“ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ЖЕКЕ ТҰЛҒАҒА РУХАНИ –АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ
КӘУСАР БҰЛАҒЫ”
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2003 жылдың 28 қарашасында Астана
қаласында өткізген Ұлттық Кеңесте: “Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту,
өз халқының тарихи тәжірбиесіне жүгіну тәуелсіздікке ие болған
елдің өмірінен алатын заңды құбылыс. Мұның ар жағында қоғамдық
сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі секілді үлкен міндеттер жатыр”-
деген еді.
2004
жылы ЮНЕСКО деңгейінде академик Әлкей Хақанұлы
Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Ал Қазақстанның жас
астанасы Астана қаласы Бабатайұлы көшесінде бой көтерген жаңа
мектеп ғимараты академик Әлкей Марғұлан есімімен аталды. Мектепте
кешенді іс-шаралар жоспарланып жүзеге асырылды. Қоғамның ең жас
мүшелері мектеп оқушыларының бойына ұлттық құндылықтарды ана
сүтімен сіңіріп, ана тіліміздің уызымен қандырып, тамыры тереңге
кеткен ата-бабамыздың ұлттық тәлім - тәрбиесіне
жүгіну басшылыққа алынды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев
“тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың” дегендей мектеп
табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндердің қанаттарын қатайтып,
саналарына білім нұрын құю бүгінгі күні ең басты мәселелердің бірі
болды. Әсіресе жанталасқан мылтықсыз майдан жағдайында
рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше назар аударылды. Сары уыз
балапандай болып отырған 6-7 жасар баланың сезіміне әсер ету
арқылы кіп-кішкентай оқушы психологиясын, оның жан дүниесін
білімге қызықтыра отыра ояту, ұлттық салт-дәстүрімізді күнделікті
өмірде бойына сіңіру арқылы рухани – адамгершілік қасиеттерді
қалыптастырудың ең тиімді жолдары ізделінді. Жеке тұлғаның
рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу үшін күнделікті өсіп келе
жатқан жеткіншекке өз жауапкершілігін, оның қоғамда алатын өз орны
бар екендігін, оқушының отбасы, мектебі, қоршаған ортасындағы
достары арқылы байланыс жасайтындығын, осы үштіктің бірігуі және
оқушының белсенді өмірге көзқарасы оның рухани әлемін байытатынын
түсірдіріп қана қоймай, оқушының бос уақытында, күзгі,
көктемгі, жазғы, қысқы демалыс кезінде арнайы жорықтар
мен экспедициялар ұйымдастыра отырып, оқушының
қызығушылықтарына сай балалар мен жасөспірімдердің ұжымы құрылып
отырды.
Білім
мен тәрбие беруді бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Ықылым
заманында-ақ атам қазақ отбасында келіндері жүкті болғанын
естігеннен кейін енелері “Құрсақ той” жасап, ауылға, еліне беделді
аналардың басын қосып, батасын алған. Дүниеге келер сәбидің дені
сау ұрпақ болуын “Тәңірден” тілеген. Жалпы тарихтан белгілі қазақ
өз ұрпағының тәрбиесіне ерекше мән берген. Оған мысал:
Шоқан Уәлиханов Айғаным әженің тәрбиесінде болған. Мұхтар
Әуезовты атасы Әуез 5 жасынан өзі арапшаға үйреткен. Ұлы Абайдың
өлеңдерімен тілін сындыртқан, қазақтың бай салт-дәстүрімен
тәрбиелеген. Ал Баянауылдағы кішкентай Әлкейді әкесі Хақан 5
жасынан ескі шағатай, арап тілдерін оқытып, Абайдың өлеңдерін
жаттатып, халқымыздың бай інжу - маржандары жыр аңыздарымен,
батырлар жырларымен ауыздандырса, “Шілдехана”, “Бесік той”, “Тұсау
кесер”, “Тілашар” тойларының бүгінгі кезде жаңғырып, жаңарып өмірге
енуі жас ата-аналар мен мұғалімдердің қоғамдық міндетті бірлесіп
атқарып жатқанын көрсетеді.
