Материалдар / Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны мен маңызы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны мен маңызы

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлттық ойындар ғылымның қай саласында зерттелсе де көптеген ғалымдардың ойы бір жерден шықты, ол ойынды адам мәдениетінің бір бөлшегі ретінде алып қарауы болып табылады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттікке қол жеткізуіне орай баланы ата мұра дәстүрінде тәрбиелеуге халықтың ынта-ықыласы арта түсті. Бұл ұрпақтар жалғастығының, дәстүр сабақтастығының нығая түсуіне септігін тигізеді.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
29 Қаңтар 2023
373
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны мен маңызы


Егемен Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу алдағы стратегиялық маңызды мақсат болып табылады. Осы маңызды тапсырманы іске асыруда өскелең ұрпақтың алатын орны зор, себебі қандай да болмасын алға қойылған жоспарды іске асыру үшін білімді және денсаулығы мықты ұрпақ қажет.

Осы болашақты қазірден бастап яғни мектеп жасына дейінгі кезеңде тәрбиелеу қабылданған стратегиялық жоспарың маңызды бір бөлімі болып саналады. Қандай ұлт болса да өз жолын, болашағын айқындап, айналасына баға береді, бір-біріне еліктейді, бір-бірінен үйренеді.

«Қоғам өмірінің өзгеруі, демократиялық өзгерістерге бұрылуы мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие беру үрдісін халықтың өткен тарихымен, рухани-мәдени мұраларымен, өмірлік бай тәжірибесімен тығыз байланыста ұйымдастырып, ұштастыра жүргізуді талап етеді» деп көрсетеді А. Айталы өзінің «Ұлттану» атты еңбегінде .

Ойын, адамның балалық шағынан бастап бүкіл саналы ғұмырының барлық кезеңінде бірге болып еретін ерекше құбылыс. Сондықтанда ұлттық ойын мәселесін тек қана педагогтар мен психологтардың емес, әлеуметтанушылар мен этнографтар, өнертанушылар ғылыми обьект ретінде жан-жақты қарастыруда. Ұлттық ойындар ғылымның қай саласында зерттелсе де көптеген ғалымдардың ойы бір жерден шықты, ол ойынды адам мәдениетінің бір бөлшегі ретінде алып қарауы болып табылады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттікке қол жеткізуіне орай баланы ата мұра дәстүрінде тәрбиелеуге халықтың ынта-ықыласы арта түсті. Бұл ұрпақтар жалғастығының, дәстүр сабақтастығының нығая түсуіне септігін тигізеді.

Күрделі қоғамдық феномен ретінде дене тәрбиесі мен спорт қоғамда адамдардың өмір тіршілігінде, тұрмыс салтының құрамдас бөлігіне айналады.

Ұлттың өмірі дене тәрбиесі мен спорт саласындағы ұлттық тәрбиені анықтай береді.

Ұлттық тәрбие қоғамның және жеке ұлттың өмірлері мен өзара қарым-қатынастарының тәрбиесімен тығыз байланыста болуы керек.

Ұлттық тәрбиенің табиғаты әрі күрделі, әрі қарама-қайшылыққа толы болып келеді. Қазақ халқының «туыстық сезімге» барынша жақын екендігі қашаннан белгілі. Мұның өзі ұлттыққа құндылықтарға байыппен қарауды, оны әрбір ұлттың нақты ерекшелігіне сәйкес қарастыруды талап етеді.

Дене тәрбиесі мен спорттағы ұлттық тәрбие өзара байланысты үрдістердің тұтас бір жүйесін ұсынады, оның басты мақсаты жалпы адамдық, әлеуметтік жағдайды жақсарту болып табылады.

«Күллі адам атаулының дүниені бейнелеу заңдары ұқсас, әрбір жекелеген жағдайда ұлттық тәрбие жалпы адамзаттық қана емес, ұлттық өзгеше тәрбиені де іске асырушы ретінде көрініс береді» деп жазады белгілі ғалымдар А. Құралбекұлымен, С. Әкімбайұлы .

