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым, ұлттық жазудың реформа­торы, ағартушы. Атасы Шошақ мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші берген. Торғай мен Орынборда білім алғаннан кейін А. Байтұрсынов Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және 1917 жылға дейін сонда болады. Өзінің сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, редакторы болды. Ресейде патша өкіметі құлағаннан кейін қазақ жерінде «Алашорда» үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, қарсы шықты. 1921–1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Ресейдің солтүстік облыста­рына жер аударылды. Кейіннен босап шығып, бірақ қайтадан 1937 жылы қамауға алынып, атылады.

Міржақып Дулатов (1885–1935) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, педагог, қоғам қайраткері. 20-жылдардың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. 1902 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ пе­дагогикалық училищесін бітірген. 1902–1918 жылдары мұғалім болған, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде қызмет еткен. 1917–1918 жылда­ры «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі ретінде, Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене атсалысты. 1928 жылы репрессияға ұшырап, 1935 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. Міржақып әдебиет пен мәдениетте жаңа демократиялық бағыттың кеңінен орын алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл идея «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағында қуатты ұран болып естілді.

Мұстафа Шоқай (1890–1941) Ақмешіт, қазіргі Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қай­раткері, XX ғасыр басындағы еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлердің ірі өкілі. Мектепте мұсылманша білім алып, Таш­кент гимназиясын, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының өкілі болды. Ұлы Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанды. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанда мұсылман ұйымдары конгресс өткізіп, Түркістан автономиясын жарияла­ды. Шоқай үкімет мүшесі болып сайланып, көп кешікпей ол орыннан кеткен премьер-министр М. Тынышбаевты алмастырады. Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің құрамына да енді, бірақ Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін иммиграцияға кетуге мәжбүр болады. Иммиграцияда жүріп Кеңестерге қарсы идеялық күресін жалғастырады. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі тарихындағы аса ірі қайраткер тұлғала­рының бірі Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлинде беймәлім жағдайда қайтыс болды.

Жақып Ақбаев (1876–1934) қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қаты­сушы, қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітірген. 1905–1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында демонстрацияларға қаты­сып, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйледі. «Степной край» (Омбы) газетінде отарлау аппаратының озбырлығы мен жүгенсіздік әрекет­терін, самодержавиенің халыққа жат саясатын әшкерелеген мақалалар жазып, еңбекшілерді патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен езгісіне қарсы күреске шақырды. 1917 жылы Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Жақып Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтат­пағаны үшін 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылды. 1917 жылы шілдеде Колчактың әскери-далалық соты оны Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты көтеріліске шақырды деген айыппен өлім жазасына кесті, 1929 жылы Кеңестік билік жалған айыптармен қуғындап, Во­ронежге жер аударды. Халқының бостандығы жолында үнемі қуғын-сүргінге ұшыраған Ж. Ақбаев ауруы меңдеп 1934 жылы қайтыс болады. Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси және құқықтық көзқарастары оның саяси серіктері А. Байтұрсынов және т. б. Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ж. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде публицистикалық материалдар жариялады.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1937) қазіргі Алматы облысы Сарқанд ауданы Тынышбаев ауылында дүниеге келген. XX ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш қайраткері, тұңғыш кәсіби-техникалық маман, тарихшы-ғалым. 1900 жылы Верный гим­назиясын алтын медальмен, 1906 жылы Санкт-Петербург Жол қатынасы институтын үздік бітірген. 1907 жылы Жетісу губерниясынан II Мемле­кеттік Думаға депутат болып сайланады. Думада патшаның отаршыл саясатына қарсы бағыт ұстанды.

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалып, Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің зардабын жоюда, қырғыз және қазақ босқындарына көмек ұйымдастыруда белсенділік танытты. Алаштың 1917 жылғы 21–26 шілде­де Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақ съезіне қатысады, 5–13 желтоқсан күндері өткен екінші съезде Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына мүше болып сайланады. М. Тынышбаев Түркістандағы Қоқан автономиясының тізгінін де ұстады. Ол Түрксіб темір жол жобасын жа­сауға, кейін магистральдің құрылысына белсене араласады. 1937 жылы репрессия құрбаны болды. М. Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыста­рымен айналысып, Қазақстан тарихы мен қазақ халқының рулық-тайпалық құрамы туралы құнды еңбектер жазды.

Халел Досмұхамедов (1883–1939) қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алашорда көсемдерінің бірі, дәрігер, ғалым, публицист. 1903 жылы Орал реалдық училищесін үздік, 1909 жылы Санкт-Петербург Императорлық Әскери академиясын алтын медаль­мен бітірген.

1905 жылдан бастап, саяси күреспен айналыса бастады. «Алаш» партиясына кіріп, Алашорда үкіметінің мүшесі болды. 1918 жылы қыркүйек айында Батыс Алашордасы құрылып, оның басшылығына Жанша және Халел Досмұхамедовтар тағайындалады. Халел Досмұхамедов Алаш­тың өзге қайраткерлерімен бірге Алаш партиясының жұмысына, Алаш автономиясын жариялау ісіне, Алашорда үкіметін құруға белсене ат са­лысып, оның басшылары қатарында болды. 1920 жылы Алаш қызметіне тыйым салынған соң Х. Досмұхамедов бүкіл күш-жігерін ғылым-білімге жұмсайды. Алашордаға қатысқаны үшін саяси айып тағылып, 1939 жылы атылған.

Халел Досмұхамедов қазақ ғылымының қалыптасуына орасан еңбек сіңірді. Ғалым соңына медицина, тіл білімі, тарих, этнография және әдеби­ет жанры бойынша қыруар мұра қалдырды. «Мұрат ақын сөздері», «Исатай-Махамбет», «Аламан» атты жинақтар шығарды.

XX ғасыр басындағы Қазақстан мәдениеті

Оқу ағарту ісі. XIX ғ. аяғы – XX ғ. басында Ресей империясының халыққа білім беру ісі мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесіне көп дәрежеде өз ықпалын жасады. Оқу ағарту ісі айқын таптық сипатта болды, оның Қазақстандағы айырмашылығы ұлттық ерекшелікке орай жүргізілді. Ұлттық мектептер туралы 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекен­дейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң ұлттық мектептердегі және ұлттық шет аймақтардағы бүкіл ағарту жүйесін: 1) әлі аз орыстанғандар үшін, 2) орыстары көп жерде тұратындар үшін, 3) жеткілікті дәрежеде орыстанғандар үшін деп, 3 санатқа бөлді.

Заңды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда әр түрлі облыстарда әр алуан үлгідегі мектептер құрыла бастады. Мәселен, Ақмола және Семей облыстарында – мектеп-интернаттар мен ауыл шаруашылық бастауыш училищелері, Торғай мен Оралда – ауылдық мектептер, болыстық (бір сыныпты), екі сыныпты училищелер, Жетісу мен Сырдарияда — «орыс бұратаналық» мектептер, Ішкі Ордада (Бөкей Ордасында) старшындық және учаскелік училищелер құрылды. Олардың бәрі Халық ағарту министрлігіне бағынды.


Халыққа білім беру саласындағы империялық саясат шеңберінде 1906 жылы тамызда болып өткен III жалпымұсылмандық съезі халыққа білім беру ісі бойынша тұтас бағдарлама жасады. Съезд шешімдерінде былай деп белгіленді:

барлық қоныстарда балалар мен қыздарға міндетті бастауыш білім беретін мектептер ашылсын;

оқыту бір бағдарлама бойынша және араб әліпбиі негізінде ана тілінде жүргізілуі тиіс болды;

мектептерді ұстау земствоның, қала молдасының қарауында, ал басқару мен бақылау мұсылмандардың өз қолында болуға тиіс;

мұғалімдер мен оқушылар құқықтары жөнінен орыс мектептерінің мұғалімдерімен және оқушыларымен теңестірілуге тиіс болды.

1907 жылы Ресей империясында жалпы білім беруді енгізу туралы жоба жарияланды, онда бастауыш мектептер желісін құру көзделді. Жоба бойынша білім беру ісі 7–11 жастағы балаларды қамтуға тиіс болды, бастауыш білім беруді 10 жыл ішінде енгізу жорамалданды.

Нақ осы жылдарда бастауыш білім беру мұқтаждарына қаражат босату туралы заң (1908) және 1909 жылы Халық ағарту министрлігі жанына «мектеп-құрылыс қорын» құру туралы заң қабылданды. Бұл заң актілері мектепте білім беру жүйесін кеңейтті, халыққа білім беру ісінің, соның ішінде Қазақстанның бүкіл аумағында орыс-қазақ мектептерінің (ол кездегі құжаттарда – орыс-қырғыз және орыс-туземдік) кең желісін құруға кейбір дәрежеде жағдайлар жасады.

Ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметі.

Мерзімді баспасөз. XX ғасырдың басына қарай Қазақстанда ұлттық қазақ зиялыларының қалыптасу үрдісі жүріп жатты, олардың бір бөлігі еуропалық білім алғандар еді. 1905–1907 жылдардағы революциядан кейін Ресейдегі мұсылмандардың, соның ішінде түрік халықтарының қозғалысы жаңа қарқын алды. Мерзімді баспасөздің пайда болуы мен дамуына капитализмнің, тауар-ақша қатынастарының, көлік пен байла­ныстың дамуы да, өлкені одан әрі отарлау да себепші болды. Туып келе жатқан ұлттық буржуазияның үстемдік етуші орыс буржуазиясымен бәсекесі, шетел капиталының енуі білім беру, баспасөз және байланыс жүйесі реформасының қажеттігін туғызды.

Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің алғашқы басылымдары «Түркістан уәлаятының газетін» (1870–1882), «Дала уәлаятының газетін» (1888–1902) және Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы болды, ал екіншісін Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығарды (1902 жылдан кейін олар Ақмола және Жетісу облыстарының «Ведомостарына» қосымша ретінде шығарылды. Сондай-ақ бұл басылымдар ақпараттық-анықтамалық сипатта болды. Сонымен қатар газет ұйымдарына империяның қамқорлығындағы отарлық өлкенің тұрмыс салтын насихаттау миссиясы жүктелді. Осы мақсатпен ресми емес бөлімде түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен әдебиеті жөніндегі ма­териалдар жарияланды.

Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыс­пен тығыз байланысты. Ол 1905–1907 жылдардағы революциның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұловтың бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3–4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, га­зет жабылып қалған. 1907 жылғы наурызда Троицкіде «Қазақ» газетінің бірінші (әрі соңғы) нөмірі шықты.

Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығының ұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911 жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді «Қазақстан» газеті шықты. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда «Ешім даласы» газеті шығып тұрды.

Алайда таралымы шектеулі бұл газеттер орасан үлкен аймақтың түрлі топтарының өскелең талап-тілегін қанағаттандыра алмады. Жал­пыұлттық көлемде мерзімді баспасөз құру бұрынғысынша жалпыұлттық проблема болып қала берді.

«Айқап» журналы. 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872–1929) бұрын педагогтік және журналистік қыз­метпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған

«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.

М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқын авторлар­дың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүни­ежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпыұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқтатылуына се­беп болды.

«Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстың қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.

«Қазақ» газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, ой-өрісі кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа «Қазақ» газетінің екінші жауап­ты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. «Қазақ» газеті 1918 жылы (№№261 – 265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.

XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-соци­олог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.

Біртұтас болып біріккен үштік – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасыр­дың ұлттық газетін құра білді.

Газетті оның негізін қалаушылар «Қазақ» деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратана­ларға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық мақтаныш және бірлік идеясын таратты.

«Қазақ» шын мәнінде бүкілресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отыр­ды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделік танытты.

Қазақ әдебиеті. Ресейдегі XX ғасырдың басындағы революциялық қозғалыс ұлттық шет аймақтардың, соның ішінде Қазақстанның да жағдайына әсерін тигізді. Саны аз ұлттық зиялылар осы жағдайды пайдаланып, тәуелсіздік пен бостандық үшін, халықты ғасырлар бойындағы ұйқыдан ояту үшін, қос езгіден: патша өкіметінің отаршылдық бұғауынан және жергілікті патриархаттық-рулық зорлық-зомбылықтан құтылу үшін күрес бастады. Зиялылар халықты тәуелсіздік жолына шығарды, білімді, ғылымды, өнерді меңгеруге шақырды.

XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті дамуының ерекшелігі оның басқа халықтардың әдебиеттерімен байланысы болып табылады. Тарихи жағдай қоғамдық-экономикалық байланыстардың күшеюіне себепші болып қана қоймай, рухани мәдениет саласындағы қарым-қатынас үрдісін жандандыра түсті. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті сол тарихи дәуірдегі халық өмірінің шындығы туралы көркем шежіре болды.

60.Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен байытқан ақын. Ол қазақ тілінің реформаторы. Ол араб графикасы негізінде әліпби жасады. 1912 жылы басталған бұл жұмыс 1924 жылы «Жаңа емле» ретінде ресми қабылданды. А. Байтұрсынов «Оқу құралы» (1912) және «Тіл құралы» оқулықтарын жазды, олар үш бөлімнен: фо­нетика, морфология, синтаксис бөлімдерінен тұрады. А. Байтұрсыновтың оқулықтары қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі тілдес дүние үшін де жаңалық болды. Кейініректе ол әдістемелік сипаттағы «Баяншы» (1926), «Тіл жұмсарту» (1928) деген кітаптар шығарды. Әдебиеттану жөніндегі тұңғыш еңбек — «Әдебиет танытқыш» (1926) та Байтұрсыновтың туындысы.

Міржақып Дулатов (1885–1935) — Ахмет Байтұрсыновтың халық бостандығы жолындағы күрес жылдарында да, әдебиет саласында да оны­мен қатар жүрген серігі. Оның «Оян, қазақ!» (Уфа,1909) жинағы – халық тағдырының проблемалары өткір көтерілетін алғашқы туындылардың бірі.

«Оян, қазақ!» жарыққа шыққан кезінен бастап отаршылдыққа қарсы бағытталған кітап ретінде қабылданды, оның таралымы жойып жіберілді, ал авторы қуғынға ұшырап, талай рет түрмеге қамалды. Алайда бұл ақынды мойытпады, ол өзінің әдеби-көсемсөздік қызметін сол күйінде бел­сенді түрде жалғастыра берді. Бұл кезеңде ол «Бақытсыз Жамал» романын (Орынбор, 1910), «Азамат» (Орынбор, 1913), «Терме» (Орынбор, 1915) деген жинақтарын шығарады. 1913 жылдан бастап Орынборда тұрақты тұрып, Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығарады.

М. Дулатов орыс және шетел классиктерінің (Пушкин, Лермонтов, Шиллер, Тоқай) бірқатар туындыларын аударды. Дулатовтың қазақ көсемсөзін дамытуға да қосқан үлесі баға жеткісіз.

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) – тәуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, әділетсіз өмір бет пердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін туындылар жазды. Отаршылдыққа қарсы күрескен бауырларына ынтымақтастық ниет көрсете отырып, С. Торайғыров «Таныстыру» деген поэмасында (1918) Дулатовты, Байтұрсынов­ты, Бөкейхановты «күн», «таң», «ай» деп атайды.

Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетін оның көркемдік-эстетикалық дамуы тұрғысынан байытты. Бұлармен қатар ол қазақ әдебиеті үшін жаңа жанр­ларды қалыптастыру мен дамыту ісінде біраз іс тындырды. Оның өлеңмен жазылған «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, лирикалық өлеңдері, көсемсөздік, сын мақалалары оның көркемдік ізденістерінің сан қырлы және жан жақты болғанын ашып көрсетеді.

Үгіттік-ұраншыл өлеңдер шеңберінен шығып, ол табиғат және адамның ішкі дүниесі туралы тереңдігі мен көркемдігі жағынан тамаша лирика­лық өлеңдер туғызды. Ақын әлі де феодалдық-патриархаттық негіздердің шырмауында қалып, қараңғылық пен надандық күн кешкен қазақ қоғамы дамуының өткір әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете білді («Кім жазықты»). Оның уақытты, дәуірді философиялық ой елегінен өткізуге құрылған поэмалары лирикалық-публистикалық поэма жанрының жаңа да жарқын үлгілері болды. Қазақ әдебиетінде Абай негізін қалаған реалистік өнердің жоғары үлгілерін біз Сұлтанмахмұттың шығармашылығынан таба аламыз.

Қазақ әдебиетінің сыншыл бағытын дамытуда, көркемдік құралдар арқылы ағартушылық идеяларын асқақтатуда Шәкәрім (1858–1931), Сәбит Дөнентаев (1894–1933), Мұхамеджан Сералин (1872–1929), Спандияр Көбеев (1878–1956), Бекет Өтетілеуов (1883–1949), Әріп Тәңірбергенов (1856–1924), Ғұмар Қарашев (1876–1921), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882–1939), Бернияз Күлеев (1899–1923), Нарманбет Орманбетов (1870–1918) және басқалар шығармашылығының ерекше маңызы болды.

69.Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде (1914–1918)

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы 19 шілдеде (1тамызда) басталды. Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасын құлдырауға әкеп соқты. Ауыл шаруашылығында өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы жер көп болған, егіншілікпен оны жақсы меңгерген және орыстың қоныс аударушы шаруаларынан тәжірибе алған халық айналысқан аудандарда бәрінен де жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шару­ашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды.

Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеп соқты. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады.

Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы бірінші кезекте жайылымдық алаптарды одан әрі тартып алу салдарынан зардап шекті. Бұл мал санының азаюына әсер етті. Қазақтардан тартып алынған жерлерде капиталистік үлгідегі ірі мал өсіретін шаруашылықтар құрыла баста­ды. Соғыс жылдарында мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Патша өкіметі соғыс қажеттері үшін жергілікті халықтан түйе, жылқы, сиыр, жинады. Мал санының қысқаруы ең алдымен қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Осының салдарынан соғыс тапсырыстары көбінесе орындалмай қалатын.

1916 жылғы көтеріліс кезеңінде патшалық өкімет орындары қазақ халқына арнайы контрибуция салды, оның бүкіл ауыртпалығы еңбекші бұқараның мойнына түсті. Көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамастан олардың мүлкі мен малы тартып алынды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды са­лаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру болды. Мыс рудасын негізінен «Спасск мыс рудалары», акционерлік қоғамы «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамдары өндірді.

1915 жылғы қыркүйектің ортасында 80 адамнан тұратын Жетісу әскери-өнеркәсіп комитеті құрылды. Жылдың аяғына қарай Қазақстанның бар­лық облыс орталықтарында және уездік әкімшілік орталықтарының көпшілігінде ӘӨК (әскери-өнеркәсіп комитеті) құрылды.

Қазақстандағы ӘӨК құрамына қарағанда, оларда көбінесе буржуазияның өкілдері болды, облыстық ӘӨК комитеттерінде армия, жабдықтау және интенданттық сұраныс керек-жарағымен, кәсіпорындарды жұмыс күшімен және отынмен, медициналық қызмет көрсетумен айналысуға тиісті 5–7 бөлім болды.

Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайды. Өлкедегі шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге ар­налған сұрғылт армия шұғасын дайындай бастады. Соғыс армияны консервіленген ет өнімімен тұрақты жабдықтауды қажет етті. Бұл жыл­дарда Петропавлда ет-консерв комбинаты, Оралда армия интенданттығының тапсырыстары бойынша жұмыс істеген мал соятын орын са­лынды.

Кәсіпшіліктерден ең көп таралғандары балық аулау, тұз өндіру және тасымалдау кәсіпшіліктері болды.

Соғыс жылдарында патша үкіметі қазақтардан жерді тартып алуды жалғастырды. Ауылдың ең кедей бөлігі бұрынғысынан да зор қайыршы­лыққа түсіп, біржола күйзелді. Малынан, жерінен айырылып, кулактар мен байларға батырақ болған немесе өнеркәсіп орындарына, кеніштер­ге, кен орындарына күнкөріс іздеп кеткен қазақтар саны барған сайын көбейе түсті. 1917 жылға қарай Семей облысында ғана 17 мыңға жуық батырақ қазақтар тіркелген.Әр түрлі алымдардың 10-ға тарта түрі болды. 1916 жылы 3 миллиард сомға жаңа мемлекеттік заемға жазылу науқаны жүргізілді, ол да қазақ халқының мойнына ауыр салмақ болып түсті. Соғыс басталуына байланысты қазақ халқына тағы бір ауыртпалық: әскери салық салынды, ол әскери міндеткерлік атқармайтындар ретінде қолданылды. Сонымен бірге отаршылдық әкімшіліктің қысымымен қазақ халқына майданға көмек көрсету үшін әр түрлі ерікті қайырымдылық жасау міндеттелді.

Соғыс жылдарында кедейлер мен орташалардың жағдайы нашарлады. Запастағы шен иелері отбасыларының жағдайы өте ауыр еді, олар не кулактар шаруашылығында батырақтар болуға немесе табыс табу үшін өнеркәсіп орталықтарына кетуге мәжбүр болды. Қазақстанда әкімшілік-полициялық езгі жыл өткен сайын күшейтілді.

1916 жылғы 9 қыркүйекте Министрлер кеңесі Сібір мен Дала және Түркістан өлкелерінің облыстарында полициялық күзет енгізу туралы мәсе­ле қарады. Соғыс жылдарында халық бой көрсетулерінің кең таралған нысаны «әйелдер бүліктері» дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсы бой көрсету деп қарады. Солдаттар бұқарасының бой көрсетулері жергілікті әкімшіліктің жазалау шараларын қатайтуына әкеп соқты. Көтерілістерге қатысқаны үшін, ереуілдер ұйымдастырғаны және басқа әрекеттер үшін өлім жазасы енгізілді. Халық бұқарасының соғысқа және патша өкіметіне қарсы қозғалысы 1915 жылдың екінші жартысында ерекше күшейді. 1916 жылдың басында майданнан революци­ялық күрес тәжірибесі бар жұмысшылар қайтып орала бастады. Жұмысшы қозғалысы қайтадан өрістей бастады. Семей қаласында еңбекшілердің ерекше бой көрсетуі болып өтті. Онда 1916 жылғы 19–20 қарашада 17 дүкен қиратылды. 1916 жылдың екінші жартысында жұмыс­шы қозғалысының дамуына қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы зор ықпал жасады. Тыл жұмыстарына шақыруға қарсы көтеріліспен байланыс­ты Қазақстанның кең кәсіпорындары мен темір жолдарында жұмысшылардың ірі толқулары атап өтілген. Бұл толқулар жұмысшы қазақтардың жұмыстан жаппай кетіп қалуына ұласты. Жұмысшы қозғалысын басуға тырысып, өкімет орындары үш айға дейін түрмеге қамауға немесе 3 мың сомға дейін ақшалай айыппұл салуға қатаң шаралар қолданды. 1916 жылдың орта шеніне қарай кедейлер әбден ашынған жағдайға жеткізілді. II Николай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыстарына алуы туралы жарлығы Қазақстанның барлық облыстарындағы көтеріліске ұшқын түсірді.

1916 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыс халықтың барлық топтарын қамтыды: өнеркәсіп орындарының, кеніштер мен кен орындарының жұмысшылары ереуілдер жасады, қалалар мен селоларда дүкендер мен дүңгіршіктерге ойран салынды, Қазақстанның бүкіл аумағы ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды.

70.Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.

Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олар­дың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыс­тық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.

Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметіне сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Менде­шев, Ақтөбе даласында – Әділбек Майкөтов, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.

1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері бо­сатылды.

1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі – Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент – та­раншы болысының Городское селосындағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды.

Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі – Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмы­сына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жар­лығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды.

Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүрді. Көтерілісшілердің жасақтары жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға кетті. Жетісудағы көтеріліс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды.

Көтерілістің ең бір күшті болған орталығы Торғай облысы еді. Мұнда көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды.

Торғай уезінің қыпшақ руының қазақтары өздерінің ханы (әмірі) етіп Нияз бидің немересі Әбдіғапар Жанбосыновты сайлады. Ал оның әскерінің бас сардарбегі (әскер қолбасшысы) болып Амангелді Иманов тағайындалды. Арғын руының болыстарын Оспан Шолақов басқарды.

Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде, кедей шаруаның семьясында туған. Әкесінен ерте айырылған Амангелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен-ақ жоқшылық пен мұқтаждық көрді. Амангелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Көтерілісшілердің штабы (орталығы) Торғай даласының қиыр түкпірінде, Батпаққара маңында орналасты. Ол отрядтарын 10, 50, 100 және 1000 адамнан құралған топтарға бөлді. Олардың басына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды.

1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісшілер Торғай қаласын қоршап алды. Бірақ олар қаланы ала алмай, қоршау бірнеше күнге созылды. Амангелді бастаған көтерілісті басу үшін патша үкіметі генерал А. Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқанын естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Жазалаушылар көп шығынға ұшырап, көтерілісшілер қатарын әрең бұзып өтіп, 16 қарашада Торғай қаласына келіп кірді.

Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге қашықтап шегініп, Батпаққараның төңірегіне жи­налды. Мұнда соғыс қимылдарына басшылық ететін кеңес құрылды. Амангелді Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды.

Бірақ қыстың ерте түсуі көтерілісшілердің қимылын қиындатты. Көтерілісшілер өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, алыс жерлерге жертөлелер салды, киіз үйлер тікті. Сөйтіп, 1917 жылдың басынан бастап, А. Иманов күресті әрі қарай жалғастыруды көздеді.

Патша жазалаушылары мен Амангелді Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократи­ялық революциясынан кейін де жалғаса берді.

Торғай облысында Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған большевик Әліби Жанкелдин еді. Ол 1884 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысында кедей семьясында туған. 1902 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, ол Қазан семинариясына оқуға түсті. 1905 жылы Қазақ студенттерінің революциялық қозғалысына қатысқаны үшін, семинариядан шығарылды. 1906 жылы революциялық қызметі үшін, оны осының алдында ғана оқуға түскен Мәскеу семинариясынан шығарды. 1915 жылы большевиктердің Петроград ұйымы оны партия мүшелігіне қабылдады.

Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көптеген аудандарда көтеріліс антифеодалдық сипат алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарды. Көтеріліс патшаның малайлары ретінде феодалдық рулық жоғары топтың шын сиқын қазақ шаруаларына айқын көрсетіп, ауылдағы тап күресін жаңа сатыға көтерді.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді. Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интелегенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алған­да, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды.

Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты. Ол империядағы саяси және әлеуметтік дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды, әскери-фе­одалдық және әскери отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты.

71.Қазақстан 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде

1917 жылдың басында Ресейдің революциялық жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқан­дығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді. Өлке халқының арасында революциялық өрлеудің өрістеуіне бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қазақстан жеріне айдалған Австрия-Венгрия мен Германия соғыс тұтқындары да елеулі әсер етті. 1917 жылы олардың жалпы саны 41.285 әскери адамды құрады. Бұлардың басым көпшілігі Омбы, Ақмола, Павлодар, Семей уездерінде орналасты.

1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар ха­лықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.

Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Революцияшыл ха­лық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.

Қазақстанда кеңестер 1917 жылы наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Орал­да, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т. б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының кеңес­терімен қатар сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Бұл кеңестерде көпшілік орынды меньшевиктер мен эсер­лер алды. Сонымен бірге буржуазиялық уақытша үкіметтің жергілікті органдары 1917 жылы наурыз-сәуір айларында құрылды. Бұлардың басын­да бұрынғы патша өкіметінің отарлаушы шенеуніктері, қанаушы таптардың өкілдері тұрды.



Ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы және «Алаш» партиясының құрылуы.

Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездік комитеттері де ұйымдастырылды. Оларға комис­сарлар болып ұлттық интеллигенцияның өкілдері, атап айтқанда, Торғай облысында Ә. Бөкейханов, Жетісу облысында М. Тынышбаев, Түркістанда М. Шоқаев, т. б. тағайындалды.

Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары кулактарға, қазақтардың басшы топтарына, қазақ ауылдарының бай-манаптарына арқа сүйеді. Олар жұмысшылар мен еңбекшілердің революцияшылдық шабытын әлсіретуге тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді, бұқараны империалистік соғыстың ауыртпалықтарын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалды, орасан зор жер иеліктері мен орыс-казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сақталды, қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы Қоныс аудару басқармасы өз қызметін өзгертпеді. Сөйтіп, Уақытша үкімет Қазақстанда бұрынғы патша өкіметінің са­ясатын одан әрі жалғастырды.

Патша өкіметі құлатылған соң, Қазақстан большевиктері астыртын жағдайдан шықты. Большевиктік партияның қатарына С. Сейфуллин, Б. Серікбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев және басқалары кірді.

Ақпан революциясы жеңгеннен кейінгі Қазақстан жұмысшы табының елеулі табысы – кәсіпшілер одақтары ұйымдарының құрылуы еді. Олардың қалыптасуында Орынбор-Ташкент теміржолшыларының Қүрылтай съезі және Омбы темір жол жұмысшылары мен қызметкерлерінің бірінші съезінің үлкен маңызы болды. Бұл съездердің күн тәртібінде бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер қаралды. Олар: Уақытша үкімет пен соғысқа көзқарас, 8 сағаттық жұмыс күні, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары Кеңестеріне қатыстылық, контрреволюци­ямен күрес, Құрылтай жиналысына қатысу, пенсиямен қамтамасыз ету және т. б. мәселелер.

Осы кезде Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей т. б. қалалары оқу орындарының қазақ жастары алғашқы кезде мәдени-ағарту істерімен шұғыл­данған жастар үйірмелері мен ұйымдарын құрды. Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкіде «Үміт» деп ата­латын және басқа жастар ұйымдары, 20 шақты үйірмелер мен топтар пайда болды. Бұл ұйымдардың белгілі бір бағдарламалары болмады, әле­уметтік құрамы жағынан да біркелкі емес еді. Алайда, олар қазақ халқын патша өкіметінің ұлттық орталық езгісінен азат етуді шын пейілдерімен қалады, өз халқының білім алуын талап етті, еңбекшілердің санасында ұлттық бірлік, бостандық пен тәуелсіздік идеяларын оятуға ұмтылды. Солардың бірі Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» еді. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді. Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өза­ра кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда болған «Бүкіл қырғыздық» съезде «Алаш» партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде қазақтың автономиясы – Алашорда Үкіметі – Ұлт Кеңесі құрылды. «Алаш» партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Олар:

Ресейдің демократиялық федерация болып жариялануы туралы;

Ресей құрамында Қазақ ұлт автономиясын құру;

Халықтар арасында тең құқықтық орнату;

Дін туралы, дінді мемлекеттен ажыратып шығару;

Елдегі билік және сот туралы;

Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру;

Халықтың табысына қарай салық салу;

Жұмысшылар туралы;

Ғылым және білім туралы;

Жер мәселесі.


Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық Кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді.

1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевик­терге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.

Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы – ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі – Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зорлық-зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.

74.1917 жылғы Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін орнаған Уақытша буржуазиялық үкімет елдегі әлеуметтік және ұлттық езгіні жою, жер мәселесін, империалистік соғыстан шығу және т. б. мәселелерді шешпеді. Қазақстандағы жергілікті халықтарды саяси құқықтарынан айырған бұрынғы патша үкіметінің заңдары өз күшінде қалды. Өлкедегі казак-орыс әскерлерінің ұлан-байтақ жер иеліктері мен барлық әлеуметтік артықшылықтары толығымен сақталды. Қазақстанның ең жақсы шұрайлы жерлерін отаршыл кулактар тартып алып бер­ген Қоныс аудару басқармасының жергілікті аппараты өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Өнеркәсіп орындарында 8 сағаттық жұмыс күні енгізілмеді. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қазақ тіліне көшуге бұрынғысынша тыйым салынды. Ресей мемлекетіндегі бұл жағдай­ларды В. И. Ленин бастаған большевиктер партиясы «Бүкіл өкімет кеңестерге берілсін» — деген ұранды пайдалана отырып, Уақытша үкіметті құлату үшін оны басты құралға айналдырды. Сөйтіп, 1917 жылғы 25 қазанда (7 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталып, Уақытша буржуазиялық үкімет құлатылды.

Революция бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтар­дың еңбекші бұқарасы Қазан революциясынан кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік – бүкіл халыққа деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыс­тардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды революция туының астынан кетпеуге шақырды.

Петроградтағы Қазан төңкерісі

1917 жылы 25 қазанда Ресей империясының астанасы Петроград қаласында Қазан төңкерісінің нәтижесінде мемлекет билігі Кеңестердің қолына көшті. Қазан төңкерісінің идеологы, яғни басшысы В. И. Ульянов (Ленин) болды.


Қазан төңкерісінен кейін билікті қолына алған Кеңестер «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» қабылдады. Осыдан кейін Кеңес­тердің «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» үндеуі жарияланды. Аталған үндеуде халықтардың діни сенімдері мен ұлттық мүдделеріне ешкім тиіспейтіні, барлық халықтардың құқықтары бірдей болатыны туралы айтылған.

1917–1918 жылдары Қазақстанда Кеңестер өкіметі кейбір өңірлерде күрес нәтижесінде, ал енді бір жерлерде бейбіт түрде орнады.

Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстандағы ұлттық үкіметтер

1917 жылы қарашада Орынбор контрреволюциялық төңкеріс нәтижесінде Дутов басқарған «Әскери үкімет» билікті қолына алды.

1917 жылы 15 қарашада Ташкентте болған мұсылман депутаттары Кеңестерінің өлкелік съезінде жаңа үкімет «Түркістан Халық Комиссарла­ры Кеңесі» орнады. Бұл үкіметтің Кеңесі құрамында мұсылмандар болған жоқ. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанд қаласында болған бүкіл түркістандық IV съезде Түркістан автономиясы, яғни Түркістан үкіметі құрылғаны туралы жарияланды. Бұл үкімет кейбір деректерде «Қоқанд автономиясы» деп аталды. Алғашқы басшысы М. Тынышбаев, одан кейін басшы қызметін Мұстафа Шоқай атқарды.

1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақ съезі болды. Съезді М. Шоқай басқарды.

Съезде Алаш автономиясын құру туралы қаулы қабылданды.

Алашлорданың 25 мүшеден тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрылды.

Автономия орталығы Семей қаласында орналасатын болды.

Алашорда үкіметінің төрағасы болып Ә. Бөкейханов сайланды. «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының 10 бөлімнен тұратын бағдарламасы жарияланды.

«Алаш» партиясының бағдарламасы:

басқару түрі;

автономия;

азаматтық негізгі құқықтары;

дін ұстану туралы мәселе;

соттар туралы;

қорғаныс;

салық;

жұмысшы мәселесі;

халық ағарту;

жер мәселесі.

Кеңестер билігі Сырдарияда


1917 жылы 30 қазанда Перовскіде билік бейбіт жағдайда жұмысшы солдат депутаттарының қолына көшті. 1917 жылы 1 қарашада 4 күнге со­зылған шайқас негізінде Ташкентте Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі 1917 жылы қарашада Шымкентте (бейбіт түрде), 1917 жылы 7 қарашада Түркістанда орнады.

Кеңестер билігі Торғай облысында

Торғай облысында атаман Дутов бастаған қазақтар мен Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда және эсерлер Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Бірақ олар жеңіліске ұшырады. 1917 жылы 25 желтоқсанда Қостанайда күрес нәтижесінде кеңестер билігі орнады. (басшысы В. М. Чекшаров).

1918 жылы 8 қаңтарда Кеңестер Ақтөбеде билікке келді (басшысы В. Ф. Зинченко).

1918 жылы қаңтарда Торғай, Ырғыз уездерінде Кеңес өкіметі орнады.

1918 жылы 18 қаңтарда Орынборда Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі Солтүстік және Шығыс Қазақстанда

Бұл өңірлерде Кеңес өкіметі күрес нәтижесінде орнады.

1917 жылы 22 қарашада Петропавлда Кеңестер билігін қолына алған Уақытша Революциялық Комитет билікке келді (басшысы И. Д. Дубинин).

1917 жылы 25 желтоқсанда Ақмолада Кеңес өкіметі орнады.

1917 жылы желтоқсанда Кеңес өкіметі Көкшетауда орнады.

1918 жылы 2 қаңтарда Атбасарда Кеңес өкіметі орнады.

1918 жылы 18 қаңтарда Өскеменде билік Кеңестердің қолына көшті.

1918 жылы 19 қаңтарда Павлодарда күрес нәтижесінде билік Кеңестердің қолына көшті.

1918 жылы 17 ақпанда Семейде Кеңестер билігі үкімет басына келді.

Кеңестер билігі Батыс Қазақстанда


1918 жылы 15 қаңтарда Оралда Кеңес өкіметі орнады. Бірақ осы жылдың наурызында ақ гвардияшылар контрреволюциялық төңкеріс жасап, Кеңестерді биліктен тайдырды. Оралда Кеңес өкіметі азамат соғысы жылдарында ғана орнады.

1917 жылы 2 желтоқсанда Бөкей ордасында Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі Жетісуда

1918 жылы 3 наурызда Верныйда Кеңес өкіметі қарулы көтеріліс нәтижесінде орнады.

1918 жылы наурыз айында Жетісу облысының барлық өлкесінде Кеңестер билігі орнады. Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнату жолында Ж. Ба­баев, А. Розыбакиев, Т. Боткин, Т. Өтепов т. б. революционерлер аянбай күресті.

Социалистік экономика және мәдениет

Кеңестер билігінің орнауына байланысты Қазақстанда жаңа үкіметтің басқару жүйелері құрыла бастады. Барлық кеңестер іске кірісті. Кеңес­тер жанынан қаржы, өнеркәсіп, жер, ағарту, әділет, денсаулық сақтау басқармалары жұмыс істеді.

1918 жылы 21 наурызда Орынборда кеңестердің I Торғай облыстық съезі басталды. Съезде жергілікті басқару жүйесі, әлеуметтік мәселелер жайында қаулы қабылданды. Бұл съездің қаулысы бойынша Алаш қозғалысының үнқағазы «Қазақ» газеті жабылды.

1918 жылы 20 сәуірде Ташкентте Түркістан Кеңестерінің V съезі болды. Бұл съездің құрамында Жетісу облысы бар Түркістан автономиялы Кеңестік социалистік республикасы құрылды. 1918 жылы Кеңес өкіметі көптеген өнеркәсіп орындары мен банкілерді мемлекет қарамағына ал­ды.

Халықты азақ-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданылды.

1918 жылы Ақмола мен Семейде сауда ісін жүргізу азық-түлік комитетіне жүктелді.

Кеңес өкіметі ағарту мәселесі бойынша нақты шараларды жүзеге асыра бастады.

С. Сейфуллин Ақмола облысындағы, С. Меңдешев Бөкей ордасындағы білім беру бөлімдерін басқарды.

Кеңес өкіметі Қазақ АКСР-ын құру мақсатында қазақ бөлімін құрды. Бұл істер азамат соғысының басталуына байланысты тоқтап қалды.

Қазақстанда кеңестік мемлекеттік аппарат құру және экономика саласындағы алғашқы өзгерістер

Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде, Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуына Қазақстан қалаларында құрылған революциялық комитеттердің рөлі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің кеңес­тердің қолына өткенін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты.

Өкімет билігінің ескі құрылымы Қазақстанда бірден жойылған жоқ. Олар әуелі кеңестердің қарамағына өтіп, сосын аттарын өзгертіп, бірте-бірте кеңес қарауына алынды. Мәселен, 1918 жылы ақпанда жұмысшы, шаруа, солдат, мұсылман депутаттары Ақтөбе кеңесі қалалық басқар­маны кеңес басқару орны етіп қайта құрып, қалалық думаны таратты. Семей облыстық кеңесі 1918 жылы 9 наурызда дума мен басқармаларды таратып, уақытшы үкіметтің уездік комиссарларының міндетін жаңа құрылған кеңестерге жүктеді. Сол жылы 12 сәуірде Түркістан өлкесінің Ха­лық Комиссарлар Кеңесі азық-түлік басқармаларына тиісті Кеңестердің азық-түлік бөлімі етіп қайта құру жөнінде жарлық шығарды. Қостанай уезіндегі шаруашылық иелігі Кеңестің қарамағына алынды.

Шіркеудің мемлекеттен, мектептің шіркеуден ажыратылуы, ерлер мен әйелдер теңдігі іске асырылды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Ко­митетінің 1917 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен адамдардың сословиеге бөлінуі, олардың құқықтық артықшылығы мен шектеушілігі, сон­дай-ақ сословиелік мекемелер, ұйымдар жалпы сословие атауы жойылды.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде басқарудың бірыңғай құрылымы болған жоқ. Кейбір жерлерде Орталықтағы сияқты Халық Комиссарлар Кеңесі, екінші бір жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комиссариаттары құрылды. 1918 жылдың күзінен бастап, басқарудағы алақұлалық жойылып, Кеңес атқару комитеттері билікті өз қолына топтастыра бастады. Маңызды мәселелер салалық басқармалардың колле­гия мәжілісінде қаралып отырды.

РКФСР Халком Кеңесінің 1917 жылғы 22 қарашадағы «Сот туралы» жарлығымен соттың ескі құрылымы түгелдей қысқартылып, жергілікті жер­лерде соттың жаңа жүйесі пайда болды. Сонымен бірге ескі прокурорлық бақылау мен қылмысты іс тергеушілер институттары, қорғаушы және жеке адвокатуралар жойылды. 1918 жылы облыстардағы Кеңес Атқару Комитеттері жанынан сот бөлімдері, ал өлке орталығында Қазақ өлкелік соты ұйымдасты.1918 жылғы көктемде Түркістан автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 жылғы сәуірдің 20-нан 1 ма­мырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің бесінші съезінде іске асты. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Орта Азия республикалары мен Қазақстан жерін межелеу жүргізілгенге дейін Ақмола, Семей облыста­рының орталығы Омбы қаласы болған, ол Батыс Сібір өлкесіне, Торғай, Орал облыстары Орынбор губерниясына, Бөкей ордасы Астрахань гу­берниясының қарамағына кірді.

1918 жылғы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар еріктілерден тұрды.

Кеңес өкіметінің декреттері негізінде фабрика, зауыт, банктерді национализациялау іске асырылды. Қазақстанда алдымен ұсақ, орта кәсіпо­рындары мемлекет меншігіне көшті.

Кеңестердің екінші съезінің шешімдеріне сәйкес жерге жеке иелік ету жойылып, Қазақстандағы шіркеу мен монастрлердің, помещиктердің, бай казак-орыстардың, патша шенеуніктерінің иелігінде болып келген, сондай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер еңбекшілердің пайдалануына берілді.

Жер мәселесін шешудегі жергілікті кеңес орындарының қызметі бірнеше кезеңнен тұрды.

1917 жылғы қарашадан – 1918 жылғы жазға дейінгі кезеңінде жергілікті Кеңестер, жер комитеттері мен комиссиялары бос жерлерді, тәркіленген помещиктік имениелерді есепке алып, шаруалардың жағдайын анықтап, жерсіз, жері аз шаруаларды жермен қамтамасыз ету мәселесімен шұғылданды.

1918 жылдың жазынан – 1920 жылдың аяғына дейінгі уақытты қамтыды. Бұл тұста жерді социализациялау жөніндегі шараларды іске асы­руға әзірлік жұмыстары жүргізілді.

1921–1922 жылдары жер-су реформасы іске асырылды.

1924–1927 жылдары жерге орналастыру, шабындық, егістік жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілді.

Кеңес өкіметі алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруда тәжірибенің жоқтығы, жергілікті кадрлардың түсінігінің кемдігі, сауатының аз­дығы, т. б. себептер негізінде бұл революциялық шараларды іске асыру барысында асыра сілтеушіліктің, солақайлықтың, теріс әрекеттердің орын алғаны, Кеңес өкіметіне сенімді азайтатын жағдайлар болды.

Халықтың өкіметі жеке адамның дара басшылығымен ауыстырылып, басқарудың командалық-бюрократтық тәсілі іске аса бастады. Мұның барлығы Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте Ф. И. Голощекиннің келуімен байланысты болды. Ол келісімен республикада халыққа қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатаң сипат алды. Осы кезде – Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде күрт өзгерістер енгізілді. 1925 жылы желтоқсанында өткен өлкелік партия комитетінің бесінші конференциясында «Ауылды кеңес­тендіру туралы» шешім қабылданды. Республикада «Кіші қазан» революциясын өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды, сөйтіп жаппай жа­залау дәуірі басталып, ол қазақ халқын қайғы қасіретке ұшыратты.

Қазақстанда голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша «қайта құрумен» келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлердің қарсылығы жанышталды. 1927–1929 жж. әртүрлі сылтаулармен белгілі мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, М. Мырзағалиев Республикадан аластатылды. Қазақстан Атқару Комитетінің Төрағасы Ж. Мыңбаев, Халық ағарту комиссары С. Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж. Сұлтан­беков және басқалар қызметінен алынды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілік бөлігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатынасқан деп кіналанды.

1928 жылдың аяғында «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деп аталғандардың ішінде бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 жылы қыркүйек-қазанда ұсталды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қара топырақты облыстарына жер аударылды. Бұлар­дың барлығы дерлік 1937–1938 жж. атылды. Жалпы 1929–1931 жылдары қазақ интеллигенция өкілдерінің он мыңынан астамы жаппай жа­залауға ұшырады.

Қазақстан азамат соғысы жылдарында (1918–1920 жж.)

1917 жылғы қазан революциясының жеңісі алғашқы күндерден бастап, құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарулы қарсылығын тудырды. Кеңес өкіметі елдің әр түрлі аймақтарындағы, соның ішінде Қазақстан жеріндегі контрреволюциялық бүліктерді батыл да шұғыл басып тастап отырды. Өлкеде азамат соғысының басты ошақтары Қазақстанның батыс аудандарында, Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда, Орал облысы, Гурьев (Атырау) қаласында, Жетісу жерінде қалыптасты. Бұл жерде атаман Дутовтың, генерал Толстовтың әскерлері, ал Жетісу­да казак-орыс жасақтары, ақ-гвардия офицерлері мен юнкерлер жиналды. Олар контрреволюциялық күштердің негізгі орталығына айналды және Кеңес өкіметіне қарсы азамат соғысын бастады.

1918 жылы 23 наурызда Орал казак-орыстары Гурьевте бүлік шығарды. Олар генерал Толстовтың бұйрығымен жұмысшы және солдат депутат­тары Кеңесінің тоғыз мүшесін сотсыз атты. Сол жылдың 28–29 наурызында ақ казактар алашордашылармен бірігіп Орал қаласында төңкеріс жасады. Мұнда олар кеңес өкіметін құлатып, коммунистерді, кеңес қызметкерлерін аяусыз жазалады.

75.Азамат соғысының басталуы

1918 жылы мамырда Чехославак корпусының бүлігі басталды. Антанта империалистерінің қолдауымен бұл бүлік ең алдымен Солтүстік-Шығыс Қазақстанда басталды.

1919 жылы 31 мамырда Петропавлды ақ гвардишылар басып алды. Сондай-ақ ақ гвардияшылар маусымда Ақмола мен Павлодарды, Семей мен Көкшетауды, Омбы мен Қостанайды басып алады.

Алашорда үкіметі ақ гвардияшылардың Кеңес өкіметіне қарсы интервенциясын қолдап, қарулы интервенцияға қосылды.

Контрреволюцияға Антанта империалистері көп көмек көрсетті. Мысалы, АҚШ Колчак армиясына түрлі қару-жарақ, Англия 200 мыңдай әскер­ге қару-жарақ және киім берді.

1918 жылы 29 наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласын басып алды.

1918 жылдың аяғына қарай Колчактың басқаруындағы Анненков дивизиясы Жетісу жеріне басып кірді.

76.«Әскери коммунизм» саясаты (1918–1921 жж.)

Азамат соғысы жылдарындағы қалыптасқан қиындықтармен байланысты Кеңес өкіметі 1918 жылдың орта кезінде елдегі барлық материал­дық ресурстармен, адам күштерін барынша жұмылдыру, қалаларды, өнеркәсіп жұмысшыларын, Қызыл Армияны азақ-түлікпен қамтамасыз ету, елде қатал еңбек тәртібін орнату мақсатында «әскери коммунизм» саясатын енгізді. Бұл төтенше саясат экономикалық күйзеліс, Кеңес мемле­кетін шетел интервенттері мен ішкі жаулардан қорғаудың қажеттілігінен туған еді. «Әскери коммунизм» саясаты негізінде азақ-түлік мәсе­лесін шешу үшін төтенше шара азық-түлік салығы енгізілді. Ол бойынша елдегі байлар мен кулактардың қолындағы тауарлы астықтың көп бөлігі ешқандай қайтарымсыз алынды, бұқара халықты азық-түлікпен бір орталықтан қамтамасыз ету көзделді, ауыл шаруашылық өнімдерін өз еркімен сатуға тиым салынды.

«Әскери коммунизм» саясаты бойынша елде жаппай еңбек ету міндеттілігі талап етілді. Қазақстанда «әскери коммунизм» саясаты негізінде өнеркәсіпті кеңес органдарының қолына шоғырландыру, оны Қызыл Армияны қару-жарақ және жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмылдыру шаралары жүргізілді. Бүкілресейлік Атқару Комитетінің 1918 жылғы мамырдағы жарлығымен әскерге өз еркімен бару ісі жалпыға бірдей міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылды. 1918 жылдың жазында өлкеде Қызыл Армияның құрамында ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастады.

Қазақ революциялық комитетінің құрылуы (1919–1920 жж.)

1919 жылы 10 шілдеде В. И. Ленин «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдады.

Қазревком құрамына Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Астрахань губерниясының шығыс бөлігі кірді. Революциялық комитеттің бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), А. Байтұрсынов, В. Лукашев, Ә. Жанкелдин, М. Тұнғаншин, С. Мендешев, Б. Қаратаев кірді. Әртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, А. Авдеев, Ғ. Әлібеков, Б. Қаралдин еңбек етті. Революциялық комитеттің жұмыс істейтін орталығы болып Орынбор қаласы белгіленді. 1920 жылы 9 наурызда Қазревком «Алашорда» үкіметін таратты. Қазревкомның үнқағазы «Ұшқын» газеті болды.

Қазревком 1919 жылдың шілдесінен 1920 жылдың қазан айына дейін 15 ай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде оның басшылығымен халық шару­ашылығындағы басты сала – отын өндіру бағытында Орал-Ембі мұнай кәсіпшілігі, Қарағанды мен Екібастұздың шахталарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақ кеңес автономиялық республикасының құрылуы

1920 жылғы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» жарлық қабылда­ды.

Қазақ республикасына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғыстау уезі, Закаспий облысының Красноводск уезіндегі 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахань губерниясындағы Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтарына шектес, қазақтар қоныстанған бұрынғы қазыналық жерлер кірді. 1920 жылғы 22 қыркүйекте Бүкіл Ресейлік Атқару Комитетінің жаңа декреті бойынша ҚАКСР-ның құрамына Орынбор губерниясы енгізілді, ал Орынбор қаласы республиканың астанасы болды.

1920 жылдың 4–12 қазанында Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезі болып өтті. Съезге Қазақстанның барлық губернияларынан 273 делегат және Алтай губерниясы қазақтарының атынан 6 делегат қатысты. Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С. М. Мендешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В. Радус-Зенькович) сайланды. Съезд Қырғыз (Қазақ) АКСР-і РКФСР-дің құрамына кіретін жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің автономиялық республикасы болып құрылғанын мәлімдеді.

77.Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу және оның барысы

Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты (ЖЭС-ті) іске асыру 1921 жылғы Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің азық-түлік салығына көшу туралы шешімі негізінде жүргізілді. Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда аз болды. Шарулардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін салықпен шектеу ауыл-селолардың қалалармен байланысын нығайтуға жол ашты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апа­рып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды.

