Материалдар / ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Материал туралы қысқаша түсінік
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Авторы:
27 Қырқүйек 2023
295
12 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Жанғалиев Улан Құрметқалиұлы


ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР


Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО Қарулы Күштерін жарақтау мен жабдықтаудың басты ауыртпалығы еліміздің шығыс аудандарының иығына түсті. Мұнда халықтардың саны соғыс кезінде эвакуацияланғандарды қоса есептегенде, екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы фашистік Германияның халқының санымен бірдей еді. Осылайша алуан ұлттың өкілдерінен тұратын еліміздің Шығысы майданды шыңдаған қаһарман тылға айналды 1,137.

Соғыстың алғашқы күнінен бастап Шығыс Қазақстан аймағы майдан қажетіне деген сұраныстарды орындай бастады. Қалалардағы өнеркәсіп орындары соғыс жағдайын бейімделіп, тез арада әскери өнімдер шығаруды жоспарлады. Облыстардың экономикасын соғысқа бейімдеп қайта құру, қиындықтар туғызды. Материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу қажеттілігі туып, тамақ өнімдері ассортиментіне өзгерістер енгізілді. Осындай төтенше жағдайлардың тууына байланысты Қазақстанда 1941 жылдың 1 қыркүйегінен бастап карточкалық жүйе енеді. Нан, қант, кондитерлік бұйымдар, ет, май және макаронға мөлшер бекітіліп, өндірістегі еңбек нәтижесі анықталды. Халықты карточкалық жүйемен жабдықтау 4 санатқа бөлініп, айлық азық-түліктерді грамдап өлшеп беретін болды 2,86.

Облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындығы репрессияға ұшыраған және эвакуацияланған халықтың есебінен одан сайын ұлғая түсті. Осыған байланысты еңбекті қайта құру мен өнім мөлшерін арттыру керек болды. 1941 жылы Семей қаласының өнеркәсіп орындары өнім шығарудың алпыстан астам түрін игерді 3,75.

Өскемен қаласы 1939 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының орталығына айналған болатын. Осы кезеңнен бастап ол шағын аудандық қаладан Кенді Алтайдағы түсті металлургияның ірі олрталығына айналды. 1940 жылдары аймаққа КСРО-ның батыс аудандарынан көшірілген мұндағы өндіріс орындары және жергілікті орындардағы өндірістер өнімінің валдық өнімнің мөлшері 7,2 млн. сом болатын болса, ол 1953 жылы 990,7 млн. сом болды, сонымен қоса түсті металлургия кәсіпорындары өнімдерінің үлес салмағы 76,6 % құрады. Қалада ірі қалайы, мырыш, екінші мырыш, күкірт-қышқылы және химия-металлургия зауыттары жұмыс жасады 4,39.

Өнеркәсіптің дамуы қала халқының санының өсуіне әкеп, олар 1940 жылы 30 мың адамнан 1953 жылы 104 мың адамға өседі. Жалпы жұмысшылардың санының 88,5 % түсті металлургия кәсіпорындары мен олардың құрылыстарында жұмыс жасады. Осылайша Өскемен қаласы металлургтер қаласына айналды. Жағдайдың осылай қалыптасуына байланысты Металлургия өнеркәсібі министрлігіне қаланың тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық құрылыс т.б. қолға алу жүктелді. Бірақ Металлургия өнеркәсібі Министрлігі бұл мәселені орынды шеше алмады. 7 жыл ішінде тек 40 мың квадрат метрлік қана тұрғын алаң салынады, ол жұмысшыларды тұрғынүймен қамтамасыз етудің 50 % азын құрады 5,41.

Сонымен қоса бұл құрылыстар Министрлер Кеңесінің жоспарында бекітілгендей үйлерді Ертіс және Үлбі өзендерінің аралығындағы және қала орталығындағы ауасы таза, санитарлық жағынан қолайлы жерлерде, көп қабатты үйлер емес, қала шетіндегі ыңғайсыз, қолайсыз, зауыттардан шыққан улы газдармен ластанған жерлерде, ауылдық поселкелер түрінде салды. Соның салдарынан жалпы қалалық су құбырлары, қала ішілік транспорт, дем алыс орындары (алаңдар, саябақтар, су бекеттері), аурухана, мектеп, бала бақша, дүкендер т.б. жетіспеді. Қаланың көп бөлігі жарықпен қамтамасыз етілмеген 6,39.

