Тәуелсіз елге – білікті
маман.
Мемлекет алдында елжанды , өз
ісіне шебер кәсіп иесін тәрбиелеу күн тәртібінде тұрған мәселе
екені даусыз. Өйткені, өз Отанын сүйетін, оған қалтқысыз қызмет
етуге дайын маман өз кәсібіне сай қабілет, бейімі қалыптасқан маман
ғана емес, ол адамгершілік, моральдық тұрғыдан үйлесімді дамыған
тұлға болып табылады. Сол себепті де кәсіптік бағдар беру оқушының
тәрбиесімен, оның жеке бас дамуымен де тығыз
байланысты.
Әлемде біз таңдай алмайтын көп
нәрсе бар. Оған біздің денеміз, біз туған ел, тарихи дәуір, біздің
ата – аналарымыз, және балалық шақтың оқиғасы жатады. Қалғанының
барлығы біздің таңдауымызға байланысты. Соның ішінде біздің
тағдырымызды шешуде үлкен рөл атқаратын таңдау -
мамандық.
Мамандық таңдау – жас адамның
қиын да қажетті қадамы. Ол мектеп кезінде жас шағында орындалады.
Дегенмен, осы жолда оқушыларға қиын болады, көбісі мамандық
түрлерін, олардың қандай талап қоятынын білмейді. Тек бір ғана
белгісіне нысана қойып, жағдайды жан – жақты талдай алмайды. Арнайы
зерттеулер көрсеткендей оқушылардың 40%-ы ғана еңбек мағынасын
қызығушылықпен таңдайды екен. Бүгінгі таңда жас адамның мамандық
таңдауы кенеттен емес, тандауды ойланып жасауы алғашқы
міндет.
Дамыған шетелдік тәжірибеге
назар аударсақ, нарық жағдайындағы жастардың әлеуметтік икемділігі
олардың кәсіби даярлық деңгейіне байланысты екенін көрсетеді.
Біздің елімізде мектепті бітіруші түлектердің басым көпшілігі өз
қызығуларын, қабілеті мен бейімділіктерін толық ескермей жоғарғы
оқу орындарына түсетіндіктен, болашақ кәсіби іс – әрекетіне сай
қалыптаспаған, оқу әрекеті нәтижесіз, қызмет етуді тек табыс көзі
санайтын жастардың кездесетіні жасырын емес. Әсіресе, нарықтық
экономикаға араласуды желеу етіп, тек табыс табуды ғана ойлап,
қоғам, әлеумет, халыққа қызмет істеу мәселелерін естерінен шығарып,
имандылық пен адамгершілікке жат, келеңсіз қылықтар жасап
жататындар да кездесіп жатады. Осыған орай, өз Отанына қызмет етуге
адамгершілік тұрғыдан дайын, нарықтық экономика сұраныстарына
байланысты кәсіби қызығуы, қабілеті мен бейімділіктері қалыптасқан
кадр даярлау – кезек күттірмес маңызды мәселелердің
бірі.
Кәсіп саны әр елде қоғамдық,
экономикалық жағдайға байланысты әр түрлі болып келеді. Мамандық
ұғымдарын қамтитын түрлі қызмет салалары өте көп. Жаңа кәсіптер
шығып ескілері жойылып жатады, кейбірі үнемі дараланып көбейеді.
Бір ғана техникалық оқу жүйесінде 1500-ден астам кәсіп түрі
тіркелген. Қоғамдағы мамандық атаулының жалпы саны3000 мыңнан асып
жетеді. Ресейде бұл күндері 6000- нан астам кәсіп атаулары
саналған. Олай болса, өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның
алдында мыңдаған мамандықтың біреуін ғана таңдау міндеті тұрады.Әр
адамның бірнеше кәсіппен айналысуға қабілеті болғанымен, соның
біреуіне ғана ынтасы ерекше ауады. Әрбір кәсіп адамға түрлі
қажеттілікті көрсетеді. Кейбір мамандықтар адамнан күш пен
шапшаңдықты қажет етсе, ал басқалары ақыл және жинақылықты, кейбірі
көпшілдікті және ұстамдылықты қажет етеді.