Империалистік, азаматтық соғыс Қазақстан халқының шаруашылығына ауыр шығын әкелді. Мемлекеттің 250 кәсіпорны ғана жұмыс істеді (бар­лығы 307)

Мұнайдың өндірілуі 4 есеге, Қарағанды көмірінің өндірілуі 5 есеге қысқартылды. Шаруашылық өнімінің 6,3%-ы ғана өнеркәсіптің үлесінде бол­ды. 29,9 млн. малдан 16,3 млн. мал ғана қалды.

1921 жылы наурызда коммунистік партияның X съезі азық-түлік салғыртынан азық-түлік салығына, әскери коммунизмнен жаңа экономикалық саясатқа көшу жөнінде қаулы шығарды.

ЖЭС-тің мәні:

Саясатта бір партиялық-тоталитарлық режим;

Экономикада әкімшілік-нарықтық шаруашылық.

1921 жылы маусымда Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды.

ЖЭС-тің қиындықтары мен табыстары.

Ең алдымен салық мөлшері жеңілдеді. Мысалы, 1927–1928 жылдары өнімнің 1/13-і салық ретінде алынды, салықтың ауыртпалығы байлардың мойнына түсті. Салықтан жиналған қаражат ағарту, мәдениет, өнеркәсіп салаларына т. б. жұмсалды.

Мемлекет халыққа ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға көмектесті. Мысалы, 1924–1925 жылдары 415 трактор сатып алынды. Қазақстанның егістік көлемі 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті. 1928 жылы мал саны 41 млн. болды.

ЖЭС нәтижесінде республикада 650 ауыл шаруашылық артелі мен 103 коммуна жұмыс істеді.

Өнеркәсіп саласында да біраз өзгерістер болды. Рспубликада аса ірі «Атбасцветмет», «Эмбанефть», «Алтайполиметалл» трестері құрылды. Олардың құрамына республиканың ірі өнеркәсіп орындары кірді. Өнеркәсіпті қалпына елтіру кезеңінде республикада 1928 жылы біріктіру қажеттілігі туды.

1921–1922 жылдардағы ашаршылық

1921–1922 жылдары ауа райының қуаңшылғына байланысты астық шықпай қалып, елді аштық жайлады. Қазақстан халқының 1/3 бөлігі осы аш­тық қасіретін бастан кешірді. 1921 жылдары ашыққан адамдардың саны – 1 млн. 508 мың адамды құраса, 1922 жылдары олардың саны 2 млн. 303200 адамды құраған. Аштық әсіресе Қазақстанның Батыс аймағын қамтыды. Ал астық мол шыққан Семей, Ақмола губернияларында жи­налған астықтың 80% орталыққа әкетілді. Қазақстан Ресейдің Мәскеу, Петроград, Самара, Қазан, Саратов өлкелерінің ашығушыларына көмек көрсетті. Оның нәтижесі Қазақстанның астық мол шыққан аудандарының аштыққа ұшырауына себеп болды.

Кеңес өкіметі кеш те болса, ашыққан аудандарға көмек көрсетті. 1922 жылы егістікке себілген дәннің 60% Кеңес өкіметі берген болса, со­нымен қатар ауыл шаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алу үшін 2 млн. 131 мың сом мемлекеттен қаржы бөлінді. Қазақстан ашыққан Ресей өлкелеріне астық беріп қана қоймай, 20 мыңға жуық ашығушыларды өз еліне паналатты. Арал балықшылары Еділ бойындағы ашыққан халықтарға 14 вагон балық жіберді. 1921–1922 жылғы аштықтың салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Орал, Орынбор, Торғай губерниялары тұрғындарының 1/3-нен айырылды. 700 мыңнан астам халық туған жерін тастап көршілес аймақтарға көшіп кетті.

78.Жер-су реформасы

Жер мәселесіндегі патша өкіметінің отаршылдық саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары іске асырылды.

1921 жылғы сәуір – патша өкіметі кезінде Сібір және Орал казак әскерлеріне берілген жерлерді қазақтарға қайтару туралы декрет шығарылды. Нәтижесінде:

Ертіс өңіріндегі 177 мың десятина жер қайтарылды.

Оралдың сол жағалауынан 208 мың десятина жер қазақтарға берілді.

1921 жыл – Жетісуда жер реформасы жүргізілді.

Қазақ, қырғыз, ұйғыр еңбекшілеріне 460 мың десятина жер қайтарылды.

1 млн. десятинадан астам жер қоры құрылды.

1921–1922 жылдары аграрлық қайта құрулар нәтижесінде 300 мың адам Қытайдан Қазақстанға оралды.

Реформаны жүзеге асыруда қателіктер мен асыра сілтеулерге жол берілді. Қай жағдайда қоныс аударушы кедейлер жерден айрылды. Қоныс аударушылар негізінен отаршы-кулактар қатарына жатқызылып, қазақтар мен қоныстанушылар арасында ұлт араздығы туындады.


1921 жыл — «Қосшы одағы» құрылды.

1930 жылдан — «Кедей одағы» атанды.

Жетекшілері: А. Асылбеков, Ә. Жангелдин, Г. Коростылев, С. Меңдешев, С. Сейфуллин, Ж. Бөрібаев, А. Розыбакиев т. б. 1921 жылғы наурызда Жетісуда «Қосшы» одағының 17 мыңнан астам мүшесі болды.

Міндеттері:

Еңбек артельдерін құру.

Кедейлерге жер беру.

Еңбекшілердің саяси сана-сезімі мен мәдени деңгейін көтеру.

1921–1922 жылғы жүргізілген жер реформасының маңызы:

Еңбекшілерді социалистік құрылысқа тартуда үлкен рөл атқарды.

Отаршылдық аграрлық саясатқа соққы берді.

Қазақ ауылындағы патриархаттық-феодалдық негізді әлсіретті.

Ұлттық келісімнің орнығуына жағдай жасады.



Республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер (1921–1928 жж.)

1921 жылы уездер мен губернияларда Кеңестер съезі болып өтті. Көптеген қызметкерлер жаңа экономикалық саясаттың мәнін түсінбеді, бұрынғысынша «әскери коммунизм» әдістерімен жұмыс жасады. Кеңестерді құрып, нығайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілді. Оған белсене қатысқан қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы С. Мендешев, орынбасары Ә. Жанкелдин, Ішкі істер халық комиссары Ә. Әйтиев және басқалары Кеңестердің жұмысын жандандыруға елеулі еңбек сіңірді.

1921 жылы 4–10 қазанда Қазақ АКСР Кеңестерінің екінші съезі болып өтті. Онда республика өмір сүрген алғашқы жыл ішіндегі мемлекеттік және шаруашылық құрылыстың қорытындылары шығарылды.

1922 жылы Кеңестер сайлауы өтті. Олардың құрамын жергіліктендіру іске асырылды. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Семей губернияларында болыстық атқару комитеттері сайлауынан кейін, депутаттардың жартысынан астамы қазақтар болды.

ҚАКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш қызыл керуені 1922 жылы Ә. Жанкелдиннің басқаруымен ел аралауға шықты. 9 мамырдан 12 ма­усымға дейін керуен Орынбор мен Семей аралығындағы 26 болыстың 37 ауылында, сондай-ақ Екібастұз бен Спасск зауытында болды. Керуен Кеңестердің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді жолға қойды.

1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде өткен Кеңестердің Бүкілодақтық бірінші съезі Кеңестердің Социалистік Республикалар Одағы құрылғанын жариялады. Басқа да автономиялық Кеңес республикалары сияқты Қазақ АКСР-да Кеңестік Ресей Федерациясы құрамында Одаққа кірді.

Орта Азия Кеңес республикаларын ұлттық-мемлекеттік жағынан 1924 ж. жүргізілген межелеу республика өміріндегі маңызды оқиға еді. Ұлттық жерлердің межелеуі нәтижесінде Түркістан АКСР-інің құрамындағы бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының жерлері Қазақ АКСР-іне қарайтын болды. Соның нәтижесінде Қазақстан жері 700 мың шақырымға, ал халқы – 1 млн. 468 724 адамға өсіп 5 230 мыңға жетті. Тұрғындары негізінен орыстар болып табылатын Орынбор губерниясы Қазақстаннан бөлінді. Республиканың астанасы Қызылордаға (Ақмешіт) көшті.

1925 жылы сәуірде Қызылордада республика кеңестерінің бесінші съезі өтті. Ол «Ауылға, қыстаққа және деревняға бет бұрайық» деген ұран негізінде жұмыс істеп, шаруаларды жерге орналастыру жұмыстарының келелі жоспары, суландыру құрылысын дамыту, мемлекеттік және ко­оперативтік сауданың рөлін одан әрі нығайту, өндірістік серіктіктерді қолдау мәселелерін талқылады. Съезд халықтың байырғы тарихи атауы қалпына келтіріліп – қазақ халқы, ал республиканы – Қазақ АКСР-і деп атау туралы қаулы қабылдады.

1925 жылы ақпанда жаңа қазақ жерлерінің бірігуіне байланысты Қазақстан облыстық партия комитеті өлкелік болып қайта құрылды. Рес­публика құрылған кезде небары үш-ақ газет шықса, 1925 жылы «Еңбекші Қазақстан», «Народное хозяйство Казахстана», «Советская степь», «Қызыл Қазақстан» т. б. 13 газет пен 5 журнал шықты.

Кәсіподақтардың саны өсті. 1925 жылы қаңтардан қыркүйекке дейін кәсіподақтарға мүше болып 20 мыңға жуық жұмысшы мен қызметші, соның ішінде 6 мыңнан астам қазақ еңбекшісі өтті.

Қазақ әйелдері қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласты. 1925 жылы қаладағы және ауыл мен селодағы еңбекші әйелдердің 6,6 мыңы жергілікті кеңестерге мүше болып сайланды.

1928 жылы Қазақстанда жаңадан әкімшілік-территорияларға бөлу іске асырылды. Осы уақытқа дейін болып келген алты губерния, екі округ, отыз екі уезд және 400 болыстықтардың орнына 13 облыс және 193 аудан құрылды.

1929 жылы әкімшілік-территориялық қайта құру негізінен аяқталуымен және Түркістан-Сібір темір жолының құрылысының бітуімен байланыс­ты Қазақстан Автономиялық Советтік Республикасының орталығы Қызылордадан Алматы қаласына көшірілді.

80.Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде (1928–1932 жж.)

Индустрияландыруға бағыт алу.

Қазақстанда индустрияландыру ісі 1928–1932 жылдары өтті. 1928–1932 жылдары халық шаруашылғын дамытудың бірінші бесжылдығы болды.

Бұған дейін қазақстанда Қарағандыдағы көмір кен орындары, Ембідегі мұнай өндірісі, Алтайдағы түсті металлургия сияқты санаулы ғана өнеркәсіп орындары болды. Жалпы, өнімінің 84,4%-ы ауыл шаруашылғына тиесілі болды. Елді индустрияландыру үшін ауыр өнеркәсіпті, оның ішінде машина жасау саласын, кен өндірісі орындарын, теміржол жүйесін дамыту керек болды. КСРО индустрияландырудың жоспарына Қазақстан да енгізілді.

Индустрияландыруды жүзеге асыру жолында әкімшіл-әміршіл саясат қатты бұрмаланды. 1925–1933 жылдары Қазақстан коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф. И. Голощекин болды. Ф. И. Голощекин Қазақстанда Қазан революциясы болған жоқ, сондықтан қайтадан ре­волюция жасау керек деп шешті. Осы ойын іске асыру мақсатында ол «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу идеясын ұсынды. Бұл ұсынысты И. В. Ста­лин қолдады. Ф. И. Голощекин қазақстанды одақтық шикізат базасы ретінде индустрияландыру бағытын ұстанды. Ф. И. Голощекиннің «Кіші қазан» идеясына алғашқы болып С. Сәдуақасов қарсы шықты. С. Сәдуақасов Қазақстанды шикізат базасы ретінде пайдалануға ашық түрде қар­сы тұрды.

Индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатында қазақ жерінің табиғат байлықтарын зерттеу басталды. Н. С. Курнаков бастаған геологтар Ор­талық Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеді. И. М. Губеин Орал-Ембі ауданында мол мұнай қоры бар екенін дәлелдеді. Қ. И. Сәтбаев жезқазған мыс кен орнының мол байлығын анықтады.

Индустрияландыруды жүзеге асыру.

Түркісіб құрылысы

1927 жылы Түркістан-Сібір теміржол құрылысы басталды. Түрксіб теміржол құрылысының басшылары:

В. С. Шатов – құрылыс бастығы,

Н. Нұрмақов – құрылысқа жәрдемдесу комиссиясының басшысы,

Т. Рысқұлов – РКФСР үкіметі жанындағы құрылысқа жәрдемдесу комиссиясының басшысы.

Теміржол құрылысында 100000 адам жұмыс істеді. Түркістан-Сібір теміржолы 3 жылдың ішінде салынып бітті.

1930 жылы 28 сәуірде Айнабұлақ станциясында жолдың екі жағы түйісті.

1931 жылы қаңтарда Түрксіб теміржолы пайдалануға берілді.

Түркістан-Сібір теміржолы Орта Азияны сібірдің экономикалық өңірімен байланыстырды.

Индустрияландыру бірінші жағынан Кеңес халықтары күшімен жүзеге асса, екінші жағынан орталықтың әкімшіл-әміршіл жүйесі негізінде жүргізілді.

Соғысқа дейін Қазақстанда ембі мұнай өндіру орындары, Қарағанды көмір кен орындары, Жезқазған, Балқаш мыс комбинаттары, Шымкент қорғасын зауыты т. б. ірі кәсіпорындар салынды.

Жалпы, Қазақстан Орал мен Сібірдің ірі өнеркәсіп орындарын шикізатпен, пайдалы қазбалармен қамтамасыз етті.

Қазақстанды индустрияландырудың басты міндеттері орындалмады. Себебі Қазақстанда көбінесе өндіруші өнеркәсіптер салынғанымен, өңде­уші өнеркәсіп дамытылған жоқ.

Индустрияландырудың ерекшеліктері.

Индустрияландыру Қазақстанда, негізінен, жоғарыдан жүргізілді.

Қазақстанда салынған өнеркәсіптер дайын өнім шығармады. Шикізатты, негізінен, Ресей мен Украина өнеркәсіптеріне тасыды.

Урбанизация күшейіп, 1930 жылы қала халқының үлесі 29,8% болды.

1935 жылы республикадағы жұмысшылардың 43%-ы қазақтар болды.

1939 жылы республикадағы қала халқының саны 375000-ға дейін жетті.

Индустрияландырудағы жұмысшылар еңбегі.

Қазақстан өнеркәсіп орындарына Мәскеу, Ленинград, Донбасс т. б. ірі өнеркәсіп орталықтары мен жұмысшы топтары көмек көрсетті.

Жаңа техниканы меңгеріп, жаңадан салынған өнеркәсіпте істейтін мамандарды даярлау керек болды.

Бұл үшін көптеген қазақ жұмысшылары кәсіби білім алу үшін Мәскеу, Ленинград, Донбасс, Баку өнеркәсіп орындарына жіберілді.

Алғаш Түрксіб құрылысына қара жұмысшы ретінде қатысқан Д. Омаров кейіннен Түрксіб бастығы, ал Т. Қазыбеков «Қазақ көлік құрылысы» тресінің бастығы болды. Жаңа техниканы меңгеру барысында Донбасс забойшысы А. Г. Стахановтың рекорды насихатталды. Стахановтың қазақ жеріндегі ізбасары Қарағанды кеншісі Түсіп Күзембаев болды.

Сәфи Өтебаев, Мелдебек Сағымбеков, Ахметжан Сафин, Зағира Табылдинова – Қазақстандағы индустрияландыру ісінің үздіктері.

81.Қазақстандағы ұжымдастыру саясаты (1925–1933 жж.)

Қазақ ауылы ұжымдастыру қарсаңында

ЖЭС-ті жүзеге асыру мәселесі шаруашылыққа біраз өзгерістер әкелді. Ең алдымен кооперативтік қозғалыс дамыды.

Ұжымдастыру қарсаңында 1072 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. 1929 жылы республикадағы мал саны 40,5 миллионға дейін жетті. Бірақ Ф. И. Голощекиннің «ауылды кеңестендіру» бағыты игі нәтижелерге кері әсер етті.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «Ірі бай шаруашылықтарын, жартылай фе­одалдары конфискелеу және жер аудару» декретін қабылдады. Нәтижесінде 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал алынды. Малдар, негізінен, колхоздарға берілді. Көптеген орташа шаруалар байлардың қатарына жатқызылды.

Ауыл шаруашылғын күштеп ұжымдастыру

Коммунистік партияның XV съезінде ауыл шаруашылғын ұжымдастыру ісінің аяқталуы 1932 жылға жоспарланды. Қазақ жерінде колхоз құры­лысы 1922 жылдан бастап кеңейді.

Ұжымдастыру ісіне көмек ретінде ауылды жерлерге 8000 жұмысшы жіберілді. 25 мыңдықшылар деп аталған 1204 "ұжымдастырушы" Мәскеу, Ле­нинград сиқты орталықтардан жіберілді.

Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшыландыру жөнінде міндет қойылды. Ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізіле бастады.

1928–1931 жылдардағы ұжымдастыру барысы:

республика шаруашылығының 1928 жылы 2% -ы,

1930 жылы сәуірде 56,4%-ы,

1931 жылы қазанда 69%-ы ұжымдастырылды.

Ауыл шаруашылық өнімдерін және малдарды күшпен алды. Мысалы, 1931–1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80%-ы етке өткізілді. Балқаш ауданының халқына 297000 малға салық салынды, ал Балқаштың барлық малы 173000 ғана болды. Торғайдағы 1 млн. малдың 98 мыңы ғана қалды.

Кулактарды жою ісі қатал жүргізілді. Шолақ белсенділер орташалармен қатар кедей шаруаларға да зорлық жасады.

Ұжымдастыру зардабы

1929–1933 жылдар аралығында Қазақстандағы біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) 3386 адамды ату, 13151 адамды түрмеге қамау ту­ралы үкім шығарды. Көптеген адамдар өздерінің малдарынан айырылды.

1930–1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт аштық жайлады.

Тәркілеу. Бай мен кулактарды жою.

Елде аграрлық саясатты іске асыру барысында кеңес өкіметі ірі байлардың, «жартылай феодалдардың» ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберуге бағыт алды. 1927 ж. желтоқсанында Республика өкіметінің жоғарғы буындарында ірі-ірі байлар шаруашылғын тәркіге салу жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоқжанов, О. Жандосов т. б. кірді. 1928 ж. 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде тәркілеу жөніндегі Заң жобасы қабылданып, жарлық қаулы түріндегі құжатқа айналды. Ауыл-ауылға тікелей мыңнан астам өкіл жіберілді, демеу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді.

Қазақстан бойынша көшпелі аудандарда Қаулыға сәйкес 400-ден аса малы бар 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда малы – 300, ал отырықшы аудандарда малы 150 ден асатын шаруашылықты тәркіге салу белгіленді. Бұл науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жос­парланды. Науқанның қорытындысы бойынша іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге ай­далды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда 145 мыңдай мал және ауыл шаруашылық саймандары тартып алынды.

Тәркіленген малдың 80 мыңы кедейлер мен батырақтарға, 30 мыңға жуығы ұжымшарларға берілді. Мал мен құрал сайманға ие болған кедей­лер ауылдағы орташалар тобы қатарына көтерілді.

1920-шы жылдардың аяғында Қазақстанда көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыруға бағытталған шаралар іске асы­рылды. Мұның өзі бастапқыда кейбір жеңілдіктер беру арқылы бірте-бірте жүргізілетін болып белгіленгенмен, күштеп отырықшыландыру әдісі белең алды. Көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10–15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тыңдамай қашуға, көшуге мәжбүр болды. 1930–31 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зо­балаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылықтар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Жалпы Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалықтары республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.

1931–1933 жылдардағы аштық. Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты.

Аштық жылдарындағы халық шығыны:

1930 жылы аштықтан 313 мың адам,

1931 жылы аштықтан 755 мың адам,

1932 жылы аштықтан 769 мың адам өлді.

Ауыл халқының 40% -ын жоғалтты (1 млн 750 мың адам).

1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы қайтқан жоқ. 1931–1933 жылдары аштықтан 6,2 млн. адамның 2,1 миллионы өлді.

1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн. малдан 1933 жылы 4,5 млн. ғана қалды.

1932 жылғы аштық, оның себептері туралы мемлекет қайраткерлері Ғ. Мүсірепов, Қ. Қуанышев, М. Ғатауллин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқали­ев Ф. И. Голощекинге хат жазды. Бұл хат «Бесеудің хаты» деп аталды.

1933 жылы мемлекет қайраткері, сол кезде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған, Т. Рысқұлов Қазақстандағы ұжымдастырудың зардаптары, елді жайлаған аштықтың себептері, халықтың тартып отырған қасіреті жайлы И. В. Сталинге ашық хат жазды.

Ұжымдастыру саясатына қарсы шаруалар толқуы

1929–1931 жылдары Қазақстан жерінде шаруалардың ұжымдастыру саясатына қарсы ұйымдастырылған қарулы қозғалысы болды.

Ірі көлемде шаруалар қозғалысы өткен жерлер:

1929 жылы 29 қыркүйек – Бостандық,

1929 жылы 1 қараша – Батпаққара (Қостанай),

1930 жылы 2 ақпан – Созақ,

1930 жылы 25 ақпан – Ырғыз,

1930 жылы 26 наурыз – Сарқанда т. б.

Шаруалар қарсылығының түрлері:

көтеріліске шығу;

шолақ белсенділерді, партия қызметкерлерін өлтіру;

шетелге көшу;

қалалы жерге кету т. б.

1930 жылы мамырда Семей округінің Өскемен, Самар, Катонқарағай аудандарында халықтың ірі толқулары өтті.

Торғайдағы батпаққара көтерілісін орталық бандиттік басмашылар қозғалысы деп атады.

Қарақұм көтерілісіне қатысқандар саны 5000-ға дейін жетті. Бұл көтеріліс күшпен басылды.

1930 жылы Созақта ұжымдастыру саясатына қарсы Қазақстандағы ең ірі шаруалар көтерілісі өтті. Көтерілісшілер аудан басшылары мен шо­лақ белсенділерді өлтірді. Көтеріліс күшпен басылып, оған қатысқан 68 адам атылды. Балқаш, Қордай, Шұбартау, Абыралы, Адай даласы, Іле өңірлерінде шаруалардың ірі көтерілісі болды. Көтеріліске қатысқандар аяусыз жазаланды.

82.83.30-жылдардағы қоғамдық саяси өмір

30-жылдары КСРО-да социалистік қатынастар орнығып болды. Социализмнің тоталитарлық, казармалық сипатының көрінісі:

Мемлекеттік меншік нығайып, өндіріс-құрал жабдықтарына қоғамдық меншік орнап, шаруалар жерден шеттетілді.

Бюрократиялық орталық нығайып, республикалар іс жүзінде толық егемендік алмады.

Республикалардың заң шығару бастамасы болмады.

1936 жыл – сталиндік КСРО Конституциясы жариялаған бюрократиялық орталықтандыру орнықты.

Елде «Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі» деген сталиндік теория үстемдік етті. Нәтижесінде:

Жазалау органдарының қызметі күшейтілді;

Мемлекеттік өкімет органы ретіндегі Кеңестер қызметі шектелді.

Одақтық Ішкі істер халық комиссариаты құрамында ерекше кеңес құрылып, жазалау шаралары іс жүзіне асырылды. Жазалау шаралары:

Ату жазасы

Жер аудару

Еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамау

КСРО-дан тыс жерлерге қудалау.

Жеке адам құқығы аяққа басылып, балама пікір айтқан адам «халық жауы» қатарына жатқызылып, жазаланды.

Ұлттар мен ұлтшыл-уклонистер туралы айқай-шуды ушықтыруға және жергілікті зиялыларды қудалауда өлкелік партия комитеті ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі Н. И. Ежов зор «үлес» қосты.

1937–1938 жылдары лаңкестік жаппай сипат алды. Ұлт зиялылары «халық жаулары» деп айыпталып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Қазақ әдебиетінің негізін салушылар – С. Сейфуллин (1894–1938 жж.), Б. Майлин (1894–1938 жж.), І. Жансүгіров (1894–1938 жж.), М. Жұма­баев (1893–1938 жж.), М. Дулатов жазаға ұшырап өлтірілді.

Жазалау шараларының құрбандары:

Қазақ тілі ғылымының негізін салушы А. Байтұрсынов;

Тілші ғалым, профессор – Қ. Жұбанов,

Қазақтың тарих мектебінің негізін салушы – С. Асфендияров,

КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы басшыларының бірі – М. Төлепов т. б.

Қазақстанда лагерьлер жүйесі құрылды:

Степлаг – Далалық лагерь.

Карлаг – ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері.

ЧСИР – Отанға опасыздық жасағандар отбасыларының мүшелеріне арналған лагерь.

Алжир – Отанға опасыздық жасағандар әйелдерінің Ақмола лагері.

ГУЛАГ – Лагерьлер Бас Басқармасы.

Үштіктер – үш адамнан құралған комиссия.

БМСБ (ОГПУ) – Біріккен мемлекеттік саяси басқарма.

Карлаг азабын көргендер арасында Одақ көлемінде белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері т. б. болды.

30–40 жылдар мен 50-жылдарда контрреволюциялық қылмыскерлер туралы істерді негізінен сот органдары емес, БМСБ (ОГПУ) алқасы, «Үштіктер», ерекше кеңестер шешті.

Социалистік құрылысты бұрмалаған жеке адамға табыну идеологисясының зардаптары:

Сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға бағытталды

Ұлттық зиялылардың көрнекті өкілдерін қырып-жойды

101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылды. «Халық жауларының» 40 мыңы ақталды.

Сталиншілдіктің басты қылмысы:

Әміршіл-әкімшіл жүйені қолдану.

Лагерьлер жүйесін құру.

Халықтарды күштеп көшіру.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу.

31 мамыр – Ұлттық аза күні болып белгіленді.

Алаш қозғалысының қайраткерлеріне қарсы репрессия. 1920 ж. басы мен 1930 ж. аяғындағы сот процесі.