Шығыс Қазақстан облысында 20 өнеркәсіп, оның 10-ы Министрлікке қарасты болды, 9 өнеркәсіп Өскемен қаласында, ал 6-уы Лениногорскіде, 5-уі облыс аудандарында орналасқан.

Жергілікті және кооперативтік өнеркәсіптерде шығарылған өнім сапасына келетін болсақ, кей жеке бұйымдарды ескермегенде жалпы қанағаттандырарлықсыз жағдайда болды. Басшылар қоймаға емес тұтынушыларға қызмет ететінін әлі түсінбеген, сондықтан санын ғана молайтып қоймай сапасын да молайту керектігін ескере бермейді. Дөрекі трикотаж дөрекі болғанда сондай, оны ешкім алғысы келмейді, сонымен қоса бағасы да жоғары. Құйылған ыдыстың беті тегіс емес, алюминии тегенелер мен мескейлердің шеті көмкерілмеген, өте үшкір, онымен кейде қолды кесіп алуға болады. Аяқ-киім өте ауыр, берік емес, кей уақытта екі пар бәтеңкенің түстері екі түрлісі де кездеседі. Жасалған жиһаздар да шикі, берік емес материалдардан дөрекі етіп істелген. Аталған өнімдердің сапасы мен бағасы сай келмейді. Мысалы, егер Облыстық өнеркәсіп Одағында 1000 дана кірпіш 1000 сом болатын болса, Құрылыс материалдары өнеркәсібі Министрлігіндегі Кірпіш зауытында ол 123 сом ғана тұрды. Ал, Облыстық өнеркәсіп Одағында әктастың тоннасы 4000 сом тұратын болса, ол Кірпіш зауытында 59 сом ғана тұрды 96. 47.

Шығыс Қазақстан аймағындағы күрделі мәселелердің бірі жолсыздық мәселесі болды. Ол аймақтың экономикалық дамуына кері әсерін тигізді. Мысалы, сол жолсыздықтың салдарынан Зыряновск қалайы-мырыш концентратын жылына 200 күн Риддерге ұшақпен апаруға тура келді. Шалғай аудандарға азық-түлік жеткізу өте қиынға соқты. 1940 жылы ақпан айында Қаз. КСР Халық комиссарлар Кеңесі мен Қазақстанның Орталық Комитеті Компартиясының қаулысымен тез арада «Шығыс шеңбері» және «Алматы-Сарыөзек» трактілерін салу қабылданда. Оны салудағы мақсат шалғай аудандарды облыс орталығымен, астанамен темір жолдармен байланыстыру болды. «Шығыс шеңберінің ұзындығы 806 км-ге созылды. Ол Жалғыз-Төбе, Түркістан-Сібір темір жолдарын Өскемен мен Алтайдың шегараға жақын аудандар тобын байланыстырды. 1940 жылы «Өскемен-Георгиевка» 444 км-лік алғашқы желіс салына бастап, 1941 жылы 2 кезек «Көкпекті-Зайсан» 362 км-лік желісі салынды. Осы жолдың құрылысында 24 мың колхозшы жұмыс жасады. Әр аудан неше ауылдан болса сонша бригадаларға бөлініп, жолды салу мерзімін уақытынан бұрын орындайды. 2 жыл ішінде 68 еңбек күні ішінде 2 облыс жұмысшылары Одақ бойынша ірі «Шығыс шеңбері» трактісін салып бітіреді. Бұл жол Алтайдың шекараға жақын аудандарын екі темір жолдары: Түрксіб және Томск темір жолымен Защита стансасы мен Ертіс пристандары арқылы байланысты 7,13.

1941 жылдың күз айларынан бастап Семей қаласына эвакуацияланған өнеркәсіп орындары мен халықтар келе бастайды. Былғары, тоқыма өнеркәсіптері дамыған қаламызда Калинин облысынан Осташевск былғары зауыты, төрт мата, үш аяқ-киім, екі тігін фабрикаларының жабдықтары келіп орналастырылады. 1942 жылдың 1 желтоқсанында эвакуацияланған Харьковтық протез зауыты орналастырылды. Қаладағы бос орындардың болмауы себепті ол келген кәсіпорындарды ыңғайы келген жерлерге орналастыруға тура келді, мысалы, Полтавск тоқыма фабрикасын облыстық авто басқармасының гаражында орналастырды, Азовск шұға-шұлық фабрикасы №6 гастроном ғимаратында, Донбасстан келген Володарск атындағы тігін фабрикасы Ағаш өңдеу артелдерінің корпустарында, Харьковтік «Большевичка Украины» тігін фабрикасы – үш жерде - №2 диірмен зауытының конторасында, ІІХК (НКВД) клубында және арнайы сауда дүкенінде орналастырылды. 8,81.

