«Тіл мәдениеті: сөйлеу және жазу» тақырыбында
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен
дөңгелек үстел өтті
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының
ұйымдастыруымен «Тіл мәдениеті: сөйлеу және жазу» тақырыбында
дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел – қазақ тілінің қолданыс
аясын кеңейту, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің
сапасын арттыру, телеарналар мен радио, газет, әлеуметтік желілерде
тіл мәдениетін дамыту мәселелеріне арналды. Пікірталасқа
қатысып өз ойларын білдірген мамандардың қай-қайсысы да қазақ
тіліне қатысты түйінді мәселелерді қозғады. Төменде дөңгелек
үстелде айтылған пікірлерді оқырман назарына ұсынып
отырмыз.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы:
– Қазақтың тілі – тағдыры ауыр тіл.
Бірақ жаны сірі. Мен бір кездері
заңдарымызды зерттеп көрген едім. Сонда түйгенім, XIV ғасырда
Алтайдан Дунайға дейінгі елдердің бәрі қыпшақ тіліндегі қыпшақ
заңдарына бағынған екен. Қыпшақ заңдары деп отырғанымыз, қазақтың
әдет-ғұрып заңдары. Тіпті орыс шіркеулерінің ішінде бір-бірімен
қыпшақ тілінде сөйлескендері болған. Содан бергі замандарда
тіліміздің көрмеген теперіші жоқ. Бірақ феникс құс сияқты оттан да
судан да аман шығып келе жатыр.
Бүгін елімізде тіл туралы төртінші бағдарлама жұмыс істейді. Төрт
бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде ортаға салар мәселелер аз
емес. Осы орайда біз бағдарламада қойылған міндеттер орындалды ма,
орындалмағаны қайсы, оның қандай себептері бар деген мәселе
төңірегінде ой қозғауымыз керек. Себебі менің байқауымша, мұндай
мәселе бізде әлі талқыланған жоқ. Бағдарламаны орындататын тетіктер
де толығымен іске қосылмай жатқан сияқты көрінеді.
Екінші бір айтатын мәселе, заң саласында сонау ата-бабамыздан бері
келе жатқан қыпшақ тіліндегі 400-500 терминді қалпына келтіруге
болады деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің бұдан жиырма жылдай
бұрынғы жағдайын қазіргі деңгейімен салыстыруға келмейді. Өсу бар,
ілгерілеу бар. Дегенмен, әлі де атқарар шаруалар көп.
Заман – күштінікі, тіл де – күштінікі. Бір кездері Германия мықты
болды, бүкіл Еуропа, Америка, кешегі Кеңес Одағы неміс тілін
үйренді. Енді Америка күшейді, дүниежүзіндегі халықтардың көп
бөлігі ағылшын тілінде сөйлейді. Сондықтан тіл күшті болу
үшін мемлекет те қуатты болуы керек. Ал мемлекеттің өсіп-өркендеуі
үшін халықтың бірлігі керек.
Қазір бұдан екі мың жылдай бұрын өмір сүрген Майқы биден бері қарай
қазақтың 500-ден астам билері мен шешендерінің сөздері жинақталды.
Осының бәрі тұнып тұрған қазақ тілінің байлығы. Халық ана тілінде
неғұрлым көп сөйлесе, тіл соғұрлым дами береді.
Кәрімбек АРЫСТАНБЕКҰЛЫ, ҚР
Жаратылыстану ғылымдары академиясының
вице-президенті:
– Биыл алғашқы «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына, академик
Ә.Қайдаровтың бастауымен «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына ширек
ғасыр болды. Осы
орайда айтарым, ел «Мәңгілік Ел» болу үшін, мәңгілік тіл болуы
керек. Тілді сақтаудың басты жолы – тіл тазалығы. Өкінішке орай,
бүгінде тіл тазалығы, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормалары сақтала
бермейтін болды. Мұның тіліміздің дамуына теріс әсер беретіні
сөзсіз. Кейбір ақпарат құралдарындағы сөз қолданыстарында ауызекі
тілде айтылатын сөздер көп кездеседі. Бұл дұрыс емес. Телеарна тілі
– тіліміздің айнасы. Ол таза болуы керек. Жастар тілінің
мәдениетіне қатысты да осыны айтар едім.
Телеарналарға сұхбат беріп отырған кейбір шенеуніктердің сөйлеу
тіліне назар аударсаңыз, екі сөзінің бірі орысша. Тілге деген
жауапкершілік болмаған соң кез келген шенеунік көгілдір экраннан
қалай сөйлеймін десе, солай сөйлейтін болып алды. Сөз мәдениеті
жайына қалды. Әсіресе, ток-шоуларда тілдің тазалығы, айқындылығы,
қисыны, мәнерлілігі, ұғынықтылығы, ықпалдылығы сияқты аспектілер
мүлде ескерілмейтін болды. Меніңше, тіл тазалығына деген талапты
күшейтуіміз керек. Мәселен, тілді бұзып сөйлеген шенеунікке
журналистер сонысын ескертіп, ұялту керек. Тіл тазалығын сақтауда
бірінші кезекте ақпарат құралдарының белсенділігі
қажет.