20 ж. аяғында жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкишіл-зиновьевшіл оппозициямен және «оңшыл оп­портунистермен» күрестің күшеюі ұлт республикаларында ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде көрініс тауып жатты. 1928 ж. аяғында «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп аталғандардың – бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышпа­ев, Х. Досмұхамбетов, Ж. Досмұхамбетов, Ж. Ақпаев, Қ. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 ж. қыркүйек-қазанда қамауға алынды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қаратопырақты облысына жер аударылды. Бұлардың барлығы 1937–1938 жж. жазаланды.

1920 ж. аяғы мен 1930 ж. басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленісе түскен сайын Кеңеске қарсы зиянкес элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өрістей берді. Шахталар мен кәсіпорындарда кездейсоқ авариялар болса, колхоздар мен сов­хоздарда мал өлсе, өрт және табиғи апаттар болса – бәрі де тап жауларының әрекеті деп түсіндіріліп, осыған сай халық жауларына және кеңес­ке қарсы деген бүлікші ұйымдар жөнінде қолдан жасалған қылмысты іс қозғалды. 1932 ж. Семейде, осы облыстың Абралы, Шыңғыстау және Қу аудандарында өмірде болмаған, орталығы Алматы болып табылатын астыртын «Қазақстан шаруалар партиясының» филиалы «ашылды». Алайда шаруалардың жаппай көтеріліс жасауына және ауылдар мен селоларда ашаршылықтан адамдардың өлуіне қарамай, бұл «іс» кең өріс алмады. Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 1933 ж. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «байшыл-ұлтшыл контррреволюциялық „Жайлас“ ұйымы әшкереленіп», жойылды. Бұл іс бойынша 55 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 12-і атуға бұйырылды.


Осымен қатар партия ұйымдарын тазалау жүргізілді. Сенуге болмайтындардың немесе бір кезде қате жібергендердің бәрі қуылды. Олар негізінен троцкийшілердің, оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылардың» қатарында болды немесе соларға жаны ашыды деп айыпталды.

КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылау осындай үрей және жанталас жағдайда өтті. Ол 1936ж. 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкіло­дақтық VIII Төтенше съезінде қабылданды. КСРО-ның жаңа Конституциясы бойынша Қазақ АКСР-сы Одақтас Республика болып қайта құрылды. 1937ж. 12 желтоқсанда Қазақстан Кеңестерінің X төтенше съезі Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы Кеңесінің сайла­уы өткізілді.

1937–1938жж. жаппай саяси қуғын-сүргін. Тоталитарлық жүйенің нығаюы.

1937ж. басталған саяси жазалау бүкіл елді қамтыды. 1936ж. Желтоқсан Пленумында, мұнан кейін 1937ж. Ақпан-наурыз пленумында Орталық Комитетінің, И. В. Сталин мен оның айналасындағылардың «екіжүзділердің, халық жауларының бәрінің тамырын шауып, жойып жіберу» қажеттігі туралы нұсқауы берілді. 1937–1938жж. жазаланған «ұлтшыл-фашистер» деп аталатындардың істерінен көрінгендей, Н. И. Ежов пен оның сыбайластары мұндай істерді қолдан жасауға көп қиналып жатпаған. Бұл «істерге» — «ұлтшыл-фашистер» және басқа «халық жаулары» дегендердің істеріне кең құлашты сипат беру үшін НКВД органдары оларды троцкишілдермен және оңшылдармен одақ жасады деген қисынды ойдан шығарды. Жер-жерде «ашық» сот мәжілістері өткізіліп, оларда сотталғандардан қажетті «мойындаулар» зорлап алынды. «Халық жаула­рының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының үштігінің мәжілісінде шешілді.

1937–1938жж. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Жандо­сов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуақасов, Л. Мирзоян, А. Сафарбаев, Ж. Сұлтанбеков, Т. Жүргенов, Н. Сырғабеков, З. Төреғожин және басқа да көптеген адамдар өтірік жаламен жазаланды. Қазақтың ғылым мен мәдениеті орны толмас шығынға ұшырады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсы­нов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Қ. Жұбанов, Ж. Шанин, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеров және т. б. кінәсіз жазалаудың құрбаны болды.

Сөйтіп, 20ж. соңы мен 30ж. тоталитарлық жүйе қоғамдық саяси өмірдің барлық саласында бекіді. Оның көрінісі әсіресе Қазақстанда ерекше жиіркенішті түр алды. Олар күшпен ұжымдастыру мен 1937–1938жж. саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға Одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Міне осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамында болашақ даму жолын айқындап берді.

84.Қазақ КСР-інің құрылуы

Алғышарттары:

РКФСР құрамындағы Қазақ АКСР-і дамыған индустриялы-аграрлы республикаға айналды;

Жұмыс табының көп ұлтты отряды жедел қалыптасты;

Шаруалардың әлеуметтік табиғаты өзгерді;

Халық зиялыларының елеулі тобы құрылды;

Қазақ әйелдері қоғамдық және шаруашылық өмірге белсене араласты.

Еңбекке жарамды 3,3 млн. адамның 1 млн. -ға жуығы жұмысшылар мен қызметшілер болды. Олардың 20%-ы – түсті металлургияда, 120 мыңы – тасымал жұмысында, 46 мыңы – құрылыстарда еңбек етті.

Осылайша, Қазақстан 15 жыл ішінде кеңестік мемлекетті қалыптастыру жолымен жүріп өтті.

l 1936 жылғы 5 желтоқсан – КСРО Кеңестерінің төтенше VIII съезінде КСРО Конституциясы қабылданды.

Қазақ АКСР-ы Одақтас республика болып қайта құрылып, Қазақ КСР-і атанды (барлығы 11 одақтас республика)

l 1937 жылғы наурыз – Қазақстан Кеңестерінің төтенше X съезінде Қазақ КСР-і Конституциясы қабылданды. Онда:

Республиканың саяси негізі – еңбекшілер депутаттарының Кеңестері;

Республиканың экономикалық негізі – социалистік шаруашылық жүйесі және өндіріс құралдары мен құрал-жабдықтарына социалистік меншік деп атап өтілді.

1937 жылғы желтоқсан — КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді. Жоғарғы Кеңеске республикадан 44 депутат сайланды.

1938 жылғы маусым – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді. Оған барлығы 300 депутат сайланды:

112-сі – жұмысшы;

116-сы – колхозшы;

152-сі – қазақ;


60-сы әйел, оның 27-сі қазақ әйелі.

1938 жылғы 15 шілде – Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы болып, оны Ж. Жабаев ашты.

1939 жылғы желтоқсан – жергілікті Кеңестер сайлауы өткізіліп, оған 48762 депутат сайланды.

20–30 жылдар кезеңінің қорытындысы:

Тиімді жағы:

Қазақ халқының саяси теңдікке, территортялық автономия құқығына қолы жетті.

Индустриясы жедел дамыды.

Мәдениет, білім беру саласында табыстарға қол жетті.

Тиімсіз жағы:

Экономика мен мәдениет саласында қол жеткізген табыстар тым қымбатқа түсті;

Тоталитарлық, казармалық жүйе орнықты;

Қоғамдағы табыстар сталиндік қатал идеологиялық қыспақ қоршауында қалды.

Соғыс алдындағы жылдар

1939 жыл – партияның XVIII съезінде КСРО-ның индустриялық қуатын кеңейту, қорғаныс қабілетін нығайту бағыты көрсетілді.

Үшінші бесжылдықта (1938–1942жж.) республика экономикасындағы атқарылуға тиісті міндеттер:

Түсті металдар өндіру жөніндегі ірі база;

Көмір, мұнай өндіретін аудан;

Ауыл шаруашылығы дамыған аймақ болу.

1938–1941 жылдары іске асырылатын шаралар:

Қарсақпай мыс балқыту зауытын қайта құру мен кеңейту;

Жезқазған мыс балқыту зауытын салу;

Алтайда түсті металлургияны дамыту;

Ебідегі геологиялық жұмыстар мен барлау-бұрғылау ісін жеделдету.

Осы жылдары еңбек кітапшалары енгізілді, мемлекеттік сақтандыру тәжірибесі жақсартылды, 8 сағаттық жұмыс күніне, 6 күндік жұмыс апта­сына көшірілді.

1940 жылдың аяғында мемлекеттік еңбек резевтері жүйесі пайда болды. Әйелдер ірі өнеркәсіп жұмысшыларының 26,1% -ын құрады (1940 жыл). Жаппай ерлер мамандығын меңгеру қозғалысы басталды.

1941 жылғы маусымда – П. Ангелинаның (Батыс Қазақстан облысы, Теректі МТС-де істеген Украина тракторшысы) «Тракторды меңгеріңдер» бастамасымен 26 мыңнан астам әйелдер тракторшы мамандығын меңгерді.

Тұрақты механизаторлар кадрлары қалыптасып, 116 мың маман даярланды.

Соғыс қарсаңында халық шаруашылығында 11 мыңнан астам инженер, техниктер еңбек етті. Стахановшылар мен өндіріс жаңашылдарының қозғалысы өрістеді.

Риддердегі алғашқы стахановшы-шахтер Б. Ықыласов.

Соғыс алдындағы жылдарда құрылыстарды салу жеделдеді. 1940 жылдың басы – ұзындығы 806 шақырымдық Ақмола – Қарталы жолы 9 айға толмайтын мерзімде салынды. Бұл жол құрылысының маңызы:

Орталық Қазақстанның өнеркәсіпті аудандарын Оралдың оңтүстігімен байланыстырды;

Қарағандыдан Магнитогорскіге көмір тасу 500 шақырымға қысқарды;

Бұдан басқа Атырау-Қандыағаш, Қандыағаш-Орск, «Шығыс орамы» (806 км. Шығыс Қазақстан мен Семей облысы), Алматы-Сарыөзек, Жам­был-Алакөл темір жолдары (2681 км.) салынды.

1938–1940жж. 1,4 мың шақырым жаңа темір жол төселді.

Үшінші бесжылдықтың 3,5 жылындағы өнеркәсіптегі, тасымал мен байланыстағы күрделі қаржы – 3,1 млрд. сом.

Республика өнеркәсібінің жалпы өнімі – 57,3%-ға артты.

Түсті металлургия Қазақстан өнеркәсібінің жетекші саласына айналып, түсті металлургия бойынша Қазақстан екінші орында болды. Бұл сала кәсіпорындары: Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту, Лениногорск, Зырянов полиметалл зауыттары, мыс балқыту комбинаты, Ащысай, Қоңырат кеніштері.

Салынып жатқан құрылыстар: Ақтөбе ферроқорыту зауыты, Текелі полиметаллургия, Жезқазған мыс балқыту комбинаттары.

Шымкент қорғасын зауытының қорғасыны елдегі ең таңдаулы деп танылды. 1939 жылы зауыт ұжымы одақта 1-орынды жеңіп алып, Ленин ор­денімен марапатталды. Қазақстан Одақ көлемінде:

Қорғасын өндіруден 1-орын, мұнай мен көмір өндіруден 6-орынға шықты.


1940 жылы 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 7,9 есе өсті.

1940 жылы Қазақстан одақ бойынша:

көмірдің – 4,2%-ын;

мұнайдың – 2,2%-ын;

қорғасынның – 87%-ын;

мыстың – 21%-ын өндірді.

Соғыс алдындағы жылдарда Орталық Қазақстанның өнеркәсіпті шикізат аймағы қалыптасты.

Орал-Қазақстан-Сібір «үшбұрышы» мырыш, қорғасын, молибден т. б. өндіруден КСРО-да жетекші орын алды. Волга-Орал арасындағы темір жол (ұзындығы 581 км.) Одақтың және республиканың ірі өнеркәсіпті орталықтарын жалғастырды.

Соғыс алдындағы жылдарда колхоз құрылысы дамыды. 1940 жылы колхоз бен совхоздарда:

41 мыңнан астам трактор,

11,8 мың комбайн,

14 мың жүк автомобилі жұмыс істеді.

Ауылшаруашылық техникасы 330 МТС және 194 совхозға шоғырландырылды. 116 мың механизатор, тракторшы, комбайншы даярланды. 1940 жылы жоғары және арнаулы орта білімі бар 4 мың 600 агроном, зоотехник, мал дәрігері, орманшы болған.

1938–1940 жылдары 1338 ТОЗ ауылшаруашылық артельдерінің жарғысына көшіп, 6 мың 900-ға мыңға көбейді.

Халықтық құрылыс әдісімен 100 мың колхозшы каналдар мен суландыру жүйелерін салуға қатысты. 1938–1940 жылдары 145 мың га-дан астам жаңа суармалы жер игерілді. Батыс Қазақстанда Орал-Көшім каналы салынды.

1940 жылы әлеуметтік-мәдени шараларға мемлекеттен бөлінген қаржы – 1 млрд. сомға жақындады (1932 жылмен салыстырғанда 12,5 есе көп).

1938–1940 жылдары республикада тұрмыстық қызмет көрсету орындары салынды:

3100-ден астам дүкен,

600-ден астам асхана, ресторан,

200 жаңа емхана,

120 аурухана.

Үшінші бесжылдықтың жарты жылында тұрғын үй құрылысына жұмсалған қаржы – 876 млн. сом (екінші бесжылдықта – 351 млн. сом)

1938–1940 жылдардағы шешілмеген проблемалар:

Мал шаруашылығының дамуы артта қалды;

Колхоз өндірісінде материалдық ынталандыру төмен болды;

Ауылшаруашылық мамандары тұрақтамады;

Колхоз өмірінде демократия жеткілікті дамымады;

Тұрғын үй қоры социалистік құрылыс қорынан кейін қалды.

85.XXғ. 20–30 жылдардағы Қазақстанның мәдени құрылысы.

Ересектер арасында сауатсыздықты жою

Шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды.

1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды. 1921–1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28%-ы сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10% бол­ды. 1931 жылы Қазақстанда 15–20 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауат­сыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді.

Сауатсыздық жою ісі жөнінде Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Мұның себебі – әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрок­раттық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. Тек қана 1930 жылы бұл іске комсомол құра­мындағы 5000-ға жуық жастар қатысты.

1936 жылы жер-жерден ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500000-нан астам адам оқыды.

Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретіндегі көмегін тигізді.


1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, сауатты қалаларға айналды (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Лениногорск, Тараз, Орал т. б.)

Халыққа білім беру ісі

1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда ар­наулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды.

1930–1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет қолдау көрсете бастады. Сонымен қатар Қазақстан комсомолы бұл істің жүзеге асырылуын және білім беру ісінің дамытуын өз мойындарына алды. Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А. Байтұрсынов суретті әліппе, Ж. Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды.

20–30 жылдары қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Қ. Кемеңге­ров, Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов көп еңбек сіңірді. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады. 1934–1935 жылдары Қазақстанда 221 интернат жұмыс істеді.

Соғыстың алдында республика мектептерінде 44000 мұғалім жұмыс істеді. С. Ақышев, С. Көбеев, А. Ақатов, Ш. Сарыбаев, Л. И. Довранская, Н. В. Волков т. б. білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды.

Кәсіптік білім беру ісінің дамуы

1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды.

1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институты ашылды.

1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды.

1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды.

1934 жылы Алматыда Қазақ кен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-технолог кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды.

1931–1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шым­кент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақ КСР-де жоғары оқу орындарының саны 20-ға, ар­наулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды.

Ғылымның дамуы

XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ж. Аймауытов, А. В. Затаевич, А. Байтұрсы­нов, Ә. Диваев, А. П. Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М. Е. Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргізді.

Н. Г. Кассин, С. С. Неустроев, М. П. Русаков, А. Е. Ферсман, Р. А. Барунайов сияқты геолог ғалымдар қазақ жерінің табиғи ресурстарын зертте­уде ірі табыстарға жетті. Қарағанды, Екібастұз көмір қорлары, Ембі мұнай қоры анықталды.

1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.

1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Кенді Алтай түсті металын, Жезқазған мысын, Орал-Ембі мұнайын зерттеуге арналған сессия өткізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның одақ көлемінде көмір қоры жөнінен бірінші орын алатыны анықталды.

1935 жылы профессор С. Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бергі тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді.

А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Сейфулин, С. Мұқанов бастаған әдебиеттанушылар лингвистика, тіл білімі және әдеби зерттеулер бойынша ғылыми еңбектер жазды.

Қазақ КСР-де ғылымды дамыту жолында С. М. Вавилов, В. Л. Камаров, А. Н. Смаилович (түрколог), А. Д. Архангельский (геолог) есімді академик­тер мол үлес қосты.

1940 жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. 1939 жылы елімізде ғылыми істерге жұмсалатын күрделі қаржы 14,4 миллион сомға жуық болды.

Соғыс қарсаңында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы құрылды.

Қазақ Кеңес өнерінің дамуы

XX ғасырдың 20–30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді.

А. В. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 жылы), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 жылы) деген еңбектерін жазып, қазақ музыка­сын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А. В. Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді.

1922 жылы Қарқаралыда халық жыршылар бәйгесі өтті.

1924 жылы Москвада өткен халықтар музыкасының концертіне Петропавл педучилищесінің қазақ хоры қатысты. Хорды И. В. Коцых басқарды.

Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.

1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры ак­тер, режиссер Жұман Шанин болды. Театр ұйымдастыру ісіне Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров көп еңбек сіңірді. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы – театрда алғаш қойылған пьеса. Бұдан басқа театрда Ж. Ша­ниннің «Арқалық батыр», Б. Майлиннің «Шаншар молда», С. Сейфулиннің «Қызыл сұңқарлар», М. Әуезов пен Л. Соболевтың «Абай», Ғ. Мүсіре­повтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары, Д. А. Фурмановтың «Бүкіл», Шекспирдің «Отелло», Н. В. Гогольдің «Ревизор», «Үйлену» қойылым­дары сахнаға шығарылды.

1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды.

1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды.

1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. Бұл театрда А. Садыров пен Ж. Асимовтің ержүрек ұйғыр қызын бейне­лейтін «Анархан» пьесасы және т. б. қойылды.

1937 жылы Қызылорда қаласында Корея театры ашылды. Мұнда Д. И. Дон-Имнің «Чуп-хан-дан» музыкалық драмасы қойылып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен қатар азамат соғысы кезінде және басқа да қиын-қыстау жылдары Ә. Жангелдин басқарған отрядта, Түркістан атқыштар дивизиясы мен бірінші кеңестік қазақ атты әскер полкінде жылжымалы театрлар жұмыс істеді.

Онда Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», Р. Мәлібаевтың «Әдет күңі», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», Е. Ерданаевтың «Мылқам­бай» сияқты пьесалары қойылды.

30 жылдары қазақ киносының дами бастаған кезі болды. Осы кезде Алматы қаласында жұмыс істеген «Востоккиноның» бөлімшесі «Жайла­уда», «Түрксіб» сияқты деректі фильмдер мен «Қаратау құпиясы», «Жұт», «Дала әндері» сияқты дыбыссыз көркем фильмдерді түсірді.

1934 жылдан бастап республикада хроникалы фильмдер студиясы жұмыс істей бастады.

1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді.

1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Мемлекеттік музыка театры болып ашылған бұл театрда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі 100 реттен астам көрсетілді.

1934 жылы А. Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды.

1936 Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы құрылды.

1938 жылы мамырда Москвада өткен қазақ өнері күндерінде «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары қойылып, Күләш Байсейітова бастаған әншілер ән шырқады. К. Байсейітова КСРО халық артисі атағына ие болды.

Әйгілі суретші П. Г. Хлудов қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болды. Алғашқы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев – Хлудовтың шәкірті. Ә. Қастеевтің «Амангелді» картинасы – қазақ бейнелеу өнерінің озық туындыларының бірі.

1930 жылдары Қазақстанда мәдени ағарту орындары жұмыс істей бастады.

1934 жылы Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды.

1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті.

Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.

Әдебиеттің дамуы

XX ғасырдың 20–30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Дулатов, М. Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.


С. Сейфуллин — «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды.

М. Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» т. б. дастандарын жазды.

С. Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды.

І. Жансүгіров «Құлагер», Б. Майлин «Азамат Азаматыч», И. Байзақов «Құралай сұлу», Ғ. Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж. Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды. Б. Жәнікешов, Б. Ізтөлин – азамат соғысы жылдарындағы белгілі ақындар.

Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б. Майлиннің «Жалбыр», М. Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды. Қазақ әдеби­етінде кеңестік басқа ұлт өкілдерінің де алатын орны ерекше. Мысалы, қазақ жеріндегі ұжымдастыру жөнінде Мате Залка «Тұман тұмшалаған ауыл» атты романын жазды.

20–30 жылдардағы қазақ әдебиетінде аударма ісі де ерекше орын алды.

Алаш қозғалысының жетекшісі Ә. Бөкейханов аударма ісінің шебері болды.

А. Байтұрсынов И. А. Крыловтың шығармаларын, Ж. Аймауытов М. Ю. Лермонтов пен А. С. Пушкиннің, Ғ. Тоқай Ф. Шиллердің шығармаларын;

М. Жұмабаев М. Горький мен Г. Гейненің, Гете мен Д. Мамин-Сибиряктың, В. Ивановтың шығармаларын аударды.

Ж. Аймауытов «Интернационалды» аударды.

Ж. Жабаев пен Н. Байғаниннің, Ш. Қошқарбаевтың т. б. ақындардың өлеңдері мен дастандары қазақ поэзиясын одан әрі дамытты.

XX ғасырдың 20–30 жылдарында Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, Ә. Сәрсенбаев, Д, Әбілов, Қ. Бекхожин, Ж. Саин, Т. Жароков бастаған жас буындар әдебиет саласында белгілі болды.

Сталиндік бюрократизм, жазалау шаралары, репрессия қазақ әдебиетіне орны толмас шығын әкелді. Мысалы, жазықсыз жолмен М. Дулатов түрмеге қамалып, 1935 жылы қайтыс болса, А. Байтұрсынов 1937 жылы атылды.

87.Ұлы Отан соғысының басталуы (1941–1945 жж.)

1940 жылғы 18 желтоқсан – фашистік Германия басшылығы «Барбаросса» соғыс жоспарын жасады.

Мақсаты:

КСРО-ға қарсы соғыс ашу;

«Қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде аяқтау.

Бұл соғыс жоспары бойынша фашистер КСРО-ны:

Сансыз көп ұлттың жасанды және тұрақсыз бірлестігі;

Ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат ретінде қарастырды.

КСРО территориясын, бірнеше рейхкоммиссариатқа бөлуді көздеді:

Остланда-Беларусь пен Балтық жағалауы;

Украина;

Московия — Ресей жері;

Кавказ;

Еділ-Орал;

Гросс Түркістан (Үлкен Түркістан).

«Үлкен Түркістанға» енетін аймақтар: Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжан, Ауғанс­танның солтүстігі.

Фашистік Германияның қуыршақ мемлекет құрудағы көздеген экономикалық және саяси мақсаттары:

Ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын жасау;

Кеңес елін отарға айналдырып, халықтарын құлдыққа түсіру.

1941 жыл 22 маусым – фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашты. Ұлы Отан соғысы басталды.

Еңбекшілер Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жазыла бастады. Республикада 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті.

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14-атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып майданға жіберілді. Қазақстандық 36-жеке атқыш­тар бригадасы 30 дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы (командирі – генерал М. В. Панфилов) жасақталды.

Армия қатарына 1млн. 196164 (1 млн. 196.300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.


Еңбек армиясы құрылып, Қазақ КСР-нен 700мыңнан астам адам шақырылды. Соғыс жылдары 27 әскери оқу орны 16мың офицер даярлап шығарды. 1941–1945 жылдары әскери оқу орындарына 42мыңнан астам қазақстандық жіберілді.

Республика экономикасын майдан мүддесіне бағындыру (1941–1945 жж.)

Соғыстың алғашқы айларынан бастап, Қазақстандағы экономиканы соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық және адам ресурста­рын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар неміс фашистері басып алған жерлерден кәсіпорындар көшіп келе бастады. 1941 жылдың екінші жартысында республикаға барлығы 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінді. Тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жаб­дықтары орналастырылды. Олардың ішінде Луганск паравоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқалар бар. Сон­дай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келді. Украинадан әкелінген үш фабрика негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды.

Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды.

Республикаға 1,1 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы 255мың жұмысшыға дейін жетті. 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар іске қосылды, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Мәселен, сол жылы республикадағы қара металлургия өндірісінің тұңғышы Ақтөбе ферросплав зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шым­кентте, Қарағандыда іске қосылды. Балқаш, Қарсақпай мыс қорыту зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібінің: Шым­кентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.

1944 жылы Текелідегі қорғасын-мыс комбинатының бірінші кезегі, Өскемен мыс зауыты іске қосылды. Республикада қара металлургия, мұнай өңдеу өнеркәсібі қалыптасты. Ертісте халықтық құрылыс Өскемен ГЭС-і салынып бітті.

Соғыс жылдары Қарағанды көміршілері Сібір, Орал, Поволжье өнеркәсіп аудандарын жоғары сапалы кокстелген көмірмен жабдықтап тұрды. 19 жаңа шахта мен 3 көмір разрезі іске қосылды. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2мың тонна сапалы мұнай өндірді. Соғыс кезінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және басқа өндірістер салынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның темір жол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар теміржолшылардың 35 пайызын қамтыды. Ақмола-Қарталы, Гурьев-Қандағаш, Орск-Қан­дағаш темір жолдары іске қосылды. Бұлардан басқа жергілікті маңызы бар Жамбыл-Шолақтау, Талдықорған-Текелі, Лепсі-Андреевка, Ағадыр-Ақтау, Састөбе-Кельтемашат темір жол желілері салынды. Жалпы теміржолдың ұзындығы 1940 жылғы 6 581 шақырымнан 8 200 шақырымға дейін өсті.

Қазақстандықтардың майданға аттануы және олардың қаһарман ерліктері (1941–1945 жж.)

Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттеріне жазылған қазақстандықтардың ерлігі аз болған жоқ. Еліміздің басқа да халықтарының ұл-қыздарымен қатар біздің республиканың жастары да жаумен Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі майдан шептерінде ерлікпен шайқасты. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтаров, В. Ло­банов, К. Әбдірахманов, К. Иманқұлов, Е. Качанов, В. Фурсов т. б. Жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Саарема аралы, Минск, Одесса, Бельцы, Шауляй, Севастополь және т. б. қалалар үшін шайқасты. Әсіресе 1941 жылғы қараша, желтоқсан айларында Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына астанаға апаратын негізгі өзекті жолдардың бірі – Волокалам тас жолын қорғау тапсы­рылды. Мұнда майор Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-ші атқыштар полкі жау шабуылына дивизияның басқа бөлімдерімен бірге ерлікпен тойтарыс берді. 316-дивизияның жоғары қаһармандық қабілетін қамтамасыз етуге оның командирі И. В. Панфилов зор еңбек сіңірді.

Дубосекова разъезі түбінде 28 панфиловшы жауынгерлер жаудың 50 танкісінің шабуылына қарсы тұрды. Саяси жетекші В. Г. Клочковтың жа­уынгерлерді ерлікке жігерлендіріп: «Ресей жері кең байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда Мәскеу!» — деген сөздері бүкіл майданға тарап кетті. 28 жауынгер – орыстар, қазақтар, украиндар, қырғыздар – 4 сағат бойы өршелене жасалған жау танктерінің тынымсыз шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қазақ тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәскеуді қорғау та­рихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Ғабдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Аманкелдиев өздерінің ерліктерімен мәңгі өшпес із қалдырды. 316-дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған құрметті 8-ші Ұлан дивизиясы атағы берілді.

Мәскеу шайқасының тарихи маңызы

Қызыл Армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет жеңді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі де көп болды. Қазақстандық генерал-майор И. В. Панфилов пен комиссар А. С. Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналды. Бұл дивизия 1941 жы­лы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы шайқасты. 1941 жылы 18 қарашада И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Панфиловшы, ротаның саяси жетекшісі, қазақстандық КСРО батыры П. Б. Вихрев те ерлікпен қаза тапты.

Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т. Тоқтаровқа кеңестер Одағының батыры атағы берілді.

М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы ба­тыры атағы берілді.

Бородино селосының түбінде Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев 13 фашистің көзін жойды.

Фашистердің Москва түбінде жеңілуі, яғни «Блицкриг» жоспарының күйреуі жеңістің бастамасы, Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.

Ленинград шайқасының тарихи маңызы

Ленинград қаласын қорғауға қазақ КСР-де құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия алғашқы кезеңнен қатысты.

Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Ол Кеңес­тер Одағының батыры атанды.

Балтық флотында көптеген қазақстандықтар жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Мысалы, «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен неміс окоптарына басып кіріп, өшпес ерлік жасаған. Одан басқа Ленинград түбінде Дүйсенбай Шыныбеков, С. Жылқышев, Г. П. Зубков т. б. қазақстан­дықтар ерекше ерлік көрсетті.

1941 жылы қыркүйекте қазақстың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашис­тердің қоршауындағы қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.

Сталинград шайқасының тарихи маңызы

1942 жылы Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды. Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқан­дықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін қамтыды.

1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте қорғаныс комитеті құрылды. 1942 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысында соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.

Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.

Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қала­сында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді.

Сталинград майданын барлық жағынан Қазақстан қамтамасыз еткен. Осында көптеген әскери техника жөндеуден өтті. Қазақстан жерінде құрылған 292, 387-атқыштар дивизиясы, 81-атты әскер дивизиясы т. б. Сталинградты қорғауға қатысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Кеңестер Одағының батыры, қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өз ұшағын жаудың әскери базасына құлатып, Гастеллоның ерлігін қайталады.

Сталинград түбінде қазақстандықтар Қ. Сыпатаев пен А. А. Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағының Батыры атағына ие бол­ды. Сталинград шайқасы соғыс тарихында ерекше орын алды. Гитлерлік басқыншылардың Сталинград түбіндегі жеңілуі олардың соғыстағы тағдырының шешілу уақытын жақындата түсті.

Қазақстан жеріндегі жекеленген халықтардың қоныс аударуы. Қоныс аударған халықтың жағдайы (1941–1945 жж.)

30-жылдары Қазақстанға өзге ұлттарды қоныс аударту кеңінен жүргізілді. Өлке аумағына елдің орталық аймағынан халық көптеп келе баста­ды. Бұл кезеңнің қоныс аудару саясатын үш бағытқа бөлуге болады: өндірістік, ауыл шаруашылық және күштеп, жазалау тәртібімен қоныс аудар­ту. 1928–32 жылдары РКСФР-дің басқа республикаларынан елімізге 100 мыңға жуық шаруашылық көшіп келді. Ашық және ресми түрде жүргізілген жоспарлық қоныс аударудан басқа 30–40 жылдары әлеуметтік, кейін ұлттық белгі бойынша күштеп қоныс аудару ісі кеңінен жүргізілді. Ұжымдастыру науқаны басталысымен арнайы қоныс аудару бұқаралық сипат алды. 1930 жылы көктемде Қазақстанға 0,5 млн. «ар­найы қоныс аударушылар келді».

1937 жылы қазақстанға жапон барлау қызметімен байланысы бар деп айыпталған 95мың 903 адамнан тұратын корей диаспорасы қиыр Шығыстан көшіріліп қоныстандырылды. 1939–1941 жылы Батыс Беларуссия мен Батыс Украинадан, балтық жағалауындағы Кеңестік республи­калардан поляктарды қоныс аудару (депортация) жүзеге асырылды. Санақ бойынша депортация алдына 1939 жылы Қазақстанда 54,7мың по­ляк, 3,6мың латыш, 808 литвалықтар және т. б. тұрған.

1941 жылы 28 тамызда фашистермен байланысы бар деген айыппен 349713 неміс, 1944 жылдың ақпанында ингуштер мен чешендер, наурыз­да башқұрлар, қарашада түрік месхетиндер Қазақстанға күштеп қоныс аударушылар болды.

Ішкі істер халық комиссариаты мен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ресми құжаттары күштеп қоныстандыру себептерін фашистік ре­жимді қолдаушыларға, бандитизмнің пайда болуына қарсы жасалған әрекет деп түсіндіреді.

Жалпы алғанда Қазақстанда 30 — 50-жылдары қоныстанушылар саны, ГУЛАГ тұтқындарын санамағанда, орта есеппен 1560мың адамға жетті.

1939–1959 жылдар аралығында халықтың өсуі 3210234 адамды құрады. Бұл кезеңде қазақ халқының тағдырына зор қауіп төнді. Тоталитарлық режим Қазақстанды қоныс аударушылар лагеріне, ГУЛАГ, концлагерьлер еліне айналдырып жіберді. Қазақ халқы сталиндік саясат құрбанда­рын құшақ жая қарсы алды. Олармен азық-түлігімен бөлісті, қайғысына ортақтасты, өздері аш-жалаңаш отырған қазақтар бақытсыздарға ба­ла-шағасының аузынан жырып көмек көрсетті.

86.Қазақстан – майдан арсеналы (1941–14–945 жж.)

Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал – күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы).

Қарағанды шахтерлері ерен еңбек етті, төрт жыл ішінде олар 34млн тонна көмір өндірді, бұл шахтаның бүкіл өмір бойы өндіргенінен 3 млн. тон­на артық еді. Орал-Ембі мұнайлы ауданының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды, электр қуатын өндіру екі есе дерлік өсті.

Көмір өнеркәсібі

1941 жығы 27 қарашада БК (б) П ОК «Қарағанды көмірін тиеу туралы» шешім қабылдады. Партияның ОК ӨҚХК-ін (Өнеркәсіп пен құрылыс ха­лық комиссариатын) көмір тасу үшін Орал мен Сібір жолдарында қосымша 200 айналма бағыт ашып, Томск, Омбы, Қарағанды, Оңтүстік Орал, Пермь, Орынбор, Пенза, Оңтүстік-Шығыс, Рязань-Орал, Қазан Түркістан-Сібір жолдары басқармаларында көмір мен кокс тиелген поездарды бақылап отыратын арнайы диспетчерлік топ құруға міндеттеді: МҚК құрылыстары толық аяқталуын күтпей, Ақмола – Қарталы желісінің өткізу қуатын арттыру туралы шешім қабылдады.

Мұнай өнеркәсібі

Әскери-шаруашылық жоспарға сәйкес Еділ бойы, Батыс Сібір, Қазақстан мен Орта Азия аудандарында қара және түсті металлургияны, отын-энергетикалық өнеркәсіпті, темір жол транспортын жедел дамыту қолға алынды. Ембіде мұнай көздерін барлап өндіру, Қарағанды мен Маңғыстауда шахталар, бірқатар электр стансалары мен балқаш мыс қорыту зауытында от пен мыс тазарту цехы құрылыстарын салу белгіленді. Қазақстандағы отын-энергетика комплексі мен түсті металлургияны дамыту нұсқауы бойынша КСРО-ның соғыс кезеңіндегі халық шаруашылық жоспарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды.

Шахталар құрылысын тездету кен шығарудың шапшаңдатылған әдістері есебінен жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде соғыстың алғашқы бір жарым жылында 12 жаңа шахта іске қосылды.

Соғыс жылдарындағы ірі құрылыстар

Қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындарын түсті металдармен жабдықтаудың негізгі ауыртпалығы соғыс қарсаңында КСРО-дағы мыс қорының жартысынан астамы топтастырылған Балқаш пен Жезқазған зауыттарына жүктелді. 1941 жылғы шілдеде Шығыс Қоңырат молибден кен орны­ның, Балқаш мыс қорыту зауытындағы мыс тазарту және ұсатып-үгіту цехтарының құрылыстары әскери маңызы бар екпінді құрылыс деп жари­яланды. Қысқа мерзімнің ішінде су корпусын – арнаулы молибден цехының құрылысын аяқтады. 1941 жылдың 7 қарашасына қарай еліміздің ме­таллургиялық зауыттарына қажетті алғашқы молибден өнімі шығарылды. Бұл құрылысқа Орал мыс кеніштерінің бұрғылаушылары келді.

Ақшатау молибден-вольфрам комбинатын салу аса ірі екпінді құрылысқа айналды.

Темір жол

Республика көлік қатынасы ұжымдары да өз жұмыстарын соғыс уақытына бейімдеп, қайта құрды. Поездар қозғалысы ауыспалы графикке көшірілді. Бірінші кезек әскерлер мен әскери жүкке берілді, жолаушы тасымалдауға шектеу қойылды. Түркістан-Сібір темір жолында шаруашы­лық жүктерін тасу жылына 2,5 есе өсті. Бүкілодақтық жарыс жеңімпаздарының қатарында 1942 жылғы маусымда Түрксібтің Шар бөлімі де бол­ды. Бұл ұжымға ең жоғарғы награда – МҚК-нің ауыспалы Қызыл Туы тапсырылды.

Село еңбеккерлерінің ерлігі

Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Республиканың колхоз-совхоздарына жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті.

Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері – Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер – Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мұнира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды және т. б. орынды мақтан етті. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының озат тары өсірушісі Ш. Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 жылы әр гектардан – 175ц, ал 1943 жылы – 202ц. өнім жинады. Қызылордалық күріш өндіруші Ы. Жақаев 1943 жылы әр гектардың өнімін 192ц. жеткізді.

Мал шаруашылғы өнімдерін өндіру мен қоғамдық мал басының өсу жоспарлары ойдағыдай орындалып отырды. Малшылар арасынан көптеген республикаға танымал еңбек озаттары шықты. Мысалы, Жезқазған ауданы Аманкелді атындағы колхоздың шопаны Ж. Мұқашев жыл сайын жүз қойдан 180ге дейін қозы алып, аман өсірді. Атырау облысы «Жаңа талап» колхозының жылқышысы Ш. Шұғаипова бір мыңнан астам жылқыны ешқандай шығынсыз бақты. Қоғамдық мал басы Республикада соғыс жылдарында 3млн. басқа жуық өсті. 1944 жылы Бүкілодақтық еңбек жарысында мал шаруашылғын өркендетудегі орасан зор табыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Гурьев облысының Қызылқоға аудандары КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Жалпы соғыс кезінде Қазақстанның ауыл-село еңбек­керлері өздерінің патриоттық және еңбек парыздарын айтарлықтай өтеді. 1941–1945жж. олар майдан мен елге 5 829мың тонна астық, 734мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.

Қазақстан халқының материалдық жағдайы

1941–1945жж. Қазақстаннан батыс аудандардың 532,5мың тұрғыны баспана, жұмыс, тыл еңбекшілерінің қатарынан өз орнын тапты. 970мыңдай репатрицияланған немістер, поляктар осында келді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға таратылып орналастырылды. Ал қалаларда соғысқа дейін қиын болған тұрғын үй проблемасы одан сайын шиеленісе түсті: 1940 жылы қаланың әрбір тұрғынына 5,1 шаршы метр­ден келсе, соғыс жылдары 4,3 ал Қарағанды қаласында 2,2 шаршы метрден ғана келді.

Бөлшек сауда жүйесіне азық-түлік және көпшілік қолды товарлар бұрынғыдан 7–15есе аз түсті, ал базардағы баға 10–15есе көтерілді. Елде ха­лықты нан және басқа аса маңызды азық-түлікпен жабдықтауға карточка жүйесі енгізілді, көмекші шаруашылықтар жүйесі, ұжымдық және жеке бақша шаруашылығы кеңейтілді. Мемлекеттің, еңбек ұжымдарының, республика тұрғындарының бірігіп күш жұмсауы арқасында ел азық-түлік проблемасын шеше алды. Молшылық болған жоқ, бірақ барлық жұрт ең аз қажетін өтеді.

Бүкілхалықтық майдан мен тылға көмек

Майданға ерікті көмек кең құлаш жайды. Халықтың патриоттық үлестерінен жиналған қорғаныс қоры 1943 жылы қазанға дейін ақшалай 185,5 млн. сомға және тапсырылған облигациялардың құны 193,6 млн. сомға жетті. 1941 жылы күзден бастап патриоттардың қаржысына танк­тер, ұшақтар, сүңгуір қайықтарын сатып алу науқаны басталды. Олар нақты жауынгерге арналды. Сондай-ақ бүтіндей колонна, эскадрилья са­тып алынды. Қазақстанның қару-жарақ жасауға өткізілген барлық соғыс заемдарының және ақшалай-заттай лотереялардың құнын есептеген­де республика халқының майдан қажетіне ерікті үлесі 4700 млн. сом болды, бұл соғыстың екі жетілік тікелей әскери шығынын өтеуге жететін еді.

Әсіресе соғыстың бірінші қысында жылы киім көмегі едәуір болды. Республикада халықтың 2,5 млн. жылы киім, оның ішінде 11,5мың шолақ тон, 312мың пар киіз байпақ түсті. Мұның үстіне майдандағы солдаттарға 1600 вагон жеке және ұжымдық сәлем-сауқаттар жіберілді, кейде оларды облыстың немесе республиканың арнаулы өкілдері алып барды. Отан қорғаушылардың олармен кездесуі, сол сияқты Қазақстан артистерінің майдан шебіндегі ормандарда, жер астындағы клубтарда немесе алдыңғы шептегі блиндаждарда көрсеткен 1216 концерттері майдан мен тылдың бірлігінің айқын көрінісі болды.

1943 жылы Қазақстан өз ресурстарынан Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріне, Украинаның шығыс облыстарына 2700 трактор, 123 комбайн, 880 сеялка, 2500 соқа және көп мал, азық-түлік, киім жіберді. Осының бәрін жеткізіп апарғандардың ішінен 295 комбайншы, 636 трактор бригадасының бригадирі, 115 механизатор, 115 агроном, 65 МТС директоры сонда қалып, шаруашылықты қалпына келтіруге көмектесті.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мәдениеті (1941–1945 жж.)

Ғылым мен мәдениет

Соғыс жылдарында экономиканы соғысқа бейімдеу мақсаты мен КСРО Ғылым академиясы жанынан «Орал, Батыс Сібір, Қазақстан ресурста­рын қорғаныс қажетіне жұмылдыру жөніндегі комиссия» құрылды. Комиссия құрамында А. А. Байков, В. Л. Комаров, В. К. Обручев сияқты ғалым­дар болды. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Л. С. Берг, С. Н. Бернштейн, Н. Д. Зелинский, Л. И. Мендельштам, А. Н. Бах т. б. академиктер жұмыс істеді.

Академик А. С. Орлов соғыс жылдарында орысша-қазақша сөздік құрастырып, «Батырлар жыры» атты еңбек жазды. Алматыға майдан өңірінен 20-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемесі көшіріліп жұмыс істеді. КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы да соғыс мұқтажына жұмыс істеді. Майдан қажетіне байланысты сирек металды зерттеу ісінде Қ. И. Сәтбаев көп еңбек сіңірді. 1942 жылы Қ. И. Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарын зерттеу еңбегіне байланысты Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақстанда орналасқан Москва авиация, алтын және түсті металдар институттары, Киев университеті ерекше екпінді еңбек етті. Соғыс жылдарында қазақстанда ашылған жоғары оқу орындары: Алматы шет тілдер институты, Шымкент технология институты, Дене шынықтыру институты т. б.

90-ға жуық ақын, жазушы майдандағы жауынгерлер қатарында болды.

Соғыс жылдарында Ж. Жабаев «Ленинградтық өренімді», Ж. Саин өлеңдер жинағын, Қ. Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыздар», С. Мұқанов «Өмір мектебін», М. Әуезов «Абай» роман эпопеясының 1 кітабын жазды. А. Толстой «Қазақстан жерінде болғанда», «Иван Грозный» кітабын жазды.

Майдан өңірінен Қазақстанға 23 көркемөнер ұйымы көшірілді.

1941 жылы Қазақстанға «Мосфильм», «Ленфильм» киностудиялары көшіріліп әкелінді. Бұл киностудиялар Алматы киностудиясымен бірігіп, екі жыл ішінде 23 кинокартина түсірді. Олардың ішінде «Партизандар», «Екі жауынгер», «Георгий Сакадзе» сияқты танымал кинокартиналар бар.

Соғыс жылдарында Алматыда актерлерді даярлайтын бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты жұмыс істеді. Киностудиялар М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т. б. жазушылардың көмегімен «Абай әндері», «Жауынгер ұлы», «Саған майдан», «8-гвардиялық» сияқты картиналарды түсірді. Қазақстанда құрылған 11 концерт бригадасы майданда өнер көрсетті. Соғыс жылдарында ғылым мен мәдениет майдан қажетіне осы­лай аянбай қызмет етті.

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946–1980 жж.)

88.Соғыстан кейінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі (1945–1950 жж.)

Соғыстан кейін де әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамда үстем болды. КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда Сталиннің жеке басына табыну күшейді. Же­ке адам құқығы барған сайын аяққа тапталды. Қарапайым адамдар басқарудан шеттетілді.

Коммунистік партияның билігі шексіз болды. Қоғамда тоталитарлық, авторитарлық жүйе үстем болды. Осының бәрі жеке адамның басына та­бынғандықтан пайда болған. Жоғары билік басындағылар тез арада коммунизмге көшу туралы жоспарларды құрастыра бастады. Комму­низмнің теориялық негізі жасалды. Мұның бәрі И. В. Сталиннің көрегендігі ретінде бағаланды. Республикада осылай қияли утопиялық көзқарас пайда болды. Коммунистік партия қияли коммунистік идеологияның мүддесін халықтың өмірі мен тіршілігінен жоғары қойды. Адам мүддесімен ешкім санаспады.

Ауыл шаруашылығы

Соғыстан әлсіреп шыққан еліміздің ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілер кездесті. Мысалы, ауыл шаруашылық техниканың жетіспеуі, жұмыс күшінің аздығы, әміршіл-әкімшіл жүйенің ықпалы т. б.

Партияның 1946 жылғы қаулысына сәйкес совхоздар мен колхоздардың бұрынғы зардаптарын жою басталды. Ауыл шаруашылғын жаңа техни­камен қамтамасыз ету үшін мемлекет арнайы қаражат бөлді. 1950 жылы еліміздегі колхоздарда (76%) МТС-тер (машина-трактор станцияла­ры) жұмыс істеді. Үкімет өзін қамтамасыз ете алмайтын ұсақ колхоздарды біріктіре бастады. 1952 жылы республикада 2047 колхоз жұмыс істеді.

Республика ауыл шаруашылығы біршама жақсы дамыды. Дегенмен барлық халықты бірдей азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, өнеркәсіптің шикізатқа деген сұранысын қанағаттандыра алмады. Ауыл шаруашылығы жоспарлы түрде жоғарыдан басқарылды.

Халықтың әлеуметтік жағдайы

Соғыстан кейін 1946–1950 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы үшін аса ірі ауыр кез болды. 1947 жылы елімізде бұрыннан қолданылып кел­ген, халықты азық-түлікпен мөлшерлі қамтамасыз ететін карточкалық жүйе жойылды.

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда біраз шаралар қолданылды. Бірақ бұл мәселе онымен шешілмеді. Жұмысшылардың жа­лақысы көп ретте азық-түлікті сатып алып отырды. Әсіресе, ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекет өте арзан бағамен сатып алды. 1946 жы­лы Кеңестер Одағының біраз өңірін аштық жайлады. Бұл туралы ешқандай мәліметтерде айтылмайды.

Соғыстан кейін республика экономикасын қайта құру (1945–1950 жж.)II дүниежүзілік соғыс КСРО шаруашылғына өте көп зиян әкелді. Соғыс зардаптары: 1710 қала, 70000 ауыл қирады, 32000 өнеркәсіп, 100000 ауыл шаруашылық кәсіпорны бүлінді және 2 млн. адам қираған үйде тұруға мәжбүр болды. Киев, Ленинград, Сталинград, Минск т. б. қалалардың көп бөлігі талқандалды.

Соғыстан кейін қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру басты міндет болды. Бұл бағытта ең алдымен жұмыс күшінің жетіспеуі кедергі жасады. Себебі КСРО соғыста 27 млн. адамнан айырылды. Осыған байланысты Қызыл Армия қатарында демобилизация (әскерден босату) басталды. 1945–1948 жылдары Қызыл Армия қатарынан 8 млн. 500 мың адам босатылды.

Соғыс жағдайына бейімделген ел экономикасының қайта құрылуы басталды. Сұрапыл жылдары соғыстың қажетін өтеп тұрған кәсіпорындар бейбіт тұрмыс өнімдерін шығара бастады.

Қазақстан экономикасын бейбіт жағдайға бейімдеу көп қиыншылықтар тудырды. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорын­дар азат етілген аудандарға қайта көшірілді. Сонымен бірге білікті мамандар да қайтты. Соғыста жарты миллионнан астам адам қаза тапты, көбі мүгедек болып оралды. Мұның бәрі шаруашылқты қалпына келтіруді кешеуілдетті. Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге барынша көмек көрсетті. Сталинград, Ленинград, Киев қалаларын, көптеген қираған кәсіпорындарды қалпына келтіру барысында қазақстандықтар көп үлес қосты.

Сонымен қатар Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге материалдық көмек көрсетті. Мысалы, 1945 жылы Украинаға 500-ге жуық трак­тор, ауыл шаруашылық техникасын; Ресей мен Белоруське, Украинаға 350000 қой, 22000 жылқы, 17500 сиырды тегін жіберді, 1946 жылы қабыл­данған 1946–1950 жылдарды қамтитын халық шаруашылығын дамытуға бюджеттен көптеген қаржы бөлінді.

Үкіметтің қолдауымен және жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорындар біртіндеп аяғынан тұра бастады. Теміртау метал­лургия зауыты, Ақтөбе Ферроқорытпа зауыты сияқты алыптардың қуаты артты. Екібастұз көмір кендері мен Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерінде жаңа құрылыстар салынды.

Ауыр өнеркәсіппен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің қуаты артты.

1950 жылы 483 шақырымға созылған Мойынты-Шу теміржолы салынды. Байланыс, коммуникация жүйелері де дамыды. 1949 жылы Алматы ав­томаттық станция арқылы республиканың 56 қаласымен байланыстырылды.

1950 жылы елімізде халық шаруашылғында еңбек ететін адамдардың саны 1 млн. 403000-ға жетті.

Қазақстан экономикасының бейбітшілік жағдайға сәйкес қайта құрылуы

1946 жылғы наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы 1946–1950 жылдар аралығын қамтитын халық шаруашылғын қалпына келтіру мен дамытуға арналған бесжылдық туралы Заң қабылдады. Бұл жоспарда қазақстанның халық шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға үлкен мән берілді. Ауыр өнеркәсіптің дамуына, жаңа темір жол желісін салуға, ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттыруға қаржы бөлінді.

Еңбекшілер қауымының қажырлы қайрат көрсетуінің нәтижесінде 1946–1951 жылдары республикада болат прокатын, қара және түсті метал­лургия, тау-кен және көмір өнеркәсібі үшін қолдан жасалған талшық өндіру жүзеге асырылды. Бесжылдық жылдарында қара металлургия қарышты қадаммен дамыды. Теміртаудағы металлургия зауытында үй прокат станы мен екі мартен пеші, Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытын­да кәсіпорынның үшінші кезегі іске қосылды. 1947 жылы Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты алғашқы мырышын берді. Екібастұз алабында көмір кесіндісінің құрылысы аяқталды. Балқаш мыс қорыту зауытының қуатын арттыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылды. Маңғыстауда мұнай кәсіпшіліктері қатарға қосылумен болды.

Жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамыды. Семейдегі илеу-сығынды зауыты, Қызылорда «Комсомолка» тігін фабрикасы өнім бере бастады. Жам­былда, Қызылордада, Павлодарда тері зауыттарының құрылысы аяқталды. 50-жылдардың басына қарай республикада 65 кәсіпорын болды. 1950 жылы ұзындығы 483 км. Мойынты-Шу темір жол төсемін қалау аяқталды.

1949 жылдың көктеміне қарай Алматыда елдің 56 қалаларымен байланыстыратын автоматтық станция қызмет істей бастады, радиоқабыл­дау және хабар беру, радио жүйесі 40-жылдармен салыстырғанда екі есе артты.