Бітіретін сынып оқушыларының
кәсіп таңдау себептерін зерттеуде жиі кездесетін жауаптар көбіне
бірінші орында оның абыройлығына яғни «мәртебесіне» бағытталады
екен. Ал екінші орында жоғарғы төлем ақы, жақсы еңбек жағдайы, оқу
мүмкіндігі бойынша, ата-ана нұсқауымен, т.
б.
Жоғарғы төлем ақысы (жалақысы)
бар қызмет, жұмыс орнын таңдап қойған жеткіліксіз. Көп жалақы табу
үшін кәсіби білім мен дағды, адам денсаулығы, жұмысқа құштарлығы
керек. Таңдаған мамандығың өзіңе қаншалықты ұнайды, жұмыс істегің
келеме, сонымен тығыз байланысты болуы керек. Егер адам кәсібіне
жеңіл қарастыратын болса, өзінің кәсіби деңгейін көтеру қиынға
соғады.
Кейде мамандық таңдауда оқудың
мүмкіндігіне байланысты болады. Мысалы, оқуға тапсырғанда оқу орнын
өз үйінің қасынан әйтпесе, танысы жұмыс жасап, оған көмек бере
алатыны да себеп болады. Сонымен қатар ата - ананың
кеңесімен таңдалады. Өкінішке орай,
мойындау керек көптеген ата - аналар кәсіптер әлемін, баласының
кәсіби біліктілігін әлсіз бағдарлайды. Қанша дегенмен қазіргі заман
еңбек нарқы тез өзгеріп отыратындықтан көптеген ата - аналардың
кәсіп туралы көзқарастары ескірген. Сондықтан мектептерде кәсіптік
бағдар туралы сабақтар, ақпараттар берілуі
керек.
Мамандық таңдаудағы
қателіктерде көп жағдайда мектеп бітірушілер жолдастық немесе
достың пікірімен « серіктікпен» таңдайды. Сонымен қатар «ескішілдік
ар намыс» ең көп тараған түрі. Оқушылар кейбір кәсіпті маңызды деп
санамайды, керек десең ерсілік көреді. Осыдан біраз жыл бұрын
құрылыста, цехта жұмыс істеу беделсіз болғаны барлығымызға
аян.
Жүсіпбек Аймауытұлының мол
шығармашылық мұраларының ішінде «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ
мұның кез келгеніне кемділік қажет, бұл жәй күнелту, тамақ
асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін
нәрсе» - деген сөзі жас буынға мамандық таңдауды кенеттен емес,
ойланып жасауы алғашқы міндет екендігін бағыттай
айтқандай.
Мамандық әлемінде өз
қабілетіңді тани білуде, өз тарапыңнан кемшіліктерің мен
жетістіктеріңді дұрыс бағалауда, өзін – өзі анықтау процесінде
мектеп психолог мамандарының көмегі мол. Кәсіпке бейімделу
элементтері мектептегі оқу-тәрбие процесінде де жүргізілуі тиіс.
Мәселен, сабақ үстінде, әр түрлі үйірме жұмыстары кезінде
шәкірттерді практикалық мәні бар қызметпен жәй таныстырып қоймай,
бұларды бұл іске араластырған абзал. Жастардың мамандық таңдауына
ересектер тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қоғамдағы әр түрлі
проблемаларды жеңе білуде жастарға аға ұрпақтың көмегі мен ақыл -
кеңестері қашан да керек болмақ.
Өзім ұстаз болғандықтан -
ұстаздық ұлы мамандық, барлық мамандықтардың атасы деп білемін.
Мұғалімдік мамандыққа лайықты бейімі бар жастарды
шақырамын.
Қоғамымыздың, отбасымыздың
асыл қазынасы баланың бақыты үшін, қалаған мамандығының иесі болу
үшін, мамандығын таңдай білуі үшін атсалысайық, ізденейік,
көмектесейік. Қоғамдық дамудың жаңа жолына түскен егеменді,
тәуелсіз қазақ мемлекетінің білімді жастары көбейіп, болашағымыз
нығайа түссін
Шалбалаева
Гүлнар
И.М.Журба атындағы негізгі
орта мектебі