Табыл
ҚҰЛИЯС, жазушы:
– Таяуда Қазан қаласына барып, татар халқының өз тіліне деген
құрметіне тәнті болдым. Олар Ресей Федерациясында отырып, өздерінің
тілінде сөйлейді. Телеарналары 24 сағат бойы татар тілінде хабар
таратады, концерттер қояды, газет-журналдары да сол тілде жарық
көреді. Жазушыларының кітаптары 200-300 мың данамен тарайды. Міне,
бұл татар халқының туған тілдерін әспеттеп, мәртебесін биіктетудің
тамаша үлгісі дер едім.
Біз қазақ тілінің қадірін арттыруымыз керек. Қазір кейбір ғаламтор
сайттары, электронды ақпарат құралдары тіл мәдениеті мен тазалығын,
сөз қолданысының өзіне тән тәртібі мен ретін сақтай бермейді. Бұрын
экранға жіберілетін бағдарлама немесе ақпаратты көркемдік кеңес
алдын ала қарап, сөйлемдерін тексеріп, рұқсат беретін. Қазір олай
деп айту қиын. Бүгінгі журналистер қазақтың құнарлы сөздерін
пайдаланудан қалып бара ма деймін. Меніңше, осы жағына мықтап назар
аударуымыз керек.
Сайлау
БАТЫРШАҰЛЫ,
Астана қалалық «Мемлекеттік
тіл» қозғалысының төрағасы:
– Сенаттың кіре берісінде «Рұқсат беру бюросы» деген жазу
бар. Ал
Мәжілістің кіре берісінде «Мәжілістің рұқсатнама бюросы» деп
жазылған. Байқасаңыз, бір Парламенттің өзінде екі түрлі нұсқа. Осы
жазуларды ретке келтіру керек сияқты. Өйткені бірізділік сақталу
керек. Бірізділіктің сақталмауынан әр мекеме әртүрлі жаза
береді.
Екінші бір айтарым, өкінішке орай, ақпарат саласында қызмет
атқаратын журналистер бекітілген термин сөздерді пайдалана
бермейді. Өз ойымен, тұспалдап жаза беретіндей көрінеді. Соның
нәтижесінде тіл шұбарланады, тіл тазалығына нұқсан келеді. Тіл
мәдениетінің төмендеуі тілге деген жауапсыздықтан болатынын естен
шығармасақ екен.
Мұхамедия
АХМЕТОВ,
«Астана» медицина
университеті мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты
бөлімінің
басшысы:
– Бүгінде қазақ тіліне орыс тілінен құрылымдық интервенция күшейіп
барады. Сол
себепті қазақ тілінің құрылымы бұзылу үстінде. Өзім дәрігер
болған соң мысал келтірейін. Адам миынан жарақат алса, бүкіл сөздік
қорынан айырылып қалады. Бұл табан астында болатын жағдай. Ал тіл
бұзылса, біртіндеп ми да бұзылады екен.
Техниканың дамыған заманында онлайн аудармашылар қолданысқа енді.
Оның тілдік қоры аз, сондықтан үйлесімсіз сөйлемдер шығады.
Бұл ұлттың тіліне нұқсан келтіру деген сөз. Бір газетте
«Әртүрлі халыққа көмек көрсетіледі» деген ақпарат жүр. Орысшасын
оқып көрсем, «Халыққа әртүрлі көмек көрсетіледі» деген ұғым.
Осылайша ақпарат жазған журналист тіліміздің құрылымына зиянын
тигізді. 24-інші арна журналисі бір жолы «Республикалық террорға
қарсы кеңес өтті» деп хабарлады. Мұны тыңдаған жұрт
елімізде республикалық лаңкестік бар деп ұғып қалуы әбден мүмкін
ғой. Дұрысы «Лаңкестікке қарсы республикалық кеңес өтті» емес
пе?
Өкінішке қарай, қазіргі аудармашылар өз міндеттерінің аудару емес,
қазақша сөйлету екенін біле бермейді. Журналистің немесе
аудармашының еңбегін ел аударма деп түсінбеуі керек, қазақ тілінде
жазылған деп ұғынуы тиіс.
Мен қазақша 40 мың сөзден тұратын медициналық
сөздік кітабын шығардым. Бұл еңбекті журналистер де
пайдаланса болады. Газеттердің бірінде бір журналист «Конго қырым
қанды безгегі» деп жазды. Медицина саласында 40 жыл қызмет істеп
келе жатқанымда мұндай сырқат түрін бірінші естіп отырмын. Тағы бір
газет: «Оңтүстікті қырым безгегі кеселінің қорқынышы кезіп
жүр» деп жазыпты. Бұл қандай ауру? Біреуі былай, біреуі былай
жазады. Орысшасы – гемморагическая лихородка. Геммораги – «қаны
аққыш», «ұйымайтын» деген сөз. Сондықтан «қанды» деп аударуға
болмайды. Журналистер сөздік оқымайды, жобалап жаза
береді. Тіл мәдениеті, сөйлеу мәнері
осындайдан бұзылады.
Дөңгелек үстел барысында ақын Бақытжан Тобаяқов, мәдениеттанушы,
журналист Серік Ерғали, «Мәдениет» журналының тілшісі, тарих
ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші сияқты азаматтар да тіл
мәдениетіндегі түйткілді мәселелер туралы ойларын ортаға
салды.