Материалдар / Тілдік ортаға енгізу әдісі - тілді меңгерудің тиімді жолы
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Тілдік ортаға енгізу әдісі - тілді меңгерудің тиімді жолы

Материал туралы қысқаша түсінік
Тілді енгізу әдісі арқылы балаға қазақша үйрету тәсілдері.
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тілдік ортаға енгізу әдісі – тілді меңгерудің тиімді жолы


Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Құрмансеитова Р.М.


Баланы білім нәрімен сусындатып және бойына әртүрлі құндылықтарды дарыту, соның ішінде Отанын сүюге, туған тілін құрметтеуге тәрбиелеу бастауыш мектеп табалдырығынан бастау алады. Осыған орай біздің мектептегі Тілдік ортаға енгізу әдісі қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі бірден-бір жол екеніне өз тәжірибемде көзім жетіп келеді.

Тілдік ортаға енгізу әдісі 1965 жылдан бастап Монреалда (Канада) қолданыла бастады. Әдістің мақсаты француз тілді оқушылардың ағылшын тілін ресми тіл ретінде тез үйреніп алуына көмектесу болды. Бұл әдіс өте табысты болып шықты. Қазір канадалық мектептерде осы әдіс бойынша 300 000-нан астам бала оқып жатыр. Осы тәжірибе өзге елдерде де қолданыла бастады. Соның ішінде Финляндия, Жапония, Австралия, Испания, АҚШ және өзіміз тәжірибе алмасып жүрген Эстония елінде қолданылып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде және Талдықорған қаласындағы бастауыш мектепте балабақшадан бастау алған төрт қазақ тілдік ортаға енгізу сыныбы бар. Яғни балабақшада жүйелі оқытып-үйреткен тілдік қор мектепте әрі қарай жалғасын табуда.

Біздің тәжірибеде Тілдік ортаға енгізу әдісі – қазақ тілін меңгертудің ең тиімді әдісінің бірі болып дәлелденіп келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептері ұсынып отырған бұл әдіс оқушылардың өзге тілді білуін қолдай отырып, қазақ тілін үйренуіне ерте жастан мүмкіндік жасайды.

Тілдік ортаға енгізу сыныбында орыс тілді қазақ балалары мен әртүрлі (орыс, татар, кәріс) ұлт өкілдерінің балалары білім алуда. Сондықтан да әдістің бастапқы кілті – ауызекі сөйлеу тілін дамыту. Осы тұрғыдан алғанда бірінші сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығы баланың тіл дамытуына, қоршаған ортадағы заттарды танып, білуіне және оларды күнделікті тұрмыспен байланыстырып үйренуіне бағытталған.

Тілді үйрену өте көпжақты үрдіс екені мәлім. Алайда осы әдісті жүзеге асыруда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - демекші өз ісіне шебер, қазақ тілін жетік меңгерген, тілдік ортаға енгізу әдісі бойынша курсан өткен білікті мамандар тығыз байланыста еңбек етуде. Мақсатымыз ортақ және айқын: балалардың өз ана тілін еркін білуге ықпал ету және қазақ тілін үйренуге қызығушылықтарын тудырып, қазақ тілінде сөйлеуге, қарым-қатынас жасауға талпындыру, сондай-ақ мемлекеттік тілге мүдделі көзқарасты, құрмет сезімдерін қалыптастыру.


Бұл әдіс негізінде білім беру үдерісі 1-сыныпта толық қазақ тілінде ұйымдастырылады. Жаңадан тіл үйренуші оқушылардың қалыптасып келе жатқан сөздік қорын молайтуымен қатар білім, білік, дағды қалыптастыруы сауат ашудан басқа пәндерде де қарапайым ұйқастар, санамақтар мен өлеңдер, ертегілер, рөлдік ойындар мен сахналық қойылымдар, белсенді оқыту әдістері арқылы тек қазақ тілінде жүзеге асады.

Оқу үрдісі барысында ұстаздар Тілдік ортаға енгізу әдісінің негізгі қағидаларын ұстанады. Ол «Бір педагог – бір тіл» қағидасы, яғни тілдік ортаға енгізу сыныбында жұмыс істейтін педагог орыс тілін білсе де оқушылармен тек қана қазақ тілінде сөйлесу керек.

Оқу үрдісінде біз қарапайым сөздерден бастап сөйлемдерді қайталату әдісін қолданамыз. Мұндай әдіс оқушылардың есту және сөзді дұрыс айту дағдыларын қалыптастырады.

Тіл үйретуде мұғалімнің «Сөйлеу формасы мен мазмұнының маңыздылығы» айтарлықтай орын алады. Мұғалімдер оқушылармен сөйлеу барысында қол қимылын, ым-ишараны, көрнекі құралдарды тиімді қолдануы қажет. Сондай-ақ оқушылардың жас ерекшелігіне сай, түсінікті, нақты жеңіл тілді таңдай білуі тиімді.

Қазақ тілінде қарым-қатынас жасауды дамыту үшін алдымен тіл үйренуге арналған тілдік орта құру маңызды. Барынша тілдік орта мазмұнды болса балалардың есте сақтауына, ойлануына, сөйлеу белсенділіктерін дамытуға қолдау болады. Сондықтан да Тілдік ортаға енгізу сыныптарының бөлмелері сөйлейтін қабырғамен және де оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға бағытталған орталықтармен жабдықталған.

Сабақтан тыс уақытта да оқушыларды өз бетінше оқу орталықтарында жұмыс істеуге бағыттау, табиғат аясында сурет салып, бақылаулар жүргізу, өз ойын, пікірін сұрау, кітапханада ата-аналармен бірге ертегілер тыңдау, аспазшылармен әңгімелесу, дәрігерлердің кеңесін тыңдау, сыныптан тыс шаралар, үйірме жұмыстарына толық қамту, қолдау көрсету, жетістіктерін айтып мадақтау ұсынылады.

Тілді үйрену үшін оқушыларды мәжбүрлемей, ынталандыру қажет. Сыныпта оқушыларды құрметтеу, әр баламен жеке жұмыс істеу, оларға өз ойларын айтуға мүмкіндік беру, оқушылардың өзін-өзі бағалауына жағдай жасау жолға қойылған.

Қазіргі уақытта сыныптағы орыс тілді қазақ балалары мен өзге ұлт өкілдері балаларына мемлекеттік тілді үйрету мен үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз. Оқушылардың қазақша үйренуге деген құлшыныстары мен білім алуға деген ынталары күннен күнге артып келеді. Оқушылардың берілген тапсырманы түсініп орындап, қазақша сұрақтарға жауап берулерін, бірімен-бірі қазақша сөйлесіп, әңгімелесуін тыңдау күнделікті қуанышты сәттердің бірі болуда. Оқушылардың да өз жетістіктеріне, өздерінің қазақша білетіндеріне мақтаныш сезіммен қарайтыны сезіледі.

Тілдік ортаға енгізу әдісі өз ана тілін түсінбейтін және мемлекеттік тілді білмейтін өзге ұлт өкілдері балаларына қазақ тілін қаншалықты оңай, әрі қызықты меңгеруге болатынын дәлелеп берді.



Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!