Республиканың экономикалық өміріндегі өзгерістер маманданған жұмысшылар қатарының өсуіне ықпал етті. Егер 1945 жылы халық шару­ашылғындағы жұмысшылар мен қызметкердің саны 1044 мың, олардың ішінде өнеркәсіпте еңбек ететіндер 304 мың болса, 1950 жылы олар­дың жалпы саны 1403,3 мың, ал өнеркәсіптегілер 366 мың адамға тең болды.

Өнім өндіруді арттыру мақсатымен ұсақ колхоздар біріктіріліп, олардың орнына ірі ұжымдық шаруашылықтар құру жүзеге асырылды. Колхоздар­ды ірілендіру шапшаң қарқынмен жаппай жүргізілді. Осының нәтижесінде республикада колхоздар саны азайды:

1945 жылы Қазақстанда 6737 колхоз болса;

1952 жылы олардың саны 2047-ге тең болды.


Еңбекшілердің тұрмыс жағдайының өзгеруі.

40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басы КСРО азаматтарының басым көпшілігі үшін аса ауыр кезең болды.

1947 жылғы желтоқсанда карточка жүйесі және еңбекшілерді азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен өлшеулі қамтамасыз ету жойылды. Сол жылы ақша реформасы жүзеге асырылды. Негізгі өнімдердің, нан және наннан жасалған өнімдердің, еттің, өнеркәсіп өнімінің бағасы арзанда­ды. Сомның сатып алу құнының көтерілуімен қатар еңбекшілердің жалақысы да өсті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне, соғыста қаза болғандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жасы ұлғайғандарға, асыра­ушысының қаза болуына байланысты және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнетақы тағайындалды. Көп балалы және жалғыз басты аналар жәрдем алып тұрды. Шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жеңілдіктермен жолдамалар берілді. Осы жылдары ке­зектен тыс жұмыс істеуге тиым салынды, ақылы демалыс алу қалпына келтірілді.

Мемлекеттік күрделі қаражат пен кооперативтік кәсіпорындардың және басқа ұйымдардың есебінен халық үшін тұрғын үйлер салу өрістеді.

Жұмысшылар мен қызметкерлердің айлық жалақысы бір жарым есе ғана өсіп, 1950 жылы 64 сомға тең болды.

Әуел бастан негізсіз жасалған, соған қарамастан насихат кеңінен пайдаланған арзандату саясаты халықтың басым көпшілігі тұратын ауыл есебінен жүргізілді.

Мәдениеттің дамуы

Соғыстан кейінгі уақытта мәдениет, еліміздің рухани жағдайы қатал сталиндік идеологияның қыспағында болды. Тоталитарлық режим бұл са­ланы өз дегенімен басқарып отырды.

Ағарту ісі. Соғыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында кездескен басты кедергілердің бірі – қажетті маман­дардың жетіспеуі.

1946 жылы коммунистік партия Қазақстанда жоғары және орта білім беру ісін дамыту шаралары жөнінде қаулы қабылдады. Қазақстанға көптеген білікті мамандар жіберіліп, білім беру ісіне қаражат бөлінді. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары мемлекетке қажетті 60000-дай ма­ман даярланды. 1950 жылы республикада білім беру ісіне 146,5 млн. сом жұмсалды. Нәтижесінде көптеген жаңа мектептер мен интернаттар салынды. 1950 жылы Қазақ КСР-дегі мектептердің саны 9088 болды. Бұл мектептерде 1493000 оқушы оқыды.

1950 жылы республикада міндетті орта білім алу жүйесі енгізілді.

Ғылым. Халық шаруашылығын қалпына келтіру барысында негізгі қажеттіліктердің бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. 1946 жылы ма­усымда Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Ғылым академиясының алғашқы президенті болып ғалым, геология-минералогия ғылымда­рының докторы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысын ұйымдастыру бағытында С. И. Вавилов, И. П. Бардин, А. М. Панкратова сияқты КСРО Ғылым академиясының белгілі ғалымдары көп еңбек сіңірді. Құрылған күннен бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы көптеген аса күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1946–1949 жылдар аралығында Ғылым академиясы 900-дей жаңалық ашты.

1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамында 50 ғылыми-зерттеу мекеме жұмыс істеді. Ғылым академиясының 19 ғылыми-зерттеу институтында 500 аспирант оқыды.

Әдебиет. Қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі жағдайы нашар болмады. Бірақ сталиндік идеология әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. 1947 жылы М. Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясының екі кітабын аяқтады.

1949 жылы «Абай жолы» роман эпопеясы үшін ол мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл туынды – қазақ әдебиетінің аса үлкен жетістігі.

Соғыстан кейінгі жылдарда Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», С. Мұқановтың «Сырдария», М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» романдары, Қ. Бек­хожин мен Ғ. Ормановтың, А. Тоқмағанбетов пен Т. Жароковтың, Ә. Тәжібаевтың өлеңдер жинақтары жарық көрді.

Ғылым мен мәдениетке сталиндік қыспақ. Е. Бекмаханов ісі (1951–1952 жж.)

Соғыстан кейінгі жылдарда сталиндік тоталитарлық жүйе ғылым мен мәдениеттің дамуына белгілі мөлшерде кедергі жасады. Мысалы, комму­нистік партияның қатал идеологиясы қоғамдық ғылымдарға қатты қыспақ көрсетті.

Қазақстан партия комитеті БК (б) П Орталық Комитетінің 1946 жылғы зиялы қауымды саяси қудалауға арналған қаулысын орындау мақсатын­да жұмыс істеді. Осыдан бастап көптеген зиялы қауымдардың, ғылым, мәдениет өкілдерінің саяси қудалауы басталды. 1947 жылы коммунистік партия Қазақ КСР Ғылым академиясыныңқұрамындағы Тіл және әдебиет институтына XIX ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінің рухани мұрасын зерттеуге тыйым салды. Себебі бұл кездің мұралары «ескінің қалдығы» ретінде сипатталды. Қазақ КСР Ғылым академиясында, Мемлекеттік университетте, жазушылар қауымы өкілдері ішінен «халық жауларын», «бөгде ойлы адамдарды» іздеді.

М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан сияқты қазақстанның біртуар ұлдарына «ескіні жазушылар» ретінде негізсіз айып­тар тағыла бастады. Белгілі ғалымдарға (А. Жұбанов, Б. Сүлейменов, Е. Ысмаилов, С. Кеңесбаев т. б.) әр түрлі жала жабылды. М. Әуезов, Қ. Сәтбаев сияқты ғалымдар біраз уақыт бойы қазақстаннан тыс жерлерді (Ленинград, Москва) мекендеді.

Е. Бекмаханов ісі. Ермұхан Бекмаханов Воронеж педагогика институтын бітірген тарихшы ғалым болды. Е. Бекмаханов 1943 жылы «Қазақ ССР тарихы» атты еңбек жазып, 1946 жылы докторлық диссертация қорғады. 1947 жылы диссертациясын «XX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында монография етіп шығарды. Е. Бекмаханов бұл еңбектерінде 1837–1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы кең көлемде жазған болатын. Осыған байланысты Е. Бекмахановқа Ресейге қарсы көтерілісті жақтаған, Кенесары қозғалы­сын ақтауға тырысқан буржуазияшыл, ұлтшыл деген айып тағылды. 1950 жылдан бастап коммунистік партия баспасөз арқылы Е. Бекмаханов­ты ашық айыптай бастады.

1951 жылы ҚазКСР-нің Жоғарғы соты Е. Бекмахановты айыпты деп тауып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол Гулаг лагеріне жазасын өтеуге жіберілді. Е. Бекмаханов 1954 жылы ақталып түрмеден босады. Оның бостандыққа шығуына А. М. Панкратова, А. П. Кучкин сияқты ғалымдар көп көмек көрсетті. Е. Бекмаханов ақталып шыққаннан кейін, өзінің ғылыми педагогикалық жұмысын жалғастырды. Е. Бекмаханов 1966 жылы қайтыс болды.

89.Тың және тыңайған жерлерді игеру (1954–1958 жж.)

Тың жерлердің игерілуі 1954 жылы басталды. 1954 жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказ бен Қазақстанда жүргізілді.

1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн. гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер игерілді. 1956 жылға қарай КСРО-да егістік көлемін 28–30 миллион гектарға жеткізу көзделді. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқынмен, асығыс түрде жүргізілді. 1955 жылы 9,4 мил­лион гектар жер жыртылды. Ал жоспар бойынша 7,5 млн гектар жер жырту көзделген болатын. Тың жерлердің игерілуі жүргізілді:

Ақмола, Солтүстік Қазақстан;

Қостанай, Көкшетау;

Торғай;

Павлодар облыстарында.

Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшылар келді. 1953–1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдіктер жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150–1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауыл шаруашылық салығынан босатылды.

1954–1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом жұмсалды.

Тың игерудің пайдасы. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалдық елге айналды. Қазақстан жерінде көптеген тұрғын үйлер, құрылыстар, мәде­ни обьектілер салынды. Он мыңдаған шақырым жолдар төселді.

Тың игерудің салдары. Көптеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, Мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.

Ең алдымен Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954–1955 жылдарда Қазақстанға келген 650000 тың игерушінің 150000-ы ғана механизатор болды. Нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар етек алды.

Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникасы жіберілді.

Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды.


Мал шаруашылығының дамуы артта қалды. Миллиондаған гектар жерлер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жер­лер азайды. Мал шаруашылығының шығынға ұшырауынан ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды.

Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер тарады. Тың игеру жылдары қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, ұлттық руханияттары ескерілмеді. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкілдеріне берілген артықшылықтар қазақ халқын менсінбеушіліктің көрінісі болды.

Мал шаруашылығы

Коммунистік партияның жүргізген солақай саясатының кесірінен Қазақстан мал шаруашылғының дамуы баяу жүрді. Көптеген мал жайылым­дардың тың игеру кезінде егістікке айналып кетуі де мал шаруашылығының артта қалу себептерінің бірі болды.

1955 жылы болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанда мал шаруашы­лығына көңіл бөлінгендіктен, 225 совхоз және 47 колхоз мал өнімдерін, яғни ет, сүт өндіретін шаруашылықтар ретінде өзгертілді. Мал шару­ашылығы үкіметтің жасаған көптеген шаралары нәтижесінде жақсара бастады. Малшылар еңбегі арқасында мал шаруашылығы ілгері басты.

Шаруашылықтың бар ауыртпалықтарын көтерген малшылар өз еңбегі нәтижесінде үлкен табыстарға жете білді. Мысалы, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Айдарлы колхозының шопаны Жазылбек Қуанышбаевтың өндірген қаракөл терілері Бухарест пен Познаньдағы, Дели мен Нью-Йорктегі көрмелерге шығарылды. Жазылбек Қуанышбаев 1958 жылы «Орақ пен балға» алтын медалін алды.

1960 жылы қазақ КСР-де мал саны 37 млн 400 мыңға жетті.

Республикадағы 50 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір

1953 жылы наурызда әміршіл-әкімшіл жүйенің идеологы, КСРО басшысы И. В. Сталин қайтыс болды.

1953 жылы шілдеде Сталиннің оң қолы, қуғын-сүргінді ұйымдастырушы, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Л. П. Берия барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, атылды. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық, адам құқығын аяққа таптаған үстемдік аяқталды.

Бюрократ көсемдер биліктен кеткенімен, олардан мұраға қалған әміршіл-әкімшіл жүйе жойылмады. 1953 жылы шілде, қыркүйек айларында болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында әміршіл жүйеге байланысты біраз мәселелер көтерілді. Бұл мәселенің барлығы КОКП XX съезінің басты тақырыптарының бірі болды. Съезде мемлекет басшысы Н. С. Хрущев жеке адамның басына табынудың жай-жапсары туралы баяндама жасады. Бұл баяндамада И. В. Сталин мен Н. Ежовтың, Л. Берияның заңға қайшы өрескел әрекеттері, олардың мұраға қалдырған, қолмен жасаған бюрократиялық жүйесі, қылмыстары туралы көптеген дәлелдер келтірілді. Адам құқығының аяққа тапталғандығы, көптеген жазықсыз адамдардың сотталып, өлтірілгені туралы да айтылды. Съезде «Жеке адамға табыну және осының салдары туралы» қаулы қабыл­данды. Съездің басқа құжаттары, талқыланған мәселелері көп уақытқа дейін құпия түрде сақталды.

Бірақ әміршіл-әкімшіл жүйедегі Н. С. Хрущев орны жайлы ештеңе де айтылмады. Мемлекет басшылығының осыдан кейінгі саясаты да дұрыс жүргізілмеді. Мемлекеттік дәрежедегі көптеген мәселелер тек қана бірнеше адамның қолында болды. Одақтас республикалардың құзырында ештеңе болмады.

Н. С. Хрущев кезінде де соны пікір айтқандар қуғындала бастады. Н. С. Хрущев басқарған кезде де бюрократиялық жүйе өзгермеді. 1959 жылы болған КОКП-ның XXI съезінде Н. Хрущев социализмнің толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтады. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды.

Қазақстанның 1960 жылдарындағы қоғамдық-саяси жүйесі

60 жылдардың бастап мемлекет Кеңестерді дамыту ісіне басты көңіл бөлді. КОКП-ның XXII съезінде Кеңестердің беделін арттыру туралы мәселе қаралды. Осы кездегі қоғамның саяси жүйесінде елімізде еңбек ететін барлық жүйеден өкілдер құрамына кіретін КСРО Жоғарғы Кеңесінің рөлі артты.

1963 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарының саны 473 болды. Депутаттардың 158-і әйел болды.

Ал Қазақ КСР-нің барлық депутаттар Кеңесінің құрамына 98906 депутат сайланды. Бірақ Жоғарғы Кеңес партия нұсқауы негізінде жұмыс істеді.

Кәсіподақ қызметі де бұл кезде жандана түсті. 1966 жылы кәсіподақ құрамында 4 млн-ға жуық адам болды. 1960 жылы мемлекеттегі рекре­ациялық қорлар кәсіподақ қарамағына берілді. 1961 жылы ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері кәсіподақтың билігіне көшті. Социалистік жа­рыстар ұйымдастыру, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын реттеу кәсіподақтың міндеті болды. Осындай кең көлемдегі істерді атқару құзырында болған кәсіподақ барлық жағынан партияға бағынышты жағдайда болды.

60 жылдардың ортасында комсомолдың беделі де айтарлықтай болды. 1965 жылы республика жастар ұйымы құрамында 1 млн-ға жуық жас­тар болса, оның 400000-ға жуығы өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, көлік, байланыс жүйелерінде еңбек етті.

1962 жылы Қазақстан комсомолының X съезінде жастар мал шаруашылық саласын қамқорлыққа алды. Сонымен қатар Қазақстанның 8000-ға жуық комсомол жастары екпінді құрылысқа аттанды.

60 жылдардың басына қарай тағдырдың жазуымен ҚХР-да қалып қойған отандастарымыз оралды. Осы жылдары КСРО-ға ҚХР-нан 350000 адам көшіп келген. Оның 200000-ға жуық адамы Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер де Қазақстан жеріне қоныс аударды. Қоныс аудару кезеңі 1963 жылы аяқталды.

1964 жылы КОКП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Пленум барысында партия және мемлекет басшылары арасында ауыс-түйістер туында­ды. Ең алдымен Н. С. Хрущев КОКП ОК-ның бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. КОКП ОК-ның бірінші хатшысы болып Л. И. Брежнев сайланды. Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметі А. Н. Косыгинге жүктелді. Бұл пленумда негізгі мәсе­лелер Л. И. Брежнев, А. Н. Шелепин, М. А. Суслов, В. Е. Семчастный, Д. А. Қонаевтың қатысуымен шешілді. М. А. Суслов баяндамасында Н. С. Хру­щевті айыптады.

70 жылдардың басында бұрынғыдай социализмнен коммунизмге өту туралы теориялық идея басым болды. Бұл жайлы 1967 жылы қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған сөзінде Л. И. Брежнев мәлімдеді.

1977 жылы 7 қазанда КСРО конституциясы қабылданды. Конституцияда қияли болжамдар көп болды. Коммунизмге өтер жол мәселесі, кемел­денген социализм теориясы кең таралды.

1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР-нің конституциясы қабылданды. Бұл Кеңестік жүйедегі Қазақстанның соңғы конституциясы болды. Бұл консти­туцияда да демократияны шектеу, адам құқығын елемеу қоғамға жат құбылыстар орын алды. Ұлтаралық қатынастарда да келеңсіз жағдайлар көбейді. Республикада орыс тілі «ұлы тіл» ретінде дәріптеліп, қазақ тіліне немқұрайды қарау кеңейді.

1975 жылы ақын, қоғам қайраткері О. Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта орыстың әдеби жырындағы түркі сөздері туралы кең ғылыми деректер келтірілді.

Келтірілген деректер шовинистерге ұнамады. Оларға бұл кітап орыс ұлтын кемсітушілік болып көрінді. Сондықтан аталған шығарманың ти­ражын көбейтуге және оны сатуға тыйым салынды.

Отандастарымыздың қайтып оралуы

Қоғамдық өмірді демократияландыру процесі басталғандығының арқасында шекара сыртында өз еркінен тыс қалып қойған отандастарымыз Қазақстанға қайта оралуға мүмкіндік алды. М. Тәтімов, Б. Төлепов, В. П. Осипов сияқты ғалымдардың пікіріне қарағанда, бұл жылдары Қытай Халық Республикасынан Кеңес Одағына 350000-ға жуық адам оралған, оның 200000-нан астамы Қазақстанға келген. Бұл адамдар Отанын сат­пағанын, өктемшіл жүйенің құрбандығына шалынғандығын естен шығаруға болмайды. Репатрионаттардың. яғни, Отанға оралғандардың құра­мында қазақ, өзбек, дүнген, орыс, ұйғыр т. б. көптеген ұлттардың өкілдері болды. Республика үкіметі жаңадан келгендерді қарсы алу үшін бірқатар шара қабылдауының нәтижесінде олар негізінен бір кезде кетуге мәжбүр болған жерлеріне қайта қоныстандырылды. Бұл адам­гершілік актісі болатын. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты мұндай қоныс аударулар 1963 жылға қарай тоқталып қалды.

Республиканың 1950–1960 жылдарындағы индустриялық дамуы

Соғыстан кейін қалпына келтірілген өнеркәсіп 50 жылдардан кейін жаңа өзгерістерді қажет етті. Осы кезден бастап өнеркәсіпті басқарудың басқа жүйесін енгізу, ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізу жөнінде көптеген шаралар нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсу дәрежесі де кеңейді. 1954–1958 жылдар аралығында Қазақстанда 730 өнеркәсіп орны салынды. Жаңадан салынған өнеркәсіптер: Ақтөбе хром зауыты, Шымкент гидролиз зауыты, Семей цемент зауыты, Жезқазған кен байыту фабрикасы т. б.

1958 жылы жалпы өнім өндіру жөнінен Қазақстан КСРО-да 3-орынға шықты. Өнеркәсіптердің көптеп салынуы жол көлік, байланыс жүйелерінің өркендеуін талап етті.

1956–1958 жылдар аралығында елімізде көлік және коммуникация жүйелерін дамытуға 146,4 млн. сом жұмсалды. Республикада теміржол құры­лысына ерекше көңіл бөлінді.

1960 жылы Қазақ КСР теміржолының ұзындығы 11,42 километр болды. 1958 жылы Қазақ КСР-де Қазақ теміржол басқармасы құрылып, рес­публикадағы барлық теміржол осы басқармаға бағындырылды. 1951–1955 жылдар аралығында одақта салынған теміржолдың 30%-ы Қазақстан аумағында салынды. 1960 жылға қарай Одақта өндірілген темір кенінің 5,4%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Қазақстан "магниткасы” аталған Қарағанды металлургия зауыты Қазақстан мен Орта Азияны, Сібір мен Оралды темір өнімдерімен қамтамасыз етті. Республикада электр энергиясы өндірісі де біршама дамыды. Дегенмен индустрияның дамуы болмаса, сапа жағы өзгеріссіз қалды.

Соғыстан кейін де біршама шаралар қолданылғанымен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру саласы артта қалды.

Өнеркәсіпті дамытуға мемлекет көп көңіл бөлгендіктен, ауыл шаруашылығы артқы орында қалып қойды.

1953 жылы КОКП пленумында ауыл шаруашылғын дамыту жөнінде шаралар белгіленді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, бірақ қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жол­мен жүргізе берді.

90.1950–1960 жылдардағы аграрлық сектор экономикасындағы реформа

КОКП-ның қыркүйек (1953 ж.) пленумы ауыл шаруашылығында орын алған жағдайға талдау жасап, оның даму болашағын анықтауға арналды. Пленумда жаңадан ғана Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болып сайланған Н. С. Хрущев баяндама жасады.

Қыркүйек пленумының шешімдері мен Кеңес үкіметінің одан кейін қабылдаған қаулы-қарарларында ауыл шаруашылығының артта қалуын жою жөніндегі шаралар жүйесі белгіленді:

Ауыл-село еңбеккерлерінің өнім өндіруге деген материалдық ынталылығы арттырылды;

Ауылшаруашылық өнімін дайындау және сатып алу бағасы көтерілді;

Аграрлық секторды техникамен жабдықтау жақсарды;

Етті, сүтті, жүнді, картопты, көкөністі сатып алу бағасы артты;

Колхоздар мемлекетке төлеуге тиісті қарыздарынан босатылды.

Партиялық мемлекеттік аппарат экономиканың барлық саласына, ең алдымен оның шешуші салаларының бірі – ауыл шаруашылығын басқаруға хабары жоқ болса да, араласуын тоқтатпады. Ал мұндай жағдай бұрынғысынша елдің ауыл шаруашылығының экстенсивті жолмен да­ми беруіне әкеп соқты.

КОКП ОК-нің 1965 жылғы наурыз пленумында тиімді аграрлық саясат талдамасын түзеуге кезекті талпыныс жасалды. Пленум шешімдерінде колхоздар мен совхоздар экономикасын көтеруге бағытталған шаралар жүйесін жүзеге асыру көзделді:

Бірнеше жылға арналған берік жоспарлар белгіленді;

Ауылшаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасы 2 есе өсірілді;

Жоспардан тыс сатылған өнім үшін үстеме ақы төлеу енгізілді;

Колхоздардан табыс салығын алу шарттары өзгертілді;

Ауыл мұқтажына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды.

1967 жылдың сәуірінде КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі "Совхоздар мен өзге мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарын толық ша­руашылық есепке көшіру туралы” қаулы қабылдады. Ауыл шаруашылығына эксперимент жасау одан әрі жалғасты. Үкімет шешімдеріне сәйкес Қазақстан бойынша 18 совхоз толық шаруашылық есепке көшірілді. Шаруашылық басшыларының құқылары кеңейтілді және әр совхоздың өндірістік нәтижелері үшін жауапкершіліктері арттырылды. Совхоздарды шаруашылық есепке көшіру жағдайды біршама жақсартты. Астық, сүт, жұмыртқа, ет өндірудің өзіндік құны төмендеді.

Ауыл шаруашылығын интенсивтендірудің, шаруашылық жүргізудің тиімді әдістерін пайдаланудың орнына көбінесе қымбатқа түсетін шаралар қолданылып отырды. Кадрлардың әдетке айналған тұрақтамаушылығын тыя алмаған совхоздар мен колхоздар, орақ науқандарында жергілікті механизатор кадрлары жетіспейтіндіктен, сырттан адам шақыруға мәжбүр болды.

Жергілікті жұмыскерлер арасынан комбайншылар даярлау әрекеті де нәтижелі бола қоймады. Сонымен қатар, республика жоғары оқу орында­ры мен техникумдарында студенттерді механизатор және комбайншы мамандығы бойынша даярлау жұмыстары жүргізілді. Оқу орындарында екінші мамандық алған студенттер совхоздарға қолдан келгенше жәрдем көрсетті. Бірақ жұмысшыларды осылайша сырттан әкелу әдісі де рес­публика ауыл шаруашылығының проблемаларын шешуге жәрдемдесе алмады.

1950–1960 жылдардағы Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы

Қазақстан индустриясының дамуы, тың және тыңайған жерлерді игеру республиканың әлеуметтік-таптық құрылымындағы өзгерістермен қатар жүрді. Республика тұрғындарының құрамындағы жұмысшылардың, шаруалардың, интеллигенцияның ішкі құрылымы күрделене түсті. 50-жылдардағы Қазақстан көпұлтты республика болды. Мұнда қазақтар, орыстар, украиндар, немістер, өзбектер, ұйғырлар, татарлар, т. б. ха­лықтардың өкілдері өмір сүріп, еңбек етті. Еңбек ұжымдарының көпшілігі де көпұлтты болды.

Қазақстанның экономикалық даму қарқынының жеделдеуі жұмысшы табының жаңа кадрларын дайындауды талап етті. Бесжылдықта еңбек ре­зевтерінің жүйесі 50 мың әр түрлі мамандық иелерін дайындады. Алайда кадрлар дайындаудың осы жүйесі оларға деген өсіп отырған қажеттілікті толығымен қанағаттандыра алмады. Осыған орай республикадан тыс жерден жаппай келушілер Қазақстанның жұмысшы та­бының қатарын молайтты. Бұл жағдай ең алдымен Қарағанды көмір алабының, Шымкенттің, Жамбылдың, Ақмола мен Алматының кәсіпорын­дарына тән болды.


Ауылдармен салыстырғанда қала тұрғындарының саны жылдам өсті. Қала тұрғындарының бұлай өсуіне өнеркәсіптің, көлік түрлері, ғылым мен мәдениеттің жедел қарқынмен дамуы тікелей себеп болды. 1959 жылы қала тұрғындарының үлес салмағы 44%-ға жетті. Осы жылдарда Қазақстан картасынан 15 жаңа қала және 86 шағын қалашықтар өз орындарын алды.

Республикаға көшіп келушілер әсіресе тың және тыңайған жерлерді игерген жылдары көп болды. 1954 жылдан 1962 жылға дейін тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2млн-ға жуық адам келді. 1962 жылдары қазақтар сан жағынан өз республикасы тұрғындарының үштен бірінен де аз немесе 29% болды.

