Материалдар / Тиімді оқыту мен оқу
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Тиімді оқыту мен оқу

Материал туралы қысқаша түсінік
Тиімді оқыту мен оқу курсын оқып жатқан әріптестеріме
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Қазан 2018
935
5 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Калиакбарова Айнаш Болатбеккызы Мұғалім портфолиосы С есебі

2 топ Тиімді оқыту мен оқу

Өскемен қаласы «Өрлеу» БАРИ ШҚО БАИ 26.09.17ж


С. Рефлексия және даму

Мектеп тәжірибесіндегі тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша рефлексиялық есеп.

Тиімді оқыту мен оқу курсынан алғаным, ойыма түйгенімнің көмегімен мектептегі тәжірибемді директордан рұқсат алып,әріптестеріммен кеңесіп, ата-аналарға хабарлама жасадым. 4-сынып Әдебиеттік оқу пәні бойынша «Халық ауыз әдебиеті үлгілері» бөлімі негізінде жоспарлы сабақтар жүргіздім. Сыныбымның проблемасы: өз ойларын дұрыс жеткізе алмауы. Проблеманы шешуде жеті модуль идеяларын тәжірибеге енгізіп, оқушылардың белсенділігін, сөйлеу, тыңдау, айтылым дағдыларын дамытуды көздедім. Тізбектелген 4 сабағымның барлығында мәтінмен жұмыс және бекіту кезеңдерін бір әдіспен жүргіздім. Себебі, оқушылар әр сабақта түрлі жаңа әдіспен жұмыс жасауға дағдыланбағандықтан уақыттан ұтылып, нәтижелі болмайтыны бірінші сабақтан белгілі болды. Мәтінмен жұмысқа «Жигсо» әдісін таңдап алдым. Өзара әрекеттестік және диалогтік әңгімеге шәкірттерді тарта отырып, инклюзивті оқытуды қамтамасыз еттім. Енгізілген әдістер мен тапсырмалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай. Тәжірибеде нәтижені бірінші сабақтан көру мүмкін еместігін ескеріп, тізбектелген сабақтар топтамасының үшінші сабағын алдым. Тақырыбы - «Қазыбек бидің шешендігі». Мақсаты «Мәтіннің мазмұнын түсініп, Қазыбек бидің тапқырлығы арқылы шешендік өнердің ерекшелігін анықтау» Мақсатқа жетуде оқушылардың сөйлеу тілін, сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыруды көздедім.

Сабақтарда «Бір тілек, бір мақсат», «Релаксация», Студия «Бата», «Жылулық шеңбері» әдістерімен жағымды ахуал туғызып, үй тапсырмасын сұраумен ұластырдым. «Ыстық орындық», «Өрмекші торы», «Сұрақты карта», «Кубизм» әдістері оқушылардың ойлау, ойын жүйелі жеткізу дағдыларын жақсы дамытты. Ең нәтижелі шыққан әдістер «Ыстық орындық», «Сұрақты карта» болды. Осы әдісте сұраққа жауап беру арқылы дарынды, талантты балалардың жұмысы жүрді. Ойын жылдам жинақтауға, өзін-өзі бағалауға дағдыланып, қызығушылықпен орындады. Екі әдісте де өздері сұрақ дайындау арқылы оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдылары қалыптасты, алдыңғы білімдері жаңғыртылды. Әдістің тиімсіздігі: көп уақыт алды, сондықтан үйге аз сұрақ дайындау тапсырылуы керек екен.

«Өрмекші торы», «Кубизм» әдістерін пайдалануда белсенді болмады, себебі кубик арқылы топпен ортақ жауап берумен шектелді, әр оқушының жауап беруге мүмкіндігі болмай, білімі бағаланбады. Алдағы уақытта жеке сұрақ беруді ескеремін. «Өрмекші торында» С деңгейлі оқушымның сұрақ беруде қиналды, кедергіден ЖАДА арқылы өздері шықты. Осы жерде мен оқушылардың ойлануларына уақыт беру қажеттігін түсіндім. Себебі әр оқушының ойлау деңгейі қабілетіне байланысты жылдам, баяу болатынын ұғындым.

