Бүгінгі таңда тіл табысу, мәмілеге келу,
дау-жанжалдарды шешу қабілеттері табыстылықтың негізгі шарттарының
бірі болып табылады. «Тіл табыса білу» - құпталып қана қоймайды,
енді оқуға, жұмысқа қабылдау кезінде талап етіледі. Қызметтер
нарығында тіл табысу дәрістерінің сан-алуандылығынан көз сүрінеді,
ондай дәрістер барысында адамдар әртүрлі «бетперде» киіп,
бір-бірімен тіл табысуды үйренеді. Әрбір дені сау бала туыла сала
тілдесуге, өзге адамдармен өзара әрекеттесуге мұқтаж. Бала
өсіп-жетілген сайын оның өзгелермен әрекеттесу түрі мен мазмұны
өзгереді, бірақ тілдесу/әрекеттесу қажеттілігі өзгеріссіз қалады.
Бала дүниеге келеді, әзірге оның айналасында тек өзіне етене жақын
адамдары ғана болады. Әлем сондай қарапайым және түсінікті, ал
басқа адамдар, қоғам, балабақша, мектеп пайда болғанда бәрі сондай
қарапайым емес немесе мүлдем қарапайым емес! Өзара әрекеттесу
мұқтаждығын сезіне отырып, бала айналасындағы адамдармен
қуана-қуана араласады, бірақ сол қарым-қатынастар жемісті болуы
үшін бірталай ережелерді жаттап алу керек! Біз, ересектер, үшін бұл
ережелер әбден түсінікті және қарапайым болып көрінгенмен, балалар
үшін – тұтастай бір
ғылым.
ҰЯЛШАҚТЫҚ ДЕГЕН НЕ?
Ұялшақ баланы тану өте оңай: міне, ол бөлмеге
кіріп келе жатыр, анасының артына тығылады, психологқа үрейлене
қарайды, сұрақтарға біраз іркіліп барып жауап береді, ал кейде
мүлдем үндемейді. Бейтаныс ба- лалар арасына түскенде өзі бірінші
болып таныспайды – шетте бақылап тұрады. Мұндай бала
қатарластарының арасында көшбасшы болмасы анық, өзіне тиіскен ба-
лаға тойтарыс та бере алмас... Дегенмен де, осындай, бір қарағанда
бірдей мінез-құлық артында кейде мүлдем әртүрлі себептер жатуы
мүмкін. Ұялшақтық – бала нақты бір жағдайға түскенде өзі
қалыптастырған, белгілі бір мінез-құлық түрі деуге болады. Бұл -
бөтен адамдардың алдында жасқаншақтық пен қысылудан бастап, олармен
тілдесуден түсініксіз себептермен қорқу немесе тіпті бас тартуға
дейін әрқилы көрініс беретін күрделі күй.
«Өте ұялшақ балалар».
Ұялшақтық көрінісінің тағы бір айрықша нұсқасы –
бөтен адамдармен мүлдем сөйлеспейтін «өте ұялшақ балалар». Мұндай
бала дәлізде анасымен немесе әжесімен даусы сыңғырлап, тоқтамай
былдырлап келе жатуы мүмкін, бірақ, психологтың кабинетіне кіре
сала үні шықпай қалады, әрі кетсе, келісетінін немесе келіспейтінін
білдіріп, басын изейді немесе шайқайды. Бала басқа балалармен
байсалды және қуана-қуана араласуы мүмкін, бірақ ересектермен
сөйлеспейді. Мұндай ұялшықтық кәсіби тілде «элективті мутизм»
(«таңдамалы мылқаулық») (сөйлесуден талғамалы түрде бас тарту) деп
аталады. Бұл – айтарлықтай күрделі ақау, бірақ ата-аналар оған
көбінесе тиісінше назар аудармайды: «Бірақ, ол бізбен сөйлеседі
ғой!» - деп өз-өздерін тыныштандырады. «Ол жай ғана сізді ұнатпай
тұр...», - деп, баласының мінез-құлқын ақтап шығады. Немесе, әбден
жауыр болған: «Өскенде түзеледі» дейді.
ЭЛЕКТИВТІ МУТИЗМ СЫНДЫ «АУЫТҚУШЫЛЫҚПЕН ШЕКТЕС
ҰЯЛШАҚТЫҚТЫҢ» СЕБЕПТЕРІ ҚАНДАЙ?
Осындай балалармен жұмыс жасайтын және осы
мәселені зерттейтін мамандар элективті мутизм – өзінің «мен»-ін
орнықтырудың ауытқушылық сипатына ие тәсілі, айналадағыларды
алдап-арбаудың сәтті орныққан әдісі деген қорытындыға келді.
Мұндай балалар тек сөйлегісі келмеуінде ғана емес, сондай-ақ,
кәдімгі күнделікті істерде, ойындарда ерекше қыңыр және бірбеткей
болады. Кейде олардың сөйлеу қабілетінде қандай да бір жеңіл
ақаулардың белгілері немесе өздігінен элективтік мутизмге алып
келмейтін жүйке жүйесінің кейбір ерекшеліктері байқалады. Бір
жағынан, мұндай балалар сынға аса сезімтал, үрейге берілгіш,
сезімдері тұрақсыз, бірақ, менменшіл, мінез-құлқында қыр көрсеткіш
болады, үнемі көңіл бөлуге және мақтау естуге мұқтаж болады. Яғни,
егер элективтік мутизмді формула түрінде елестетсе, ол шамамен
келесідей бола алады: қыңырлық + сынға аса сезімталдық және сынды
көтере алмау + өзіне үнемі көңіл бөлінуін қалау
.