Дәстүрлі дене шынықтыру мен ойындар ел арасында кең жайылғандығымен, қоғамдық өмірдің барлық саласын қамти алатындығымен ерекшеленеді.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жөніндегі агенттігі Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығының «Салауаттану-денсаулықты сақтау» бағдарламасы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру тұжырымдамасы жарыққа шықты . Онда, «мектепке дейінгі кезең» деген арнайы бөлім қарастырылып былай деп анықтама берілген, - «Мектепке дейінгі кезең - бала ағзасының өте қарқынды дамитын маңызды кезеңі. Осы кезеңде ағзаның бүкіл жүйелер мен мүшелері, дене және жүйкелік-психикалық дамуы қалыптасып, жетіле түседі. Қазіргі балалар арасындағы жүргізілген дәрігерлік бақылаулар көрсеткендей балалардың жүрек-тамыр, ішкі секреция, жүйке, тыныс алу, иммундық жүйелер т.басқа аурулардың балалар арасында әсіресе жас балалар арасында көптеп таралуы дәрігерлерді, ата-аналарды алаңдатуда.

Балалар ағзасының қорғаныш күші, ауруға қарсылық көрсете алуы жетімсіз екендігі байқалуда. Сондықтан мектепке дейінгі жастағы балалар әртүрлі ауруларға жиі ұшырауы байқалады.

Мектепке дейінгі балаларда салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасының мақсаты, денсаулық туралы ұғымды жүйелі және бірізді қалыптастыру, гигиеналық дағдылары мен салауатты өмір салтының уәждеріне ерте кезден бейімдеу болып табылады.

Міндетті денсаулық қорғау жөніндегі алдын алу шараларының кешенін сақтап қалуды, балалардың денесі мен жүйке-психикалық үйлесімділігін дамыту және денсаулығының нығаюын дене шынықтыру сабақтары арқылы қамтамасыз ету қажет.

Денсаулықты қорғау мәселелерінде мектепке дейінгі жастағы балалардың әлеуметтік белсенділігі ойын, әр түрлі сауықтыру әдістері, күн тәртібін бұзбау, тиімді тамақтану, таза ауада жиі болу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырудың ақпарат-ойындық үлгілері арқылы жасалады.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру олардың психологиялық, дене қимыл-әрекеті мүмкіндіктері мен жасы ескеріліп өткізіледі, сөйтіп балада мінез-құлығының белгілі гигиеналық тұрақтылығы қалыптасады, гигиеналық ұғымдарды жете түсіну, дағдылар, салауатты өмір салтының уәждамалары, жеке бас гигиенасы, күн тәртібі, өзіне-өзі қызмет ету, денсаулық сақтау және нығайту, мәдени гигиеналық мінез-құлық қалыптасады. Бұл үшін жас ерекшеліктеріне байланысты алуан түрлі ойыншықтар, қуыршақтар, ойындар кеңінен пайдаланылады» деп көрсетілген.

Н. Мыңжан өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» атты еңбегінде «...қандай да болмасын ойын түрінде тәлімдік, тәрбиелік өнеге бар. Ойындар ұлт мәдениетінің алуан түрлерімен тоғысып, араласып жатады. Не бір дарынды азаматтар да осы топтардың арасында жүріп жетіліп, жұртқа ісімен танылады. Бұл-ұзақ тарихи дәуірлерді сабыла басып өткен қазақ халқының игі дәстүрі, ұлтқа тән асыл мұрасы» деп жазады .

Ұлт ойындары жөнінде, тіпті жалпы ойын туралы, оның әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қажеттілігін түсіндіруде ғалымдардың көзқарастары әр-түрлі қалыптасты. Мысалы: Орта ғасырларда, діни көзқарастар үстемдік алып тұрған кездерде, тек ойын ғана емес, жалпы ойын-сауық атаулыға қарсы насихат жүрді.