«Ханталапай», «Шаңырақ», «Мозайка», «Санамақ» ойындары арқылы топқа бөлуде оқушылар білімі өмірмен ұштастырыла «Мәңгілік ел» құндылығының жүзеге асуы ұтымды шықты. Әсіресе, шағын топқа (үштікке) бөлу барысында «Мозайка» ойынын пайдалануым. Себебі мұнда жаңа сабаққа қадам жасалды. Осында берілген суреттерге (Мәңгілік ел монументі, ЭКСПО-дағы сфера, Үш би ескерткіші) түрткі болу сұрақтарымен білімдері қайталанды. Жұмыс видеотыңдалыммен жалғастырылды, тақтада беріліп тұрған «350 жыл» сөзі неге қатысты екені сұралды, оқушыларға миға шабуыл жасай отырып, жаңа сабақ тақырыбы мен мақсатын өздері анықтады. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдылары дамыды.

Сын тұрғысынан ойлау - бақылау, тәжірибе, толғану, пайымдау нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бағалау, талдау және синтездеуде қолданатын әдіс [1,45б]. Осы негізде, мен сабақтарымда «Ой қозғау», «Миға шабуыл», «Ол кім?», «Сиқырлы ұяшық» әдістерін пайдаланып, болжау жасату мен түрткі, сынамалау, басқаға бағыттау сұрақтары арқылы сын тұрғысынан ойлауға жетеледім. «Ол кім?» әдісі бойынша қосымша мәтінді тыңдай отырып, оқушыларға жаңа сабақ тақырыбын ашуда «Сен қалай ойлайсың, бұл кім?»,«Неге олай ойлайсың?» «Олай ойлауыңа не себеп болды?», «Тағы кім не ойлайды?», «Шешендік сөздердің адам өміріндегі маңыздылығы қандай? Себебін, дәлелмен келтір» сұрақтарымен өз ойларын дәлелді жетізуге бағыттадым. Алғашында оқушыларымның басым бөлігі өз ойларын нақты, толық жеткізе алмай, сөздік қорларының аздығы кедергі туғызды. Соңғы сабақтарда нәтиже көрдім. Оған дәлел, оқушыларым ойланып жауап беріп, неге, неліктен деген сұрақтарға ойларын негіздеп айтуға дағдылана бастады, әсіресе С оқушыларымның белсенділігі мені қуантты.

Дарынды және талантты оқушылармен жұмысқа барлық сабағымда «Өзіндік зерттеу» әдісін жұппен, АКТ-мен орындау арқылы қолдандым. Ең сәтті жұмыс үшінші сабақта, яғни, «Қаз дауысты Қазыбек би» тақырыбын зерттегенде болды. Себебі, барлық оқушылар зерттеу жүргізген оқушыларымның жауапкершілікпен қосымша ізденіп, шығармашылықпен бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде Қазыбек би туралы қосымша көп мағлұмат алды. Қазыбек бидің туғанына – 350 жыл болуы атаулы күн болғандықтан, мәліметтер қызықты берілді. Оқушыларымның бұрынғы зерттеулерімен салыстырсам, осы жұмыстарында тиянақты, жүйелі дайындалған. Яғни, қалай зерттеу жүргізу керектігін барынша үйренген және қорғау кезінде де сөйлеу дағдылары артып, мүдірмей, жүйелі түсіндіре алды.

«Ән сал» сергіту сәтінде қабілетті оқушылар: бишілік қырынан С атты оқушым, әншілік қабілетімен А оқушым көзге түсті. Мені таңқалдырғаны көп сөйлемейтін Н. атты оқушым операға салып ән айтқанда өзіндік қабілетін көрсетті. Алда Н-ны өнер сайыстарына шығарып көремін. Түйгенім: оқушыларға мүмкіндік берсең, олардың бойындағы ашылмаған, байқалмаған қабілеттерді анықтауға болатындығы.

Қалай оқыту керектігін үйрету идеясы өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамуына көмектесіп, өз бетімен, бірлескен топтық жұмыстарда іске асатындықтан, әр оқушының оқуына мүмкіндік беретін әдіс ретінде мәтінмен жұмыс жасауда «Жигсоны» тиімді деп таңдап алдым. Алғашқы екі сабақты «Жигсо1», келесі сабақтарда «Жигсо2» бойынша жүргіздім. Екеуі де сәтті шықты, оқушыларым бұл әдісті бұрыннан қолданып жүр. Және екі түрі де мәтінді толық түсініп, әңгімелеп айтуларына тиімді. Жеке, үштік топта жұмыс жасау арқылы сөйлеттім, өзін-өзі реттелу жүрді. Әрине алғашқы сабақтарда С деңгейлі оқушыларым тапсырмасын оқыса да, құрдастарына әңгімелеп бере алмауы кедергі туғызды, осы жағдайда А деңгейлі С атты оқушым оған ЖАДА жасау арқылы әңгімелеуін қолдады. Мен де «рефлексиялаушы агент» рөлінде, көпірше жасап, түрткі болу, басқаға бағыттау сұрақтарымен өз сөзімен түсіндіруге итермеледім. Яғни, әдістің тағы бір тиімділігі - әр түрлі деңгейдегі оқушыларды топта оқыту арқылы бірін-бірі оқытып, қолдау көрсетуі. Меніңше, С деңгейлі оқушымның белсенділігі, сабаққа қатысуына құрдастарының әсері мол. Бірлескен оқу әдістерін арқылы С деңгейліні В деңгейлі оқушылар қатарынан көруді мақсат еттім. Үнемі қолдау,қадағалау жасау, тиімді әдісті жоспарлаумен нәтижеге жетемін деп ойлаймын.

«Барлығына жарамды» оқыту моделінен «біреуіне жарамды» оқыту моделіне ауысуда бекіту тапсырмаларын саралау тиімділігін ескеріп, «Блум түймедағы» әдісін қолдандым. Жазылым түрінде орындатып, жекелей смайликпен бағаладым. Тиімді іске асты, себебі, әр оқушы өз деңгейінде жауап берді. Ашық сұрақтарды көбірек қою арқылы оқушыларды белсенді әңгімеге тартып, сыни ойлауын дамыту табысты сабақты қамтамасыз етеді екен. «Сенің ойыңша, алыс, жақын, несие деген нелер?» сұрақтарына «Алысқа»– алыстағы туыстарын, «жақынға» - аналарын, баланы, «несиеге» - ата-ананың берген тәрбиесі, ата-анамды бағу жауаптарын айтты. Топтық постер жасау арқылы шешендік өнердің ерекшелігін анықтауда 3-топ жұмысы сәтті шықты.Себебі, олардың табиғатты суреттеп шешендік өнердің ерекшелігін жазулары өте ұтымды болды. Алғашында әр топқа бір түймедақ беріліп, орындық артына жабыстырылған стикер түстеріне орай түймедақ күлтешелерінің түстерін таңдап алып өз деңгейіндегі сұрақтарға жауап берді. Сәтті болғаны, оқушылар өздерін деңгейге бөліп, сұрақтарды саралап бергенімді байқамады, бірнеше сұрақ қамтылды. Соңғы сабақта әдісті өзгеше пайдаландым. Себебі, оқушылар өз деңгейінен жоғарылауы мүмкін деген оймен әр білім алушыға бір түймедақтан бердім, қай деңгейге дейін жауап бере алатындарын анықтадым. Нәтижесінде, А деңгейлі А, С,А оқушыларым барлық сұрақтарға жауаптарын жылдам, әрі мазмұнды етіп жазған, В деңгейлі Н,Н оқушыларым барлығын орта деңгейде орындаған,ал осы деңгейдегі Қ оқушымның А деңгейлі оқушыға лайық жауаптары мені қуантты. Алда осы оқушыны бақылап, жоғары деңгейлі сұрақтармен сынап көруді ескеремін. С деңгейлілердің алғашында ынталары төмен және қате болып ма деген ойлары болса, осы жұмыста олар орта деңгейлі сұрақтарға жақсы жауаптар жазған. Қорытындысында: бір сатыдан екінші сатыға көтерілуіне мүмкіндік беріп, оның оқуына көпірше жасау, ол үшін үнемі мұғалім бақылап отыру қажеттігін, дер кезінде дұрыс кері байланыс орната алу керектігін түсіндім. Бұл мұғалімнен қырағылықты, белсенді тыңдалымды қажет етеді.

АКТ-мен «Тест-сынағы» жүзеге асқан жұмыс нәтижесінде сабақтың мақсатқа жеткенін көруге болады. Өйткені, тест 90 пайызға орындалды.

«Мұғалім – оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру жұмысының көшбасшысы» [1, 82б], сондықтан оқушыларды оптимизмге ынталандырып,көшбасшы ретінде сындарлы оқытуға көшуді жоспарлау, бақылау, зерттей алу дағдыларымен орта мерзімді жоспар мақсатын жүзеге асырдым.

Оқу үшін бағалау, яғни қалыптастырушы бағалау оқушыларды ынталандырды, нені біліп, нені түсінгендерін анықтады. «Бағдаршам», «шапалақ», «смайлик», «басбармақ» және Скиннердің «оперантты шарттылық» бойынша ынталандыру мақсатында «қолпаштау» түрлері және бағалау парағы жүргізілді. Дескриторды қолдануға дағдыланбағаны кедергі туғызды. Топ басшысы – көшбасшы ретінде, топпен келісе бағалады. Мен «Блум түймедағы» сараланған сұрақтар жауабын смайликпен бағаладым. Топ басшысы бағалаумен таныстырғанда «Оқушы үнін» тыңдап, өздеріне қойылған бағамен келісу/келіспеулерін сұрадық.

Әр сабақ соңында кері байланыстар («БББ», «Бес саусақ», «Миыңның суретін сал», «5-5-1») жасауды іске асырдым. Соның нәтижесінде оқушылар өзін-өзі бағалауға, реттеуге, метатанымын қалыптастыруға, өз оқуына жауапкершілік алуға дағдыланды. «5-5-1» әдісін алғаш қолданғандықтан, оқушыларыма уақыт қажет болды, яғни, олар сабақ кезінде нені меңгергендері туралы өздерінің түйінді сөзін бүкіл сыныппен бөлісті. С деңгейлі Ә оқушым тапсырманы орындауға көп уақыт жұмсады. Бұл әдіс барлық оқушылардың өз ойын жинақтауға, жүйелі,нақты жеткізуді дамытуда ұтымды. Әдісті алдағы тәжірибемде жалғастырамын. «Миыңның суретін сал» әдісімен меңгерген білімдерін білдіретін сөздерді ми суретіне жазу арқылы түсінгендерін, өз деңгейлерін анықтады. Бұл әдісте көшіріп алу кемшілігі болып,ескертілді. Мені тақырыптан толықтай білім алғанын көрсеткен С деңгейлі оқушымның жауабы қуантты.

Қорытындысында, өз тәжірибемнен түйгенім:

Бастысы, білім алушыларды қалай оқыту және оқуға үйрету керектігін біліп, барлық оқушылардың оқуын ұйымдастырып, ОМЖ, ҚМЖ жоспарын жасауды үйрендім. Біріншіден, смарт мақсат қою керектігін түсіндім. Екіншіден, мақсатқа жетуде тиімді әдіс-тәсілдерді жоспарлауды, үшіншіден, сол әдістердің тиімділігін анықтайтын бағалау әдістерін енгізу қажеттігін түсіндім.Төртіншіден,оқушылар деңгейін арттыру жолдарын саралаумен қарастыруды, бесіншіден, ашық сұрақтарды көбірек қою қажеттігін білдім. Нәтижесінде,осы заманауи оқытудың ең негізгі ерекшелігі: оқушылардың алған білімдерін игеріп қана қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне үйретуді ұғындым.

Меніңше, оқушыларымның бірлесе топтық жұмысқа дағдыланып, белсенділіктерінің артуы сәтті болды. Сәтсіз тұстарым: уақыт жетіспеуі, дескриптор бойынша бағалауға дағдыланбағандығы және ашық сұрақтардың аз қойылуы. Біз «академиялық империализм» деп аталатын мақсаттан – мектептерде оқыту мен оқуды жақсарту мақсатынан алшақтамауымызды қадағалап отыруымыз керек. (Elliot,1991) [1, 82-бет]. Көшбасшы ретінде мен сабақтың өн бойындағы іс-әрекеттерді бақылап, басқарып, бағдар бердім.

Тәжірибелерді талқылау арқылы дамыту жұмыстарын жүргізуді, проблемалық тақырыпты шешу жолдарын (өз ойларын дұрыс жеткізе алмау), уақытты үнемді пайдалануды, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған әдістерді кіріктіруді және жоғары деңгейлі сұрақтармен дамытуды мақсат еттім. А,В,С оқушыларымның оқу үлгерімін арттыруды түрлі әдістер арқылы жүзеге асыру, сабақтарымда АКТ-ны тиімді, жүйелі пайдаланып, талантты және дарынды оқушылармен арнайы әдістер арқылы жұмыстар жүргізуді, Александердің білімді игерудің бес үлгісіндегі механикалық есте сақтаумен ғана шектелмей, талқылау, диалогқа дейін жұмыс жасатуды болашақта жоспарлаймын. Тиімді оқыту және оқу курсынан өткен мектептегі әріптестеріммен бірлесіп жұмыс жасау арқылы дамуды міндет етемін.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік

мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016ж.

  1. «Интербелсенді әдіс-тәсілдер» Жақсылықова Г.И., Кәженова А.М, Исмагилова Н.З. Әдістемелік құрал.-Өскемен, 2014ж





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!