Ата-ана отбасында жеті атаға дейін қыз алыспауды
мұра етіп қалдырған. Ел мен елді, жер мен жерді ұрпағына аманат
етіп, ұрпақтың денінің саулығын, саналы болуының алғы шарттарын
жасаған. Біз осы мәңгі ескірмес асыл мұраны жаңғыртып, бүгінгі
заманға сай етіп қолдансақ, рухани – адамгершілік
тәрбиесінің қазығын нықтап қағатынымыз
айқын. Қазіргі ұлттық мектептердегі
тәрбие бағыттары баланың білімі мен тәрбиесіне ерекше назар
аударады. Оқушы өз бойындағы «Мен» {1} дегеніне, өзінің дамуына аса
көп назар аударады. Мысалы: Біздің Әлкей Марғұлан атындағы №
40 орта мектепте сабақта және сабақтан тыс уақытта жеке тұлғаны
тәрбиелеуге ерекше назар аударудамыз. Мектебімізде астаналық
замандастарындай білім мен тәрбие алуға мол мүмкіндіктер
жасалуда. Әр оқушы үйірмеге, қызығушылығына сай қоғамдық жұмыстарға
қатысуымен қоса, мектептегі Әлкей Марғұлан атындағы мемориалдық
мұражайға келіп, «жеті ғалам сырын біл, жеті жұрттың тілін біл»
дегендей білімге, өнерге қызығушылық танытуда. Мектепте ұлы Абай
мен Шәкәрімнің, Мұқағали мен Оралхан Бөкейдің жыр сайыстарына
қатысып, жүлде алған оқушылар мен спортпен шұғылданатын балалар
саны жыл сайын арта түсуде. Бұл төгілген тер мен білімнің алғашқы
жемісі екені анық. Балалардың жазғы демалысында «Академик Әлкей
Марғұлан ізімен» атты этнографиялық-өлкетану туристік экспедициялар
ұйымдастырып, оқушылардың белсенді түрде қатысқанына, «Менің елім-
Қазақстан» республикалық экспедицияға шыққанына биыл 4 жыл болды.
Әуелі ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан туған жері Баянауыл,
білім алған жері Павлодарда болса, келесі жылы Алматыдағы ұзақ
жылдар қызмет еткен жері Қазақстан Ғылым Академиясы
мен республикалық археологиялық мұражайға, дәріс берген
жоғарғы оқу орындарына барып, Әлкейдей ғылым атасының жүріп өткен
жолымен жүрді. Қазақстанның рухани астанасы Семей қаласында болып,
Алаш партиясы, Алаштың азаматтары туралы деректер жинап, ғасыр
бұрын өмір сүрген ата-баба рухынан күш алып, қайраттанып қайтты.
Астана қаласының 11 жылдығына орай өткізілген іс-шараларға белсене
қатысуымен қатар, Астана төріндегі батырларымыз Бердібек хан, Нияз
би, Қабанбай батыр, репрессия құрбаны Орманбет би, Қырықбай
ата, Әлия Молдағұлова, Бөгенбай батыр, Бауыржан Момышұлы, жыр атасы
Жамбылдың ескерткіші, Сәкен Сейфуллин, ұлы Абай ескерткіштері
балалар мен ата-аналарының сүйікті орындарына айналуда. Астанадағы
мұражайлар мен көрмелер, «Атамекен» тарихи-этнографиялық орын
балалар мен жасөспірімдерді ерекше қызықтырады. Қаламызда
өткізілетін қазақша айтыс, концерт, ән-жыр кештері мен жазушы,
ақындармен кездесулер балалар мен жастарды рухани-іадамгершілікке
тәрбиелейтін қасиетті орындар. Астаналық жастарды
тәрбиелеудің жаңа салт – дәстүрлеріне қоғаммен өткен Наурыз»,
«Құрбан айт», «Астана күні», «Жаңа жыл», “Тәуелсіздік күні”,”Ата
заң” күні, “Тілдер мерекесі” фестивалі, “Жеңіс күні”, т.т. айтуға
болады. Астанада бой көтеріп жатқан мешіттер мен медреселер де
балалардың ата-аналарының назарынан тыс қалмайды. Мектеп тек рухани
– адамгершілікке тәрбиелеп қана қоймайды, ұлы Абай атамыз
айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар,
қалан!» дегендей баланың өмірде өз орнын табуға көмектеседі.