Ойынға қарсы дін иелерінің күрескені соншалық, бүкіл әлемдік деңгейде пікір айтылып, ойын атаулыны әлеуметтік-педагогикалық іс-әрекеттің негізі деп пікір айтуға тиым салынды.

Осындай субьективті факторларға байланысты ұлт ойындары Европа халықтарының арасында әлсіз өрістеді. Ал керісінше, Шығыс мемлекеттерінде, Орта Азия, Қазақстан секілді елдерде жағдай басқаша бағыт алды. Себебі көшпенділер өркениетінде ұлт ойындарының әлеуметтік әсері күшті болды. Ол тек көңіл көтеру құралы емес өмір сүру, дүниені танып, білу, ақыл-ойдың, дене мүшелерінің дамуына, еңбекке баулу секілді адамның өмір сүру қажеттілігін қалыптастыратын әрекет ретіндегі орны зор болды .

Қазақ Кеңес Энциклопедиясында ұлттық ойындарға былай деп анықтама берілген: «Ұлттық ойындар, қазақтың ұлт ойындары-ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының тарихы Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыстан басталады. Тоғыз құмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар арасында тараған. Ұлттық ойындар негізінде халық әр-түрлі жаттығулар жасау арқылы дене шынықтыру негізін қалады. Мұның әлеуметтік, тәрбиелік мәні де болды. Ұлттық ойындар кейіннен спорттық ойындарға айналды» .

Соңғы жылдары көптеген ғалымдар ұлттық ойындарды қоғамның нақты бір даму кезеңінде қалыптасқан адам іс-қарекетінің ерекше бір түрі деп түсіндіреді.

ХХ ғасырдың басында зерттеушілер арасында адамның дамуына бірінші болып әсер еткен еңбек пе әлде ойын ба деген сұрақ төңірегінде үлкен пікірталастар туындады. Ойын еңбектен бұрын пайда болған деген көзқарастар айтылады. Бұл пікірге алғаш рет қарсы шыққан неміс психологы философ В. Вунд болды. Оның тұжырымдамасы бойынша «Ойын-ол еңбектің баласы» дегенге сайды. Әрі қарай бұл көзқарасты орыс фәлсафашысы Г.В. Плеханов дамытты. Ол адам қоғамындағы өнердің шығу тегін, пайда болу мәселесімен айналысып, нәтижесінде мынадай қорытындыға келді: «ойын көп ғасырлық тарихы бар, алғашқы қауымдық қоғам кезінде әр-түрлі өнер түрлерімен бірге тұтасып өрістеп, солармен бірге дүниеге келді» деп көрсетеді .

Осылайша Г.В. Плеханов өнер мен ойынның генетикалық біртұтастығын атап өтті. Оның ойынша қоғамдық дамуда еңбек ойыннан бұрын пайда болып, оның мазмұнын анықтады. Еңбекке адамды өмір сүру әдісіндегі қажеттілік, тамақ ішу, киіну, үйін қорғау итермеледі. Еңбек, аңшылық, көрші тайпалармен соғыс бұның барлығы қуаныш, қанағат, күйініш сезімдерімен ұласты. Ал сол сәттегі эмоцияны алғашқы қауымдық адамға қайта сезінуге күш арқылы, ептілік пен жылдамдық әсері негізінде дәстүрлі ұлттық ойындар мен билер, әндер көмекке келді. Осылайша қоғам тарихында еңбек ойыннан бұрынырақ пайда болып, алғаш егіншілікке қатысты еңбек, одан аңшылық соғыс, соның бәрінің бейнесі бейнелеу өнерінде, ән, билер мен ұлттық ойындарда көрініс алды.