Жаңадан келушілер үшін үйлер салына бастағанына қарамастан, олардың жетіспеуі себебінен жұмысшыларды палаткаларға орналастыруға ту­ра келді. Жаңа табиғи ортаға үйренудің қиындығы, ауыз судың жетіспеуі, тамақпен қаматамасыз етудегі кемшіліктер адамдардың заңды на­разылығын туғызды. Тамыздың 1-і күні бір топ жастар көпшілік тамақтандыру орындарында ашық наразылық білдірді. Теміртаудағы және басқа да жерлердегі оқиғалар одақ пен республика басшылықтарының қоғамның келешегі туралы қалыптасқан көзқарастарын өзгерте алма­ды.

Қазақстан – дүниежүзілік қауымдастық

Кеңестер Одағының бір бөлшегі болып саналған Қазақстанның дүниежүзілік елдермен қарым-қатынас жасау аясы өте тар болды. Дегенмен 50-жылдардың ортасында Қазақстанның сыртқы саясатында біраз өзгерістер болды. КСРО осы кезде әлемде бейбітшілікті сақтау ісінде бірқатар қадамдар жасаған еді. 1951 жылы 12 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі қабылдаған бейбітшілікті қорғау туралы заңға қазақстандық 4 млн. адам қол қойды.

50-жылдардың ортасына қарай Қазақстанмен қарым-қатынаста болған мемлекеттер:

Индонезия;

Непал;

Бирма;

ҚХР және Үндістан.

Әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынаста оң өзгерістер болды. Екі мемлекеттің көптеген жастары оқу орындарында қатар білім алды. Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың жақсаруы Қазақстанда және Қытайдың Шыңжан Ұйғыр өлкесінде тұратын ұйғырлар үшін тиімді болды. Қазақстанның сыртқы қатынастарында да оң өзгерістер болды. Қазақстан Шығыс Еуропадағы Чехославакия, Румыния және Оңтүстік Азиядағы Үндістан сияқты мемлекеттерге түсті метелл, химия т. б. шикізат өнімдерін экспорттап, олардан өнеркәсіп өнімдерін им­порттады. Қазақстанда 1955 жылы шетелдік делегация, 1957 жылы әлемнің 23 елінен 500-ге жуық делегация болды. 50-жылдардың ортасына қарай Қазақстанға Үндістан Президенті С. Радхаркришнан мен премьер-министрі Дж. Неру сапармен келіп қайтты.

Қазақстан «кемелденген социалистік қоғам» кезеңінде (1965–1985 жж.)

КОКП ОК-нің 1964 жылғы қазан пленумында партия мен ел басшылығы ауыстырылды. КОКП ОК пленумы Н. С. Хрущевті ОК-тің бірінші хатшы­сы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы және Төралқа мүшесі қызметтерінен босатты. КОКП ОК-нің бірінші хатшылығына Л. И. Брежнев сай­ланды. Осыдан көп ұзамай Жоғарғы Кеңес А. Н. Косыгинді Кеңес үкіметінің басшысы етіп тағайындады.

60-жылдардың орта шеніндегі бетбұрыстың басты мазмұны мен негізгі бағытын шаруашылық реформасы айқындады.

КОКП ОК-нің 1965 жылғы қыркүйек пленумы өнеркәсіпті салалық принцип бойынша басқару және өнеркәсіп салалары бойынша одақтық-рес­публикалық министрліктер құру дұрыс деп тапты.

70-жылдардың басында кейінгі кезеңдердегідей ауыр сезіле қойған жоқ. 170тен астам өнеркәсіп кәсіпорны мен цех, оның ішінде Лисаков кен-байыту комбинаты, Шерубай-Нұра шахтасы, Талдықорған аккумулятор зауыты, бірқатар жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары бой көтерді. Павлодар облысында Екібастұз отын-энергетика кешенінің, Ертісте Шүлбі ГЭС-інің құрылысы басталды. 1975 жылға қарай республи­каның барлық кәсіпорындары дерлік энергиямен қамтамасыз етілді. Минерал тыңайтқыштар өндіру 1,8 есе, сары фосфор — 2,5 есе өсті, рес­публиканың фосфор өнеркәсібі КСРО бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады.

Қазақстанның халық шаруашылығындағы өндірістік және ғылыми-өндірістік бірлестіктер саны 1971–1985 жылдар ішінде 28 ден 162 ге, осы принциптермен жұмыс істейтін кәсіпорындар 97 ден 610 ға дейін жетті. Барлық шығарылған өнім көлемінің 46,7%-ы және өнеркәсіп пен өндірісте жұмыс істеушілердің 46,8 %-ы ғылыми-өндірістік бірлестіктер үлесіне тиді.

Павлодар-Екібастұз, Маңғыстау, Қаратау-Жамбыл, Шымкент-Кентау тәрізді ірі аймақтық-өндірістік кешендер дәл осы кезеңде, яғни 70-жыл­дардың басында тұрғызылды. 1981–1985 жылдар ішінде әр түрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300 реттен астам түзетілді.


Билеуші партиялық-мемлекеттік аппараттың біліксіздігі мен империялық пайымның безбүйректігі салдарынан еселене түскен директивалық жоспарлау республика экономикасына орасан зор нұқсан келтірді. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стра­тегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге дара үстемдік беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Арал өзінің балық өнеркәсібінен айрылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті.

70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың басында сыртқы саясатта кеңес халқына қымбатқа түскен жаңсақ әрекеттерге жол берілді. Әскери күш-қуатты арттыруға жұмсалатын қаражат көлемі ұлғая түсті.

Ауғанстанның сол кездегі басшылары үсті-үстіне өтініш жолдап тұрғанымен, кеңес әскерінің 1979 жылдың желтоқсанында Ауғанстан жеріне енгізілуі қисынсыз әрі кеңес халқының мүдделеріне кереғар шешім болды. Бұл маңызды шешім Л. И. Брежнев бастаған кеңес басшылығының тар аясында ғана қабылданды.

1971–1980 жылдар ішінде республиканың ауыл шаруашылығына 18 миллиард сомнан астам күрделі қаржы жұмсалды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру ұдайы төмендеумен болды:

ол IX бесжылдықта 13%-ға;

XI бесжылдықта – 0,4%-ға дейін құлдырады.

Ауыл шаруашылығы тиімділігі төмендігінің басты себебі шаруалардың өз еңбегінің жемісін өздері көре алмайтындығынан еді.

Азық-түлік бағдарламасын қабылдаған КОКП ОК-нің 1982 жылғы мамыр пленумы ауыл шаруашылығының, бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігінің жеткіліксіз дәрежеде екендігін мойындауға мәжбүр болды. Халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етуді түпкі мақсат ретінде көздей отырып, Азық-түлік бағдарламасы ауыл шаруашылығының да, оған қызмет ететін салалардың, көлік пен сауданың да жұмысын біріктіруге тиіс болды. Алайда Азық-түлік бағдарламасы мен ауылшаруашылық өндірістің құлдырауын тоқтатуға бағытталған өзге де әрекеттер нәтиже бермеді, өйткені бағдарлама басқарудың ескірген жүйесі аясында жасалды. 80-жылдардың орта шенінде іс жүзінде барлық жерде тамақ өнімдерімен шектеулі қамтамасыз ету жүйесі енгізілді.

1975 жылы Алматыда Олжас Сүлейменовтың «АзиЯ» («Ізгі ниетті оқырманның кітабы») атты еңбегі жарық көрді. Оның көптеген өзге зертте­улерден айырмашылығы сол – ақын бұл кітабында көне орыс әдебиетінің ұлы ескерткіші болып табылатын «Игорь жасағы туралы жыр» (XII ғасыр) «славяндық және түркілік этникалық әлем шекарасында дүниеге келген және шығармада екі көрші мәдениеттің шындықтары айқын көрініс тапқан» деген түйін жасайды. Шовинизм айқындамаларын айырылмастай нық ұстаған идеологтар үшін О. Сүлейменовтың тұжырымда­ры астамшылық болып көрінді. «АЗиЯ» кітабы тауар айналымынан, кітапханалардан алынып тасталды, оның жаңа басылымдарына тыйым са­лынды.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту экономикалық саясаттың басты міндеті деп есептелді. КОКП-ның әрбір съезі бұл мәселені саналық тұрғыдан жаңа сатыға көтеріп отырды. Халықтың жан басына шаққандағы нақты табысының 2,6 есе өсуі, медицина, ғылым, мәдениет қызметінің, көпте­ген отбасының тұрғын үй жағдайының жақсаруы осыған айғақ. 1970–1985 жылдар аралығында 887,7 мың пәтер тұрғызылып, оларға 3 милион­нан астам адам қоныстандырылды. Алайда халық тұрмысы 30 – 40-жылдармен салыстырғанда ғана едәуір жақсарды.

Адамдардың ақшалай табыстары мен төлеу қабілетіне негізделген сұранымы тауарлар мен қызмет түрлері көлемінің ұлғаюымен салыстырған­да озыңқы өсіп отырды.

Сөйтіп, экономикалық қайшылықтар әлеуметтік қайшылықтарды туындатса, олар өз кезегінде күрделі адамгершілік проблемаларды дүниеге әкелді.


М. С. Горбачев реформасы тұсындағы Қазақстан (1985–1991 жж.)

1985 жылғы наурызда К. У. Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М. С. Горбачев сайланды. КОКП Орталық комитетінің сәуір айында болған пленумында әлеуметтік-экономикалық өмірдің мәселелеріне жаңаша қарауға әрекет жасалын­ды. Пленумда әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету бағыты жарияланды. Бұл серпілісті саяси басшылық дамудың экономикалық қарқынының бәсеңдеуіне жол бермеу және негізгі күштерді осы бағытқа жұмылдыру арқылы жүзеге асығуға тырысты.

Ғылыми-техникалық прогресс негізінде экономиканың құрылымдық қайта құру проблемаларын КОКП Орталық Комитетінің ірі мәжілісінде талқылау жаңа басшылықтың алғашқы қадамы болды. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП-ның XXVII съезінде бұл бағыт қолдау тауып, да­мытылды.

Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардағы түпкілікті өзгерістер социализмді жетілдірудің құралы, социалистік құрылыстың орасан зор ар­тықшылықтары мен мүмкіндіктерін ашудың шарты деп қаралды.


Сәуір (1985 ж.) пленумы, одан кейінгі пленумдар да, КОКП-ның XXVII съезі де КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді.

Жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді. Жеделдету бағытының сәтсіздікке ұшы­рауының негізгі кінәлілері жекелеген басшы коммунистер болып жариялануы белгілі бір заңдылық тәрізді. Мысалы, Мәскеуде В. В. Гришин, Ле­нинградта Г. В. Романов, ұлттық республикаларда Д. Қонаев пен Г. Алиев.

Жаңарудағы тежеудің ұшығы әміршіл-әкімшіл жүйенің бұрынғыша сақталуында, оның саяси институттарының тиімсіздігіне, халыққа жаттығын­да, адамға жақсы еңбек ету негізінен тиімсіз болған, оның экономикалық құрылымдарының өміршең еместігінде жатты. Қоғам дамуының қажеттерінен ғылым да қалып қойды.

Алғашқыда жарияланған мақсаттар мен нақты өмірдің арасындағы күрделі қайшылықтардың нәтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына жеткізді.

95. Желтоқсан оқиғасы (1986 ж.)

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жылдар бойы қордаланған осындай себептер түрткі болды. Орталықтың өктемдік әрекеттері мен демокра­тиялық принциптері арасындағы қайшылықтар, шовинистік саясат т. б. қалыптасқан жағдайлар наразылықтың негізгі себептері болды.

Наразылық сылтауы. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің V пленумы болды. Пленумда Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаевты орнынан босатып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск об­лысы партия комиетінің бірінші хатшысы болған Г. В. Колбин тағайындалды. Ел басшылығының ауыстырылуына арналған бұл пленум 18 ми­нутқа ғана созылды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және халық мүддесін мүлде елемеушілік болды.

Оқиға барысы. 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында республика басшылығының ауыстырылуына қарсылық ретінде жастар толқуы басталды. Мұндай наразылықтар басқа қалаларда да өтті. Наразылықтың басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Жастар толқуы бейбіт жағдайда Алматы көшелерінде басталды. Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшы­лары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы горни­зоны, басқа да әскери күштер жастар жиналған Брежнев алаңын қошады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері әкелінді.

Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т. б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты. Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барып, көп адамдардың қаза табуына жол берілді. Республика басшылары бұл жағдайға көз жұма қарады.

Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент, комсомолдан 787 адам шығарылды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сияқты жастар жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-сы ақталды. 1987 жылғы КОКП Орта­лық Комитеті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.

Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КОКП ОК-ның желтоқсандағы жастар шеруін қазақ ұлтшылдығы деп кінәлау қате деген қаулы шығарды. КСРО халық депутаттарының I съезінде ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шын­дығын ашудағы алғашқы қадам болды.

Қазақстанның егемендік алуы (1989–1992 жж.)

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 25 қазанда республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады.

1990 жылғы желтоқсанда Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан республикаларының жетекшілері өзара төрт жақты шарт жасау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша олар өздерінің Одақтық шартқа қарсы қоятын талаптарының бар екендігін ашып айтты. Республи­калар бұрынғы федерацияның орнына, енді конфедерация түріндегі одаққа бірігу жөнінде талап қойды. Ол бойынша Орталықтың шешуіне сыртқы саясат, халықаралық мәселелер, сыртқы сауда, мемлекеттік банк және финанс, елдегі қорғаныс мәселелерін шешуді қалдырып, қалған мәселелердің барлығын жергілікті жерлерде шешу дұрыс деп есептелінді.


Бұл талаптар негізінде жаңа Одақтық шартқа қол қояр алдында 1991 жылы 19 тамызда Янаев, Павлов, Крючков, Пуго, Язов, т. б. қатынасқан мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз талаптарынан бас тартты.

Қазақстанның атынан Н. Ә. Назарбаев КСРО Жоғары Кеңесінің кезектен тыс сессиясында жаңарған Одақ енді федерация түрінде болуы мүмкін емес, тек конфедеративтік шарт негізінде болуы керек деп ашық айтты, яғни бұл тек тең құқықты республикалардың достық одағы бо­луы мүмкін деп көрсетті. Республикалардың бұл ұсынысы 1991 жылғы 19 тамыздан кейінгі оқиғаның артынша тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады, бұрынғы бірыңғай одақтың орнына тәуелсіз мемлекеттер достастығы қалыптасты. Олар көптеген саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өздері шешетін болды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бойынша әскери, сыртқы және т. б. аса маңызды халықаралық мәсе­лелерді бірігіп шешу міндеті ғана қалды. Тамыз уақиғасынан кейін Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы, оның құрамдас бөлігі Қазақстан Ком­партиясы (1991 ж. Қыркүйек) тарихи аренадан кетті.

Өкілеттіктер республика парламентінің 1991 жылы 20 қарашада қабылдаған «Қазақ КСР-да мемлекеттік өкімет билігі мен басқару құры­лымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңы бойынша берілді. Заң негізінде Республи­каның мемлекеттік басқару органдарында өзгерістер жасалды. Прокуратура, Мемлекеттік қауіпсіздік, Ішкі істер, әділет, Сот органдары қайта құрылды. Қазақстанның мемлекеттік Қорғаныс комитеті жаңадан ұйымдастырылып қызметіне кірісті.

1991ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатынасуымен Президент сайлауы өткізілді. Дауыс бе­ру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды. Сол жылғы 10 желтоқсанда Елбасы жарлығымен Қазақ Кеңестік Соци­алистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады.

Республиканың мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық байланыс тілі болып белгіленді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан рес­публика тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.

1992 жылы 3 наурызда Қазақстан біріккен Ұлттар Ұйымына кірді.

Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т. б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады.

Қоғамдық-саяси қозғалыстар (1985–1992 жж.)

80 жылдардың аяғына қарай демократиялық процестің жандануына байланысты Қазақ КСР-де қоғамдық ұйымдар құрыла бастады.

1989 жылы Қазақстанда алғашқы болып «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы құрылды. Қозғалыстың мақсаты – республика жеріндегі Се­мей және басқа полигондарды жабу, полигон зардабын шеккен халыққа көмек көрсету. Қозғалыс төрағасы – О. Сүлейменов. Ақын, қоғам қай­раткері М. Шахановтың бастамасымен Балқаш және Арал проблемалары бойынша комиетет құрылды. Комиеттің негізгі мақсаты Арал төңірегіндегі экологиялық апатқа өкімет назарын аудару болды.

1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Басты мақсаты Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды.

1991 жылы «Азат» азаматтық қозғалысының партиясы құрылды.

Жастар өздерінің саяси қозғалысы «Алаш» париясын құрды.

1991 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды.

1990 жылы ұлтаралық «Единство» қозғалысы құрылды. Қозғалысқа ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері кірді.

Осы кезде «Желтоқсан» партиясы құрылды. Бұл партияның құрамына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандар кірді.

1989 жылы «Әділет» қоғамы құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты ұжымдастыру кезіндегі ашаршылық, сталиндік репрессия шындығын ашу бол­ды. Бұдан басқа Қазақстанда «Азамат», «Ақиқат», «Қазақ тілі», «Мұсылмандар әйелдер лигасы» сияқты қоғамдық-саяси қозғалыстар құрыл­ды. 1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса қоғамдық-саяси қозғалыс болды. Алматыда ғана 40-қа жуық саяси қозғалыс жұмыс істеді. Бұл кезде Қазақстандағы көптеген қоғамдық-саяси қозғалыстар әлсіз және қалыптасу кезінде болды. «Невада-Семей», «Қазақ тілі» сияқты қоғамдық қозғалыстар біршама мықты, көптеген мүшелері мен белгілі дәрежедегі қаржылық қорлары бар ірі қозғалыстар болды.

1990 жылы Қазақстан коммунистік партиясы құрамында 800000-ға жуық мүше болды. Осы кезден бастап компартияға деген халықтың сенімсіздігі күшейді. Бұл жағдай компартия беделінің түсуіне айтарлықтай әсер етті. 1990 жылы компартия мүшелерінің 42%-ы өз еркімен пар­тия қатарынан шықты. Осы жылы партия мүшелерінің қатары 49000-ға кеміді.

90 жылдардың басына қарай Қазақстанда бұрын патша үкіметінің қолшоқпары жазалаушы күші болған казактар ұйымы пайда болды. 1991 жы­лы 15 қыркүйекте Орал қаласында казактар патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспағандықтың дәлелі. «Азат», «Желтоқсан», «Парасат» қозғалыстары бұл әрекетке ашық түрде қарсы шықты. Жаппай қақтығысқа ұласа жаздаған бұл әрекет жоғарыда аталған қозғалыстар мен құқық қорғау органдарының араласуымен тоқта­тылды.

Егемендік алудың кезеңдері

1989–1990 жылдары Егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады. Сөйтіп, 74 жыл бойы өмір сүрген Рес­публикалар Одағы ыдырады.

1991 жылдың желтоқсанында Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» жарлық шығарды, ол бойынша қылмыстық жауапкершілікке, әкімшілік және тәртіп бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғандар ақталды.

1991 жылғы 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж кездесуі) кездесіп, мәлімдеме қабылдады.

1991 жылдың 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз мемлекет­тер достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатынасуымен Президент сайлауы өткізілді. Да­уыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Елбасының жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

1992 жылғы қаңтарда Республиканың Мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оның ішкі істер әскері құрылды.

1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді.

1992 жылы 25 мамырда Достық, ынтымақтастық және өзра көмек туралы шартқа қол қойды.

1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңба­сы, Гимні – дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

1992 жылы желтоқсанның ортасында қоғам мен халықтар достығын нығайтуда Алматыда Қазақстан халықтарының форумы өтті.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев сыртқы саяси бейбітшілік саясатын ұстануды ескере отырып, Лиссабон хаттамасына қол қою арқылы Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болатындығын мәлімдеді.

1993 жылы 28 қаңтарда Республика Жоғары Кеңесі құқықтық мемлекет құрудың ірге тасы, оның мемлекеттілігінің, тәуелсіздігін қамтамасыз етудің, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық прогресс жолымен алға баса беруінің кепілі болып табылатын тәуелсіз Қазақстан Конституциясын қабылдады.

1993 жылдың аяғы Қазақстанда кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен ерекшеленді. Өзін-өзі тарату жайлы алғаш рет Алматыдағы Алатау аудандық кеңестері мәлімдеді. Қараша айының аяғында 100-ге жуық, оның ішінде Алматы қалалық және облыстық кеңестері өздерінің та­ратылғанын мәлімдеді. Желтоқсанның 8-күні Алматы қаласында Республика Жоғарғы Кеңесі XI сессиясының II кезеңі өз жұмысын бастады.

1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекске сәйкес Жоғарғы Кеңеске сайлау өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі депутаттыққа кандидаттарды Президенттің ұсыну тәжірибесімен бірге қолда­нылды. 1995 жылғы сәуірдегі Қазақстан Республикасының Конституциялық соты «1994 жылғы 7 наурызда сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің легитимді еместігі (заңсыздығы) жөніндегі» қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша қызметі 1993 жылғы Конституцияға негізделген XIII шақырылымның Жоғарғы Кеңесі өзінің өкілеттігін тоқтатты.

1994 жыл 6 шілде – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті жалпы отырысында Президенттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды.

1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оған қатысқан адамдардың 90%-ы біздің мемле­кетіміздің жаңа Ата заңын жақтап дауыс берді.

1997 жыл Н. Ә. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысы» атты кітабы жарыққа шықты. Республика Президенті Жарлығымен жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. Қазақстан 60тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабыл­данған.

1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарихы жылы деп атап өтілді. Тарих жылы тұтастай алғанда 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді.

1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осымен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени-та­рихи мұраны сақтап, оны жинақтап жаңа ғасырдың игілігіне айналдыру міндеті қойылды.

1999 жыл 10 қаңтар – Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып қайтадан сайланды.

2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен са­бақтас келді.

2002 жыл халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен Денсаулық жылы деп жариялан­ды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер ғимараттары жөндеуден өтті. 4,2 миллион ауыл тұрғындары тексеруден өткізіліп, 36 пайызға жуық науқас есепке алынды. Ауруларға қарсы адамдарды егумен қамту 97 пайызға жетті. Денсаулық жылы шеңберінде 12–18 жасқа дейінгі бір миллион 690 мың оқушыға медициналық тексеру жүргізілді. 2002 жылдың ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды.

23 қазанда Түркістан қаласында қазақтардың Бүкілдүниежүзілік екінші құрылтайы болып өтті.

2004 жыл желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Парламент сайлауы өтті.

2005 жылғы 4 желтоқсанда ҚР Президентінің кезекті сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша ең көп дауыс алған Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып жеті жыл мерзімге қайта сайланды.

107.Қазақстандағы көппартиялық жүйе

Қазақстанның Егемендік алуы, КСРО диктатурасының құлауы қоғамдық дамудың табиғи атрибуты боп саналатын көппартиялықтың өрістеуіне жол ашты.

«Қазақстанның социалистік партиясы» (ҚСП) 1991 жылғы 7 қыркүйекте құрылды (бұрынғы Қазақстанның Коммунистік партиясы). Құра­мында 47 мың мүшесі болды. Төрағасы – А. Әлімжанов, кейін П. Своик. Мақсаты:

Еңбекшілерді әлеуметтік жағынан қорғау.

Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын орнату.

Меншік түрлерінің теңдігін қорғау

ҚСП еліміздегі бұқаралық партия болып есептелді.

«Қазақстанның коммунистік париясы» (ҚКП) 1991 жылдың күзінде құрылды. Бұрынғы Компартия мүшелерінің көпшілігі партия атының социалистік болып өзгертілуіне наразылық білдіріп, ҚКП атынан XIX съезд өткізіп, коммунистер атын сақтады. Мүшесі – 55 мың адам. Төрағасы – Б. Төлепбаев, кейін С. Әбділдин. Мақсаты:

Ғылыми социализм ұстанымдарына негізделген әлеуметтік әділетті қоғам орнату.

Коммунистік идеяларға адалдық.

«Қазақстанның Республикалық партиясы» (ҚРП) Қазақстанның азаматтық қозғалысы «Азат» негізінде құрылды. Төрайымы – С. Ақата­ев. Мақсаты:

Қазақ ұлтын өркендету.

Ұлттық-этникалық топтарды жан-жақты дамыту.

Ұлттық-патриоттық күштерді біріктіру.

«Қазақстанның Халық конгресі партиясы» (ҚХК) 1991 жылғы 5 қазанда құрылды. Мүшесі – 30 мың адам. Төрағалары – О. Сүлейменов және М. Шаханов. Мақсаты:

Ел өмірінде саяси аяны кеңейту.

Ұлттық саяси күштер құру.

ҚХК партиясының атқарған жұмыстары:

Жергілікті мәслихаттарға және Жоғарғы Кеңеске депутаттар сайлауда белсенділік таныту.

Жоғарғы Кеңестегі саяси партиялардың заң жобасын бекіту мәселесін шешу.

Жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару реформасы тұжырымдамасының (концепциясының) заң жобасын талқылау.

«Қазақстанның демократиялық прогресс партиясы» (ҚДПП) 1991 жылғы қарашада құрылды. Төрағасы – А. Докучаева. Мақсаты:

Экономикалық бостандыққа жету.

Құқықтық мемлекет құру және адам құқығын қорғау басымдылығына жету.

«Қазақстанның халық бірлігі» одағы 1993 жылғы ақпанда құрылды. Төрағасы – Қ. Сұлтанов. Саяси қозғалыстар арасында бұл одақ беделді болды.

Республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды.

«Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы» (ҚХКП) 1994 жылғы желтоқсан айында құрылды. Төрағасы – У. Сәрсенов. Әле­уметтік базасы – ауыл еңбеккерлері, кооперативтік қозғалыс жұмыскерлері.

