Ұстаз -ұлы
есім!
Қай заманда да ұстаздың аты
ұстаз. Ол қараңғылықтан оянбаған санамызға білім мен тәрбиенің
жарық сәулесін шашыратқан шамшырақ тәрізді. Ағаш бір орында тұрып,
күннің нұрын жұтып көгерді, ал ғылым иесі ғалым,
ел қорғаған батыр, тілінен бал тамған ақын,
әсем киініп халықтың алдында жүрген әкім, темір
балқытқан жұмысшы, егін салған диқан, көк
күмбезінен әрі өткен ғарышкер бәрі-бәрі
ұстаздан білім мен тәлім алып көгерді,
гүлдеді.
Біз мектеп табалдырығын
аттаған сәтте алдымыздан жадыраған жаздай жылы жүзімен қарсы алып,
кітаптың алғашқы бетін ашқан сәттен-ақ өмірдің ақ пен қарасын,
жақсы мен жаманын, оңы мен солын, әрқашан жақсы өмір сүріп, жақсы
адам болып қалу жолын үйретуге білек жеңін түре кірісіп кететін
тұлға, ол - ұстаз.
Өз уақытын аямайтын, өзгенің
бақытын аялайтын ұстаздық кәсіп өте қарапайым болып көрінгенімен,
баламен баладай тіл табыса білетін мінезді, қайсарлықты, қажырлы
еңбекті, жүректілікті, шығармашыл да білімді, ізденгіштікті талап
ететін жанның ісі. Бізді мектеп бітіргенше тәрбиелеп адам қылатын
да, жоғары оқу орнын бітіртіп шебер маман қылатын да осы ұстаз
екенін ұмытпауымыз керек.
«Адамның адамшылығы - жақсы
ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі
оқушының болашақ азығы. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі
қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту
тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан
кезеңде ұлттың, елдің болашағы - жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты
көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке
бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі
- мұғалім.
Мұғалім – маман біткенді
оқытып-тәрбиелеп, «барлық мамандықтың анасы» атанған, келешегіңе
бағыт-бағдар берер шамшырағың. Дүниедегі мамандық атаулының төресі
– ұстаздық. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «мұғалім –
мектептің жаны» деп бекер баға бермеген. Сондықтан да ұстаз есімі
ұлы есім.
Алимжанов Талғат Ақболатұлы
-
«Кішішыған орта мектебі
мектепке
дейінгі шағын
орталығымен» КММ
информатика пәнінің
мұғалімі