Г.В. Плехановтың ойы бойынша жеке адам өмірінде ойын еңбектен жоғары тұрды. Бұның мәні ойынның әлеуметтік қызметінде ол рудан-руға, тайпадан-тайпаға ауысып отыратын құрал ретінде, балаларды еңбекке дайындаудың басты жолы сипатында алынады. Ұлттық ойын өзінің мазмұны тұрғысынан да әлеуметті, себебі бала ойын бейнесіне өзін қоршаған ортада көрген нәрсесін, оның ішінде ересектер еңбегін де бейнелейді. Сонымен қатар адам қоғамында ерлер мен әйелдер арасындағы еңбек бөлінісіне қатысты міндеткерлік көне дәуірден бастап бөлінді, оның әсері қыз бала мен ер бала ойындарындағы өздерінің жыныстық бөлінісіне қарай еліктеп ойнау қозғалысын дүниеге алып келді.

Неміс психологы К. Гростың: «ұлдар мен қыз балалар ойындарының өзгешелігі олардың жыныстық инстинк ерекшелігімен айқындалады» деген пікіріне қарсы шыққан Плеханов әлеуметтік себептерді алға тартты, оның ішінде нақтырақ айтқанда қоғамдық бөліністегі жынысына қарай үлкен адамдар арасындағы еңбек бөлінісі басты фактор ретінде көрсетіледі.

Г.В. Плехановтың ойларын әрі қарай жалғастырған психолог және педагог ғалымдардың мән берген мәселесі ұлттық ойын іс-әрекет ретінде бала өмірінде әрдайым қатысып, кейін еңбек қызметіне шын мәнінде ұласып отырды ма, деген сұрақ еді.

Д.Б. Эльконин өзінің этнографиялық зерттеулерінің негізінде рөлдік немесе бейнелеу сипатындағы ойындардың тарихпен біртұтас дүниеге келген деген гипотезасын алға тартты. Оның пікірінше адам қоғамының бастапқы сатысында балалар ойыны болған жоқ. Сол дәуірдегі еңбектің қарапайым дөрекі және оған қатысты еңбек құралдарының қажеттілігінің жетіспеуі, яғни тайпа адамдарының барлығының қолында еңбек құралдарының болмауы, балалардың қол күшін үлкендер еңбегіне тартуға (табиғаттың дайын өнімдерін жинау, балық аулау тағы да басқа жұмыстар жасауға) алып келді. Кейін келе еңбек құралының күрделенуі, аншылыққа өту, мал шаруашылығы, егіншілік қоғамдағы бала жағдайын өзгеріске ұшыратты. Бала бұрыңғыдай үлкендер еңбегіне тікелей араласа алмады, себебі ендігі жұмыс білімді, күшті, ептілікті талап етті.

Үлкен адамдар балалардың еңбек әрекеті үшін жаттығу ойыншықтары: садақ, жебе, қалқан, арқан жасай бастады. Осылайша жаттығу ойындары туып, оның барысында бала еңбек құрал жабдықтарын ұстап, оны пайдаланып ойыншық кішкене садақпен нысананы көздеп, кіші кетпенмен жер шауып үйренеді.

Әр-түрлі қолөнердің дамуы, еңбек құралының күрделенуі нәтижесінде жаттығу ойыншықтары олардың көрінісі болудан қалды. Олар еңбек құралдарын қолдануы тұрғыдан емес (ойыншық қару-жарақтар т.б.) сыртқы бейнесімен еске салды. Басқаша айтқанда ойыншықтар еңбек құралдарының бейнесі болды. Бұндай ойыншықтармен еңбек қызметін атқаруға болмайды, бірақ оны бейнелеп ойнауға болады. Осы жерден рөлдік-сюжеттік бейнелеу ойындары дүниеге келді. Кішкентай бала үлкен адамның өміріне белсене қатысқысы келеді, ал рөлдік-бейнелеу ойыны оның сол қажетін қанағаттандырды.