Мектебімізде қазақ отбасыларымен қоса орыс, татар, дұңған,
пакистан, неміс отбасыларының балалары да оқиды. «Түрі басқа тілек
бір, жүзі басқа жүрек бір» дегендей алдымызға игі мақсат қойған
білім орны ретінде білім беру мен тәрбиелеу ісінде жетістіктеріміз
де жоқ емес. Ол дүние жүзіне әйгілі Әлкей Марғұландай ғалым,
академик «сегіз қырлы, бір сырлы» қазақ азаматтарын тәрбиелеп
шығару. Мектептің өз дәстүрі «Марғұлан» сыйлығын тағайындауы,
«Академик Әлкей Марғұлан» өмірі мен шығармашылығына арналған жыл
сайын оқушылардың ғылыми –конференциясын өткізілуі, «Марғұлан»
журналында оқушылар шығармашылығы жарық көруі астаналық қазақша
білім беретін мектептің жаңа заманға сай жасаған игі қадамдарының
бірі. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде «рух», «рухани» деген
екінші жағынан діни тұрғыдан да өз түсінігі бар екенін де айту
керек. Адамзат өзінің айналасындағы құбылыстарды, өзінің жан
дүниесіндегі өзгерістерді шамасы жеткенше болжап, оған жауап
таппақшы болғаны белгілі. Ол - табиғат пен өзі арасындағы байланыс.
Көне заман зерттеулерінде «анимизм», латынша «anima» немесе
«animus» «жан», «рух» яғни жан мен рухқа сену болған.
Анимизм түсінігінде адам мен табиғат арасында оларды «басқарып»
тұратын бір тыс күш бар деп түсіндірілген. Рух дербес тіршілік
етеді делінеді.[2] Біздің балалар мен жастар
тәрбиесіндегі рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде теолог Халифа
Алтай айтқандай адамгершілік тәрбие беру арқасында рухани
аурулардан сақтандыру. {3}Олар өтірік айту, жалғандыққа, қоғамға
жат қылықтардан сақтандыру. Демек, Отанға, еліне, еңбек етуге,
отбасына, қоғамына, адам мен өмір сүріп отырған өз әлемі мен өз ара
байланысына деген таза сезімдер қалыптастыру. Білмегенін білуге,
еңбек ету арқылы үйренуге жаттықтыру. Баланың саналы, рухани
дүниесі бай, ізгі болып қалыптасуы бір белгілі уақыт өлшемінде
болатын үрдіс. Бір күннің немесе бір айдың жемісі емес, ұзақ жылғы
нәтиже екенін мойындауымыз керек. Егер бала дұрыс білім алмай,
тәрбиесінде шалалық болса, рухани өмірінде де
қалыптаспаған рухани солқылдақтығы болары сөзсіз. Бүгінгі
өміріміздегі кездесетін өкінішті жағдайлар болмас үшін әр баланың
әр күніне, әр сәтіне ерекше жауаптылықпен қарауымыз керек.
Балалардың жазғы демалысында туристік этнографиялық жорықтар,
серуендер ұйымдастыра отырып, әр баланың мінезіндегі өзгерістер мен
рухани шыңдалу сәттерін көріп жүрмін. Жалпы тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйініне келсек, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу
қоғамның барлық мүшелерінің қатысуымен болатын тәрбие. Демек,
бірінші айтарым, білім ана тілінде болу керек. Жаһанданудың дәмін
татқан бүгінгі жастардың батыстың мәдениетіне еліктеп, өзінің
ұлттық байлығынан айырылмас үшін шаңырақта қазақша сөйлеп, мектепті
ана тілінде оқып, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ұлттық
құнылықтарымызды дәріптеу болып табылады.
Қолданған
әдебиеттер:
1.Г.М.Коджаспирова
«Педагогика», Москва Айрис Пресс 2006
2.А.Алдашев.Ж.Әлімханов
«Қазақтың халық медицинасының құпиясы».
3.Ұлы тұлғалар Ислам жөнінде.
Алматы. «Шапағат нұр» 2002