«Большевичка Украины» тігін фабрикасы майданға қажет өнімдерді шығаруда толық қуаттылықпен жұмыс жасады. Іске қосылған уақыттан бастап, 2 ай ішінде фабрика арнайы тапсырыстар бойынша 322 мың рубль соммасына Қызыл Армияны киіндіру мен оған қажетті бұйымдар дайындады да тапсырманы 18 пайызға артығымен орындайды. Фабрика Қызыл Армияға 450 389 гимнастеркалар, 511 155 шароваралар, 152 913 кеудешелер, 110 026 бессусақтар, 42 486 әскери бас киімдер т.б. шығарды 8,38.

Эвакуацияланған кәсіпорындар ұжымдары келген жабдықтарды қайта қалпына келтіріп, олардың жаңа өнім шығаруын тездете орындады. Володарск тігін фабрикасы өзінің алғашқы өнімін 20 күннен кейін шығара бастайды, ал 1942 жылы көшірілген кәсіпорындардың барлығы өнім шығаруға кірісіп кетеді. Қалыптасқан осы жағдай кадрлар мәселесін алға қояды. Жергілікті жерлерде жастар мен әйелдерді оқыту орындары ашылып, аз уақыт ішінде жаңа мамандықтарды игереді. Көшірілген кәсіпорындармен қоса қаламызда Москвадан, Киевтен, Воронеж, Минск т.б. қалалардан әкелінген құрал-жабдықтар негізінде мата және мал азығы зауыттары салынады. Жалпы облыс аймағында соғыс жылдары 10 ірі фабрикалар мен зауыттар қайта қалпына келтіріліп, салынып бітіріледі, артельдер саны екі есеге дейін өседі.

1941 жылы 26 тамызда Семей қаласына Киев аяқ-киім фабрикасы көшіріліп әкелінді. Онда жарты жылдың ішінде жергілікті халықтың ішінен 1200жұмысшылар дайындалып шығарылды. Фабрикада 1, 2, 3-ші тігін цехтары, штампылаушы цех, пішетін цех, механикалық цехтар жұмыс істеді. 1942 жылы фабрика 1536 жұмысшыларды дайындап шығарды. 1941 жылдың 4 тоқсанындағы жоспарды фабрика 102,6 пайызға орындайды. Алайда, осы 1942 жылы фабрика өндірістік бағдарламаларды орындай алмады, себебі кәсіпорыннның негізгі материалы фурнитурамен жабдықталуы жеткіліксіз болды.

Семейдегі Володарский атындағы тігін фабрикасының бір жыл ішіндегі жұмысшылармен қамтамасыз етілуі 69,1 пайыз құрап, жұмысшы күшіне деген сұраныс 202 адамды құрады. 1943 жылы фабрика жұмысы біраз тоқтап тұрды. Оның себебі электр энергиясы мен шикізаттың жоқтығыеді. Тігін фабрикасына шикізатты жеткізуші Ташкент, Иваново және Барнаул қалалары болды, ал шинель шұғасымен жергілікті шұға фабрикасы қамтамасыз етті. 1944 жылы жоспарды орындау 114 пайызға жетеді және шығарылған өнім жоспардан тыс 1123 сомға жетті.

1941 жылғы Семей облысындағы барлық өнеркәсіптердің валдық өнімі 97,2 пайызға орындалды, ал Өндірістік Халық комиссариты өнеркәсіптері 98 пайызға, өндірістік емес Халық Комиссариатының өнеркәсіптері бойынша 96,3 пайызға орындалды. Еңбек өнімділігі үш жыл ішінде 55,1 пайызға өсті.