Шынайы өмірде үлкендер өміріне балалардың белсенді қатысуға мүмкіндігі жоқ болғандықтан, бала өз қиялымен, іс-әрекетімен үлкендерге еліктеп бейнелеу ойынын ойнады. Рөлдік-бейнелеу ойыны ішкі, табиғи инстинктің нәтижесінде емес, баланың қоғамдағы нақты әлеуметтік шартты қажеттілігінен туындаған үрдіс. Үлкендер өз тарапынан арнайы жасалған ойыншықтар көмегімен бала ойынын дамытып, ойын ережесі мен тәртібін нақтылап, ойынды атадан балаға мұра етіп жеткізіп, ең соңында ұлттық ойынның өзін қоғам мәдениетінің бір бөлшегіне айналдырады.

Адамзаттың әлеуметтік-тарихи дамуында ұлттық ойындар баланың қалыптасуына көмектесетін бірден-бір құрал ретінде қарастырылды. Ұлттық ойын көмегімен балалар қоршаған әлеммен өзара қатынас жасап, моралдық нормалары қалыптасып, адамның көп ғасырлық даму тарихындағы практикалық және ой еңбегін өмірге енгізу әдісіне көмекші болды.

Осылайша қазіргі замандағы ұлттық ойын теориясына қатысты пікірлер оның тарихпен қатыстылығын, әлеуметтік табиғатын адам қоғамындағы мазмұны мен мәнін дәлелдеді.

Біз жоғарыда айтқанымыздай ұлттық ойындар әлеуметтік негізден бастау алады. Оның ішінде балалар ойнайтын ұлттық ойындар үлкендер әлемімен тығыз байланысты. Бұл жағдайды ғылыми-психологиялық тұрғыдан алғаш дәлелдеген К.Д. Ушинский болды. Ғалым еңбегінде: «баланың өзін қоршаған үлкендер әлеміне кірудің басты жолы ойындар. Балалар ойыны өзін қоршаған әлеуметтік ортаның көрінісін бейнелеп, ойыншықтар арқылы шынайы өмірді суреттейді». Шынайы өмірді ойын арқылы бейнелеу баланың құндылық жүйесінен жинақталған әсері нәтижесінде болады. К.Д. Ушинский былай деп жазды: «бір қыз баланың қуыршағы тамақ істеп, іс тігіп, киім жуып, үтіктейді, екіншісінің қуыршағы салтанатты түрде диванда отырып қонақ күтіп, театрға асығады, үшіншісінің қуыршағы басқаларын ұрып, жинақ қобдишаға тиын жинап, ақша санайды» .

Үш жастағы бала өзін қоршаған үлкендер тұтынатын заттар мен еңбек құралдарына қызығады. Сондықтанда бала ойындарында үлкендер әрекетін өз бейнесінде қайталау басым. Бұны «жартылай ойын, жартылай еңбек» деп атауға болады.

4-5 жасқа толған балалардың ойнайтын сюжеттік-бейнелік ойындарында ойыншық құралдарымен адамдар қарым-қатынасын бейнелеу басым. Осылайша ойын әлеуметтік ортадағы адамдар қарым-қатынасының үлгісі мен бала сезімінің айрықша бейнелік көрінісінің бір үзік ойы болып байқалады.

Қоғамдық дамуда жалпы ойын атаулы жүзеге асу әдісі тұрғысынан да әлеуметті.

Ойын әрекеті Г. Ленард, И. Лахмандардың дәлелдеулері бойынша баланың ойлап тапқаны емес, үлкендердің үйретуімен, қалыптасқан ойынның әрекет-тәсілімен таныстырып, ойыншықты қалай пайдалану, ойын ережесіне бағынуды күнделікті дағдыға айналдырған іс-қимыл үрдісі. Үлкендермен қатынас жасау барысында әр-түрлі ойын техникасын меңгерген бала ойынды одан әрі дамытып, оны басқа жағдайда ойнауға көшіріп (үйде, далада, бөлмеде) ойынды өз қиялының үлгісіне айналдырып өз ойының даму нәтижесін көрсетеді .

Қазіргі кездегі педагогикалық теорияда ойын мектеп жасына дейінгі баланың негізгі қызмет түрі ретінде қарастырылады. Ойынның негізгі дәрежесі оған баланың арнаған немесе кеткен уақыт мөлшерімен емес, баланың негізгі қажеттілік құндылығын қанағаттандыратын, яғни ойын барысында басқа іс-әрекеттер туындап, ойын көп жағдайда бала психикасының дамуына себепші болып келеді.

Жоғарыда келтірілген дәлелдерден біз ойын мектеп жасына дейінгі баланың жан-жақты өсуіне қажетті негізгі тәрбие құралы екендігін көреміз.

Ең бастысы бала үлкендер өміріне белсене қатысып, өзінше тәуелсіз болуға ұмтылады. Баланың дамуына қарай қоршаған әлем мен таным туралы түсінігі кеңейіп, ішкі жан-дүниесімен үлкендер қызметіне араласу қажеттілігі артады. Сондықтан бала ойнағанда тәжірибесі мен ойында сақталып қалған үлкендерге еліктеу рөлін өзіне алады. Ойын барысында бала тәуелсіз қимылдап, өз тілек-қалауын, сезімін еркін білдіреді. Күнделікті өмірдегі балаға жасалатын ескертпелер мен үйрету мақсатында айтылатын «жүгірме, қолыңмен ұстама, құлап қалма, өтірік айтпа» деген сөзден бөлек, ойын сәтінде барлық ұнамды бейнені: «кемеде жүзіп», «космосқа ұшып», «атқа мініп» өз қуанышын жағымды эмоциялық түрге ауыстырады.

Бала кез-келген ойынды дене қимылы арқылы дамытып, бала іс-әрекетке тән қозғалысты меңгеріп, мақсат қойып, жоспарлап, нәтижеге жетуге ұмтылады. Кейін осы білгенін қызметтің басқа салаларына, оның ішінде еңбекте қолданады. Балаларды ойын арқылы денесін шынықтырып, еңбекке даярлау мәселесін күн тәртібіне өмірдің өзі қойып отырады. Ойын адам баласының алғашқы әрекеті және саналы әрекеті болып табылатындығына көз жеткіземіз.

Еңбек пен ойын әрекеті адам баласын саналылыққа жетелейді. Адам баласының қоғамдасқан алғашқы дәуірінде ұлт ойындары әмбебаптық рөл атқарды, оның қолданыс әрекеті кең болды. Ұлт ойындары сан-салаға бөлініп, адам баласын саналы болуға бастады. Денені жаттықтырушы, шынықтырушы, денсаулық кепілі, тек ойын арқылы жүзеге асты.

Еңбек тәрбиесі халықтың дене шынықтыру өзегі, өйткені еңбек өмірдің бірден-бір қайнар көзі, адамның өмір сүруінің шарты, жеке адамды қалыптастырудың факторы. Қазақ халқының дәстүрлі еңбек тәрбиесі этностардың өмір салтымен, олардың шаруашылық қызметімен, әлеуметтік қатынастарымен байланысты. Сондықтан да дене шынықтырудың маңызы еңбек етудің мәні-мағынасымен өзара байланысты.

Қазақ халқының дене шынықтыру дәстүрін жүйелеу жұмысы, оның әлеуметтік-мәдени және педагогикалық мән-мағыналарына жасалған талдау көрсеткендей, ойын түрлері жасөспірімдерді дене шынықтыру саласында тәрбиелеудің қажеттілігіне жауап береді.

Балалардың тұлғасы мықты, денесі шымыр, қимылы ширақ, әрі епті болуы үшін ұлттық ойындар арқылы дене шынықтыру әдістерін қалыптастырған жөн болып табылады.

Бала ойынын олардың еңбек күштері және психикалық нышаны аңғарылып тұратындай етіп ойнату қажет, онсыз ойынның тәрбиелік мәні болмайды. Ойын арқылы еңбекке қажетті кейбір дағдылар тәрбиеленеді.

Е.И. Тихееваның мектеп жасына дейінгі тәрбиеде ойынның еңбекпен тікелей байланысты болуын қолдайтын ұсынысының маңызы өте зор. Оның: «Ойын-еңбек, еңбек-ойын» деген өзіндік пікірі белгілі .

Ойын мен еңбектің өзара байланысын осы тұрғыда түсінетін Е.И. Тихеева балабақшадағы педагогикалық үрдістің алға қарай дамуына өзіндік бір үлесін қосты. Бірақ, ғалым Е.И. Тихееваның әдісі бойынша оқытуды қарастырғанда оның ойын-еңбек принципі негізінде ғана баланы дамыту бір жақты сипатта қарастырылатындығын көреміз.

Ойынның еңбекпен мұндай байланысы жасанды болып табылады. Себебі ойын тікелей еңбекке айналмайды, сондай-ақ ойын да тікелей еңбек бола алмайды.

Мектеп жасына дейінгі балалар ойынының іске ауысуы, әсіресе тәрбие арқылы ықпал жасаған кезде айқын көрінеді. Балалардың өзіне-өзі қызмет етуі кезінде оқу емес, еңбектің мәні бар іс-әрекеттері көбірек дами түседі.

Бала еңбегін зерттеу барысында анықталғандай мектеп жасына дейінгі балалар өз еңбектеріне ойын элементтерін жиі әрі құлшына қосып отыратынын көреміз. Ойынға еңбек элементтерін енгізе отырып, балаларға тәрбиелік ықпалдың тиімділігін арттыруға, ойын көмегімен балалар тарапынан байқалған олардың еңбекке деген құлшынысын дамытуға және нығайтуға болады.

«Ойын дегеніміз жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді» деген П.Ф. Лесгафтың дәлелдеуіне қосыла отырып, біз мектеп жасына дейінгі балаларға өткізілетін дене шынықтыру сабағын бұрыңғыдан да қызықты өткізу үшін халық ойындары негізінде спорттық жаттығу элементтеріне баланы тұрақты тартып, өмірінің дағдысына айналдырып тәрбиелеу жолын халық ойындары арқылы көрсеткіміз келеді.

Қоғамдық дамуда халық ойындарының бала өміріндегі тағы бір мәнді жағы бар. Ол ұлттық ойындардың балаға беретін патриоттық тәрбиесі болып табылады. Қазақ халқы сонау көне дәуірден бері соғыстар мен өзара күрестерге толы тарихи дәуірді басынан өткергені белгілі. Сондықтан ұлттық рухта тәрбие алмаған, тілін-ділін, дәстүрін дұрыс білмеген ұрпаққа отанын қорғау сияқты жауапты істерде сенім арту өте қауіпті. Өйткені өз ұлтының ұлттық өнерін-тілін сыйламаған адам Отанын да сыйламайды. Ұлттық ойындар бала өмірінде Қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, отан сүйгіштікке тәрбиелейтін бірден-бір құрал болып табылады.

Ерлік тәрбиесі дегеніміз ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде балалардың ерік-жігерін, табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егемен еліміздің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты ендіру.

Баланы ұлттық негізде жауынгерлік дәстүр арқылы ерлікке баулуға байланысты халық батыры Б. Момышұлының «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» атты мақаласында солдаттардың бойында жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлерінің маңызы зор екеніне тоқтала келе, халық даналығының алтын қазынасын білім мен тәжірибеге пайдалану жолдарын көрсетеді .

Ғалым С. Иманбаеваның «Ерлік тағылымы» атты ғылыми монографиясында былай деп келтіріледі: «...бала бойындағы ерлік және жауынгерлікті қалыптастыруға себін тигізетін қасиетті белгілер: ұлттық сана сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, парыз, намыс, бірлік және міндет» .

Қазіргі ұрпақты ұлттық тәрбие арқылы өсіруде ғалым С. Қалиев этнопедагогиканың төмендегідей негізгі қағидаларын ұсынады:

1) Келер ұрпақтың ақылды, арлы, намысқор, өміршең азамат болуын тілеу;

2) баланы жастайынан еңбек сүйгіш, елгезек етіп тәрбиелеу;

3) тән саулығы мен жан саулығын қатар қалыптастыру;

4) адамгершілік, ар ождан, кішіпейілділік, қайырымдылық, ізгілікті арқау ету;

5) гуманизм мен патриотизм халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі .

ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерге, жауынгерлік тарихына зер салатын болсақ ерліктің көптеген үлгілеріне жолығамыз оларға:

1) Күресте жеңу;

2) Аударыспақта басым түсу;

3) Садақ тартқанда құралай көзіне тигізу;

4) Құрықпен, шоқпармен өнер көрсету;

5) Асау атты үйрету;

6) Бүркітпен түлкі алу;

7) Ат жарыста мәреге жету;

8) Қылыштасуда көзге түсу;

9) Найзаласуда жауын қаңбақтай ұшыру;

10) Найза атуда нысанаға дәл тигізу .

Абылай ханның сарбаздарына қойған талаптарының ішінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық ойындарды басты нысана етеді. Қазақ сарбаздарының ерік-жігерін, күш-қуатын шыңдаудағы әскери жаттығуларда ұлттық ойындарға аса мән берген. Ауыз әдебиеті арқылы бізге аты жеткен ойындардың бірі «Абылайдың алты алашы» қазіргі «тоғызқұмалақ», «шахмат», сияқты ойын екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде болашақ сарбаздарды шыңдауда «Арқан тартыс», «Бәйге», «Тай жарыс», «Жатып күресу», «Құнан жарыс», «Ат омыраулату», «Жаяу тартыс» тағы да басқа қазақтың ұлттық ойындары жатады.

Қабанбай батырдың соғыс тактикасын зерттеген ғалымдардың пікірі бойынша әскери жаттығулар кезіндегі ұлттық ойындар бойынша меңгерген білік пен дағдыларын пайдаланған.

Ізденушілер З. Сәнік пен Б. Садықан Қабанбай батырдың соғыс тактикасын талдап, оның ішіндегі батырдың қолданған: «өзімен өзін соғыстыру», «жауды отпен ойрандату» тактикасында ұлттық ойын элементтерінің іздері айқын көрініс тапқандықтарын атап өтеді .

Жоғарыдағы тарауда келтірілген мысалдардан төмендегідей қорытынды шығаруға болады.

Қазақ халқының дене тәрбиесіне байланысты этнопедагогикалық көзқарасында ойындарға байланысты алдымен оның бала өміріндегі тәрбиелік мәні оның ішінде салт-дәстүрді білу, қадірлеу, мәдени байлық ретінде сақтау туралы көзқарастары тарихи кезеңдерден сүрінбей өткендігін атап өтуге болады.

Осымен қатар халық арасындағы тараған ойын түрлері арқылы баланың денесін шынықтыру басты міндет болып саналғандығын, ал дене жаттығуларын ойын арқылы беру, жетілдіру тиімді жол екендігін ертеден білгендіктерін көрсетеді.

Сонымен қатар ел арасында тараған ойындар жас балалардан бастап, орта және егде жасқа дейінгі адамдарды қамтығанын көруге болады. Әсіресе жас балаларға арналған ойын түрлері бала ағзасына көп күш түсірмейтін, көп қозғалысты қажет ететін және эмоционалдық тұрғыдан бала психикасына күш түсірмейтінде ойындар жүйесі таңдалып алынғандығын көреміз.

Қазақ халқы арасында ойындар тек ұлдар үшін немесе қыздар үшін деп бөлінбейтіндігі ерекше құбылыс болып табылады. Осы жағдайдан қазақ халқының ұл мен қыздар тәрбиесі арасындағы айырмашылықты дене тәрбиесі арқылы бөлмей ұл мен қызды бірдей тәрбиелегендігін көруге болады. Сонымен қатар ойындар арқылы жас балаларды күнделікті тұрмыс-тіршілік қажеттілігін үйренуге жол ашу және дала климатына биімдеуге бағыттағандықтарын айқын көруге болады.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!