Ұялшақтық – жоғарыда айтылғандай, күрделі күй,
әртүрлі пішінде көрініс береді және әртүрлі себептердің салдары
болып табылады. Ұялшақ балаға көмектесу – оның осындай күйін және
мінез-құлқын тудыратын себепті табу және оны жою. Бұл бір уақытта
бірнеше бағытта жұмыс жасауды білдіреді, бірақ, есіңізде болсын,
сіз баланың тұлғасын емес, сәтсіз мінез-құлқын
өзгертесіз.
АТА-АНА БАЛАСЫНА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ
АЛАДЫ?
1. Бірінші кезекте балаңыздың шын мәнінде
қандай
да
бір қиындықтары (сөйлеу қабілетіндегі ақаулар, дамуының
кешеуілдеуі) бар-жоғын анықтау (мамандардың көмегімен) қажет, егер
бар болса, оларды жеңу бағытында жұмыс жасау қажет. Кез-келген
жағдайда балаңыздың хабардарлығы деңгейіне көңіл бөліңіз.
Әңгімелесу және сөйлесу үшін білудің өзі
жеткілікті.
2.
Өзіңіздің тәрбиелеу мәнеріңізді сарапқа салыңыз, тәрбиеңіз «тым
қамқоршыл» немесе «бетінен қақпайтын» емес пе, немесе, керісінше,
тым қатал, «өктемшіл» емес пе. Ұялшақ балалар үшін ең қолайлысы –
«демократиялық» тәрбиелеу мәнері. Отбасындағы барлық мүшелер
балаға қатысты бірдей мәнерді, бірыңғай ережелерді және талаптарды
ұстануы маңызды. Отбасында қорғаныш, қолдау, махаббат үстемдік
орнатуы тиіс.
3. Барынша баланың дербестігін құптау және дамыту
қажет (ойланып көріңіз, сіз балаңыздың қолынан келетін қандай
істерді оның орнына жасап жүрсіз). Балаға орынды тәуекелге баруға
және жеңілісті көтеруге мүмкіндік беріңіз – сонда ғана ол өз
қателіктеріне сәйкесінше қарайтын
болады.
4. Осындай баланың назарын өзге адамдарға, олардың
сезімдеріне, ойларына аудару, оның жүрегінде өзгелердің басына
түскен қайғыға ортақтасу, аяушылық сезімін ояту
маңызды.
5. Қонаққа барыңыздар, достарыңызға барыңыздар,
балаңызға өзіңіздің достық ықыласыңызды және ақ жарқындылығыңызды
көрсетіңіз. Балаңызға қоғамда қабылданған сәлемдесу, қоштасу,
танысу рәсімдерін үйретіңіз. Алдын-ала бала рөлін ойнап көруге
болады («Сен не айтар едің...», «Қалай жауап берер
едің...»).
6. Баланың жасына сай кітаптар, ертегілер оқып
беріңіз және міндетті түрде кейіпкерлерді, олардың өзара тіл
табысуын, өзара әрекеттесуін талқылаңыздар. Балаңызға кейіпкердің
орнында болса, не сезінетінін және не істейтінін
сұраңыз.
7. Көңілді, бірақ, жарысуға бағытталмаған,
қимыл-қозғалысты талап ететін және рөлдік ойындарды жиі
ойнаңыздар. Бет қимылын және ым-ишаратты, ептілікті дамытатын
ойындарды қолданыңыз. «Қандай сезім екенін тап», «Жануарды келтір»,
«Құлағы естімейтін адаммен ым-ишаратпен сөйлес».Осындай ойындарға
басқа даересектерді
қатыстырыңыз.
8. Егер мамандар баланың бойынан элективті мутизм
белгілерін анықтаса, бала басқа адамдармен сөйлеспейтінін айта
берудің қажеті жоқ, оны қолқалаудың да, көндірудің де қажеті
шамалы, осылай істесеңіз, тек оның бірбеткейлігін өршітесіз және
жағымсыз мінез-құлқына тым көп көңіл бөлесіз. Есте сақтаңыз, мұндай
ауытқушылықпен шектес ұялшақтық себеп емес, салдар болып табылады
және одан тек себептерін жою арқылы ғана құтылуға
болады.
9. Бала кенеттен «үндемей қалса» немесе қандай да
бір жағдайларда үнемі ренжіп қалса, көңіл аудармаңыз және оны өз
көзінше де, өзге адамдардың көзінше де «ұялшақ», «жасқаншақ»,
«өз-өзіне сенімсіз» деп атамаңыз. Мұндай мінез-құлқына мән бермеңіз
және ересектермен өзара әрекеттесуге талпынысын
құптаңыз.
Баланың психикалық дамуына тек осы (оны
ұялшақ деп санайтын) мәселенің өзі ғана емес, оның кейінгі салдары
зарарлы әсер береді. Солардың бірі – сол «ұялшақтық» таңбасы, соның
кесірінен балалар өздерін ұялшақ санай бастап, жағдайды өзгертуге
талпынудан мүлдем бас
тартады.