Семей облысының жақын орналасқандығы Шығыс Қазақстан халқын жеңіл және тамақ өнеркәсіптері өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Осы кезде өзіндік бөлініс Шығыс Қазақстандық және Семей облыстық болып бөлінді. Семейде былғары, тоқыма, тігін, аяқ киім және ет өнімдерінің ірі кәсіпорындары орналасты. Шығыс Қазақстан облысынан Семей кәсіпорындарына мал, жүн, шикі тері әкелінді. Мұндай экономикалық байланыстар ертеден келе жатқан тарихи дәстүр ретінде соғыстан кейінгі бесжылдықтарда да жалғасын тапты, және көп жағдайда ол аймақтағы өнеркәсіптің осы салаларының одан әрі дамудағы болашағын айқындады.

Жалпы Соғысқа дейін қаламызда не бәрі 2 ірі жеңіл өнеркәсіп: тері комбинаты мен алғашқы жүн өңдеу фабрикасы (ПОШ) болды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Семей облысына эвакуацияланған құрылғылар негізінде 7 жаңа кәсіпорындар құрылды 10,50.

Соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан Семей қаласындағы комбинаттар мен өндіріс орындары өз өнімдерін шығаруда алдыңғы қатарға шығып, жаңа тәсілдермен өнім шығару арқылы, кәсіпорындар шығынын азайтты. Эвакуацияланған кәсіпорындардың Семейге орналастырылуы мұнда жеңіл өнеркәсіптердің дамуына алып келді. Осы кәсіпорындарың негізінде Семей –Қазақстандағы тамақ және жеңіл өнеркәсібінің ірі орталығына айналды.

1946-1959 жылдар аралығы Шығыс аудандардағы соның ішінде Шығыс Қазақстандағы соғыс кезінде қираған шаруашылықты қалпына келтіру мен табиғи байлықты одан ары игеру кезеңі болды. Кеңес өкіметінің негізгі экономикалық саясаты Шығыс Қазақстанның табиғи минералды байлықтарын пайдалану мүмкіндігі мен аграрлық сектор мүмкіндіктерін кеңейту болды. Соғыстан кейінгі төртінші бесжылдықта түсті металлургия кәсіпорындарын салу қайта қалпына келтіру мен салу ісіне 1800 млн. сом бөлу қаралған. Түсті металлургия кәсіпорындары негізінен Шығыс Қазақстанда орналастырылғандықтан капиталдың көп мөлшері осы аймаққа бөлінгендігін айта аламыз. Егер түсті металлургия кәсіпорындары мен жалпы кәсіпорындарға бөлінген қаржыны салыстыратын болсақ, онда түсті металлургия кәсіпорындарына 2,5 есе артық бөлінгендігін айтуға болады.

Соғыстан кейінгі бесжылдық жоспарына сай Алтайда полиметалл кәсіпорнының құрылысы жүру керек болды. Лениногорск зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін Алтайдың қорғасын-мырыш кен орындарындағы шахта құрылыстарын кең түрде жүзеге асыру көзделді. Өскеменде мырыш пен электролитті мыс өндіруде Одақ бойынша ірі зауыттардың бірінің құрылысы жоспарланды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан елдегі түсті металлургияның ірі базасына айналу керек болды.

Нәтижесінде 1955 жылы қара және түсті металлургияның үлес салмағы жалпы алғанда Қазақстан өнеркәсібінің жалпы валдық өнімінің 25,5 пайызын құрады. Соның ішінде түсті металлургияның негізгі мөлшерін шығару Шығыс Қазақстанға тиесілі болды.

Бесінші бесжылдық жоспар жобасында 1955 жылы Шығыс Қазақстанның халық шаруашылығын дамытуда облыстың валдық өнімін 348935 мың сомға жеткізу көзделді.

Бұл кездері Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік құрылымында тікелей одақтық министрліктер мен ведомстволарға қарайтын кәсіпорындар көп болды. 1950 жылы облыс бойынша шығарылатын валдық өнімнің 4/5 солардың үлесіне тиді. 1955 жылы да бұл жағдай өзгерген жоқ. Сонымен бірге аймақтық қажеттіліктер мысалы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі мүлдем дамымады.

Қаралып отырған кезеңдегі Шығыс Қазақстанның құрамына экономикалық дамуда жоғарғы маңызға ие өте ірі Өскемендік және ірі Семейлік өнеркісіптік жиынтықтар енді.

Шығыс Қазақстан облысында негізі түсті металлургия саласы болып келетін бірнеше өнеркәсіптік жиынтықтар құрылды. Өскеменде арнайы сала ретінде түсті металлургия, электроэнергетика, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің кейбірі жоғарғы дәрежеге жетті.

Маңыздылығы жағынан екінші орында Лениногорск өнеркісіптік жиынтығы болды. Мұнда полиметалл кенін, жеңіл және тамақ өнеркәсәбі (тігін тоқыма т.б.), ағаш өңдеу, құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту мен қайта өңдеу дамытылды.

Зыряновск аймақтық өнеркәсіптік жиынтығы құрылымы да жергілікті табиғи байлықтарды пайдаланушы полиметалл кендерін алу мен байыту, тігін, кейбір тамақ өнеркәсібі салаларынан тұрды.

Өзінің табиғи байлықтары мен пайдалы қазбалары жөнінен КСРО бойынша ірі және тиімді жер ол Кенді Алтай болды. Бағалы компоненттерінің мөлшері жөнінен бұл аймақ бүкіл әлемге әйгілі болды. Бұл жерде қалайы, қорғасын, мырыш, мыс, алтын, күміс пен сирек кездесетін металдар және шашыраңқы металдар жиынтықтары шоғырланған.

Соғыстан кейінгі кезеңдегі Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік дамуы басшылықтың аймақта түсті металлургияны басымдылықпен дамыту жоспарымен анықталды. Нәтижесінде 1945 жылы Қазақстан одақтық өндірістегі қорғасын мен мырыш концентраттарының көп бөлігін шығара бастады. Соғыстан кейінгі жылдары да аймақтың өнеркәсіптік дамуын анықтауда түсті металлға деген сұраныс негізгі болып қала берді. Осы кезеңде көптеген қорғасын, мыс, мырыш кәсіпорындары салынып, жөндеуден өткізілді. 1946-1955 жылдардағы республикамыздағы түсті металлургияның валдық өнімі 3,6 есе өсті. Қара мысты балқыту 3,1 есе, рафинатты қорғасын 5,9 есе, қорғасын-мырыш кенін өндіру 7,3 есе артты.

Осы кезеңдегі негізгі оқиғалардың бірі тек Шығыс Қазақстан көлемінде ғана емес бүкіл КСРО көлемінде маңызға ие болған Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының ашылуы болды. Оның құрылысы 1942 жылы Ордженикидзе қаласынан көшірілген «Электроцинк» зауытының негізінде Қазақстандағы алғашқы мырышты электролит зауыты құрылған кезден басталады. 1947 жылдың 25 қыркүйегінде Өскемен мырыш зауыты алғашқы металл құймасын шығарады. 1951 жылы Өскемен мырыш зауыты қорғасын-мырыш комбинаты болып қайта құрылады. Осымен бір мезгілде Өскемендік ТЭЦ те жұмысқа кіріседі.

1953 жылы зауыттың оттегі станциясы іске кіріседі. Нәтижесінде полиметалл кендерін жиынтықты пайдалану бойынша алтайлық таукен кәсіпорындарын өндірістік кооперациялау аяқталады. Шығыс Қазақстанда Лениногорск және Ертіс полиметалл және Зырян қорғасын комбинаттарының үлес салмағы зор болды.

Жетіжылдық жоспар бойынша Лисаковск, Қашар сияқты кен орындарында қуаттылығы жылына 5-5,5 млн. тонна шикі кен шығарушы ірі тау кенбайыту комбинаттары құрылысын жандандыру көзделді. Жетіжылдық жоспарда Өскемендегі конденсатор зауытының құрылысы аяқталды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы Шығыс Қазақстанда салынған ірі түсті металл кәсіпорындарының бірі Лениногорск полиметалл комбинаты болды. 1956 жылы Октябрь кеніші құрылысы аяқталып, Андреевск кенішінің құрылысы кеңейтілді. Оларды кенмен қамтамасыз ету үшін Новоберезовск кенін аршу басталды. Шығарылатын өнім түрін көбейтумен қоса Шығарылатын өнім мөлшерін арттыру басталды.

Осы кезеңдерде Өскемен ТЭЦ-інің үшінші, төртінші кезектері қолданысқа беріліп, Лениногрск және Зыряновск жылу орталықтары біршама кеңейіп, Бұхтарма СЭС-інің құрылысы басталды. Нәтижесінде 1955 жылы «Алтайэнерго» суэлектрстанцияларындағы электр қуатын өндірудегі Қазақстан бойынша үлес салмағы 82 % құрады.

Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік құрылым негізінен шикізаттық және өндіріп алу өнеркәсіптеріне бағытталды, ал жеңіл, тамақ және жергілікті кәсіпорындар жайлы зерттеліп отырған кезеңде толық берілмеген.

Шығыс Қазақстан территориясындағы Республикалық өнеркәсіп одақтық көлемдегі өнеркәсіп деңгейінен төмен болды. Мысалы, 1945 жылы мемлекеттік кәсіпорындардың және кооперативтік өнеркәәсіптердің валдық өнімі одақтық кәсіпорындардың 1/15 аз бөлігін құрады, ал 1950 жылы бұл айырмашылық біршама өзгергенмен бәрібір төмен болды. Кәсіпорындардың ішінде үлес салмағы біршама артқан ол ет-сүт және тамақ кәсіпорындары боды, ал 1950 жылы тамақ және әсіресе орман өнеркәсібінің валдық өнімін көтеру көзделді. Жалпы 1946-1950 жылдардағы Шығыс Қазақстан облысындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуда ол республикалық және одақтық кәсіпорындар арасындағы айырмашылықты жою керек болды. 1950 жылы республикалық және жергілікті кәсіпорындардың валдық өнімінің мөлшері 43,3 млн. сомға жету керек еді, яғни 1940 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге өсу керек болған. Шығыс Қазақстандағы өнім мөлшері одақ бойынша да басқа одақтық республикалардан да қанша артық болса да ондай айырмашылықты жою мүмкін болмады.

1946 жылғы жоспардың орындалмай қалуының себебі ет комбинатының жылдық жоспарды 82,2 %-ға ғана орындап, өнім мөлшерін 9372,1 сомға жеткізе алмай қалуында болды. Республика қарамағындағы 14 өнеркәсіптің тек бесеуі ғана, ал жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарының тек біреуі ғана жылдық жоспарды орындай алды. 7. 182

Жоспарларды орындай алмай қалуларының себебі шикізатпен қамтамасыз ете алмау, электр энергиясының нашар болуы және ескірген құрал-жабдықтар болды. Сол кездегі есептердің өзінде де жұмысшылар жұмысының дұрыс ұйымдаспағандығы жөнінде, жұмысшылардың еңбек және тұрмыс жағдайларының нашарлығы, өнеркәсіптерде қолданылатын құрал-жабдықтардың моральдық және техникалық жағынан ескіргендігі жайында жазылады.

1946 жылғы Семей қаласының өнеркәсіптік дамуына жалпы шолу жасағанда «қала өнеркәсібі есеп беруде жылдық жоспарды орындай алмады, жұмыстары қанағаттандырарлықсыз болды. Мемлекеттік өнеркәсіптің 30 кәсіпорнының тек 13-і ғана жылдық жоспарды орындай алды» делінеді.

Солардың ішінде өнім мөлшерін арттырушы ең негізгі ірі екі кәсіпорын ол Семей ет-консерві комбинаты мен аяқ-киім фабрикасы болды. Семей қаласының аталып отырған кезеңдегі экономикалық дамуы негізінен «Б» топтағы өнеркәсіптер және ең алдымен жеңіл және тамақ өнеркәсіптері арқасында жүрді. 1949 жылы Шығыс Қазақстанда осы сияқты топтағы кәсіпорындарды дамыту алға қойылып, қуаттылығы 600 мың пар аяқ-киім шығаратын аяқ-киім фабрикасының құрылысы басталады.

Шығыс Қазақстандағы тамақ өнеркәсібінің валдық өнімін 1940 жылмен салыстырғанда 1950 жылы оны 1,6 есе арттыру көзделді. Жоспарда сонымен қоса алкагольсыз сыра, май өндірісі, ұн өндіруге ірі шығындар жұмсау көзделді. 1950 жылы нан-тоқаш өнімдерін шығаруды 22 мың тоннаға ұлғайтып, ол соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,2 есе артық болды. Ет-сүт өнімдерін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Осы кезеңде Шығыс Қазақстан облысы 120 жаңа балық аулау қайықтары мен балық зауыттары үшін түрлі құрал-жабдықтар алды.

1950 жылдардан кейінгі кезеңде де Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік дамуында негізінен түсті металл кәсіпорындары басымдылық танытты. 1959 жылы түсті металлургия, электроэнергетикасы, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсіптері жылдықжоспарды 100 %-дан артық орындады. Ал, машина жасау, орман және ағаш өңдеу өнеркәсіптері өнімді тек 53,7 және 70 %-ға ғана орындады.