«Қазақстанның өрлеу партиясы» (ҚӨП) 1995 жылғы қаңтарда құрылды. Төрайымы – А. Жағанова, мүшесі – 5 мың адам. Мақсаты:

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған халық топтарының мүддесін қорғау.

Білім және денсаулық саласын қорғау.

«Қазақстанның аграрлық партиясы» (ҚАП) 1995 жылдың басында құрылды. Мүшесі 42 мыңнан астам адам. Мақсаты: Ауыл еңбек­керлерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси мүдделерін қорғау.

«Қазақстанның демократиялық партиясы» (ҚДП) 1995 жылы жазда құрылды. Төрағаларының бірі – Т. Жөкеев. Мүшесі – 19 мың адам. Мақсаты:

Әлеуметтік-нарықтық экономика құруға атсалысу.

Азаматтық қоғам орнату.

Демократиялық құқықтық мемлекет құру.

«Ақ жол» қоғамдық қозғалысы 1998 жылы қарашада құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин. Мақсаты:

Президент Н. Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау.

«Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру.

Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау.

«Отан» партиясы 1999 жылы қаңтарда құрылды. Төрағасы – С. Терещенко. Бұл партия Н. Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық штабы негізінде құрылды.

«Қазақстанның отаншылдар» партиясы 1999 жылы 14 қаңтарда құрылды. Мүшелері қатарында: «Азат» қозғалысының жетекшісі – Хасен Қожа-Ахмет, жазушы – Н. Асышев, «Мемлекеттік тіл» қоғамының төрайымы А. Османова болды. Мақсаты:

Ұлттық ынтымақтастыққа рухани тәрбиелеу жолымен жету.

Патриоттық сезімді қалыптастыру және өсіру.

Қазақстан қоғамы проблемаларына анализ жасау және дағдарыстан шығу жолдарын көрсету.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық саяси бірлестік 2001 жылы қарашада құрылды.

1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. 2000 жылы рес­публикадағы ресми тіркелген партиялар саны – 15.

Қазақстан және дүниежүзілік қауымдастық. Қазақстанның сыртқы саяси және сыртқы экономикалық байланыстарының да­муы

КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар: АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция.

1996 жылғы 31 қыркүйек – Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.

1996 жыл, 26 сәуір — «Шанхай бестігі» құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан).

Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы негізінде жүзеге асуда.

Тәуелсіз алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше. (1997 ж. басы).

800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Бірқатар ірі капиталистік елдер Қазақстанға экономикалық көмек ретінде несие беруде. Ең ірі көлемдегі несиелерді беруші елдер: Германия, Түркия, Австрия, Ұлыбритания. Бұдан басқа Жапония, АҚШ секілді донор елдер үлкен қаржылық көмек көрсетіп отыр. Республика экономикасы­на шетел инвестициялары көптеп тартылды.

Еліміздегі шетелдік бірлескен кәсіпорындарының жалпы саны – 746 (1996 ж.). Қазақстан-американ бірлескен кәсіпорындары – 325 (1999 ж.). Американ инвестициясының көлемі – 2 млрд. доллар.

1997 жылғы 28 ақпан — «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде, Қазақстанға тартылған ин­вестициялық қаржы көлемі – 10 млрд. долларға жетті.

Соңғы жылдары Қазақстанның өнеркәсібін жандандыруда біраз шаралар іске асырылды. Нәтижесінде, 1999 жылдың соңында жалпы өнім өндіру – 1%-ға, өндіріс көлемін арттыру – 1,8%-ға өсті. Республиканың алтын қоры 2 млрд. долларға жетті.


2000 жылғы 26 сәуір — «Еуразия – 2000» экономикалық саммиті өтті.

2000 жылғы 10 қазан – Астанада кедендік Одақ елдері басшыларының (Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) мемлекетаралық Кеңесі өткізілді. Нәтижесі: Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы құжат қабылданды.

Халықаралық байланыс нәтижелерінің тарихи маңызы:

Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қазақстан дүниежүзілік аренада беделді орын иеленді.

110.Қ. Р. әлеуметтік-экономикалық дамуы (1991–2006 жж.). Нарықтық қатынастардың негізгі белгілері

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы үш кезеңі белгіленді:

1991–1992 жылдар

1993–1995 жылдар, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді

1996–1998 жылдар

Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б.

Мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Оның ең бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді.

Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс – жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті тезірек жойып, бәрін жеке меншікке айнал­дырсақ, халық жұмыла жұмыс істеп, өндіріс жанданып, ел байып, бәрі де орнына келеді деп ойлады. Тәжірибе жүзінде олай болмай шықты. Же­кешелендіру барысында елімізде үш бағыттағы (шағын, жаппай және жеке жобамен) кәсіпорындар құрылған. Нәтижесінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңде де (1991–1992 жж. және 1993–1995 жж.) мүліктің үлкен талан-таражға түсуіне жол берілді.

1994 жылдың қаңтарында экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы Президент қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994–1995 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Бағдарламада Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ерекшеліктері, елдің өндіргіш күштері, өндірістік қатынастар, өндірістік аппарат, игерілетін қазба байлық, елдегі 7 миллиондай еңбекке жарамды адам күші ескерілді. 1993 жылы қараша айының 15-ші жұлдызында мемлекеттің өз ақша­сы – теңге енгізілді. 1994 жылы наурызда Президент Жарлығымен ауыл кәсіпорындарының өтей алмаған 2,2 млрд. сомдық несиесінің мерзімі екі жылға ұзартылды.

Реформаның барысында Қазақстанда 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі тежеліп, инф­ляцияның өсу қарқыны төмендеді.

Нарықтық экономикаға көшудегі жіберілген қате – ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Столыпин реформасынан, одан бері Қазақ төңкерісінен кейінгі индустрияланды­ру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі өзгерістерге революциялық сипат беру.

1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 жылмен салыстырғанда 14,6%, 1993 жылы – 28%, 1994 жылы – 48%, ал 1995 жы­лы – 45% жетті.

Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996–1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. 1999 жылы басталған төртінші кезең қазіргі уақытқа дейін жалғасып, мемлекеттік меншікті басқару мен пайдалану мәселелерінде мемлекеттік басқарудың деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу жөніндегі жаңаша көзқарастармен сипатталады.

1997 жылдың қазан айында Президент Н. Ә. Назарбаев Республика халқына «Қазақстан-2030» деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, не­месе «Қазақстан барысын» қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық даму­ының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді.

Өнеркәсіп

Кәсіпорындардың көпшілігі бірқатар себептер бойынша: қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе тұрақсыз қаржы жағдайына байланысты өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсерін тигізді Инвестициялық процестің төмендеуі қоғамдық өндірістің тоқырауына соқтырды. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жүйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді.

1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асыруға күш салды. Жеңіл өнеркәсіпті да­мыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Осындай мемлекеттік маңыз­ды шараларды жүзеге асыру барысында (2000–2002 жылдары) республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды.

2005–2006 жылдары Қазақстанның өте мол кен байлығы өнеркәсіп саласында, әсіресе мұнай-газ өндірісін, тау-кен орындарын жедел дамытуға мүмкіндік берді. Республикада газ саласын дамыту шаралары 2004–2010 жылдарға арналған арнайы бағдарлама шеңберінде жүргізілді.

2007 жылы еліміздің экономикасы, соның ішінде өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуын одан әрі жалғастырды. Үкімет «30 корпоративті көшбас­шы» бағдарламасына сәйкес ірі отандық бизнесті дамытуды қолға алды.

Ауыл шаруашылығы

1992–1993 жылдардағы дағдарыс ауыл шаруашылығында басталды. Оның басты себебі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдері бағасының арасындағы үлкен алшақтық еді. Бұл ауыл шаруашылығын қатты күйзеліске әкеп соқтырды.

Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының зардабы тиді. Ауыл шаруашылығының басты саласы – егіншілік. Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты алғашқы үш жыл ішінде қалыптасқан саланың берекесі қалмады. 1992–1994 жж. қатарынан жаңбыр болғанына қарамастан астық аз алынды, егіншіліктің байырғы мәдени дәрежесі төмендеп кетті. Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалық шаралардың нәтижесінде өндірілген өнімдердің 90 пайызы жеке меншік құрылымдардың үлесіне тиді. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты.

Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. Жер, Орман және Су кодекстері жасал­ды. 2002 жылы 5 маусымда мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003–2005 жылдарды қамтыды, яғни ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды.

2003–2004 жылдары еліміздің агрокәсіптік кешені мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. 2005 жылы Қазақстан ауылшаруашылығы салала­ры, соның ішінде егін шаруашылығы одан әрі дамыды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2006–2008 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданды. 2007 жылы ауыл шаруашылығы одан әрі дами түсті. Ауылшаруашылық дақылдарының барлық түрлері бойынша жақсы өнім алын­ды.

Нарық жағдайында аграрлық сектордың басты бір саласы – мал шаруашылғының жағдайы төмендеді. Малдың саны жылдан-жылға азайды. Же­ке шаруаларға бөлініп берілген малдар өнім берудің орнына сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мал санының азаюының тағы бір себебі – бұрын Қазақстан бүкіл Кеңес Одағына арнап ет дайындаса, енді оны 15 миллион халыққа ғана есептеп өндіретін болды.

2005–2007 жылдары Үкімет елде мал басын өсірумен қатар мал тұқымын асылдандыру ісіне едәуір назар аударды. Мал шаруашылығын одан әрі дамыту және мал басын қайта көбейту үшін негізгі үш бағытта жұмыс істеу көзделді:

Селекциялық – асыл тұқымдандыру жұмыстарының деңгейін қөтеру арқылы қолда бар мал басының генетикалық әулетін арттыру, жоғары сапалы тұқыммен барлық аналық малды қолдан ұрықтандыруды жаппай қолға алу.

Перспективалық мал тұқымдарын дамыту үшін жағдай туғызу. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен бірлесе отырып, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдары анықталып, оларға мемлекеттік қаржы көздерін қарастыру.

Жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдарын табиғи өсіммен арнайыландырылған орта және ірі тауарлы өндіріске қайта бейімдеуге қол жеткізу.

Егемен Қазақстанның мәдениеті (1991–2006 жж.)

Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде мәдени жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды.

Білім жүйесі. Қазақстанда білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Ең бастысы, оқу мазмұны өзгерді. Білім стандарттары жасал­ды, оқытудың жаңа әдістемесі енгізілді. Қазақстан Республикасындағы білім берудің жай-күйі алғаш рет 1995 жылы көктемде оқу саласы қыз­меткерлерінің республикалық кеңесінде талқыланды. Гимназиялар, лицейлер, жеке және авторлық мектептер ашылды. Тарих, ана тілі 1–5 сы­ныптар үшін оқу пәндері бойынша оқулықтар шығарылды. Егер соңғы кезге дейін Қазақстан мектептерінде тек бұрынғы КСРО тарихы оқытыл­са, енді қазақ халқының өз тарихын терең талдап оқытуға көңіл бөлінді.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің саны 8 109 болды. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжік, 1 украин, ал 2008 мектеп аралас, қазақ-орыс тілдерінде сабақ жүргізген

2001 жылы елде орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың бірінші кезеңі негізінен аяқталды, нәтижесінде 58 оқушыға бір компьютерден келді. «Интернет – мектепте» бағдарламасы аясында 1 414 оқу орны, оның ішінде 868 ауыл мектебі ақпарат желісіне қосылды.

Үкіметтің 2002–2004 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасында барлық деңгейдегі білім беру, оқытудың мемлекеттік жүйесін жетілдірді, оқу-әдістемелік кешенді қалыптастыру, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің санын арттыру көзделді.

2003/2004 оқу жылында Қазақстанда жұмыс істейтін мектептердің саны – 8260-қа жетіп, онда 3 026,2 мың оқушы білім алды. Мектептердің 3 687 (44,6%) қазақ тілінде оқытатын, 2 069 (26,1%) қазақ және орыс тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептер жұмыс істеді. Мек­тептерде 270 мыңнан астам педагог жұмыс істеді, оның ішінде 195,8 мыңының жоғары білімі, 60 мыңнан астамының кәсіптік орта білімі бол­ды.

2005/2006 оқу жылында Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарайтын 8 222 мектеп жұмыс істеді, онда 3 млн. оқушы білім алды. Оларға 300 мыңдай мұғалім сабақ берді.

2006 жылы жалпы білім беретін мектептерде 31 оқушыға 1 компьютерден келді. Мектептердің 89 пайызы интернетке қосылды.

2007 жылғы тамыз айында Қазақстанда «Білім туралы» жаңа Заң қабылданды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту­дың 2005–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшу белгіленді. Оның негізгі мақсаты – жаңа кезеңнің талаптарына сай жастарды өмірге баулу үшін оларға бұрынғыдан да жоғары деңгейде білім беру.

Қазақстан мектептерінде сапалы білім алуды қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді.

Ғылым. Егемендік алған жылдары еліміздің ғылымын дамыту салаларында үрдіс өзгерістер байқалды. Қазақстан Республикасы Ғылым Ака­демиясының құрылымы мен ғылыми ізденістерінің тақырыптары жаңа талаптарға сай қайтадан қарастырылды. Ә. Х. Марғұлан атындағы Ар­хеологиялық институт, Ғарыштық зерттеу, Механика және машина, Информатика және басқару, Физика-техникалық проблемаларды зерттеу т. б. институттары ұйымдастырылды. Салалық ғылым академияларының жүйесі кеңейтілді. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы құрылып, жұмыс істейді, ал Ауыл шаруашылық академиясы Қазақстан Ұлттық академиясының құрамына енгізілді. Ғылыми дәрежелер тағайын­дау және ғылыми атақтар беру, диссертациялық жұмыстардың сапасын бақылап бекіту үшін республика Жоғары аттестациялық комитеті құрылды.

2000 жылы Республика бойынша 400-ден аса ғылыми институттар мен ғылыми орталықтарында 17 мыңнан астам ғалымдар қызмет етті. Бұлардың 1000-ы ғылым докторлары болса, 2800 ғылым кандидаттары еді. Ғылыми мекемелердің 42 пайызы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің, 21 пайызы – білім және ғылым министрлігінің, 10 пайызы денсаулық сақтау министрлігінің қарауында болды.

2003 жылғы 22 қазанда бұрынғы ҚР Ұлттық ғылым академиясының 109 мүшесі қатысқан құрылтай жиналысы өткізіліп, «Қазақстан Республи­касының Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысы бекітілді.

Егемендік алған уақыттан бері ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде 5 мың авторлық куәлік, 1354 шетелдік патенттер және 13 лицензиялық келісім куәландырылып бекітілді.

Республика ғалымдарының белсене қатысуымен Алматыда – ақпараттық технологиялар, Оралда – машина жасау, Қарағандыда – металлургия жөніндегі парктер ашылды. Астанада биотехнологиялық кешен салынды. Курчатовта және Астанадағы Еуразия университетінің жанында ядро­лық технологияларды зерттеу қолға алынды. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып космосқа өзінің жер серігін ұшырды.

Қазақстанның егемендік алған уақыт ішінде халыққа білім беру, ғылымды дамытуда біршама табыстарға қолы жетті. Ғылым мен білім эко­номиканың бәсекеге қабілеттілігін, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекет әуелетін арттыруға өзінің тиісті үлесін қосты.

98. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаев еңбектері

«Қазақстанның Егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992 ж.)

Бұл еңбектің маңызы: тәуелсіздік жолына түсудегі басты бағыттар көрсетілді. Ел дамуының түбегейлі концепциясы алғаш рет анықталды. Ішкі және сыртқы саясат саласындағы, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі міндеттер сараланды. Қазақ халқының тарихи миссиясына тоқталып, жергілікті ұлт мүддесі ерекше ескерілетіні қажеттігі айтылды.

«Ұлт өзінің мемлекетінсіз ұлт болып өмір сүре алмақ емес…. Біздің мемлекетімізде тұрғылықты ұлттың – қазақтардың мүдделері жекелеген мәселелерде ерекше атап айтылатыны әбден орынды, мұның өзі мемлекеттердің бірқатарында тап осылай етіледі де».

«Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» (1993 ж.)

Бұл еңбегінде Қазақстанға жаңа үлгідегі идеологияның қажеттігі бар ма, жоқ па деген талас төңірегінде нақты пікір айтты: Идеология – адам­дардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру тәсілі. Идеология – әлеуметтік мінез-құлықты қалыптасты­ру механизмі. Идеология мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі. Өмір алға озып отырған кезде әр түрлі идеологиялық ағымдар болады. Маңызы: Қазақстанның қазіргі кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайына баға беріліп, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді.

«Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.)

Кеңестік жүйе мен демократиялық кезең аралығын суреттейді. Маңызы: Екі кезең тоғысындағы саяси мәселелерге айқын түсініктеме берілген.

«Тарих толқынында» (1999 ж.)

«Тарихтың шеңберлері және ұлттық зерде» бөлімінде ел тарихын 12 кезеңге бөледі. Маңызы: Тарих қойнауын зерделей отырып, ұлттық қаси­етті сақтауға тәрбиелеу қажеттігі баса айтылады.

«Сындарлы он жыл» (2003 ж.)

Еңбекте қазіргі таңдағы әлемдік проблемалар көтерілді. Ең бастысы – есірткіге қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

103.«Қазақстан – 2030» стратегиясы

1997 жылғы қазан – Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» жолдауы жарияланды. Қаралған мәселелер:

Экономикалық дағдарыстан шығу жолдары.

Реформаларды аяқтау.

Алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу.

«Қазақстан барысын» қалыптастыру

Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, республиканың дамуының ерек­шеліктері айтылды.

Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген. Ұзақ мерзімдегі 7 басымдық:

Ұлттық қауіпсіздікті сақтау

Ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының деңгейіне мықты демографиялық және көш-қон саясаты шығарылуға тиіс.

XXI ғасыр қарсаңында Қазақстан Ресейдің артынан адам саны сыртқы көші-қон процестерінен ғана емес, табиғи жолмен кеми беретін «демографиялық апатқа» ұшырайды.

Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту

Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын жүзеге асырудың міндеттері:

Теңдікке негізделген бірыңғай азаматтықты дамыту.

Этникалық түсініспеушілік себептерінің жойылуы және этникалық топтар құқықтарының тең болуын қамтамасыз ету.

Дәулеттілер мен жарлылар арасындағы айырмашылықты азайту. Ауыл проблемасына үнемі ерекше көңіл бөлу.

Әлеуметтік проблемаларды ұдайы шешіп отыру.

Саяси тұрақтылықты және қоғамның топтасуын қамтамасыз ететін бай Қазақстанды қалыптастыру.

Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту.

Әртүрлі конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзімділік пен сенімді қарым-қатынасты нығайту.

Қазіргі кезеңде қазақ дәстүрлері мен тілінің қайта өрлеуі табиғи құбылыс деп қабылданатын болды.

Мемлекет ең алдымен орта таптың мүддесін білдіруге тиіс. Қала мен село арасындағы жіктелудің терең процесі жүріп жатыр.

Қазақстан – өзінің белгілі тарихы мен өзіндік болашағы бар еуразиялық ел. Сондықтан оның моделі басқа ешкімнің моделіне ұқсамай­тын болады, ол өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіреді.

Нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу.


Қазақстанның салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы нарықты экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және шетел инвестици­яларын тартуға негізделген.

Мемлекет белсенді рөл атқара отырып, экономикаға араласуы шектеулі болады. Бұл проблеманы шешудің стратегиясы:

Үкіметтің сауда мен өндіріске әкімгершілік араласуын жою.

Жекешелендіру процесін аяқтау.

Орталық Үкіметті және жергілікті өкімет орындарын парасатты орындастыру.

Сот билігі мен құқық қорғау органдарын реформалауды жандандыру.

Заңның шексіз үстемдігін белгілеу және заңды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғау.

Билік пен заңның бар күшін заңсыз жолмен, шалқып өмір сүретіндерге қарсы қолдану.

Тұрақты өрлеуді қамтамасыз ету үшін өндірісті диверсификациялау қажет. Алдағы міндет:

Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастық алдында инвестициялар үшін тартымды жер ретінде көрсету.

Инвестицияларды тарту.

2010 жылға дейінгі бастапқы кезеңде мына салаларға көңіл бөлу қажеттігі баса көрсетілді:

Ауыл шаруашылығы;

Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі;

Жеңіл және тамақ өнеркәсібі;

Туризм;

Тұрғын үй құрылысы;

Инфрақұрылым жасау.

Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білімі мен әл-ауқатын көтеру.

Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтерудегі стратегия:

Ауруды болдырмау және салауатты өмір салтына ынталандыру.

Әйел мен бала денсаулығын жақсарту және қорғау.

Тамақтануды, қоршаған орта мен экологияның тазалығын жақсарту.

Көркеюші және саяси тұрақтанған Қазақстанға қажет үш белгі – ұлттық бірлік, әлеуметтік шындық, азаматтардың әл-ауқатының артуы.

Ұлттық қауіпсіздіктің бір тірегі – миграциялық саясат. Ол – халықтың бір елден басқа бір елге қоныс аударуы.

Энергетика ресурстарын жете пайдалану.

Қазақстандағы табиғи ресурстарды, әсіресе энергетикалық ресурстарды пайдалану стратегиясы:

Халықаралық шарттар жасағанда Қазақстанның мүддесін, экологиясын, өз адамдарымыздың жұмыспен қамтылуы мен даярлану­ын, әлеуметтік міндеттерді шешу қажеттігін көздеу.

Мұнай мен газ экспорты үшін құбыр арналарының жүйесін құру.

Әлемдік қауымдастықтың ірі елдерінің мүддесін Қазақстанның әлемдік отын өндіруші ретіндегі рөліне бағыттау.

Ішкі энергетика инфрақұрылымын құру мен дамыту, ішкі қажеттілік пен тәуелсіз бәсекелестік проблемаларын шешу үшін шетел инвестицияларын тарту.

Ресурстардан түсетін кірістерді үнемшілдікпен пайдалану.

Инфрақұрылым, көлік, байланысты дамыту.

Инфрақұрылым, көлік пен байланыс саласындағы Қазақстанның міндеті – отандық көлік-коммуникация кешенінің бәсекелестік қабілетін және Қазақстан аумағы арқылы өтетін сауда легінің ұлғайтылуын қамтамасыз ету.

Теміржол

Қазақстандағы жүк тасымалының негізі – теміржол. Осы саланың алдында тұрған стратегиялық міндеттер:

Халықаралық көлік және сауда байланыстарын, Транспорт магистралі бойынша транзиттік жүк тасуды қамтамасыз ететін негізгі темір жол бағыттарын жаңарту.

Достық станциясын дамыту, Достық-Ақтоғай участкесін нығайтуды аяқтау.

Барлық көліктік-коммуникациялық монополияларды батыл қайта құрылымдауды жүзеге асыру.

Автомобиль жолдары

Жеке меншік магистаральдар салу, қазіргі барларын жекешелендіру мен концессияға беру жөніндегі жұмыстарды бастау.

Әуе көлігі

Авиацияда тәртіп орнату және ұшақтар паркін лизинг пен жоғары деңгейді ұшақтардың белгілі бір көлемін сатып алу есебінен то­лықтыру.

Әуежайларды қайта жаңарту, қызмет көрсету мен сервисті қамтамасыз ету деңгейін халықаралық стандартқа жеткізу.

Су көлігі

«Ақтау» айлағын қайта жаңарту және флотты кемелермен толықтыру үшін шетел инвестицияларын тарту.

Байланыс және телекоммуникациялар желілері

- Шалғайдағы әлсіз дамыған аудандарға кем дегенде, байланыс қызметінің ең төмен деңгейін беру (балаларға арналған аймақтық оқыту бағдарламаларын тарату).

- Болашақта әлемнің дамыған елдерінің инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті дербес және тиімді телекоммуникациялық қыз­мет көрсету жүйесін құру.

Демократиялық кәсіби мемлекет құру.

Қазақстан қоғамын басқарудағы негізгі міндеттер:

Мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы тиімді жүйесін жасау.

Басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру.

Ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру.

Үкімет пен жергілікті өкіметті түпкілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін 7 негізгі стратегия ұстанымдары:

Ықшам әрі кәсіпқой Үкімет.

Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс.

Ведомствоаралық үйлестіру.

Министрлердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.

Орталыққа тәуелділікті жою.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.

Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту.

Қазақстан елінің 8 артықшылығы баса көрсетілді.

Тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізі қаланды.

Ескі саяси және экономикалық жүйеден түбегейлі бөлектенді.

Қоғамдағы өзгерістер ықпалымен адамдар да түгел өзгерді.

Орасан зор байлық – табиғи ресурстар.

Жетекші фактор – адамдардың өзі, олардың ерік-жігері, күш қуаты, табандылығы, білім-білігі.

Ауыл шаруашылық жерлері.

Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігі.

Қазақстандықтардың байсалдылығы мен төзімділігі, кеңпейілділігі мен ақжарқындығы.

Қазақстанның сыртқы сипаттағы бірқатар мүмкіндіктері:

Еуразия аймағындағы жолдардың түйіскен торабында орналасқан географиялық жағдайы.

Шетелдік мемлекеттер мен донорлық ұйымдар тарапынан қолдау көрсетілуі.

Ауқымдану және ғылыми-техникалық прогресс прцесі.

Қазақстан қоғамы дамуындағы келеңсіз сипаттар:

Коммунистік ұстанымдар рухында тәрбиеленген адамдардың бірнеше ұрпақтары қалыптастырған – діл. Сондықтан бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғырту қажет.

Өндіріс көлемдері төмендеуі әсерінен әлеуметтік ахуалдың төмендеуі.

Азаматтардың көпшілігінің табысы мен өмір сүру деңгейінің нашарлауы.

Ұлттық жинақтардың ұлғаюы мен капитал қорлануының баяулауы.

Кедейлік пен жұмыссыздық проблемалары.

Демографиялық өнімсіздіктің ұлғаюы.

Жете даярланбаған және нашар ұйымдастырылған мемлекеттік басқару.

Заңдардың жартыкештігі және тұрлаусыздығы.

2030 жылы Қазақстан жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың. Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.

2030 жыл – Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
30.12.2017
1925
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі