Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Телжан Шонанұлы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЖЕРІ МӘСЕЛЕСІ
Т.Шонанұлы - қазақ ғылымы, оқу-ағарту қызметі мен мәдениетінде өзіндік мұра қалдырған аса көрнекті тұлға. Алашордашылар қатарындағы қоғамдық саяси қызметімен қатар, оның өткен ғасырдың 20–30-жылдары отандық ғылым мен ағарту білімінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша. Оның аграрлық саясаттың әр түрлі тұстарымен және ең алдымен Патшалық Ресей мен бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанның жер саясатымен байланысты тарихи зерттеулерінің маңызы ашылған. 1937–1938-жылдардағы Кеңес үкіметі тарапынан жүргізілген қанды-қасап жазалаудың жазықсыз құрбаны болғандардың бірі — Халық ағарту комиссариатының ғылым мен ғылыми әдістер жөніндегі кеңесінің мүшесі, ағартушы, педагог, филолог, әдіскер, әдебиетші, тарихшы, сыншы, аудармашы, қазақ бастауыш мектебінің теориялық және практикалық негізін қалаушылардың бірі – Телжан Шонанұлы. Сонан бергі ұзақ жылдар бойы жан-жақты білімпаз ғалымның аяулы есімі мен ғылыми мұрасы атаусыз, ескерусіз, жабулы күйінде қалды. Ол Кеңес саясатындағы «жылымық» тұстарда да өзі тағдырлас ер азаматтармен бірге ақталу бақытына да ие болмады; қайта Кеңес үкіметі құлап, Одақ тарағанға дейін цензура органдарының шығармаларына тыйым салынған үш қазақтың бірі болып қара тізімде тұрды. Бұған қарағанда аяулы азаматтың соңында жоқтаушы, іздеуші болмаған сияқты. Телжан Шонановтың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты деректер мұрағат қоймалары мен ертеректе жарық көрген баспасөз бетінде молынан ұшырасатынына қарамастан, әзірге толық зерттелмеген. Тек соңғы кездері баспасөз бетінде ғалымның аты аталып, ғылыми еңбектерінен үзінділер жариялана бастады. Белгілі қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым Т.Шонанұлы 1894 жылы 17 желтоқсанда сол кездегі бөлініс бойынша Торғай облысы Ырғыз уезі Аманкөл болысы № 4 ауылда (қазір Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылы) туған. Ол 1908–1912 жылдар аралығында Ырғыздағы орыс-қазақ училищесін өте жақсы бағамен оқып бітіреді. 1912–1916 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер институтында оқиды. Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының мәдени-ағарту бағытында құрылған «Игілік» ұйымын ұйымдастыруға белсене араласып, «Қазақ» газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялайды. Институтты бітіргеннен кейін алты жыл мектепте жұмыс істеуге міндеттеледі. Т.Шонанов 1916–1921 жылдарда Ырғыз уезінде мұғалім, аудармашы қызметін атқарды. Оның ең елеулі қызметі — жиырмасыншы жылдары Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Халық ағарту комиссариаты (ХАК) жанындағы Академиялық Орталықтағы білікті һәм жауапты маман ретіндегі жұмысы еді. Бұл Телжан өмірінің 1922– 1926 жылдардағы Орынбор кезеңі болатын. Ол 1923 жылы 15 сәуірде «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» мүше болып, латын әліпбиін енгізуді жақтаған зиялылар тобында болды. 1924 жылы 12–18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне, сол жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. Т.Шонанұлы 1926– 1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді. Осында жүріп 1926–1928 жылдары «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының» тарихэтнография секциясының төрағасы болды. 1929 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ АКСР-і ХАК-да қызмет атқарды. 1934 жылға дейін ҚазПИ-де оқытушылықпен айналыса жүріп, мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті. Т.Шонанов 1937 жылы 21 шілдеде нақақтан тұтқындалады. Оны «ұлтшыл, төңкеріске қарсы, 375 Амангелді мен Таранның өліміне қатысты жан» деп айыптайды. Телжанды сол жылдың 1 қарашасына дейін тергейді. Содан төрт айға жуық мерзімнен соң, 1938 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы ғалымды атуға үкім шығарады. Үкім сол күні Алматыда орындалады . Телжанмен бірге оның жары Шаһзада Аронқызы Шонанова (1903– 1938) да қуғын-сүргінге ұшырады. Ол жазықсыз саяси құрбан болғанға дейінгі, 34-ақ жас өте қысқа өмірінде қызметке ерте — 19 жасында кіріскен. 1922–1926 жылдарда Орал Губерниялық Атқару және Сырдария Губпаркомитеттерінде қызметкер, 23 жасынан бастап, КСРО Ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі болған, 1928–1930 жылдарда Халық ағарту комиссариатында мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы, 1932–1936 жылдарда Республикалық педагогикалық және ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институттарында, Халық ағарту комиссариатында жауапты хатшы, ғалым хатшы, әдіскер, кеңесші қызметтеріне мәдени-ағартушылық үлес қосқан. Әкесі «үстем тап» өкілі болғандықтан, 1921 жылы САГУ-ден, 1932 жылы Қазақ мединститутынан оқудан шығарылған. Тұтқындалғанға дейін 1936–1937 жылдарда Қазақ университетінің студенті болған, саяси қуғынға мойымаған. НКВД жендеттері атып, көмуге әкелгенде, кенеттен тіріліп, бір өлтіруге көнбеген құдіретті қазақ қызы болды. Жазықсыз саяси құрбан болған Ш.Шонанова 1992 жылы 18 қыркүйекте ақталды. Т.Шонанұлы небары 43 жыл өмірінде әзірше бізге мәлім қырық шақты ғылыми, ғылымитанымдық оқыту бағдарламасы, оқулық кітаптары, сондай-ақ жүзден аса көлемді публицистикалық, ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік, проблемалық мақалалар, өмірбаяндық очерктер жазып, аудармалар жасады 1995 жылы «Санат» баспасынан Т.Шонанұлының «Қазақ жері мәселесінің тарихы» зерттеуі «Жер тағдыры — ел тағдыры» деген атпен, ғылыми түсініктемелерімен жарық көрді. Ғалым бұл еңбегінде қазақтың жер тарихын ертеден қозғап, түсіндірмесе, бұл құр «қысыр кеңеске» айналады деп тарихқа жүгінеді. Автор қазақтың көшпенді болуының өзі тарихи-табиғи жағдайда пайда болғанын, ал «көшпелі» деп кемсіту, олардың өмір салтын «біліп жетіспегендердің» теріс пікірі екенін дәлелдеуге тырысады. Осы мақсаттар кітаптың, әсіресе отырықшылдандыру, жаппай ұйымдастыру саясаты қарсаңындағы атқарар жүгін салмақтандыра түседі. «Қазақ жердің қадірін біле ме?» деген сұраққа жауап ретінде Т.Шонанұлы өз ойын былай түйіндейді: «Біз түсіндірмей-ақ қазақ жердің қадірін аса жақсы біледі. Оны тарихи тұрмыстың тоқпағы үйреткен. Жер шаруаға қандай әсер беретінін, қандай жерде қандай шаруашылық қылуға керектігін шаруа әдемі түсінеді. «Жер — анасы, мал — баласы», «Жері байдың — елі бай», — дейді ел. Халық ақынның аузымен: «Жайықтың бойы жайлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян»,-дейді. «Көк Есілден кеткен соң, жылқының қонысы табылмас», — дейді. «Ащының бойы айтақыр, алалы жылқы жусап тұр», «Шыбышым лақ салмаған, тоқтым қысыр қалмаған», - дейді. «Қалдығайты, Былдырты жер өрнегін қарасаң, көдесінің түбі сайын бір жылқы»,- дейді. Бұл — жердің шаруаға жайлылығы туралы қазақтың көзқарасы. Жерсіз жарық тұрмыстың жоқтығын, «Маңғыстаудың шаңды қияны» тәрізді жерлер қонысқа тұлға болмайтынын қазақ жақсы біледі. Жерден айрыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Қазақ жерін орыс халқы отарлауы екі түрлі болды: бірі – орыс жұртының өз бетінше ,ешкімнен сұрамай отарлауы (вольная колонизация). Екіншісі – ресми отарлауы (правительственная колонизация). Орыс ішінде түрлі саяси, діни һәм шаруашылық жағынан қорлық, зорлық, қысымшылық,кемшілік көргендер шым-шымдап қашып шығып, қазақ жерін иемденген.Қала берді, қазақтың аңқаулығына сүйеніп, жерінің байлығынан пайдаланғысы келген саудагерлер, талапкерлер де Ресейден шығып, қазақ жерін отарлай бастаған. Міне осыны орыс халқының өз бетінше отарлауы деп атайды. Бұлайша ешкімнен сұрамай отарлау қазақ орыс қол астына қараған кезден-ақ басталады. Ресми отарлау дегеніміз – үкіметтің рұқсатымен үкімет көрсеткен жерді меншікеп отарлау . Қазақ жерін көп талаған, қазақ шаруасына көп кесірі тиген – ресми отарлау. Қазақ 376 жерін отарға айналдыру, қазақ даласын талау тарихын екі дәуірге бөлуге тура келеді. 1) Орысқа бағынғаннан бастап XIX ғасырдың 80-жылдарының басына дейін. Бұл атты казактардың пайдасына, әскерлік кісілердің пайдасына деп жер алу дәуірі. 2) 80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардан бастап бері қарай Николай құлағанға дейінгі қара шекпенділер үшін жер алу дәуірі. Қазақ жерінің мәселесі – орыс мемлекетіндегі отарлау саясатының түп-тамырын білмей тұрып түсініксіз. Қорыта келгенде, қазақ осы күнге дейін ерігіп көшіп жүрген жоқ. Тұрмыс табиғат заңдары қазақты амалсыз көшіріп келді. Казақ жерінің кеңес дәуіріндегі қасіреті өз алдына бір хикая. Қазақ арасында қазақты отырықшыландырудың мемлекетке де, халыққа да тиімді жолын, әдісін көрсете алатын адам бар деп ескерместен, өз білгендерін істеп, ақыр соңында қазақты үлкен ашаршылыққа ұшыратты. Т.Шонанұлы мұны алдын ала айтқаны үшін ұлтшыл атанып, репрессияға ілікті.
Әдебиеттер тізімі:
1. National encyclopedia. Vol.9 / Editor-in-chief B.Ayagan. - Almaty: Main edition «Kazakh encyclopedia, 2007. - 688 p.
2. Шонанұлы Т. Жер тағдыры-ел тағдыры. 2-басылуы (Көмекші оқу құралы) – Алматы: «Санат», 1995. -224 бет.
3. Salanchina N. Telzhan Shonanula // History of Kazakhstan. - 2006. - № 6. - P.71.