1959 жылы Қазақстанда 5 мыңнан артық электр станциялары жұмыс істеді. Солардың ішінде ірілері Семей қаласында да болды. Сонымен қоса ірі цемент зауыты да жұмыс жасады. Семей қаласы жеңіл өнеркәсіптің ірі орталығына айналады. Жетіжылдықта Семей қаласында комвольно-мауыт және киіз басу комбинаттары мен тоқыма фабрикасын ашу көзделді. 1959 жылы Республикада 20-ға жуық ет комбинаттары жұмыс істеді. Солардың ішіндегі ең қуаттысы ет өнімдерінің көптеген түрін шығаратын Семей ет комбинаты болды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы ең ірі оқиғалардың бірі, ол 1950 жылдардағы экономика құрылымын және халықтың ұлттық-демографиялық құрамын өзгеріске ұшыратқан оқиға - тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны болды. Нәтижесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы түбірімен өзгеріске ұшырады. Аграрлық сектордағы мұндай күрт өзгерістер Қазақстанның барлық аймақтарында, соның ішінде Шығыс Қазақстанның да ауыл шаруашылықтарында жүрді.

КОКП ОК 1954 жылы егін алқаптарын кеңейтуде Қазақстанның солтүстік аудандарында, Сібірде, Уралда, Солтүстік Кавказда тың жерлерді игеру жөніндегі шешім қабылдайды. Бұл жерлер құрғақтау, жер эрозиясы қаупі бар аудандар болды. Бұл жерлерді жырту агротехниканың жүйелі және шаруашылықтың ескі әдістерінен бас тартуды білдірді. 1954 жылдың тамыз айының өзінде- ақ Қазақстанның 6,5 млн. гектар жері жыртылды. 1955 жылдың басында ол жерлер 8,5 млн. гектарға жетіп, 90 жаңа совхоз құрылады. 1954 жылдың аяғында тағы 250 совхоз құру көзделді. Жалпы 1954-1960 жылдардағы тың игеру кезінде Қазақстанда 25,5 млн. гектар жер жыртылған. Жаңа жерлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында елдің батыс аудандарынан еріктілер жұмылдырылды.

Тың игерудегі негізгі аудандар Қазақстанның Солтүстігі мен Солтүстік Шығыс Қазақстан болды. Бірақ басқа аудандар да соның ішінде, Шығыс Қазақстан да одан тыс қалған жоқ.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ауыл шаруашылығының жүйесі Шығыс Қазақстанда 1950 жылдардың ортасынан бастап түбірімен өзгеріске ұшырады. Шығыс Қазақстанның жер мөлшері Солтүстік Қазақстанмен салыстырғанда аздығына қарамастан, аграрлық шаруашылық құрылымы, жер шаруашылығы және мал шаруашылы секторлары біршама өзгеріске ұшырады.

Зерттеліп отырған кезеңде аймақта табиғи байлықтардың мал шаруашылығын дамытуға қолайлы бола тұра, аймақта егінді жерлерді пайдалану республика бойынша жоғары дәрежеде болды (36 %-дың орнына 60 болды). Бір колхозға келетін егінді алқаптарының көлемі бойынша Шығыс Қазақстан облысы 8 облыстан кейінгі ақырғы орында болды, ал бір колхозға шаққандағы мал басының саны жөнінен Қарағанды және Семей облыстарынан кейінгі алғашқы орындарда болды.

Бесінші бесжылдықтың аяғында республикамызда 593 совхоз, соның ішінде 369-ы дәнді-дақылды болды. Шығыс Қазақстанда 98 совхоз, оның 26-сы дәнді -дақылды. Колхоздарды ірілендіруге байланысты 1955 жылдың аяғында 2819-ға қысқарды. Бірақ, колхоздар экономикалық жағынан бұрынғысынан гөрі қуатты және көп салалы бола түсті.

Аталып отырған кезеңдегі саясат мүлдем шолақ ойлы болды деп айтуға болмайды, себебі ол халықтың қамы үшін жасалған іс-әрекет, бірақ бұл саясат тек бүгінгіні ғана ойлап, күшке және тиімді әдістерге сүйенді. Партиялар сонымен қоса мал шаруашылығы өнімін ұлғайту бойынша да бірталай іс-шаралар жүргізеді.

Солай бола тұра бесжылдықтың соңында Қазақстандағы мал басының саны 1950 жылғы 27,2 млн. баспен салыстырғанда 28,8 млн. басқа жеткен.

Ет, жүн және басқа да мал шаруашылығы өнімін өндіру кеңейтіле түсті. Зерттеліп отырған кезеңнің аяқ кезінде Шығыс Қазақстан май өнімін өндірудегі ірі аймақтардың біріне айналады 10,59.

Мал шаруашылығының жалпы республикалық көрсеткішпен салыстырғанда төмен болды, ол 24%-дан ғана асты. Біздің көзқарасымыз бойыншы бұл мал азығын дайындау алқаптарының бүлінуінен болған жағдай.

Шошқа өсіру ісі де жылдам қарқынмен дамыды. 1954 жылы 1 қаңтарда 500 мың бас шошқа болатын болса, 1960 жылдың 1 қаңтарында ол көрсеткіш 570800 бас шошқаға жетті, соның ішінде Шығыс Қазақстанда 225 мың бас болды. Шошқа өсіру шаруашылығы көбіне славян халықтары тығыз орналасқан аймақтарда орын алды.

1950 жылғы Қазақстандағы шошқа еті мен майын өндіру 547,2 мың тоннаны құраса соның 1/6-і, яғни 84,8 мың тоннасы Шығыс Қазақстанның үлесі болды.

1953-1959 жылдардағы сиыр сүтінің орташа мөлшері 826 килограмға немесе 1,9 есеге өсті. 1959 жылы мемлекеттің сүтті сатып алу жоспары 101 5-ға орындалды, ал жалпы алынған сүт 2400,8 мың тонна, оның 261,2 мың тоннасы Шығыс Қазақстан шаруашылығында дайындалды.

Бір қарағанда тың жерлерді игеру Шығыс Қазақстанның аграрлық секторының дамуына мүмкіндік жасады. 1959 жылы Шығыс Қазақстан республикадағы астық өндіруші ірі аймақтардың біріне айналды. Мұндай көрсеткіштердің орны әрине ерекше, бірақ ол ұзаққа бармады. Оның арты экологиялық және әлеуметтік-экономикалық кері әсерлерді тудырды. Оның себебі, тың жерді игеру мен мал шаруашылығын көтеру ісі экстенсивті әдістермен, Шығыс Қазақстан аймағының табиғи-климаттық және шаруашылық ерекшеліктерін ескермей жүргізуде болды. Нәтижесінде, кейінгі ұрпаққа көптеген экологиялық және әлеуметтік-экономикалық зардаптар мұраға қалды.





Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:


  1. Қозыбаев М.К. Ақтаңдақтар ақиқаты. - Алматы: Қазақ университеті, 1992 ж. 272 б.

  2. Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е. Труд во имя победы. -Алматы: Гылым, 1995 г. - 176 с.

  3. Ескендиров М.Г. Восток Казахстана: на стыке столетии (вторая половина XIX – начало XXІ в.в.) Монография. Семипалатинск: СГПИ, 2005. –312 с.

  4. Городецкая В.С. Семипалатинская область в годы Великой Отечественной войны. Семипалатинск, 1975г.

  5. Казахстан в Великой Отечественной войне. Очерки. Отв. ред. Балакаев Т.Б. Выпуск 2.- Алма-Ата: Наука, 1974 г. - 216с.

  6. Казахстан в период Великой Отечественной войны. Очерки. Под. общ. ред. акад. АН Каз ССР С.Н. Покровского. Выпуск 1. - Алма-Ата: Наука, 1968 г. -290 с.

  7. Балакаев Т.Б. Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны (1941-1945 гг.).- Алма-Ата: Изд. Наука, 1971 г. - 312 с.

  8. Абишев Г. Казахстан в защите социалистического отечества. Алма-Ата: Казахстан, 1969 г. - 189 с.

  9. Чуланов Г. Промышленность Казахстана за годы Советской власти. - Алма-Ата: Казгосиздат: 1951 г. - 103 с.

  10. История рабочего класса советского Казахстана. Т.2. - Алма-Ата: Наука, 1988 г.

  11. Абылхожин Ж.Б. Очерки социально-экономической истории Казахстана XX века. - Алматы: Университет «Туран», 1997 г. - 360 с.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